Мәсіх тарту

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Мәсіх тарту - дәрет алған адам егер аяғында мәсісі болса, аяқты жуудың орнына мәсісінің үстіне мәсіх тартады. Мәсіх тарту - аяқтың ұшынан жоғары қарай су қолымен сүрту. Мәсіге мәсіх тарту мәселесі бізге Пайғамбарымыздан жеткен. Хазіреті Әли (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мәсісінің үстіне мәсіх тартқанын көргенін айтады (Кәсәни 1/12). Сафуан ибн Ассал (р.а.): «Аллаһ Елшісі бізге дәрет алып, мәсі киген кезімізде егер жолаушы болсақ үш күн, тұрғын болсақ бір күн, бір түн бойы мәсіх тартуымызды және мейлі кіші, мейлі үлкен дәрет үшін оны шығарудың қажеті жоқ екенін, тек қана жүніп болған кезде шығаруымызды әмір етті». Мәсіге мәсіх тартудың парыз болған мөлшері әр аяқтың алдыңғы жағындағы мәсінің үстіне қолдың үш саусағының ені және ұзындығының өлшеміндей. Ал мәсіхті саусақтарын ашық ұстап, аяқ саусақтарынан жоғары қарай қонышына дейін тарту - сүннет. Муғира ибн Шуғбә (р.а.): «Аллаһ Елшісі мәсіге мәсіх етті. Оң қолын - оң мәсісінің үстіне, сол қолын - сол мәсісінің үстіне қойып, жоғары қарай бір рет мәсіх тартты». Сонымен қатар мәсіге су төгу, ылғал матамен сүрту және мәсінің еніне қарай яки қонышынан бастап сүртуге де болады. Бірақ бұл сүннетке теріс нәрсе. Мәсінің табанына мәсіх етілмейді.

Мәсіге мәсіх тарту шарттары:

  1. Мәсілер дәрет үшін аяқ жуылғаннан кейін киілуі керек. Сахаба Муғира: «Аллаһ Елшісімен (с.а.у.) бірге болған кезімде ол дәрет алды. Сол кезде мен оның мәсілерін шығаруға ыңғайланып едім: «Оларға тиіспе, өйткені мен оларды дәрет бар кезде кидім деді» - деп риуаят етті.
  2. Мәсілер аяқтың жуылуы парыз болған жерлерін жауып тұруы керек. Яғни, аяқты тобықтарымен бірге жауып тұруы ләзім.
  3. Аяққа киілген мәсі кем дегенде 5,5 км-ден артық жол жүруге шыдайтындай болуы керек.
  4. Мәсінің бүтін болуы шарт. Ханафи мазһабында жеңілдік қағидасына сай аз жері ғана жыртылған тесік мәсіге мәсіх тартуға болады. Бірақ тесік аяқтың кіші саусағының өлшемімен үш саусақтан артық болмауы керек. Және бір мәсідегі жыртық жерлері бірігіп, үш саусақтың көлеміндей болса, мәсіге мәсіх тартылмайды. Бірақ екі мәсінің жыртығын қосып, үш саусағын көлемінен асты деп, үкім беруге болмайды.
  5. Мәсілер өздігінен тұра алатындай және сырттағы суды дереу сіңіріп алатындай болмауы керек. Шұлыққа мәсіх тартуға болмайды. Бірақ шұлық қалың болып, онда жоғарыда айтылған ерекшеліктер болса, мәсі ретінде саналады. Ханафи мазһабы бұған рұқсат берген. Мәсіге мәсіх тарту мезгіліне келсек, тұрғынға - бір күн, бір түн, яғни 24 сағат, ал жолаушыға - үш күн, үш түн. Мәсіхтің уақыты - мәсіні дәрет алып киген соң, алғаш рет дәрет бұзылған сәттен басталады. Яғни, мәсіні киген кездейн бастап емес, дәрет бұзылғаннан басталады. Мәселен, таң ертең сағат жетіде дәрет алып, мәсіңізді кидіңіз делік. Содан сағат екіде дәретіңіз бұзылды. Міне осы сағат екіден сіздің жиырма төрт сағаттық мәсіхтік мерзіміңіздің уақыты басталады.

Мәсіхті бұзатын нәрселер:

  1. Дәретті бұзатын нәрселер мәсіхті де бұзады. Сондықтан әлі мезгілі толмаған мәсіге қайта дәрет алынғанда мәсіх тартады.
  2. Жүніптік, хайыз, босану секілді ғұсылды қажет ететін жағдайлар мәсіхті жарамсыз етеді.
  3. Мәсіх тартқан мәсінің аяқтан шығуы. Бұл кезде егер дәрет болса тек аяқтарды жуу жеткілікті. Егер бір аяқ шықса, екі аяқты да жуу қажет. Мәсінің қонышына дейін аяқтың басым көпшілігінің шығуы түгел шыққанмен тең.
  4. Аяқтың саусақ өлшемімен санағанда үш саусақ көлеміндей бір мәсінің жыртылуы.
  5. Мәсіх мезгілінің аяқталуы. Егер дәрет бар болса, тек қана аяқтар жуылады. Бірақ қатты суық секілді зәру жағдайда аяқтардың үсу қаупі болса, мәсінің уақыты әрі қарай жалғасады (Бухари, Уду /49).

Орауыш, таңғыш сыртынан мәсіх тарту:

Денеде бір мүше сынып немесе жараланып жуу зиян беретін болса, сол жараға оралған матаға дәрет пен ғұсыл алған кезде жәй ғана бір рет мәсіх тартылады. Егер бұл да зиян беретін болса, мәсіх тартылмайды. Бұл тұрғыда Хазіреті Әли: «Білегім сынған еді. Аллаһ Елшісінен (с.а.у.) сұрағанымда таңғыштың үстіне мәсіх тартуымды айтты», - дейді. Басынан жараланған бір адамның ғұсыл алып соңынан өліп кеткенін естіген Аллаһ Елшісі (с.а.у.): «Тәйәммүм етіп, жарасын орағышпен байлағаннан кейін сол жерге мәсіх тартып, денесінің қалған жерлерін жууы оған жетер еді», - деген.

Ислам діні - адамға ауырлық жүктемейді. Сол себепті зәрулік - харамды халал етеді. Жараға су тисе, асқынып кететіндіктен, тек мәсіх тарту жеткілікті. Таңғыштың басым көпшілігіне бір рет мәсіх етіледі. Оның барлығына мәсіх тартып, тіпті қайта-қайта тартып жатудың қажеті жоқ. Сол сияқты бір орауышқа мәсіх тартылғаннан кейін, үстіне басқа бір мата таңылса да қайта тартудың қажеті жоқ. Жара жазылмай тұрып орауыш айтылса, мұндай жағдайда да мәсіх тарту ісі бұзылмайды. Жара жазылғанда мәсіх жарамсыз. Орауышқа мәсіх тарту, дәрет алған адамның дәреті бұзылғанда мәсіх те бұзылады.<ref>Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}Үлгі:Islam-stub