Шемонаиха кен ошағы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Шемонаиха кен ошағы, Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы Шемонаиха ауылынан солтүстік батысқа қарай 7 км жерде орналасқан. 18-ғасырдан белгілі. Оны П.Ф.Иванкин, И.И.Халтурина, Ж.И.Абдулменов, Б.И.Вейц, Г.Д.Ганженко, т.б. зерттеген. Морфологиялық тұрғыдан кен орны орта – жоғарғы девон дәуірінде түзілген жайылма қатпарлы шөгінді-жанартаутекті тау жыныстарының сына тәрізді тектоникалық блогы болып табылады.

Көлденең жарылымдармен тілімденген бұл блоктың ұзындығы 1 км, ені 200–250 м, девондық тау жыныстарының қалыңдығы 400–500 м-ге жетеді. Шөгінді жанартаутекті тау жыныстары (лава, туф, алевролит, фельзит-порфир, туф-агломерат, т.б) көптеген интрузивті порфирлер және порфириттермен тілімденген.

Қышқыл құрамды тау жыныстары серициттенуге және кварциттенуге ұшыраған. Кен ошағында төрт негізгі және оннан аса ұсақ кентас шоғырлары анықталған. Олардың ең ірілері Шемонаиха мен Жаңа Шемонаиха кен шоғырлары. Шемонаиха кен ошағының ұзындығы 100 м, қалыңдығы 2,5 м, тереңдігі 80–100 м. Құрамы полиметалды (қорғасын, мырыш, мыс). Минералдары: сфалерит, галенит, халькопирит, пирит, кварц, барит, т.б. Шемонаиха кен ошағы орташа кендерге жатады.<ref>Қазақстан ұлттық энциклопедиясы</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер