Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Инфобокс қажет Тіл білімі институтыҚазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу мекемесі.


Қазақ тілі мен түркітанудың іргелі де қолданбалы мәселелерін зерттеумен айналысады. Институтта қазақ тілінің құрылымы мен тарихы, диалектологиясы, ономастика мен терминологиясы, қоғамдық қызметі, туыстас және өзге де тілдермен байланысы, мәдени өмірдегі орны, т.б. мәселелер көне түркі, ортағасырлық, кейінгі ортағасырлық жазба ескерткіштер негізінде зерттеліп, тіл білімінің жетістіктері мен нәтижелері жұртшылыққа насихатталып отырады. Сондай-ақ институт осы аталған мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар жоғары білікті мамандар (ғылым кандидаттары мен докторларын) даярлайды. 1932 ж. КСРО ҒА-ның Қазақстан базасы жасақталып, 1936 ж. оның құрамына Ұлт мәдениеті институты (1934 ж. құрылған, алғашқы директоры С.Аманжолов) енді. Осы аталған институттың тіл, әдебиет, халық шығармашылығы және тарих секторлары аталмыш база негізінде 1938 ж. шаңырақ көтерген КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі Тіл, әдебиет және тарих институтының (алғашқы директоры Н.Сауранбаев) құрылуына (1941) негіз болды. 1945 ж. осы институттан Тарих, археология және этнография институты мен Тіл және әдебиет институты бөлініп шықты. 1961 жылы ғалымдар Сәтбаев пен Әуезовтың бастамасымен Тіл және әдебиет институтының негізінде Әдебиет және өнер институты мен Тіл білімі институты (директоры академик І.Кеңесбаев) қайта құрылды.

1961 жылы Тіл және әдебиет институты негізінде құрылған Тіл білімі институтына 1990 жылы 26 ақпанда Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді. Қазіргі кезде институт құрамында грамматика, лексикология, фонетика, тіл мәдениеті, қолданбалы лингвистика бөлімдері және тілдер кафедрасы бар. Сондай-ақ ономастика, терминология, әдеби тіл тарихы, этнолингвистика топтары жұмыс істейді.

Мазмұны

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Тәуелсіздік алғанға дейін ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек еткен қазақ зиялыларының ғылыми ізденістерін танып, құнды мұрасын кеңінен әрі ашық түрде насихаттауға әрдайым жол беріле бермегендіктен, олардың толық игерілмей келгені мәлім. Сондықтан кеңестік кезеңдегі зерттеулерде тіліміздің фонетикалық жүйесін, лексикологиялық қорын, грамматикалық құрылымын, ономастикалық, терминологиялық т.б. арналарын, қазақ тілінің дамуының тарихи кезеңдері мен көздерін, оның ішінде түркологияның мәселелерін, қазақ тілінің жазуын (графикасы), орфографиясын, терминологиясын, қазақ тілін оқытудың әдістемесін зерттеген, қазақтың академиялық тіл білімін қалыптастырушы ғалымдарымыздың еңбектері бүгінгі таңдағы қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерін шешудің бастау көзі ретінде анықталды. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, А.Ысқақов т.б. ғалымдардың еңбектеріндегі келелі тұжырымдар мен теориялық ізденістер, жаңа әдіснамалар қазақ тіл білімінің дербес ғылым саласы ретінде қалыптасып, өзіндік мектептерінің дамуына жол ашты.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі Тіл білімінің дамуы ерекше қарқын мен жаңа сипат алды. Бұл ең алдымен қазақ тілінің Қазақстан Республикасы мемлекетқұрушы ұлтының тілі ретінде мемлекеттік мәртебе алуымен – саяси фактормен, осы мәртебесінің қоғамдық өмірдің барлық салаларында заңды түрде бекітілуімен – құқықтық фактормен, қазақ тілінің қолданыс аясынан, кеңеюімен қатар қолдану мәдениеті сапасының артуымен – әлеуметтік лингвистикалық фактормен, қазақ тілінде сөйлейтін тілдік тұлғалар саны мен сапасының артуымен – демографиялық фактормен, қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің көркеюі, тарихи санасының жаңғыруымен – тарихи фактормен, сол сияқты басқа да қазақ тілді қоғам үшін тың факторлармен байланысты болды. Осы факторлар негізінде қазақ тілінің дамуында тың әрі қарқынды даму үрдістер орын алды. Қазіргі тіл білімінде қоғамдық санадағы, қоғамдық болмыстағы осы өзгерістердің тілдегі рефлексиясына талдау жасау, тілдің даму болашағын айқындау, тілдегі кейбір үдерістердің бағытын тілдік жүйенің іргелі, қоғам сұранысына тиімді жауап беретіндей болуы үшін дұрыс арнаға бұру мақсатында дәстүрлі ғана емес бейдәстүрлі – антропоцентристік бағыттағы әлемдік тіл ғылымы салалары бойынша да күрделі зерттеулер жүзеге асырылды.

Институт – қазақ тілінің дыбыстық және лексикалық қорын жинақтау, жүйелеу, нормалау негізінде қазақ тілі және тіл ғылымы бойынша құнды зияткерлік (интеллектуалдық) мүліктің сақтаушысы жинақтап, байытушысы болып табылатын бірден бір мекеме. Мұнда көлемі 5 миллионнан астам картотекадан тұратын Ұлттық тілдің сөздік қоры бар. Осы күнге дейінгі шыққан сөздіктердің сөзтізбесіне негіз болған, үнемі толығып отырған бұл сөздік қор еліміздің мемлекеттілігінің бірден бір нышаны ретіндегі мемлекеттік тілдің лексика-фразеологиялық байлығын, сөзтізбелік құрамын айқындайтын құнды мұра болып табылады. Сонымен бірге Институт жанынан қорғалған кандидаттық және докторлық жұмыстардың қоры және үнемі толығып отыратын 6 мыңнан аса лингвистикалық әдебиет жинақталған арнайы кітапханасының қоры жоғарыда айтқан ұлттық сөздік қормен бірге Институттың құнды зияткерлік қорын құрайды.

Институттың негізгі мақсаттары

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – өзіндік зерттеу жүргізу дәстүрімен, сабақтастығымен, жалғастығымен ерекшеленетін, ғылыми мектептері мен бағыттары бар, мамандар арқылы қалыптасқан зияткерлік әлеуеті күшті, қазақ тіл білімі мен түркітанудың өзекті ғылыми мәселелерін заманауи деңгейде шешуді қамтамасыз ете алатын ғылыми-зерттеу мекеме.

Сөзжұмсамдық зерттеулер бөлімі

Тіл мәдениеті бөлімі

Тіл мәдениеті бөлімінің тарихы

Тіл мәдениеті бөлімі 1971 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Балақайұлы Балақаевтың бастамасымен құрылды. Бөлімнің ашылуына баспа өнімдерінің тілдік сапасына, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетіне қойылатын талаптарға деген қоғамдық сұраныстың күшеюі де түрткі болды. Бөлімде алғашқы жылдары ғылым докторлары М.Балақаев, С.Талжанов, ғылым кандидаттары И.Ұйықбаев, Ө.Айтбаев, З.Бейсенбаева, Қ.Неталиева, Н.Уәли, Ж.Манкеева, А.Алдашева қызмет етті.

1971-1980жж. аралығында бөлімді басқарған профессор М.Балақаевтың негіздеуімен қазақ тіл білімінде алғаш рет тілдік норма деген ғылыми термин, қалың жұртшылық үшін норма/норма емес деген жаңа талғау-түсінік қалыптасты. Тіл мәдениеті бұған дейін «әдемі сөйлеу», «этикетті сақтау» деген сияқты қарапайым түсініктерді қамтыса, ендігі жерде тілдік норма ұғымымен байланыста ғана түсіндірілді. Тілдік норманы сақтау қоғамда үлкен резонансқа ие болды, норма құрылымдық жағынан зерттеле бастады. Сөзді функционалды жағынан дұрыс қолдану, орфоэпиялық норма, көркем шығармалар тілінің стилі мен сөз мәдениеті, сөз мәдениетіндегі жөнсіз ауытқулар іргелі зерттеу тақырыптарына айналды. Көркем шығармалар тіліндегі нормадан жөнді/жөнсіз ауытқу түрлеріне алғаш назар аударылды. «Сөз өнері» (1976), «Өрелі өнер» (1978) ғылыми жинақтары жұртшылықтың назарына ұсынылды. Нормативтік сөздіктерді шығару қолға алынды. Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің тілдік тәжірибеге емес, ғылыми зерттеулерге сүйенген, академиялық сипаттағы 2-басылымы жарық көрді (1978ж.). Көпшіліктің тіл мәдениетін жетілдіруге арналған құралдар шығаруға айрықша көңіл бөлінді: мектеп оқушыларына арналған емле сөздігі (1972ж.), орфоэпиялық сөздік (1977ж.) жарыққа шықты. 1972ж. «Тіл мәдениеті және баспасөз» атты ғылыми конференция ұйымдастырып, қоғамда үлкен резонанс тудырды, бөлім қызметкерлерінің бірнеше зерттеу материалдары жарық көрді. М.Балақаевтың бастамасы және зерттеулері негізінде әдеби тілдің стильдік жүйесі дербес курс ретінде жоғары мектептерде оқытыла басталды. 50 жыл бойы ЖОО-да негізгі оқулық ретінде пайдаланылып келген «Қазақ тілінің стилистикасы» (М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев Алматы, 1966, 1974) кітабы жарыққа шықты.

1980-1994жж. бөлімді филология ғылымдарының докторы, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері профессор Р.Сыздық басқарды. Бөлім «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» (1981-1984жж.), «Қазақ көркем әдебиет тілінің мәдениеті» (1985-1989жж.), «Қазақ поэтикалық тілінің сөз мәдениеті» (1990-1993жж.) тақырыптарымен іргелі зерттеулер жүргізді. Олардың негізінде «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» (1983ж.), «Сөз мәдениеті» (1984), «Көркем текске лингвистикалық талдау» (1989ж.), «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988ж.), «Сөз сазы» (Р.Сыздықова, 1983ж.) кітаптары жарияланды. Соңғы зерттеуде сөз мәдениетінің іргелі мәселелерінің бірі ретінде орфоэпиялық нормалар айқындалып, әдеби тілдегі жеке сөздердің, біріккен сөздердің, ритмикалық топтардың дыбысталу нормалары көрсетіліп, орфоэпиялық ережелері түзілді. Сөйтіп, кодификациялау жұмыстары іске асырылды. Сөз мәдениеті функционалдық аспектіде қарастырыла бастады.

Бұл жылдары бөлім меңгерушісі Р.Сыздықтың бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен Тіл мәдениеті бөлімі қызметкерлері теле, радио, баспа («Жазушы», «Жалын», «Қайнар» баспалары) қызметкерлері, М.Әуезов атындағы драмалық театр актерлеріне, Қазақ мемлекеттік университеті, Қазақ қыздар педагогтік институты, Ауылшаруашылық институты, Педагогикалық институты, Театр және өнер институты, Семей, Ақтөбе, Қарағанды педагогикалық институттары, бастауыш мектеп, қазақ тілін тереңдетіп оқытатын мектеп (№2, №12 мектептер) мұғалімдеріне сөз мәдениеті, көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, сахна тілі, әдеби тілдің орфоэпиялық нормасы, жастар тілінің мәдениеті, жазу нормасы, стилистика туралы іргелі тұжырымдарды таныту үшін семинар, баяндама, дөңгелек үстелдер, эфир арқылы берілетін арнаулы хабарлар («Сөзстанға саяхат»), тіл үйірмелері үзбей ұйымдастырылып тұрды. Институт көлемінде жүргізіліп отырған «Лингвистикалық жұма» теориялық семинарының ұйымдастырылу шараларына Бөлім меңгерушісі басшылық етіп отырды. Бөлім қызметкерлері Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне түзетулер мен толықтырулардың жасалып, бекітілуіне (1983ж.), осы ережедегі нормалардың қалыптануына, жұртшылықтың жеңіл қабылдауына түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізді. Осы жылдардан бастап Қазақ тілі орфографиялық сөздігі корпусын толықтыру, емле ережелеріне енгізілген түзетулер негізінде құрастыру, сөзтізбеге алынған бірліктерді, іріктеу, жүйелеу жұмыстары үзбей атқарылып, 1988ж. Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің 4-басылымы жарыққа шықты. Осы орфограммаларды түсіндіру мақсатында 1989ж. Қазақ тілі орфографиялық анықтағышы түзетіліп, қайыра жарияланды. «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988) атты ұжымдық монография жарық көрді. Іргелі зерттеулермен қатар бөлім үнемі қазақ тілінде пайда бола бастаған жаңа сөздер мен қолданыстарды тіркеп, жүйелеумен айналысты. Соның нәтижесінде 1985ж. және 1990ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа қолданыстар» жинағы жарыққа шықты. 1988ж. ақталған А.Байтұрсынұлы еңбектерін қазіргі графикаға түсіріп, 1992ж. «Тіл тағылымы» кітабының жариялануына бөлім қызметкерлері үлкен үлес қосты. Жаңадан шығып жатқан қазақ тіліндегі көркем әдебиеттердің тілі мен стилін зерттеу нысаны ретінде үнемі назарында ұстап отырды.

1994-2008жж. аралығында бөлімді филология ғылымдарының докторы, профессор Уәли Мақажанұлы Нұргелді басқарды. Бұл жылдары «Қазіргі қазақ тіліндегі функционалдық стильдердің қалыптасуы мен дамуы» (1994-1996жж.), «Тіл мәдениетінің ғылыми негіздері» (1997-1999жж.), «Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі мен стилі» (2000-2002жж.), «Қазақ тілінің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі жаңа қолданыстар» (2003-2005жж.), «Қазақ жазуының қалыптасу кезеңдері, даму жолдары мен бағыттары» (2006-2008жж.) атты іргелі зерттеулер жүргізілді. Мұнда сөз мәдениеті функционалды тұрғыдан, сөз мәтінмен байланыста қарала бастады. Сөз мәдениеті мен тіл мәдениеті ұғымдарының аражігі ажыратыла сөз етілді. Сөз мәдениеті тіл мәдениетінің бір құрамдас бөлігі ретінде тілді қолдануды, жеке тұлғалардың сөз саптау мәдениетін нысан етті. Сондықтан Тіл мәдениеті бөлімі тілдік норманы, орфографиялық, орфоэпиялық норманы айқындайтын сөздік, анықтағыштар шығару, жұртшылықтың лингвистикалық біліктілігін көтеретін мақала, кітап шығаруды мақсат тұтты. Алдымен Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне түзетулер енгізді (2000ж.); Қазақ тілі орфоэпиясының негізгі ережелері түзілді. Осы негізде Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің үш (2001, 2005, 2007ж.), «Қазақ тілі анықтағышының» екі (1996, 2000ж.), «Сөз сазының» екі (1995, 2000ж.) басылымы, Қазақ тілі орфоэпиялық сөздігі (2005ж.), Орфоэпиялық анықтағыш (2004ж.) жарық көрді. Сөз мәдениеті негіздері мектеп бағдарламаларына енгізіліп, пән ретінде оқытыла басталды: қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-сыныпқа арналған «Сөз мәдениеті» оқулығы, әдістемелік құралдар (2006ж.), «Емлесі қиын сөздер» сөздігі пайдаланылуға енгізілді. Р.Сыздықтың зерттеулерінде көркем мәтіндегі тілдік таңбалар эстетикалық мәнділік ретінде, эстетизм, функционализм тұрғысынан қарастырылды.

Бөлім меңгерушісі Н.Уәли зерттеулерінің негізінде оған дейін мәселе ретінде қойылмаған жазба тіл мен ауызша тілдің аражігі ажыратылды; әрқайсысының өзіндік нормалары, құрылымдық ерекшеліктері қарастырыла бастады; сөз мәдениетінің коммуникативтік, этикалық және эстетикалық нормасы сараланды; сөз мәдениеті тілдік мәнділіктермен ғана шектелмейтіні, тілдік емес мәнділіктермен де байланысатыны, автор - оқырман, сөйлеуші - тыңдарман арақатынасы субъект-объект түрінен субъект-субъект түріне, екі тараптың да тең үстемдігіне құрылатыны туралы жаңа тұжырымдар айқындалды. Бұл зерттеулер Н.Уәлидің «Сөз мәдениетінің теориялық негіздері» (2007ж.), Қ.Күдеринованың «Қазақ жазуының онтогенездік дамуы» (2006ж.), Н.Әміржанованың «1929-1940жж. латын әліпбиі негізіндегі қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері» атты докторлық және кандидаттық жұмыстарында қорғалды, «Тілтанымдық зерттеулер» (2009ж.) жинағында жарық көрді. Бөлім қызметкерлері сондай-ақ «Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстанның және басқа да елдердің тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, латын әліпбиіне көшу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу» атты тәуекел зерттеу бағдарламасы бойынша зерттеу жүргізді (2007ж). Тақырып жетекшісі болған Н.Уәли қазақ жазуының жаңа латын графикасына көшу барысында атқарылатын жұмыстар мен қарастырылуы тиіс міндеттер туралы бастама пікірлер ұсынып, соны идеялар көтерді. Зерттеу нәтижесі «Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы» (2007ж.) атты жинақта жарық көрді. 2008 жылдан қазірге дейін бөлімді филология ғылымдарының докторы Күдеринова Құралай Бимолдақызы басқарады. Бөлімде филология ғылымдарының докторлары Р.Сыздық, Н.Уәли, Қ.Күдеринова және филология ғылымдарының кандидаты Н.Әміржанова қызмет етеді. «Ауызша коммуникация тілінің мәдениеті» (2009-2011жж.) тақырыбы зерттелу үстінде. Онда ауызша тілдің өзіне тән құрылымдық және нормалық ерекшеліктері таспаға түсірілген қазіргі қазақ сөйлеу тілі, қарапайым сөйлеу тілі, ауызша әдеби тіл материалдарының транскрипциясы негізінде талданып, айқындалып келеді. Ауызша сөздің ресми және бейресми түрлері талданып, айырмашылықтары, сөйлеу тіл нормаларының тілдік емес нормалармен байланысы, этикалық нормалар, эстетикалық нормалардың вербалды, бейвербалды коммуникациядағы ерекшеліктері зерттелуде. Қазіргі қазақ кодификацияланған ауызша тілі орфоэпиясындағы үдерістер, дыбыс вариацияларының түрлері, жаңа дыбыстық вариациялардың шығу негізі, синтаксистік ықшамдалулар, кодификацияланған ауызша тілдің жазба тілмен сәйкестігі, сәйкес емес тұстары нақты материалдар негізінде дәлелдеу мақсат етіліп отыр. Зерттеуде қазақтың ауызша шешендік сөздерінің әр кезеңдегі субъектілері және тақырып мазмұны мен мақсаттарына қарай ажыратылып, жеке айтыс үлгілерінің тілдік-көркемдік жағы талданды.

Болашақтағы зерттеу бағыттары

Бөлімінің айналысатын негізгі тақырыптары

ОНЫҢ ІШІНДЕ:

Бөлім қызметкерлері туралы ақпарат

Меңгерушісі – Исаева Жанат Аманжолқызы, филология ғылымдарының кандидаты

Исаева Жанат Аманжолқызы 1973 жылы 23 ақпанда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет аулында дүниеге келген. 1994 ж. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіріп, 1995-1996 жж. аталған елді мекендегі №29 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. 1996-2000 жж. ҚР БҒМ ҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты аспирантурасының күндізгі бөлімінде оқып, 2000 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі сегментті бірліктердің фоностилистикасы (сөз құрамындағы өзгерістер бойынша)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2000-2002 жж. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқу бөлімінің бас әдіскері, Бастауыш оқытудың педагогикасы және әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды. 2002-2006 жж. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында аға оқытушысы, 2006-2011 жж. Абай атындағы ҚазҰПУ Қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасында доцент м.а., Филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Тәрбие істері жөніндегі бөлім бастығы, Тәрбие жұмысы және жастар саясаты басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. ҚР БҒМ Ұлттық аккредитациялық орталықтың нострафикация бойынша эксперттік комиссиясының мүшесі, университеттің Ғылыми Кеңесінің мүшесі болды. Абай атындағы ҚазҰПУ ректорының Құрмет грамотасымен, Қыздар мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының Алғыс хатымен, Медеу ауданы әкімдігінің Алғыс хатымен марапатталған.

25 ғылыми мақала, 7 энциклопедиялық мақала, 1 жоғары оқу орнының филология факультетіне арналған оқулық (авторлық бірлестікте), 1 әдістемелік құрал, 1 балаларға арналған энциклопедиялық-танымдық әдебиет авторы. Олар тіл мәдениеті, стилистика, ауызша сөйлеу мәдениеті салаларына, тіл мәдениеті пәнін орта мектепте және ЖОО оқыту мәселелеріне арналған. «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігін” құрастырушылардың бірі. Аталған сөздік жұмысына қатысқаны үшін ҚР БҒМ тарапынан жас ғалымдарға тағайындалған мемлекеттік стипендияның иегері атанды (2001 ж.).

Ғылыми зерттеу саласы: функционалды стилистика, тілдік бірліктердің фоностилистиксы, мәтін лингвистиксы, проза мәтіні поэтикасының мәселелері және т.б.


Күдеринова Құралай Бимолдақызы, филология ғылымдарының докторы, доцент

Күдеринова Құралай Бимолдақызы 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен бітіріп, 1992-1995жж. Ақтөбе облысы, Айшуақ орта мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 1995 жылдың қыркүйек айынан бүгінге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімінде қызмет істейді, 2008 жылдан бөлім меңгерушісі. 2000ж. «Бірге, бөлек жазылатын сөздердің орфограммасы және оларды кодификациялаудың негіздері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2002-2005жж. аралығында осы институттың күндізгі докторантура бөлімінде оқып, 2006ж. «Қазақ жазуының онтогенездік дамуы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 2007ж. бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы 10.02.06 – түркі тілдер және 10.02.02 – қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңесінің мүшесі.

2000-2002жж. «Жас талант» стипендиясының жүлдегері болды. Мектеп оқушыларына арналған «Емлесі қиын сөздер сөздігінің» (2000ж.), «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» (2001ж., 2005ж., 2007ж.), «Қазақ тілі орфоэпиялық сөздігінің» 2005ж. басылымдарының құрастырушысы және жауапты шығарушысы. 2006 жылдан бері жарық көріп келе жатқан 15-томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» авторы және он екі томының шығарушы редакторы болып жұмыс істейді. 2008ж. «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 3 монография, 70-тен аса ғылыми және ғылыми-көпшілік мақала авторы. Олар жазу, жазба тіл, жазу теориясы, орфография және орфоэпия, тіл мәдениеті, стилистика, ауызша сөйлеу мәдениеті салаларына арналады. «Тілдік норма және оның қалыптануы» (Р.Сыздықтың кітабына қосымша ретінде, 2001ж.), Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы (авторлармен бірге, 2004ж.), «Бірге және бөлек жазылатын сөздердің орфографиясы» (Алматы, 2005ж.) және өңделіп екі рет басылған «Қазақ жазуының теориялық негіздері» (Алматы, 2006ж. 2010ж.) атты ғылыми монографиялары бар. Тұрмыс құрған, үш баланың анасы.

Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық – филология ғылымдарының докторы, профессор

Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері. 1924 ж. 17 тамызда Ақтөбе облысы, Ойыл қалашығында қызметкер отбасында туған. Әкесі Сәтіғали Құтқожин (1888-1937) 1920-1928 жылдары Ойыл аудандық байланыс бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 1928-1937 жылдары Ақтөбе қаласында, Табын (қазіргі Байғанин), Арал, Темір аудандарындағы байланыс бөлімдерін басқарған. 1937 жылы «халық жауы» деген атпен ұсталып, осы жылдың соңында Ақтөбе қаласында атылған. Р.Сыздық 1938-1940жж. Темір қаласындағы педучилищеде білім алып, 1940-1945жж. Алға поселкесі мен Темір қаласында мектеп мұғалімі, педучилище оқытушысы болып қызмет еткен. 1944 ж. жедел түрде екі жылдық Ақтөбе Оқытушылар институтын, 1945ж. Абай атындағы Алматы педагогикалық институтына түсіп, 1947ж. үздік бағамен (қызыл дипломмен) бітірген, 1947-1951жж. осы институттың аспирантурасында оқыған. 1951-1957жж. Қазақ мемлекеттік оқу-педагогика баспасында (қазіргі «Рауан») редактор, кейін редакция меңгерушісі, 1957 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында (қазірде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы) ғылыми қызметкер, Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, ал 1980-1994 жылдары бөлім меңгерушісі, 1994 жылдан бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. «Абай қара сөздерінің морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық (1959ж.), «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация (1971ж.) қорғады. Осы салада үш монография жариялады: «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971), «Абайдың сөз өрнегі» (1994). ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996).

Р.Сыздықтың диссертациялық зерттеу еңбектерінен өзге бағытта айналысқан тақырыптары: қазақ әдеби тілінің бес ғасырлық (ХV – ХІХ) даму тарихы,

  • қазақ тіліне қатысы бар ортағасырлық жазба ескерткіштер тілі,
  • тарихи лексикология, (
  • лингвистикалық стилистика,
  • тіл мәдениеті және орфография;
  • орфоэпия;

Бұл салалар бойынша «XV—XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы» (1968, 1984, 1993, 2000 жылдары жарық көрген), «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994), «Язык Жами'ат-тауарих Жалаири» (1989), «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы» (1991), «Сөз құдіреті» (1997), «Емле мен тыныс белгілері» (алғашқы басылымдардағы атауы «Қазақ тілінің орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш») (1959, 1947, 1996, 2000), «Сөз сазы» (1983, 1995, 2000), «Тілдік норма және оның қалыптануы» (2001), «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» (2009ж.) т.б. 27 кітап, 250-ден астам мақалалардың авторы.

Рәбиға Сыздық қазақ тіл білімі үшін «Лингвистикалық стилистика» деп аталатын жаңа саланың негізін салушы деп есептеледі. Мұны ғалымның «Абайдың сөз өрнегі», «Сөз құдіреті» атты монографиялары мен шәкірттері қорғаған диссертациялық жұмыстары дәлелдейді. Р.Сыздықованың бірнеше басылым көрген еңбектері республикамыздың жоғарғы оқу орындарының филология факультеттері студенттері үшін оқулық құралы ретінде пайдаланып келеді. Ғалымның жетекшілігімен 4 докторлық және 19 кандидаттық диссертация қорғалды. «Еңбегі сіңген ғылым қайраткері» атағымен, «Құрмет Белгісі» орденінімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен марапатталған, Мемлекеттік сыйлықтың, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері.

Нұргелді Уәли Мақажанұлы – Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор.

1945 жылы туған. 1968 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының күндізгі аспирантура бөлімінде оқыды (1968-1971жж.). 1973 жылдан бері осы Институтта ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі (1995-2008), Институт директорының орынбасары (1995-2009) қызметін атқарды, қазір Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері.

Н.Уәлидің ғылыми еңбектері қазақ тілі мәдениетінің, әдеби тіл нормаларын кодификациялаудың теориялық әрі практикалық проблемаларына және қазақ фразеологиясының өзекті мәселелеріне арналған. Олардың негізгілері: «Сөз мәдениеті» (1984); «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988); «Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері» (канд. дисс., (1993); «Қазақтың бата-тілектері» (1993; 2007), «Фразеология және тілдік норма» (1997); «Емлесі қиын сөздер» (2001, бірлескен авторлар); «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (1988, 2001, 2005, бірлескен авторлар); «Бұқаралық коммуникация және сөз мәдениеті» //Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы (2004, бірлескен авторлар), Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері (докт. дисс., 2007). Уәли Н. жоғары мектепке арналған «Тіл мәдениеті» (2005, бірлескен авторлар) оқу құралының; жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-сыныбына арналған «Қазақ тілі. Сөз мәдениеті» (Алматы, 2006, 2010) атты оқулықтың, әдістемелік құралдардың; 12 жылдық мектептің 6-сыныбына арналған «Қазақ тілі» байқау оқулығы (2009); «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі. Фонетикалық курс (2009) авторларының бірі. 200-ден астам ғылыми және ғылыми көпшілік мақаласы бар. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2006 жылдан бастап жарық көре бастаған «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» нұсқаулығын жасап, жалпы редакциясын басқарып келеді. Бүгінде I-ХІІІ томы жарыққа шығып отырған сөздіктің сапасын көтеруде, сөз байлығын қамтуда ғалымның қосқан үлесі ерекше. Бұрын онтомдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» әртүрлі себептермен енбей қалған көне, сирек сөздер, тұрақты сөз тіркестері, жаңа қолданыстар қоры негізінен Н.Уәлидің ұзақ жылдар бойы жинаған жеке картотека қорынан алынды. «Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстанның және басқа да елдердің тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, латын әліпбиіне көшу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу» атты тәуекел зерттеу бағдарламасының белсенді орындаушысы және тақырып жетекшісі (2007 ж) болған Н.Уәли қазақ жазуының жаңа латын графикасына көшу барысында атқарылатын жұмыстар мен қарастырылуы тиіс міндеттер туралы бастама пікірлер ұсынып, соны идеялар көтерді. «Мультимәдени қоғамдағы тілдік сәйкесімділік (лат.identikus): мемлекеттік тілді лингвомәдени-семиотикалық жүйелер негізінде меңгертудің лингвистикалық аспектісі» тақырыбының орындаушысы ретінде 2007, 2008 жж. зерттеулер нәтижесін ғылыми жинақтар мен журналдарда жариялады. Н. Уәли өз зерттеулерінде қазақ сөз мәдениетін нормативтік, коммуникативтік, прагматикалық және когнитивтік, лингвомәдени, лингвоэкологиялық тұрғыдан қарастырып, оның теориялық пән ретіндегі концептуалдық негіздерін айқындады. Сондай-ақ сөздің коммуникативтік сапаларын объективті түрде бағалаудың және тілдік нормаларды кодификациялаудың ғылыми негіздерін ұсынды. Қазіргі кезде ол когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттаным салалары бойынша ғылыми мақалалар топтамасын жариялай бастады. Зерттеудің материалдары мен теориялық пайымдауларын жоғары мектеп үшін жазылатын сөз мәдениеті жөнінде оқулықтар мен оқу құралдарын, бағдарламаларын жасауда, сондай-ақ зерттеу жұмысында айтылған тұжырымдары мен ұсыныстары нормативті сөздіктерде кодификациялау тәжірибесінде қолданылып жүр. Ғалым ғылыми ұйымдастыру жұмысына белсене араласып келеді. Әсіресе Н.Уәлидің «Тілтаным» ғылыми лингвистикалық басылымының негізін салғанын және ұйымдастырушы-шығарушысы болғанын ерекше атап айтуға болады. Қазіргі кезге дейін аталмыш басылымның 40 басылымы жарық көрді. Институтта орындалған іргелі зерттеулердің негізгі нәтижелері мен қорытындысын жинақтап көрсететін «Тілтанымдық зерттеулер» (2000-2002 жж.; 2003-2005 жж.) атты сериялық басылымның ұйытқысы және ұйымдастырушысы болды.

Ғалымның жетекшілігімен 13 кандидаттық, 1 докторлық диссертация қорғалды.

Н.Уәли қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты: ҚР Министрлер кабинетінің жанындағы Мемтерминком (1995-1998); «Мемлекеттік ономастика комиссиясының (2005-тен қазірге дейін) мүшесі; «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының (1991 жылдан қазірге дейін), ҚР ҰҒА-ның Хабаршысы журналының (1996-2009) алқа мүшесі болды. Қыздар педагогтік институтында А.Байтұрсынұлы атындағы зертханалық кабинеттің ашылуына атсалысты. Қазақ тіл білімін дамытуға, жоғары білікті тілші-мамандар даярлау, білім беру ісіне сіңірген еңбегі үшін Уәли Н. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» (1996); «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталды (2006), сондай-ақ Халықаралық ИNТАS қоры стипендиясының (1998-1999), «Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның» (2008-2010) иегері болды.

Әміржанова Назира Серікқызы - Тіл мәдениеті бөлімінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты.

1981 жылы 11 ақпанда қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданы, Көлбай аулында дүниеге келген. 2002 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің Қазақ филологиясы факультетін бітіріп, 2004 жылдан А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып істейді. 2010 жылы «Латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуының графикасы мен орфографиясы (1929-40жж.)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 20-дан аса ғылыми және ғылыми-көпшілік мақала авторы. Олар жазу, жазу теориясы, орфография, тіл мәдениеті салаларына арналады.

Ономастика бөлімі

Ономастика бөлімінің басты бағыттары

  1. Қазақ ономастикасының іргелі теориялық және қолданбалы мәселелерін зерттеу.
  2. Республикадағы ономастикалық жұмыстарды реттестіруге бағытталған іс-шаралар әзірлемелерін жасау (ономастикалық тұжырымдама, жер-су аттары мен кісі аттарының жазылуға қатысты емле-ережелерін және т.б. нормативтік-заңнамалық құжаттар жобасын әзірлеу).
  3. Мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдар мен мекемелердің ономастикалық проблемаларға қатысты талап-тілектеріне және жеке азаматтардың аты-жөндерін құжаттауға қатысты өтініш талаптарына қатысты лингвистикалық құжаттар, анықтамалар әзірлеу.

Негізгі зерттеу нысандары

  • қазақ ономастикасының ғылыми-теориялық негіздері;
  • қазақ антропонимиясы;
  • қазақ топонимиясы;
  • қазақ этнонимдік жүйесі;
  • қазақ ономастикасының түрлі секторлары (космонимдер, зоонимдер, прагматонимдер, урбанонимдер және т.б.);
  • мәтін ономастикасы;
  • ономатография мәселелері (салалық ономастикалық сөздіктер, энциклопедиялар, анықтағыштар жасау)
  • қазақ онимдерінің стандарттау, унификациялау мәселелері.

Ономастика бөлімінің тарихы

1971 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының жарлығымен Тіл білімі институтында ономастика бөлімі ашылып, филология ғылымдарының кандидаты А.Әбдірахманов бөлім меңгерушісі болып бекітілді. Бөлімде ғылым кандидаты Е.Қойшыбаев пен екі ғылыми қызметкер жұмыс істеді. Бұл кезде «Қазақ тілінің тұсіндірме сөздігі» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Т.Жанұзақов 1976 жылы «Основные проблемы ономастики казахского языка» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Алғашқы топонимист ғалымдар Е.Қойшыбаевтың «Краткий толковый словарь топонимов Казахстана» (1974), О.Сұлтаньяевтің «Понятные непонятности» атты оқу құралы (1973), А.Әбдірахмановтың «Топонимика және этимология» (1975), «Қазақстан этнотопонимикасы» (1979) атты кітаптары да ұлттық ономастиканың болашағы мен дамуына тілдік, тарихи-деректік тұрғыдан қосқан үлес деп есептеледі. Ал қазақ ономастикасының ұлттық лингвистика ғылымында дербес сала ретінде түпкілікті орнығуына Т.Жанұзақовтың 1976 жылы қазақ антропонимия, этнонимия, космонимия, зоонимия салаларын жан-жақты тілдік тұрғыдан, әсіресе этнографиялық деректерге молынан иек арта отырып зерттеген «Основные проблемы ономастики казахского языка» атты докторлық диссертациясы ұлттық ономастикадағы кезеңдік жұмыс ретінде бағаланатын айтарлықтай үлес болды. Қазақ ономастикасының осы кезеңдегі ұлкен жетістігі - ол қолданбалы ономастика, топонимиканы стандарттау, транскрипциялау мәселесі біршама ғылыми шешімін тапқандығы.

Қазақ ономастикасын ұлттық тіл білімінің жеке бір саласы ретінде зерттеудің ғылыми-ұйымдастыру мәселелері оң шешімін тауып, 1979 жылы жабылып қалған ономастика бөлімі 1981 жылы Тіл білімі институтының құрамында қайта ашылды, меңгерушісі болып профессор Т.Жанұзақов бекітілді. Содан бері бөлімде ономастиканың түрлі саласы бойынша Т.Жанұзақовтың бастамасымен 300 мыңнан астам бай картотекалық қор жасалды, Республикаға ономаст-ғалымдарды дайындауда да бөлімде көп ізгілікті іс атқарылды. Осы кезге дейін ономастикалық зерттеулер толқын тәріздес сипатта келіп, ономастикалық ізденістер жүйелі, жоспарлы қалыпқа ие бола бастады. Оған қоса қазақ ономастикасының негізгі бөлімдерін қамти зерттеген кешенді сипаттағы тұңғыш еңбек Т.Жанұзақовтың «Очерк казахской ономастики» атты монографиясы (1982) ономастикамыздың қалыптасу тарихына өзіндік үлес қосты.

1981-1994 жылдар аралығында ономастика бөлімінде кіші ғылыми қызметкерлер Е.Керімбаев, Д.Жүнісов, Ә.Сапарбекова, А.Мұқатаева, Қ.Рысберген, Г.Мадиева, Р.Баймағамбетова, Г.Сағидолдагийн, А.Мектепов, Ш.Рахметов, Н.Оңғарбай және т.б. жұмыс жасап, ұлттық ономастиканың деректік қорын әр түрлі көздерден жинақтап, толықтыруға атсалысты.. Бөлімнің жоспарлы жұмыстарына сай Е.Керімбаевтың «Атаулар сыры» (1984), «Тюркская ономастика» (1984), Е.Қойшыбаев. Қазақстанның жер-су аттары сөздігі» (1985), «Қазақ ономастикасының мәселелері» (1986), Т.Жанұзақовтың «Қазақ есімдері» (1988), «Есіміңіз кім?» (1989) атты кітаптары жарыққа шықты.

1981-1985 жылдары Т.Жанұзақовтың басшылығымен бөлім мамандары Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Торғай, Целиноград облыстарына арнайы ұйымдастырылған кешенді экспедицияларда болып, топонимиялық аса құнды материалдар жинап қайтты, нәтижесінде 40 мыңға жуық жер-су аттары, аңыз-әңгімелер жазып алынып, өңделіп, ғылыми айналымға түсті. Экспедиция материалдары «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» (1989) атты ұжымдық монография түрінде жарық көрді. 80-ші жылдары қазақ ономастикасының ғылыми танымалдылығы артып, сол кездегі Одақ көлемінде қалыптасқан түркітану саласындағы Мәскеу, Ташкент, Баку сынды беделді ғылыми орталықтардың біріне айналды. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, оның ономастика бөлімі Республиканың облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарына көптеген жоғары білікті мамандар дайындады. Тіл білімі институтында туыс тұркітілдес аймақтардан Сібір, Кавказ, Орта Азия республикаларынан көптеген докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Мәселен, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Татарстан, Әзербайжан, Қарашай-Балқария, Хакасия т.б. республикалар мен аймақтардың ғалымдары ономастика бөлімінде талқыланып, Институт жанындағы диссертациялық кеңесте докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғады.

2000 жылдарға дейін қазақ ономастикасы бойынша жасалған ғылыми ізденістер мен қорғалған диссертацияларда негізінен аймақтық топонимдік зерттеулер басым болды, оның басты нәтижелерін қорытып айтар болсақ, олар төмендегідей:

  • Қазақстан территориясындағы топонимдік, микротопонимдік бірліктер толық дерлік жинақталып, инвентаризацияланды;
  • әр аймақтың топонимдік жүйесінің қалыптасуына ықпал еткен тарихи, географиялық т.б. экстралингвистикалық факторлар біршама толық сипатталды;
  • қазақ ономаст-ғалымдары 70-80 жылдары қолданған топонимдердің тақырыптық топтастыру, ономастикалық атауларды зерттеу әдісі толықтырылып, ғылыми тұрғыдан дәйектелді;
  • қазақ мифотопонимдері, діни мазмұндағы онимдік бірліктері кешені қазақ ономастикасының лексикалық репертуарын байыта түсті;
  • қазақ тілінің топонимдік бірліктерін жасаушы номинациялық тип, атау жасауға ұйытқы болған уәждер негізінен ортақ, бірегей екендігі айқындалды;
  • қазақ жер-су атауларының сөзжасамдық үлгілері, оларды жасауға қатысатын форманттар мен жұрнақ, қосымшалар негізінен ортақ, ұқсас келеді;
  • қазақ топонимдерінің фоно-морфологиялық, грамматикалық құрылымы мен синтаксистік жасалу жолдары да негізінен ортақ екендігі анықталды;
  • ұлттық ономастиконның бет-бейнесін қалыптастыруға қатысатын тарихи, этномәдени және қоршаған табиғи орта ерекшелігі ұйытқы болатындығы айқындалды;
  • қазақ жер-су атауларын жасауға қатысатын халқымыздың рухани, мәдени дүниетанымдық жүйесі мен материалдық тұрмыс-тіршілігіне байланысты ұғымдар кешенінің ортақ, бірегей екендігі айқындалды;
  • ежелгі қала мәдениеті, отырықшылық дәстүрі, суармалы шаруашылық ертеден қалыптасқан оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлерінде осы кәсіптерге қатысты қалыптасқан жер-су атаулары мен географиялық апеллятивтер репертуары, терминдік жүйесінде өзгешеліктер байқалды.

Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі қоғамымызда көптеген саяси, мәдени саладағы оң өзгерістер әкеліп, ұлттық сананың жаңғыруына, қазақ ономастикасының ұлттық мүдде негізінде дамуына зор ықпалын тигізді. Қайта құру кезеңінен бастап, еліміз тәуелсіздікке ие болған жылдардан бері Республикада ономастика саласында нормативтік-құқықтық тұрғыдан Тіл білімі институты тікелей мұрындық болып, осы кезеңде ономастика бөлімі, проф. Т.Жанұзақтың тарапынан көптеген игі іс-шаралар атқарылды.

Т.Жанұзақов Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумына Мемлекеттік ономастика комиссиясын құрудың қажеттілігін, оның мақсаты мен міндетін, мемлекеттік мәні мен маңызын сипаттап хат жазды. Нәтижесінде 1989 жылы 30 қарашада Жоғарғы Кеңес мәжілісінде Т.Жанұзақов баяндамасы кеңінен талқыланып, Қазақстан Үкіметі жанынан Мемлекеттік ономастика комиссиясын құру, оның жұмысын Ұлттық Ғылым академиясының А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі Институты атқару жайлы шешім қабылданды. Қазақ СССР Жоғарғы Советінің осы шешіміне сәйкес Қазақ ССР Министрлер Советі 1990 жылдың 20 сәуірінде Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыдан соң академик Ә.Қайдаров, Т.Жанұзақов жазған «Қазақ КСР-індегі Мемлекеттік және әкімшілік-территориялық бірліктердің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи, географиялық атауларын қалпына келтірудің ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ» 1991 ж. 20 қыркүйегінде «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланды. Бұл Тұжырымдама Республикамыздағы тарихи атауларды қалпына келтіру, жаңарту, жаңғырту және әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын реттеу, елді мекендердің аттарын өзгерту мәселесінде ауылдық, селолық, аудандық, қалалық, облыстық, Мемлекеттік ономастикалық комиссия жұмысында басшылыққа алатын бірден-бір басты нұсқау ретінде міндетті түрде қолданылып келеді.

1991 жылдан бастап еліміз өз алдына мемлекет болып, тәуелсіздік алған уақыттан бастап жұртшылық фамилиялары мен әке аттарының жазылуындағы қазақ тіліне тән емес –ов, -ев, -ова, -ева, ович, -евич, -овна, -евна сияқты қосымшаларды алып тастап, олардың орнына халқымыздың тарихи қалыптасқан дәстүрлеріне сәйкес үлгілерімен жазу жайлы өтініш-тілектер айтты. Олар жайлы «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Жас алаш» газеттері беттерінде қызу дискуссия орын алғаны белгілі. Еріксіз таңылған –ов пен –ев-тен, -ин мен –н-нан құтылу, төл фамилиямызды қалыптастыру, бір ретке келтіру мақсатында академик Ә.Қайдаров, проф. Т.Жанұзақовтардың «Қазақстан республикасындағы қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттары және фамилияларын реттеу туралы Тұжырымдамасы» Мемлекеттік ономастикалық комиссияның 1994 қарашада өткен мәжілісінің шешімімен бекітілді.

Бөлім «Қазақстанның географиялық атаулары» тақырыбын зерттеу нәтижесінде «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі. Жезқазған облысы» (1990); «Қазақстанның географиялық атаулары. Ақмола облысы» (1998); «Қазақстан Республикасының топонимдері. Топонимия Республики Казахстан» (2001) сынды ұжымдық сөздіктер топтамасы мен Қ.Рысбергеннің «Историко-лингвистическое исследование топонимов Южного Казахстана» (2000) атты монографиясы жарық көрді.

