Жоқтау

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жоқтау немесе элегия (гр. ἐλεγεία – жоқтау) — дауыс қылу деп те аталады, қазақ халқының әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады. Қазаны естіген жанашыр туыстар ауылға “ой,бауырым" деп ат қойып шауа келіп, атынан жығыла түсіп, жақындары жоқтау айтып, қайғылы сарынмен көріседі.

Элегия

Сурет:William-Adolphe Bouguereau (1825-1905) - Elegy (1899).jpg
Уильям Адольф Бугро: Элегия (1899)

Элегияға арнайы тоқталсақ, өлеңдік ұйқаспен жазылатын, айтылатын, өлімге, махаббатқа, соғысқа қарата автордың қайғылы түрде терең сезіммен еске алуын білдіретін лирикалық өлең-жырлар. Мұндай өлеңдерге жақын туыстарының, достарының өлушіге арнап қайғылы түрде айтатын жоқтаулары, елдік-ұлттық трагедияны айтатын мұңлы өлеңдер (Елім-ай, Ағажай-Алтайдай әндері), адамның немесе адамзаттың басына келген пәле-қазаларды айыптап айтатын қасірет өлеңдері де кіреді. Бұл өлең түрі ежелгі халықтардың бәрінде дерлік - ғұндарда, түрік халықтарында да, грек-римдіктерде, қытайларда да болған. Жоқтау өлеңдері қайғы-мұңға толы болатыны өз алдына, онда және терең махаббат, ізгі сезім, философиялық толғаныс, жау мен жамандыққа деген кек, тіпті батырлық жігер де жатқан болады. Кейбір өлеңдер негізгі тақырыпқа орай сыншыл, ызалы, кекесінді, түйреп өткен, жамандықты масқара-мазақ еткен мағынаға ие болуы да мүмкін. Кейде естірту, көңіл айту, қайғыны басу да осы жанрға кіреді.
Мысалы:

Аққу ұшып көлге кетті,
Сұңқар ұшып шөлге кетті.
Ол адасып кеткен жоқ,
Әркім барар жерге кетті.
Арғымақтың тұяғы,
Тасты баса кетілер,
Сазды басса жетілер.
Екі арыс аман болсын,
Жетпесті қума,
Келмеске жылама.(2)

Қазақта айтылуы

  • Жаз күндері қаралы ауыл көшіп-қонғанда,
  • үй жығып жатқанда дауыс салып жоқтау айтылады.
  • Таң сәріден тұрып, жүк артып болып, көш жолға шығар алдында да жоқтау айтылған.

Мұның бәрі – қайтыс болған адамның соңғы күндері өткен, соңғы рет жүріп-тұрған жерін, қоныстанған жұртын қимай, сол атамекені мен қайтқан адамның арасындағы үзілген байланыстың қайғысын жария етуді білдіреді. Баратын жеріне жеткенше қаралы көш жоқтау айтуды жалғастырып, сол мұңды, зарлы қалыптарымен келесі қонысқа жеткенше ешқайда бұрылмай жүре беретін. Жолда кездескен ауыл қаралы көштің қонақасын көтеріп алатын болған.

