Жүсіпбек Аймауытов
Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Үлгі:Infobox Biography Жүсіпбек Аймауытов (1889—1931) — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы.
Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан атақ-абыройлы, бай, ел арасында білікті кісілер екен.
Жүсіпбек жастайынан арабша хат тану, оқу үйренген. 1907 ж. бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады.
1911—1914 жж. ауылда мұғалім болып істейді.
1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданады. Оны 1918 жылы аяқтап шығады.
Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ. Сәтбаевпен, М. Әуезовпен танысады.
Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919).
Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920).
Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы.
Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922—1924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924—1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926—1929) қызметтерін атқарады.<ref>Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7</ref>
1929 ж. басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған. Шымкенттегі педагогика техникумының директорлығы - міне, мұның бәрі Аймауытовтың жаңа өмірді орнықтыру жолындағы күрес жолын, өмір белестерін көрсетеді. 1929 ж. басталған зобалаң кезінде қармаққа ілінген Жүсіпбек 1931 ж. атылған. Астан-кестең ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер, ұлы революциялар заманында өмір сүрген Аймауытов өзінің осы қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгірді. Ол В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан, А. С. Пушкин, Н. В. Гоголь, Л. Н. Толстой шығармаларын, «Интернационалды», бірқатар ғылыми еңбектерді аударды, педагогика, психология, методика, эстетик. тәрбие туралы зерттеулер тудырды; әдебиет, эстетика, сын саласына араласты; сан алуан публицистик. мақалалар жазды; «Қартқожа», «Күнекейдің жазығы», «Шернияз», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар» пьесалары, «Комплексті оқыту жолдары», «Жан жүйесі», «Өнер таңдау», «Мағжанның ақындығы туралы» еңбектері - күрделі таланттың қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орны бар шығармалар. 1918-19 ж. Семей қаласындағы М. Әуезовпен бірлесіп «Абай» журналын шығарды. Осы журналда «Екеу» деген бүркеншік атпен, Әуезовпен бірлесіп, «Абайдың өмірі және қызметі» (1918, № 2), «Абайдан кейінгі ақындар» («Абай», 1918, № 3) деген мақалалар жазды. Бұл мақалаларда Абай өмірінің бірталай қыры сөз болып, оның поэтик, мұрасының аса құндылығы көрсетіліп, кейінгі ақындардың ұлы ұстаздан үйренуі шарт екендігі нұсқалды, Пушкин орыс әдебиетінде қандай тарихи қызмет атқарса, Абай да қазақ әдебиеті үшін сондай тарихи іс тындырғаны орнықты дәлелденген. Қазақ әдеби тілінің қалыптасуына, оның поэтикалық мәдениетінің ержетуіне Абай шығармаларының қаншалықты әсері барлығын көрсеткен. Абай поэзиясының ұлттық дәстүрмен қоса Шығыс, Батыс әдебиеттерімен байланысы қарастырылған. Аймауытов - қазақ әдебиетінде Абайдың шығармашылық мұраттарын ілгері жалғастырған ең ірі тұлғалардың бірі.<ref>Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9</ref>
Мазмұны
Шығармалары
Жүсіпбектің қаламынан туған мол мұраны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты. Ол қазақ әдебиетінде көркем прозада алғаш лиризм әкелген, сондай-ақ пейзаждың үздік үлгісін, психологизмнің терең иірімдерін тамыршыдай дәл басқан нәзік стилист суреткер. 1918 —19 ж. М.Әуезовпен бірге Семейде «Абай» журналын шығарып, «Екеу» деген бүркеншік атпен, Әуезовпен бірлесіп, «Абайдың өмірі және қызметі» (1918, №2), «Абайдан кейінгі ақындар» («Абай», 1918, №3) деген мақалалар жазды. А-тың көркем шығармалары эстет. бояуының қашықтығымен, көркемдік қуатымен, стильдік даралығымен қазақ әдебиетінде соны бағыт қалыптастырды. А. пед. оқу орындарында қызмет істей жүріп, жас ұрпақтың жан-жақты білім алуын көздеген еңбектер, оқу құралдарын жазды. Оның пед., псих. және методика саласында жазған ірі еңбектері өз уақытында елеулі рөл атқарды. Олардың ішінде «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926) т.б. бұл бағыттағы ғылымның бастауында тұрған ірі ғылыми еңбектер Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, құнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансап қорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген.<ref>Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3</ref>
Бұлардың сыртында «Тәрбиеге жетекші» (1924 ж.), «Психология» (1926 ж.), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926 ж.), т.б. ірі ғылыми еңбектері бар.
Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге, оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының сонылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ.
Сүйінші, алаш баласы, Жүсіпбек аймауытұлы. ЕЛЕУСIЗ ЕРЛЕР
Алаштың аймаңдай тұлғасы, қазақ қара сөзінің құлжасы Жүсіпбек Аймауытовтың жарияланбаған оншақты әңгімесі мен қазіргі оқырманға мүлдем беймәлім болып келген елуден астам мақалалары мен очерктері табылып отыр. Қапастағы қараңғы қоймадан, шаң басқан архивтен шиырлап іздеп олжа салған, сәуле түсіріп осы інжу-маржандарды қайыра қалың жұртқа ұсынып отырған дарынды ақын, әдебиеттанушы ғалым, Жүсекең мұрасын зерттеуші – Нұржан Қуантайұлы. Жүсіпбек Аймауытұлының бұл шығармалары оның «Ғылым» баспасынан жарық көрген 5 томдық толық жинағына да енбегендігін, екінші рет ешқайда жарияланбағандығын айта кеткіміз келеді.
Сүйінші, алаш баласы, сүйінші, көркемдік көкжиегіміз тағы да кеңіді! Бұл жолы оқырман қауымға Жүсіпбек АЙМАУЫТҰЛЫНЫҢ «Елеусіз ерлер» атты әңгімесін ұсынамыз. Бұл шығарма XX ғасырдың 20-жылдары Ташкентте шығып тұрған «Ақ жол» газетінің қосымшасы – «Сәуле» әдеби журналының 1924 жылғы қараша айындағы 6-санында жарық көрген екен. Әңгімені арапшадан қазіргі қаріпке түсіріп ұсынып отырған – филология ғылымдарының кандидаты Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ екенін тағы да еске саламыз.
Мектеп үйінің алдында жиналған қалың топқа екі зиялы көп сөйледі. Қазақтың тарихынан қозғай, қауып-қатерді үйіп-төгіп, аласапыран, жаугершілік заманда ел қорғайтын азамат болмаса, жоғалып, құрып кетесіңдер, деп елдің қамын жеп сөйледі. Жиылған қауым тырс етіп жауап қайырмады. Тамағын кенеп, жөтеліп, тымағын көзіне түсіріп, жер шұқып отыра берді. Жұрт өрт қамаған қойша ұйлығып, шығуға жол таба алмай, иығы түсіп кетті; белсеніп шығып, қасқиып жауап берерлік жан табылмады. Әншейінде елге басалқы айтатын ақсақалдар таба алмай сандалды, аузына құм құйылды. Өйткені, мәселе тосын еді, шешуі қиын еді.
Топтың кеуде кезінде отырған көнетоз қоңыр пенжақты, кепе қалпақты, кертімтеш мұрын, секпіл қара жігіт мойнын созып, төңірекке қарай берді. Көзінен найзағайдың отындай жылт-жылт етіп ұшқын шашқан тәрізді болды. Осынша жұрттың қамалып, жауап бере алмай дағдарып отырғанына күйіп-пісіп кеткендей, әлдебір аяулы нәрсесін жоғалтып күйінгендей, әлде кек алатын кезек келіп, қолына түкіріп, кіжінгендей пішіні бар еді.