Қазақстан егемендік алып, қоғамымызда ұлттық рухани, мәдени жәдігерліктері мен құндылықтарды жаңғырту процесінің өріс алуы еліміздің мыңдаған ұмыт болған атаулары қайтарылды, жер-су атауларымыз жаңа ұлттық мазмұнға ие бола бастады. Сондықтан мыңдаған жаңғырған тарихи атаулардың этимологиясы беріліп, халыққа жеткізу қажеттілігіне және Қазақстанның әр түрлі аймақтарындағы жер-су атауларына қатысты көптеген тың тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру қажеттілігіне байланысты облыстық топонимдік сөздіктер топтамасын әзірлеу ісі қолға алынды. 2000-2002, 2003-2005 жылдар аралығындағы бөлімнің іргелі зерттеулері екі бағытта жүргізілді: қазақ жер-су атауларының тарихи-этимологиялық негіздер мен семантикалық мазмұнындағы этномәдени факторлар ғылыми-теориялық тұрғыдан дәйектелді. Аталмыш кезеңде бөлім мына тақырыптар бойынша жұмыс істеді: «Қазақстан топонимдерiнiң этимологиясы. Топонимдiк сөздiктер жасау» (2000-2002), «Қазақстан топонимдерін тарихи-этимологиялық тұрғыдан зерттеу. Облыстық топонимдердің этимологиялық сөздіктерін жасау» (2003-2005). Нәтижесінде Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарының топонимдік сөздіктері жасалды. Бұл аралықтағы зерттеулер нәтижелері ықшамдалып Институт әзірлеген «Тілтанымдық зерттеулер» атты екі ғылыми жинақта (2007) жарияланды. 2003 жылдан бастап Қ.Рысберген бөлім меңгерушісі болып тағайындалды.

«Қазақ ұлттық топонимиясының когнитивтік негіздерін зерттеу» (2006-2008) іргелі тақырыбы мен «Ұлттық идеяның қазақ ономастикалық жүйесіндегі көрінісі» (2007-2009) атты қолданбалы сипаттағы зерттеулердің бірқатар нәтижелері 2010 жылы бөлімде қорғалған екі докторлық диссертацияда көрініс тапты: Қ.Рысберген «Қазақ топонимиясының лингвокогнитивтік негіздері», С.Иманбердиева «Тарихи ономастикалық кеңістік (Х-ХІҮ ғ.ғ. түркі жазба ескерткіштері негізінде)». Аталмыш екі ғылыми жобаны зерттеу нәтижесінде ұлттық когнитивтік база – халықтың санасындағы топонимдік ақпарат пен білімдерді құрылымдаудың, сақтау мен таратудың әмбебап бірлігі ретінде танылатындығы көрсетілді. Топонимдік ақпараттағы түрлі номинациялық аспектілер мен менталдық түсініктерді когнитивтік әдіс-тәсілдер арқылы зерттеу топонимдік концептіні құрылымдау жолдары айқындалды. Сондай-ақ, ұлттық топонимдік жүйедегі және тарихи ономастикондағы прецеденттік феноменонимдердің орны айқындалды. Онимдердің концептуалдық талдауындағы фреймдік құрылымның ішкі иерархиялық ерекшеліктері айқындалып, топонимдік концептісінің алгоритмдік матрицасы әзірленді. Жалпы концептілер мен топонимдік концептілердің іргелі сипаттары, концепт түрлері мен типологиясы айқындалды. антропонимдерден, фитонимдерден жасалған топонимдердің лингвомәдени сипаты көрсетілді А.Иасауидің «Диуани хикмет», Ж.Баласағұнның «Құтты білік», Хорезмидің «Мұхаббат-наме» поэтикалық шығармаларындағы прецеденттік есімдердің мазмұны мен мәтіндегі қызметтері анықталды. Ұлттық топонимиядағы ұлттық сана көрінісі, қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында аса өзекті ұлттық идея, ұлттық бірегейлік проблемаларымен үндеседі.. Өзге мәдениет пен тілдің әсерінен төлтума аталым үдерісінің өзгергендігі көрсетілді. Сондай-ақ қазақ атаулары орыс тілінде транскрипциялау барысында екі тілдің фонологиялық, этногенетикалық жүйесінің айырмашылығына байланысты қатты бұрмалауға ұшырағандығы мысалдармен дәйектелді. Орысша транслитерацияланған қазақ тіліндегі атаулар кері ретранслитерациялану барысында алғашқы мазмұнымен көбіне алшақтап кеткендігі көрсетілді, яғни төлтума топонимиконның айтарлықтай бөлігі дүбараланған, төлтума болмысынан арылғандығы анықталды.

«Қазақ этносы жалқы есімдерін этномәдени және тілдік – тарихи парадигмада зерттеу» (2009-2011) тақырыбы зерттелу үстінде. Қазақ жалқы есімдер жүйесінде көрініс тапқан ұлт менталитетінің қалыптасу жолдары қарастырылуда және қазақ жалқы есімдерінде кодталған ұлттық сана мен этнотаным ерекшеліктері саралануда. Түрлі дискурстық формациядағы - көркем дискурс, саяси-публицистикалық дискурс және фольклорлық дискурстағы ономастиконның ұлттық санадағы қызмет түрлері қарастырылу үстінде. Зерттеу шеңберінде алғаш рет қолға алынып отырған көркем концепт ерекшелігі мен көркем мәтін ономастикалық кеңістігіне қатысты хронотоп теориясы мен публицистикалық, фольклорлық мәтін ономастикасының қызметі, прагматикалық аспепктілері қарастырылып отыр.

Болашақтағы зерттеу бағыттары

Ұлттық ономастиканың ғылыми-теориялық, практикалық базасын қамтамасыз ету шараларын іске асыру.

Ономастика жөніндегі деректер базасын тұрақты негізде қолдау, жетілдіру, толықтыру, компьютерлік бағдарламалардың жаңа технологиялары мен әзірленімдерін қолдану жолымен физика-географиялық атаулар мен ойконимдер каталогын қажетті материалдармен жабдықтау.

Қолда бар топонимикалық қордың негізінде топонимдердің ұлттық лексикографикалық базасын және Қазақстанның ономастикалық кеңістігінің секторлары бойынша компьютерлік қорды қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды іске асыру.

Ономастикалық сөздіктер, тезаурустар жасаудың жаңа технологияларын енгізу Ономастиканың әртүрлі салалары бойынша электрондық сөздіктер модульдарын жасау.

Тарихи ономастикондар корпусын модельдеу.

Ономастикалық энциклопедия әзірлеу (3 том).

Аймақтық топонимдік түсіндірме сөздіктер дайындап, шығару.

Прагматонимдер мен идеонимдер тобындағы атаулардың номинациялық принциптерін, уәждік негіздерін, семасиологиялық, семиотикалық табиғатын қарастыру.

Қазақ онимдерінің сөйлеу тіліндегі орны, коммуникация аясындағы көрінісі, қызметі, коммуниканттардың өзара әлеуметтік қатынасы, оның этнопсихологиялық ерекшеліктері мен халықтық этникалық аспектілерін зерттеу.

Оралмандар есімдер жүйесінің статикалық, динамикалық қалпын зерттеу қажет. Қазақ ономастикасының ең қызықты да кұрделі саласы ол ру, тайпа атаулары жүйесін, соған байланысты шежіре, әңгімелердің екінші рет номинациялану үрдісін лингвомәдени, танымдық-когнитивтік негізде зерделеу. Ономастика саласында БҰҰ жанындағы географиялық атауларды стандарттау жөніндегі комиссиямен өзара іс-қимылды үйлестіру және әлемдік қоғамдастықтың халықаралық тәжірибесін зерделеу (АҚШ, Франция, Ресей, Қытай, Түркия, Өзбекстан).

Бөлім қызметкерлері туралы ақпарат

Меңгерушісі – Рысберген Қыздархан Құрмашқызы, филология ғлымдарының докторы, доцент.

Рысберген Қыздархан Құрмашқызы 1957 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келді. 1981 ж. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін үздік дипломмен бітірген. 1981-1983 ж.ж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми стажировкадан өтіп, 1984 ж. бері осы институттың ономастика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, 1996 ж. 22.08. бастап 2004 ж. 30.09. дейін Институттың ғалым-хатшы қызметін атқарып келді. Осы қызметте жүріп 2001 жылдан бері Ономастика бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1993 ж. «Оңтүстік Қазақстан облысы топонимиясының тарихи-лингвистикалық зерттеуі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Іргелі зерттеулермен қатар Республикадағы ономастика саласындағы жұмыстарды ғылыми-теориялық, әдістемелік, практикалық тұрғыдан реттестіру ісімен де айналысып келеді. Мәселен, қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәні зор құжаттар санатындағы «Инструкция по русской передаче казахских и казахской передаче русских географических названий» атты нұсқаулықты 2003 ж. және «Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстардың тұжырымдамасының» жобасын 2004 ж. әзірлеуге қатысты. Ұлттық ономастиканың түрлі өзекті проблемаларына қатысты 50-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала, кітап, сөздіктері жарық көрді. 2000 ж. «Историко-лингвистическое исследование топонимов Южного Казахстана» атты монографиясы, 2004 ж. Т.Жанұзақпен бірігіп жазған «Қазақ ономастикасы: жетістіктері мен болашағы» әдістемелік құралы жарық көрді. Сондай-ақ қатысуымен үш топонимдер сөздігі, 2002 ж. «Қазақша-орысша сөздік» (2002), «Орысша-қазақша сөздігі» (2005) шықты. Ол лексикография саласындағы жұмыстарды жалғастырып, қазіргі кезде қазақ ӘДЕБИ тілінің 15-томдық түсіндірме сөздігін жасауға қатысуда. 2010 ж. «Қазақ топонимиясының лингвокогнитивтік негіздері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ономастика саласы бойынша республикадағы білікті мамандардың бірі, оның ғылыми жетекшілігімен 6 кандидаттық диссертация қорғалды. 2006 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. АЛТЫНСАРИН» белгісімен жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін марапатталды. Алматы қаласы ономастикалық комиссиясының мүшесі.

Жанұзақ Телғожа Сейдінұлы

Ономастика секторының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері, ҚР Гуманитарлық Ғылым академиясының академигі. 1927 жылы 15 шілдеде Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында қызметкер отбасында дүниеге келді. Ол өмір жолын 1944 жылы аудандық дайындау мекемесінде бухгалтер болып бастайды. 1947-1951 ж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқиды.1951 ж. осы институттың аспирантураға қалдырылды. 1952 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында (қазірде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты) кіші, аға ғылыми қызметкер (1952-1980), ономастика бөлімінің меңгерушісі (1981-1994), ғылыми-зерттеу тақырыптарының жетекшісі (1995-2003), бас ғылыми қызметкер (1995 жылдан) болып жұмыс істейді. Т.Жанұзақтың тікелей белсенділігі арқасында ономастика бөлімі 1981 жылы қайта ашылды.

«Қазақ тіліндегі кісі аттары» деген тақырыпта кандидаттық (1961) (проф. С.Е.Малов пен акад. І.Кеңесбаевтың жетекшілігімен), «Қазақ тілі ономастикасының негізгі проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертация (1976) қорғады. Қазақ тіл білімінің лексика, лексикография, терминология, фольклор, көркем аударма салалары бойынша зерттеулер жүргізуде. Т.Жанұзақ Республикадағы ономастикалық жұмыстарды реттестіруге, дамытуға зор үлес қосқан білікті ономаст маман ретінде көптеген нормативтік, заңнамалық құжаттардың авторы болды, олар әлі күнге еліміздегі нормативтік ономастика саласында іс жүргізуде басшылыққа алынып отыр. Ғалым қазақ жеріндегі тарихи атауларды қалпына келтіру, ескірген атауларды өзгерту, жер-су атттарын реттеу ісіне белсене қатысып, 1989 ж. Жоғарғы Үкімет орындарына хат жолдап, Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру жайлы мәселе қойды. Нәтижесінде Қазақстан Үкіметі жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құрылып, ол 1990-1998 жылдары оның ғалым-хатшысы, 1999-2003 жылдары мүшесі болып, қоғамдық негізде ұлттық мүддеге қызмет етті. Еліміздің ономастикалық атауларын реттеуге қатысты, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларға белсене аралсып, ономастикалық комиссия Ережесін жазды. Т.Жанұзақтың академик Ә.Қайдармен бірлесе отырып жазған «Республикадағы мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық бірлестіктердің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи географиялық атауларын қалпына келтіру Тұжырымдамасы» мен «Қазақстан Республикасындағы ұлты қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттары және фамилияларын реттеу туралы Тұжырымдамасы» қоғамдық, мемлекеттік органдарға күнделікті жұмысына қажет құрал. 1974-1986 жылдар аралығында жарық көрген 10-томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» іргелі лексикоргафиялық еңбектің басты авторларының бірі және редакциялық алқа мүшесі ретінде Мемлекеттік сыйлықтың иегері атағына ие болды. Қазіргі кезде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Тіл білімі институты орындап отырған 15-томдық сөздіктің белсенді авторларының бірі. «Қазақ тілінің сөздігінің» (1999) жауапты редакторы. Ғалым 30 кітап, 11 ғылыми-көпшілік сипаттағы кітаптар мен кітапшалар, 340 жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала, түрлі сөздіктердің авторы.

Қазақ ономастикасының негізін салушы ғалымдардың бірі және Республиканың лингвистикалық қауымына Қазақстан ономастикалық мектебін қалыптастырушы ғалым ретінде танылады. Ғалымның жетекшілігімен 4 докторлық және 18 кандидаттық диссертация қорғалды. ҚР Үкіметінің «Көрнекті ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендиясының» иегері (2000), «ҚР ның ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері (2007), ҚР Президентінің «Ерен Еңбегі үшін» марапатының иегері (2007), «Нұр Отан» Халықтық демократиялык партиясының мүшесі.

Оңғарбай Нұржамал Бекенқызы

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Шалдар кеңшарында 3.09.1953 ж. дүниеге келді. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін бітірген (1976), 1982-1981 ж. Шымкенттегі Сыпатаев атындағы орта мектептің мұғалімі. 1981 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының диалектология бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, 1993 жылдан бері ономастика бөлімінде кіші, аға ғылыми қызметкер. Академик Ә. Қайдардың жетекшілігімен «Қазақ жұмбақтарының тілі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады (1997). Н.Оңғарбай 2002 жылы жарық көрген Институттың іргелі лексикографиялық еңбектерінің бірі «Қазақша-орысша сөздігінің» бірнеше жыл қатарынан техникалық үйлестірушісі ретінде өз тарапынан көптеген құнды деректер қосып, сапалы жұмыс істеп, көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ осы сөздіктің құрастырушыларының бірі. 1993 жылдан бері ұлттық ономастика мәселесімен айналысып, бөлімнің іргелі, қолданбалы зерттеулеріне қатысып келеді. Қазіргі кезде жасалып отырған 15-томдық қазақ әдеби тілі сөздігінің құрастырушыларының бірі. Ғалымның 30-дан астам ғылыми жарияланымдары бар.

Таштахметова Жанар Қазтайқызы

Алматы облысы, Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылында 22.11.1985 жылы дүниеге келген. 1992 жылы №34 Қожбанбет би атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2003 жылы осы аталған мектепті бітірген. 2004 ж Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті филология факультетіне түсіп, 2008 ж. үздік дипломмен бітірген. Мамандығы: филолог. 2008 ж. Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті, Магистратура және докторантура институттың 1 курсына түсті. 2010 жылы бітірді. Гуманитарлық ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. 2009 ж. ақпан айынан бастап, 2009ж желтоқсан айының басына дейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігі Академиясында Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінде инспектор қызметін атқарды. 2010 жылдың 4 қаңтарынан қазіргі уақытқа дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ономастика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып қызмет істеп келеді. Бөлімнің «Қазақ этносы ономастикалық кеңістігін этномәдени, тілдік-тарихи парадигмада зерттеу» (2009-2011жж.) атты іргелі зертеу тақырыбы бойынша жазбаға түсірілген және бөлімге қатысты жұмыстарды атқарады.

Фонетика бөлімі

Фонетика бөлімінің тарихы

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында (1961) Тіл білімі институтында экспериментті фонетика лабораториясы құрылды. Алғашқы меңгерушісі ‘’’Ж.Аралбаев’’’ болды. Лаборатория бүкіл Орта Азия мен Сібірде танымал болды. Аспиранттар мен ізденушілер өздерінің экспериментті жұмыстарын аталған лабораторияда жүргізіп, кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғауға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Қазақ тілі фонетикасының кейбір талас тудыратын теориялық мәселелері экспериментті түрде дәлелденді. 60-80 жылдарда қазақ тілінің фонетикалық жүйесі І.Кеңесбаев пен Ж.Аралбаевтардың еңбектерінде біраз зерттелді. Бұл ғалымдар фонетика мәселелерін талдаумен байланысты қазақ тілінің сөйлеу және жазу нормаларына көңіл аударды. І.Кеңесбаев қазақ фонетикасының негізгі проблемаларын, яғни фонемалардың құрамы мен жіктелуі, буынның жасалуы мен алмасуы, дыбыстардың үндесуі, сингармонизм, акцентуация мәселелерін сөз еткен (Қазіргі қазақ тілі, Алматы, 1962.). Фонема теориясына келгенде І.Кеңесбаев дәстүрлі фонология мектебінің принциптерін ұстанады. «Сөз мағынасы мен сөз тұлғасын ажыратуға себі бар тілдегі ең кішкене дыбыстық единицаны фонема деп атаймыз» дейді ғалым. Екпін категориясы сөз болғанда, І.Кеңесбаев оның үш түрін көрсете келіп: лебізді (динамикалық), үнді (тоникалық), квантитатив, яғни қазақ және басқа түркі тілдерінде лебізді екпіннің үстіне квантитатив екпін қосылады дейді. Қазақ тілінде сөз екпінінен басқа фразалық (ритмикалық) екпін де болады, себебі «сөйлем ішіндегі сөздердің бәрі бірдей үнемі дербес екпінге ие болуы шарт емес». Сондай-ақ ғалым тұңғыш рет қазақ тілінің фонетикалық транскрипциясын да жасаған. Ж.Аралбаев қазақ тілі фонетикасының кейбір өзекті мәселелерін зерттеп кеткен ғалым: фонемалар құрамы және олардың айтылу ерекшеліктері, сингармонизм заңдылығы, буын жігі және кейбір просодикалық мәселелері (Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер, Алматы, 1988.). Ж.Аралбаев қазақ тілінің фонема теориясының дамуына үлес қосқан. Оның мәні мен жаңалығы, біріншіден, фонемалар бір-біріне қарсы қойылып айқындалады, екіншіден, олар тек өзінің комбинаторлық не позициялық варианттарында көрініс табады деп ғалым нақты мысалдармен дәлеледейді. Ғалым фонетиканың тарихи мәселелеріне де назар аударған, «қазақ тілінің көне заңдарын, тарихын жақсы білмейінше, оның қазіргі заңдарын, дамуын жақсы білуге болмайды» деп қазақ тіліне байланысты ламбдаизм, ротацизм құбылыстарын және дыбыстарының ілгерілеу процестері жайында сөз қозғаған. Сондай-ақ Ж.Аралбаев ритмикалық және ой екпіні, фразалық мелодика, интонацияның семантика-синтаксистік функциялары жөнінде де құнды пікірлер айтып кеткен. Бұл ғалымдардың тұсында қазақ тілінің дыбыс құрылысын өмірдің сұранысына сәйкес экспериментті түрде зерттеу қажеттілігі туындады. Сол уақытта бөлім қызметкерлері эксперименттік жұмыстарды жүргізіп, кандидаттық диссертацияларын қорғап шыққан (Ә.Жүнісбеков, С.Татубаев, Н.Түркпенбаев, М.Райымбекова, А.Қошқаров, С.Кеңесбаева, З.Базарбаева). 1986 жылы эксперименттік фонетика лабораторияның аясында фонетика бөлімі ашылып, Ә.Жүнісбеков бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. 2001 жылдан бері З.Базарбаева бөлім меңгерушісі қызметін атқарып келеді.

90-шы жылдардан бастап, Қазақстан егемендік алғаннан бері қазақ тілінің фонетикалық жүйесі үндестік заңы (сингармонизм) тұрғысынан қарастырыла бастады. Бөлім қызметкерлері экспериментті жұмыстармен қатар теориялық проблемалармен де шұғылданатын болды. Сингармониялық бағытты қолға алып, оның ұғымдары мен терминологиясын жасап, теория деңгейіне көтерген Ә.Жүнісбеков болатын. Аталған бағыттың ұстанған өзіндік принциптері бар: сингармонизм теориясы бойынша фонема мен екпін есепке алынбайды. Сингармонизмнің ең кіші функциональды бірлігі сингема деп танылады және ол төрт түрлі сингармониялық тембрмен сипатталады: езу жуан, езу жіңішке, ерін жуан, ерін жіңішке. Бұл бағыт бойынша қазақ фонологиясын үндесім фонология деп біледі. Сонымен қазақ тіліндегі үндесім дыбыстардың құрамы анықталып, жүйе ретінде берілген: барлық дыбыстардың жасалым, айтылым және естілім белгілері анықталған (А.Жүнісбек Қазақ фонетикасы, Алматы, 2009, 17 б.т.; Введение в сингармоническую фонетику, Алматы, 2008, 108 б.). Ғалымның айналысатын проблемалары: Жалпы, түркі және қазақ тілтанымындағы сөзқұрауыш (просодика слова) мәселесі. Тілдердің айырым белгілері олардың жіктеліміне негіз болып қана қоймай, кейбір пікір-талас тудырып жүрген мәселелерді шешуге де септігін тигізеді. Бұл ең бастысы қазақ тілтанымында орнығып қалған «европацентристік» ұстанымдардан арылуға мүмкіндік береді. Сөздік екпін акцент тілдерді жіктеудің айырым белгісі болғандықтан, ол тек бір тілдің ғана, яғни орыс тілінің құрылымына ғана тән болғандықтан, сөздік екпінді, мысалы, қазақ не қытай тілінің құрылымынан іздемеу керек. Әуен немесе тон тілдерді жіктеудің айырым белгісі болғандықтан, ол тек бір тілдің ғана, яғни қытай тілінің құрылымына ғана тән. Ендеше тонды, мысалы, қазақ не орыс тілінің құрылымынан іздемеу керек. Үндесім немесе сингармонизм тілдерді жіктеудің айырым белгісі болғандықтан, ол тек бір тілдің ғана, яғни қазақ тілінің құрылымына ғана тән. Ендеше сингармонизмді, мысалы, қытай не орыс тілінің құрылымынан іздемеу керек. Олай болса: сөздік екпін бар жерде тон мен сингармонизм болмайды; тон бар жерде сөздік екпін мен сингармонизм болмайды; сингармонизм бар жерде сөздік екпін мен тон болмайды. Қазақ тіліндегі сингармонизм (үндесім түрленім). Теориялық тілтаным (фонетика) мен қолданбалы лингвистика (оның ішінде әдістеме де бар) үшін әліпби дыбыстардың санымен шектелу жеткіліксіз болып отыр. Себебі дыбыстардың әліпби тізбегі тілдегі ақиқат дыбыстардың бір тобын ғана қамтиды. Мысалы, қазақ тілінде Т, С (әліпби атауы – ты, сы) дауыссыз дыбыстары бар. Ал осы дыбыстар тек тыс сөзінің құрамында ғана кездеседі де, дәл сол Ты, Сы айтылым үлгілері тіс, тұс, түс сөздерінің құрамында кездеспейді. Өйткені, Ті, Тұ, Тү, Сі, Сұ, Сү дыбыстарының жасалымы да (артикуляциясы), естілімі де (перцепциясы) басқа екені эксперимент арқылы анықталып отыр. Ендеше, теориялық фонетика дыбыс түрленімінің мүмкін болған үлгілерін түгел анықтауға тиіс, онсыз ғылыми нәтиже толық болмайды; бұны қолданбалы лингвистика қолғанат қондырғылар құрастырғанда ескерілуі керек, онсыз ақпарат (байланыс) желісінде ақау болады; әдістеме өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйреткенде пайдалану керек, онсыз акцент жойылмайды. Қазақ тілінде (түркі тілдерінде) үнді-еуропа тілдеріне тән фонема жоқ. Ендеше сол тілдерге тән аллофон да жоқ. Себебі үнді-еуропа тілдері екпінді (акцентті) тілдер, ал қазақ (түркі) тілі үндесім (сингармониялық) тіл. Түркі (қазақ) тілдерінің үнді-еуропа тілдерінің ізімен талданып жүргендігі бұған дейінгі тілтанымдағы европа-өзімшіл (европацентристік) ұстанымның басымдылығынан болып отыр. Өкінішке орай, қазақ (түркі) фонетистері әзірге европацентризмнен арыла алмай келеді. Қазақ тілі үндесім (сингармониялық) тіл болғандықтан, оның дыбыс құрамына тән ұғымдар мен атаулардың өз ерекшелігі болады. Қазақ сөзінің мағынасын түрлендіретін ең кішкене дыбыс бөлшегі үндесім дыбыс болғандықтан, оны үндесім фонема немесе сингармофонема деп атауға тура келеді. Осыған орай, үндесім фонеманың варианттары үндесім аллофон немесе аллосингармофонема деп аталады. Тағы да еуропацентризмге ұрынбас үшін үндесім фонема (үндесім аллофон) немесе сингармофонема (аллосингармофонема) атауларының орнына ықшам әрі сингармонизмнен туындайтын сингема және аллосингема атауларын енгізген жөн болады. Қазақ тілінің артикуляциялық базасы (моделі) құрамындағы артикуляциялық үлгілер. Қазақ тілінің жасалым негізіне «Қазақ тілі дыбыстарын жасауға қатысатын сөйлеу мүшелері мен олардың қозғалысының жиынтығы» деген анықтама берілген. Ендеше қазақ тілі дыбыстарының жасалымына қатысатын сөйлеу мүшелері мен олардың қозғалысының өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақ тілінің төл дыбыс құрамын дәл анықтап, оның жүйесін (айырым белгілерін) дұрыс сипаттап шығу үшін ең алдымен қазақ тілінің жасалым негізін анықтап алу қажеттілігі туындайды. Олай болмаған жағдайда қазақ тілінің дыбыс құрамы дәл анықталмайды, дыбыс жүйесі дұрыс сипатталмайды. Өкінішке орай, ондай жаңсақтықтар қазіргі қазақ фонетикасында баршылық. Жаңсақтықтардан арылудың жолы тек қазақ тілінің жасалым негізіне сүйенгенде ғана табылады. Қазақ тіліндегі буын және морфеманың дыбыс құрамы мен желісі (линейная величина). Адамзат тілінің әлеуметтік (лингвистикалық) жағымен бірге, оның физиологиялық жағы да бар. Буын адамзат тілінің құрамды бөлшегі болғандықтан, оны екі жағынан да талдауға болады. Жоғарыда айтылғандай, лингвистикалық пайымдаулар буын табиғатының шешімін таба алмай отырғандықтан, буын табиғатын физиологиялық жолмен іздеу қажеттілігі туындайды. Өйткені тіл физиологиясы дегеніміз тіл артикуляциясы болғандықтан, буын тіл артикуляциясының туындысы болып табылады. Бұл – барлық тілдерге тән ортақ пайымдау, басқаша айтқанда, буын барлық тілдерге тән физиологиялық бірлік. Бірақ дыбыстардың буынға кірігу тәсілі барлық тілдерге ортақ болмайды. Себебі әр тілдің немесе туыстас тілдер тобының өзіне тән бірегей буын құрауыш (просодика слога) амалы бар. Сөйлеу үстінде (сөз құрамында) өзара кірігіп, бір тұтас болып айтылатын (жасалатын) дыбыс тіркесін (немесе дербес дауыстыны) буын дейміз. Буын тілдегі әрі қарай бөлшектенбейтін ең кіші жасалым (артикуляциялық) бірлік болып табылады. Қазақ (түркі) тілінде буыннан кіші морфема болуы мүмкін емес, ендеше қазақ грамматикаларында ескеріліп жүрген дауыссыз морфемалар жалған нәтиже болып табылады. Қазіргі таңда қазақ тілінің дыбыс жүйесі екі теориялық бағыттың принциптері бойынша зерттеліп келеді. Бірінші бағыт дәстүрлі фонологиялық теория негізінде қалыптасқан (І.Кеңесбаев, Ж.Аралбаев). Екінші - сингармониялық теория негізінде қалыптасқан (А.Жүнісбеков, Ж.Абуов). Дәстүрлі теорияны ұстанатын ғалымдар фонема - тілдегі шағын, сөз мағынасын ажырататын функциональды бірлік деп есептейді. Ал сингармониялық теория бойынша, фонеманың қызметін сингема деген просодикалық бірлік орындайды. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі тек сегментті фонетиканың аясында емес суперсегментті фонетика тұрғысынан да зерттеліп жатыр. Себебі тілдің фонетикалық жүйесі оның сегменттік бөлшектерінен, сөздердің дыбыстарынан ғана тұрмайды, ол тілдің күрделі суперсегментті деңгейін, яғни сөйлемдердің, мәтіннің жалпы интонациялық сипатын да қамтиды. Суперсегментті фонетика дегеніміз сөйлеу тілінің интонациялық жүйесін, оның қызметін, бірліктерін, компоненттерін (әуен, қарқын, интенсивтілік, ырғақ, екпін, ұзақтылық, дауыс реңкі т.б.) тіл білімінің басқа салаларымен (синтаксис, семантика) байланысты қарастырады. Осы орайда ғалым З.Базарбаеваның бастамасымен интонология өз алдына жеке білім саласы ретінде қалыптасып (З.Базарбаева «Қазақ тілінің интонациялық жүйесі», Алматы, 1996, 11б.т.; «Қазақ тілі: интонология, фонология», Алматы, 2008, 20 б.т.), бөлімнің жас ғылыми қызметкерлері кандидаттық диссертациялар қорғап шықты (А.Фазылжанова, А.Аманбаева). Сондай-ақ сегментті бөлшектерді – фонемаларды фонология зерттейтін болса, сингемаларды – сингармонология, ал суперсегментті бөлшектерді – интонемаларды – интонология зерттейді. Интонологияның өзіне тән зерттеу объектісі мен әдістері бар. Тіл жүйесінде дербес бір құбылыс ретінде интонацияның өзіндік мағынаға ие болатын бірліктері бар, олар интонема деп аталады. Қай тілде де интонемалардың саны белгілі бір мөлшерден аспайды. Сегментті бөлшектерді – фонемаларды фонология зерттейтін болса, сингемаларды – сингармонология, ал суперсегментті бөлшектерді – интонемаларды - интонология зерттейді. Қазіргі уақытта қазақ тілінің интонемалары және олардың варианттары анықталып, экспериментті түрде сипатталған. Сөйлемнің барлық түрлерінде де интонеманың өзіндік орны, атқаратын қызметі анықталды. Қазақ тіліндегі анықталған интонемалар тұңғыш рет сөйлемді ажырататын ең кіші функциялық бірлік ретінде қарастырылды. Сөйлемнің қай – қайсысы да интонемасыз сомдала алмайды, олардың әрқайсысының өзіне тән интонациясы бар. Сөйлемнің сомдалып, аяқталып, коммуникативтік функцияға ие болып тұруы үшін интонеманың мәні ерекше. Қай тілде де сөйлеушінің жадында сол тілдің негізгі интонемалары сақталады және бұл интонемалар сөйлесудің эталоны болып табылады. Интонемалар фонемалар сияқты өзінің просодикалық өлшемдерімен және ерекшеліктерімен варианттарында көрініс табады. Ал ол варианттардың қайсысын қолдану-қолданбау сөйлеушінің мақсаты мен еркіне байланысты. Интонеманың да фонема сияқты дифференциялау қасиеті болғандықтан, негізгі қызметі сөйлемдерді ажырату болып табылады. Күрделі мәтіндердегі интонацияның компоненттері экспериментті зерттеу арқылы айқындалды. Әуен, қарқын, ұзақтылық, пауза, интенсивтілік, тембр интонацияның негізгі компоненттері болып табылады. Сөйлеу тілінде интонацияның аталған компоненттері бірімен-бірі тығыз байланысты болады. Бірақ олар сөйлемнің барлық түрлерінде әр уақытта бәрі бірдей орын алады және бәрі бірдей тыңдаушыға анық естіледі деп айту қиын. Олар өзара түрлі қарым - қатынасқа түсіп, сөйлемнің әр алуан түрлерін түзуші, оларды бір-бірінен ажыратушы қызмет атқарады. Интонацияның компоненттері тілдердің бәрінде қолданылатын универсалды просодикалық тәсіл болып табылады. Барлық тілдердегі синтагмалар арасындағы мағыналық қарым-қатынасты білдірудің универсалды әдісі болып, просодикалық тәсілдердің әуені, қарқыны, паузасы саналады. Мысалы, синтагманың соңғы сөзіне түсетін тонның бәсеңдеуі, тиянақты әуені барлық тілдерде сөздің аяқталуының белгісі болып табылады, ал фразаның соңындағы тонның көтерілуі аяқталмағандықты, тиянақсыздықты білдіреді. Барлық тілдерде қарқынның баяу, байсалды болуы информацияның маңыздылығынан хабар береді, ал қарқынның жылдам, тез болуы оның маңызы, мәнінің шамалы екенін білдіреді. Әр тілдегі просодикалық тәсілдердің көрінісі сол тілдің интонациясының жалпы ерекшелігіне байланысты болатыны анық. Мысалы, орыс тілі интонациясының әуеніне әсер ететін, оның ерекшелігін түзетін осы тілдегі сөз екпіні екені белгілі. Орыс тілінің бұл әмбеорынды жылжымалы сөз екпінінің сөздердің морфологиялық формаларын ажыратуда ғана емес, олардың негізгі мазмұнын анықтаудағы мәнін айтуға болады. Ал қазақ тілін алатын болсақ, мұнда әр сөзге түсетін екпін жоқ екені белгілі. Қазақ тілінде, француз тіліндегі сияқты синтагманың соңғы сөзіне түсетін синтагмалық екпін бар екені экспериментті түрде дәлелденген. Интонацияның қызметіне қатысты неше түрлі пікірлер мен таптастыруларды кездестіруге болады. Бұларда әркім әр түрлі өзгешеліктер мен қасиеттерді негізге алады. Интонацияның негізгі бес функциясын атауға болады: 1) сөйлемнің жалпы коммуникативтік түрлерін анықтау, 2) жеке коммуникативтік типтерін ажырату, 3) мазмұнның өзгешеліктерін ажырату, 4) сөйлемдерді, синтагмаларды мәтінде бір-бірінен айырып, бөліп алу және қосу, 5) әр түрлі эмоцияларды дифференциялау. Өзара тығыз байланысты болып келетін интонацияның функцияларын ешқашан бір-бірінен ажыратып, бөлек қарауға болмайды. Сөйлеушінің алдына қойған мақсаттарына қарай, сөйлемдегі интонация функциясының қолданылуы да түрленіп тұрады. Ол кейде жай хабарлы коммуникативті мағынаны білдірсе, кейде хабарға үстеме эмоциональды мағынаны, ал кейде фактылар туралы айтылған ойлардың мағыналық ақиқаттығының бір-бірімен сәйкестігін, тағы да басқа сезімге, түйсікке байланысты факторларын айқындап тұрады. Интонацияны сөйлемдердің түрлерін түзуде олардың синтагмаларын ажыратып, сөз тізбектерін синтаксистік қызметі мен мазмұнына қарай топтастырып түсінікті ететін, түйіндеп айтқанда, сөйлемдерді адам қоғамының қатынас құралына айналдырып, адамдардың бір-бірімен түсінісуін қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі деп санауға болады. Сонымен қазақ тілінің интонациялық жүйесі алғашқы рет егжей-тегжейлі зерттелуінің арқасында оның қортындылары ғылыми айналымға түсіп, интонациялық деңгейдің тілдегі орны, рөлі мен маңызы анықталып, интонология қазақ тіл білімінде, түркітануда тұңғыш рет жаңа сала ретінде танылды. Бөлім қызметкерлері «Ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қызметі мен дамуының ғылыми негіздерін зерттеу» атты іргелі зерттеу бағдарламасының «Қазақ мәтінін (сөйленімін) сегментке мүшелеудің фонетика-фонологиялық негіздері» атты тапсырмасы бойынша 2000-2002жж. ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді (З.Базарбаева, Ә.Жүнісбек, А.Фазылжанова). Сөз болып отырған кезең аралығында жүргізілген зерттеулерде жүйелі құрылым болып табылатын мәтін бүтіннен бөлшекке қарай деген методологиялық негізде қаралады. Сөз ағымындағы негізгі жетекші ой өзара мағыналық қатынасқа түсетін жеке-дара ойлар тізбегінен құралады, сондықтан олардағы просодикалық тәсілдер де белгілі бір байламда тұрады. Қазақ мәтінін (сөйленімін) сегментке мүшелеудің фонетика-фонологиялық негіздері интонация межесінде арнайы экспериментті-инструментті әдісті қолдану арқылы алғаш рет зерттелді. Зерттеудің мақсаты қазақ мәтінін сұрыптап алып, оларды алдымен күрделі фразалық тұтастыққа, құрмалас сөйлемге, күрделенген сөйлемге, жай сөйлем түрлеріне, синтагмаларға жіктеп, мәтіннің мазмұндық мүшеленуінің интонациялық көрсеткіштерін, мазмұн мен интонация және синтаксис ара қатынасын ашып көрсету болатын. Мәтіннің мүшелену нәтижесінде оның сегментті және суперсегментті бірліктері анықталады. Интонацияның мәтінді сегменттерге мүшелеуінің маңызы зор. Мәтінді сегментке мүшелеуде оның қандай бірліктерге бөлінетінін, олардың өзара қалай байланысатынын, мәтін құрамында орналасу ретін, просодикалық тәсілдердің қайсысы айырықша қызмет атқаратынын байқауға болады. Мәтін аумағында интонациялық құралдың қызметін талдау, оның интонациялық және семантикалық сипаттамаларының ара қатынасын белгілеу, мәтіннің семантикалық дәрежесін көрсетуде интонацияның рөлі ерекше, себебі ол интонациялық өлшемдер мен басқа тіл өлшемдері арасында өзара әсер түрінің тереңдігін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ интонациялық бірліктер басқа да тіл бірліктерінің байланысын, бір-біріне қатысын жеткілікті түрде көрсетіп бере алады. Сөйлеу барысында лексика-грамматикалық тәсілдермен бірге, ал кейде жалғыз өзі-ақ сөз мазмұнын, тіл бірліктерінің мағыналық ара-қатынасын жеткізе алады. Мәтін деңгейінде просодикалық тәсілдерді талдау барысында жаңа нәтижелерге жетуге болады. Мәтін мүшелеудің фонетика-фонологиялық негіздерін анықтау үшін ең алдымен оның құрамдас бөліктерін іріктеп, олардың өзара байланысу қағидаларын саралап алудан бастау керек. Мәтіннің мағыналық жіктері мен семантика-грамматикалық байланыстарын, әуеннің құбылуы, қарқынның баяулауы мен жылдамдауы, үдемелігінің күшеуі, тоналды дипазондар мен интервалдардың өзгеруі және басқа да интонациялық компоненттерінің көрсеткіштерінен байқауға болады. Сондай-ақ мәтін бөлшектері біріне-бірі ұласып, бірінен-бірі өрбіп, бірімен-бірі үндесе үйлесіп бір ойды просодикалық құралдар арқылы жүзеге асырылады. Зерттеуде мәтіннің күрделі фразалық тұтастық деңгейінде мүшеленуін, кешенді түрде, яғни функциональды-семантикалық (дискурстық бағыт) және прагматикалық (пресуппозиция тұсынан) қырларынан қарастырудың тиімділігі айқындалып, дәлелденді. Қазақ тілі мәтінінің мағыналық-тұлғалық ұстаным негізінде мүшеленген бірліктеріндегі интонация көріністері сипатталып, олардың мәтін құрамында орналасу реті айқындалды. Қазақ мәтінінің семантика-интонациялық мүшеленуіндегі просодикалық құралдар қызметі олардың әрқайсысының сөз семантикасына тәуелді түрде өзіндік көрініс тауып бірігуі нәтижесіндегі кешенді құбылыс ретінде қарастырылды. Интонацияның сөйлеу тіліндегі көріністері, оның компоненттерінің мәтін бөлшектерінде ара-қатынасы мен өзара байланысуында алатын орны және басқа да қасиеттері мүмкіндігінше жан-жақты тексеріліп, анықталды. Мәтіннің құрылымы мен жасалуына қызмет атқарып, әрі ондағы айтылған сөздің коммуникативтік мағынасын, эмоциялық-экспрессивтік қырларын анықтауда сөз әуенінің көтерілуі мен бәсеңдеуі, сөз бөлшектерінің белгілі бір уақыт аралығындағы ұзақтылығы, сөз ағымындағы кідіріс, айтылымның қайсыбір бірлігін ерекшелеп тұлғаландырудағы қарқын мен үдемелік және адамның көңіл-күй ахуалын жеткізудегі дауыс реңкінің рөлі экспериментті әдістер арқылы сипатталды. Интонация және оның бірліктері мен компоненттерінің қазақ тілінің түрлі синтаксистік құрылымдарында өзара әрқилы күрделі қатынастарға түсіп, мәтін сегменттеуде, мәтін бөлшектерін семантикалық-құрылымдық топтарға бөлуде, оларды бір-бірімен байланыстыруда мәні зор екені эксперимент арқылы дәлелденді. Сөйлеу тіліндегі синтаксистік құрылымдардың аяқталған-аяқталмағандығы, олардың кідіріс арқылы бөлінуі, ол құрылымдардың интонациясының әуені, қарқыны, ұзақтылығы, үдемелігі, тональды диапазоны мен деңгейі ондағы айтылған ойдың мазмұнына тікелей қатысып, мәтіннің сегменттерге мүшеленуінде зор қызмет атқаратыны дәлелденді. Қазақ тілі фонетика саласында әлі де болса да түпкілікті шешілмеген мәселелер жеткілікті, мысалы қазақ тілінің тарихи фонологиясы кенжелеп жатыр. Сондықтан Институттың фонетика бөлімі мемлекеттік тапсырыс бойынша тарихи фонетикасы мен диахрондық фонология проблемаларымен шұғылданып, мынадай мақсат қойып отыр: қазіргі қазақ және туыстас түркі тілдерінің фонетика-фонологиялық құрылымдарына сүйене отырып, салыстырмалы-тарихи әдістер арқылы олардың дыбыс жүйелеріне диахрондық аспектіде фонологиялық талдау жүргізу. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 2009-2011 жылдарға жоспарланған іргелі зерттеу бағдарламасының «Қазақ тілі фонологиялық жүйесін диахрондық аспектіде зерттеу» (жет. З.М.Базарбаева) деген тақырып бойынша жұмыс істелініп жатыр. Бұл тақырып 2006-2008 ж. орындалған жұмыстың жалғасы болып табылады. Сонда қазақ тілінің фонетика-фонология жүйесіндегі дыбыстың дивергенция процесі мен фонологизация құбылысының тарихи негізі тілдің дыбыстық құрылымы дамуының шешуші факторы ретінде ретроспекциялық тұрғыдан зерттелген. Фонологизация құбылыстары негізінде дыбыстардың фонематикалық статусқа көтерілуі қарастырылды. Дыбыстардың позицияға байланысты аллофондары дербес фонемаларға ауысу процесі зерттелінді. Қазіргі түркі тіліндегі дауысты дыбыстардың сипаты көне түркі ескерткіштерімен байланысты қаралды. Дауысты дыбыстардың құрамы мен функциясы анықталып, ата түркі тіліндегі вокализмнің сипаты салыстырмалы әдіс арқылы нақтыланды. Қазақ тілі фонология жүйесінің даму кезеңдері мен қалыптасу жолдары белгіленіп, тарихи факторлар мен заңдылықтар анықталды. Орындалып жатқан зерттеу диахрондық фонология мәселелерін үш принциптің (жүйелілік, тарихилық, себептілік) аясында қарастырылды. Түркі тілдерінің вокализм мен консонантизм жүйелерінің даму тарихы мен кезеңдері салыстырмалы-тарихи әдістер арқылы сипатталды. Фонетика-фонология құбылыстарының нәтижелерімен бірге байырғы дыбыс жүйелерінің дамуына себеп болған механизмдер де тарихи факторлар арқылы анықталды. Туыстас тілдермен қатар туыстас емес тілдердің де фонологиялық құбылыстары мен заңдылықтары ескерілді. Салыстырмалы-тарихи әдістерге сүйене отырып, вокализм мен консонантизмнің ата тілі моделін жасауда диалектілік және типологиялық материалдар да қарастырылды. Сонымен туыстас түркі тілдерінің вокализм мен консонантизм жүйелерін бір-бірімен салыстыра отырып, олардың ұқсастығы мен ерекшеліктері анықталады және фонетикалық жүйелердің тарихи даму кезеңдері белгіленіп, фонемалардың пайда болу және қалыптасу жолдары сипатталады. Салыстырмалы-тарихи әдістердің негізінде туыстас түркі тілдерінің жақындық дәрежесі мен ортақ белгілері айқындалады және вокализм мен консонантизм жүйелерінің ататілі моделі жасалады. Түркі тілдерінің генеологиялық классификациясының негізінде олардың дыбыс жүйелері диахрондық аспектіде зерттеледі. Түркі тілдерінің даму кезеңдері анықталып, әр кезеңге тоқталып, әсіресе бізге қатысты тілдердің қыпшақ тобы қарастырылады. Салыстырмалы-тарихи әдістерге сәйкес алдымен туыстық жағынан жақын тілдердің дыбыс жүйелері зерттеледі. Ең алдымен олардың генеологиялық жақындығы ескеріліп, қазақ тілінің фонологиялық жүйесі қыпшақ тобына кіретін қарақалпақ татар, башқұрт тілдерінің фонема жүйелерімен қатар зерттеледі. Кейін қазақ тілінің фонологиялық заңдылықтары қарлұқ тобына енетін өзбек, ұйғыр тілдерімен де салыстырыла қарастырылады, себебі бұл тілдердің ара жігінің айырылуы шамамен XIV–XV ғасырға таман келеді. Сондай-ақ қазақ тілінің дыбыс құбылыстары оғыз тілдерімен де салыстырыла зерттеледі. Туыстас түркі тілдерінің вокализм мен консонантизм жүйелерін бір-бірмен салыстыра отырып, олардың ұқсастығы мен ерекшеліктерін анықтап, соның нәтижесінде фонетикалық жүйелердің тарихи даму кезеңдері анықталады. Сонымен қазіргі түркі тілдерінің белгілі фонетика-фонологиялық құрылымдарына сүйене отырып, ретроспекция арқылы жалпы түркі тілдерінің ататілі моделі ұсынылады. Зерттеу барысында алынған нәтижелердің теориялық және практикалық мәні зор. Қазіргі түркі тілдерінің үлкен бір бұтағын құрайтын қыпшақ, қарлұқ, оғыз тобындағы тілдер мен көне түркі дәуіріндегі жазба ескерткіштер тілін вокализм, консонантизм, морфонология тұрғысынан зерделеу тарихи фонетика, тарихи грамматика, лексикология, этимология проблемаларымен айналысуға жол ашады. Сондай-ақ, қазақ тілінің салыстырмалы және салғастырмалы тіл білімінің дамуына да тарихи фонетиканың зерттелуінің маңызы зор екені дау тудырмайды. Себебі қазақ тілі тарихи фонетикасының дыбыс құбылыстарын анықтау үшін ең алдымен туыстас түркі тілдерінің және қосымша туыстас емес тілдердің материалдарын ұқыптылықпен қарастыру керек. Жұмыста алынған нәтижелерді жоғары оқу орындарында түркітануға кіріспе, көне түркі тілі, түркі тілінің салыстырмалы грамматикасы, қазақ тілінің тарихи грамматикасы пәндері бойынша дәріс оқуда пайдалануға болады және тарихи фонетикадан студенттерге бағдарлама мен силлабус дайындауға болады. Ұлттық тіліміздің қазіргі лексика-грамматикалық формаларының даму эволюциясын, лексика-фразеологиялық бірліктерінің этимологиясын көрсетуде дыбыстардың архетиптері мен байырғы, түркі ататілінің фонемаларының құрамын анықтаудың маңызы ерекше. Бөлімнің жас қызметкерлері тарихи фонетика мәселелерімен шұғылданып, кандидаттық диссертацияларын қорғап (Ж.Жұмабаева), талқылаудан өткен (Н. Оспангазиева). А.Фазылжанова бұл тақырыпты докторлық диссертация деңгейінде орындап жатыр. А.Аманбаева тарихи морфонология мәселелерімен шұғылданып жүр. Бөлімнің қызметкерлері теориялық проблемалармен бірге қолданбалы мәселелермен де шұғылданады. «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы – егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу тапсырмасының «Қазақ мәтінін (сөйленімін) синтездеудің фонетика-фонологиялық негіздері және компьютерлік бағдарламасы» (2003-2005жж.) атты бағыт бойынша зерттеу жүргізілді (З.Базарбаева, Ә.Жүнісбек, А.Фазылжанова, А.Аманбаева). Фонетика-фонологиялық теориялардың негізінде, қазақ тіл білімінде және жалпы түркологияда да әлі қаралмаған сөз синтездеу және оның компьютерлік бағдарламасы деген күрделі проблема қолға алынды. Бұл проблемаға демеу болатын теориялық және практикалық зерттеулер баршылық. Қазақ тілінің дыбыс және интонация жүйелері айтарлықтай экспериментті түрде зерттелінді. Әрбір дыбыс, буын, сөз, сөз тіркесі, көлемді мәтіндердің фонетика-фонологиялық сипаттамалары мейлінше қаралды. Сондай-ақ қазақ тілінің сегментті және суперсегментті бірліктері анықталды. Оларға артикуляторлық-акустикалық талдау жасалды. Үндесім фонема мен интонемалардың варианттары айқындалып, олар модель, кесте түрінде берілді. Бұл қолданбалы проблеманы шешудің нәтижесінде қазіргі өмір талабына сай біраз жұмыстар атқаруға болады. Соңғы кезде бүкіл әлемде сөзтанушы компьютерлік бағдарламалар шығару жұмысы жүргізіліп отырғаны баршаға аян. Мысалы пернетақтадан мәтінді тергенше, оны ауызша айтқан анағұрлым ыңғайлы. Кейбір жағдайларда, мысалы автокөлік жүргізгенде, цифрлы құралдармен хабар алмасудың осы түрі айтарлықтай қауіпсіз болады. Ал зағип болып қалған немесе көру қабілеті төмен адамдар үшін – бұл компьютермен хабарласудың бірде-бір мүмкіншілігі. Бірақ хабарлау үшін компьютердің дауысын есіту керек емес пе? Сондықтан сапалы тіл интерфейсі тілді танып қана қоймай оны құрастыра (синтездеу) білуі, яғни сөйлесімге жағдай жасап, оны туындата білуі керек. Сөз синтездеу дегеніміз – бұл сөйлеп тұрған адам мен компьютер арасындағы жаңа байланыс арнасы. Оны қолданудың оңай көзі – мәтінді, тіпті кітаптарды дауыстатқызу және телефон арқылы арнайы кеңейтілген мәлімет, мысалы ақпарат қорынан заң мәтінін алу. Сөз синтезаторы не істей алуы керек? Олардың негізгі ролі – жазылған мәтіндерді дауыстау. Қазақ тілтанымының кенжелеп қалып отырған саласы қолданба-қолғанат қондырғылар құрастырудың теориялық және техникалық негіздемесі болып отыр. Сондықтан қазақ мәтінін синтездеу амалын қарастыру осы зерттеудің маңызын көрсетеді. Зерттеудің мақсаты – қазақ сөйленімінің сегментті және суперсегментті модельдеріне сүйене отырып, қазақ мәтінін синтездеудің фонетика-фонологиялық негіздерін анықтау. Зерттеу нысаны – жасанды тіл мәтіні: үндесім сегменттер, үйлесім сегменттер және ырғақты топтар, синтагмалар, сөйлемдердің интонациялық көрсеткіштері, интонемалар және оның варианттары. Сөйлемдеpдiң құрылымдық-коммуникативтiк түpлеpiне сүйене отырып, интонациялық ерекшеліктерін экспеpименттi әдістер арқылы зеpттеп, олаpдың түpлi модельдеpiнiң просодикалық көpiнiстеpi сипатталды. Сөйлеу актісінің құрылу ұстанымдарымен, оның қандай бөлшектерге мүшеленуі және оның бөліктерінің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы мен оларды синтездеуде сегментация тәсілдерінің қайсысы семиологиялық мағына ажыратушы қызмет атқаратындығы анықталды. Сөз легінің мағына жағынан бөлшектеніп қабылдануында интонацияның мелодикалық, темпоральдық, динамикалық құралдарының қызметі айқындалды. Интонация сөйлеу (мәтін) бірліктерін өзара ұйымдастыру мен біріктіруге қызмет ете отырып, олардың арасындағы логикалық байланыс дәрежесін көрсетіп, оларды мағыналық үзіктерге бөлетіні эксперимент арқылы дәлелденді. Сөз актісін мүшелеуде және біріктіруде ырғақтық, синтагмалық, фразалық, логикалық және басқа да екпін түрлері үлкен рөл атқаратыны айқындалды. Қазақ тілінде айтылған сөз актісінің (мәтіннің) семантика-интонациялық мүшеленуі мен бірігуі фонетикалық және семантика-интонациялық ең кіші бірліктер болып саналатын ырғақты топтар мен синтагмалар арқылы жүзеге асатыны дәлелденді. Қазақ сөзін синтездеуге қатысатын интонацияның компоненттері мен қызметі және қазақ сөйленімін құрайтын интонема модельдері жан-жақты сипатталып, қазақ мәтінін (сөйленімін) синтездеудің суперсегментті негіздері анықталды. Мәтін синтездеуге қатысатын просодикалық бірліктердің сипаттамасы берілді және интонема модельдерін ажырататын акустикалық параметр көрсеткіштері белгіленді. Сондай-ақ эксперименттік-фонетикалық талдау негізінде қазақ тілінің сегментті және суперсегментті бірліктерінің позициялық және комбинаторлық варианттары қарастырылды. Әрбір бірліктің фонологиялық қызметі мен фонетикалық табиғаты ашылды. Негізгі және үстеме белгілердің фонетикалық сипаты анықталды. Интонация түрлерінің фонетикалық ықпалы белгіленіп, оның дыбыс түрленіміне әсері айқындалды. Қазақ тіліндегі сегменттердің құрамы мен жүйесі айқындалып, олардың кестесі мен модельдері түзілді. Қазақ мәтінін құрап тұрған бөлшектерге ыдыратудың фонетика-фонологиялық жолдары айқындалып, тіл құрақтарын іштей ұйыстырып тұрған фонетика-фонологиялық белгілерінің басы ашылды. Сөйтіп қазақ мәтінінің (буын, сөз, сөз тіркесі, сөйлем) табиғи естілімін қамтамасыз ететін тілдік белгілер түгенделді. Дыбыс түрленімінің акустика-артикуляторлық модельдері, кестелер мен сызбалар дайын болды. Қазақ интонациясының интонема модельдері, оның варианттары мен вариациялары анықталды. Эксперимент арқылы алынған нәтижелер осы бағыттағы теориялық және практикалық зерттеулерді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Зерттеу қолданба тілтаным саласында сөз болып отырған мәселе бойынша компьютерлік бағдарлама жасаудың лингвистикалық және әдіснамалық негізі болып табылады. Сонымен сөз синтездеу және оның компьютерлік бағдарламасы деген зерттеу проблемасынан елеулі қорытынды күтілуде. Атап айтқанда, қазақ тілінің жасанды сөйленім үлгілерін дайындауға жол ашылды. Қазақ сөзінің табиғи дыбысталу жолдарын анықтап, жасанды сөз, мәтін құрастырылды. Қолданбалы проблемалар аясында 2007-2009 жж. «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі» атты қолданбалы зерттеу бағдарламасы бойынша «Қазақ тілін өзге тілді ұлттар өкілдеріне оқытудың ғылыми-дидактикалық негіздері және оның бағдарламасы» деген тақырыпта ғылыми зерттеу жүргізілді (жет. З.М.Базарбаева). Жұмыстың мақсаты: тіл білімінің жаңа бағыты болатын интонология туралы мәліметтер беріп және оның заңдылықтарын, сөйлеу тіліндегі ерекшеліктерін көрсетіп, тапсырмалар мен жаттығулар арқылы өзге ұлт өкілдеріне қазақ интонациясын үйрету. Қазіргі таңда өзге тілді ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудің әр түрлі әдіс-тәсілдері қарастырылып жатқаны белгілі. Сондықтан бұл жұмыста просодикалық тәсілдер арқылы тілді үйренудің әдістері қарастырылды. Сонымен қатар оқыту технологияларын, яғни білім беру әдіс тәсілдері мен оқыту құралдарын қазақ тілі бойынша білім берудің теориясы мен практикасы межесінде ұтымды қолданудың жолдары белгіленді. Жұмыста қазақ тілін «екінші тіл», яғни қазақ тілін өзге тілді ұлт өкілдеріне оқытудың теориялық мәселелері, оның формалары мен әдістері зерттеледі. Қазақ тілін «екінші тіл» ретінде оқыту жүйесі мен оны тәжірибелік және теориялық тұрғыдан үйрету жолдары, берілетін білім көлемі, білім берудегі негізгі ұстанымдар, әдістер мен тәсілдер, олардың жіктелуі мен құрылымы дидактикалық теориялар негізінде қарастырылды. Қазақ тілін басқа тілді ұлттарға оқытудағы тілдік және танымдық материал мазмұны ғылыми тұрғыда қарастырылып, сөйлеу тілін үйрету үшін қажетті білім қорын сұрыптау, таңдау жолдары коммуникация теориясы және прагмалингвистика аясында зерттелді. Интонема модельдерінің варианттары, вариациялары, олардың сөз ағымындағы көрінісі, просодикалық тәсілдердің түрлері сияқты өзге тілді ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуға қажетті білімдер сараланды. Өзге тілді ұлт өкілдеріне арналған суперсегментті фонетикаға қатысты экспериментті-фонетикалық талдаулар жүргізудің нәтижесінде қазақ тілі интонациясының түрлеріне беретін жиырма жеті варианттан тұратын интонема модельдері анықталып сипатталды. Жұмысының нәтижесі ретінде өзге тілді ұлт өкілдеріне қазақ тілі интонациясын оқытудың негізінде жаттығулар мен тапсырмалар ұсынылды. 2007-2009 жж. «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі» атты қолданбалы зерттеу бағдарламасы бойынша «Латын әліпбиіндегі оргтехника құрастырудың лингвистикалық негіздемесі» деген тақырыпта ғылыми зерттеу жүргізілді (жет. А.Жүнісбек). Үндесім түйметақта латын таңбалары негізінде құрастырылатын болғандықтан, қазақ жазуына жасалатын реформаның теория-практикалық негіздемесі талданды. Фонетика-фонологиялық талданым нәтижесінде латын таңбасына негізделген қазақ әліпбиінің ұлттық нұсқасы мен интернет нұсқасының жобасы дайындалды. Қазақ тілінің төл әріптерінің (таңбаларының) кездесім жиілігі анықталып, кестеге түсірілді және көрнекі сызбасы жасалды. Қазақ тілінің төл әріп-таңбаларының кездесім жиілігіне қарай олардың түйметақтадағы орны белгіленеді. Түйметақтаның екі әуезді үлгісі ұсынылып, оның мәтінтерім реті көрсетілді. Түйметақтаның төрт әуезді үлгісі ұсынылып, оның мәтінтерім реті көрсетілді. 2007-2009 жж. «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі» қолданбалы зерттеу бағдарламасының «Мультимәдени қоғамдағы тілдік сәйкесімділік (лат. identikus): мемлекеттік тілді лингвомәдени-семиотикалық жүйелер негізінде меңгертудің лингвистикалық аспектісі» атты ғылыми-зерттеу жүргізілді (жет. А.Фазылжанова). Қазіргі кездегі мультимәдениеттілік меп мультимәдени қоғамдардың типтері мен түрлері анықталды; олардың этникалық және әлеуметтік сияқты негізгі типтері болатыны көрсетілді, олардың ішінде қазіргі Қазақстан үшін тиімді болатын үлгі ізделіп, бірқатар басқа мәдениеттердің болуымен қатар мемлекетқұрушы ұлттың мәдениетіне үстем (доминант) мәдениет түрінде басымдық беретін мультимәдени қоғам үлгісі тиімді ретінде ұсынылды. Мультимәдениет («мультикультурализм») түрлерінің тілдік бірегейлікке қатысы, онымен байланыстылығы көрсетілді. Тілді өзге ұлт өкілдеріне, болашақ полилингвитерге үйретуде ортақ ұлттық бірегейлік қалыптастыру үшін лингво мәдени-семиотикалық таңбалар жүйесін, ұлттық концептілерді, әлемнің тілдік бейнесінің ұлттық элементтерін, ұлттық стереотиптер мен аялық білімдер жүйесін меңгерту қажет екені анықталды. Қазақ тілін тіл үйренуші мен қазақ тілін ана тілі ретінде тұтынушы кез келген Қазақстан азаматы білуге тиіс қазақ тілінің әлеуметтік, тарихи, мәдени, лингвистикалық параметрлері анықталды, яғни қазақ тіліне қатысты ғылыми дискурта репрезентацияланған білімдер жүйесі берілді. Тілдік бірегейлік, ұлттық бірегейлік аспектілеріндегі мемлекеттік тілге оқытудың жаңа тұжрымдамасының ғылыми лингвистикалық, лингвосоциологиялық негіздері көрсетіледі. Тілдік бірегейліктің негізі болып табылатын қоғамдық сананың эстетикалық, саяси, ғылыми сияқты т.б.түрлері анықталды. Тіл мен мәдениеттің байланысын көрсететін лингвомәдени тілдік таңбалардың парамеологизмдер, бейэквивалентті лексика, сияқты т.б. түрлері айқындалды. Лингвомәдени тілдік таңбаларды тіл үйрету курс, бағдарламаларына енгізу көздері ретіндегі қазақ тілінің жаңа сападағы нормативті сөздіктері көрсетілді. Жаңа тілтанымдық, лингвомәдени білімдер жүйесінің көздері ретіндегі қазіргі қазақ тілінің сөздіктеріндегі жаңартпалар анықталды. Жаңа білімдер жүйесі мен тілтанымдық жаңартпалардың қазақ тілі пәні мазмұнын байытудағы рөлі көрсетілді. Жаңа мазмұндағы қазақ тілін оқытудың жаңа тұжырымдамасының тілдік бірегейлікті қалыптастырудағы маңызы айқындалды. Мектеп бағдарламасы мазмұнына енгізуге болатын қазақ тілінің жаңа түсіндірме сөздігіне енгізілген лингвомәдени-семиотикалық бірліктер және олардың ұлтты бірегейлендіруші когнитивтік, мәдени мазмұны көрсетілді. 1. Сонымен, қазіргі таңда қазақ тілі фонетикасының жүйесі мынадай ғылыми бағыттар аясында зерттеліп келеді: 2. дәстүрлі фонологиялық бағыт; 3. сингармониялық бағыт; 4. интонология бағыты; 5. тарихи фонология бағыты; 6. қолданбалы фонетика бағыты. Фонетика бөлімі болашақ бағдарламасында қазақ тілі дыбысының қорын жасау деген бір үлкен проблеманы алға қойып отыр. Бұл әрине бір екі жылдың жұмысы емес, ұзақ перспективті жоспар. Біріншіден, белгілі жазушылардың, саясаткерлердің, ғұлама ғалымдардың, әртістердің сөйлеген сөзін таспаға жазып алып, фонетика бөлімінің қорына енгізу. Бұл қазақ қоғамындағы элитаның дыбыс қоры ретінде сақталып, қазақ сөйлеу тілінің үлгісі болып табылады. Олардың сөйлеген сөзі кітаби тілдің ауықымында ресми іс қағаз, ғылыми, көркем әдебиет, публицистикалық стильдердің ауызша түріне жатады. Қоғам қайраткерлерінің сөйлеген сөзі сегментті және суперсегментті фонетиканың орфоэпиялық нормасына сәйкес келіп, синтагмалардың ара-жігі, ой екпіні мен кідірісі тиісті жерінде дұрыс белгіленіп, дауыстың көтерілуі мен бәсеңдеуі, баяулауы мен жылдамдығы ескеріліп, қалың жұртшылыққа ұсынылады. Болашақта ана тіліміздің дыбыс және интонациялық жүйесі әдеби тілдің нормасына сәйкес қолданылып, сөйлеу сөзінің үлгісі ретінде қалыптасатынына сенеміз. Екіншіден кітаби тілдің ауызша түрі мен қатар дайындықсыз (спонтанды) сөздің де үлгілері берілуі тиіс. Екі немесе үш адамның диалог, полилогта сөйлеген сөздерін таспаға жазып алып, дайындықсыз сөз ағымында көрінетін просодикалық тәсілдердің заңдылықтары да ескеріледі. Дискурсқа қатысушылары нақтылы берілген жағдаятта ауызша (вербальды) түрде қолданылатын тәсілдерді мейлінше аз пайдаланып, сөз арқылы жеткізілетін ақпараттың орны әуен, қарқын, үдемелік және басқа да қарым-қатынас құралдарымен (вербальды емес) толықтырылады. Дайындықсыз (спонтанды) сөйлеуге тән диалогта кейбір сөйлемдердің дыбыстары жұтылып кетеді, кідірістің хезитация және вокалданған түрлері жиі кездеседі. Үнемдеу принципіне сәйкес дайындықсыз сөз легінде уақыт үнемдеу мақсатымен кейбір сөз қысқарып айтылады. Сонымен кітаби тілдің ауызша түрі мен дайындықсыз (спонтанды) ауызекі сөздің өзгешеліктері анықталып, фонетика бөлімінің қорына енгізіліп, үлгі ретінде халыққа ұсынылады. Сондай-ақ бұрыннан келе жатқан жазу тілінің байлығын көрсететін қағазға түскен картотекалық қор мен қатар ана тіліміздің дыбыс қоры да сөйлеу үлгісі ретінде Тіл білімі институтының жанында сақталады деп сенеміз.