Жоқтаудың тарихи үлгілері

Елдің сүйікті көсемі, батыр Алып Ер Тұңға қайтыс болғаннан кейін бүкіл халық қайысып жоқтау айтқан, сол жоқтау атадан балаға жетіп, ХІ ғасырда Махмұт Қашқари жазған «Түркі сөздерінің жинағы» деп аталатын кітапқа енген. Бұл жоқтау – Алып Ер Тұңға туралы жырдың соңғы тарауы болса керек. Осы жырдағы жоқтау салты қазақтың батырлық жырларында, ақын-жыраулардың толғау-өлеңдерінде өзіндік көркемдік жалғасын тапқан. «Ер тоңға» жырында ақын батырды жоқтай отырып, өмірдің барлық адамдар үшін өткінші екенін, ғұмырдың мәңгі еместігін, Тәңір адамды ажалмен сынайтынын, тағдыр оғы тисе, тау шыңдары да быт-шыт болатынын зор күйініш сезімімен жеткізеді. Алып Ер Тоңға қайтыс болғанда бүкіл ел қайғырғанын, ең қатыгез батырлардың өзі еңіреп жылағанын, адамдардың нұрлы жүздері сарғайып кеткенін, батырлар өз жағаларын жыртып, айғай сап жылағанын ақын эмоциялық тұрғыда әсерлеп жеткізеді. Мұнда «тау қойнауы жыртылар», «атса оны кезеп», «атын болдыртты», «қайғы тойдыртты», «жүз сарғайды», «запыран жаққандай» деген сияқты тұрақты сөз тіркестері жиі ұшырайды. Сондай-ақ жырда Алып Ер Тоңға қайтыс болғанда қайғы халықты жүдетіп, тоздырып жібергендігі айтылады. Алыстан келген бектердің аты жүдеп, өздерінің жүзі қайғыдан сарғайып кеткендігі зор шеберлікпен жеткізіледі. Ақын өмірде ешкім тағдыр оғынан қашып қүтылмайды деген ой-пікірді ортаға салады.

Алып Ер тоңа өлді ме?
Жаман дүние қалды ма?
Заман өшін алды ма?
Енді жүрек жыртылар!
Ер еді асын татырған,
Зұлым жауды қашырған.
Мойнын тұтып қайырған
Өлім басты аударып..
Заман өтер, кісі тоймас,
Адам ұлы мәңгі қалмас
Заман әбден тозды,
Осал жауыз қозғалды
Өнер біткен сиреді,
Дүние бегі Афрасиаб жоғалып(3)

Жоқтау айтылып жатқан кезде,– деп жазады этнограф, тілші-ғалым Т. Арынов: «Айтушылардың барлығы жылап, көл-көсір көз жастарын төгу шарт емес. Тек өлген азаматтың жұбайы ерекше сарынмен, терең сезіммен айтқан кезде азаматқа арналған қайғылы сөздер мен ащы өкінішті көтере алмай талып қалатын әйелдер, қыздар болады. Осы бір ауыр сурет тыңдаушыларына қатты әсер етеді, әркімді ел үшін, өз халқы үшін қызмет етуге баулитын үлкен тәрбиелік мәні бар құбылыс болған». Жоқтау өлеңдерінің көнелік сипаты жайлы сөз еткенде ең алдымен тасқа басылған алғашқы үлгілер, көне түркі жазба ескерткіштеріне айырықша тоқталған жөн. Бұл жазулар жалпы түркі тектес халықтардың мол мұрасы, бастау бұлағы екені мәлім. Мәселен, Күлтеген жазуларында форма жағынан да, мазмұн жағынан да қазақтың жоқтау жырларымен үндес тұстары кездесіп отырады. Мысалы:

Інім Күлтегін қаза болды,
Өзім қайғырдым.
Көрер көзім көрместей,
Білгір ақылым білместей болды.
Өзім қайғырдым.
Тағдырды тәңірі жасар,
Адам баласы бәрі өлгелі туған.
Қайғырғаным сонша,
Көзге ыстық жас келер,
Көңілге ауыр шер келер,
Тағы да ойландым,
Қатты қайғырдым. (4)

Бүгінде бізге жеткен өте көркем, бояуы қою, суреттері ашық жоқтау түрлерінің тағы бірі – Әбілқайыр ханның сүйікті қазысы – әділ төреліктері үшін Ақжол атанған Дайырқожа деген би екен. Осы Дайырқожа мен ханның сүйікті бір адамы Қара Қыпшақ Қобыланды батыр қас болыпты. Бір күні оңашада ол Дайырқожаны өлтіреді. Баласының өлімін көрген әкесі Қодан-Тайшын ұлының сүйегін айналып жүріп жылағанда айтқан жыры:

Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!
Сексен асып, таянғанда тоқсанға,
Тұра алмастай үзілді ме жұлыным!
Адасқанын жолға салдық бұл ноғайлы ұлының!
Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың,
Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным! (5)

Жоқтаудың көне де көркем үлгілерінің бірі ретінде Қаз дауысты Қазыбекті қызы Қамқаның жоқтауына тоқтала кетейік:
Біссмілләдан бастайын,
Шариғаттан аспайын,
Ішім толды қайғыға,
Азырақ көзім жастайын,
Алаштан озған әкекем,
Жоқтаусыз қалай тастайын?
Алатаудай әкеме Ажалдың сыны келгені,
Жылағанды не қылсын?
Көздің жасын көрмеді!
Қазақ болып зарлады,
Тілеуді құдай бермеді,
Кешегі жүрген әкекем
Жоқтаусыз тастар ма еді?!