Ол мындай ойда отыр еді:
«Жалғыз атымды алып қойды. Ауылымды шапты. Әйелімді өлімші қып ұрып кетті. Жеңгелерімді, қарындастарымды басты. Қайролда сықылды жан жолдасымды өлтірді… Менен күйінді, менен қорлықты көп көрген кім бар? Осыған жазылып кетсем, қайтер еді? Бірақ елдің бәрі үндемеуі қалай? Бұл ұнайтын іс болса, өзгелер неге жазылмайды? Елден алабөтен жазылып, маған серік табылмаса, онда мен неге тентіремекшімін? Менің оным ақымақтық, ұшқалақтық болмасын ба?.. Жұрт маған күледі ғой!.. Қой, олай болмас, серік табылар. Жалғыз қырғын тауып отырған біз бе? Аман отырған кісі бар ма? Топтың қамалып отырғаны бұрын мұндайды көрмегендік шығар. Менің аянатын не жаным бар? Қарап отырып өлгенше, қолыңа қару алсаң, жастығыңды ала өлсең ғой! Жазылмағанда, бір күні Қайролда сықылды жылатып, өлтіріп кетпесіне көзім жете ме?.. Не де болса, тәуекел деп жұрттың алдына бір түсейін!..» деген ойға тірелді де қолын көтеріп түрегелді. Жұрт қарай қалды.
– Мен жазыламын, ағайлар!
– Е, бәрекелді! – деп екі азамат қуанып қалды.
– Аты-жөнің кім, шырағым?
– Әбіш Қошқарбай баласы.
Әбіш жазылды да топқа қарап қолын сермеп, қайраттанып сөйледі:
– Жігіттер, мен, міне, жазылдым, жаны ардақты байлар отырсын. Кедейлер, сендер несіне аянасың? Жазылыңдар!.. Бәрібір құр қол жүріп, иттен сасық боп өлгенше, тым болмаса, төбелесіп өлейік, несі бар дейсің? Олар да өзімдей кісі…
Әбіш соны айтып болып отырған кезде ана жақтан дембелше, тышқан көз, қара торы жігіт түрегелді де:
– Мені де жазыңыз, – деді.
– Аты-жөнің кім?
– Ораз Онбай баласы.
Жастарға жыбыр кіре бастады… «Сен жазыл, сен жазыл!» десіп біріне бірі сілтесті. Өзіне серік шыққанға Әбіш әлдеқандай мардамсып қалды.
– Кәне, тағы жазылатындар бар ма? – деп әлденеше айтылған соң кедейден 5-6 бала жазылды. Одан артық кісі шықпады. Қанша қақсаса да, қандай ұқтырса да, ел ұқпады. Қайта, жазылған жігіттерді кекетіп, сықақ қыла бастады.
Екі азамат исполком бастығын шақыртып алды да:
– Мына қағазды укомге тапсырыңыз, уком мылтық, қылыш, қару береді. Бұларға ел үстінен ат әпереміз. Бұлар елді қорғайтын атрет болады, – деді.
Олар жүріп кетті. Топ тарқады.