Бөлім айналысатын негізгі тақырыптары

  • қазақ тілінің тарихи фонетикасы (вокализм мен консонантизм жүйесі);
  • қазақ тілі фонологиялық және морфонологиялық жүйелерінің диахрондық аспектісі;
  • фонема теориясының қазақ тіліндегі көрінісі;
  • фонема айырым белгілерінің тарихи өзгерістері және эволюциясы;
  • қазақ тілінің фонетика-фонологиялық қоры;
  • вокализм мен консонантизм жүйелерінің жіктеу принциптері;
  • интонологияның негізгі мәселелері мен қағидалары;
  • қазақ тілінің просодикалық қоры;
  • интонация бірліктерінің прагмалингвистикалық сипаты;
  • сингармониялық теориясының негізгі ұстанымдары;
  • қазақ тілінің сөйлеу тілі фонетикасы;
  • сөйлеу тілінің акустикалық және физиологиялық ерекшеліктері;
  • артикуляторық, акустикалық және перцептивтік фонетиканың модельдері;
  • сөз синтездеудің теориялық негіздері және практикалық қолданысы;
  • буын теориясы;
  • морфема мен сөздің фонологиялық ерекшеліктері.

Бөлім қызметкерлері туралы ақпарат

Ә.Жүнісбек - фонетика бөлімінің бас ғылыми қызметкері

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, 1938 жылы 12 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы (қазіргі Отырар ауданы), Қарғалы аулында туылған. 1955 жылы Түркістан қаласындағы № 19 қазақ орта мектебін бітірген. 1958 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсіп, 1963 жылы бітіріп шыққан. Университет бітірісімен ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының (қазіргі ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты) Фонетика бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1964-1967 жылдары А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетіндегі (қазіргі Санкт-Петербург университеті) акад.Л.В.Щерба атындағы Фонетика лабораториясында тәлімгер-зерттеуші болып өткізеді. 03.02.64 – кіші ғылыми қызметкер, 28.03.75 – аға ғылыми қызметкер, 30.01.86 – бөлім меңгерушісі, 01.01.01 – бас ғылыми қызметкер. 1995-2008 жылдар арасында Жоғары аттестация комиссиясының сараптау тобының мүшесі.

Ленинград университетінің профессоры Л.Р.Зиндердің ғылыми жетекшілігімен 1969 жылы «Қазақ тілінің дауысты дыбыстары» атты тақырып бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, 1989 жылы «Түркі тілдерінің сөз просодикасы және қазақ тілінің сингармонизмі» атты тақырып бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғап шығады. 1999 жылы профессор ғылыми атағын алады. 1999 жылы профессор ғылыми атағын алады. Ә.Жүнісбек қазақ фонетикасына, орфография мен орфоэпия мәселелеріне, сингармонизм теориясына зор еңбек сіңірген ғалым. Ол жалпы, түркі және қазақ тілтанымындағы сөзқұрауыш (просодика слова) мәселесі; қазақ тіліндегі сингармонизм (үндесім түрленім) заңы; қазақ тілінің артикуляциялық базасы (моделі) құрамындағы артикуляциялық үлгілер; қазақ тіліндегі буын және морфеманың дыбыс құрамы мен желісі (линейная величина); латын әліпбиіне көшу мәселелері; қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету әдістемесі мәселелерімен айналысады.

Сингармониялық бағыт Ә.Жүнісбек еңбектердің арқасында қалыптасып, ғылыми айналымға түсіп, қалың оқырманға танымал болды. (Қазақ грамматикасы. Астана, 2002 (сегментті фонетика бөлімі); Қазақ фонетикасы. Алматы, 2009. Введение в сингармоническую фонетику. Алматы, 2009. Қазақша-орысша фонетикалық сөздік. Орал, 2009). Аталған бағыттың ұстанған принциптері мынадай: сөздік екпін бар жерде тон мен сингармонизм болмайды, тон бар жерде сөздік екпін мен сингармонизм болмайды, сингармонизм бар жерде сөздік екпін мен тон болмайды. Қазақ тілі үндесім (сингармониялық) тіл болғандықтан, оның дыбыс құрамына тән ұғымдар мен атаулардың өз ерекшелігі болады. Ә.Жүнісбек Демирел және Абай университеттерінде «Теориялық (академиялық) қазақ фонетикасынан» дәріс (аптасына 1 сағат) беріп келеді. Әр жылдары Халықаралық ИНТАС қорының (бұрынғы Кеңес республикаларының ғалымдарына көмек қоры), Халықаралық «Сорос-Қазқстан» қорының (үш дүркін), Аджип ККО компаниясы гранттарының иегері, Қазақстанның «Ұлттық идея» бағдарламасы бойынша тақырып жетекшісі. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталады. Мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Нұр Отан» ХДП-ның ІІ дәрежелі Дипломымен (2009) марапатталған. Талапкерлерге ғылыми жетекшілік жасап келеді.


БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Базарбаева Зейнеп Мүсілімқызы – филология ғылымдарының докторы, профессор.

Базарбаева Зейнеп Мүсілімқызы 1952 жылы 3 қыркүйекте Алматы қаласында туған. 1970 жылы Алматыдағы № 35 орта мектебін бітірген. 1975 жылы Морис Торез атындағы Мәскеу мемлекеттік шет тілдер институтын (қазіргі Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті) бітіріп шыққан. Осы институтта аспирантураны аяқтап, еңбек жолын 1981 жылы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкерліктен бастап, аға ғылыми қызметкер, ғалым хатшы, бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді (1986-2000 ж.ж.). 2001 жылдан бастап қазірге дейін Фонетика бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. З.М.Базарбаева «Интонация вводных единиц в языках различного типа (на материале французского, казахского и русского языков)» атты кандидаттық диссертация (1983) және «Қазақ тілінің интонациялық жүйесі» атты докторлық диссертация (1997) қорғады. 2002 жылы профессор ғылыми атағын алады. З.М.Базарбаева салғастырмалы-типологиялық, жалпы тіл білімі және түркі тіл білімі саласы бойынша жетекші ғалымдардың бірі. Түркі тілдеріндегі жаңа бағыт – интонология саласын зерттеп, қазақ интонологиясының негіздерін қалыптастырған еңбектер жариялады: «Типологическое исследование интонации вводных единиц (на материале французского, казахского и русского языков), (1991)»; «Қазақ тілінің интонациялық жүйесі» (1996); «Қазіргі қазақ тілінің интонация негіздері» (2002); «Строй казахского языка» (1991), (авторлар ұжымы); «Қазақ грамматикасы» (2002), (авторлар ұжымы); «Казахская интонация» (2008), «Қазақ тілі: интонология, фонология» (2008). Қазақ интонациясы жүйелі түрде, кешенді зерттеліп, теориялық принциптері мен әдістері, тілдік бірліктері (интонемалары), оның просодикалық тәсілдерінің (әуен, қарқын, үдемелік, кідіріс т.б) сөйлем, мәтін, дискурста көрінісі мен қызметі анықталып, эксперименттік талдау негізінде қазақ интонациясының теориясы жасалып, интонология қазақ тіл білімінде, түркітануда тұңғыш рет жаңа сала ретінде танылды. Интонология саласы бойынша жоғары білікті мамандар дайындады. Фонология саласына арналған еңбектерінде фонема теориясының қазақ тіліндегі көрінісі, әлемдік фонологиялық мектептер, диахрондық фонология, фонологизация құбылыстарының тарихи негіздері деген проблемалар қазақ тілтанымында алғаш рет сөз болады. Қазіргі кезде З.М.Базарбаева қазақ лингвистикасы және түркітану проблемалармен қатар айналысып, интонология, коммуникативтік синтаксис, қазақ сөзін талдау мен синтездеу, тарихи фонетика, диахрондық фонология салалары бойынша 2000 жылдан бері бүгінгі күнге дейін іргелі және қолданбалы зерттеу бағдарламалары аясындағы зерттеу тақырыптарына ғылыми жетекшілік етіп келеді. З.М.Базарбаева 1998-2008 жылдар аралығында Қайнар университетінде халықаралық факультетінің шет тілдер кафедрасының меңгерушісі және қазақ филологиясы кафедрасының профессоры болып жұмыс істеді. 2009 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде профессоры ретінде дәріс оқып, PhD мен магистранттарға арналған қазақ тілінің фонетикасы, фонология, интонология салалары бойынша типтік бағдарламаларын дайындады. Сонымен бірге З.М.Базарбаева іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша ұсынылған ғылыми зерттеу жобаларын бағалауда Конкурстық комиссия мүшесі (2000-2006) және Жоғары аттестациялық комитеттің (ЖАК) мүшесі (2000-2003) болып қызмет атқарды. Институт жанындағы диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары, республикалық ғылыми «Хабаршы» журналының редакция алқасының мүшесі, «Тілтаным» журналының жауапты редакторы жұмысын атқарып келеді. Аджип ККО компаниясы гранттарының иегері. 2008 жылы «10 жыл Астана» мерекелік медалімен марапатталды. Эл. почта: ZeynepMB@mail.ru


А.Фазылжанова - фонетика бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Фазылжанова Анар Мұратқызы 1974 жылы Талдықорған облысы Ақсу ауданы Жансүгір кентінде туған. 1980 жылы Ақсу ауданы Қаракөз кеңшарының Қызылорақ орта мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, 1991 жылы орта мектепті Жансүгір кентіндегі қазіргі Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің 11сыныбын «Алтын медальмен» үздік бітірді. Осы жылы Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Филология факультетіне Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті, қосымша тарих мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1996 жылы оқу орнын үздік дипломмен аяқтап шықты. 1996 жылдың қарашасында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы аспирантураның күндізгі бөліміне оқуға түсті. 1999 жылы желтоқсанда аспирантураны бітіріп, 2000 жылдың мамырында З.М.Базарбаеваның ғылыми жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі қосқұрамды құрмалас сөйлем интонациясы (эксперименттік-фонетикалық зерттеу)» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша қорғап шықты. Осы жылдан бастап бүгінгі күнге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп келеді. 2004 жылдан 2008 жылдар аралығында Институттың ғалым хатшысы лауазымын атқарды. А.М.Фазылжанова 2001-2003 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазіргі қазақ тілі мен әдістемесі теориясы кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді. Осы уақытта қазіргі қазақ тілінің фонетикасы, морфологиясы, синтаксисі, сондай-ақ Паралингвистика, Компьютерлік лингвистика сияқты курстардан дәріс оқып, семинар сабақтар жүргізді, қазақ филологиясы магистранттарына арналған «Компьютерлік лингвистика», «Паралингвистика», студенттеріне арналған «Морфология» курстары бойынша типтік және жұмыс бағдарламаларын әзірледі.

1999-2002 жылдары Талантты жас ғалымдарға арналған ҚР Президентінің стипендиаты, 2007 жылы М.Әуезов атындағы талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік сыйлықтың иегері, 2008 жылы ҚР Тұңғыш Президенті қорының Ғылым мен техника саласындағы премиясының лауреаты атанды. 2007 жылы «Дүниежүзі қазақтары және ортақ жазу: қазақ жазуының латын қаріпіне көшу мәселелері» атты Халықаралық дөңгелек үстелдің қатысушысы, Қазақ жазуын латын графикасына көшіру мәселесі бойынша (Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан) түркі елдерінің тәжірибесін зерттеу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған кешенді ғылыми экспедиция мүшесі болды. Фазылжанова Анар Мұратқызы қазақ тілінің сегментті, суперсегментті фонетикасы, интонация, интонологиясы, қазақ интонациясы мен синтаксисі, пунктуациясының арақатынасына, қазақ тілінің тарихи фонетикасы, нормативті сөздіктер түзу тәжірибесі, орфографиясы мен орфоэпиясы, сөз сазы мен просодикасы, ауызша сөз мәдениетіне, сондай-ақ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарыққа шыққан қазақ сөздіктеріндегі тілтанымдық білімдер жүйесіне, оларды оқу процесіне енгізуге, қазіргі Қазақстандағы тілдік жағдаятқа байланысты мемлекеттік тілді оқытудың жаңартпаларына, мультимәдениеттілік пен тілдік бірегейлікке, мемлекеттік тілді дәріптеуге және латын қаріпіне көшкен түркі тілдес мемлекеттердің лингвистикалық тәжірибесіне т.б. мәселелерге арналған ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалар желісінің, бастаушыларға және 10 сыныпқа арналған қазақ тілінің оқу құралдарының авторы, орфоэпиялық анықтағыш пен екітілді және нормативтік сөздіктерді құрастырушылардың бірі. Қазіргі кезде ол қазақ тілінің тарихи фонетикасы бойынша докторлық диссертациясы тақырыбы бойынша зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. Ол мемлекеттік тілдің теле-радиоараналардан дәріптеліп насихатталуына белсенді араласып жүрген жас ғалымдардың бірі. Сондай-ақ 2008 жылдан бері ҚР Тұңғыш Президенті қорының жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, 2007 жылдан бері ҚР БжҒМ Хабарларының (бұрынғы ҰҒА Хабарларының) Филология сериясы басылымының Тілтаным саласы бойынша жауапты шығарушысы болып қоғамдық негіздегі жұмыстарды атқарып келеді.


А.Аманбаева - фонетика бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Аманбаева Айсәуле Жантемірқызы 1974 жылы 23 ақпанда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жаңақазалы поселкесінде дүниеге келген. 1981-1991 жылдары №216 Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепті бітірген. 1991-1996 ж. Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамындығы бойынша бітіріп шыққан. 1996-1997 жылдары Шымкент қаласы, «Ұлағат» орта мектебінде жоғарғы сынып оқушыларына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. 2002 ж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының сырттай аспирантурасына түсіп, профессор З.М.Базарбаеваның жетекшілігімен «Интонациялық бірліктердің прагмалингвистикалық аспектісі» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. 2002 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп келеді. А.Аманбаеваның зерттеуінде интонация қазіргі антропоцентристік бағытта, яғни прагматикалық тұрғыдан қарастырылып, дайындықсыз сөз ағымына эксперимент жүргізіліп, талдап, ерекшеліктері сызба арқылы көрсетілген болатын. Осы жұмыстың негізінде «Функционалды грамматика» деп аталатын үлкен жинақта, зерттеу жұмысының нәтижелері ретінде ықшамдалған бөлігі берілді. Сондай-ақ, 2007-2009 жж. «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі» атты қолданбалы зерттеу бағдарламасы бойынша «Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін интонация арқылы оқыту тәсілдері» атты тақырып бойынша жұмыс істелді («Интонациялық бірліктерді прагмалингвистикалық тұрғыдан зерттеу» // Тілтаным, 2007№2. Қазақ тілі интонема модельдерінің прагмалингвистикалық сипаты // Тілтаным 2008, №1). А.Аманбаева іргелі зерттеу бағдарламасына сәйкес «Тарихи морфонология» атты тақырыпта зерттеу жұмысын жүргізу үстінде («Қазақ тіл біліміндегі морфонологияның зерттелу жайы» // Ө. Айтбаевтың 70 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми-теориялық конференция, А., 2007. «Буынның морфонологиядағы көрінісі» // Ғ.Мұсабаев, М.Балақаев, І.Кеңесбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми-теориялық конференция, А., 2007). Қазақ тіл білімінде морфонология құбылысы әлі де болса жан-жақты зерттеуді қажет ететін тың салалардың бірі. Өйткені қазіргі кезде морфология мен фонетикалық заңдылықтардың ара-жігі әлі де болса айқындалмай келеді. Сол себепті морфонология құбылысын синхрондық тұрғыдан қарастыра отырып, диахрондық жағын зерттеу қолға алынып, зерттелу үстінде. Жалпы зерттеу жұмысына байланысты 20-ға жуық мақала ғылыми басылымдарда жарияланды. Зерттеу жұмысымен қатар, 2007-2008 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасында қосымша дәріс берген. «Тіл мәдениеті», «Стилистика» пәндері бойынша лекциялар оқып, семинарлар өткізген. Курстық жұмыстар бойынша жұмыс істеп, дипломдық жұмыстарға тақырып беріп, жетекшілік еткен. 2004-2008 жж. А.Аманбаева А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанынан шығатын «Тілтаным» ғылыми басылымның редакция алқасының құрамында жауапты шығарушылардың бірі болған. 2008 жылы А.Аманбаеваның «Қазақ тіліндегі суперсегментті бірліктерді прагмалингвистикалық аспектіде зерттеу» атты жұмысы гуманитарлық ғылымдар бойынша жас ғалымдар зерттеулері үшін М.Әуезов атындағы сыйлықтар берудің конкурсына ұсынылып, М.Әуезов сыйлығының иегері атанды.


Ж.Жұмабаева - фонетика бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Жұмабаева Жанар Төлендіқызы 1980 жылы 20 қыркүйекте Алматы облысы (бұрынғы Талдықорған), Кербұлақ ауданы Шанханай ауылында дүниеге келген. 1987 жылы сондағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, 1997 жылы 11-сыныпты бітірген. Сол жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетіне түсіп, 2001 жылы бакалавр, 2003 жылы магистратураны бітірген. 2003 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасына түсіп, проф., З.М.Базарбаеваның жетекшілігімен «Түркі тіліндегі дауыстылардың фонологизациялануы» атты диссертациясын 10.06.06.- түркі тілдері мамандығы бойынша 2006 жылы қыркүйекте қорғап шықты. Осы жылдан бастап бүгінгі күнге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда іргелі зерттеу бағдарламасына сәйкес «Вокализм тарихы» тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізіп жүр. Ж.Жұмабаеваның еңбектерінде орхон-енисей жазба ескерткіштер тілі негізінде дауысты дыбыстар жүйесінің дамуына себеп болған механизмдер тарихи факторлар негізінде қарастырылды. Түркі тіліндегі дыбыстар жүйесінің қалыптасу, даму жолдары әмбебап фонологизация процесі негізінде айқындалып, аллофондардың фонемаға айналу механизмі анықталды. Осы тақырыпта Қазақ вокализмінің даму жолдары // ҚР ҰҒА Хабарлары №1 (155). –Алматы, 2006. –Б. 72-75. Көне түркі тілдеріндегі дауыстылардың сипаты // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. –Алматы. №7 (89). 2005. –Б. 41-44. Тарихи фонетика: дауыстылардың фонологизациялану құбылыстары // «Академик Ә.Т. Қайдар және тіл білімі мәселелері». –Алматы, 2004, –Б. 367-375. Түркі тілдеріндегі дауыстылардың даму тарихына қысқаша шолу // Ғ.Мұсабаев, М.Балақаев, І.Кеңесбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми-теориялық конференция. А., 2007. «Ә» дауысты фонеманың мәселесі. // Тілтаным. 2007, №2 мақалалары жарық көрді. Қазіргі таңда ғылыми жұмыстармен қатар А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанынан шығатын «Тілтаным» ғылыми басылымның редакция алқасының құрамында жауапты шығарушылардың бірі болып қоғамдық негіздегі жұмыстарды және 15 томдық қазақ әдеби тілінің сөздігіне қатысып жүр. 2007-2008 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасында қосымша дәріс берген. «Тарихи грамматика», «Қазақ әдеби тілі» пәндері бойынша лекциялар оқып, семинарлар өткізген. Курстық жұмыстар бойынша жұмыс істеп, дипломдық жұмыстарға тақырып беріп, жетекшілік еткен.


Н.Оспанғазиева – фонетика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері

Оспанғазиева Назгүл Бақытқызы 1984 жылы 10 мамырда Алматы облысы (бұрынғы Талдықорған), Кербұлақ ауданы Шанханай ауылында туған. 1990 жылы сондағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, 2000 жылы 11-сыныпты бітірген. Осы жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің (КазГУ) Филология факультетіне қазақ тілі және әдебиет мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2004 жылы оқу орнын үздік дипломмен аяқтап шықты. Әрі қарай осы университеттің екі жылдық магистратура бөлімін жалғастырып, 2006 жылы филология магистірі дәрежесін алып шықты. 2006 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы аспирантураның күндізгі бөліміне оқуға қабылданып, профессор З.М.Базарбаеваның жетекшілігімен «Түркі тілдеріндегі фонологиялық айырым белгілерінің тарихи негіздері» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация тақырыбын бекітті. 2008 жылы аспирантураны бітіріп, осы жылдың қыркүйегінен бастап бүгінгі күнге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында фонетика бөлімінде аға лаборант, ғылыми қызметкер, кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп келеді. 2010 жылдың 11-қазанында жоғарыда аталған кандидаттық диссертация тақырыбы негізінде 10.02.06 – түркі тілдері мамандығы бойынша талқылаудан өтіп, аяқталған ғылыми жұмыс ретінде бір ауыздан қабылданып қорғауға ұсынылды. Қазіргі кезде ол қазақ тілінің тарихи фонетикасы бойынша зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. Н.Оспанғазиева тарихи фонетка саласымен шұғылданып фонологиядағы айырым белгі теориясымен айналысуда. Қазақ тілінің фонологиялық жүйесінде бірөлшемді және көпмөлшемді айырым белгілер сөздерде және сөзтұлғаларда мағына ажыратушы қызмет атқаратыны және олардың еліктеуіш сөздерден келуі дәлелденді. Қазірде 20-ға тарта ғылыми мақалалары бар: Қазақ фонологиясындағы айырым белгі теориясы. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналы. 2008. №3. Бірөлшемді және көпмөлшерлі айырым белгілер. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Хабарлары 2008 ж. №5. Қазақ тіл біліміндегі морфонологияның фонологиямен байланысу жолдары. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналы. 2008. №4. Фонема және оның айырым белгілері. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Хабарлары 2009 ж. №4. [қ], [к] мен [ғ], [г] дауыссыз дыбыстарының фонетика-фонологиялық белгілері. // «Қазіргі білім берудегі ізгілендіру үрдістері және жаңаша оқытудың өзекті мәселелері» ХҚТУ профессоры Ө.Танабаевтың 70 жылдығына арналған Халқаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары І бөлім. Шымкент, 2010 ж. Н.Оспангазиева жылда өтетін ғылыми-методикалық және теориялық конференцияларына, мемлекеттік тілге қатысты дөңгелек үстелге үзбей қатысып келеді. Бүгінде ғылыми жұмыстармен қатар А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанынан шығатын «Тілтаным» ғылыми басылымның редакция алқасының құрамында жауапты шығарушылардың бірі болып қоғамдық негіздегі жұмыстарды атқарып келеді.