Әбдірахман өлгенде ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы жазған мына өлеңінен де жоқтау сарынын байқауға болады:

«Арғы атасы қажы еді,
Бейіштен татқай шәрбәтты,
Жарықтықтың өнері,
Айтуға тілді тербетті.
Адалдық, ақыл жасынан,
Қозғапты, тыныштық бермепті,
Мал түгіл жанға мырза еді,
Әр қиынға сермепті.
Мұңды, шерлі, жоқ-жітік
Аңсап алдын кернепті.
Бәрінің көңілін тындырып,
Біреуін ала көрмепті.
Әділ, мырза, ел болып
Әлемге жайған өрнекті
Тәубесін еске түсіріп,
Тентекті тиып, жерлепті…» - деп, әкесінің өнегелі істерін еске ала отырып:
«…Қажыны алған бұл өлім
Сабырлық қылсақ керек-ті» деп жұбату айтады.(6)

Сондай-ақ жоқтау қаралы хабарды кеш алған сыйлы адамдар келгенде де айтылады. Жоқтаудың созылыңқырап айтылатын, ғасырлар бойы қалыптасқан әр түрлі сарыны бар. Жамбылдың “Алғадайындағы”, Кенен Әзірбаевтың “Базар–Назарындағы” әуен-ырғақтар – ежелгі халық жоқтауның үлгісімен жазылған (қ. Жоқтау әні). Жоқтау жырының тілі мейлінше бай болып келеді. Онда “ақылға дихан кемеңгер”, “мұхит дария суындай”, “ақылы терең мол еді”, “жапырағы алтын шынарым”, т.б. шешендік өрнектер көп қолданылады.

Жоқтаудың зерттелуі

Жоқтау жырларын зерттеу 19 ғасырдан басталады. Ш.Уәлиханов оған алғаш ғыл. баға беріп, бірнеше үлгісін жазып алған. Жоқтау ауыз әдебиетінің бағалы үлгісі ретінде жинап, 1926 ж. “23 жоқтау” деп аталатын кітап етіп шығарған Ахмет Байтұрсынұлы болды. 19 ғасырдың соңы 20 ғасырдың басындағы ақын-жыраулардың шығармаларында әр түрлі жоқтау үлгілері кездесіп отырады. Әсіресе, 20-ші ғасырдағы қиын кезеңдерде ақын-жазушылар қаламынан туған жоқтау жырлар, Ұлы Отан соғысынан оралмаған, ерлікпен өмірін қиған ұлдарына арнаған халық жоқтаулары жеткілікті.

Жоқтауды Ахмет Байтұрсынұлынан кейін жүйелі түрде жинап, зерттеген тілші-ғалым Т.Арынов болды. Ол қазақтың жоқтау жырларын мұқият жинастырып, “Боздағым” деген атпен кітап етіп, бастырып шығарды (1990).Жоқтау' – қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салты, тұрмыс-салт жырларының бір түрі.