- * *
Күн еңкейген кезде мойындарында мылтығы бар сыптығыр екі жігіт адырдан түсе беріп, аттың басын жіберді. Шүу дегенде қылаң атты озып шықса да, жарты шақырым шапқан соң, баран атты да жетті де, қамшымен жоннан бір тартып, басып озды. Екеуінің суылдаған екпінімен ши түбіндегі жапалақ қалбалақтап аспанға ұшып, лағып барып есін жинайды. Шөп арасындағы шырылдауық шегірткелердің ішегі шығып қалып жатыр. Көгілдір әуеде қанаты қалшылдап, ілулі тұрып, ащы әнге басқан бозторғайлар болмаса, оқ қалақтай қалықтап, тышқан сүзіп жүрген құладындар болмаса, тезек басында қоразданып отырған бөктергі, бұлтаңдаған саршұнақ, секеңдеген қосаяқ сықылды қорқақ жандықтар аттылардың дүбіріне шыдамай, қасқырдан үріккен қойдай жөңкіледі. Омыраудан соққан аңызақ, шапқан аттың зуылдаған желі екі жігітті де желдендірді, желіктірді; екеуі жатып аударыс салды; үзеңгі қағысып тартқанда, бірін-бірі әкете алмады. Енді артынан ағызып келіп жұлып кетуді бастады. Аударыспақты болған соң шауып келе жатып қарғып түсіп, атып мінуді істесті; жерден топырақ алысты, жыраңқайдан ат қарғысты; тұра қалып қарақұсты атысты. Көлденеңнен қараған кісі бұл екеуін нағыз еріккен деп ойлар еді, бір-ақ бұлар ерігіп жүрген жоқ еді; Бұлар өздерін соғысқа даярлап жүрген Әбіш пен Ораз еді.
Екі жігіт бірталай жер жүрген соң, Қарашығанақта үш күннен кейін табысуға уағда байлап, екі жаққа кетті.
Әбіш түн қатып, ертең сәскеде Келтебұтаққа келді. Келтебұтақ – мұжық қаласы. Бер жағында Иманақ ауылында Әбіштің апасы болатын. Әбіш сонда келді.
Әбіш аттан түсер-түспестен апасының көзі бажырайып:
– Қарағым-ау, тез аттан! Поселкеде банда жатыр. Жездең де қашып кетті, – деді.
– Банда көп пе екен, апа?
– Ойбай, адам айтқысыз, дейді.
Әбіш апасымен сөйлесті де, атын қараңғы қораға, мылтығын шөптің астына тығып, үстіне жаман киім киіп, бір тайға жайдақ мінді. Қолына бір қапты алды. Сөйтті де, поселкеге кетті. Апасы: «Барма!» деп байбалам салса да, тыңдаған жоқ.
Қолау тайды салақтаған аяғымен өкпеге тепкілеп, жолмен солталаңдатып алып келеді. Маңайда тірі тышқан көрінбейді. Поселкенің бері жағында бір жарқабақ бар-ды. Әбіш аяңдап жардың басына шықты. Жарты шақырым жерде поселке тұр. Қаланың ішінде олай-былай өтіп жатқан мылтықты, салтатты кісілер, көшеде жүкті арбалар, анда-санда қызылды-жасылды киген әйелдер көрінеді. Оң жақтағы бір талдың ішінен қарулы үш атты кісі шыға келді. Үш атты Әбішті көрді де, тұра ұмтылды. Кейбіреуі мойнындағы мылтығын суырып қолына алды.
Әбіш «қашса атады, тұрса тағы да атады, не де болса, қарсы жүрейін» деп тайын бұлтаңдатып төмен қарай түсті. Ойға түсер-түспесте-ақ ежіреңдеген үш солдат мылтығын кезеніп, «стой» деп жетіп келді. Әбішті қамай тұра қалды. Орысшалап «қайда барасың?» деп сұрады. Әбіш «білмеймін» деп басын шайқады. Ішінде бір татар бар екен, соны тілмаш қып Әбішті тергеді. Әбіш түк білмейтін бір аңқау қазақ болды; поселкеге астық алуға келе жатқан бір сорлы. Ауылын, болысын, аты-жөнін әбден тексеріп болып, «қызылдардан білесің бе?» деп сұрады. «Білмеймін, біздің ауылдың бір кісісі 8-інші ауылға барып келген екен, сол айтып келді. Осылай қарай қызылдардың көп әтіреті келе жатыр дейді. Бүгін осы жерге келіп қалар ма екен, қайтер екен?» деді. Мына сөзді естіген соң, солдаттар Әбішті алдына салып, айдап поселкеге апарды. Поселкеге әкеліп, бір қораға тайымен кіргізді де, бір мұжыққа «кетіп қалмасын, аңдып тұр!» деп тапсырды.