Терминология бөлімі

Терминология бөлімінің тарихы

Қазақ ССР-і Ғылым академиясының Тіл білімі институтының Терминология және аударма бөлімі алғаш рет 1981 жылы құрылды. Құрамында филология ғылымдарының кандидаттары А.Есенғұлов, Р.Өрекенова, ғылыми қызметкерлер А.Құсайынов, Б.Бекмұхамедов, Т.Аппақова, М.Шәріпова, С.Жетпісов, Р.Сарқұлова, Н.Әшімбаева, Ж.Нәлібаев сынды ғалымдар мен жас мамандар болды. Сол құрылған кезден бастап 1989 жылға дейін бөлімді ҚР ҰҒА-сының академигі, филология ғылымдарының докторы Ө.Айтбайұлы басқарып келді. Осы жылдар аралығында бөлім қызметкерлері ең алдымен картотекалық қор жасауға кірісті. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде 1980 - жылдарға дейін жарық көрген екітілді терминологиялық сөздіктер бір ортаға жинақталып, әліпбилік тәртіпке келтірілді. Бірнеше жылға созылған бұл күрделі жұмыс бөлімнің 500 мыңға жуық тілдік бірлікті қамтыған картотекалық қорының негізі болды.

1981-1993 жылдары Терминология және аударма бөлімі сол кездегі ҚСРО Министрлер Советі (қазіргі Министрлер Кабинеті) жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссиямен тікелей тығыз байланыста болды. Ғылымның әртүрлі саласында пайда болып, ала-құла қолданылып жүрген терминдердің бір ізге түсуіне, ғылыми тұрғыдан реттелуіне бөлім қызметкерлері атсалысты. Осы ретте бөлім меңгерушісі Ө.Айтбайұлының аталмыш комиссияның ғалым-хатшысы ретінде Мемтерминком ережесінің қайта жазылуына, түрлі салалар бойынша сөздіктердің талқыдан өтіп, жарық көруіне зор үлес қосқандығын атап өту керек. Сондай-ақ осы кездері М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының профессоры Қ.Бектаев тобымен өзара шартқа отыру арқылы жинақталған сөздіктер ЭЕМ сарабынан өткізіліп, ғылымның ірі бес саласы бойынша түзілетін әртүрлі сөздіктердің өзегіне айналды. Аударма ісіне қатысты да сол кездері жарнамалар аудару, түрлі мекемелерден түсіп жататын құжаттар, нұсқаулықтар, стандарттар жобаларын аудару тәрізді жұмыстар жолға қойылды. Бұл қазақ терминологиясы және аудармасының тек теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан да қатар жүзеге асырылып отырғандығын көрсетсе керек. Бөлімнің ең басты мәселесі - бөлім меңгерушісі Ө.Айтбайұлының жетекшілік етуімен осы жылдары қазақ терминологиясы туралы зерттеу жұмыстары мен өзекті мәселелерге арналған бірқатар тақырыптар нысан ретінде алынып, айтарлықтай деңгейде өзіндік үлестерін қосты. Атап айтқанда, «Қазақ терминологиясының жасалу көздері» (1981-1984); «Қазақ әдеби терминологиялық лексикасының дамуы» (1985-1987); «Қазақ тілі терминологиясын қалыптастырудың және дамытудың принциптері» (1988-1990). Нәтижесінде мынадай ұжымдық жинақтар мен кітаптардың жарық көргендігін атап өту керек: “ Тіл мәдениеті және баспасөз». Алматы. Ғылым. 1968; «Өрелі өнер». Алматы. 1976; «Сөз өнері». Алматы. Ғылым. 1978; «... ұлт саясатын бұрмалаушылар». Алматы. Ғылым. 1981; «Қазақ терминологиясының мәселелері». Алматы. Ғылым. 1986; «Аударманың лексика-стилистикалық мәселелері». Алматы. Ғылым. 1987; «Термин және олардың аудармалары». Алматы. Ғылым. 1990.


Қазіргі таңда жарық көріп отырған «Қоғамдық ғылымдар терминдерінің орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігінің» екі томдық нұсқасының негізі сол кезде қаланған еді. Бұл бөлім атқарған ең күрделі жұмыстардың бірі. Ө.Айтбайұлының құрастырушы ретінде де әрі жетекшілігімен аталмыш сөздік бірнеше рет өңделіп, сұрыпталып, толықтырылды. Қоғамымыздағы айрықша тарихи кезең – 1989 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына байланысты бөлім меңгерушісі Ө.Айтбайұлы вице-президент болып сайланды. Осыған орай бөлімнің меңгерушілігіне филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Қалиұлы тағайындалды. Профессор Б.Қалиұлының жетекшілігімен қазақ терминологиясы мен аудармасына қатысты зерттеулер және практикалық жұмыстар, жарық көріп жатқан жаңа сөздіктер арқылы картотека толықтыру істері өз жалғасын тапты. Бөлім қызметкерлерінің қатары жас ғалымдармен және мамандармен нығайтылды. Сол жылдары бөлімге келген А.Мұқатаева, Ш.Құрманбайұлы, Н.Шүленбаев сынды жас мамандар қазақ терминологиясына жете ден қойып, қазіргі кезде, атап айтсақ филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Құрманбайұлы белгілі терминші-ғалым, Институт басшысы деңгейіне дейін көтерілді. 1995 жылы бөлім меңгерушісі филология ғылымдарының докторы Б.Қалиұлы басқа қызметке ауысуына байланысты бөлім меңгерушілігі қызметін филология ғылымдарының докторы Ө.Айтбайұлы қайтадан өз қолына алады. Сол кезден бастап 2005 жылға дейін академик Ө.Айтбайұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті міндетін қоса атқара жүріп, кезінде өзі негізін қалаған ауқымды жұмыстарды жалғастырады. Мәселен, мемлекеттік маңызы зор, ірі ғылымдар секцияларын қамтыған «Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-әдістемелік және практикалық мәселелері» атты бағдарламаның қосқан үлесі айрықша (1997-1999). Одан кейінгі жылдары қазақ терминологиясының өзекті мәселелерін зерттеуге бағытталған «Қазақстан Республикасындағы қызмет атауларын мемлекеттік тілде жүйелеудің ғылыми негіздерін зерттеу» (2000-2002); «Мемлекеттік тілде терминдік лексиканы қалыптастырудың ғылыми-практикалық негіздері» (2003-2005) атты іргелі ғылыми жобалар да ойдағыдай жүзеге асырылды.

2005 жылы бөлім меңгерушілігі міндетіне жас ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Лексикология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Қ.Айдарбек тағайындалды. Қазіргі кезге дейін бөлімнің іргелі ғылыми зерттеулеріне, қосымша атқарылатын аударма істеріне, әртүрлі мекемелер мен ұйымдардан түсетін құжаттарға, стандарттар жобаларына лингвистикалық сараптамалар жасауға, сөздіктер түзуге және т.б. жаңа серпінмен жетекшілік жасап келеді.

Қазақ терминологиялық жүйесі тың бағытта қарастырылатын іргелі зерттеу «Қазақ терминологиялық жүйесін қалыптастырудың ономасиологиялық аспектісі» (2006-2008). Бөлім жүргізген бұл іргелі-ғылыми зерттеуде қазақ терминологиялық аталымының ономасиологиялық негіздері алғаш рет кешенді түрде қарастырылып, олардың аталымдық табиғаты ашылып, белгілері көрсетіліп, жасалу жолдары анықталып, түрлері мен үлгілері айқындалып, даму, қалыптасу заңдылықтары дәлелденді. Кәсіп иелері атауларының тілді байытудағы атқаратын зор қызметі көрсетіліп, олардың ономасиологиялық-теориялық негізі жасалды:

  • терминологиялық аталым теориясының ғылыми негіздемелері, терминологиялық аталымды тіл білімі терминтанымының жеке саласы ретінде көрсететін негізгі принциптері, өзінің зерттеу нысаны, негізгі ғылыми ұғымдары мен бірліктері, құрылымдық типтері мен үлгілері анықталып, жалпы тілдік аталым жүйесіндегі орны, негізгі терминологиялық аталым түрлері сипатталды;
  • терминологиялық аталымды тілдік аталымның бір саласы ретінде анықтайтын төмендегідей бірнеше критерийлермен байланысты екендігі дәлелденді: термин шығармашылығы; терминологиялық мағынаның арнаулы бағытта дамуы; жүйелілік, реттілік, бірізділік, белгілі бір жүйеде және оған сәйкес терминологиялық өрісте ұйымдастырылып реттелуі; термин экстенциясы мен интенциясы және т.б.;
  • терминологиялық аталым үдерісінің терминдік бірліктердің жай тілдік бірліктерден ерекшеліктеріне сәйкес басты, маңызды параметрлері анықталып, терминологиялық аталымның ономасиологиялық типологиясы жасалды;
  • терминологиялық бірліктерді (кәсіп иелері атауларын) ономасиологиялық тұрғыдан талдау ерекшелігі, терминологиялық жүйенің ономасиологиялық құрылымы (терминологиялық бірліктердің ономасиологиялық негіздері мен ономасиологиялық белгілері) анықталды;
  • терминдердің узуалдану үдерісіне байланысты «тіл» мен «сөйлеудің» арақатынасы, неологиялық терминжасамның нормативтік өлшемдері (параметрлері) анықталды;
  • терминдік бірліктердің мазмұн межесі мен тұрпат межесі терминологиялық аталым теориясына сәйкес нақтыланып, терминологиялық аталымның семантикалық-құрылымдық негізі айқындалды;
  • арнаулы терминологияларды қалыптастырудағы терминологиялық аталымның кезеңдік сипаты, адамға қатысты атаулар терминденуінің дәрежелері нақтыланды;
  • терминологиялық аталымдық жүйе және ғаламның тілдік бейнесі жаңа білімдерге ие болу мен олардың жинақталуын айқындайтын танымдық қызметтің көрінісі, аталмыш тілдік жүйелер генетикалық тұрғыдан тілдің гносеологиялық қызметті де жүзеге асыратын жұмсалымның нәтижесі ретінде көрсетілді;
  • терминологиялық аталым үдерісінде терминдер ұғымдардың иерархиялық құрылымдарына сәйкес реттеліп, олардың әрқайсысы сол терминдер жүйесіне сәйкес орналастырылып, басқаларымен белгілі бір байланыс пен қарым-қатынаста болатындығы, терминологиялық жалпы тілдік жүйенің лексикалық қорының бір бөлігі ретінде терминнің парадигматикалық және синтагматикалық сипаттарында көрініс беретін лексика-грамматикалық заңдылықтарға тәуелділігі дәлелденді;
  • терминжасам мен сөзжасамның ерекшеліктері ономасиологиялық тұрғыдан қарастырылып, терминологиялық сөзжасамның басқа ұқсас құбылыстардан ажыратарлықтай өзіндік белгілері, ұстанымдары көрсетілді.

Жоғарыда аталған зерттеуден кейін қазіргі қазақ терминологиялық қорын қалыптастыруда өзіндік қиындық туғызып отырған біріздендіру, нормалау, стандарттау, реттеу мәселелеріне арналған «Қазақ терминологиялық қорын қалыптастырудың теориялық негіздері мен лингвистикалық принциптері (стандарттау, жүйелеу, реттеу, біріздендіру, нормалау)» (2009-2011) атты ғылыми жобалар жаңа бағытта, жаңаша қөзқараста жан-жақты зерделенуімен ерекшеленеді. Бұл жобаны мақсаты: қазақ ұлттық терминологиялық қорын қалыптастыру теориясының негіздемесін жасау және оның заңдылықтарын айқындау, оны тарихи және лингвомәдени аспектіде қарастыру, ұлттық терминологиялық қорды қалыптастыру кезіндегі терминологиялық жұмыстар түрлерін, заңдылықтарын анықтау, стандартталатын, жүйеленетін, реттелетін, біріздендірілетін терминдік бірліктер құрамын, тобын анықтау, лингвистикалық принциптеріне талдау жүргізу. Ғылыми-зерттеу жұмысының өзектілігі: қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерудің бір жолы оның ғылыми тілін жетілдірудегі терминологиялық жұмыстар (реттеу, стандарттау, жүйелеу, біріздендіру) мәселелерін ғылыми тұрғыдан негіздеу, сонымен қатар ғылыми атауларын ұлт тілінде қалыптастыру болып табылады. Қазіргі кездегі ғылым мен техниканың қарқынды дамуы нәтижесінде пайда болған үғымдардың тіліміздегі ұлттық тұрғыдан дұрыс баламалармен және жаңа атаулармен толықтыру қажеттілігі терминологиялық жұмыстар теориясына жаңаша көзқарасты талап етеді. Терминдік жүйені біріздендіру мақсатында қазақ тілі табиғатына сай терминдік инновациялар мәселесі аударылатын, стандартталатын бірліктердің пайыздық үлесін анықтап, оларды белгілі бір жүйеге түсіруді қажет етіп отыр. Терминжасам барысында оның теориялық негіздерін белгілеуге, терминологиялық жұмыстардың тілдік принциптерін жүйеге түсіру, аудармашыларға, сала мамандарына нақты бағыт-бағдар беретін заман талабына сай әдістемелік нұсқауларға мұқтаждық туып отыр.

Осы жоба негізінде әрбір бөлім қызметкері өзіне тиісті «Қазақ терминологиясының жүйелілік негіздері» (Қ.Айдарбек); «Қазіргі таңдағы терминологиялық жұмыстардың практикалық аспектіде зерттелу жайы» (Ө.Айтбайұлы); «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігі (терминдерді лексикографиялық тіркеудің ғылыми-практикалық әдістемесі)» (Б.Қалиев); «Қазақ терминдарінің нормативтік параметрлері» (Р.Шойбеков); «Қазақ терминологиясын стандарттаудың ғылыми теориялық негіздері» (Б.Жонкешов); «Қазақ терминологиясын реттеудің лингвистикалық принциптері» (Н.Әшімбаева); «Терминологиялық бірліктерді тілішілік біріздендіру түрлерінің тілдік ерекшеліктері» (Л.Қисамединова); «Қазақ ғылыми мәтіндеріндегі аударма терминдерді стандарттаудың теориялық негіздерін анықтау» (Ш.Нұрмышева) – тақырыбы бойынша күнтізбелік жоспарда белгіленгендей мынандай жұмыстарды атқарды:

  • қазақ терминологиясындағы сөзжасамдық және семантикалық жүйелілік түрлерінің арақатынасы айқындалып, жүйелілік ұғымының терминнің ұғымдар жүйесін қалыптастырудағы маңыздылығы сипатталады;
  • басқа мемлекеттерде жүргізіліп отырған терминологиялық жұмыстарды салғастыру арқылы бұл үдерістердегі қиындықтар мен жеке тілдер ерекшелігі және ұлттық тілдер жүйесіндегі терминдердің алатын орны анықталды;
  • терминологиялық бірліктерді лексикографиялық тіркеудегі тілдік норманың орны анықталды. Терминологиялық норма, терминологиялық норма өлшемдерінің ұғымдары нақтыланды;
  • терминологиялық норма және узус мәселелрінің негізгі белгілері анықталып, терминологиялық инновациялардың нормативтік параметрлерге сәйкестігі белгіленді;
  • ғылым салалары бойынша терминологиялық жүйені реттеудің лингвистикалық талаптарын қамтитын негіздеменің жобасы жасалды;
  • терминологиялық жүйені реттеу мазмұндық және қисындық жағынан да, лингвистикалық тұрғыдан да қарастырылып, терминологиялық жүйенің қазіргі деңгейге сай келуі-келмеуі, терминологиялық жүйені құрудағы қисындық тұтастық, оның тілдік тұрғыдан сипатталуына баға берілді;
  • терминдерді мәтіндерден, ғылыми сөйлеуден іріктеп алу принциптері, тілдік әдістемесі негізделді. Терминологиялық бірліктердің белгілейтін ғылыми ұғыммен сәйкестігі және тілдік құрылымның ғылыми функционалдық стиль параметрлеріне сәйкес келуіне қатысты мәселелер талданды және т.б.

Сонымен қатар кейінгі жылдары бөлім қызметкерлерінің ғылыми жағынан өсуіне де жете мән беріліп отыр. Бөлім меңгерушісі Қ.Айдарбек 2009 жылы докторлық диссертациясын, ғылыми қызметкерлер Н.Әшімбаева, Ш.Нұрмышевалар кандидаттық диссертацияларын ойдағыдай қорғады. Қазіргі кездегі Терминология бөлімінің құрамында 1 академик (Ө.Айтбайұлы); 2 ғылым докторы (Б.Қалиұлы, Қ.Айдарбек); 3 ғылым кандидаты (Б.Жонкешов, Н.Әшімбаева, Ш.Нұрмышева); 1 кіші ғылыми қызметкер (Н.Шүленбаев); 1 лаборант (А.Ақкөзова) жұмыс істейді. Терминология бөлімінің қызметкерлері іргелі ғылыми зерттеулермен ғана айналысып қоймай, жалпы Институттың тыныс-тіршілігіне де белсене атсалысуда. Әртүрлі деңгейлерде өтетін конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, семинарларға, радио-телехабарларға, сұқбаттарға үнемі қатысып, ғылыми, ғылыми-көпшілік басылымдарда жалпы тіл, терминология, тіл мәдениеті, лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениеттаным және т.б. мәселелерін қарастыратын еңбектерін жариялап отырады.

Бөлімнің айналысатын негізгі тақырыптары

  • қазақ терминологиясының ғылыми негіздері;
  • терминологиялық норма заңдылықтары;
  • қазақ терминографиясының мәселелері;
  • Мемлекеттік тіл саясаты;
  • аударматану;
  • ресми құжат тілі;
  • когнитивтік терминтаным мәселелері;
  • ұлттық терминологиялық қор қалыптастыру жолдары;
  • арнаулы сала тілінің ерекшеліктері;
  • ғылыми дискурстың терминологиялық аспектісі;

ОНЫҢ ІШІНДЕ:

  • қазақ терминологиялық аталымының ғылыми-теориялық негіздері;
  • терминологиялық аталымның ономасиологиялық типологиясы;
  • терминологиялық неологизация құбылысы;
  • терминологиялық мазмұнды белгілейтін концептуалдық, функционалдық, формалдық құрылымдар;
  • терминологиялық аталым актілеріне әсер ететін негізгі лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлар;
  • терминжасамдағы универбтену үдерісінің когнитивтік құрылымдары;
  • терминологиялық инновациялардың пайыздық арақатынасы стандартталатын, нормаға сәйкес келетін, келмейтін бірліктер құрамы, тобының лингвомәдени аспектісі;
  • терминдерді біріздендіру, жүйелеу, реттеу мәселелерінің лингвистикалық принциптері;
  • терминжасам мәселеріне байланысты (лингвистикалық) сала мамандарына қажетті әдістемелік ұсыныстар әзірлеу;
  • жаңа терминдерді жіктеу, жүйелеу, жетілдіру және оларды қазақ тілінде түзудің ғылыми негіздемелері;
  • қазақ терминологиясының бірыңғай ұлттық тілдік субстратының тілдік бірегейлікті, ұлт бірегейлігі мен ұлтты тұтастырудағы маңызы;
  • қазіргі кездегі ғылыми мәтіндер мен ғылыми дискурс қолданыстарындағы термин дефинициясы метамәтінін талдау арқылы қазақ терминдерінің ұлттық тілдік субстанциясының ғылыми-теориялық негіздері;
  • қазақ ғылыми мәтіндерінде орын алып жүрген аударма терминдер мен дифиницияларды іріктеп, олардың картотекалық (электрондық) базасын дайындау және ортақ біріздендірілген терминдер жүйесін жасау мәселелері;
  • қазақ терминдері дамуының ұлттық бағыттары, қазақ терминтанымының когнитивтік, комуникативтік, функционалдық аспектілері.

Болашақтағы зерттеу бағыттары

Қазіргі дүниежүзілік тіл білімінің даму барысында оның өзекті мәселелерінің бірі – тілдік нысандарды прагматикалық, когнитивтік, лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан зерттеу жұмыстарын қолға алу болып отыр. Себебі әлемдік мәдениеттер арасында ұлттың өзіндік табиғаты мен бет-болмысы алдымен тіл арқылы, оның тілдік санасы арқылы танылады. Тіл ойлау мен мінез-құлық нормаларын орнатып, логикалық категориялар мен тұтас концепциялардың қалыптасуына басшылық ету негізінде адамның жеке және қоғамдық өмірінің барлық салаларына еніп, оның мәдениет формаларын айқындайды. Тілдің жүйелі құрылымына негізделген ішкі бай мүмкіндіктері оның ғаламның бейнесінде қалыптасқан ұлттық ойлау үрдістері мен сан салалы қоғамдық қатынастарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Лингвокогнитивтік, лингвомәдениеттанымдық зерттеулердің мазмұны белгілі бір халықтың салт-дәстүрлері мен тұрмыс-тіршілігінің, дүниетанымының тілде таңбалануы ерекшеліктерін қарастырудан тұрады. Сонымен бірге халықтың ділі де миллиондаған адамдар мінез-құлқының психологиялық детерминанты, әлеуметтік-мәдени өзгерістердің инварианты ретінде осы тіл білімі салаларының зерттеу нысаны болып табылады. Бұның дәлелі ретінде «сипаттамалы» ғылымнан «түсіндірмелі» ғылымға ауысқан тіл білімінің жаңа мәртебесін атап көрсетуге болады. Тіл мен ойлау, тіл мен мәдениет, тіл мен таным арасындағы байланыстарды айқындаудағы негізгі құрал – тіл жүйесін сөйлеуші тұлға тұрғысынан қарастыру болып табылады. Жалпы лингвистиканың даму бағытына орай көптеген тілдік зерттеулердің мақсаттары да өзгерді: дәстүрлі зерттеулердің негізгі аспектісі – тілдік бірліктің, тілдік таңбаның ерекшелігін қарастырудан, ғалымдар оның ішкі тілдік талдануына назар аудара бастады. Яғни функционалдық бағыттың аясында тілдік бірлік тек лингвистикалық нысандардың бірі ретінде ғана қарастырылып қоймай, сонымен бірге тілдің функционалдық табиғатын зерттеуге көмек болатын тәсілдердің бірі ретінде де қарала бастады. Сонымен функционалдық бағыттың дамуы, тіл білімі үшін, оның жіктемелік-құрылымдық парадигмасынан сөзсіз ұтымды екендігін дәлелдеп, тілдік шығармашылық маңызының көптеген концепцияларынан тұратын антропоөзектілік бағытқа ауысуын жүзеге асырды. Қазіргі лингвистикалық зерттеулер тілдік талдаудың көпқырлылығы мен көпаспектілігін меңзейтін тілдік бірліктің күрделі құрылымын айқындайды. Сонымен бірге тілдік зерттеулердің ойлау категориясына қатысты ғылым салаларымен дәстүрлі байланысы тіл біліміне когнитивтік бағыттың белсенді түрде енгізілуін қамтамасыз етті. Функционалдық бағыт аясында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде айқындалған көптеген тілдік феномендер қазіргі кезде когнитивтік лингвистика саласында қарастырыла бастады. Яғни тіл білімі қалыптасуы мен дамуы логикасының өзін, бір-бірінің орнына келген прагматикалық-прескриптивтік, жіктемелік-құрылымдық және функционалдық бағыттар когнитивтік лингвистика деп аталатын жаңа бағыттың пайда болуына негіз болды. Когнитивтік лингвистика бір жағынан бұрыннан келе жатқан дәстүрді жалғастыратын болса, екінші жағынан қазіргі ғылыми танымға тән белгілерге ие болады. Егер де осы кезге дейін дәстүрлі лексикология, терминология, ономастика т.б. салалар тілдік таңбаны талдау шеңберінде ғана болған болса, когнитивтік бағыт бұл салаларды «ашық» ғылымға айналдырып, олардың зерттеу шеңберлерін кеңейтіп, интеграциялық үдерістерге жол ашты. Ал бұл үдерістер зерттеулердің пәнаралық бағдарламаларының жасалуына негіз болатыны заңды. Қазіргі лингвистиканың тағы бір жетістігі бұл – антропоөзектілік, яғни тіл құрылысының сырын, оны қолданушы адам арқылы түсіндіру. Антропоөзектілік пәнаралық синтездің жетекші бағыты болып саналады. Өйткені тіл жүйесінің, мәтіннің аталымдық ұйымдастырылуын және тілдік тұлға қалыптасуындағы адам факторын негізге алады. Сондықтан да тіл білімі салаларының когнитивтік терминтаным немесе когнитивтік ономастика деп аталуының өзі пәнаралық, салааралық синтезге алып келеді. Сонымен болашақта терминология бөлімі жүргізетін зерттеулердің басты мақсаты – тіл білімінің осы кезге дейін тілдік жүйені тілдің деңгейлері арқылы қарастырып, қол жеткізген жетістіктерін пайдалана отырып, соңғы он жылдық көлемінде қарқынды дамү үстіндегі лингвистиканың антропоөзектілік парадигмасы аясында, тілдің аталымдық құрамы мен құрылымдық қорларын зерделеу әдістерінің синтезін басшылыққа алу негізінде басты кейіпкерлері сөйлеуші-тыңдаушы болып табылатын сөйлеу-ойлау актілерін коммуникативтік-дискурстық актілерге айналдыру тетіктерін кешенді түрде зерттеу.

Алға қойылған мақсатты орындау үшін мынадай нақты міндеттер белгіленді:

  • қазіргі тіл білімінің басты принципі – тілдегі адам факторын қарастыру болып табылады. Яғни, біріншіден, сөйлеу субъектісінің өз коммуникативтік потенциясына, адресат факторына және дүние туралы екуіне бірдей ортақ аялық білімдеріне байланысты тілді пайдалану ерекшеліктерін зерттеу;
  • екіншіден, керісінше, адам бойындағы тілдік факторды зерттеу, яғни ғаламның мәдени-тілдік бейнесі қалайша адамға әсер етеді, қалайша оның тілдік санасын, сонымен бірге оның мәдени-ұлттық сана-сезімін, оның дүниеге деген көзқарасы мен дүниетанымын қалыптастырады және т.б. сұрақтарға жауап табу.

Сонымен бірге, тәуелсіздік алғаннан кейін Кеңес одағы құрамында болған республикаларда түрлі әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және тілдік жағдаяттар қалыптасты. Бұл ретте басқа ортаазиялық мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстан Республикасының басты ерекшелігі мен бірегейлігі, оның үлкен жер аумағында жүзден астам түрлі этностардың қазақтармен бірге өмір сүруінде болды. Осыған орай отандық лингвистикада қарым-қатынас үдерістерінің әлеуметтік шарттары мен әлеуметтік-мәдени факторлары, этногенетикалық үдерістердің тілдік салдары және халықтардың этникалық араласуының рөлі, түрлі халықтардың ғалам бейнесінің ұлттық-вербалды берілу өзгешелігі мен әрбір этносқа ғана тән ұлттық-мәдени ассоциациалардың пайда болу ерекшеліктері т.б.зерттеу мәселелерінің өзектілігі арта түсті. Кез келген дамыған әдеби тілдегі ұлттық пен интернационалдылықтың ара жігін ажыратып беру мәселесі – әмбебап және күрделі міндеттердің қатарына жатқызылады. Көптеген тілдер үнемі өзараәрекеттестікте болып, өз тілдік қорларын кірме сөздер арқылы жаңартып және байытып отырады. Бұл жоба үшін белгілі бір тілдің (фонетикалық, грамматикалық, лексика-семантикалық, терминологиялық) деңгейінде орын алатын нағыз ұлттық элементті және қазіргі кездегі тілдік фактілерді (терминдерді т.б.) салыстырмалы-типологиялық аспектіде айқындап беру амалдары, критерийлері қаншалықты күрделі және қиын болғанымен аса маңызды болып табылады. Осымен байланысты бүгінгі таңда қазақ терминологиясы үшін мынадай мәселелердің өзектілігі мен маңыздылығы ерекше сипатқа ие болып отыр:

  • тілдік, терминологиялық қатынастардың когнитивтік тетіктері зерттеу;
  • терминологиялық кірмелер мен олардың стандарттылығы, тілдік нормаға сәйкестілігі, үдерістің саналы жүргізілуі мен мақсатты ұстанымның міндеттілігі сияқты принциптері талдау;
  • ғаламның тілдік бейнесінің қалыптасу үдерістері мен тілдік бірліктердің ортақ болуына әсер ететін факторлар қарастыру (тіларалық ауызша коммуникация шарттары, атау берушінің денотатты тілдік вербалдау қажеттілігі, тілдік ұжым, сөзшығармашылық, терминшығармашылық үдерістерінің ұлттық (түркілік) табиғаты және т.б.);
  • ғаламның тілдік бейнесіне, ғаламның ғылыми тілдік бейнесіне ықпал ететін негізгі лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлар анықтау: жеке тәжірибе, адам психологиясы, жеке тұлға мен қоғамның рөлі, сыртқы шарттардың ықпал етуі, тілдік жүйе, ақиқат болмыс туралы ой-пайымдау;
  • ортақ түркілік сөздік қор жалпы тілдік кеңістіктің бір бөлігі, ғаламның тілдік бейнесін белгілеудің әмбебап категориясы ретінде қарастыру.

Лингвистиканың зерттеу парадигмасына іргелес ғылымдардың, әсіресе әлеуметтік лингвистика мен когнитивтік лингвистиканың әдіснамалық амалдарының енгізілуі тілдік қатынастар мен олардың нәтижелерін зерттейтін білім теориясына жаңаша екпін алып келді. Кез келген тілдік қатынас – бұл этноәлеуметтік-психолингвистикалық феномен болып табылады. Оның түрлі қырлары бірнеше аспектіде зерттеуде қажет етеді: әлеуметтік лингвистикалық, психолингвистикалық, этноәлеуметтік, когнитивтік, лингвистикалық. Осыған орай тек тілдерді зерттеу міндеті ғана емес, сонымен бірге халықтар арасындағы өзараәрекеттестіктерді де қарастыру мәселесі арта түседі, себебі тілдік қатынастардың қарқындылығы, оның табиғаты мен түрлері тікелей ортақ іс-әрекеттерді жүзеге асыру барысында тілдесімге түсетін халықтардың әлеуметтік өзараәрекеттестіктеріне байланысты. Сондықтан да мұндай жұмыстардың өзектілігі белгілі бір лексикалық, терминологиялық жүйенің синхронды жағдайын зерттеу арқылы әрбір тілдің ұлттық дамуы мен өзіндік ерекшелігін айқын анықталуымен сипатталады.

Болашақ зерттеулердің негізгі бағыттары

  • қазақ терминологиясының лингвокогнитивтік аспектісі;
  • қазақ тілтанымының терминологиялық базасы;
  • қазақ терминологиясының прагматикалық аспектісі;
  • қазақ терминографиясының ғылыми-практикалық негіздері;
  • терминологияның функционалдық бағыты;
  • кәсіби тілдік тұлға мәселелері;
  • ғылыми коммуникация негіздері.

Бөлім қызметкерлері туралы ақпарат

Өмірзақ Айтбайұлы – Терминология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, академик. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті.


Өмірзақ Айтбайұлы Айтбаев 1936 жылы сәуір айының 5 –і күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл (бұрынғы Түркістан ауданына қараған) селосында дүниеге келген. Мектеп табалдырығын 1943 жылы осы ауданның Қарғалы колхозында аттайды. 1953 жылы аудан орталығы Шәуілдірдегі Жамбыл орта мектебін бітіреді.

Ол өмір жолын 1953 жылы Кентау қаласындағы Мырғалымсай «Сантехмонтаж» мекемесінде темір шебері болып бастайды. 1954-59жылдары әл-Фараби атындағы (бұрынғы С.М.Киров атындағы) КазМҰУ-дің филология факультетінің студенті болады. Студенттік жылдардың өзінде ғылыми, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұйымдастырушы ретінде көзге түседі. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, қазақтың ән-би сауық кештерін ұйымдастырып, оған бүкіл қала жастарын тартады. Сол жылдары ол ән шығарумен де әуестенеді. Оның кейбір әндері республикалық газеттерде («Лениншіл жас»)жарияланған. Ө.Айтбайұлы университетті бітіретін жылы, яғни 1959 жылдың шілдесінен республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері болып қызметке тұрады да, онда 1962 жылдың сәуіріне дейін істейді де, осы жылдары ол қаламын шыңдай түседі. 1962 жылдың көктемінде Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады. Міне, осыдан бастап ол ғылыми жұмыстармен түбегейлі айналысады. Көрнекті тіл мамандары М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, Ш.Сарыбаев, әйгілі аудармашы ғалымдар С.Талжанов, Ә.Сатыбалдиевтің ақыл-кеңесінің негізінде Ө.Айтбайұлы тіл білімі мен аударма ғылымының мәселелерімен шұғылданады,ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасап, ғылыми ортада таныла бастайды. 1971 жылы «М.Горький фразеологизмдерінің қазақ тіліне берілу жолдары» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Бұл саланың нақты проблемалары жүйелі түрде ғылыми зерттеу объектісіне, әсіресе лингвистикалық талдама тұрғысынан бұған дейін сөз болмай келген еді. Диссертациялық жұмыс өзінің осы тұрғыдағы байыпты барлаулары, батыл тұжырымдарымен ғылыми жұртшылыққа ой салды.

Бұл жылдары ол ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қоса СССР Журналистер одағының мүшесі ретінде журналистік қызметін де қатар алып жүреді. Қазақ қауымының өмірі, әлеуметтік болмыс-бітімі,қазақ өнері мен әдебиетінің келелі мәселелері, өнер адамдарының тағдырлары, ауылшаруашылығындағы еңбеккерлерінің тұрмыс жайы т.б.туралы очерк, новеллалар жазуын жалғастырды. 1975 жылы Ө.Айтбайұлының «Ғылым» баспасынан «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» деп аталатын монографиялық зерттеу еңбегі жарық көрді. Аударма проблемасының күрделі мәселелерін қарастыратын бұл еңбек кезінде баспасөзде автордың келелі табысы ретінде бағаланады. Шынында аталмыш еңбек қазақ аударма ғылымының қалыптасуына қосылған елеулі үлестің бірі болды.

Ө.Айтбайұлы күнделікті нақты ізденістердің нәтижесінде кіші ғылыми қызметкерден ғылымның жетекші маманы, ұйымдастырушысы ретінде өсіп жетілді. 1974 жылдан 1981жылға дейін аға ғылыми қызметкер, ал 1981жылдан 1989 жылға дейін Терминология мен аударма теориясы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Оның ғылыми-зерттеушілік, ғылымды ұйымдастырушылық қабілеті осы жылдары айқынырақ көрінеді. Өзекті мәселе – қазақ терминологиясы туралы зерттеу жұмыстары мен проблемалық тақырыптағы жетекші болып, жас мамандардың жетілуіне қолғабыс жасады. Бұл жылдары Өмірзақ Айтбайұлының басшылығымен және қатысуымен бірнеше ұжымдық кітап (Тіл мәдениеті және баспасөз. Алматы: Ғылым, 1968. 10 б.т.; Өрелі өнер. Алматы, 1976. 8 б.т.; Сөз өнері. Алматы: Ғылым, 1978. 7 б.т.; «Ұлт саясатын бұрмалаушылар». Алматы: Ғылым, 1981; Қазақ терминологиясының мәселелері. Алматы: Ғылым, 1986.10 б.т.; Аударманың лексика-стилистикалық мәселері. Алматы: Ғылым, 1987. 10б.т.; Термин және олардың аудармалары. Алматы: Ғылым, 1990.12 б.т.) баспадан жарық көрді.

Ө.Айтбайұлы бұл жылдары қазақ терминологиясы мен аударма саласында жан-жақты ізденістер жасаумен болады. Ол осы қиын да күрдлі ғылыми мәселелерге қатысты әлемдік ғылыми ой-пікірлерді сүзіп шығып, қазақ тілінің өз табиғатына тән заңдылықтарға тереңдейді. Бұл жөніндегі өзінің байқау, болжамдарын мақала түрінде республикалық, одақтық басылымдарда жариялап, ғылыми-теориялық конференцияларда баяндама жасайды.

Қазақ тіл білімінің түйінді мәселеріне, әсіресе терминология, тіл мәдениеті, аудармаға байланысты жасаған баяндамалары өзінің дәйектілігімен, ойлылығымен ғылыми жұртшылыққа аян. Баяндамалардың жалпы саны 50-ден асады. Оның біразы халықаралық, одақтық, республикалық конфиренцияларда жасалған баяндамалар. Ғылыми баяндамалар ішінен мыналарды атап өтуге болады: «Термин жасаудың кейбір модельдері» (Этимологтардың республикалық кеңесі. Алматы, 1984), «Аударма және ғылым тілі» (Аудармашылардың республикалық кеңесі. Алматы, 1989), «Қазақ тілі» қоғамының мемлекеттік тілді дамытудағы рөлі» (Республикалық ғылыми-практикалық конференциясы. Алматы, 1990), «Тіл мәдениетінің кейбір өзекті мәселері»(Түркологтардың бүкілодақтық съезі. Ташкент, 1980), «Диалектные явления и вопросы перевода» (1973), «Становление и развитие переводческого дела в Казахстане» (Караганда,1981), «Түркі тілдерінің терминдерін бірегейлестіру мәселесі» (Стамбул,1995), «Тіл мәдениеті және терминология» (Пекин, 1993), «Ахметтану тағлымы» (Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы атты республикалық ғылыми-теориялық конференция. Астана,1998); «Проф.Қ.Қ.Жұбанов және қазақ терминологиясының кейбір мәселелері» (Қ.Жұбановтың 100жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция. Астана, 1999); «Көркем тілдің бір кілті – мақал-мәтелде» («Көркем әдебиет тілінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция. Алматы, 2003), «Аударма ісіндегі сөзжасам тәжірибсі... («Түркітану мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Алматы, 2001). «Қазақ терминологиясын зерттеудегі бағыттар мен кезеңдер» («Мемлекеттік тілдің ахуалы, прблемалары және оны шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалы. Өскемен, 2006), т.б.

Бөлім меңгерушісі ретінде «Қазақ терминологиясының жасалу көздері»(1981-84) және «Қазақ әдеби терминологиялық лексикасының дамуы» (1985-91), «Мемлекеттік тілде ғылыми терминолдогияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-әдістемелік және практикалық мәселелері» (1997-99) деген күрделі тақырыптарға жеткшілік жасады. Аталған тақырыптар негізінен қазақ терминологиясының мәселелеріне арналғандықтан, Ө.Айтбайұлы жетекшілік еткен ғылыми қызметкерлер, ең алдымен, бөлімнің картотекалық қорын жасауға кірісті. Бұл айтуға жеңіл болғанымен орындалуы қиын жұмыс. Өйткені сол 1980-жылдарға дейін жарық көріп үлгерген екі тілді терминологиялық сөздіктердің бәрін жинақтап, әліпби тәртібіне келтіру қажет болатын. Бөлім қызметкерлері меңгерушіден бастап түгел картотека қорын толық қамтып, молайтумен айналысты. Бірнеше жылға созылған бұл күрделі жұмыс бөлімнің 500мыңға таяу картотекалық қорының негізін салды. Өз жалғасын тапқан бұл жұмыс осы заман сұранысына орай, М.Әуезов атындағы Шымкент пединститутының профессоры Қ.Бектаев тобымен өзара шартқа отырып, әлгі сөздіктер лек-легімен электронды есептеу машинасының сарабынан өткізілді. Ғылымның ірі-ірі саласы бойынша жасалған бұл материалдар болашақта түзілетін түрлі сөздіктерге негіз болды, өзінің зерттеушілері мен сөздік түзушілерін тапты. Олар: қоғамдық ғылымдар саласы, биология ғылымдары, физика-математика ғылымдары, жер туралы ғылым мен техника ғылымдарының саласы. Бұл түркі дүниесінде тұңғыш жасалған картотекалық қор.

Мұның ішінен бөлім қызметкерлері қазіргі сұранысқа ең қажеттірегі деп «Қоғамдық ғылымдар терминдерінің орысша-қазақша сөздігінің» екі томдығын түзіп шықты. Бұл бөлім атқарған ең күрделі жұмыстардың бірі Ө.Айтбайұлы осы сөздікті жасаушылардың бірі, жетекшісі, әрі бұл жобаның жауапты редакторы. Бұл сөздік бірнеше рет толықтырылып, өңделіп, сұрыпталып, баспа жүзін көрді (2010).

Ө.Айтбайұлы өзінің түбегейлі ізденістері мен зерттеу ісін тұжырымдап, қазақ лингвистикасының тарихында тұңғыш рет қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы жайында көлемді де іргелі еңбек жазды. Ол 1988жылы «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» деген атпен «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Бұл еңбек туралы кезінде баспасөзде бірнеше рецензия жазылып, ғалымдар жоғары баға берді.

Ө.Айтбайұлының ғылыми ой-тұжырымдары аталған салалармен ғана шектлген емес. Тіл мәдениеті, стилистика, лексикология, ономастика, диалектология, әдеби тіл, әдебиет, мәдениет, мемлекеттік тіл, аударма, қазақ терминологиясы мен аудармасының мәселелері туралы көп жылғы барлау, байқау, ізденістер негізінде 1992 жылдың басында «Қоғамдық ғылымдар терминологиялық лексикасының қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

Ө.Айтбайұлының бұл диссертациялық жұмысы тың мәселені қозғап, жаңалықтар алып келді. Ең алдымен, бұған дйін ғылым объектісіне айнала алмай, тарихымызда жұмбақ болып келген арыстарымыз – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының мұралары мен еңбектері тұңғыш рет тілдік тұрғыдан талданып, лайықты бағасын алды. Әсіресе, А.Байтұрсынұлының қазақ лингвистикасын дамытудағы, оның ішінде қазақ терминологиясын жасаудағы өлшеусіз зор рөлі жан-жақты зерделенді.

Өмірзақ Айтбайұлы бірнеше жыл бойы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті (бұрынғы Министрлер Советі) жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, ғалым хатшысы ретінде де зор жұмыстар атқарды. Ғылымның түрлі саласында пайда болып, ала-құла қолданылып жүрген терминдердің бір ізге түсуіне, ғылыми тұрғыдан зерттелуіне атсалысты. Биология, физиология, химия, физика, математика, теміржол, музыка, спорт, компьютер саласына қатысты терминдерді, сөздіктерді рет-ретімен Мемтерминком талқысына салып, жұртшылыққа ұсынуда оның үлесі мол. Әсіресе Мемтерминкомның осы заман сұранысына лайықты ережесін қайта жазып, құрылымын нақтылай түсуде де Ө.Айтбайұлы іс-әрекетімен тікелей байланысты.

Сонымен бірге ол Тіл білімі институты жанындағы ғылыми дәреже беретін ғылыми Кеңестің көп жылдан бергі мүшесі ретінде ғылымның жас мамандарының өсіп, жетілуіне қолғабыс етіп келеді. Бұрынғы Одақтағы түркі тілдес халықтар ғалымдарын дайындауда бұл Кеңестің рөлі айрықша. Уақытысында көптегн кандидаттық және докторлық диссертациялар осы Кеңес сарабынан өтіп, өмірге жолдама алды.

Ғылымды ұйымдастыру қарымының үстіне Ө.Айтбайұлының қайраткерлік қабілетінің айқын көрінген тұсы «Қазақ тілі» қоғамындағы жұмыстарға тікелей байланысты. Бұл жұмыс, әрине, әріден басталған. Ана тіліне саналы өмірін сарп етіп келе жатқан Ө.Айтбайұлы 80-жылдың басынан-ақ тіліміздің әлеуметтік болмысын, қоғамдық қызметін айқындап, оның беделін көтеру үшін, соған иелік жасайтын бір ұйым керек деген Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың бастамасын бірден қолдайды. Тіл жөніндегі толғаныстар оған қолына қаламды ғана емес, домбыраны да ұстатып, көмекейін әуен кеулей бастайды. Сөйтіп қоғам құрылмастан аттай 1жыл бұрын «Ана тілі» дейтін ән дүниеге келеді. Осы әнді орындай отырып, ол қазақ радиосы арқылы жарты жылға таяу уақыт қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру қажеттілігі жайында хабар жүргізді. Сөйтіп бұл ән болашақ «Қазақ тілі» қоғамының өз әнұранындай болып, көп көңілінде жатталды. Әсіресе, 1988 жылы басталып, 1989 жылы қаулай бастаған тіл күресінің ол басы-қасында болды. Бүкіл жұртшылық қолдаған бұл шерудің түйіні 1989 жылдың 20-21 қазанында шешілді. Сөйтіп тұңғыш Құрылтайда Республикалық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Онда делегаттар бір ауыздан Қоғамның президенті етіп Ә.Т.Қайдаровты, вице-президенті Ө.Айтбайұлын сайлады.

