Қазақ театры
Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Ұлттық сахналық өнер саласы.
Қазақтың кәсіби театр өнерінің қайнар көзі халық шығармашылығына (әнші, ақындар айтысы мен шешендік өнерге), ежелден келе жатқан әдет-ғұрып пен тұрмыс-салтқа (беташар,бәдік, жар-жар, жоқтау, қоштасу, қыз кәде, шілдехана), ойын-сауық (алтыбақан, қызойнақ, қынаменде, ортеке, судыр-судыр) пен Алдар Көсе, т.б. секілді күлдіргі қулар өнеріне саяды. Қазақ халқының қоғамдық ортасында туған, қиыннан қисын табар тапқыр, ой-қиялы жүйрік, ділмар адамның жиынтық бейнесі болып, аты аңызға айналған Алдар Көсе, Жиренше шешен, Қожанасыр мен Тазша бала есіміне байланысты күлдіргі әңгімелер ел арасында ертеден белгілі. Ал Айдарбек, Битан-Шитан, Зәрубай, Күндебай, Қантай-Тонтай, Мауқай, Текебай, Торсықбай, т.б. белгілі халық қуларының өнері туралы кезінде Ш.Хұсайынов пен Қ.Қуанышбаев (“Шаншарлар”), Ж.Шанин (“Айдарбек”, “Торсықбай”), т.б. драматургтар пьесалар жазды. Қуанышбаев, Е.Өмірзақов т.б. актерлер өз ойындарында халық қуларының бай тәжірибесін мол пайдаланды.Қазіргі қазақ кәсіби театрының тарихы 19 ғасырдың 2-жартысынан басталады. 1859 жылы Оралда, 1869 жылы Орынборда, 1875 жылы Омбыда орыс драма театрларының негізі қаланып, жұмыс істей бастады. 1890 жылы Семей қаласында “Музыка мен драмалық өнер әуесқойларының қоғамы” ұйымдастырылды. Алғашқы драм. шығармаларда Г.Д. Гребенщиков “Жақсы жігіт” пьесасының (1907) сюжетін қазақ тұрмысына құрса, Н.П. Анненкова-Бернар ұлттық дастан негізінде 1908 жылы “Бекет” атты драма жазып, кейін оны сахнаға шығарды. 1911 – 12 ж. Шымкент, Ақмешіт (Қызылорда), Ақмола (Астана), Қостанай, Петропавл, Орал мен Семей қалаларында ойын-сауық үйірмелері ұйымдаса бастады. 1913 – 14 жылы Семейде қазақ мұғалімдері мен оқушы-жастар бірлесіп, “шығыс кеші” деген атпен ойын-сауық кештерін ұйымдастырды.
Ұлттық театр өнері тарихында мәні зор ойын-сауықтар қатарында: Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына арналған әдеби, этнографиялық-музыкалық кеш (1914), “Біржан мен Сара айтысы” (1915, екеуі де Семейде) және “Қазақша қыз ұзатудың” (1915, Атбасарда) сахнаға лайықталған нұсқасын атауға болады. Осы жылдары ұлттық драматургияның алғашқы туындылары жазылып, баспа бетін көрді әрі оның бірқатары әуесқойлар күшімен сахнада қойылды. Мұғалім Б.Х. Серкебаев (“Бақсы”, “Ғазиза”, т.б.) пен И.Меңдіханов (“Малдыбай”, бәрі де 1912) тұңғыш пьесалар жазды. 1917 жылы маусым айында Ойқұдық жайлауында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) М.О. Әуезовтің “Еңлік – Кебек” трагедиясы алғаш рет қойылып, оған автордың өзі жетекшілік етті. 1918 – 24 жылы Ақмолада (қазіргі Астанада), Әулиеатада, Көкшетауда, Орынборда, Ташкентте, Түркістанда және Шымкентте көптеген қазақ драм. үйірмелері ұйымдастырылып, Ж.Аймауытовтың, Әуезовтің, М.Дулатовтың, Е.Ерданаевтың, Қ.Кемеңгеровтің, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің, Серкебаевтың, Ә.Сұлтановтың, т.б-лардың драммалық шығармалары сахнаға шығарылды. 1918 жылы Алматыда, Семейде, Петропавлда, т.б. қалаларда бірқатар орыс драма театрлары ашылды. “Ес-аймақ” сахнасында сол уақытта жарық көрген Аймауытовтың (“Рәбиға”, “Қанапия-Шәрбану”, “Ел қорғаны”, “Сылаң қыз”), Әуезовтың (“Еңлік – Кебек”, “Қарагөз”, “Ел ағасы”, “Бәйбіше – тоқал”), Сейфуллиннің (“Қызыл сұңқарлар”), т.б. пьесалары қойылды. Бұл спектакльдердің көпшілігін сахнада қойған Шанин мен Аймауытов болды. 1925 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш кәсіби ұлт театрының (қ. Қазақ драма театры) ұйымдастырылуы Қазақстанның мәдени тарихында мәні зор оқиғаға айналды.