Әбіш тайын байлап қойып, мұжықпен әңгімеге кірісті. «Ақтар қайдан келеді? Қашан келген? Көп кісі ме? Бұлар соғысқа пәле дейді ғой? Мылтық, сайманы да көп шығар?» деген сықылды өзіне керекті хабарларды жансыздап сұрап отыр. Анда-санда астық сататын кісіні де, малай жалдаушыны да сұрап қояды. Тымағы жапырайып, ауызынан сөзі түсіп отырған бір жаманды кім елең қылсын? Мұжық сұраған сөздеріне жауап беріп отыр.
Аздан кейін поселкенің көшесі шабуылдаған кісі, жаңғырыққан дауысқа айналды. Әбіш: «Не боп қалды?» – деп мұжықтан сұрады. Мұжық: «Білмеймін» деді. Атыс болып қалып, арасында босқа кетем бе деп, қорқайын деді. Бірақ Әбіштің қауіпі ұзаққа бармады; бандылар айғай-ұйғай болып, арбасын дүрілдетіп, абыр-сабыр поселкеден жөнеле бастады. Он минуттың ішінде поселке бандыдан тазарып, бейбітшілік болды. Мұжық Әбішті қоя берді. Тайға мініп, азырақ астық іздеген болды да, Әбіш апасының үйіне келді. Әбіш үрейленіп отырған апасын қуантып, бұдан кейін атына мініп, жастардың сиезін шақырмақ болып, ел аралап кете берсін. Енді он төртінші ауылға кеткен Ораздан хабар берейік.
- * *
Түс кезінде Ораз бір үйде шай ішіп отыр еді, даладан:
– Мынау атты мініп келген кім? – деген дауыс шықты. Дауысты естіп Ораз тысқа шықса, атының қасында екі-үш кісі тұр. Киімі тәуір мырзасымақ, шоқша сақал кісі, амандасып болған соң: «Мына атты саған кім берді?» деді.
– Исполком бастығы.
– Ендеше менен ұстап әкетіп еді, сен атымды беріп кет! Жалғыз атым еді, сендерге ат табылмай ма? Бір байдан мінерсің… – деп әлгі қазақ жатып атқа жабысты. Ораз бермеді. Қазақ өршеленіп қоймады. Аты кәдірлі болса керек, Ораздан жол бойынша жығылса да, атына қарайды да, қайта жабысады. Даудың аяғы жанжалға айналды. Бірі ауыл іргесін, бірі қызметін, мылтығын арқаланып, егес ұлғайды. Енді аз тұрғанда төбелес болатын еді. Бірақ кенеттен шауып келген бір адам керістің тоқтауына себеп болды.
– Неғып тұрсыңдар! Шыңғырлауға банды келіп қалды!
– А, жақсы болды! Атты бермейтін немесің ғой! Мен сені қызылдың атреті деп дереу ұстап берейін!
Ораз сөзді доғарды. Ертоқымын алды да атын беріп қоя берді. Ауыл адамдары аттарына жүгірісіп, айғайласып, астаң-кестең болды да қалды. Атын алған кісі де жытты. Ораз түскен үйінен бір байтал сұрап мінді де, мылтығын бір шұқырға тыға салып, Шыңғырлауға қарай бет алды. Сар желіп келе жатып жүрегі дүрсіл қағады. Неге келе жатқанын, не бітеретінін өзі де білмейді, әйтеуір бір күш бандыға қарай тартқан тәрізді. Алды-артына қарамай келе жатыр.