2004жылдың 11 қарашасында ол Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып сайланды.

1998 ж. ҚР Орталық сайлау комиссиясы құрған лингвистикалық комиссияның мүшесі 2005 ж. төрағасы ретінде ҚР Президенттігіне үміткерлерден әуелі 18 адам, кейін (8 адам) емтихан қабылдады.

Ө.Айтбайұлы ғылыми ізденістер нәтижесін практикалық тәжірибемен ұластырып, ұстаздық өнеге танытып жүрген ғалым. 1980-жылдардың басынан Қарағанды, Шымкент, Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарында мемлекеттік емтихан төрағасы ретінде және дәріс оқу арқылы тіл мамандарын, жалпы филологтарды дайындауға үлкен үлес қосып келеді. Ол 1994-95 жылдары Алматы Қыздар пединститутының, ал 1996-97 жылдары Қ.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің профессоры ретінде дәріс берді. 1998 оқу жылынан «Қайнар» университеті филология факультетінің деканы, профессоры.

Академик 1996 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы медалінің, 1998жылы Президент Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері болды. 2001жылы Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, 2004жылы ғылым беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Сондай-ақ ол 1997жылы Президент жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. Осы жылы Экология халық акадмигі болып, ал 1998жылы ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болып сайланды.


Осы кездің бәрінде Ө.Айтбайұлы қоғам қайраткерлері ретінде әрдайым тіл мен діл жолындағы зиялы қауым ұмтылыстарының көшбасшыларының бірі болып келеді. Ол академик Ә.Қайдармен бірге Қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналуына қажетті шаралардың бәріне қатысады. Мемлкеттік Бағдарламаның түзілуіне, Қоғам Жарғысы мен Бағдарламасын дайындауға белсене ат салысты. Ең бастысы Қоғамның жергілікті ұйымдарын құрып, оған іскер мамандар таңдауға және олардың күнделікті жұмыс бағдарын айқындауда Ө.Айтбайұлының еңбегі ерекше. Ол облыстық, қалалық, аудандық ұйымдардың тұңғыш жиындарының көбіне тікелей өзі қатысып, Қоғам атқаратын жұмыстар мен міндттерін түсіндіріп, оның халықтық мәнін насихаттаумен болды. Осындай нақты іс-әрекеттер нәтижесінде Қоғам ел алдында бедел алып, халықтық қозғалысқа айналды. Әсіресе Тіл Заңы мен Мемлекеттік Бағдарламаның іске қосылуына Қоғам қосқан үлес өлшеусіз.

«Қазақ тілі» қоғамы бұл мәселелерді бірінші күннен бастап назарда ұстады. Ол облыстық Кеңестердің сессиясында Мемлекеттік Бағдарламаның арнайы қаралып, осыған орай нақты шаралар белгіленуін қадағалады. Осындай мақсатты көздген Ө.Айтбайұлының тікелей басшылығымен өткен алқа жиындардың (Ақмола, 1990; Ақтөбе, Алматы, Семей 1991,1994; Жамбыл, 1992; Талдықорған, 1993; Семей,1999; Павлодар,2002; Өскемен,1994,1998,2003) маңызын кезінд радио, телевизия, баспасөз беттерінде жан-жақты сөз еткен болатын. Бұл алқа жиындар алдында жер-жерде, әрбір облыс, қала, аудан, бастауыш ұйымдар жергілікті жердің сұраныс еркшеліктеріне орай нақты шаралар қабылдап отырды. Оның бәрі қоғамның жұмысына жүйелілік пен мақсаттылық бағыт берді.

Қоғам тілге қатысты салалардың бәріне араласып, өзінің тіл жоқшысы, бірден-бір қамқоршысы екенін үнемі дәлелдеп отырды. Міне, осы жұмыстардың бірде-бірі Ө.Айтбайұлының қатысуынсыз өткен емес.

Ө.Айтбайұлы академик Ә.Қайдармен бірге Қоғам бөлімшелерін республикадан тыс жерлерде де ашуды ойластырды. Бұған негізгі себеп болған сыртта жүрген отандастар тағдыры еді. Осы мақсатпен ол Мәскеу, Астрахан қалаларында болып, ондағы қалалық ұйымдар конференцияларына қатысады. Ол 1989жылдың желтоқсан айында Киев, Вильнюс, Рига, Таллин қалаларында болып, сол қалалардағы тіл қауымдастықтарының жұмысымен танысады, тәжірибе жинақтайды. Омбы, Қорған, Орынбор, Сарытау, Санкт-Петербург, т.б.қалаларындағы бөлімшелерге нақты әдістемелік кеңес береді. Сондай-ақ АҚШ, Англия, Сауд Аравиясы, Қытай, Түркия елдерінде болып, онда да ұйым құру жөнінде нақты сөз қозғады. Соның нәтижесінде аталған қалалардың көбінде қазір Қогам бөлімшелері жұмыс істуде. Туысқан қырғыз халқының тіл қоғамын құруда да Ө.Айтбайұлының еңбегі едәуір. Қазір оларда да «Қырғыз тілі» қоғамы жұмыс істеп отыр.

Дүниежүзілік қазақтарының Құрылтайын өткізу идеясын да көтергендердің бірі – «Қазақ тілі» қоғамы болатын. Өзге қоғамдық ұйымдармен (Жазушылар одағы, «Қазақстан» қоғамы) қатар мұның ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында Ә.Қайдаровпен бірге Ө.Айтбайұлы да болды.

Сондай-ақ Өмірзақ Айтбайұлының белгілі ғалым, мәдениет, өнер қайраткерлерінің өнері мен шығармашылық еңбегіне бағышталған баяндама, мақалалары оқырман қауымға ой салар, әсіресе жас ұрпаққа үлгі, өнеге болар өрелі ойларға толы. Бұл ретте Махамбет Өтемісұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Шал ақын, Иса Байзақов, Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанов, Нұртас Оңдасынов, Сәйділ Талжанов, Мәулен Балақаев, Ісмет Кеңесбаев, Әбдуәли Қайдар, Зәки Ахметов, Рабиға Сыздықова, Шора Сарыбаев, Телқожа Жанұзақов, Сапарғали Омарбеков, Сейілбек Исаев, Рақыш Әміров, Тұрағұл Қоңыров, т.б.ғалымдар жұмысына жасаған талдамалары мен өмірнамаларын еске алсақ та жетерлікті.

Өмірзақ Айтбайұлының толассыз еңбегі үкімет тарапынан да, ғылым қауымдастығынан да жоғары бағасын алып келеді. Ол 1994 жылы Академияның жалпы Сессиясында ҰҒА-ның корреспондент мүшесі болып бір ауыздан сайланды. 2003 жылдан Ұлттық Ғылым академиясының академигі.

Ө.Айтбайұлы қайраткерлік қабілетін шыңдаумен бірге ғалым ретіндегі іздену, зерттеу, ұйымдастыру жұмыстарын жан-жақты тереңдете түсіп отыр. Ол қазір «Тіл біліміне кіріспе» пәні мен қазақ тілі лексикологиясы тармақтарынан дәріс жүргізеді, курстар оқиды, арнаулы семинар өткізеді. Осы салалар бойынша жоғары оқу орындарына, оның ішінде «Қайнар» университеті филология факультетінің түлектеріне арнап оқулық дайындады. Ол 500-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

Өмекең екі ұл, бір қыздан 5-6 немере көріп отырған айтулы ата. Үлкен ұлы Біржан 1994жылы қайтыс болып кетті. Одан Индира атты немересі бар, ол қазір жоғары оқу орнын бітіріп, банк жүйесінде, білім арбасында жұмыс істеп жүр. Ерланнан туған Шыңғысы Санкт-Петербург университетін бітіріп, Астана қаласында министрлікте қызмет етуде. Айзере атты немересі биыл 5 жаста. Қызы Ләзизаның үлкені Заң университетінің студенті, Жәңгірхан биыл 5-сыныпта оқып жүр. Кенесары келесі жылы мектепке баруға дайындалып жүр.

Ө. Айтбайұлының тағы бір ерекшелігін атаған жөн. Ол ғылым мен өнерді тел еміп, қатар ұстап келе жатқан ғалым. Әсіресе ақындық пен сазгерлік өнерінің жөні бөлек. «Көкше келбеті» тәрізді өлеңі табиғатты сипаттайды. Ал «Жар сәлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Аққоян», «Өнерім» тәрізді т.б.әндері жұртшылыққа мәлім.

Ө.Айтбайұлының тыңдаушысын тамсандырған әншілік өнері мен күйшілік өнері өз алдына бір сала әңгіме. Оның орындауындағы біраз әндер қазақ радиосының «Алтын қорында», сондай-ақ «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» атты көркем фильмдегі Өмірзақ орындаған Біржанның «Теміртасы» бүкіл әлемге тарады.

2003 жылдың 28 ақпанында Ғалымдар үйінде Ө.Айтбайұлы өткізген «Көңілімде көп сыр айтылмаған» екі жарым сағатқа созылған шығармашылық кеш әлі күнге жұрт аузында. Онда профессор көп орындала бермейтін халық әндері мен күйлерді ұлы ғұлама ұстаздар Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтпаевтың рухтарына бағыштап орындаған еді.

Оның ғылыми зерттеулері, шығарған кітаптары, қоғамдық қызметі, шығармашылық өнері жайында әріптестері баспасөз беттерінде талай рет жазды. Әншілік, домбырашылық өнері туралы өнертанушы зерттеушілер де жоғары бағалады.

Ө.Айтбайұлының ғылыми зерттеу, тәлімгерлік-ұстаздық, қоғамдық қызметінде әлі де мол еңбектер береріне сенеміз.

Байынқол Қалиұлы Қалиев - Терминология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты

1939 жылы қаңтар айының 23-і күні Алматы облысы Кеген ауданындағы Саты ауылында дүниеге келген. 1958 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің қазақ бөліміне түсіп, 1963 жылы үздік дипломмен бітірген. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы ғылыми шығармашылындағы өмір жолын 1967 жылы кіші ғылыми қызметкері болып бастайды. 1967 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы диссертациялық кеңесте «Қазақ және қарақалпақ тілдеріндегі дыбыстардың редукциясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1970-1975 жылдар аралығында Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері болып қызмет атқарды. 1971-1975 жылдарында осы институтта жергілікті кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары болып істейді. 1974-1980 жылдар аралығында Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының жанындағы «Түркі тілдері» мамандығы бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғаудың мамандандырылған кеңестің мүшесі болған. 1975 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институты жанындағы Ғылыми кеңесті мүшесіне сайланып, 1995 жылға дейін осы кеңесте болған. 1981 жылдан 1986 жылға дейін Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06. – «Түркі тілдері» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаудың Д.008.02.01 мамандырылған кеңеснің мүшесі болған. 1985 жылдың 5 желтоқсанында 10.02.06. – «Түркі тілдері» мамандығы бойынша аға ғылыми дәрежесі берілді. 1986 жылдан бастап 1995 жылға дейін Тіл білімі инстиутының жетекші ғылыми қызметкері болып қызмет атқарған. 1991 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының Терминологи бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, 1995 жылға дейін аталмыш бөлімінің меңгерушісі болған. 1991 жылы «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Әртүрлі қызметтерге ауысуына байланысты арада біраз жыл уақыт салып, 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06 – Түркі тілдері және 10.02.02 – Қазақ тіл мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53.38.01 диссертациялық кеңестің қайтадан мүшесі болады. 2007 жылдан бастап, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы 2007-2011 жылдарға жоспарланған ғылыми-зерттеу тақырыбыптарына қатысады. 1972 жылы КПСС мүшелігіне кандидат ретінде қабылданып, 1973 жылдан бастап КПСС мүшесі болды. 1974 жылы және 1978 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапатталған. 1976-17986 жылдар аралығында Тіл білімі институты бастауыш партия ұйымы секретарының орынбасары, пртбюро мүшесі болған. 1985 жылы Соцалистік міндеттемені ойдағыдай орындағаны үшін Қазақ ССР Ғылым академиясы мен ағарту, жоғары мектеп, ғылыми мекемелері қызметкерлері кәсіподағы Президумының Құрмет граммотасымен мараптатталған. 1986 жылы 20 тамыз айында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен мараптатталған. 1988 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері болған. Б.Қалиұлы қазақ тіл біліміне қатысты 5 монография, 5 оқулық, 9 кітапша, 3 мақалалар жинағын, 19 сөздік, 270-тен астам ғылыми, ғылыми-көпшілік мақалалар, сондай-ақ көмекші құралдар, әдістемелік нұсқаулар, бақылау-жаттығу жұмыстары, типтік және оқу бағдарламалары, тест жинақтарын жазып, жалпы көлемі 480,5 баспа табақтай еңбек жариялаған. Оның ішінде 1 монография, 2 кітапша және 15 ғылыми мақала орыс тілінде жарық көрген. Ғалымның ғылыми-зерттеу тақырыптарының ауқымы өте кең. Оның басты еңбектері қазақ тіл білімінің фонетика, лексикология, терминология, терминжасам, семасиология, фразеология, лексикография, орфография, тіл теориясы, мәдениеті, этнолингвистика салаларына арналған.

Бөлім меңгерушісі - Айдарбек Қарлығаш Жамалбекқызы, филология ғылымдарының докторы

Айдарбек Қарлығаш Жамалбекқызы 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен бітіріп, сол жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Лексикология бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасады. 1996-1999 жж. аралығында осы институттың күндізгі аспирантура бөлімінде оқып, 1999 жылы «Адамға қатысты атауларды ономасиологиялық тұрғыдан талдау» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2000 жылдан 2005 жылға дейін Лексикология бөлімінің аға ғылыми қызметкері. 2005 жылдан бастап Терминология бөлімінің меңгерушісі. 2009 жылы «Қазақ терминологиялық аталымының ономасиологиялық аспектісі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Сол жылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы 10.02.06 – түркі тілдері және 10.02.02 – қазақ тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңесінің мүшесі. 1 монография, 60-тан аса ғылыми және ғылыми-көпшілік мақала авторы. Олар лексикология, семасиология, ономасиология, терминология, лингвомәдениеттаным, когнитивтік лингвистика салаларына арналады: «Орысша-қазақша сөздік» - Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – 1152 б. (құрастырушы); «Қазақша-орысша сөздік» - Алматы: Дайк-Пресс, 2001 ж. (құрастырушы); Қазақ терминологиялық аталымының ономасиологиялық негіздері. Ғылыми монография. Алматы: «Мемлекеттік тілді дамыту институты», 2010 жыл. 384 б.; Денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру салалары қызметкерлеріне арналған орысша-қазақша тілашар. Ш.Құрманбайұлымен бірлесіп дайындалған терминологиялық тілдескіш. Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы, Астана,2009 ж. 312 б.

Жонкешов Бауыржан Сейсенбекұлы – Терминология бөлімінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты


Жонкешов Бауыржан Сейсенбекұлы 1979 жылы 20 маусымда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қопа ауылында дүниеге келген. 1998-2002 жылдары «Қайнар» университетінің филология факультетін бітірген. Жоғары оқу орнынан кейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына 2002 жылы қыркүйек айында кіші ғылыми қызметкер болып қабылданды. Осы жылдың желтоқсан айында аталмыш институттың аспирантурасына қабылданып, 2005 жылы аяқтады. 2006 жылы «Эмоционалды бірліктердің тілдік табиғаты (семантика, сөзжасам, фоносемантика)» тақырыбында диссертациялық жұмысын қорғаған. 2005 жылдың желтоқсан айынан бастап Терминология бөліміне аға лаборант ретінде жұмысқа алынды да 2006 жылдың қаңтар айынан бастап кіші ғылыми қызметкері қызметіне ауыстырылды. 2007 жылдан бастап 2008 жылға дейін ғылыми қызметкерлікке, 2008 жылдан бастап аға ғылыми қызметкерлікке ауыстырылады. Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы. 2008-2010 ж.ж. «Жас талант» степендиясының жүлдегері. 2009 жылы институттың ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарына белсенді түрде қатысып, ерекше еңбек сіңіргені үшін алғыс жарияланған. Ғылыми зерттеу тақырыптар бойынша түрлі ғылыми жинақтарда, ғылыми журналдарда мақалалары жарияланып келеді. Сонымен бірге 1 монографияның, 2 тілдескіштің, 4 ісқағаздарды жүргізу үлгілері атты кітаптың, 20-ға жуық ғылыми мақалалардың авторы. «Орысша-қазақша, қазақша-орысша қоғамдық ғылымдар терминдері сөздігінің» авторларының бірі.

Әшімбаева Нағима Мәсімахынқызы – Терминология бөлімінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты


1961 жылы 1 қаңтарда Алматы облысы, Шелек ауданы, Қорам ауылында дүниеге келген. 1979-1984 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алып, оны аяқтаған соң Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институты Терминология және аударма бөліміне лаборант болып орналасады. Сол кезден бастап бөлімдегі картотекалық қор жасау, орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздіктер, қоғамдық ғылымдар терминдерінің сөздігін түзуге, ғылымның әртүрлі саласында пайда болып, ала-құла қолданылып жүрген терминдердің бір ізге түсуіне, ғылыми тұрғыдан реттелуіне атсалысты. Аударма ісіне қатысты бірқатар ғылыми әдебиеттер, жарнамалар аудару, түрлі мекемелерден түсіп жататын құжаттар, нұсқаулықтар, стандарттар жобаларын аудару тәрізді жұмыстарға белсене қатысты. Бөлім меңгерушісі Ө.Айтбайұлының жетекшілік етуімен осы жылдары қазақ терминологиясы туралы зерттеу жұмыстары мен өзекті мәселелерге арналған бірқатар іргелі тақырыптарға қатысып, айтарлықтай деңгейде өзіндік үлесін қосты. Атап айтқанда, «Қазақ терминологиясының жасалу көздері» (1981-1984); «Қазақ әдеби терминологиялық лексикасының дамуы» (1985-1987); «Қазақ тілі терминологиясын қалыптастырудың және дамытудың принциптері» (1988-1990). Нәтижесінде мынадай ұжымдық жинақтар мен кітаптарда мақалалары жарық көргендігін атап өту керек: «Аударманың лексика-стилистикалық мәселелері». Алматы. Ғылым. 1987; «Термин және олардың аудармалары». Алматы. Ғылым. 1990. 1989 жылы ақпан айында Институт Ғылыми кеңесінің мәжілісінде «Қазақ тіліндегі атақ-лауазым атауларының этнолингвистикалық сипаты» атты кандидаттық зерттеу жұмысының тақырыбы академик Ә.Т.Қайдардың жетекшілік етуімен бекітілді. 1990 жылы Институт Аттестаттау комиссиясының шешімімен Терминология және аударма бөлімінің кіші ғылыми қызметкері міндетіне белгіленді. Одан кейінгі жылдары қазақ терминологиясының өзекті мәселелерін зерттеуге бағытталған «Қазақстан Республикасындағы қызмет атауларын мемлекеттік тілде жүйелеудің ғылыми негіздерін зерттеу» (2000-2002); «Мемлекеттік тілде терминдік лексиканы қалыптастырудың ғылыми-практикалық негіздері» (2003-2005) атты іргелі ғылыми жобалардың да орындаушысы болды.

Қазіргі кезге дейін бөлімнің іргелі ғылыми зерттеулеріне, мәселен қазақ терминологиялық жүйесі тың бағытта қарастырылатын іргелі зерттеу «Қазақ терминологиялық жүйесін қалыптастырудың ономасиологиялық аспектісі» (2006-2008); одан кейін қазіргі қазақ терминологиялық қорын қалыптастыруда өзіндік қиындық туғызып отырған біріздендіру, нормалау, стандарттау, реттеу мәселелеріне арналған «Қазақ терминологиялық қорын қалыптастырудың теориялық негіздері мен лингвистикалық принциптері (стандарттау, жүйелеу, реттеу, біріздендіру, нормалау)» (2009-2011) атты ғылыми жобаларға, қосымша атқарылатын аударма істеріне, әртүрлі мекемелер мен ұйымдардан түсетін құжаттарға, стандарттар жобаларына лингвистикалық сараптамалар жасауға, сөздіктер түзуге және т.б. жұмыстарға белсене қатысып келеді. 2002 жылдан бастап 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» құрастыруға (бірнеше буын бойынша) автор ретінде атсалысуда. 2009 жылы «Байырғы қазақ қоғамындағы атақ-лауазым атауларының тілдік сипаты» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын қорғады. Сонымен қатар іргелі ғылыми зерттеулермен ғана айналысып қоймай, жалпы Институттың тыныс-тіршілігіне де белсене атсалысып келеді. Әртүрлі деңгейлерде өтетін конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, семинарларға, сұқбаттарға үнемі қатысып, ғылыми, ғылыми-көпшілік басылымдарда терминология, этнолингвистика, аударматану және т.б. мәселелерді қарастыратын мақалаларын жариялап отырады. Жалпы саны 30 шақты ғылыми мақаланың авторы.

Нұрмышева Шәрбат Арзықұлқызы – Терминология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

1975 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Түркістан кеңшарында дүниеге келген. 1991-1996 жж. ҚазМУ-дің журналистика факультетінің толық курсын «Журналист» мамандығы, 2003-2005 жж. «Қайнар» университетінің филология факультетін «Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2003 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының терминология бөліміне аға лаборант болып қабылданған, 2009 жылдан кіші ғылыми қызметкер. 2010 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы диссертациялық кеңесте «Кинодискурс аудармасының коммуникативтік-прагматикалық сипаты» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Киноаударма мен терминология мәселелері бойынша жазған 15 ғылыми мақаласы бар.

Шүленбаев Нұрлан Құныпияұлы – Терминология бөлімінің ғылыми қызметкері

Шүленбаев Нұрлан Құныпияұлы 1965 жылдың 16 желтоқсанында Алматы облысы, Райымбек (бұрынғы - Нарынқол) ауданы, Қаратоған селосында дүниеге келген. 1984-86 жылдары Кеңес армиясы қатарында қызмет еткен. 1987-93 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алған. 1990-93 жылдары А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Терминология және аударма бөлімінде лаборант, аға лаборант лауазымында қызмет істеген. 1993-2004 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы №159-жан-жақты профильді гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі лауазымында қызмет атқарды. 2004-2006 жылдары А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Этнолингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. 2006 жылдың қаңтарынан 2010 жылдың тамызына дейін «Интранском» Көлік және коммуникациялар жобалау институты» Акционерлік қоғамында аудармашы, қазақ тілі мұғалімі болып қызмет атқарды. 2010 жылдың 15 қыркүйегінен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Терминология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері лауазымында жұмыс істейді. 2011 жылдың 1 қазанынан ғылыми қызметкер болып еңбек етуде. «Орысша-қазақша, қазақша-орысша қоғамдық ғылымдар терминдері сөздігінің» авторларының бірі. Тіл білімінің текстология, лексикология, терминология салалары бойынша жазған 5-6 мақаласы бар.

Ақкөзова Айнұр Әбдіжәлелқызы - Терминология бөлімінің лаборанты

Ақкөзова Айнұр Әбдіжәлелқызы 1990 жылдың 23 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. 1996 жылы №17 М.Ю. Лермонтов атындағы мектеп – гимназияның табалдырығын аттап, 2007 жылы №69 Дарынды балалардың экономика және құқық лицейінің қазақ тілі мен тарих пәнін тереңдете оқытатын сыныбын бітірген. Мектеп қабырғасында 2002 жылдан бастап Қазақ тілі пәнінен түрлі облыстық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып жүріп, шығармашылық жемісі ретінде 2007 жылы Республикалық ғылыми жобадан 2 орынды жеңіп алып, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университтетінің Филология факултеті:қазақ тілі мамандығына оқуға түседі. 2011жылы аталған оқу орыннын үздік дипломмен аяқтап, осы оқу орнының Филология:қазақ тілі мамандығы бойынша магистратурада білім алуда.


Этнолингвистика бөлімі

Этнолингвистика бөлімінің тарихы

Этнолингвистиканың барлық тілдерге қатысты әмбебап ғылым ретінде толық қалыптасып, дами түсуіне кейінгі кездерде түркі тілдері негізінде көбейе бастаған ізденістер мен зерттеулердің, соның ішінде қазақ тілінің де қосып отырған үлесі аз емес. Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр. Қазақ тіл білімінде этнолингвистикалық бағыт ХХ ғасырдың 80 жылдарынан басталады. Бұл саланың дамып, өсіп-өркендеуіне Ә.Қайдар, И.Копыленко, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Н.Уәлиұлы, Б.Қалиев, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Б.Момынова, Р.Шойбеков, Ғ.Аронов, Қ.Ғабитханұлы, Ш.Сейітова, Б.Қарағұлова т.б. ғалымдар өз үлестерін қосып келеді. Этнолингвистика – этностың инсандық болмысын һәм дүнияуи табиғатын, оның даму заңдылықтарын басқа емес, тек тіл феномені арқылы танып-білудің ғажайып мүмкіншіліктерінен, яғни “этностаным” мен “тілтаным” арасынан туындаған жаңа да дербес сала. Тіл білімінде оған: “Этнолингвистика – это раздел макролингвистики, изучающий отношения между языком и народом и взаимодействия лингвистических и этнических факторов в функционировании и развитии языка” (Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. М., 1966, с. 539), – деген анықтама беріледі. Жалпы тіл білімінде бұл сала және оның мақсат-мүддесі теориялық тұрғыдан көптен бері-ақ белгілі болса да, іс жүзінде, әсіресе түркі тілдерінде кең қолданыс таба алмай келе жатқандығы мәлім. Қазақ тіл білімінде бұл мәселемен алғаш (1970-жылдардан бері) шұғылдана бастаған ғалым Ә.Қайдар болды деп айта аламыз. Содан бері бұл салада ірілі-ұсақты жүздеген еңбек дүниеге келіп, қазақ тілінің өз табиғаты мен ерекшелігіне сәйкес қазақ этнолингвистикасының бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі айқындалып, ғылыми тұжырымдамасы (концепциясы) жасалды. Көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Міне, осы қыруар игілікті істердің ұйытқысы да, бағдарлаушы, басқарушы көшбасы да академик Ә.Қайдар екендігі ғалымдар қауымына көптен белгілі. Бұл саланың Қазақстан топырағында дүниеге келіп, қалыптасуына оның жеке басының және көптеген шәкірттерінің қосқан үлесін, этнолингвистикалық нысандар мен зерттеу әдіс-тәсілдерін, мақсат-мүдделерін ғылыми-практикалық мәнін арнайы зерттей келіп, “Основы этнолинвистики” (Алматы, 1995, c. 180) атты кітап жазған әйгілі ғалым, проф. М.М.Копыленко акад. Ә.Қайдар төңірегінде “қазақ этнолигвистикалық мектебі қалыптасты” деп түйеді. Шынында да, кейінгі 15-20 жыл беделінде жалпы осы мәселеге және оның нақтылы мәселелеріне қатысты жазылған диссертациялар мен басқа еңбектердің жалпы саны (М.М.Копыленконың көрсетуі бойынша) бір мыңнан асады. Осылардың біразы акад. Ә.Қайдар ұсынған тақырыптар мен этнолингвистика мәселелері болып саналады. Қазақ тіл білімі саласында этнолингвистикалық ізденістердің етек алып, оған ғылым ізденуші жастардың ден қоюында, оқырман қауымның қалауынан шығып, оларға деген сұранымның арта түсуінде өзіндік біраз сыры бар деп ойлаймыз. Біріншіден, этнолингвистикалық зерттеулерден өзінің тұрақты мақсат-мүддесіне байланысты таза лингвистикалық категориялардың өздерін емес, этностың өзін түсінуге қажетті тілдік (лексика-фразеологиялық, т.б.) фактілердің ішкі мазмұнын терең де жан-жақты ашуға бағышталатынын көреміз. Демек, бұл мақсаттың рухани-мәдени танымдық мәні зор деген сөз. Екіншіден, этнолингвистикалық зерттеуге тіл байлығымыздағы кез-келген құбылыс, дерек, тақырып (фразеология, мақал-мәтел, ономастика, жұмбақ, өнер, төрт түлік мал, т.б.) объект бола алады. Өйткені ол фактілердің барлығы этнос болмысын тануға қатысты және оларды әдеттегі лингвистикалық формальдық тұрғыдан ғана емес, одан әлде қайда тереңірек, жан-жағын үңгілей түсіп, індете зерттейді. Мәселен, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің этнолингвист ғалым әдеттегідей қоғамда қалыптасқан ауыс мағынасында ғана емес, сонымен қатар сол мағынаның қалыптасуына негіз болған о бастағы әр алуан мотивтерін (уәждерді) анықтауға тырысады. Демек, тіл деректері тек өзінің коммуникативтік қызметі деңгейінде ғана емес, сонымен қатар кумулятивтік, яғни рухани, мәдени қазынаны өз бойында сақтаушы мұра, бұлақ ретінде сырын ашады. Үшіншіден, тіліміздің лексика-фразеологиялық байлығын әліпби тәртібімен түзілген әр алуан лексикографиялық (сөздік, энциклопедия т.б.) еңбектер арқылы меңгеру мүмкін емес. Этнолингвистикалық зерттеулердің ең басты ерекшелігі – барша деректердің тақырыптық, мағыналық, логикалық жүйе негізінде берілуінде т.т. Міне, осы тәрізді тәсілдерге байланысты этнолингвистикалық зерттеулер тілдің ішкі дүниесін толық ақтарып көрсету арқылы оның небір тамаша танымдық мүмкіншіліктерін де пайдалана алады. Осылардың барлығы акад. Ә.Қайдар ұсынған, оларды біртіндеп кеңейтіп, тереңдетіп, дамытып келе жатқан этнолингвистикалық ілімнің негізгі принциптері болып саналады. Академик Ә.Қайдардың бұл сала бойынша бірсыпыра еңбектері шықты: Этнолингвистика//Білім және еңбек. –1985. – №10. Қазақ этнолингвистикасы // Казақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы, “Ана тілі”, 1998, 8—29-б.; Доспехи и вооружение воина-батыра в казахском эпосе и их этнолингвистическое объяснение (Бұл да сонда, 30—40-б.); Этностық болмыс ұғымдары // Ана тілі, 1990; Культ слова у тюркских народов // Тезисы XXIX ПИАК, Ташкент, 1986, с. 63-65; Жеті қазына // Ана тілі, 1990, т.б. (жалпы саны 12 еңбек). Қазақ этнолингвистикасы – бүгінде жаңа ғылыми бағыттан жеке ғылым саласына айналған дербес пән. 2000 жылы Этнолингвистика бөлімі ұйымдастырылып, ғылыми қызметі мен зерттеу нысандары кеңейе түсті. Тәуелсіз Қазақстанның туын биік ұстар ұлтжанды ұрпақ, білікті маман тәрбиелеу – Қазақстан Республикасының жалпы білім берудің мемлекеттік бағдарламасында алға қойылған басты мақсат. Осы мақсатқа сай «Этнолингвистика» пәні еліміздің жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінде оқытылып келеді. Пәннің оқу-әдістемелік кешенін, типтік-оқу бағдарламасын жасауда ғалымның тікелей бағыттауымен қазақ тілінің табиғаты мен ерекшелігіне сәйкес жазылған ғылыми зерттеулер басшылыққа алынды. 2000-2010 жж. бөлімді қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті (2004), Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Қайдар басқарды. Бөлімде 2000-2002 жылдары «Ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қызметі мен дамуының негіздерін зерттеу» атты іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақтар: ана тілі әлемінде» атты тақырып бойынша көптеген ғасырлар бойы жиналып қордаланған және әлі де жинақталып жатқан өте бай тіліміздің лексикалық байлығы, заттар мен бізді қоршаған табиғи құбылыстардың атаулары, адамдардың қоғамдық қарым-қатынасына, тұрмыс-салтына, бұрынғы көшпелі ру-тайпалар мен бүгінгі қауымның өмір сүру тәсілдері мен әдет-ғұрпына байланысты сан алуан тілдік деректер – лексика-фразеологиялық, паремиологиялық, ономасиологиялық, кәсіби-терминологиялық, эвфемистік, теңеу-салыстыру, т.б. ұлан-ғайыр этнолингвистикалық мағыналық бірліктер жинақталды. «Қазақтар: ана тілі әлемінде» деп аталатын еңбектің мақсаты – қазақ тілінің сөздік қорындағы жарты миллиондай (Ә.Қайдардың жобалауы бойынша) мағыналық бірлігін (“смысловые единицы” мәнінде) қамтитын 3 томдық этнолингвистикалық сөздігін жасап, XXI ғасырда өмір сүретін ұрпаққа өз болмысын танытатын ана тілінің асыл қазынасын мирас етіп қалдыру. Бұл жұмыспен ғалым 30 жылдан астам уақыт шұғылданып келеді. 2003-2005 жылдары «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы ¬– егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақ тіліндегі қос сөздер табиғаты: зерттеу, сөздік» атты тақырып бойынша қазақ тілінің сөздік қорындағы қосарлама және қайталама қос сөздердің барлығы дерлік жинақталып, жүйеленіп, қолданыс аясы мен мағыналары мәтін негізінде ашылып, түсініктеме берілді, олардың арнайы сөздігі жасалды. Көне де ең байырғы бұл категорияның сөзжасам жүйесіндегі өзіндік ерекше орны мен тәсілдері айқындалып, тілдік қарым-қатынастағы атқаратын қызметтері жан-жақты сипатталып, мағыналық, эмоциональды-экспрессивті, жалпылау, жіктеу, қайталау т.б. осы сияқты мағыналар мен мағыналық реңктерді, бояу-нақыштарды берудегі өзіндік ролін айрықша атап көрсете алатын зерттеу жүргізілді. Осының нәтижесінде екі бөлімнен – зерттеу мен сөздіктен тұратын «Қазақ тіліндегі қос сөздер табиғаты» атты (30 б./т.) монография жазылды. 2006-2008 жылдары «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі негізгі даму үрдістері мен бағыттары» атты тақырыпта іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақ тілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері» атты тақырып бойынша этимологиялық зерттеудің принциптері айқындалды; ғылыми, қызықты және жалған (халықтық) принциптері сипатталды; қазақ тілі бойынша жүргізілген этимологиялық зерттеулер мен этимологиясы айқындалған сөздердің жалпы саны анықталды; этимологиялық сөздікке негізінен бір, екі буынды түбірлер еніп, оларға қатысты сөзжасам модельдерінің тізімі берілді; этимологиялық анықтамалар тек қазақ тілі бойынша ғана емес, жалпы түркітануға байланысты қарастырылды. 2007-2009 жылдары Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының тірегі бағдарламасы аясындағы “Қазақстанның болашағы және қазақ этносының өзіне тән қасиеттерін (феноменін) танып-білу, дамыту” атты тапсырмасы бойынша қазақ тілінің лексика-фразеологиялық-паремиологиялық байлығын мүмкін болғанынша түгел қамтып, мағына-мәніне, қолданысына түсініктеме беретін, жүздеген тақырыптардан тұратын единицалар жинақталып, жүйеленіп берілді. Зерттеу, негізінен, қазақ этносының табиғи, рухани болмысы туралы тілдік сипаттамаларды, оның рухын, дүниетанымын, ұғым-түсінігін білдіретін тілдік деректерді жүйелеп, жинақтап көрсетуге бағышталды. Зерттеу жұмысының нәтижелері «Қазақ қандай халық?» (2008) атты жинақ пен «Қазақтар ана тілі әлемінде» (2009) атты 3 томдық этнолингвистикалық сөздікте толық көрсетілді. Оның 1-томы жарыққа шықты. Бұл қазақ этносының басқа түркі, т.б. этностардан көптеген (тәрбиесі, ділі, тілі, діні жағынан) ерекшелігінің барлығын, түпкі мақсатқа тез жетудің ең оңтайлы жолы екендігін сипаттайтын приоритеттеріміздің бірегейі болып саналады. 2010 жылдан қазірге дейін бөлімді филология ғылымдарының докторы Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлы басқарады. Бөлімде филология ғылымдарының докторы, академик Ә.Туғанбайұлы, филология ғылымдарының докторы Р.Шойбеков, филология ғылымдарының кандидаты Г.Исаева, филология ғылымдарының кандидаты Э.Өтебаева, кіші ғылыми қызметкерлер А.Жауғашарова, З.Садырбаева, Е.Бесіров және аға лаборант Г.Тлегенова қызмет етеді. Бүгінгі таңда бөлім қызметкерлері 2009-2011 жылдарға арналған “Қазақ ұлттық әдеби тілі және оның Уақыт пен Кеңістіктегі даму жолдары: ұлттық, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау, жаңғырту” атты іргелі зерттеу бағдарламасы аясында “Имитатив теориясы және қазақ тілі байырғы лексикалық қорының қалыптасу процестері” тақырыбы бойынша еліктеуіш, елестеуіш, бейнелеуіш ілкі түбірлерінің пайда болу, қалыптасу тарихының эволюциялық процестерін талдап, қазақ тіліндегі еліктеуіштердің 500-дей бір буынды түбірлерін жіктеп, оларға түсініктеме беруде.





Бөлімнің айналысатын негізгі тақырыптары

  • тіл мен материалдық мәдениет
  • тіл мен рухани мәдениет
  • тіл мен ұлттық менталитет

Бөлім қызметкерлері туралы ақпарат

Меңгеушісі – Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлы, филология ғылымдарының докторы, доцент


Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлы 1948 жылы мамырдың 8-ші жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Қызыл ту ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Түркістан педагогикалық училищесін бітірген соң, 1965-1967 жылдар аралығында Сарыағаш ауданының бірнеше мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарған. 1967-1971 жылдар аралығында Шымкент мемлекеттік педагогтік институтының филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша жоғары білім алған. 1970 жылы «Еңбектегі қажырлылығы үшін» медалімен марапатталған. 1971 жылы Түркіменстандағы Красноводск ауданы, Бекдаш поселкесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1972-1976 жылдары мектеп директорының мектептен және сыныптан тыс жұмыстары бойынша орынбасары, ал 1976-1979 жылдар аралығында аталған поселка мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. 1979-1989 жылдар аралығында Алматы қаласында ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының кіші ғылыми, ғылыми қызметкері болып жұмыс істеген. 1989-1999 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі кафедрасында доцент, 2000-2001 жылдары аталмыш институттың аға ғылыми қызметкері, ал 2002-2005 жылдар аралығында осы институтта қазіргі қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2005-2006 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университеті Алматы заң академиясында қазақ және орыс тілдері кафедрасының доценті қызметін атқарды. 2006 жылдан бері Тіл білімі институтының Терминология бөлімінде жетекші ғылыми қызметкер болып қызмет істеді. 2010 жылдан бері Этнолингвистика бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.

1987 жылы академик Ә.Қайдардың жетекшілігімен “Қазақ тілінің зергерлік лексикасы” тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация, 2006 жылы академик Ә.Қайдардың кеңесшілігімен “Қазақ тілінің қолөнер лексикасы” атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Орыс, түрік, қырғыз, өзбек тілдерінде түсінісе алады, еркін сөйлеседі. 1991 жылы жарық көрген “Қазақша-орысша мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестері” көмекші оқу құралы, “Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі”, 1993 жылы жарық көрген “Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы” кітабының, 50-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы. “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарияланып отырған 15 томдық “Қазақ әдеби тілінің сөздігінің” авторларының және шығарушы редакторларының бірі. Сонымен қатар бірнеше қазақша-орысша сөздіктер мен студенттерге арналған оқу-әдістемелік құралдар авторларының бірі ретінде еңбек жазған.


Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар

Қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті (2004), ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Этнолингвистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы саналы ғұмырының жарты ғасырынан астам уақытын тіл білімі саласына арнап келеді.

Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9 сыныбын және он айлық педагогика курсын аяқтасымен, өз еркімен сұранып майданға аттанады. Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Ә.Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945) ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Москваны қорғағаны үшін» т.б. медальдармен марапатталады.

Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген Ә.Қайдар, 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша бітіреді. Міне, осылай басталған аспиранттан академикке дейінгі, кіші ғылыми қызметкерден (1954) академиялық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына (1978) дейінгі ғалымның ғылымдағы ғұмыры ҚР Ұлттық ғылым академиясының (қазіргі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының) қара шаңырағында өтуде. Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі оның жариялаған 500-ге жуық ірілі-кішілі (жалпы көлемі 1000 б.т. астам) зерттеулерден, оларда көтерілген сан алуан (50-ден астам) лингвистикалық проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көрінеді. Солардың ішінде жеке кітап түрінде жарық көрген монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары мен кітапшаларының жалпы саны – 52. Ә.Қайдар – лексикография саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан ғалым. Бұл салада оның: «Уйгурско-русский словарь» (1961), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (авторлардың бірі) (1966), «Қазақша-орысша бір буынды түбірлер сөздігі» (1986), «Тысяча метких и образных выражений: казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (2003), «Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (2004) және «Қазақтар ана тілі әлемінде 1-том. Адам» атты этнолингвистикалық сөздігі және т.б. еңбектерін атап айтуға болады. Академик Ә.Қайдар – қазақ этнолингвистикасының негізін салушы ғалым. Этностың инсандық болмысы мен дүнияуи табиғатын, оның даму заңдылықтарын тіл феномені арқылы танып-білудің ғажайып мүмкіншіліктері, яғни «этностаным» мен «тілтаным» арасынан туындаған лингвистиканың жаңа да дербес саласының бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін айқындау, ғылыми тұжырымдамасын негіздеу – ғалымның осы саладағы соңғы кездегі зерттеулерінің негізгі арқауы. Ғалымның қазақ этносы туралы зиялы қауымның сауалына және көпшіліктің ой-пайымдарына жауап ретінде ұлттың менталдық ерекшелігін көрсететін «Қазақ қандай халық?» (2008) атты көлемді еңбегі жарық көрді. Этностың болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы мен синтезін таныту мақсатында «Қазақтар ана тілі әлемінде: «Адам» (1 т.), «Қоғам» (2 т.), «Табиғат» (3 т.) атты 3 томдық этнолингвистикалық сөздік баспаға дайындалып, оның бірінші томы жарыққа шықты. Бұл еңбектер келешек ұрпаққа ұлттық қасиеттерімізді басқа бұлақтардан емес, тек тіл бастауынан ғана сусындап білуге көмектесері сөзсіз. Ғалымның есімі ғылымдағы үздік өнегесімен ғана белгілі емес, сонымен қатар, еліміздің рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріне де белсене араласып, бұл салада да азаматтықтың жоғары деңгейінен көрініп келеді. Оны біз ғалымның 50 жыл бойы атқарып келген, әлі де жалғастырып отырған еңбек жолынан айқын көреміз. Солардың кейбіреулерін, яғни ғалымның міндетті қызметтерінен басқа атқарған қоғамдық тапсырмаларының біразы мынадай: 1) тіл білімі бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғау кеңесінің төрағасы (23 жыл); 2) ҚР Ғылым академиясының «Хабарлары» атты ғылыми журналдың бас редакторы (8 жыл); сондай-ақ Бүкілодақтық «Советская тюркология» журналының, «Білім және еңбек», «Парасат» журналдарының редакция алқасының мүшесі; 3) кезіндегі «Достық қоғамдары» мен ҚР Халықтар Ассамблеясының мүшесі (20 жылдан астам); 4) Мемлекеттік терминологиялық комиссия төрағасының орынбасары әрі мүшесі (25 жылдан астам); 5) Мемлекеттік ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары (12 жыл); 6) СССР Министрлер Советі жанындағы СССР-дің Ғылым мен техника саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитетінің мүшесі (2 жыл); 7) Ел президентігіне 8 үміткердің ішінде бірінші елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан қазақ тілі бойынша мемлекеттік емтихан алған комиссияның басшысы болды; 8) Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Қазақ ССР-інің ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің мүшесі; 9) СССР Жоғары аттестациялық комиссияның мүшесі, ҚР ЖАК-ның Төралқа мүшесі (3 жыл); 10) ҚР «Тіл туралы заңның» жаңа жобасын жасаушы Комиссияның мүшесі; 11) ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі; 12) Академик Ә.Қайдардың редакторлығымен 76 еңбек (монография, жинақ, сөздік), соның ішінде 2 энциклопедия («Қазақ тілі» энциклопедиясы мен «Жетісу» энциклопедиясы) жарық көрді; 13) Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті (1989 ж. бері) және т.б. қоғамдық қызметтерді атқарып келеді. Академик Ә.Қайдар – тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайындауға да ерекше көңіл бөліп келе жатқан ғалым. Оның ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдары бойынша диссертация қорғаған 17 ғылым докторы мен 75 ғылым кандидаты Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ елімізден тыс мемлекеттерде (Мәскеуде, Уфада, Абаканда, Нүкісте, Ташкентте, Нальчикте, Кемеровте, Бішкекте, МХР-да, ҚХР-да т.б.) жемісті еңбек етіп жүр. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ә.Т.Қайдардың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Халықтар достығы» ордені, «Отан» ордені, «Құрмет нышаны» (Түркия ордені) және 12 медаль, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталды.