Жоқтаудың қысқаша тарихы

Жоқтаудың ежелгі үлгілері шумерлердің Гильгамеш туралы жырларында да, үнді эпосы “Махабхаратада” да, Гомердің поэмасы “Илиада” да, Мысыр жырларында да кездеседі. Жоқтау үлгісіндегі жырларды ежелгі грек трагедияшылары, сондай-ақ Рим ақындары Катулл мен Вергилий де жазған. Түркі әдебиетіндегі жоқтаудың ең көне үлгілерінің бірі – “Алып Ер Тоңғаны жоқтау”. “Бөрідей ұлып жылады, Жоқтады жыртып жағасын” дейді жырда. Махмұт Қашқаридың жазуы бойынша, жоқтау – ежелгі түркі тайпаларының ерлік тұрмысынан туған жырлардың бір түрі. Алып Ер Тоңға<ref>Афрасиаб</ref> түркілердің арғы тегі сақ ұлысының аты аңызға айналған билеушісі, жауларын тізе бүктірген алып батыр. Жыр мазмұнынан батырдың бейнесі, ерлік өмірі анық байқалады. Жоқтау жырлары ежелгі түркі халықтарына ортақ басқа әдеби мұраларда да кездесіп отырады. Соның бірі – оғыз-қыпшақ дәуірінің (8 – 9 ғасырлар) ескерткіші “Қорқыт ата кітабындағы” Дирсеханның жалғыз ұлы Бұқашты анасының жоқтау жыры. Осындай жоқтаулар ауыз әдебиетіндегі “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын” сияқты қаhармандық эпостарда, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз Жібек” сияқты ғашықтық жырларда да ұшырасады. Бұл жоқтау батырдың ел-жұртынан амалсыз айырылған кезінде, жау қолына түсіп дұшпанынан қорлық көрген кезінде туыстарының қайғысымен аралас суреттеліп отырады. Жоқтаудың бізге жеткен көне үлгілері халық тарихындағы болған оқиғалармен сабақтас. Осындай оқиға Қодан тайшының атақты жоқтауымен байланысты халық жадында сақталып қалған. Қара қыпшақ Қобыланды Әбілхайыр ханның қазысы, арғынның әділдігі үшін Ақжол аталған биі Дайырқожаны өлтіреді (1456). Сонда әкесі Қодан тайшының қаза болған ұлының сүйегін айналып жүріп айтқан, “Қара қыпшақ Қобыландыда, Нең бар еді, құлыным” деп басталатын жоқтау арада сан ғасыр өтсе де халық жадында сақталып қалған. Дайырқожа өлгеннен кейін Жәнібек, Керейлермен бірге Шу бойына көшкен Қодан тайшы Қазақ хандығының шаңырақ көтеруіне өз үлесін қосқаны тарихтан белгілі. Қазақ халқының әдет-ғұрпы бойынша, жоқтауды марқұм болған адамның артында қалған әйелі, қызы, қарындасы, келіні, басқа да туыстарының әйелдері айтады. Ел ішіне кең тараған жоқтау жырлары негізінен айтар ой сарыны, ұйқасы, образды сөз кестесі жағынан бір-біріне ұқсас болып келеді. Елге қадірлі, беделді адамның қазасын лайықты жырмен жоқтау оның артындағы қалған ел-жұртына салмақты сын болған. Әдетте, жаттанды сөздермен көпке белгілі жоқтау үлгілері ондай кезде жаңаша айтылып, мазмұны жағынан толығып отырады. Ел есінде сақталған осындай жоқтау үлгілері ауызша тарап, көпшілігі кейінгі ұрпаққа жеткен. Осындай жоқтаулардың бірі – “Мамайды шешесі Қараүлек ананың жоқтауы” (1559). Қараүлек ана Мамайдың бойындағы асыл қасиеттерін терең жеткізіп, осындай адам өлген соң елдің келешегі не болады, орнын кім толтырады деп тебіренеді. жоқтаудың айтылған уақыты да, ондағы адамдардың өмір сүрген дәуірі де тарихи деректерге сәйкес. Атақты Қаз дауысты Қазыбек биді қызы Қамқаның жоқтау жыры да (1758) – аяулы азамат есімін қастерлеп, кейінгіге оның ісін жоқтау жыры арқылы жеткізе білудің жарқын үлгісі.

Түсініктемелер

  • Қазақ энциклопедиясы
  • Ісләмжанұлы К. Қазақтың отбасы фольклоры. – Алматы: Арыс, 2007.– 332 б.
  • Боздағым. Қазақтың жоқтау жырлары. – Алматы:Жазушы, 1990 – 304 б.