Шыңғырлау ауылына таяна бергенде алдынан ереуілдеп бандының бір тобы шыға келді. Аттары ауыздықпен алысып, көкке шапшыды; үсті-басы асынған көкпеңбек қару; киімдері неше түрлі сәнді. Ораздың жүрегі тұрайын деді; Үйтсе де, білдірмеді; алдынан шықты. Казак-орыс бастығы: «Көтер қолыңды!» деп ақырды. Ораз қолын көтерді. Екі солдат қоныш-қонышын тінтті. Ораздан «Қайда барасың?» деп жөн сұрады.
– Сіздерге келемін.
– Неге?
– Алсаңдар, сіздің атретке кірейін деп едім.
– Не себепті кіргің келеді?
– Қызылдардан зорлық көрдім, жалғыз атымды алып қойды. Әкемді атып кетті.
Казак-орыс бастық басын шайқады:
– Өтірік айтады иттің баласы! – деді. Өзге екі бастық «шыны шығар» деп сеніңкіреп қалды. Казак-орыс сене қоймады.
– Шыныңды айт! Бәрібір өлесің! – деді. Ораз қарғанды, нанбады. Нанбаған соң:
– Шынымды айтайын, ұрлық қылушы ем. Исполкомның құдасының малын ұрлап, исполком мені ұстайды деген соң, қашып жүрмін. Сіздерге кірсем, жаным қала ма деп едім. Құдайға адалы осы, – деді Ораз жүзі жанбай. Мына сөз казак-орыстың миына кірейін деді. Өзгелеріне орысшалап айтты. Олар Оразға абдан сенді. Бірақ казак-орыс көпке шейін басын шайқай берді. Әйтпесе Ораздан пайдалы кісі шығады. Шолғыншы болады, қызылдардан хабар біліп береді. Қазақтың сырын біледі деген дәлелдерден аса алмады: әтретке алуға о да көнді. Сол әңгімемен алдындағы жақын ауылға келіп қалды.
Ауылға таянғанда солдаттар қойға шапқан қасқырша тұра-тұра шапты. Үш бастық пен Ораз бір бозғылтым киіз үйге тоқтады.
Үйде бір кемпір қатын, 14-15 жасар бір-екі бала бар, өзге жан жоқ. Олар да үрпиіп жер үйде отыр екен, іздеп жүріп Ораз тауып алды. Төрелер тамақтанып аттанатын болған соң Ораз жарлық бойынша он бес жасар баланы қойға шапқызды. Үйді тазалап, төсек жайып, жаңа төрелерін күтіп жүр. Самауыр қойылып жатқанда ауыл қыдырған төрт солдат та келді.
Қошқар тұмсық, мұртын шығыршықтаған бір бастық:
– Қыз жоқ па екен? – деп сұрады. Солдат қазақтарды боқтай бастады:
– Неткен сболыштар! Бір жас қатын жоқ, қайда тығып жібергенін білмейсің…
Артынан бір солдат келе өзгелеріне мақтанды:
– Сендер түк таба алмайсыңдар. Мен табам, теректің астынан бір қатынды суырып алып, өкірттім! – деді. Екі солдат оған еріп, шауып алды да кетті.
Ораз бәрін біліп, зығыры қайнап отыр. Бірақ айтуға тіл жоқ, ішінен қиналды.
Шайдан кейін орыстар шылым тартысып, қазақты қалай қорқытқанын, атын тартып алғанын, қылышпен үш шауып, біреуінің басын зорға кескенін, бір әйелді бырс еткізіп қарынға сұғып алғанын, қалай жанталасып жүгіргенін айтысып отырғанда, үш бастығы ұйқыға кірісті. Төрт солдаты аттарын суаруға ауылдың алдындағы құдыққа кетті.
Бастықтың екеуі ат соғып қажып жүрсе керек, қор етіп көзі ілініп кетті. Біреуі төңбекшіп ұйқтай алмай жатыр. Ораз босағадан жүресінен отырып, сүйеулі тұрған мылтықтың бірін алып, тамашалап о жер, бұ жерін қарады, құлағын қайырып көрді. Қазақ-орыс бастығы сыртылдағанын, шаппаның дауысын естіп, басын көтеріп алып:
– Алма мылтықты! – деп жекірді.
Ораз аңқаусып:
– Алса қайтеді? – деді. Мылтықты тастаған жоқ, икемдеп ұстай бастады.
Казак-орыс:
– Таста, атылып кетеді? – деп орнынан тұра бергенде, Ораз атып тұрды да, басып қалды. Казак-орыс мойынын астына ала бүктетіле жығылды. Мылтықтың дауысымен шошып оянып тұра берген біреуін Ораз тағы басты. Тәлтіректеп о да өкіре барып жер құшты. Олар жанталасып, қорқырап, тулап жатқанда қалған біреуі жын соққан кісіше, ұйқылы көзімен тұра беріп, қайта жығылып қалбалақтап жүр. Ораздың оғы таусылып қалды білем, басып қалып еді, от алмады. Ораз тұрып-жығылып жүрген орысқа тұра ұмтылып, мылтықтың темірімен қос қолдап тұрып, қарақұстан берді. Омақаса барып құлады. Тағы бір-екі қойып жіберді де, жүгіріп барып тағы бір мылтықты алып, құлағын ашып жіберді. Оғы бар екен. Атып тысқа шықса, төрт солдат тырым-тырақай ауылға қарай ат қойып келеді екен. Ораз үйге кірді де, босағадан тұрып көздеді. Үйге жүз елу қадамдай жетпей, алдыңғы бірі шалқалай, аттан мұрттай ұшты. Аты ойнақтап шыға берді. Оған таяу келе жатқан біреуін тағы қалпақтай түсірді. Алдыңғы екеуі жығылған соң, қалған екеуі жетегін тастап, жарық берді. Ораз жүгіріп шығып, ордаңдап жүрген аттарға ұмтылды. Мылтықтың дауысынан шошынған ат жуырда ұстата қоймады. Жан-жақтағы үйлерден адам шықпады, терезеден, есіктен басын қылтитып сығалап тұр. Ораз:
– Шығыңдар жылдам, атты ұстас! Қорықпа, бәрі қырылды! – деп атой беріп, аттарды қайырып жүр.
Қатын-қалаш, жаман-жұман еркектер жүгірісіп, аттарды ұстасты. Ораз бір атқа міне сала, қашқан екі солдатты қуып кетті. Бірталай ұзап кеткен екен, алыстан қарасы ғана көрінеді. Ат үстінен бытырлатып атып келеді. Оқ тимеді. Ораз жете алмады, оғы таусылған соң қайта қайтты. Барлық мылтықтары, бес аты олжа болды.
- * *
Он шақты күннен кейін Електегі укомның жиылысында Қарашығанақ болысының ісполком бастығы Құрман дейтін жігіт бандыны қырғанын айтып, баяндама жасады. Құрманға уком тәңір жарылқасын айтып, атын қызыл тақтайға жазды. Қару-жарақ укомге тапсырылды. Киімдер ісполком мүшелерінің пайдасында қалды. Ораз қызметтен шығарылды. Әбіш те ісполком мүшелерімен келісе алмады. Орынборға оқуға кетті.<ref>"Қазақ Энциклопедиясы"</ref>
Көзсіз ерлердің аты шықпай, елеусіз қала берді. Заманына қарай ерлері болмақ қой. «Өлі арыстаннан тірі тышқан». Заманымыздың ерлері атаусыз қалмаса жарар еді.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>
Еңбектері
1917-1919 жылдары Алаш партиясына кірсе, 1919 жылы бірінші желтоқсанда Семейде кеңес өкіметі орнап, Губревком құрылған мезгілде көптеген қазақ жастарымен бірге мүше болады (Семей облыстық мемлекеттік мұрағаты, 72- қор, 19-тізім-1, бума 7-3). Жүсіпбек Аймауытұлы 1920 жылы Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай сиезіне делегат болып қатысса, 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы және журналистер бюросының хатшысы қызметін атқарды. 1922-24 жылдары Қарқаралыда мектеп мүғалімі, 1924-26 жылдары «Ақ жол» газетінде бөлім бастығы міндетін атқарды. Қазақ институтында істеді (Ташкент), 1926-29 жылдары Шымкент педагогикалық техникумының оқытушысы әрі директоры болды. Осының аз-ақ алдында, яғни алапат аштық қарсаңында ұлт жанашырлары күйзелген елге қолұшын беру мақсатымен Семейде «Жанар» атты ұйым құрды. Ұйымның негізгі мақсат-міндеті: қарапайым халыққа көмектесу, ұлт бостандығы жолындағы жастарды қамқорлыққа алып, білімге, саясатқа тарту болды. Халыққа қасірет әкелген алапат аштық тұсында - Ж.Аймауытұлы мұраттас серіктестіктерімен бірге қол ұшын береді. Мәдени-рухани түрғыдан, әлеуметтік жағынан қолдап, көмек етеді. Отызыншы жылдардың ойранына, НКВД-нің қанды шеңгеліне түскен қайран ер таланты кемелденіп, үлкен шығармашылық кезеңге бет бұрған шағында - 1930 жылдың 21 сәуірінде Мәскеудегі Бутырька түрмесінде атылды. Жүсекеңнің, Жүсіпбек Аймауытұлының рухани өмірі аяқталған жоқ. Ж.Аймауытұлы ұлттық сөз өнерінің әр алуан саласында ерен еңбек етті. Оның қаламынан туған, әсіресе ақындық әлемін танытатын («Сарыарқаның сәлемі», «Көшу», «Нұр күйі», т.б.), кемел прозашылығын («Әнші», «Елес», «Жол үстінде», «Қара бақсы» - әңгімелер), «Күнікейдің жазығы», (повесть), «Қартқожа», «Ақбілек» (романдар), белгілі драмашылығын («Сылаң қыз», «Мансапқорлар», «Рабиға», «Ел қорғаны», «Қанапия - Шәрбану», «Шернияз»), айтулы аудармашылығын («Сараң сері», «Тас мейман» (А.С.Пушкин), «Бақылаушы» (Н.В. Гоголь), «Бейшаралар» (В. Гюго), «Дәмелі», (Ф. Дюшен), «Тау еліндегі оқига» (С. Чуйков), сындарлы сыншылығын - «Мағжанның ақындығы туралы», «Аударма туралы», «Сұңқар жыры», жан жүйесінің білікті білгірі екендігін - «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Комплекспен оқыту жолдары», «Жаңа ауыл» т.б. еңбектері табиғи талант қырларын жан-жақты жарқырата көрсетті. Балаларға арналған - «Жаман тымақ», «Көк өгіз», «Шал мен кемпір», «Үш қыз» сынды ертегілер қарапайым мәтін мен көркем суреттің табиғи тұтастығы мен үндескен үлгісін терең танытады. Ең маңыздысы, бұл еңбектер бүгін де рухани-тәлімдік қырларымен мәнді.<ref>Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса — Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009 жыл</ref>
Дереккөздер
<references/>
Фильмдер
- 1994 — «Алаш туралы сөз» режиссері: Қ.Умаров
Жанр: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақтелефильм”
- 2009 — «Алашорда» режиссері: Қ.Умаров
Жанр: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақфильм” Шәкен Айманов атындағы
Сыртқы сілтемелер
- Мағжанның ақындығы туралы. Жүсiпбек Аймауытұлы. “Лениншiл жас”, журналы, 1923 жыл. (Соңы)
- Мағжанның ақындығы туралы. Жүсiпбек Аймауытұлы (Басы)
- Жүсіпбек Аймауытов. Елес
- Жүсіпбек Аймауытов
- Bigox.kz Жүсіпбек Аймауытов реферат (қазақша)
{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}