Исаева Гүлсінай Сайлауқызы

1979 жылы 31 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. 1997-2001 жылдары Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесінде білім алып, 2003 жылы осы университеттің магистратурасын «лингвистика магистрі» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. 2003 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасында сырттай бөлімде оқып жүріп, «тіл тарихы және диалектология» бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып қызмет етті. 2006 жылдан бері осы институттың этнолингвистика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып қызмет атқарады. 2005 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарық көрген «Қазақ тілінің аймақтық сөздігін» (Ө, Ы әріптері бойынша) құрастырушылардың бірі. 2008 жылы академик Әбдуәли Қайдардың ғылыми жетекшілігімен «Киіз үйге қатысты атаулардың этномәдени негізі (қазақ, қарақалпақ, қырғыз тілдерінің материалдары бойынша)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2009 жылы академик Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік) І том. Адам» атты еңбегін (49 баспа табақ) баспаға дайындады. Академик Ә.Қайдардың 2011 жылы жарық көретін «Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік» атты 30 баспа табақ көлеміндегі монографиясына жауапты шығарушы болды. Сонымен қатар 20-ға жуық ғылыми мақалалардың авторы. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанып, Түркияның Мармара университетіндегі Түркітану ғылыми-зерттеу институтында «Қазақ-түрік тілдеріндегі имитатив түбірлер» ("Kazak ve Türk dillerindeki imitatif (taklidî) kökler") атты ғылыми жобасы бойынша тағылымдамадан өтіп жатыр.

Өтебаева Эльмира Әбдіғалиқызы

1979 жылы 1 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекетттік қыздар педагогика институтының филология факультетін «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіргеннен кейін, 2002 жылға дейін аталған оқу орнының филология факультетінің деканатында хатшы қызметін атқарды. 2002-2005 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институттың аспирантурасында оқыды. 2004 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты этнолингвистика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері болып қызмет етіп келеді. Академик Ә.Қайдардың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі -дай, -дей, -тай, -тей тұлғалы теңеу мәнді тілдік бірліктердің этнотанымдық сипаты» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 15 шақты ғылыми мақалалардың авторы. Отбасылы, екі баласы бар.


Жауғашарова Айнұр Исақызы

1978 жылы 4 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. 1997-2001 жылдары Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесінде білім алып, 2003 жылы осы университеттің магистратурасын «лингвистика магистрі» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. 2003 жылы Алматы қаласының № 147 мектеп-гимназиясында қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 2009 жылдан бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Этнолингвистика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып қызмет атқарады. Отбасылы, екі баласы бар.


Садырбаева Зубайра Боранбекқызы

1962 жылы 20 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. 1979-1983 жылдары Алматы педагогикалық училищесінде «мектепке дейінгі сынып оқытушысы» мамандығы бойынша білім алды. 1996-2001 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша жоғары білім алды. 1983 жылдан 1991 жылға дейін Алматы қаласының № 68 бала-бақшасында тәрбиеші болып қызмет істеді. 1991 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолданбалы лингвистика бөлімінде аға лаборант, 2002 жылы аталмыш институттың лексикология бөлімінде, 2004 жылы этнолингвистика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 2007 жылдан бері этнолингвистика бөлімінің аға лаборанты болып қызмет етіп келді. 2011 жылдан бастап кіші ғылыми қызметкер. Отбасылы, екі баласы, екі немересі бар.

Тлегенова Гүлден Бақытқазықызы

1988 жылы 20 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында дүниеге келген. 2005-2009 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде «филология: қазақ тілі» мамандығы бойынша білім алды. 2009 жылдан бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының этнолингвистика бөлімінде аға лаборант болып қызмет істеп келеді.

Тіл тарихы және диалектология бөлімі

Бөлім тарихы туралы ақпарат

Тіл тарихы және диалектология бөлімі тілдің тарихи дамуын жазба ескерткіштер тілі құрылымы арқылы дәйектеуді мақсат етеді. Сонымен қатар тілдің аймақтық ерекшеліктерін саралап жіктеу, оның әдеби тіліміз лексикасының молығуы мен грамматикасының кемелденуінде маңызды рөл атқаратындығы да осы бөлімде жасалған теориялық зерттеулердің нәтижесінде жүзеге асырылды. Тілдің өткен тарихын зерделемей тұрып оның бүгінгі қалпына баға беру қиын. Себебі, тарихи сөздік қор мен сөздік құрамды айқындау арқылы ғана бүгінгі тілдің қалыптасу ерекшеліктерін анықтай аламыз. Сөз құрамының тарихи негіздерін ашу оңай шаруа емес. Қазіргі қазақ тілінің әдеби тіл дәрежесіне көтерілу сатыларын анықтау үшін түркі ескерткіштері тілін тереңінен талдағанда анық көз жеткізуге болады. Осындай ірі мәселелерді шешу барысында 1956 жылы тіл тарихы және диалектология бөлімі ашылған болатын. Бұл бөлімнің алғашқы меңгерушісі Нығмет Тінәлұлы Сауранбаев болды (1956-1958 жж.). Көне және ортағасырлардағы жазба тілдің әр кезеңдегі ескерткіштері – қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихын анықтауға жол ашатын бірден бір құрал болып табылады. Қазіргі тіліміздің қалыптасып, осы дәрежеге жетуі ең алдымен қоғамдық ой сананың кемелденуіне, халықтың мәдени өрлеуіне, әсіресе жазба әдебиеттің кең өріс алуына тікелей байланысты. Өйткені, жазба тарихи ескерткіштердегі таңдаулы сөз үлгілері жинақтала келе жалпыға ортақ тілдік нормалардың қалыптасуына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан әдеби тілдің қалыптасу тарихын осы бөлімде қызмет еткен түркітанушы ғалымдар әр қырынан қарастырып, көне түркі, орта түркі дәуірлеріне қатысты жазба үлгілердің қазақ тілі тарихын зерттеудегі, оның ертедегі күй-қалпын сипаттаудағы алар орнын біршама айқындап берген болатын. Осымен байланысты ұзақ жылдар бойы қазақ әдеби тілін диахрондық аспектіде зерттеу нәтижесінде ғалымдар көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, академик Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Айдаров, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбанов, Ә.Құрышжанов, С.Омарбеков, сондай-ақ академиктер Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, профессорлар Б.Әбілқасымов, О.Нақысбеков, Б.Сағындықұлы, т.б. ғалымдар қазақ тілінің тарихи күй қалпын көрсететін құнды еңбектерін жарыққа шығарды. Мәселен көне түркі жазба ескерткіштерін тереңінен зерттеген ғалымдардың бірі Ғ.Айдаров 1960-1963 жылдар аралығында қызмет етіп “Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі” (1986), “Орхон ескерткіштерінің тілі” (1990), “Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі” (1991) атты еңбектерін жарыққа шығарды. Белгілі түркітанушы Ә.Құрышжанұлы (1958-1985 ж.ж.) ескі түркі ескерткіштерінің тарихы мен тілін зерттеп, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, А.Иүгінеки, А.Ясауи сынды ғұламалар еңбектерін аудару ісімен шұғылданды. 1957-1991 жылдары еңбек еткен ғалым Е.Жұбанов тіл тарихына қатысты “Литературно-лингвистические особенности “Козы Корпеш-Баян сулу” (1967), “Эпос тілінің өрнектері” (1978), “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” эпосының текстологиясы” (1994) т.б. еңбектерін жарыққа шығарды. Тіл тарихы бөлімінде 1972-1985 жылдары еңбек еткен белгілі ғалым Қ.Өмірәлиевтің «XV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі», «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі», «VІІІ-ХІІ ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері», «Оғұз қаған эпосының тілі» атты іргелі монографиялары түркітану саласындағы маңызды зерттеулердің қатарынан орын алады. Сондай-ақ қазақ тілінің тарихы мен түркітану саласына қатысты өзекті мәселелер академиктер Ә.Қайдардың (“Структура односложных корней и основ в казахском языке” (1986), “Түркітануға кіріспе” (1992) т.б.), Р.Сыздықтың (“Сөздер сөйлейді” (1980), “Сөз сазы” (1983), “Қазақ әдеби тілінің тарихы” (1984), Язык “Жамиғат тауарих” Жалайри” (1989), “Ясауи хикметтерінің тілі” (2004), “Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар” (2009) т.б.), профессорлар Б.Әбілқасымовтың (“Алғашқы қазақ газеттерінің тілі” (1971), “ХІХ ғ. ІІ жартысындағы қазақ әдеби тілі” (1982), “ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. қазақ әдеби тілінің жазба нұсқалары” (1988), “Әбілғазы ханның “Түркі шежіресі” және оның тілі” (2001) т.б.) М.Малбақовтың («Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының текстологиясы” (1992), «Қазақ сөздіктері» (1995), «Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері» (2002), т.б.) атты еңбектерінде кеңінен қозғалған. Сонымен қатар қазақ тіл білімінде диалектология саласының теориялық-әдістанымдық негізінің жетіліп дамуына үлес қосқан диалектолог-ғалымдар академик Ш.Сарыбаевтың (“Қазақ диалектологиясы” (авт.бірі 1967), “Казахская региональная лексикография” (1976), “Қазақ тілінің аймақтық лексикасы” (авт.бірі 1989) т.б.), профессор О.Нақысбековтың (“Языковые особенности казахов Чуйской долины” (1963), “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі” (авт.бірі 1969), “Қазақ тілінің ауыспалы говоры” (1972), “Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобы” (1982), т.б.) және ғалым С.Омарбековтың (“Қазақтың ауызекі тіліндегі жергілікті ерекшеліктер” (1965), “Қазақ тілінің дилаектологиялық сөздігі” (авт.бірі 1969) т.б.) зерттеулері мен еңбектері жергілікті диалектілер мен сөйленістердің тіл тарихында алатын орнының ерекше екенін айқындап берді.

Бөлім айналысатын өзекті мәселелер

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының құрылымына сай тіл тарихы және диалектология бөліміндегі іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары да ұзақ жылдарға бағдарланған жоба бойынша жүргізіліп келеді. Қазіргі кезеңде, 2009-2011 жылдар аралығындағы жоспарланған тақырыпқа орай қазақ тілінің тарихи сөздігін түзудің ғылыми негіздерін зерттеу мен қазақ тілінің тарихи сөздік қорын жинақтау мәселесі міндеттелген болатын. Қазіргі қазақ тіл біліміндегі өткір әрі күрделі проблемалардың бірі болып табылатын тарихи сөздік жасаудың ғылыми-теориялық, құрылымдық мәселелерін анықтай отырып, одан әрі қазақ тілінің тарихи сөздік қорын жинақтап, оның ғылыми сипаттамасын жасау сондай-ақ қазақ тілінің үлкен тарихи сөздігін жасау істері өз кезегін күтіп тұр. Тарихи лексикаға байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын бұлайша сатылап жүргізудің басты себептері, біріншіден, тарихи сөздік жасау ісінің теориялық, құрылымдық мәселелерін жан-жақты зерттеп, айқындап алудың қажеттілігіне, екіншіден, тарихи сөздік қордың құрамын анықтап, оған кешенді тілдік тұрғыдан ғылыми сипаттама жасаудың қажеттігіне, үшіншіден, тіліміздің тарихи сөздігін жасаудың қажеттілігіне байланысты болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі таңда бөлім айналысып отырған басты өзекті мәселелер мыналар:

  • қазақ тілі тарихи сөздік қорының ғылыми сипаттамасын жасау, жекелеген ескерткіштер тілінің сөздігін жарыққа шығару және осы арқылы қазақ тілінің тарихи сөздік қорын жинақтау;
  • тілдік және ғылыми-теориялық материалдарды жинақтау, саралау, сараптау, қорыту негізінде қазақ тілі тарихи сөздігінің шағын үлгісі жекелеген тарихи ескерткіштердің материалдары негізінде жасалады. Тарихи сөздікті түзу ісі ұлттық тілдің тарихи сөз байлығын жинақтап, жүйелеп көрсетуге мүмкіндік тудырады;
  • тарихи сөздік - ұлт тілінің бұрыннан бері жинақталған үлкен қоры болып табылады. Сондықтан тарихи сөздер фонетикалық сараптаудан өткізіліп, олардың бірнеше нұсқалары мен варианттары ескерткіштер материалдары негізінде жинақталып салыстырылады. Сондай-ақ, ескерткіштердегі лексикалық бірліктер грамматикалық, морфологиялық тұрғыдан талданып, олардың қазіргі қазақ тіліндегі формалары мен тұлғалары анықталады;
  • қазақ тілі тарихи сөздік қорының негізгі құрамын құрайтын байырғы түркілік лексикалық құрам, ежелгі тіларалық қатынастардың нәтижесінде ескі қытай, моңғол, иран тілдерінен, ортағасырлық парсы, араб тілдерінен енген кірме лексикалық қабатты айқындау. Зерттеме барысында республикадан тысқары орналасқан қазақ диаспорасының тілі де қамтылып, тарихи диалектологиялық талдау жасалады;
  • тарихи сөздік қорға алынуға тиісті лексикалық бірліктердің байырғы түркілік сөз тіркестерінің, фразеологизмдердің құрамы жазба ескерткіштер материалдары негізінде анықталып, картотекалық қоры түзіледі.
  • кірме (араб, парсы, қытай, моңғол) сөздердің құрамы айқындалып, тарихи сөздіктің сөзтізбесіне қатысты олардың сөздік тұлғасы, бейсөздік тұлғасы, туынды тұлғасы, тіркесімдік тұлғасы, сондай-ақ фразеологизмдер, диалектілерде қолданылуы мәселелері зерттеліп отырған ескерткіштер көлемінде анықталады.

Қазақ тілінің тарихи сөздік құрамына енетін қомақты тілдік материал іс жүзінде жазба ескерткіштерде қамтылған. Әсіресе ғылымға белгілі мұрағаттар ішінен ерте және орта ортағасырларда жарық көрген филологиялық трактаттар мен әдеби мұраларда кездесетін лексикалық бірліктерді түгендеп, жинастырып, олардың әрбіріне қатысты мағыналық ерекшеліктерді (сол мәтіндегі (контекстік қоршауымен анықталатын) мағынасы, кейінгі дәуірлерде ұмыт болған, яғни қазіргі тілімізде мүлдем қолданылмайтын реликт дәрежесіндегі сөзформалар, әдеби тіл ауқымына жатпайтын, бірақ аймақтық сөйленістерде сақталған сөз қолданыстар, ескерткіштегі бастапқы мағынасы түрлі өзгерістерге ұшыраған, яғни семантикалық аясы кеңейген немесе тарылған бірліктер, тарихи тұрғыдан еркін тіркес, ал синхронды тұрғыдан тұрақты тіркестерге айналған түрлі фразеологизмдік оралымдар, метафоралық мәнде жұмсалған бірліктер, қазіргі тіл тұрғысынан этимологиясы күңгірт саналатын көнерген сөздердің семантикасы т.б.) анықтау үшін орасан жұмыс жүргізілуі тиіс. Атқарылып отырған жоба тақырыбының өзектілігі осы мәселелермен тікелей байланысты. Сонымен қатар, тіл тарихи-әлеуметтік құбылыс болғандықтан тілді қолданушылар әр заманда оның өзіне дейінгі жинақталған сөздік қорын, қалыптасқан заңдылықтарын қолдана отырып, тілішілік (интралингвистикалық) және тілден тыс (экстралингвистикалық) факторларға байланысты өз тарапынан әр түрлі ереже-қағидаларды енгізетіні, сөздік құрамды әр түрлі қырынан байытатыны және қандай да бір бөлігін (мақсатты түрде немесе стихиялы түрде) қолданыстан мүлде шығарып тастайтыны, я болмаса бұрыннан келе жатқан қолданыстарды әр түрлі қырынан өзгертетіні белгілі. Тілдің осындай даму және қалыптасу заңдылықтарын қазіргі кезде актив қолданылатын (мұрагер, жалғас) тілдер деректерімен салыстыра отырып айқындау бүгінгі таңда кезек күттірмейтін мәселелер қатарынан орын алып отыр. Осымен байланысты, олардың арасындағы сабақтастықты анықтау бөлімде жүргізіліп жатқан зерттеулердің басты мақсатының бірі болып саналады. “Қазақ тілінің тарихи сөздігін түзудің ғылыми-теориялық негіздері” атты тақырып тіліміздің байырғы сөздік қорын жазба ескерткіштер материалдары бойынша қалпына келтіруге бағытталған алғашқы қадам болмақ. Себебі, күні бүгінге дейін қазақ тіл білімінде кейбір жекелеген лексемалардың этимологиясын ашуға, ескерткіштер тілінің лексикалық, морфологиялық ерекшеліктерін қарастыруға арналған еңбектер болғанымен, тұтастай тарихи сөздік жасалмаған. Бұл үшін ғылымға белгілі тарихи жазба мәтіндерді жинастырып, олардың әрқайсысында қамтылған лексикалық бірліктерді есепке алу, сөзтізбесін жасау қажет болып отыр. Әрі қарай жинақталған сөздік құрамды түрлі ұғымдық тақырыптық топтар бойынша жіктеу, әр топқа тән негізгі кілт ұғымдарды бөліп көрсету, олардың тарихи дереккөздердегі қолданыстық ерекшеліктерін айқындау, қазіргі тіліміздегі жалпыхалықтық сөздік қорындағы көріністермен салыстыру т.б. міндеттері тұр. Осы міндеттерді шешу үшін елімізде және республикадан тыс жерлерде сақталған тарихи ескерткіштердің қолжазбаларын т.б. нұсқаларын жинастыру маңызды. Түптеп келгенде тіліміздің байырғы лексикалық қорын анықтауға бағытталған бұл зерттеу тарихи сөздік түзудің ғылыми-теориялық негіздемесін жасап алуды қажет етеді. Жалпы айтқанда тіл тарихы және диалектология бөлімі негізінен мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің арғы тарихи дамуын диахрондық және синхрондық бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Соңғы оны жыл көлеміндегі бөлімде жүргізілген жұмыстарға тоқталар болсақ: 1) 2003-2005 ж.ж. орындалған «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы – егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша «Мемлекеттік тілдің лексика-фразеологиялық қорын толықтырудың тарихи көздері» атты тақырыпта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мемлекеттік тілдің лексика-фразеологиялық қорын қазақ тілінің тарихи сөздік құрамындағы бірліктер мен жаңа қолданыстарды ғылыми сараптама тезінен өткізу арқылы байытудың жолдары мен әдіс-тәсілдері анықталған. Мұның өзі мемлекеттік тілдің сөз байлығын арттырудың мүмкіндіктерін молайтады. Аталған бағдарлама бойынша орындалған тақырыптың нәтижелері жекелеген монографиялық еңбектер мен ұжымдық жинақтарда жарық көрген. Сондай-ақ, бұл бағдарлама материалдары «Тілтанымдық зерттеулер» атты жинақта жарияланған.

2) 2006-2008 ж.ж. орындалған «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде негізгі даму үрдістері мен бағыттары» атты іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша «Ортағасырлық қыпшақ және қазіргі қазақ тілдерінің тарихи сабақтастығы» тақырыбы бойынша зерттеу жүргізілді. Орындалған тақырыптың нәтижелері республикалық және шетелдік басылымдарда мақалалар түрінде жарық көрген. Жекелеген тақырыптар бойынша ұжымдық зерттеулердің қолжазбалары даярланған. Ғылыми-зерттеу жұмыстары «Тілтанымдық зерттеулер» мен басқа да жинақтарда жарыққа шықты. 3) “Қазақ тілінің тарихи сөздігін түзудің ғылыми-теориялық негіздері” (2009ж.) атты ғылыми-зерттеу жобасы жүргізіліп жатыр.

Бөлімдегі жаңа бағыттар туралы

Мемлекеттік тілдің жасампаздығы, ең алдымен, оның грамматикалық құрылымы мен сөздік құрамының жақсы зерттелуіне байланысты. Бұл, өз кезегінде, біріншіден, нақты ғылым салаларының кәсіби тілінің жақсы жетілуіне қажетті негіз болады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде ғылым мен білімнің, техниканың, өнеркәсіптің барлық салаларында кеңінен қолданылып келеді. Бұл қазақ тілінің өзге ғылыми пәндерден өзгешеленетін, ерекше мәртебелік жағдайын айғақтайды. Қазақ тілінің тарихи лексикасына қатысты мәселелер отандық ғалымдардың (Ә.Қайдар, М.Томанов, Ә.Құрышжанов, Ә.Ибатов, Р.Сыздық, Б.Сағындықұлы, Ә.Нұрмағамбетов, Т.Арынов, Ә.Керімов, М.Сабыр т.б.) жекелеген еңбектерінде көтеріліп келеді. Алайда, осы кезге дейін тарихи лексиканың құрамы тарихи сөздік түзуге қажетті көлем мен деңгейде қарастырылған емес және қазақ тілінің көлемді этимологиялық, тарихи сөздіктері әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Бұл бағыттағы еңбектер Р.Сыздықованың “Сөздер сөйлейді” (1984 ж.) және “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігімен” (1966 ж.) ғана шектеліп тұр. Сондықтан қазақ әдеби тілінің көлемді тарихи және этимологиялық сөздіктерін құрастыру бүгінгі таңда өзекті мәселелердің қатарынан орын алып отыр. Тіл тарихын ғылыми тұрғыдан қарастыру мүддесі зерттеу желісін тарихи бастау-арналардан бері тартып, әрі сатылы түрде, әрі өзара сабақтастықта жүргізуді қажет етеді. Сондықтан аталған мұраларды пайдалана отырып, ортағасырлық қыпшақ тілді сөздіктердің, олардан бергі Әбілғазы хан шежіресі мен Қадырғали Жалаири шежіресінің, тарихи жырлардың, батырлық жырлар мен лиро-эпостық жырлардың, қисса-дастандардың, XVIII ғасырдан бергі ресми, бейресми іс қағаздарының, XIX-XX ғасырлардағы мерзімді баспасөздің, XVIII ғасырдан бергі қазақ сөздіктерінің, сондай-ақ, Л.Будагов, В.В.Радлов сөздіктеріндегі қазақ тілі лексикасының, өткен ғасырларда жасаған ақын, жазушы тілі сөздіктерінің негізінде қазақ тілінің тарихи сөздік қорын жинастыру керек. Тіл тарихы бойынша жүргізілетін диахрониялық зерттеулерде жергілікті сөзқолданым ерекшеліктерін яғни диалектологиялық материалдарды халық тілінің даму тарихынан хабар беретін айғақ ретінде пайдаланудың оң нәтиже берері анық. Тарихи диалектологиялық құбылыстар тілдің даму тарихынан хабар береді. Тарихи лексика нақты жәдігерліктер тіліне қатысты зерттелгенімен, олар шын мәніндегі қазақы лексикалық қорды жинастыру, түгендеу, байыту, сөз тұлғалары мен мағыналарының тарихи даму жолдарын анықтау тұрғысынан зерделенген емес. Сондықтан өткен ғасырларда жасалып, хатқа түскен мол мұраны сарқа пайдалану, ғылыми тұрғыдан зерттеп, тіліміздің қазынасына қосу, бүгінгі күннің қажетіне жарату керек. Мемлекеттік тілдің тарихи сөздік қорын айқындау – кезек күттірмейтін мәселе. Ол үшін қазақ тілінің тарихи лексикасына жататын бірліктердің құрамын айқындап, тарихи картотекалық қордың электронды нұсқасын жасау және осылардың түпкі нәтижесі ретінде тарихи сөздік түзу қажет. Мемлекеттік тілдің тарихи негіздерін берік ету мақсатында жүзеге асырылуы қажет негізгі іс-шаралардың бірі – қазақ тілінің тарихи сөздігін жасау болып табылады. Тарихи сөздікті түзу ісі ұлттық тіліміздің тарихи сөз байлығын жинақтап, жүйелеп көрсетуге мүмкіндік тудырады. Тарихи сөздік жасау үшін оны қалай түзудің жөнін білу керек. Сөздіктің бұл түрін құрастырудың ғылыми-теориялық негіздерін, басты заңдылықтарын айқындап алу қажет. Осы тұрғыдан ұсынылып отырған жобаның басты мақсаты ретінде қазақ тілі тарихи сөздігін түзудің ғылыми-теориялық негіздерін айқындау ісін атауға болады. Негізгі міндеттер ретінде, бір жағынан, әлемдік лексикографиядағы тарихи сөздіктер құрылымын типологиялық және жанрлық тұрғылардан зерттей отырып, екінші жағынан, қазақ тілінің тарихына қатысты материалдардың ерекшеліктерін ескере отырып, тарихи сөздіктің толық лексикографиялық құрылымының үлгісін жасауды атауға болады. Ол үшін ең алдымен сөзтізбеге алынатын лексикалық бірліктердің базалық тізбесін жасау керек болса, екіншіден, сөздік бірліктердің фонетикалық, грамматикалық және лексика-семантикалық сипаттамаларын жасау, үшіншіден оларды лексикографиялаудың оңтайлы әдіс-тәсілдерін табу қажет. Бұл тарихи сөздік құрамды анықтау мәселесімен, тарихи сөздердің фонетикалық тұлғасы мен грамматикалық құрылысын, мән-мағыналарын айқындау мәселесімен тікелей байланысты. Жоғарыда аталған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде қазақ тілінің тарихи сөздігінің құрылымдық негіздері анықталып, тарихи сөздіктің шағын үлгісі жасалады және тарихи сөздік қор жинақталып болған жағдайда толық тарихи сөздік жасауға мүмкіндік туады. Қазақ тілінің тарихи сөздік қоры тіл құрылысының басты деңгейлері (фонетика, грамматика, лексика) бойынша тарихи лексикологиялық, тарихи фразеологиялық, тарихи диалектологиялық, тарихи грамматикалық және тарихи лексикографиялық тұрғылардан кешенді зерттелуі керек. Қазақ тіліндегі базалық тарихи лексиканың картотекалық қорының электронды нұсқасын жасау осы тұрғыдан іске асырылатын алғашқы қадамдардың бірінен саналады. Жекелеген тарихи тілдік жәдігерліктердің (Қ.Жалайырдың «Жамиғат-тауарих» еңбегі, Әбілғазының «Түркі шежіресі», т.б.) негізінде шағын тарихи сөздіктер жасай отырып, түбінде осылардың материалдарын пайдалана отырып, тарихи сөздік жасауға қол жеткізуге болады.

Бөлімдегі қызметкерлер турлы ақпарат

Бөлім меңгерушісі. Мамырбекова Гүлфар Мәжитқызы – (3.XIІ.1976 ж. – ШҚО, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылы)

Филология ғылымдарының кандидаты. 2004 ж. бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ізденуші, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып еңбек етіп келеді. 2006 жылы ғалым Н.Уәлиұлының жетекшілігімен «XVІІІ–ХІХ ғғ. араб жазулы қазақ жазбаларының графикалық-орфографиялық ерекшеліктері» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғаған. “Түркі шежісерінің тезаурус сөздігі” мен “Жамиғат тауарихтың тезаурус сөздігінің” авторларының бірі, Он бес томдық “Қазақ әдеби тілі” сөздігіндегі араб және парсы сөздерінің түпнұсқасын анықтау жұмыстарын жүргізіп келеді, республикалық, шетелдік басылымдарда түркітану, тіл тарихы саласына қатысты 40 шақты мақаласы жарыққа шыққан.


Әбілқасымұлы Бабаш – (2.XI.1931 ж. – Исатай ауданы, Атырау облысы)


Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақ әдеби тілі тарихының белгілі маманы. Бұл салада ол 4 монография, 180-нен астам ғылыми мақала жариялады. Сонымен қатар лексикография, ғылым тарихы, тіл мәдениеті жайында да біршама зерттеулер жүргізді. Ол құрастырған «Орысша-қазақша тілдескіш» (3 басылымы жарық көрді) қазақ тілін үйренуші оқушыларға көмекші құрал ретінде кеңінен пайдаланып жүр. Ол – Тіл білімі институты жариялаған «Қазақша-орысша сөздіктің» жетекшілерінің бірі әрі құрастырушысы, «Қазақ тіл білімінің дамуы» атты жинақтың авторларының бірі. Б.Әбілқасымұлы 10 ғылым кандидатын, 1 ғылым докторын даярлады, қазір 1 докторлық диссертацияның кеңесшісі, 5 аспирант пен ізденушінің ғылыми жетекшісі. Б.Әбілқасымұлының бұл саладағы еңбегі құрмет грамоталарымен, «Оқу ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. 2001 ж. оған ҚР президентінің алғыс хаты тапсырылды, ал 2008 жылы “Шоқан сыйлығының” иегері болды.

Нақысбекұлы Оқас – (6.ХІІ.1928 ж. – Алматы облысы, Шелек ауданы, Қазақстан ауылы)

Белгілі диалектолог ғалым. 3 монография мен 200-дей мақаланың авторы. Бірнеше “Орысша-қазақша” сөздіктерді құрастырушы автордың бірі. Сонымен бірге, “Қазақ тілінің диалектологиялық атласы” мен “Түркі тілдерінің диалектологиялық атласын” және “Европаның лингвист атласын” жасаушы ретінде танымал. Бірнеше медальдармен, КазКСР ЖК және Қаз КСР ҒА грамоталарымен марапатталған.

Малбақов Мырзаберген Малбақұлы – филология ғылымдарының докторы (2004), профессор (2009)

1987-1993 жылдары ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болды. 1993 жылы ҚР Министрлер кабинеті жанынан жаңадан құрылған Тіл комитетінде тіл мәдениеті және терминология бөлімінің бастығы болған. 1994-95 жылдары Түркияның астанасы Анкара қаласында жұмыс жасап, түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы мен салыстырмалы сөздігін түзуге қатысқан. 2000-2010 жылдар арасында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі ретінде қызмет еткен. 2009 жылдан институт директорының орынбасары. Тіл тарихы, лексикография салалары бойынша маманданған ғалым. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Д 53.38.01 Диссертациялық кеңесінде «Қазақ лексикографиясының тарихы» тақырыбы бойынша кандидаттық (1992), «Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің құрылымдық негіздері» атты тақырып бойынша докторлық диссертация (2003) қорғаған. Негізгі еңбектері: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының текстологиясы (Е.Жұбановпен бірге, 1992), «Қазақ сөздіктері» (1995), «Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері» (2002).

Сүйерқұл Ботагөз Мырзабайқызы – (18.Х.1973 ж. - ОҚО, Сайрам ауданы, Қаратөбе ауылы). Филология ғылымдарының кандидаты. Тел: (+7)-727-228-07-72.

1995 ж. бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында аспирант, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып еңбек етіп келеді. 1999 ж. «Китаб ат-тухфа... » (XІV ғ.) ескерткішіндегі етістік категориялары» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. 2010 ж. «Хорезмидің “Мұхаббатнамесіндегі” (XІV ғ.) лингвосемиотикалық кеңістік» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғады. Айналысатын салалары: тіл тарихы, тарихи грамматика, тарихи лексикология/семасиология, жазба ескерткіштер тілі, когнитивтік лингвистика, лингвосемиотика және мәдени семиотика. Қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігін құрастырушылардың бірі. 50-ге жуық ғылыми мақаланың авторы. Қазақ тілін оқытуға байланысты оқу құралы, оқу-әдістемелік кешендері, орысша-қазақша тілдескіштері жарық көрген.

Сейтбекова Айнұр Аташбекқызы – (8.ІV.1976 ж. – Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлтоған ауылы). Филология ғылымдарының кандидаты

2007 ж. бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер болып еңбек етіп келеді. 2007 жылы ғалым Б.Әбілқасымовтың жетекшілігімен “Әбілғазы баһадүр ханның “Түркі шежіресіндегі” араб және парсы сөздерінің қолданылу ерекшелігі” атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғаған. “Түркі шежісерінің тезаурус сөздігі” мен “Жамиғат тауарихтың тезаурус сөздігінің” авторларының бірі. Айналысатын салалары: түркітану, тіл тарихы, тарихи грамматика, тарихи лексикология, жазба ескерткіштер тілі. Республикалық, шетелдік басылымдарда қатысты 30 шақты мақаласы жарыққа шыққан.

Құсмолданова Меруерт Қыдырбекқызы – (25.11.1985 ж. – Алматы облысы, Ақсу ауданы, Егінсу станциясы). Филология ғылымдарының магистрі

2004 жылы Қайнар университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, 2008 жылы бакалавр дәрежесін алып шықты. 2008 жылы Қайнар университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің манистратурасына түсіп, 2010 жылы магистр дәрежесін алып шықты. 2009 жылдың сәуір айынан бері А.Байтұрсынұлы атынндағы Тіл білімі институты, Тіл тарихы және диалектология бөлімінде аға лаборант болып қызмет етіп келеді.


Компьютерлік лингвистика бөлімі

Компьютерлік лингвистика бөлімінің тарихы

Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында статолингвистика саласының белгілі ғалымы Қалдыбай Бектаевтың жетекшілік етуімен 1970 жылы құрылған «Тіл статистикасы және автоматтандыру» атты ғылыми топ өз бастауын 1969 жылы өткен «Статистическое и информационное изучение тюркских языков» атты Бүкілодақтық ғылыми жиыннан алады. Осы кезеңнен бастап қазақ тілін статистикалық тұрғыдан зерттеу ісі жүйелі түрде қолға алынып, өз нәтижелерін бере бастады. Олардың алғашқысы ретінде 1973 жылы жарық көрген «Қазақ тексінің статистикасы» атты ғылыми жинақты атауға болады. Сонымен қатар 1973-1974 жж. Р.Г. Пиотровский мен Қ.Б. Бектаевтың «Математические методы в языкознании» атты екі бөлімнен тұратын, жоғары оқу орындарына арналған оқу құралының жарық көруі де осы жаңа саланың жетістігі саналады. Статистикалық лингвистика қазақ тіл білімінің жаңа саласы ретінде қалыптасқандықтан, оның проблемалық мәселелері күн санап анықтала бастады. Солардың бірі қазақ мәтінінің әр әріпке (дыбысқа) шаққандағы ақпараттық өлшемін, яғни энтропияны анықтау болды. Осы орайда белгілі ғалым Қ.Б. Бектаев пен оның шәкірті Д.А. Байтанаеваның қазақ мәтініне қатысты тәжірибелік мәліметтер негізінде жүргізілген ақпараттық-статистикалық ғылыми ізденісінің (1973) орны ерекше. Сондай-ақ көркем әдебиет, публицистика, ғылыми-техникалық мәтіндер мен 2 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1959, 1961) материалдары бойынша Қ.Б. Бектаев ЭЕМ арқылы жасаған қазақ тілі буындарының жиілік сөздігі (1973) буынның ішкі құрылымына және сөздің буындық құрылымына ықтималды-статистикалық әдісті қолданған зерттеулердің көрнектісі деп айта аламыз. Аталмыш топқа жетекшілік еткен Қ.Б. Бектаевтың 1978 жылы басылып шыққан «Статистико-информационная типология тюркского текста» атты монографиясы қазақ тіл білімінің статолингвистика саласына қосылған сүбелі еңбек қана емес, сондай-ақ басқа да тілдерді зерттеу тәжірибесінде әр тілді жалпы типологиялық тұрғыдан бағалауда қолданылатын статистикалық критерийлердің үлес салмағын «өлшеуге» арналған іргелі ғылыми зерттеу ретінде мойындалады. «Тіл статистикасы және автоматтандыру» ғылыми тобының зерттеу нысанына негізінен статистикалық құрал ретінде электронды-есептеу машиналары (ЭЕМ) көмегімен жасалатын әліпби-жиілік сөздік, жиілік сөздік және кері әліпби жиілік сөздіктер материалдары алынды. 1978 жылы отандық түркітану ғылымы үшін ортағасырлық жазба ескерткіші «Кодекс Куманикус» мәтіні тұңғыш рет ЭЕМ жадына енгізіліп, ол бойынша автоматты түрде «Куманша-қазақша жиілік сөздігінің» алынуы қазақ тіл білімінің тарихы үшін елеулі оқиға деуге болады. Ал 1979 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген М.О. Әуезовтің «Абай жолы» романының жиілік сөздігі» атты ұжымдық монография ғылыми топ қызметкерлерінің статистикалық лингвистика саласына қосқан айтулы еңбегінің нәтижесі екендігі даусыз. Бұл еңбекті жасауға филол.ғ.к., жетекші ғылыми қызметкер А.Қ. Жұбанов, кіші ғылыми қызметкерлер А.Р.Зекенова, А.Б.Белботаев, К.Алдабергенова қатысты. 1991 жылы «Тіл статистикасы және автоматтандыру» ғылыми тобы мен «Түсіндірме сөздік» бөлімі біріктіріліп, Қолданбалы лингвистика бөлімі болып аталып, ғылыми қызметі мен зерттеу нысандарын кеңейте түсті. Қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі ретінде тағайындалған, кейін компьютерлік лингвистика ғылыми тобына жетекші болып қазірге дейін өнімді етіп келе жатқан филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Жұбановтың зерттеулерін қазіргі қазақ қолданбалы лингвистикасының бастауы десек артық айтқандық болмас. Ғалымның басшылығымен 90-шы жылдары М. Әуезовтің толық шығармалар жинағы ЭЕМ жадына енгізіліп, нәтижесінде 1995 жылы «М. Әуезовтің 20 томдық шығармалар текстерінің жиілік сөздіктері» атты жиілік сөздіктер жүйесі жарық көргендігі бұл сөзімізге дәлел бола алады. Осы орайда қолданбалы лингвистика бөлімі қазақ тілін автоматтандыру ісінің жаңа сатысына көтеріліп, 1991-1993 жылдары «Қазақ тілінің «ҚАЗЫНА» атты автоматтандырылған картотекалық базасын жасау» атты тақырыпты қолға алғандығы қазақ тіл білімінде ғана емес, түркі тіл біліміндегі орасан зор жаңалық болды деп ауыз толтырып айта аламыз. Осы жылдары бөлім қызметкерлері Институтта жасалып жатқан «Қазақша-орысша сөздікті» дайындауға барынша атсалысты. Сонымен бірге қазақстандық статистика саласының ғалымдары тіл ерекшелігін мәтіндердің жанрлық (стильдік) түрлеріне қарай ажыратуды мақсат ете отырып, балалар әдебиеті мен бастауыш сыныптарының оқулықтарына, драмалық шығармаларға, газет тіліне, ғылыми-техникалық стиль, математикалық стиль тілдеріне және т.б. статистикалық жолмен зерттеу жүргізе бастады және мұндай зерттеулер күні бүгінге дейін жалғасын тауып отыр. 1991-1993 жылдар аралығында бөлімде «Қазақ тілінің қолданбалы саласындағы проблемалары» атты тақырыпты орындауда филол.ғ.д., профессор Ә.Болғанбаев, А.Жұбанов, Ш.Дәулетқұлов, С.Бизақов сияқты ғалымдар өнімді еңбек етті. 1998 жылы аталмыш бөлім Институттың құрылымдық өзгерістеріне байланысты «Компьютерлік лингвистика» ғылыми тобы деген атауға ие болды. Атауы мен мәртебесі өзгергенімен, зерттеу бағыт-бағдары айқын Ғылыми топтың өз қызметін әрі қарай тиімді жалғастыруына осы топқа жетекшілік етіп келе жатқан филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Жұбановтың «Квантитативная структура казахского текста» (1987) және «Основные принципы формализации содержания казахского текста» (2002) атты монографиялары қазақ қолданбалы лингвистикасының дамуына қосылған елеулі үлес болды. Бірінші аталған ғылыми еңбекте қазақ тіліндегі мәтіндерді автоматты түрде электронды-есептеу машиналары (ЭЕМ) арқылы статистикалық әдіспен зерттеу мүмкіндігі мен сөз таптарының ықтималды-үлестірімді заңдылықтары зерттелсе, екінші монографияда қазақ мәтінінің мәтін лингвистикасы тұрғысынан мазмұнын формальдау жолдары және мәтіннің туындау (порождение) проблемалық мәселелері қарастырылады. Сонымен, 1970-2000 жылдар аралығындағы ғылыми ізденістер, негізінен, жеке автор шығармаларын, функционалдық стильдерді, сондай-ақ толық әдеби тіл қамтылған мәтіндерді статистикалық әдіс-тәсілдермен зерттеу тәжірибесінде әртүрлі жиілік сөздіктер жасаудың өзекті (актуалды) мәселе екендігін көрсетті. Себебі олардың негізінде аса маңызды және күрделі мәселелерді: тілді лексика-грамматикалық нормалауға, түркі тілдерін өзара салыстырмалы-типологиялық зерттеуге және олардың компьютерлік қорын жасауға зор мүмкіндік жасады. Қазақ тілінің көптеген кезек күттірмейтін мәселелері, мәселен, лексикография саласы бойынша компьютерлік қор (база) жасау, қазақ мәтіндері корпустарының компьютерлік базасын құрастыру және қолданбалы лингвистика саласының басқа да мәселелері «Компьютерлік лингвистика» ғылыми тобының 2000 жылдардан бастап жүргізген ғылыми ізденістерінен көрініс тапты. Мәселен, 2000-2002 жылдары «Қазақ мәтіні мазмұнын формализациялаудың негізгі принциптері», 2003-2005 жылдары «Қазақ тілінің сөздіктер және иллюстративті-мәтіндік қорларының көпаспектілі компьютерлік базасы (Қазақ тілінің лексикалық қорларының компьютерлік базасы)», 2006-2008 жылдары «Қазақ тілінің компьютерлік базасы: лексикалық қордың ашық жүйесі», 2007-2009 жылдары «Қазақ тілінің терминологиялық қорының компьютерлік базасын жасау және оны терминдік әлеуеті жоғары дереккөздермен толықтыру» атты іргелі зерттеу тақырыптары нәтижелі орындалды. Бүгінгі күні Компьютерлік лингвистика ғылыми тобы «Мәдени құндылықтар ретіндегі қазақ тіліндегі мәтіндер корпусы және сөздіктердің «Тіл – қазына» атты ұлттық компьютерлік қоры» атты тіл біліміндегі жаңа сала – корпустық лингвистика мәселелерімен айналысуда.

