Егемен Қазақстан

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Газет

«Егемен Қазақстан» — Қазақстан Республикасында шығатын республикалық газет. Тарихы, беделі, қоғамдық пікірге ықпалы және таралымы жөнінен "Егемен Қазақстан" газеті қашанда Қазақстандағы нөмірі бірінші қазақтілді басылым болып келді. Бейресми түрде ол елдің бас газеті деп аталады.

Тарихы

«Егемен Қазақстанның» тарихы 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынбор алғашқы саны жарық көрген "Ұшқын" газетінен басталады. Одан кейін газеттің аты бірнеше рет өзгерді. Басылым 1920 жылы "Еңбек туы", 1921 жылы "Еңбекші" қазақ", келесі жылы "Еңбекшіл қазақ", 1932 жылы "Социалды Қазақстан" деген атпен шықты. Ал 1937 жылы "Социалистік Қазақстан" болып өзгерілді де, осы атпен ол 54 жыл бойы жарық көріп тұрды.

1991 жылдың маусымында республика тәуелсіздік алуға санаулы айлар қалғанда басылымның аты "Егеменді Қазақстан" болып өзгертілді. Бұл кезде оның бас редакторы белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртаза еді. "Егеменді" – жаңа дәуірмен бірге қолданысқа жаңа ене бастаған сөз болатын. 1993 жылдың 1 қаңтарынан лингвистердің пікірлерінен туған талқылаудан кейін газеттің бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен басылым атауындағы "-ді" жұрнағы алынып, "Егемен Қазақстан" болып өзгерді. Осы атпен газет 23 жылдан бері шығып келеді.

2016 жылдың қыркүйегінен басылым жаңа дизаин, жаңа форматта және барлық беттері түрлі-түсті болып шыға бастады.

Алғаш жарыққа шыққан кезден бастап Қазақстанның астаналары ауысуымен бірге басылымның редакциясы да бірнеше рет қоныс аударып, әр кезеңде Қызылордада, Алматыда орналасты. 1999 жылы редакция Қазақстанның жаңа елордасы Астанаға қоныс аударды.

Газеттің бас ғимараты Астана қаласында, «Егемен Қазақстан» газеті көшесі, 5/13-үй мекенжайында орналасқан. Ғимарат газет редакциясы үшін арнайы салынған.

Алғашқы тарихынан бастап басылымда қазақ ұлтының ірі мемлекет қайраткерлері мен көрнекті қаламгерлері қызмет етті, газетке басшылық етті, өздерінің шығармаларын жариялады. Олардың қатарында Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов сияқты тұлғаларды атауға болады. Жаңа дәуірде "Егемен Қазақстанды" Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Әбдірахманов сияқты қаламгерлер басқарды.

Құрылымы

«Егемен Қазақстан» құрылымдық жағынан материалдар тақырыбы мен атқарылатын жұмыс саласына байланысты Саясат және құқық, Экономика, Әлеумет және білім, Мәдениет және руханият, Спорт, Интернет-редакция сияқты бөлімдерге бөлінген.

Газеттің барлық облыста меншікті тілшілері, Алматы қаласында және Шымкентте тілшілер қосыны бар.

«Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамында 100-ден аса адам жұмыс істейді.

Сайты

«Егемен Қазақстан» газетінің сайты 2005 жылы іске қосылған. Сайтта бүгінгі күні газеттің 2005 жылғы қазан айынан бергі материалдардың мұрағаты бар. Басылымның интернет-версиясын Қытай, Ресей, Түркия, Иран сияқты елдерден оқырмандар қарайды. Қазіргі уақытта egemen.kz сайты оқырмандарының саны көбейіп келе жатқаны байқалады. Мобильдік нұсқасы және қосымшалары бар.

Газеттің төте жазу әліпбиіндегі және қарпіндегі онлайн-нұсқасы (egemen.kz/tote) жұмыс істейді.

Қосымшалары

«Егемен Қазақстанның» бірнеше қосымшасы бар. Қосымшалар жеке сайт ретінде де жарық көреді.

«Етжеңді» қосымшасы (etjendi.egemen.kz) айына бір рет қағаз версияда шығады. Ол мәдени, тарихи және танымдық тақырыптағы мақалаларға арналған.

Бұдан басқа онлайн-версиядағы «Фотоархив» (photo.egemen.kz) қосымшасында газеттің аса бай фотомұрағаты сақталған.

Бұдан басқа goszakup.egemen.kz, satypalu.egemen.kz қосымшалары бар.

Жетістіктері

«Егемен Қазақстан» газетінің шығармашылық ұжымы көптеген беделді мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Басылымда Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ҚР Президенті сыйлығының, 7 - БАҚ саласындағы ҚР Президенті грантының, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының, «Халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Қазақстан Журналистер Одағы» сыйлығының, «Нұр Отан» партиясының журналистика саласындағы сыйлығының иегерлері, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің, С.Бердіқұлов атындағы спорт журналистері атындағы сыйлығының лауреаттары жұмыс істейді. Сондай-ақ, бірқатар журналистер «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен, «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» Құрмет белгісімен, «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» мемлекеттік медалімен, «ҚР Президентінің «Астана» медалімен, «Қазақстан Халықтарының ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалімен, басқа да медальдармен және алғысхаттармен марапатталған.

Қосымша деректер

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары, Үкіметтің қаулылары, Парламенттің заңдары, құқықтық актілер және басқа да түрлі ресми ақпараттар «Егемен Қазақстан» газеті мен сайтында жарияланады.

Жылына бір рет Жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырылған Ұлттық бірыңғай тесттің қорытындыларын жариялау құқығы «Егемен Қазақстан» газеті мен сайтына берілген.

Астанада «Егемен Қазақстан» атты көше бар. Газеттің бас ғимараты осы көшеде орналасқан.

«Егемен Қазақстан» газетінің қызметкерлерге арналған жатақханасы бар. Ол бас ғимараттың жанына салынған.

Газетті басқарған адамдар

1919 жылғы “Ұшқын” аталған кезінен бері басқарған газет басшылары:

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

Мақалалар

·Нұрсұлтан Назарбаев. Ұлы дала ұлағаттары
·Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол
«Егемен Қазақстан» газетіне жаңа басшы тағайындалды
«Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі «Алтын қалам» жүлдесін жеңіп алды

Сілтемелер

«Егемен Қазақстанның» Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы
«Егемен Қазақстанның» Twitter әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы
«Егемен Қазақстанның» ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы
«Егемен Қазақстанның» Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы