Ерлан Тынымбайұлы Қарин
Үлгі:Мемлекеттік қайраткер Ерлан Тынымбайұлы Қарин (26 мамыр 1976, Ақсукент, Сайрам ауданы) — қазақстандық саясаткер, саясаттанушы, 2026 жылдан бастап Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары. Қазақстанның соңғы Мемлекеттік хатшысы (2022) және жалғыз Мемлекеттік кеңесшісі (2022–2026). Саясаттану ғылымдарының кандидаты.
Өмірбаяны
Ерлан Қарин 1976 жылы 26 мамырда Шымкент облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында дүниеге келген. Байұлы тайпасының Адай руынан шыққан.<ref>Үлгі:Cite web</ref> Балалық шағын Ақтөбе қаласында өткізген.<ref>Ерлан Қариннің Instagram желісіндегі жазбасы</ref>
1997 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тарих және география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқыған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын тәмамдаған. Саясаттану ғылымдарының кандидаты (диссертация тақырыбы: «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіндегі ішкі саяси аспектілер»).
1996—1998 жылдары Ақтөбе қаласындағы №33 орта мектепте тарих және география мұғалімі, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде саясаттану кафедрасында оқытушы болған. Жоғары оқу орнында оқыған кезінде баспасөзде белсенді жұмыс істеді: «Ақтөбе университеті» газетінің бас редакторы, «Диапазон» және «Время по...» газеттерінің саяси шолушысы болды.<ref name="far">Ерлан Тынымбайұлы Қарин</ref>
1998—2000 жылдары Қазақстанның даму институтының Саяси зерттеулер орталығында қызметкер, Мәскеу әлеуметтік институты Алматы филиалының проректоры, Ресей және Қытай институты директорының орынбасары болды.
2000—2003 жылдары Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінің директоры қызметін атқарды. Оған қоса 2002—2003 жылдары Қазақстан Премьер-Министрі Иманғали Тасмағамбетовтің штаттан тыс кеңесшісі болды.
2000 жылдардың басында «Хабар» арнасында «Халықаралық шолу» бағдарламасын жүргізген, сол жерден өмірлік жарын жолықтырған. <ref>«Хабарға 30 жыл» деректі фильмі</ref>
2003—2004 жылдары Республикалық «Асар» партиясының төрағасы Дариға Назарбаеваның бірінші орынбасары және Заманауи саясат халықаралық институтының бас директоры болды.
2004—2006 жылдар аралығында Антитеррорлық бағдарламалар орталығының жетекшісі, Қырғызстан жөніндегі сарапшылар тобының жетекшісі болды.
2006 жылдан 2008 жылға дейін Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың қоғамдық және саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болды.
2008 жылғы ақпан айында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
2008 жылғы қараша айында партия төрағасы Назарбаевтың қаулысымен «Нұр Отан» партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы болып тағайындалды. Бұл лауазымды 2013 жылғы тамыз айында шетелдік тағылымдамаға кеткенше атқарды.
2013—2014 жылдары АҚШ-тағы Вашингтон Университетінің арнайы шақырылған профессоры болды.
2014 жылғы 16 қазан күні Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры болып тағайындалды.<ref>Ерлан Қарин Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын басқаратын болды</ref>
2017 жылы 9 ақпанда елдің ең басты мемлекеттік медиа холдингі «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Қарин 2019 жылғы қаңтар-маусым аралығында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі Сирияда өткізген «Жусан» атты құпия операцияға қатысты.<ref>Ерлан Қарин "Жусан" операциясы туралы кітап жазды</ref> 2020 жылы аталған операция туралы Қариннің «Жусан» операциясы: Сириядан кімді және неге қайтарды?» атты кітабы жарық көрді.
2019 жылы 5 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі, 2020 жылы 30 шілдеде президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалып, саяси мәселелермен айналысты.<ref>Ерлан Қарин жаңа қызметке тағайындалды</ref> 2019 жылғы 17 шілдеде Президент жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, Қарин 2022 жылға дейін кеңестің хатшысы болды.<ref>Ерлан Қарин Қоғамдық кеңестің Жер комиссиясынан қандай айырмашылығы бар екенін айтты</ref>
2022 жылғы 5 қаңтарда зейнетке шыққан Қырымбек Көшербаевтың орнына Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.<ref>Ерлан Қарин ҚР Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды</ref> Сол жылғы 14 маусымнан бастап Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі болды.<ref>Ерлан Қарин ҚР Мемлекеттік кеңесшісі лауазымына тағайындалды</ref> 2022 жылғы 15 маусымда Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құрылып, Қарин 2026 жылға дейін құрылтай төрағасының орынбасары болды.<ref>Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайды құру туралы</ref> 2025–2026 жылдары Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етті.<ref>Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды: оның құрамына кім кірді</ref> 2026 жылы ол Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары болды.<ref>Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны (Конституциялық комиссия) құру туралы</ref>
2026 жылғы 30 маусымда Мемлекеттік кеңесші лауазымының жойылуына байланысты Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.<ref>Е.Т. Қарин туралы</ref> 10 шілдеде «Әділет» партиясының атынан I шақырылымдағы Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде партиялық тізімге енді.<ref>«Әділет» партиясы Сайлауалды бағдарламасы мен Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті</ref>
Жеке өмірі
Үйленген, әйелі Зүлфия Дидахметқызы Қарина (1975 жылы туған, тумысында Әшімханова) — жазушы Дидахмет Әшімханұлының қызы.
6 баласы бар: қыздары — Айжан (2001 жылы туған), Әмина (2002 жылы туған), Зере (2010 жылы туған), Мәриям мен Сафия (2016 жылы туған) және ұлы — Бекназар (2005 жылы туған).
Әкесі Тынымбай Төлепбайұлы Қарин (1941 жылы туған) — жазушы. Анасы Несіпкүл Бадаубекқызы Қарина (1952 жылы туған).
Бауырлары: ағалары Шоқан (1971 жылы туған) мен Бектұрған (1973 жылы туған, дәрігер) және қарындасы Айнаш (1978 жылы туған, дизайнер).
Кітаптары
Төмендегі кітаптардың авторы:
- Балбалтас. Орхоннан Каспийге дейін (2013)
- Солдаты Халифата: Мифы и реальность (2014)
- «Successor or Succession?» Transferring power in Kazakhstan (2014)
- Между ИГИЛ и Аль-Каидой: центральноазиатские боевики в Сирийской войне (2017)
- Операция «Жусан» (2020)
- Сводный каталог картографических материалов по истории Казахстана XVII - начало XX вв. (2023)
- От Cassackia до Казахстана: локализация Казахстана на европейских, российских и азиатских картах XVI — первая половина XIX века (2024)
Фильмдері
- Тар заман
- 16 дней декабря
- Тұзақ. История одной авантюры
Марапаттары
«Құрмет» орденімен (2010 жылы), ІІ дәрежелі «Достық» орденімен (2019 жылы), «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл» (2012 жылы), «Қазақстан Республикасының Прокуратурасына 25 жыл» (2016 жылы) мерейтойлық медальдарымен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» (2019 жылы) медалімен марапатталған.<ref name="far" />