Бөлім қызметкерлері туралы ақпарат

Бас ғылыми қызметкер, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Жұбанов

Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов 13 қарашада 1937 жылы Алматы қаласында қызметкер отбасында дүниеге келді. Ұлты – қазақ. Әкесі Құдайберген Қуанұлы Жұбанов – қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, тіл білімінің тұңғыш профессоры. 1944 жылы Ақтөбе облысының Жұрын ауданындағы Жаңатұрмыс аулындағы бастауыш мектебіне оқуға барып, ол мектепте 4-сыныпқа дейін оқиды. 1948-1949 оқу жылдары Алматы қаласындағы №18 қазақ орта мектеп-интернатында қайтадан 4-сыныпқа түсіп, екі жыл оқиды. 1950 жылы Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл (Қызылжар) қаласындағы №5 қазақ отра мектеп-интернатының 6-сыныбынан оқуын жалғастырып, 1955 жылы 10-сыныпты тамамдайды. 1955-1960 жылдары Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтында оқып, оның физика-математика факультетін үздік бітіреді. 1960-1961 жылдары Қазақтың Мемлекеттік ауылшаруашылық институтына жұмысқа орналасып, жоғары математика кафедрасының ассистен-мұғалімі қызметін атқарады. 1961-1963 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын атқарады. 1963-1967 жылдары Қазақтың Мемлекеттік ауылшаруашылық институтындағы жұмысын жалғастырып, жоғары математика кафедрасының ассистен-мұғалімі қызметін атқарады. 1967-1970 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының күндізгі бөлімінің аспиранты. Аспиранттық кезеңін Минск қаласындағы Шет тілдер институты жанында өткізеді. 1970 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтында жаңадан ашылған «Статистика-лингвистикалық зерттеу және автоматтандыру» тобының кіші ғылыми қызметкері болып жұмысқа орналасады. 1973 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы Қ.Б. Бектаевтың ғылыми жетекшілігімен, академик І.Кеңесбаевтың ғылыми кеңесшілігімен орындалған «ЭЕМ көмегімен қазақ мәтінін статистикалық зерттеу» атты тақырыпта кандидаттық диссертацияны жоғары деңгейде қорғайды. 1976 жылы Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтындағы «Статистика-лингвистикалық зерттеу және автоматтандыру» тобының аға ғылыми қызметкер дәрежесіне конкурс бойынша өтіп, ғылыми жұмысын жалғастырады. 1976-1986 жылдары Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтының қоғамдық өміріне қызу қатынасып, Жергілікті комитеттің, Партия бюросының мүшелігіне қабылданып, оның хатшысының орынбасары және институттың Халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. 1981-1985 жылдары «М.О. Әуезовтің толық шығармалар жинағы мәтінін ЭЕМ-ге енгізуге дайындау және сөзнұсқағыш-сөздіктерді құрастыру» атты Тіл білімі институтының жоспарлы ғылыми тақырыбына ғылыми жетекшілік етеді. 1986-1990 жылдары «М. Әуезовтің 20 томдық шығармалары бойынша автоматтанған картотекалық қор жасау» атты ғылыми тақырыпқа жетекші етеді. 1986 жылы СССР Ғылым академиясы Президиумының қаулысы бойынша оған «түркі тілдері» мамандығы бойынша «Аға ғылыми қызметкер» деген ғылыми атақ беріледі. 1986 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері лауазымына тағайындалады. 1991 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Қолданбалы лингвистика» бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. 1991-1993 жылы «М. Әуезовтің шығармалары бойынша сөзформалар мен сөздердің жиілік сөздіктерін ЭЕМ арқылы құрастыру» атты тақырыпқа ғылыми жетекшілік етеді. 2001 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультеттерінің магистранттары (Phd) мен студенттеріне математикалық және компьютерлік лингвистика пәндері бойынша дәріс береді. 2002 жылы «Қазақ мәтіні мазмұнын формалдаудың негізгі ұстанымдары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. 2004 жылы Жоғары аттестациялық комитеттің шешімі бойынша Тіл білімі мамандығы бойынша «Профессор» ғылыми атағын алды. 2002 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынындағы «Компьютерлік лингвистика» ғылыми тобының бас ғылыми қызметкері лауазымына тағайындалады. 4 монографияның, 3 оқу құралының, сондай-ақ 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. А.Қ.Жұбановтың ғылыми жетекшілігімен 5 кандидаттық және 3 магистрлық диссертациялар қорғалды. (Қалыбеков Болат Ермекұлы «50 жылдардағы бастауыш сынып оқулықтарының лексикалық жүйесі мен морфологиялық құрылымының статистикасы (соңғы жылдардағы оқулықтармен салыстыра зерттеу»: филол. ғ. к. дисс. – Алматы, 2003.; Нұрлыбаев Нұржан Мәдірайұлы «Балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрылымының лингвостатистикалық сипаты»: филол. ғ. к. дисс. – Алматы, 2010.; Абикеева Бақытжан Кеншінқызы «Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлемдердің құрылымдық статистикалық модельдері»: филол. ғ. к. дисс. – Алматы, 2009.;).

Компьютерлік лингвистика ғылыми тобының жетекшісі филология ғылымдарының докторы Жаңабекова Айман Әбділдәқызы

Жаңабекова Айман Әбділдәқызы 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы №169 орыс орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет істеді. 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті Қазақ филологиясы кафедрасының сырттай бөлім аспиранты, 1998 жылдан бастап күндізгі бөлім аспирантурасында оқыды. 2001 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор С.Мырзабековтің жетекшілігімен «Сөз формаларын жасаудағы қосымшалардың функциялық ерекшеліктері» атты тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 2003 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөліміне ғылыми қызметкер болып қабылданды. 2004 жылдан 2011 жылға дейін осы бөлімнің аға ғылыми қызметкері. 2010 жылы «Қазақ тіліндегі «уақыт» ұғымының тілдік парадигмасы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады, 2011 жылы 13 шілдеде бекіді. Ғылыми кеңесшісі – филология ғылымдарының докторы, профессор З.Қ.Ахметжанова. 2011 жылдың қазан айынан Компьютерлік лингвистика ғылыми тобының жетекшісі. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөлімінің 2003-2005 жылдарға арналған «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы», 2006-2008 жылдарға арналған «Қазақ синтаксисінің коммуникативтік-прагматикалық аспектісі» тақырыбындағы жоспарлы зерттеу жұмыстарының, 2009-2011 жылдарға жоспарланған «Қазақ тіліндегі квалитативтік және квантитативтік өрістер» және Компьютерлік лингвистика ғылыми тобының «Мәдени құндылықтар ретіндегі қазақ тіліндегі мәтіндер корпусы және сөздіктердің «Тіл – қазына» атты ұлттық компьютерлік қоры» тақырыбы бойынша ғылыми тақырыпты орындаушылардың бірі. Осы аталған іргелі зерттеулер бойынша және докторлық диссертациясының тақырыбына қатысты 50-ден астам мақала жариялады.

Сонымен қатар «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» Ә әрпі түгел (2 т.), қақпақта-қанаттас (9 т.), ұрма-үсті (14 т.) буындары бойынша – құрастырушы-автор, 1, 4, 6, 8, 12, 13 томдардың жауапты шығарушысы, 9, 14 томдардың редакторы және осы 15 томдық түсіндірме сөздіктің редакторлық топ мүшесі.


Филология ғылымдарының кандидаты,кіші ғылыми қызметкер Айнұр Аралбекқызы Қаршығаева

Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы 1977 жылы 20 маусымда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүние келді. Ұлты – қазақ. 1994 жылы Жалағаш ауданындағы №123 қазақ орта мектебін бітіреді. 1994 жылы Қызылорда облысындағы Қорқыт Ата атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің әдеби қызметкер мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1998 жылы бітіріп шығады. 1999-2000 жылдары Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Қазақстан темір жолы мекемесіне №15 мектеп-интернатқа мұғалімдік қызметке қабылданады. 2000 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданына №123 орта мектебіне мұғалім және 0,5 жүктемемен директордың тәрбие жұмысы орынбасары болып қызмет атқарады. 2002 жылы ҚР БҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының лексикология бөліміне аға лаборанттық қызметке қабылданады. 2010 жылы «Қазақ жасалым (артикуляциялық) фонетикасының дамуы мен қалыптасуы» атты тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайды. 2010 жылы фонетика бөлімінің, 2011 жылы Компьютерлік лингвистика бөлімінің аға лаборанты қызметін атқарады. 2011 жылдың қазан айынан осы бөлімнің кіші ғылыми қызметкері. 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени құндылықтар ретіндегі қазақ тіліндегі мәтіндер корпусы және сөздіктердің «Тіл – қазына» атты ұлттық компьютерлік қоры» тақырыбы бойынша ғылыми тақырыпты орындаушылардың бірі.12 ғылыми еңбектің авторы.


Кіші ғылыми қызметкер Карбозова Бұлбұл Дәулетханқызы

Карбозова Бұлбұл Дәулетханқызы 1983 жылы 5 ақпанда Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Қырғызсай ауылында дүниеге келді. Ұлты – қазақ. 1989-2000 жылдар аралығында «Қырғызсай» орта мектебінде оқиды. 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 2006 жылы университеттің Қолданбалы лингвистика бөлімін үздік дипломмен бітіреді. 2006 жылы ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Компьютерлік лингвистика ғылыми тобына аға лаборант қызметіне қабылданады. 2011 жылдың қазан айынан кіші ғылыми қызметкер. 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени құндылықтар ретіндегі қазақ тіліндегі мәтіндер корпусы және сөздіктердің «Тіл – қазына» атты ұлттық компьютерлік қоры» тақырыбы бойынша ғылыми тақырыпты орындаушылардың бірі.6 ғылыми еңбектің авторы.


Аға лаборант Тынышбекова Әйгерім Алдабергенқызы

Тынышбекова Айгерім Алдабергенқызы 1986 жылы 23 сәуірде Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Ақбақай ауылында дүниеге келді. Ұлты – қазақ. 1991-2003 жылдар аралығында Ақбақай орта мектебінде оқиды. 2003 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 2008 жылы университеттің Қолданбалы лингвистика бөлімін бітіреді. 2009 жылы ҚР БҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Компьютерлік лингвистика ғылыми тобына аға лаборант қызметіне қабылданады.


Аға лаборант Әбдіғалиева Аида Бекбергенқызы

Әбдіғалиева Аида Бекбергенқызы 1985 жылы 19 желтоқсанда Жамбыл облысы Қордай ауданында дүниеге келді. Ұлты – қазақ. 1991-2003 жылдар аралығында №4 орта мектебінде оқиды. 2003 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түсіп, 2008 жылы университеттің Қолданбалы лингвистика бөлімін үздік дипломмен бітіреді. 2008 жылы ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Компьютерлік лингвистика ғылыми тобына аға лаборант қызметіне қабылданады.

Кіші ғылыми қызметкер Барменқұлова Аида Серікханқызы

Барменқұлова Аида Серікханқызы 1985 жылы 3 қыркүйекте Алматы обылысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылында дүниеге келді. Ұлты – қазақ. 1991-2002 жылдар аралығында Ақтерек орта мектебінде оқиды. 2002 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, 2006 жылы университеттің Қолданбалы лингвистика бөлімін бітіреді. 2006-2008 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің филология факультеті бойынша магистратураны үздік дипломмен бітіреді. 2011 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институның Компьютерлік лингвистика ғылыми тобына кіші ғылыми қызметкер қызметіне қабылданады.


Аға лаборант Қожахметова Ақтоты

Қожахметова Ақтоты 1984 жылдың 4 сәуірінде Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Сүмбе ауылында дүниеге келді. 1990 жылы Сүмбе орта мектебінің 1 сыныбына қабылданып, оны 2002 жылы аяқтайды. 2002 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түсіп, 2007 жылы университеттің Қолданбалы лингвистика бөлімін бітіреді. 2007 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институның Компьютерлік лингвистика ғылыми тобына аға лаборант қызметіне қабылданады.


Кіші ғылыми қызметкер Бесіров Еркін Бекжанұлы

Бесіров Еркін Бекжанұлы 1983 жылы 14 желтоқсанда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келді. Ұлты – қазақ. 1989-2000 жылдар аралығында Сағат Әшімбаев атындағы орта мектебінде оқиды. 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, филология факультетінің, «Аударма ісі» мамандығына оқуға түсіп, 2004 жылы университеттің Көркем аударма және әдеби шығармашылық бөлімін бітіреді. 2007-2009 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, филология факультетінің, «Аударма ісі» мамандығы бойынша магистратураны бітіреді. 2009 жылы ҚР БҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Компьютерлік лингвистика ғылыми тобына кіші ғылыми қызметкер қызметіне қабылданады. 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени құндылықтар ретіндегі қазақ тіліндегі мәтіндер корпусы және сөздіктердің «Тіл-қазына» атты ұлттық компьютерлік қоры» атты тақырыптың орындаушысы ретінде кіші ғылыми қызметкер болып қызмет етіп келеді.

«Әлеуметтік тіл білімі» орталығы туралы

Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2012 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанынан ашылғалы отырған Әлеуметтік тіл білімі орталығы институтта 70-жылдардың аяғынан 90-жылдардың басына дейін қызмет атқарған осы бағыттас бөлімнің ғылыми-кадрлық құрамын негізге алып отыр. Сондықтан бүгінгі орталық жайлы ақпарымызды бұрынғы бөлім тарихынан бастауды жөн санадық. Қаз ССР ҒА Тіл білімі институтының орыс тілі бөлімі 1978 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор М.М.Копыленконың жетекшілігімен «Орыс тілі және әлеуметтік лингвистика» бөлімі болып қайта құрылды. Бөлім құрамында филология ғылымдарының кандидаттары Б.Х.Хасанов, З.Қ.Ахметжанова, Р.М.Таева, Ж.М.Утесбаева, Л.М.Кисамединова, Т.Жолтаева сияқты белгілі тілші-ғалымдар жұмыс істеді. Бөлімнің атауына сәйкес еңбек ұжымы М.М.Копыленконың жетекшілігімен қостілділік, тілдік қатынас пен интерференция мәселелерін шешуге күш салды. Бұл орайда негізгі жұмыс бағыты ең алдымен Қазақстандағы орыс тілінің қызметі (қолданысы) мен қазақ-орыс қостілділік (билингвизм) мәселелеріне арналды. 1982 жылы М.М.Копыленко мен С.Т.Саинның «Функционирование русского языка в Казахстане» (Алма-Ата: Наука, 1982. -112 с.) атты кітабы жарық көрді. Аталмыш еңбекте қазақтардың әртүрлі коммуникативтік актідегі тілдік қатынастарына әлеуметтік-лингвистикалық аспектіден талдау жасалды. Зерттеу жұмысына Қаз ССР-нің төрт облысы бойынша әртүрлі демографиялық, кәсіби, әлеуметтік топқа жататын 4,5 мыңнан аса қос тілді қазақтар (билингвтер) тартылды. Зерттеу нәтижесінде алынған тілдік фактілер ЭЕМ (ЭВМ) жадына салынып, әртүрлі кестелер мен сызбаларға түсірілді. Соның негізінде осы мәселе бойынша көптеген ғылыми тұжырымдар мен қорытындылар жасалды, көптеген әлеуметтік факторлардың қазақ-орыс қостілділігіне тигізетін әсері айқындалды. Әртүрлі демографиялық, кәсіби және әртүрлі жастағы қазақ топтарының орыс тілін қолдану ерекшеліктері анықталды; қазақтардың аймақтық тұрақ-жайына, біліміне байланысты орыс тілін қолдану ерекшеліктері, мақсаты, орыс тіліне жақындығы айқындалды. Жұмыста қостілділіктің көрінісі болып табылатын қазақ көркем мәтіндеріндегі орыс кірме сөздерінің қолданылу сипатына ерекше назар аударылды. Монография коммуникацияға қатысушылары қазақ тілін ана тілі деп есептейтін және барлығы орыс мектебінде оқыған гомогендік ұлттық ортадағы орыс тілінің қолданысын (қызметін) қарастыруымен ерекшеленеді. Осы орайда «Орыс тілі және әлеуметтік лингвистика» бөлімінде қызмет істейтін ұжымның барлық ғылыми еңбектері үлкен маңызға ие болды. Бұл еңбектерде көтерілген мәселелер мен қолданылған әдіс-тәсілдер сол кездері қазақстандық ғана емес, советтік тіл білімі үшін де үлкен жаңалық еді. «Орыс тілі мен әлеуметтік лингвистика» бөлімінің еңбектері жарық көргеннен кейін осы мәселе бойынша диссертациялық жұмыстар жазыла бастады. Бұл жұмыстарда «Орыс тілі және әлеуметік лингвистика» бөлімінің ұжымы көтерген мәселелер жалғасын тапты. Осы мәселе бойынша 1995 жылы Г.С.Сүйінованың «Речевое поведения казахов-билингвов» (ғылыми жетекшісі – З.Қ.Ахметжанова) атты кандидаттық диссертациясы қорғалды. Бұл жұмыста сөйлеу актісіне қатысушы қазақтардың дайындықсыз сөйлеу актісіндегі аудиотаспаға жазылған материалдары бойынша бір коммуникативтік жағдаяттағы бір тілден екінші тілге ауысу үдерістеріне талдау жасалған. 1999 жылы Г.Д.Алдабергенованың «Исследование влияния билингвизма на развитие личности детей» (ғылыми жетекшісі – З.Қ.Ахметжанова) тақырыбында кандидаттық диссертациясы қорғалды. Бұл жұмыста ерте қалыптасқан қостілділіктің (билингвизмнің) балалардың логикалық, интеллектуалдылық жағынан дамуына әсер ету мәселелеріне эксперименттік әдіспен талдау жасалған. 1999 ж. Ж.Е.Кенжебаеваның «Казахские вкрапления-кальки в русских переводах казахской художественной прозы» тақырыбында қорғалған кандидаттық диссертациясында М.М.Копыленко мен С.Т.Саинаның монографиясының бір тараушасында қарастырылған мәселелер әрі қарай дамытылып, жалғасын тапты. 2006 жылы Д.Д.Шайбакова «Функционирование неорганического языка в полиэтническом государстве» (Ғылыми кеңесшісі – А.Е.Карлинский) тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Бұл жұмыста Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы туралы М.М.Копыленко және бөлім қызметкерлері жасаған эксперимент нәтижелері мен 25 жыл өткеннен кейінгі жағдайы салыстырылған. Қазақстандағы қазақ-орыс қостілділігінің рөлі мен орнын зерттей келе, «Орыс тілі және әлеуметтік лингвистика» бөлімінің ұжымы М.М.Копыленконың жетекшілік жасауымен қостілді қазақтардың орыс тілінде сөйлеу ерекшеліктерін кешенді түрде зерттеуге жұмылдырылды. Зерттеу барысында ең алдымен қазақ-орыс интерференциясы мен тілдік жүйенің барлық деңгейлерінде кездесетін екінші тілде сөйлеудегі бірінші тілдің әсерінен болатын қателіктерге талдау жасалған. Нәтижесінде интерференция бойынша кешенді экспериментті зерттеулер жүргізілген.

1984 жылы М.М.Копыленко мен З.Қ.Ахметжанованың «Фонетическая интерференция русской речи казахов» (Алма-Ата: Наука, 65 с.) атты монаграфиясы жарық көрді. Монографияда парадигматикалық және синтагматикалық интерференция фонетикалық деңгейде зерттеледі (просодика және фонотактика негізінде). Жұмыста қазақ және орыс тілдерінің фонологиялық жүйесіне қысқаша сипаттама берілген. Бір жүйеден екінші жүйеге ауысудағы дыбыстық ерекшеліктерге тәжірибе жасалып, жекелеген фонемалардың сәйкестігі (эквивалентность) мен сәйкессіздігі (неэквивалентность) туралы қорытындылар жасалған. Сондай-ақ фонемалық тіркесімділіктің құрылымы қарастырылған, фонемалық тіркесімділіктің өнімділік дәрежесіне қарай болатын айырмашылықтары айқындалған, екі тілдегі фраза просодиясының ерекшеліктері көрсетілген. Екінші тілдің бірінші тіл әсерінен потенциалды интерференция өрісін жасайтыны анықталып, өрістік эксперимент жолымен қазақтардың орыс тілінде сөйлеуіндегі қазақ тілінің фактілік интерференциясы айқындалады. Информанттардан магнитофонға жазылып алынған дайын мәтіндер алынып, анкета толтырылды. Эксперимент нәтижесінде олардың территориялық орналасуы, жас ерекшелігі, жынысы, білімі, айналысатын ісі, мектепке дейін орыс тілін білу, білмеуі сияқты ақпараттар алынды. Монографияның құндылығы екі аспектіден көрінеді: алғаш рет лингвистикалық зерттеу тәжірибесінде орыс тілінің орфоэпиялық нормасын меңгеру дәрежесі мен қос тілді адамдардың әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктері арасындағы арақатынас (корреляция) айқындалды; алғаш рет интерференция жасау әдістемесі эксперименттік тұрғыдан тәжірибеден өткізілді. Бұл осыдан кейін тілдік жүйедегі басқа деңгейлердегі интерференцияларды зерттеуде қолданылды. 1987 жылы «Лексическая и морфологическая интерференция в русской речи казахов» (Алма-Ата: Наука, 1987. -120 с.) атты ұжымдық жұмыс жарияланды. Авторлар лексикалық интерференцияның жалпыхалықтық қостілділік бойынша жүйелі түрде зерттелмегендігін атап көрсетеді. Зерттеушілердің мақсаты қазақ-билингвтердің орыс тілінде сөйлеуі мен орыс тілінде айтылған мәтінді қабылдауындағы типтік лексика-семантикалық қателерді анықтау және оларға лингвистикалық және әлеуметтік-лингвистикалық тұрғыдан талдау жасау болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін жиі қолданылатын 50 лексемадан тұратын тест сұрақтары қолданылды. Билингвтердің орыс лексикасын қабылдау шеңберіндегі лексикалық интерференцияны қарастыру мынадай нәтижелер берді: лексикалық интерференцияға әсер ететін негізгі факторлар мыналар: а) лексеманың қандай да бір сөз табына қатысы; б) лексемалардан тұратын тіркестер саны; в) олардың мағыналық (семдік) сипаты; г) лексемалардың нормаға сәйкес (нормативті) және нормаға сәйкес емес (нормативті емес) қолданысы арасындағы семантикалық айырмашылық дәрежесі. Қазақ-билингвтердің орыс тілінде сөйлеуіндегі интерференцияға жасалған талдау мынаны көрсетті: қазақ тілінің интерференциясы көбінесе күрделенген универбтерді қолдану кезінде көрінеді. Олардан кейін өзінің қазақ тіліндегі күрделенген полисемияға құрылған баламаларымен (эквиваленттерімен) байланысты лексемалар, содан кейін қарапайым полисемияға құрылған қарапайым универбтер мен лексемалар орын алады. Морфологиялық интерференция парадигматикалық және категориялық шеңберде зерттелді. «Орыс тілі және әлеуметтік лингвистика» бөлімінде жасалған лексика-семантикалық интерференция жасау әдістемесін зерттеу осыдан кейін де өз жалғасын тапты. Мәселен, 2000 жылы Б.Н.Сүлейменованың «Лексика-семантическая интерференция в сфере многозначных глаголов в ал-брать» (ғылыми жетекшісі – З.Қ.Ахметжанова), 2004 жылы С.Х.Амандықованың «Лексико-семантическая интерференция в казахской речи билингвов (на материале глаголов движения» (ғылыми жетекшісі – З.Қ.Ахметжанова) атты кандидаттық диссертациялар қорғалды.

1988 жылы «Проблемы казахско-русского двуязычия» атты ұжымдық еңбек жарық көрді. Еңбекте авторлар фразеологиялық және синтаксистік интерференцияны талдау және тілдік жүйенің әртүрлі деңгейлеріндегі интерференцияға жасалған зерттеулердің жалпы нәтижелерін көрсетеді. Бұл бағыт қазіргі қазақстандық лингвистикада да жалғасын тапты. 2010 жылы С.Төлееваның «Интерференция в английской речи казахов-билингвов на уровне простого предложения» тақырыбында кандидаттық диссертациясы қорғалды. «Орыс тілі және әлеуметтік лингвистика» бөлімінің жұмыс бағыттарының бірі қазақ және орыс тілдерінің көркем мәтіндегі арақатынасын зерттеу мәселесі болды. Жұмыс нәтижелері «Казахское слово в русском художественном тексте» (Алма-Ата: Наука, 1990 ж.) атты ұжымдық монография болып жарық көрді. Бұл зерттеу Қазақстанның орыс тілді жазушыларының шығармаларында қолданылған «казахизмдерге» функционалды және семантикалық тұрғыдан талдау жасауымен ерекшеленеді. «Орыс тілі және әлеуметтік лингвистика» бөлімінің белсенді түрде жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары әрбір қызметкердің ғылыми қызығушылығын туғызды. М.М.Копыленко А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына келгенге дейін де белгілі ғалым еді, ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша үлкен тәжірибесі мен көптеген ғылыми жарияланымдары болды. Бұл институтта ғалым 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Оның жалпы жарияланымдар саны 300-ден астам, олардың ішінде монографиялар саны – 14. М.М.Копыленко лингвистика ғылымының түрлі мамандықтары бойынша 6 ғылым докторы мен 78 ғылым кандидатын дайындады. 2010 жылдың қараша айында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты М.М.Копыленконың 90 жылдық мерейтойын атап өтіп, «Концептосфера – ғаламның ұлттық тілдік бейнесінің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды, көрнекті ғалым еңбектерінің екі томдық жинағы жарық көрді. (М.М.Копыленко «Избранные труды по языкознанию». – Алматы: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2011. -Т.1, 2.). Жалпы бет саны 1028 болатын дөңгелек үстел материалдары «Концептосфера – ғаламның ұлттық тілдік бейнесінің негізі» (Алматы: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2010. -334 б.) тақырыбында жинақ түрінде жарық көрді. Белгілі әлеуметтанушы (социолингвист) филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Х.Хасанов 40 жылға жуық уақыт қазақ-орыс әдеби қостілділігі, қазақ тілінің қазақстандық қоғамның түрлі салаларында мемлекеттік тіл ретінде қолданылу мәселелерін зерттеумен шұғылданды. Б.Хасановтың басты еңбектері мыналар: «Казахско-русское двуязычие». -Алматы: Наука, 1987. «Казахско-русское художественное литературное двуязычие». -Алматы, 1990. «Социально-лингвистические проблемы функционирования казахского языка в Республике Казахстан». -Алматы, 1992. «Ана тілі – ата мұра». -Алматы: Жазушы, 1992. «Аймақ тілдері мен мемлекеттік қызметті арттырудың мемлекеттік тұғырнамасы». -Қостанай, 2002. «Языки народов Казахстана: от молчания к стратегии развития (социопсихологический аспект)». -Алматы: Арда, 2007. «Қазақ тілі тұжырымы: пайымдаулардағы көрініс». -Алматы, 2008. Б.Хасанов қазақстандық әлеуметтік лингвистика ғылымының өзіндік мектебін қалыптастырды. Оның негізгі мәселесі әдеби қостілділік пен мемлекеттік тілдің қызметін кеңейту болды. Б.Хасановтың жетекшілігімен Б.Х.Ысмагұлова, С.Ж.Баяндина, Г.Шоқым, А.Әбдірәсілова және т.б. кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғады. Белгілі ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор З.Қ.Ахметжанова түрлі ғылыми бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді: салғастырмалы тіл білімі, тіл теориясы, лингвомәдениеттану, аударма теориясы, лингводидактика, лексикография және т.б. Қазақстандағы функционалды грамматика мәселелері З.Қ.Ахметжанованың еңбектерінен бастау алады. Бұл сала бойынша ғалымның 150-ге жуық еңбегі жарық көрді. З.Қ.Ахметжанованың жетекшілігімен 13 докторлық, 57 кандидаттық диссертация қорғалды. З.Қ.Ахметжанованың шәкірттері, атап айтқанда, филология ғылымдарының докторлары М.Ш.Мұсатаева, А.К.Жұмабекова, З.Ш.Ерназарова, А.Р.Бейсембаева, А.Д.Жакыпов, М.С.Жолшаева, Ж.Есеналиева және т.б. Сондай-ақ салғастырмалы тіл білімі бойынша белгілі маман, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Р.М.Таева мен интонология саласының маманы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.М.Утесбаеваны да атап айтуға болады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкері Л.М.Кисамединова – «Орысша-қазақша фразеологиялық сөздіктің» құрастырушыларының бірі және «Казахское слово в русском художественном тексте» атты ұжымдық монография авторларының бірі. Ғылыми қызметкер, түркітанушы Т.Жолтаева – «Орысша-қазақша фразеологиялық сөздіктің» құрастырушыларының бірі және «Казахское слово в русском художественном тексте», «Лексическая и морфологическая интерференция в русской речи казахов» атты ұжымдық монография авторларының бірі. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Орыс тілі және әлеуметтік лингвистика» бөлімінде жасалған жұмыстарды қорытындылай келе, М.М.Копыленконың жетекшілігімен атқарылған бөлім жұмысының нәтижесінде неғұрлым кеңірек зерттелген мәселелер қатарына қостілділік және интерференция, көркем мәтіндегі қазақ және орыс тілдерінің арақатынасы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметі сияқты тақырыптарды жатқызамыз. Бүгінде 90-жылдардың басында жұмысын тоқтатқан «Орыс тілі және әлеуметтік лингвистика» бөлімі «Әлеуметтік тіл білімі» орталығы болып қайта құрылу үстінде. Оның құрамында «Тіл экологиясы», «Тіл және қоғам» мен «Тіл саясаты және инновациялық оқыту» секторлары жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.

Әлеуметтік тіл білімі орталығының мақсаты мен міндеттері

Әлеуметтік тіл білімі орталығының басты мақсаты – қоғамда тіл саясатына, тілдік жоспарлауға және тілдік идеологияға қатысты туындап отырған күрделі мәселелерді, болашақта тілдік негізде орын алуы мүмкін ұлт араздығының алдын алу жолдарын белгілеу, сондай-ақ тілді оқыту мен таратуға байланысты кейбір қолданбалы сипаттағы шараларды іске асыру. Сол арқылы орталық қазіргі мемлекеттік тіл саясатының стратегиялық ұстанымдарына қатысты қоғамда пікір қайшылықтарын болдырмауға, тілдерді дамыту бағдарламаларында белгіленген мақсат, міндеттердің толық орындалуына ықпал етуді көздейді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Әлеуметтік тіл білімі орталығы төмендегідей міндеттерді белгілейді. Тіл экологиясы секторы:

  • қазақ тілінің өмір сүру ортасын, сол ортада оның қызмет етуіне бөгет болатын нигилистік көзқарастарды анықтау және онымен күрес тәсілдерін белгілеу;
  • қазақ тілін тұтынушылардың әлеуметтік сипатын, олардың саны мен сапасын, әдеби тілдің ауызша, жазбаша түрлерін меңгеру деңгейін анықтау;
  • әдеби тілдің ауызша, жазбаша түрлеріне тән нормаларды жақсы меңгерген, әдеби тілдің стильдік тармақтарына тән, сондай-ақ тілдік емес, бірақ сөз қолданысқа орай, сөздің коммуникативтік сапасына қатысты ортологиялық, этологиялық т.б. нормаларды сақтай білетін орташа статистикалық деңгейдегі тілдік тұлға бейнесін анықтау;
  • шаршы топтағы, баспасөз беттеріндегі пікірталас мәдениетін, сөз мәдениетін көтеру жолдарын белгілеу;
  • жеке тұлғаның тілдік санасын қалыптастырудағы тілдік таңбалар, стильдік құралдар, риторикалық тәсілдер, дәстүрлі білім, кәсіби біліктілік, өмірлік тағылым мен тәжірибенің орнын және маңызын анықтау:
  • тілдік тұлғалардың әлеуметтік-психологиялық «портретін», тілдік тұлға санасында ана тіліне деген табиғи сүйіспеншілікті ояту жолдарын көрсету;
  • қазақ ономастикасындағы дәстүр жалғастығы мен сабақтастығының, мәдени-ұлттық дәстүрдің дамуы, өрістеуі мен ұлтжандылыққа қызмет етуінің теориялық негізін қалыптастыру.

Тіл және қоғам секторы:

  • қоғамның тілдік мұқтаждықтарын қанағаттандыру, тілдің әлеуметтік қызмет түрлерін кеңейту мақсатында тілдік ережелерді нормалау мен қалыптандырудың (кодификациялаудың) қажетілігін дәлелдеу;
  • арнайы құқықтық қарым-қатынас пен күнделікті қарым-қатынасқа (соңғыларының субъектісі – халық пен мемлекеттік билік) қызмет етуге қабілетті заңдық тілді (заң тілін) қалыптастырудың алғышарттарын анықтау;
  • лингвистикалық сот сараптамасының бірыңғай ережелерін әзірлеу, заң қызметін терминологиялық, аудармалық және лексикографиялық қамтамасыз ету;
  • сот мәтіндері мен материалдарына лингвистикалық сараптаманы жүзеге асыру, сараптама жасаушыларды сот үдерісінде сарапшы ретінде қатыстыру;
  • құқық саласындағы қызметкерлерге лингвистикалық білім беру, халыққа тілдік-заңдық көмек көрсету;
  • күнделікті тілдік-құқықтық сананы зерттеу;
  • тілдің қақтығысты (инвективті, манипулятивті, агрессивті, полиинтерпретативті) қызмет етуін зерттеу;
  • мектеп жасына дейінгі, бастауыш және орта мектептегі, ЖОО-дағы, кәсіби ортадағы қостілділік пен көптілділік салдарын айқындау;
  • Қазақстан мен әлемдік қауымдастықтың тіл, мәдениет, саясат саласындағы ғалымдары арасында диалог қалыптастыру, қоғам мен мемлекеттік билік өкілдері арасында пікір алмасу, өзара түсіністікке қол жеткізу тәжірибесін енгізу.

Тіл саясаты және инновациялық оқыту секторы:

  • Қазақстанда жүргізіліп жатқан тілдік жоспарлау сатыларының үйлесімділігіне баға беру, оның ішінде жоспарлаудың негізгі субъектілерінің орнын, тіл саясатын қалыптандыру, жетілдіру дәрежесін және оны іске асыру жолдарын анықтау;
  • қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қазіргі атқарып отырған функцияларына талдау жасау, оның заңдық-құқықтық мәртебесіне сәйкес атқаруға тиіс негізгі қызмет түрлерін нақтылау және жүзеге асыру жолдарын негіздеу;
  • Қазақстан Республикасындағы қостілділік пен үштілділіктің, сондай-ақ көптілділіктің қазіргі қалпын, мәселелерін анықтау;
  • тұрғындардың елімізде жүргізіліп жатқан тілдік идеологияға деген эмотивті-бағалау қатынасын зерттеу, үштілділік мәдени жобасының Тіл заңы, тұжырымдамасы мен бағдарламаларына функционалды-құқықтық кірігу деңгейін айқындау;
  • тілді мәртебелік (статустық) және корпустық жоспарлаудың үйлесімділігін бағалау негізінде тілді құралдық және әлеуметтік тұрғыда дамытудың басымдықтарын белгілеу.
  • мемлекеттік тіл саясатының заңдық-лингвистикалық қырларын зерттеу және практикалық әзірлеу;
  • тілге қатысты заңдық, бағдарламалық және басқа жобаларды талдау, сараптамадан өткізу:
  • тілдік (тіл таңдау) және лингвистикалық (тілдік норманы таңдау) мәселелердің сипаты мен оларды шешу тәсілдерін анықтау;
  • әліпби, дұрыс жазу, емле, транскрипция мәселелеріне байланысты ереже, қағидалар мен нұсқаулықтар түзу және ұсыныс беру;
  • тіл үйренушілердің тілді (қазақ, орыс, ағылшын) қажет деңгейде (бастапқы, орта, жетік) меңгеруін іске асыру;
  • оқу-ұйымдастыру, оқу-әдістемелік қызметін жүзеге асыру;
  • отандық және шетелдік ұйымдар мен жеке тұлғаларға лингвистикалық консультациялық және аударма қызметтерін көрсету.

Әлеуметтік тіл білімі орталығының қызметкерлері туралы ақпарат

Ермекбай Ғалымжан Жорабекұлы – Әлеуметтік тіл білімі орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

1993 ж. әл-Фараби ат. ҚазМУ-дің филология факультетін (қазақ тілі мен әдебиеті), 1999 ж. Абылай хан ат. ҚазХҚжӘТУ-дің француз тілі факультетін бітірген. Бірқатар жоғары оқу орындарында оқытушылықпен, 2004 жылдан бастап аударма саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. 2009 ж. А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институты Тілдер кафедрасының меңгерушісі. 2010 жылдан бастап осы институтта Әлеуметтік тіл білімі орталығының меңгерушісі. 1999 ж. «Жер бедері атаулары (лексика-грамматикалық талдау, фоносемантикалық сипаттама)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. 2004 жылдан бері «Мемлекеттік тілді дамытудағы тілдік және тілден тыс факторлар» тақырыбында ғылыми-зерттеу (докторлық диссертация) жұмысымен айналысады. «Мұнай-газ терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша сөздігі», «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ нормативтік-техникалық құжаттарын мемлекеттік тілге аудару жөніндегі нұсқаулық» авторларының бірі және он бес шақты ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала авторы.

Тіл экологиясы бөлімі

Нұргелді Уәли Мақажанұлы – Тіл экологиясы секторының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор

1945 ж. туған. 1968 ж. С.М.Киров ат. ҚазМУ-дің филология факультетін (қазақ тілі мен әдебиеті) үздік дипломмен бітіріп, ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының аспирантурасында оқыды. 1973 жылдан бері осы Институтта ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі (1995-2008), Институт директорының орынбасары (1995-2009) қызметін атқарды. Қазір Тіл мәдениеті бөлімінің және тіл экологиясы секторының ғылыми қызметкері. Н.Уәли әлеуметтік тіл білімі саласында теориялық және практикалық тұрғыдан мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, қазақ тілі мәдениеті мен әдеби тілі нормаларын кодификациялау мәселелеріне қатысты еңбек етіп келеді. Негізгі еңбектері: «Сөз мәдениеті» (1984); «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988); «Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері» (канд. дисс., (1993); «Емлесі қиын сөздер» (2001, бірлескен авторлар); «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (1988; 2001; 2005, бірлескен авторлар); «Бұқаралық коммуникация және сөз мәдениеті»//Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы (2004, бірлескен авторлар), «Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері» (докт. дисс., 2007). Сондай-ақ ғалым мектеп оқушыларына арналған оқулықтар мен оқу құралдарының авторы («Қазақ тілі. Сөз мәдениеті» (Алматы, 2006; 2010), «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі. Фонетикалық курс» (2009, бірлескен авторлар) және т.б. 200-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік мақаласы бар. Н. Уәли «Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстанның және басқа да елдердің тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, латын әліпбиіне көшу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу» атты тәуекел зерттеу бағдарламасының орындаушысы әрі тақырып жетекшісі (2007), сондай-ақ «Мультимәдени қоғамдағы тілдік сәйкесімділік (лат.identikus): мемлекеттік тілді лингвомәдени-семиотикалық жүйелер негізінде меңгертудің лингвистикалық аспектісі» атты зерттеу жұмыстарының орындаушысы болды.

Н.Уәли – ҚР Министрлер кабинетінің жанындағы Мемтерминком (1995-1998); «Мемлекеттік ономастика комиссиясының (2005 жылдан қазірге дейін) мүшесі; «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының (1991 жылдан қазірге дейін), ҚР ҰҒА-ның Хабаршысы журналының (1996-2009) алқа мүшесі. 

'Сүйерқұл Ботагөз Мырзабайқызы – Тіл және экология секторының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

Сүйерқұл Ботагөз Мырзабайқызы 1995 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып қабылданды. Институт аспирантурасын бітіріп (1996-1998), Тіл тарихы және диалектология бөлімінің аға ғылыми қызметкері (2000 жылдан) және Әлеуметтік тіл білімі орталығы Тіл экологиясы бөлімінің қызметкері болып болып жұмыс істеп келеді. 1999 ж. «Китаб ат-тухфа... » (XІV ғ.) ескерткішіндегі етістік категориялары» тақырыбында кандидаттық, 2010 ж. «Хорезмидің “Мұхаббатнамесіндегі” (XІV ғ.) лингвосемиотикалық кеңістік» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. «Қазақ тілінің сөздігін» (Алматы, 1999) баспаға әзірлеуге, Тіл тарихы және диалектология бөлімінің іргелі зерттеу бағдарламаларына (2000-2008) қатысып, “Қазақ ұлттық әдеби тілі және оның Уақыт пен Кеңістіктегі даму жолдары: ұлттық, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды жинақтау, ұластыру, жаңғырту” атты іргелі зерттеу бағдарламасында «Қазақ тілінің тарихи сөздігін түзудің ғылыми-теориялық негіздері» тақырыбы бойынша (2009-2011) еңбек етуде. БАҚ-та әлеуметтік-тілдік мәселелерге арналған мақалалары тұрақты жарияланып тұрады. Қазақ тілін практикалық курс ретінде оқытуға байланысты оқу құралы, оқу-әдістемелік кешендері, орысша-қазақша тілдескіштері жарық көрген.

Тіл саясаты және инновациялық оқыту секторы

Ермекбай Ғалымжан Жорабекұлы – Тіл саясаты және инновациялық оқыту секторының қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

1993 ж. әл-Фараби ат. ҚазМУ-дің филология факультетін (қазақ тілі мен әдебиеті), 1999 ж. Абылай хан ат. ҚазХҚжӘТУ-дің француз тілі факультетін бітірген. Бірқатар жоғары оқу орындарында оқытушылықпен, 2004 жылдан бастап аударма саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. 2009 ж. А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институты Тілдер кафедрасының меңгерушісі. 2010 жылдан бастап осы институтта Әлеуметтік тіл білімі орталығының меңгерушісі. 1999 ж. «Жер бедері атаулары (лексика-грамматикалық талдау, фоносемантикалық сипаттама)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. 2004 жылдан бері «Мемлекеттік тілді дамытудағы тілдік және тілден тыс факторлар» тақырыбында ғылыми-зерттеу (докторлық диссертация) жұмысымен айналысады. «Мұнай-газ терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша сөздігі», «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ нормативтік-техникалық құжаттарын мемлекеттік тілге аудару жөніндегі нұсқаулық» авторларының бірі және бірнеше оқу-әдістемелік, көмекші құралдар мен оннан астам ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала авторы.

Ырғызбаева Индира Еркінқызы – Тіл саясаты және инновациялық оқыту секторының қызметкері, PhD докторы

Ырғызбаева И.Е. 1997 ж. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің Шығыс филологиясы факультетін, 2003 ж. «Дарын» Қазіргі заманғы гуманитарлық институтының шет тілдер факультетін бітірген. Мектепте ағылшын тілінің мұғалімі, «Дарын» Қазақ ұлттық гимназиясында директор, ҚазМемҚызПУ-де факультет деканының орынбасары болып жұмыс істеген. 2011 ж. АҚШ-та Джексонвил университетінде PhD докторы ғылыми дәрежесін алған. Көптеген ғылыми жобаларда жұмыс істеген және оннан астам ғылыми мақалалардың авторы.

Хисаметдинова Альмира Ахмедовна – Тіл саясаты және инновациялық оқыту секторының қызметкері, доцент міндетін атқарушы

Хисаметдинова А.А. 1984 ж. Алматы педагогикалық шет тілдер институтының ағылшын тілі факультетін үздік бітіріп, ҚазССР ҒА Президиумының (кейіннен А. Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтының) шет тілдер кафедрасында ағылшын тілінен оқытушы, аға оқытушы және доцент міндетін атқарушы (1997) болып жемісті еңбек етіп келеді. Жалпы еңбек өтілі 25 жылдан астам, студенттерге арналған көмекші оқу құралы (бірлескен авторлар) мен онға жуық ғылыми мақала авторы.

Мадиева Толқын Әріпбайқызы – Тіл саясаты және инновациялық оқыту секторының қызметкері

Мадиева Т.Ә. 2003 ж. әл-Фараби ат. ҚазМУ-дің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітіріп, Орта Азия университетінде оқытушы болып еңбек етті (2003-2005). 2005-2007 жж. ҚазҰУ магистратура бөлімін үздік бітіріп, Алматы қ. Тілдерді дамыту басқармасы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында жұмыс істеді (2007-2009). 2009 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтында қазақ тілінің оқытушысы болып жұмыс істейді. Бірнеше ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала авторы.

Тайшекенова Гүлнұр Жұмабайқызы – Тіл саясаты және инновациялық оқыту секторының қызметкері

Таймекенова Г.Ж. 2009 ж. Абылай хан ат. Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін және осы университеттің магистратура бөлімін бітіріп (2009-2010), “ҚР мен РФ арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас” тақырыбында магистрлік диссертация қорғаған. 2010 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтында ағылшын тілінің оқытушысы болып жұмыс істейді. Бірнеше ғылыми мақала авторы.

Мажен Эльмира Ерасылқызы – Тіл саясаты және инновациялық оқыту секторының қызметкері

Мажен Э.Е. 2009 ж. Абылай хан ат. Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін және осы университеттің магистратура бөлімін бітіріп (2009-2010), «Қазақ мақал-мәтелдерінің ұлттық-мәдени сипаты» тақырыбында магистрлік диссертация қорғаған. 2010 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтында ағылшын тілінің оқытушысы болып жұмыс істейді.