Қазақ театрының өнерінің қалыптасып даму кезеңі спектакльдерде натуралистік, әлеуметтік-тұрмыстық және фольклорлық-этнографиялық бояудың қатаң сақталуымен, халық әндерін мол пайдалануымен ерекшеленеді. Мұның өзі бір жағынан театр мен көрермендер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге мүмкіндік туғызса, екінші жағынан актерлердің көп салалы өнерді меңгеруіне жол ашты. Осы кезеңде Қазақ театры ұлттық пьесаларды ғана қоюмен шектелмей, алғаш рет классик. драматургия туындыларын игеруге талпыныс жасады. 1928 жылы Қазақтың мемлекеттік драма театры республикасының жаңа астанасы Алматыға көшіп келді. Әсіресе осы кезеңдегі Қазақ театры өнерінің қалыптасу жолында Әуезов драматургиясы мен Шаниннің режисер қызметінің мәні зор болды. Әуезовтың қуатты қаламынан туған “Қарагөз”, “Қара қыпшақ Қобыланды”, “Абай”, “Айман – Шолпан”, “Түнгі сарын”, т.б. драммалық шығармалары театр репертуарын жандандыра түсті. 30-жылдардың бас кезінде Алматыда (1927 – 28), Риддерде (1930 – 33) және Қарағандыда (1932 – 34) жұмысшы-жастар театры құрылды. Бұларды ұйымдастыруға Қ.Бадыров, К.Қармысов, С.Телғараев көп еңбек сіңірді.
Қазақ театры өнерін одан әрі өркендету ісінде 1933 ж. 8 қыркүйекте Қазақстан өлкелік партия к-тінің “Ұлт өнерін дамыту шаралары” туралы қаулысының рөлі ерекше болды. Осыған орай 1934 жылы Оралда (көркемдік жетекші Ғ.Төребаев), Шымкентте (көркемдік жетекші Ж.Арғынбаев), 1935 жылы Петропавл (1935 – 38) мен Ақтөбеде (1935 – 48), 1936 жылы Қарағанды (көркемдік жетекші Ш.Гатаулин) мен Жамбылда (қазіргі Тараз; көркемдік жетекші Арғынбаев) және 1938 жылы Гурьев (қазіргі Атырау; көркемдік жетекші А.И. Сусанов-Саянский) пен Павлодарда (көркемдік жетекші Н.М. Атаханов) облыстарында қазақ театрлары ашылып, халыққа мәдени қызмет көрсете бастады. Кәсіби дайындығы бар орыс режиссерлері қазақ актерлерін орыс театрының бай тәжірибесімен және К.С. Станиславский жүйесімен таныстырып, кәсіби сахна өнеріне шыңдады, әсіресе орыс, шет ел классикасы мен осы заман драматургиясының озық үлгілерін (Н.В. Гогольдің, Н.Ф. Погодиннің, К.А. Треневтің, У.Шекспирдің пьесалары) театр репертуарына енгізіп байытуда айтарлықтай еңбек сіңірді. 1934 жылы өткен Қазақстан жазушыларының 1 съезінде ұлттық әдебиет мәселесімен бірге драматургия мен театр жайы да кеңінен сөз болып, арнайы баяндамалар тыңдалды. Республика үкіметінің 1935 жылы “Колхоз-совхоз театрларын құру туралы” қабылданған арнайы қаулысынан кейін 30-жылдардың 2-жартысынан бастап көркемөнерпаздар үйірмелері негізінде пайда болған ауданда және ұжымшар, кеңшар театрлары кең қанат жайды.
1937 жылы ұйымдасқанына он жыл толуына байланысты Қазақтың мемлекеттік драма театры академиялық театр деген құрметті атаққа ие болды. Облысы қазақ драма театрлары 1937 жылдан арнаулы сахналық білімі бар жас кадрлармен толықтырыла бастады. Қазақ театр ұжымдарының 2-дүниежүзілік соғыс кезеңінде бірқатар әскери-патриоттық тақырыптағы пьесаларды сахнаға шығарды. Майдандық концерт бригадалары ұйымдастырылды. Соғыс жылдары Қазақстанға келген Ю.А. Завадский, В.П. Марецкая, Н.Д. Мордвинов, Н.И. Сац, Н.М. Ужвий, Г.П. Юра, т.б. көрнекті театр қайраткерлерімен қазақ өнер шеберлерінің өзара шығармашылық қызметі сахналық шеберліктің кемелденіп өсуіне, жалпы рухани мәдениеттің дамуына игі ықпал етті. Режисер-педагогтар О.И. Пыжова мен Б.В. Бибиковтың бірлесіп қойған Шекспирдің “Асауға тұсау” спектаклі (1943, Петруччио – Ш.Айманов, Катарина – Х.Бөкеева) Қазақ драма театрының ең таңдаулы қойылымына айналып, ол актерлер үшін баға жетпес сахналық шыңдалу мектебі болды. Соғыс жылдары Жамбыл, Гурьев (қазіргі Атырау), Қарағанды, Павлодар облысы және 11 ұжымшар-кеңшар театрлары жергілікті көрермендерге белсенді мәдени қызмет көрсетті.
1944 жылы Алматы қаласында Балалар мен жасөспірімдер театры ашылды. Оның алғашқы ұйымдастырушылары режисер Сац пен драматург В.С. Розов болды. 2-дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары республика театрлары халқымыздың бейбіт құрылыстағы еңбегін көрсетуді басты мақсат етіп қойды. Осы кезеңде Қазақ драма театрымен қатар қазіргі Атырауда, Таразда, Қарағандыда, Семейде және Шымкент қалаларында облыстық драма театрлары жұмыс істеді. 1955 жылы Еңбекшіқазақ пен Қаратал ұжымшар-кеңшар театрларының негізінде Талдықорған облыстық драма театры ұйымдасты.
50-жылдары театр сахналарында ұлттық тарихи-фольклорлық драматургия бойынша спектакльдер қою ісі қайта жалғастырылып, біршама жандана түсті. Осыған орай Ғ.Мүсіреповтің “Амангелдісі” (1952), С.Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов” (1955, екеуінің де режисер М.И. Гольдблат) және Ә.Тәжібаевтың “Майрасы” (1957, режисер А.Тоқпанов) секілді тарихи-ғұмырнамалық тақырыпта жазылған жаңа пьесалар қойылды. Әуезов романының желісімен “Абай” спектаклі (инсценировкасын жасағандар Айманов пен Л.С. Штейн, 1949) сахнаға шығарылды.
1957 – 58 жылы Алматы қаласында “Театр көктемі” деген атпен облыстық театрлардың алғашқы байқауы өткізілді. Байқауда Гурьев (қазіргі Атырау), Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) және Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облыстық драма театрлары жүлдегер атанды. Қазақ әдебиеті мен өнерінің 1958 жылы Мәскеуде өткен онкүндігінде Айманов, Қ.Қуанышбаев, В.Б. Харламова КСРО халық артисі, сондай-ақ Ш.Жандарбекова мен С.Майқанова ҚазКСР-інің халық артисі деген құрметті атаққа ие болды, ал Бөкеева, Е.Я. Диордиев, С.Қожамқұлов пен Е.Өмірзақов Ленин орденімен марапатталды. 60-жылдардағы республика театр өмірі тақырыптық бағыт-бағдары мен сахналық жанрының әр алуандығымен ерекшеленді. Бүгінгі күннің көкейкесті мәселелеріне арналған төл пьесалар қою ісі одан әрі жалғасын табумен қатар шет ел драматургиясының туындылары да сахнада кеңінен қойылды.
1970 – 80 жылы республика театрларында осы заман тақырыбына арналған Т.Ахтановтың “Күтпеген кездесуі” мен “Махаббат мұңы”, О.Бөкеевтің “Құлыным, менің”, Ә.Әбішевтің “Мансап пен ұждан”, Н.Оразалиннің “Шырақ жанған түн” пьесалары бойынша спектакльдер қойылды.
Осы жылдардағы көркемдік деңгейі жоғары, елеулі сахналық туындылардың бірі – Ә.Нұрпейісовтің трилогиясы негізінде қойылған “Қан мен тер” спектаклі (1973) болды. Ол – қазан төңкерісі қарсаңында қазақ даласындағы әлеум. жағдайдың диалектикасын сахналық көркем тілмен шынайы бейнеледі. Спектакль 1974 жылы КСРО Мемл. сыйлығына (режисер Мәмбетов, суретші А.С. Кривошеин жөне актерлер А.Әшімов, Ф.Шәріпова мен Ы.Ноғайбаев) ие болды.
1980 – 90 жылы Қазақ театрының режиссерлері республикадағы орыс драма театрлары сахнасында бірқатар спектакльдерді қойды. ҚР Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтындағы театр мен кино өнері бөлімі ұлттық театр өнерінің тарихын һәм оның өзекті мәселелерін зерттеумен айналысады. Арнайы білім алған маман театртанушылар: Б.Құндақбаев, Қ.Мұхамеджанов, Л.И. Богатенкова, С.Д. Қабдиева, К.Ә. Нұрпейісов, У.К. Садықова, Ә.Т. Сығай, Н.Н. Шәукенбаева, Л.М. Громова, М.В. Иовлева, И.Ф. Ким Қазақстан театр өнерінің мәселелерін зерттеумен айналысты. 1962 жылы Алматы қаласында ерікті шығармашылық ұйым – Қазақ театр қоғамы (қазіргі ҚР Театр қайраткерлерінің одағы) ұйымдастырылды. Қазақ театыр өнері саласындағы таңдаулы туындыларға Күләш Байсейітова атынд. Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы (1966 жылдан жыл сайын, ал 1971 жылдан бастап екі жылда бір рет) беріледі. 1980 жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында әміршіл-әкімшіл жүйенің көбесі сөгіле бастауы, ашық демократиялық қоғамның орнауы мен цензуралық қысымның жойылуы, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі нәтижесінде республика театрларының шығармашылық өміріне жаңа леп әкелді, театрлар ұжымдарының алдына соны міндеттер қойды. Театрлар жаңа қоғамдық өмір мен әлеуметтік көзқарас және мақсат-мұратқа сай репертуарлық қорын тың туындылармен кеңейтті. Ұлт өмірінің тарихи белестерін жаңаша бағамдау мәселесі қазақ қаламгерлерінің драмалық шығармаларынан басты орын алып, ол Б.Әбілдаевтың “Айша бибі” (1986, режисер Ә.Құлданов пен М.Бекхожин, Жамбыл облысы драма театры), Ш.Мұртазаның “Сталинге хат” (1988, режисер Р.Сейтметов, Қазақ жастар мен балалар театры; 1989, режисер Б.Омаров, Талдықорған драма театры), О.Бодықовтың “Қорқыт” (режисер Ш.Зұлқашев),Б.Қорқытовтың “Ақбөбек” (екеуі де 1988, режисер А.Сұлтанғалиев, Атырау облысттық драма театры), Әуезовтің “Түнгі сарыны” (1989, режисер Асылхан) мен “Хан Кене” (1992, режисер Қ.Жетпісбаев, екеуі де Талдықорған драма театрында), Н.Әбутәлиевтің “Өттің дүние” (1992, режисер Ә.С. Рақымов), Иран-Ғайыптың “Шыңғыс хан” (1994, режисер Б.Атабаев), М.Байсеркеұлының “Абылайханның ақырғы күндері” (1996, режисер Байсеркеұлы), Оразалиннің “Қилы кезең” (Әуезовтің шығармасы бойынша; 1997, режисер Рақымов), Ә.Кекілбаевтың “Абылай хан” (1998, режисер Атабаев, бәрі де Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында), М.Байғұтов пен Ш.Орынбаевтың “Қарлығаш әулие – Төле би” (1993, режисер Құлданов, Шымкент облыстық драма театры), К.Н. Жұмабековтің “Қаз дауысты Қазыбек” (режисер Ә.Оразбеков, Қарағанды облыстық драма театры), О.Дастановтың “Әзірет сұлтан” (екеуі де 1998, режисер Мәмбетов, Қазақ жастар мен балалар театры), т.б. спектакльдерде өзінің көркем сахналық шешімін тапты.
20 ғасырдың 90-жылдары Ақмола, Павлодар, Арқалық, Орал, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл, Өскемен, Жезқазған, Атырау, Түркістан қ-ларында жаңадан қазақ театрлары ұйымдастырылды.
1975 жылы Республикада орыс драма театры академиясы театр атағын алды.1976 жылы ұлттық театрдың негізін салушылардың бірі Қожамқұлов Социалисттік Еңбек Ері атанды, ал режисер Мәмбетовке КСРО халық арт. (2000), Халық қаһарманы атағы беріліп, жоғары ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз тапсырылған (2000). Идеялық-көркемдік жағынан уақыт талабына сай сапалы репертуары бар, халыққа жүйелі түрде мәдени қызмет көрсетіп отыратын үздік ұжымдарға (1959 жылдан) халық театры атағы берілді. 1985 жылы Қазақстандағы әуесқой ұжымдардың жалпы саны 20 191 жетті, оның 184-і кезінде халық театры атағына ие болды. Қалың көпшілікке танымал халық театрлары қатарында Абай (бұрынғы Семей облысы), Таран (Қостанай облысы), Шаян халық театры (Оңтүстік Қазақстан облысы) болды. Қазақстанда кәсіби 35 театр, оның ішінде 9 қазақ драма театры – Ақтөбеде (1993), Алматыда (1926), Атырауда (1938), Тараз бен Қарағандыда (1936), Қызылордада 1960), Оралда (1991), Талдықорғанда (1975), Шымкентте (1934); 6 қазақ музыкалы драма театры – Арқалықта (1972 жылдан, 1988 жылы Жезқазғанға қоныс аударды), Жетісайда (1969), Көкшетауда (1995), Павлодарда (1990), Семейде (1934), Түркістанда (2002); 2 Балалар мен жас өспірімдер театры (1947 жылдан қазақ, ал 1945 жылдан орыс театры); Неміс драма театры (1980, Теміртау, қазір Алматы қаласында); 3 музыкалы комедия театры – орыс (1973, Қарағанды), ұйғыр (1934, Алматы) және корей (1968, Алматы); 5 қуыршақ театры – Алматыда (1935, қазақ және орыс труппалары), Ақтөбе мен Жезқазғанда (1985), Ақтауда (1981) және Шымкентте (1983) жұмыс істеді.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том</ref>
Дереккөздер
<references/>
Сілтемелер
{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}
Мақала бастамасы | {{{article}}}}} мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз.{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар| Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет.}} |
| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Қазақ театры|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}