Грамматика бөлімі

Грамматика бөлімінің тарихы

Грамматика бөлімінің тарихы КСРО ҒА Қазақ филиалы Тіл, әдебиет және тарих институты құрылған кезден басталады. Институттың алғашқы директоры Н.Сауранбаев осы бөлімде қызмет етіп, грамматика мәселелерімен (Қазақ тіліндегі есімшелердің мағынасы мен қызметі. – Алматы, 1944; Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. – Алматы, 1948.; Қазақ тілінің грамматикасы. – А. 1944; 1953; Қазақ тіліндегі көсемшелер туралы. – Алматы,1990; Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем жүйесі (докт. дисс.). – Алматы, 1948; Қазақ тіліндегі көсемшенің семантикасы мен қызметі (канд дисс.). – Алматы, 1940 т.с.с.) айналысқаны мәлім. Бөлімде қазақ тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосқан М.Балақаев, Ғ.Бегалиев, Қ.Есенов, Е.Жанпейісов, С.Исаев, А.Қалыбаева, Б.Қасым, Т.Қордабаев, Ғ.Мұсабаев, И.Ұйықбаев, А.Ысқақов, Н.Оралбаева, Қ.Есенов, Б.Нұрғазина (Б.Қайымова), Ф.Мұсабекова, В.А.Есенгалиева, Н.Демесінова, Б.Қасым, Қ.Неталиева, Р.Әмір, Ә.Ибатов, Ұ.Салиева, И.Ұйықбаев, Е.Жанпейісов, Т.Әбдіғалиева, З.Ахметжанова, Қ.Рысалды, З.Ерназарова, Б.Қапалбеков, М.Жолшаева, А.Бексейітова, Г.Садирова т.с.с. ғалым-зерттеушілер қызмет етті. Әр жылдары М.Балақаев, Т.Қордабаев, Қ.Есенов, З.Ерназарова, Б.Қапалбеков сияқты ғалымдар бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Бөлім қызметкерлерінің еңбектері қазақ тілі грамматикасы теориясының дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ тілі грамматикасында белгілі бір категорияны танып-танытуда әртүрлі көзқарастардың, бағыттардың қалыптасуына негіз болды. Н.Сауранбаев еңбектерінде қазақ тіліндегі есімше және көсемше категорияларының өзіндік ерекшеліктері сипатталды (Қазақ тіліндегі көсемшенің семантикасы мен қызметі (канд дисс.). – Алматы, 1940; Қазақ тіліндегі есімшелердің мағынасы мен қызметі. – Алматы, 1944 т.с.с.). А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, І.Кеңесбаев‚ С.Аманжолов еңбектеріндегі көсемшелердің танылуын әрі қарай дамыта отырып, Н.Сауранбаев -ып/-іп/-п‚ -а/-е/-й‚ -ғалы/-гелі қосымшаларын көсемше көрсеткіштерінің қатарында қарастырады. Бүгінгі таңдағы зерттеу еңбектерінде де осы көрсеткіштер көсемше тұлғалары ретінде танылып келеді. Қазақ грамматикасында көптеген талас тудырған әрі бөлім қызметкерлерінің ерекше көңіл бөліп, арнайы зерттеген категориялардың бірі – сын есімнің шырай категориясы (Мұсабаев Ғ. Қазақ тіліндегі сын есімдердің шырайлары. - Алматы, 1951). Бұл мәселе қазақ ұлттық тіл білімі қалыптасқан кезде де зерттеліп, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов еңбектерінде сипатталған еді. Қолданған атаулары, шырайды жасалуына қарай дараламай, мағыналық ұқсастықтарына байланысты топтастыра беру жағынан С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, Ғ.Бегалиев, Н.Cауранбаев еңбектері А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы еңбектеріне ұқсас. Бөлім қызметкерлері қазақ тілінде көптеген талас тудырып жүрген, күрделі сөз таптарының бірі – етістікті арнайы зерттеді (Қалыбаева А. Қазақ тіліндегі етіс категориясы. (канд. дис). – Алматы, 1949; Қазақ тіліндегі етістікті негіздер (докт. дисс.). – Алматы,1960; Етістіктің лексико-грамматикалық сипаты. – Алматы,1971 т.с.с.). Әсіресе етіс категориясының бар-жоқтығы туралы мәселе қазақ тіл білімінде ғана емес, түркітануда да талас тудырған еді. І.Кеңесбаев 1939 жылы жарық көрген «Қазақ тілі» атты оқулығында Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбановтардың үлгісімен етістің 6 түрін көрсетіп, салт, сабақты етістіктерді етіс ретінде танығанмен, кейінгі еңбектерінде етістің 4 түрін ғана атайды. Етіс түрлерін (өздік‚ ортақ‚ ырықсыз‚ өзгелік) тану жағынан кейінгі ғалымдар арасында алшақтық байқалмайды. С.Аманжолов қана өздік етісті етіс қатарына қоспайды. 30-жылдардың аяғынан бастап, көрсеткіштері бірдей болғандықтан, сабақты етіс пен беделді (өзгелік) етіс біріктіріліп, салт, сабақты етістер етіске тән мағынасы мен қызметіне қарамастан, етіс аясынан алшақтатыла бастады. Бұл үрдіс 1957 жылы Уфада өткен етіс мәселесін қарастырған координациялық кеңесте де өріс алды. Бірқатар түркологтар төрт етістің жасалуына негіз болады деп есептеп, негіз етісті (основной или исходный залог) етіс категориясының құрамына қосып жүр. Оның басқа етістер сияқты өзіндік көрсеткіші де, етіс категориясына тән мағынасы да жоқ. Қазақ тілінде негізгі етісті етістің бір түрі деп көрсеткен еңбектердің қатарына: «Қазақ тілінің грамматикасы» (етіс категориясын жазған – А.Хасенова); А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі. Морфология»; Ш.Бектұров, М.Серғалиев «Қазақ тілі» т.б. еңбектерді жатқызуға болады. Тіл білімінде, оның ішінде қазақ тіл білімінде етістіктің ең көп талас тудырып, түрліше сипатталып жүрген категорияларының бірі – шақ категориясы. Іс-әрекет, қимылдың сөйлеп тұрған кезде, одан бұрын немесе кейін өтуіне байланысты осы шақ, өткен шақ, келер шақ түрі барлық ғалымдарда да бірдей анықталғанымен, оның түрін, көрсеткіштерін тануда зерттеуші ғалымдар арасында пікірталастар туындайды. Бұл мәселе де бөлім қызметкерлерінің назарынан тыс қалмаған (Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы (канд. дисс.). – Алматы, 1949; Қазіргі қазақ тілі грамматикасы (авт. бірі). – Алматы, 1961 т.с.с. ). Т.Қордабаев еңбектерінде де отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің ерекшелігі сөз болады. «Осы шақтың кейбір көрсеткіштері туралы» деген мақаласында Т.Қордабаев жатыр, жүр, отыр, тұр етістіктерінің морфологиялық ортақ қасиеттерін көрсете келіп, шақтық мағыналары жағынан бұл етістіктердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар екенін айтады. Атап айтқанда: а) жатыр, тұр етістіктерінің жанды заттарға да, жансыз заттарға да қолданылатынын, ал жүр, отыр етістіктерінің жанды заттарға қатысты ғана қолданылатынын; ә) жатыр, тұр етістіктері үзілістері болып тұратын, дәл сөйлеу үстінде ол амалдың болып жатпауы да мүмкін екендігін, жалпы «осы кезде болып жүр» деген мағынада қолданылатынын, ал отыр, тұр етістіктерінің дәл сөйлеу үстінде, қазір болып жатқан іс-әрекеттерді білдіру үшін жұмсалатынын айта келіп, соған сәйкес жатыр, жүр етістіктері арқылы жасалған осы шақты «жалпы осы шақ», ал отыр, тұр етістіктерінің қатысуымен жасалған шақ түрін «нақ осы шақ» деп атауды ұсынады. Шақ категориясының ішінде қиын да күрделісі – өткен шақ екені белгілі. Өткен шақты ғалымдар түрлі қырынан қарастырған. Мәселен, Т.Қордабаев, А.Ысқақов өткен шақты сөйлеушінің амалды өзі басы-қасында болғандай, өз көзімен көргендей, тыңдаушысы сенерліктей етіп хабарлауына байланысты айғақты (немесе анық), айғақсыз (немесе танық) деп жіктесе, «Современный казахский язык», Ы.Маманов, «Қазақ тілі грамматикасы» (Қ.Неталиева), Ғ.Әбуханов, М.Серғалиев, А.Айғабылов, О.Құлкенова, «Қазіргі қазақ әдеби тілі», Ш.Бектұров, М.Серғалиев «Қазақ тілі» сияқты еңбектерде іс-әрекеттің бұрынырақта не жуық арада өтуіне байланысты жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ежелгі өткен шақ деп топтастырылған. Сонымен қатар «Современный казахский язык», Ы.Маманов, М.Серғалиев, А.Айғабылов, О.Құлкенова еңбектерінде бұрынғы уақытта дағдылы түрде өтіп тұрған қимыл-әрекетті жеке топтастырып, «дағдылы өткен шақ» деп береді. Түркологияда, оның ішінде қазақ тіл білімінде де ұзақ уақыт бойы зерттеліп, көптеген талас тудырып жүрген мәселенің бірі көмекші етістікке байланысты. Ы.Маманов құрамында көмекші етістігі бар күрделі формалардың қимылдың фазасын (саты) жасауға қатысатынын айта келіп, оның 6 түрін көрсетеді. Олар: а) қимылға дайындық; ә) қимылды жасауға бейімделу; б) қимылдың басталуы; в) істің өтуі; г) бітер алдындағы іс; ғ) істің бітуі. Н.Оралбаева «Аналитические формы глагола в современном казахском языке» деген докторлық диссертациясында Ы.Мамановтың жоғарыда келтірілген 6 фазасын 3 фазаға сыйғызуға болатынын айтады. Ғалым «фаза қимылдың басталуы мен аяқталуына дейінгі аралықты қамтуы керек» деген тұжырым жасай отырып, қимылды істеуге дайындалу, қимылды жасауға бейімделу сияқты сипаттамалар фаза шеңберінен тыс қалатынын, себебі мұнда қимылдың әлі бастала қоймағанын ескертеді. Сол сияқты бітер алдындағы іс пен біткен іс деп аталатын фаза түрлерін жинақтап, бір фаза ретінде беруге болатынын көрсетеді. Сөйтіп, қимылдың өту фазасын: а) қимылдың басталуы (-а баста‚ -п қоя бер‚ -п сала бер‚ -п жүре бер); ә) қимылдың орындалып жатуы (-п келе жат‚ -п бара жат‚ -п бар‚ -п кел‚ -п жат‚ -п тұр‚ -п отыр‚ - п жүр); б) қимылдың аяқталуы (-п бол‚ -п біт‚ -п шық‚ -п қой‚ -п кет‚ - п қал‚ -п болып қал) деп жіктейді. Көмекші етістіктердің видке қатысуына қарай топтастырып, саралауға тырысатын еңбектердің қатарында Н.Сауранбаевтың «Семантика и функций деепричастии в казахском языке» (1944)‚ «Русско-казахский словарь» (Под общей редакцией проф. Н.Т.Сауранбаева (1954)‚ «Современный казахский язык» (1962)‚ 1956 ж. координациялық кеңесте сөйлеген сөзі‚ И.Ұйықбаев «Қазіргі қазақ тіліндегі етістік көріністері» (1958), кеңесте сөйлеген сөзі, Н.Х.Демесинова «Сопоставительная грамматика русского и казахского языков (синтаксис)» (1966) т.с.с. атауға болады. Қазақ тілінде көрініс (вид) категориясы бар деп түсіндірушілер оны түрліше топтастырады. Н.Сауранбаев аяқталған (законченный), аяқталмаған (продолжительный) және белгісіз (неопределенный) деп үшке бөлсе, И.Ұйықбаев пен Ы.Маманов созылыңқы (аяқталмаған) көрініс (сыпат), аяқталған көрініс (сыпат) деп екіге топтастырады. И.Ұйықбаев, Н.Сауранбаев еңбектері көмекші етістіктердің өзіндік ерекшелігін танытуда елеулі үлес болды. И.Ұйықбаев көмекші етістіктерді тұрақты, тұрақсыз деп екіге топтастырады да, тұрақты көмекші етістіктерге е-, жазда етістіктерін, тұрақсыз көмекші етістіктерге кет, баста, жібер, отыр, тұр, жатыр т.б. етістіктерді жатқызады. Ғалым кет, қал, шық, ал, қой, өт, бол, сал, таста т.с.с. етістіктердің аяқталған көрініс жасауға қатысатынын, жат, жүр, отыр, тұр етістіктерінің аяқталмаған көрініс жасауға қатысатынын, ал, бар, кел, түс, көр, е- етістіктерінің негізгі етістікке байланысты кейде аяқталған, кейде аяқталмаған көрініс жасауға қатысатынын айтады. Аяқталған көріністің өз ішінен: қимылдың аяқталуы, қимылдың шапшаңдығы, қимылдың жол-жөнекей болуы, қимылдың жорта жасалуы, қимылдың бір рет болуы, қимылдың бағыты‚ қимылдың басталуы‚ қимылдың бола жаздауы, аяқталмаған көріністің: қимылдың аяқталмауы, қимылдың қайталануы, қимылдың үдеуі, қимылдың жол-жөнекей болуы, қимылды жасауға әзірлік сияқты мағыналық реңктерін (видовые оттенки – И.Ұ.) көрсетеді. Көмекші етістіктер табиғатын, оның өзіндік ерекшелігін түсіндіруге тырысқан ғалымдардың бірі – А.Ысқақов. Ғалым көмекші етістіктерді толымды және толымсыз көмекші етістік деп топтастырады. Толымды көмекші етістіктерге негізгі мағынасын сақтап, етістіктерге түрлене алатын, дербес сөз ретінде де, аналитикалық (сараламалы) етістік құрамында да қолданыла алатын етістіктерді (ал, бер, бар, баста, тұр, отыр т.б.) жатқызады да, толымсыз етістіктерге (лексикалық) толық мағынасы жоқ е- етістігінен өрбіген формаларды жатқызады (екен, емес, еді, еміс-еміс т.б.). Сонымен қатар А.Ысқақов жатыр, жүр, отыр, тұр қалып етістіктерінің, бол, қыл, ет көмекші етістіктерінің, жазда, де етістіктерінің мағыналық ерекшеліктері мен қызметіне арнайы тоқталады. Ғалым көмекші етістіктердің қызметі мен өзіндік ерекшелігін, сипатын танып, ажырата білу үшін аналитикалық форма, аналитикалық форманттардың мағынасы мен қызметін айқындау қажеттігін айта келіп, басты-басты аналитикалық форманттарға сипаттама береді. Сөз тудырудың синтаксистік немесе аналитикалық тәсілдері А.Ысқақов‚ К.Аханов‚ С.Қожамқұлова‚ Ы.Маманов‚ С.Исаев еңбектерінде көрініс тапқан. Етістік тудырушы қосымшалардың түрін, табиғатын, мағыналық ерекшелігін сөз еткен ғалымдардың бірі – А.Хасенова. Ғалымның бұл саладағы пікір-тұжырымдары «Глагольные основы казахского языка» (1960)‚ «Аффикстер жайлы бірер сөз» (1975), «Қазіргі қазақ тіліндегі -с және -дас аффикстері туралы» (1955), «Сөз тудырушы аффикстердің сөздерді байланыстыру функциялары» (1975) т.б. еңбектерінде баяндалған. А.Қалыбаева (Хасенова) етістік тудырушы қосымшаларды: а) зат есім, сын есім, сан есім, үстеу, етістік, еліктеуіш сөз, одағай т.с.с. түрлі сөз табына жалғануы; ә) сабақты етістік, салт етістік жасауға қатысуы; б) зат есімді іштей мағыналық топтарға (мезгіл, мекен, өлшем мәнді, дене мүшелерінің атауы т.б.) бөліп алып, соған сәйкес етістік тудырушы жұрнақтар жалғанғандағы мағыналық өзгерістері; в) құранды жұрнақтар түзуі (-лан, -лас, -лап, -лаған т.с.с.) т.б. тұрғысынан сөз етеді. Осылайша сипаттау Ы.Маманов еңбектерінде де өріс алған. Етістік тудырушы қосымшалардың табиғатын сөз еткен ғалымдардың бірі – А.Ысқақов. Ғалым туынды етістіктерді – есім негізді етістіктер және етістік негізді етістіктер деп екі топқа бөліп, етістік негізді етістіктердің қатарына етіс жұрнақтарымен қатар амалдың (істің) өту сипатын білдіретін жұрнақтарды (-ла/-ле, -қыла/ -кіле, -мала/-меле, -ғышта/-гіште, -ыңқыра/-іңкіре, -ымсыра/-імсіре, -ыстыр/-істір) жатқызады. Осы тұрғыдан келгенде‚ ғалымның жіктеуі А.Хасенова еңбектерімен сарындас. А.Ысқақов есімдерден етістік тудырушы өнімді қосымшалар ретінде -ла/-ле, -лан/-лен, -лас/-лес, -лат/-лет, -ай/-ей, -қар/-кер, -ар/-ер, -ал/-ыл, -ық/-ік, -сы/-сі, (-ымсы/-імсі), -сын/-сін, -сыра/-сіре, -ра/-ре, -ырай/-ірей т.с.с. атайды да, осылардың ішінде -сын/-сін және -сыра/-сіре жұрнақтарының ғана мәнін түсіндіреді. Бөлім қызметкерлерінің қазақ тілі морфологиясына қатысты ұстанымдары қазақ тілі оқулықтарға, оқу құралдары мен грамматикаларға еніп, қазақ тілі грамматикасының дамуында өзіндік бағыттың қалыптасуына, белгілі бір категорияның тіл білімінде танылуына жол ашты (Қазақ тілінің грамматикасы. – А. 1944; 1953; Қазақ тілінің грамматикасы. – Алматы, 1967; Бегалиев Ғ. Қазақ тілінің грамматикасы. Педучилищеге арналған оқу құралы. – Алматы, 1944; Қазақ тілі грамматикасы. 2 бөлім. Синтаксис. Орта мектептің 6-7 кластарына арналған оқу құралы. – Алматы, 1948. (авт. бірі); Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы,1964; 1974; 1991 т.б.; Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. – Алматы, 1989; Современный казахский язык. – Алматы, 1962; Қазақ тілінің грамматикасы. Морфология. – Алматы,1967; Балақаев М. Қазақ тілінің грамматикасы. Үлкендер мектебіне арналған. – Алматы, 1938; Қазақ тілі грамматикасының кейбір мәселелері. – Алматы, 1941; Қазіргі қазақ тілі: лексика, фонетика, грамматика. – Алматы, 1954 (авт. бірі); Қазақ әдеби тілі тарихының грамматикасы. – Алматы, 1964 (авт. бірі); Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. – Алматы, 1988; Аблақов Ә. Қазіргі қазақ тіліндегі меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері (оқу құралы). – Алматы, 1971; Қазақ тіліндегі барыс жалғаулы сөз тіркестері (оқу құралы). – Алматы, 1975; Қазақ тіліндегі табыс жалғаулы сөз тіркестері (оқу құралы). – Алматы,1986; Әбдіғалиева Т. Қазақ тілі. 6 кл үшін. – Алматы,1990 (авт. бірі); Осы оқулыққа методикалық нұсқау. – Алматы, 1990 (авт бірі); Грамматикалық таблицалар. 5 кл үшін. – Алматы, 1990; Практикалық қазақ тілі. – Алматы, 1993 (авт. бірі); Кестелі грамматика. – Алматы, 1993 (авт бірі); Әмір Р. Қазақ тілі. Учебник казахского языка для ІІ-ІVкл. русской школы. 6-е изд. –Алматы, 1965 (авт бірі); Қазақ тілі. Грамматика, емле, тіл дамыту. –Алматы, 1965; Бірінші класта қазақ тілін оқыту. – Алматы,1962; Қазақ тілінен бірінші класқа арналған таблицалар. – Алматы, 1965; І класта оқушылардың тілін дамыту үшін істелген жұмыстар. – Алматы, 1957). Сонымен қатар бөлім қызметкерлері зерттеп жүрген категориялары бойынша кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғады (Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі көсемшенің семантикасы мен қызметі (канд дисс.). – Алматы, 1940; Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем жүйесі (докт. дисс.). – Алматы,1943 т.б.; Мұсабаев Ғ. Қазақ тіліндегі сын есімдердің шырайлары (канд. дис). – Алматы, 1951; Сәдуақасұлы Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы (канд. дисс.). – Алматы, 1988; Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдердің құрылымдық типтері (етістік бас мүшелі сөйлемдер). (докт. дисс.). – Алматы,1997; Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы. – Алматы, 1994; Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдер. – Алматы,1996.т.б.; Неталиева Қ. Имена действия в современном казахском языке. АКД., - Алматы, 1963; Қайымова Б. Қазақ тіліндегі етістіктен есім туғызушы аффикстер. (канд. дис). – Алматы, 1963; Ысқақов А. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер. – Алматы, 1950; Қалыбаева А. Қазақ тіліндегі етіс категориясы. (канд дис). – Алматы, 1949; Қазақ тіліндегі етістікті негіздер (докт. дисс.). – Алматы,1960; Есенов Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағының қылы сөйлемдер (канд. дисс.). – Алматы, 1962; Жанпейісов Е. Қазіргі қазақ тіліндегі модальды сөздер. (канд дисс.). – Алматы, 1958; Балақаев М. Основные вопросы синтаксиса простого предложения в современном казахском языке (докт. дис). – Алматы, 1950; Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы (канд. дисс.). – Алматы, 1949; Ұйықбаев И. Категория глагольного вида в современном казахском языке (канд дисс.). – Алматы, 1954; Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары (докт дис); Қасым Б. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі етістіктер (канд. дис). – Алматы, 1992.; Қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негіздері (докт. дис). – Алматы, 2002 т.б.; Әбдіғалиева Т. Болымсыздық семантикасы және оның қазіргі тілінде берілу жолдары (канд. дисс.) –Алматы, 1991; Семантика отрицания и способы его выражения в современном казахском языке АКД., – Алматы, 1991; Әмір Р. Союзы в казахском языке. АКД., -Алматы, 1955; Особенности синтаксиса казахской разговорной речи. АДД., -Алматы, 1972; Қапалбеков Б. Көсемше бағыныңқылардың дамып, қалыптасуы мен мағыналық түрлері: филол. ғыл. канд. ... дисс.: 10.02.02. – Алматы, 2000. – 143 б.; Жолшаева М. Аспектуалды семантика: форма және мазмұн: филол. ғыл. докт. ... дисс. – Алматы, 2009. – 280 б.; Құлманов С. Қазақ тіліндегі мүмкіндік модальдылығының функционалды-сематикалық өрісі: филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы, 2004. – 30 б.; Жаңабекова А. Қазақ тіліндегі уақыт ұғымының тілдік парадигмасы (докт. дисс.). – Алматы, 2010; Солтанбекова А. Қазақ тіліндегі шақтық локалдылық/iшақтық бейлокалдылықтың функционалды-семантикалық категориясы (канд. дисс.). - Алматы, 2010 т.с.с. Бөлім қызметкерлері қазақ тілі морфологиясымен қатар синтаксисті де назардан тыс қалдырмады. Атап айтқанда, сөз тіркесі синтаксисі (Балақаев М. Основные типы словосочетания в казахском языке. – Алматы, 1957; Синтаксис словосочетания и простого предложения. – Алматы, 1959; Қазіргі қазақ тілі грамматикасы. Синтаксис (оқулық). – Алматы, 1961 (авт. бірі); Аблақов Ә. Қазақ тіліндегі меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері. – Алматы, 1986; Қазақ тіліндегі салт етістіктердің меңгеруі (әдістемелік құрал). –Алматы, 1988; Қазақ тіліндегі меңгеру категориясының мәні (әдістемелік талдама). – Алматы, 1988; Сөз тіркесінің өзіндік ерекшелігі және оның байланысу тәсілдері мен түрлері (әдістемелік құрал). – Алматы, 1990; Қазақ тіліндегі көлемдік септікті сөз тіркестері (әдістемелік құрал). – Алматы, 1991; Қазақ тілі (оқу құралы). – Алматы, 1993. (авт бірі); Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің дамуы мен лексикалану процесі. – Алматы, 1997. (авт. бірі) т.б.); сөйлем синтаксисі (Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. – Алматы, 1948; Қордабаев Т. Құрмалас сөйлем синтаксисі. – Алматы, 1961 т.б.; Есенов Қ Қазіргі әдеби тіліміздегі күрделенген сөйлемдердің негізгі мәселелері. – Алматы, 1975; Қазақ тіліндегі күрделенген сөйлемдер. – Алматы, 1974; Сабақтас құрмалас сөйлемнің құрылысы. – Алматы, 1982; Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік қатынастар. – Алматы, 1985; Құрмалас сөйлем синтаксисі. – Алматы, 1995; Синтаксис осложненного предложения в казахском языке. – Алматы, 1992 т.б.; тарихи синтаксис мәселелері (Қордабаев Т. Тарихи синтаксис мәселелері (XV – XVIII ғасырлар материалдары бойынша). – Алматы, 1964); сөйлеу тілі синтаксисі (Әмір Р. Особенности синтаксиса казахской разговорной речи. АДД., -Алматы, 1972; Особенности синтаксиса казахской разговорной речи. –Алматы, 1972) т.с.с. Қазіргі қазақ тілі грамматикасына қатысты көп жылғы ізденістердің нәтижесі ретінде 2002 жылы Астанада фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис салаларын қамтыған, қазақ тілінің бүкіл грамматикалық құрылысын, барлық деңгейін бірге алып қарастырған біртұтас еңбек «Қазақ грамматикасы» деген атпен (784 бет) басылып шықты. Қазақ грамматикасында» қазіргі қазақ тіліндегі соңғы жылдардағы нәтижелерді, қорытындыларды ендірмек болған оң талпыныстары көрінеді. Онда морфонология, интонация, сөзжасам сияқты тіл білімі салалары арнайы сөз болды. Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған ХХ ғасырдың басындағы тіл білімпаздарының (атап айтқанда, Қ.Кемеңгерұлының) еңбектерінде сөзжасам (словообразование) дербес сала ретінде арнайы берілсе, ғалымның репрессиялануына байланысты кейінгі зерттеушілерде бұл үрдіс сабақтастық таба алмай, ұзақ уақыт бойы сөзжасам морфология аясында сөз болып келгені мәлім. «Қазақ грамматикасында» «Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы» деген атпен беріліп, оның тіл білімінің басқа салаларымен байланысы, сөзжасам жүйесі, тәсілдері, сөзжасамдық мағына, туынды сөздер, күрделі сөздер, сөзжасамдық мағына туынды сөздер, күрделі сөздер, сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық жұп, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық тарам, сөзжасамдық саты ұғымдарына түсініп беріліп, сөз таптарының сөзжасамдары берілген. «Қазақ грамматикасында» сөздің морфемалық құрамы, сөздің морфологиялық құрылымы бөлімдерін С.Исаев, ал сөзжасамға арналған тарауын Н.Оралбаева жазған. Сөзді топтастыруда «Қазақ грамматикасының» авторлары сөзді топтастыру принциптерін (семантикалық (грамматикалық); негізгі (морфологиялық) және синтаксистік принцип) көрсете отырып, қазақ тілінде 10 сөз табы бар деп, бұрыннан танылып жүрген 9 сөз табының үстіне модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде келтірген. «Қазақ грамматикасында» сөйлемнің ойлау-танымдық, қарым-қатынас құралы болу сияқты тілдің ең маңызды қызметтерін жүзеге асыратын бірден-бір құрал екендігіне тоқтала келіп, оның өзіне тән белгілерін көрсетеді. Олар: құрылымдық белгі (сөйлем мүшелері); семантикалық белгі (предикативтілік). «Қазақ грамматикасында» құрмалас сөйлемнің табиғаты мейлінше нақты, жан-жақты сипатталған. Жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің өзіндік ерекшелігі, ұқсастық-айырмашылықтары айқын сараланған. Атап айтқанда:

  • құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің құрылымдық ерекшелігі: жай сөйлем бір ғана предикативтік бірліктен тұрса, құрмалас сөйлем кемінде екі предикативті бірліктен құралады;
  • жай сөйлем мен құрмалас сөйлем құраушы бірліктерінің сипаты жағынан ерекшеленеді: жай сөйлем сөздер мен сөз тіркестерінен тұрса, құрмалас сөйлем предикативтік бірліктерден тұрады;
  • грамматикалық мағыналары бойынша: жай сөйлем модальдік, жақтық, шақтық категориялар арқылы предикативтік мағына білдірсе, құрмалас сөйлем мезгілдік себеп-салдарлық, шарттылық, қарсылықты т.с.с. мағыналарды білдіреді;
  • әрқайсысының өзіндік интонациясы болады. Жай сөйлемдердегі интонациялық кідіріс сөйлемді мағыналық топтарға (бастауыш-баяндауыш) жіктесе, құрмалас сөйлемдегі интонациялық кідіріс предикативтік компоненттің ара-жігін ажыратып, синтаксистік қызмет атқарады;
  • байланыстырушы лексика-семантикалық, грамматикалық амал-тәсілдер болады. Құрмалас сөйлемдер мағына жақындығы, баяндауышының тиянақсыз тұлғада келуі, интонация мен компоненттің орналасу тәртібі арқылы өзара байланысады.

«Қазақ грамматикасында» құрмалас сөйлем түрлерін анықтауда предикативтік орталықтың бір-біріне қатынасы, байланысы негізгі өлшем болатынын айта келіп, құрмалас сөйлемдер өз ішінен салалас, сабақтас болып сараланған. Сонымен қатар құрмалас сөйлемнің құрылымдық жағы ескеріліп, екі компонетті құрмалас сөйлем, көп компонентті құрмалас сөйлем болып жіктелген де екі компонетті құрмалас сөйлемдер өз ішінен салалас және сабақтас құрмалас сөйлем, көп компонентті құрмалас сөйлем көп компонетті (сыңарлы) салалас, көп бағыныңқылы сабақтас және аралас құрмалас сөйлем болып топтастырылған. «Қазақ грамматикасы» бұрынғы басылымдармен салыстырғанда, сандық жағынан да, сапалық жағынан да жетіліп, интонолония, сөзжасам, морфонология т.с.с. жаңа салалардың еніп, тіл біліміндегі жаңа бағыт, жаңа көзқарастар қамтылған. Соңғы кезде тілдік категорияларды мағыналық жағынан қарастыру жаңа қарқын алып келеді. Қазіргі тіл білімінің зерттеу парадигмасында жүйелік-құрылымдық зерттеулерден антропоцентристік қағидаға негізделген, тілдің когнитивтік, прагматикалық қызметін аша түсетін, дүниетанымдық әлеуетін ғылыми тұрғыдан пайымдауға арналған зерттеулер кең өріс алды. Бұл орайда әсіресе функционалды-семантикалық категорияларды егжей-тегжейлі сипаттауға бағытталған зерттеулерге ерекше мән беріліп отыр. Бөлім қызметкерлерінің зерттеулері сипаттама лингвистикадан функционалды бағыттағы зерттеулерге ойысып, тілді динамикалы, үнемі өзгеріп, дамып отыратын құбылыс ретінде қарастыра бастады. Қазақ тіл білімінде функционалды грамматиканың алғашқы нышандары А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ы.Маманов, С.Исаев еңбектерінен бастау алса, кейін З.Ахметжанова (Сопостовительные исследования лексики тюркских и русского языков (канд дис). – Алматы, 1981.; Принципы сопостовительного функционального исследования казахского и русского языков (докт. дисс.). – Алматы, 1989), Қ.Рысалды (Сын дәрежесі категориясы: функционалды-коммуникативтік табиғаты (қазақ және неміс тілдері негізінде). (докт. дисс.). –Алматы, 2007), Н.Сәрсембаева т.б. ғалымдардың еңбектерінде сөз болды.

Бөлім қызметкерлері 2003-2005 жылдары «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы ¬– егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» атты тақырып бойынша зерттеу жұмысын жүргізіп, нәтижесінде:  қазақ тіліндегі функционалды-семантикалық өрістердің коммуникативті-прагматикалық қызметі айқындалды;  функционалды-семантикалық өрістер негізіне қарай жіктеліп, құрылымдық-семантикалық жағынан сараланды;  функционалды-семантикалық өрістердің тұлғасы айқындалды, олардың парадигмалық және синтагмалық қызметі анықталды;  микроөрістерінің конституенттері сараланып, қызметін ашылды, арақатысы анықталды;  қазақ тіліндегі квалитативті-квантитативті негізді функционалды-семантикалық өрістердің басқа функционалды-семантикалық өрістерден өзіндік ерекшелігі көрсетіліп, жалпы тілдік семантикалық категориялармен арақатынасы, байланысы айқындалды.

2006-2008 жылдары «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік ретіндегі негізгі даму үрдістері мен бағыттары» атты тақырыпта іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша «Қазақ синтаксисінің коммуникативтік-прагматикалық аспектісі» тақырыбы бойынша: • етістік айтылымның ең негізгі мүшесі екені анықталды; • предикатты қатынастағы мүшелердің сөйлемнің құрылымдық негізін құрайтыны сөз болды; • сөйлеу жағдаятының сөйлеушінің коммуникативті мақсатына және прагматикалық қолданысына тигізетін әсері айқындалды; • сөйлеу жағдаяты мен пресуппозицияның өзара байланысы айқындалды; • синтаксистік құрылымдардың әлемнің тілдік бейнесін жасаудағы қызметі айқындалды; әлемнің тілдік бейнесін түзудегі сөйлеуші факторы анықталды; • етістіктің семантикалық және синтаксистік әлеуеті мәтіндегі белгілі бір концептінің көрінуіне жол ашатыны көрсетілді; • предикативті байланыс мүшелерінің сөйлемнің құрылымдық негізін құраудағы орны көрсетілді; • тілдік жағдаят пен пресуппозицияның өзара байланысы анықталды; • синтаксистік құрылымдардың әлемнің тілдік бейнесін түзудегі орны көрсетілді; • әлемнің тілдік бейнесін түзудегі сөйлеуші факторы анықталды; • предикативтік құрылымдағы сөйлем субъектісінің қызметі анықталды; • етістіктің предикативті өріс түзудегі орны анықталды.

2009-2011 жылдары «Қазақ ұлттық әдеби тілі және оның уақыт пен кеңістіктегі даму жолдары: ұлттық, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау, жаңғырту» атты іргелі зерттеу бағдарламасының «Қазақ тіліндегі квалитативті-квантативті негізді функционалды-семантикалық өрістер» атты тақырыбы бойынша:  Қазіргі қазақ тіл біліміндегі ономасиологиялық, функционалдық бағыттың теориялық ұстанымдарын негізге ала отырып, қазақ тіліндегі квалитативті-квантитативті негізді функционалды-семантикалық өрістердің табиғаты теориялық тұрғыдан дәйектелді.  Квалитативті-квантитативті негізді функционалды-семантикалық өріс түзетін посессивтілік, жекелік/көптік, компаративтік категорияларының категориалдық жүйесі айқындалды.  Посессивтілік, жекелік/көптік, компаративтік категорияларының тілдің бірнеше деңгейлерінде көрініс табатыны көрсетілді.  Сапа және сын категорияларының семантикалық жүйесі субкатегорияларға жіктеліп, ғылыми тұрғыдан сипатталды, парадигмалық тұлғалары анықталды.  Квалитативті-квантитативті негізді функционалды-семантикалық өріс түзетін посессивтілік, жекелік/көптік, компаративтік категорияларын талдау арқылы ұлттық тіліміздегі болмысты категориязациялау, концептуализациялау ерекшеліктері айқындалды.

«Ұлттық идея – Қазақстанның дамуының негізі» атты қолданбалы зерттеу бағдарламасы аясында «Қазақ тілі – ХХ ғасырдың басындағы ұлттық идеяның өзегі» (тақырып жетекшісі – ф.ғ.к. О.Жұбаева) атты тапсырма-тақырып бойынша ХХ ғасырдың басындағы тілші ғалымдардың лингвистикалық еңбектеріндегі ұлттық идеяның көріністерін саралаудың маңызы қорытылды. Қолданбалы зерттеу бағдарламасы бойынша алынған нәтижелер: • осы уақытқа дейін ғылыми айналымға түспеген материалдарды, сирек қолжазбалар қорынан, сол кезде жарық көрген баспасөз беттерінен мақалаларды тауып, сондай-ақ мұрағат қорларынан ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының еңбектері іздестіріліп, жинақталды; • ХХ ғасырдың басындағы емле ережелеріне негіз болған принциптер анықталды; емле өзгерістеріне қатысты ұсыныстар, олардың өзіндік ерекшеліктері көрсетілді; • өткен ғасырдың басында жарық көрген оқулықтардың, оқу құралдары мен сөздіктердің т.б. еңбектердің ұлттық сананы оятудағы орны анықталды; сол кезде жарияланғанмен, кейін тарихи себептерге байланысты ғылыми айналымға түспеген еңбектердің қоғамдық сананы дамытудағы мәні айқындалды; • ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан сөздіктердің қазақ лексикографиясында алатын орны қарастырылып, ол сөздіктерге құрылымдық талдаулар жүргізілді; • тақырыпқа қатысушылар алаш зиялыларына арналған «Алаш – 90 жыл» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысты; • ХХ ғасыр басында жарық көрген еңбектер араб, латын графикасынан қазіргі графикаға көшірілді: Мәскеу қаласында 1926 жылы шыққан «Дүниенің құрылысы» кітабын (қазақшалаған: қыр баласы (Ә.Бөкейханов) //Г.Көбденова; Қ.Кемеңгерұлының Лебедевтен аударған «Химия» атты оқулығы //Б.Жонкешов; Ә.Ермековтің «Ұлы математика курсы» //А.Үдербаев; • ХХ ғасырдың басында баспасөз бетінде («Еңбекші қазақ», «Ақ жол», «Тілші», «Жаңа мектеп» т.с.с.) жарық көрген мақалалар жинастырылып, қазіргі графикаға түсірілді; 560 бет көлеміндегі қолжазба (электронды күйінде) дайындалды; • жаңадан табылған дүниелер институтта шығатын «Тілтаным» журналында басылды; • Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов т.с.с. алаш зиялыларының тілтанымдық мұрасы, ХХ ғасырдың басындағы ұлттық идеяның көрінісі туралы бұқаралық ақпарат құралдарына («Қазақ радиосы», «Хабар» радиосы», «Қазақстан» т.с.с.) интервью берілді; • ХХ ғасыр басындағы қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметі артуына, қоғамдағы түрлі өзгерістерге, экстралингвистикалық және лингвистикалық факторларға байланысты тілдің даму бағыты айқындалды; • ХХ ғасырдың басында жарық көрген сөздіктерге тоқтала отырып, оларға негіз болған алғышарттар анықталды; алаш зиялыларының қазақ тілін толыққанды іске асыру мақсатымен оқулық жазу, сөздік құрастыру ісіне араласуы, газет-журнал шығару т.б. ағарту, білім беру саласында жүргізген игі бастамаларына талдау жасау, олардың мақсаты, бағыты айқындалды; • ХХ ғасыр басында жарық көрген терминологиялық сөздіктердің қазақ әдеби тілін дамытудағы қызметі, ұлттық идеяны, ұлттық сананы оятудағы орны, қазақ халқының рухани құндылықтарын сөзтізбеде беру ерекшеліктері өздеріне дейін жарық көрген сөздіктермен салыстыра отырып көрсетілді; терминдерді, өзге тілдік сөздерді қабылдауда көзделген ұстанымдар, өзіне дейінгі сөздіктермен сабақтастығы көрсетіледі; өзгешеліктері анықталды; • ХХ ғасырдың басында жарық көрген оқулықтардың, оқу құралдары мен сөздіктердің т.б. ұлттық сананы оятудағы орны анықталды; ғылыми айналымға түспеген еңбектердің қоғамдық сананы дамытудағы, ұлттық сананы оятудағы мәні айқындалды; • ұлттық идеяның қазақ қоғамын бірегейлендіру, тілді, ұлтты бірегейлендірудегі орны анықталды; ағартушылық идеясының тіл, ұлт бірегейлігі үшін қызмет еткені анықталды; • ағарту идеясы көрініс тапқан, осы уақытқа дейін ғылыми айналымға түспеген материалдар сол кезде жарық көрген «Ауыл тілі», «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ», «Айқап» т.с.с. сол кезеңде жарық көрген басылым беттері мен мұрағат қорларынан іздестіріліп, жинақталды; • қазақшылдық, еуропашылдық, таза түркілік бағыт ұстану, жәдитшілдік, таза түркілік бағыт ұстануға байланысты талас мәселелер мен түрлі бағыттар, көзқарастар анықталды; • аударма саласында жарық көрген А.Байтасұлының, Ә.Бөкейханов, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Ж.Аймауытұлы т.с.с. ғалымдардың табиғаттану, химия, педагогика, география, психология т.б. оқулықтары мен оқу құралдарының көшірмесі жинақталды; бұрынғы ақын-жазушылардың мұраларымен салыстыра отырып, мақсатын, ұстанымы анықталды; • «Атаулар сөздігі», «Қазақша-орысша тілмаш», «Әскери атаулар сөздігі», «Пән сөздері» т.с.с. ғасыр басында жарық көрген терминологиялық сөздіктердің ерекшеліктері, терминжасамдағы ұстанымдар айқындалды; • ғылым-білімге деген ұмтылыстың ұлттық идеямен сабақтастығы, қазақыландыру идеясының прогрессивтік мәні, тілдік, мәдени бірегейлікті сақтау, күшейту қызметі айқындалды. Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшірудің ғылыми-теориялық негіздеріне арналған «Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркменстанның және басқа да елдердің тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, латын әліпбиіне көшу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу» атты қолданбалы зерттеу бағдарламасы бойынша бөлім қызметкерлері Институттың басқа да бөлімдерімен, қоғамдық ғылымдар институттарымен бірлесе отырып, мынадай ғылыми нәтижелерге қол жеткізді: Қазақстандағы 1929-1940 жылдар аралығындағы латын әліпбиін қолдану тәжірибелері зерттелді; Қазақстанда 1929-1940 жж. қолданылған латын жазуына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ерекшеліктері, жазу мәселесіне байланысты туындаған түрлі айтыстар мен көзқарастарға талдау жасалды, Қазақстандағы 1929-1940 жылдар аралығындағы латын әліпбиіне негізделген жазудың фонетика-фонологиялық, графика-орфографиялық принциптері мен негіздері анықталды. О.Жұбаева Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы. 1.2.3, 1.2.5 тараушалары. Алматы, 2007. О.Жұбаева Қазақстанда 1929-40 жылдары қолданылған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі //Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы материалдар Алматы, 2007. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар көп томдық түсіндірме сөздік құрастыру ісіне А.Жаңабекова, О.Жұбаева сияқты бөлімнің қызметкерлері қатысып келеді. Он бес томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» құрастыру, редакциялау ісіне А.Жаңабекова мен О.Жұбаевалар араласып, жауапты шығарушы болды. Қазіргі тіл білімінің теориялық зерттеу парадигмасының антропоцентристік басты ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең маңызды екі қызметінің, атап айтқанда, танымдық (когнитивтік) және қарым-қатынас (коммуникативтік) қызметін терең ашып, тіл білімін заман талаптарына сай жаңа сапалы деңгейге көтеруге негізделіп отыр. Қазіргі антропоөзекті зерттеулерде бұрынғы лингвистикалық зерттеулердің бағытын өзгерте отырып, ұлттық сананың ерекшеліктерінің тілдегі көрінісі бейнеленеді. Бұрынғы зерттеулерде тіл құрылымы мен жүйесіне, оның қызметіне ерекше мән берілсе, қазіргі кезде зерттеушілер адам әрекетін түсінуге басты назар аударуда. Зерттеу нәтижесінде «Грамматиканың өзекті мәселелері» атты ғылыми мақалалар жинағы (Алматы, «Арыс», 2007); Қазақ тілінің функционалды грамматикасы (Тілтанымдық зерттеулер (2003-2005жж.) Алматы, 2007. -94-135-бб.); Қазақ тілінің функционалды грамматикасы (Алматы, «Сөздік/Словарь», 2010. 1-кітап) сияқты еңбектер жарық көрді. Сондай-ақ кандидаттық (Қапалбеков Б. Көсемше бағыныңқылардың дамып, қалыптасуы мен мағыналық түрлері: филол. ғыл. канд. ... дисс.: 10.02.02. – Алматы, 2000. – 143 б.; Құлманов С. Қазақ тіліндегі мүмкіндік модальдылығының функционалды-сематикалық өрісі: филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы, 2004; Солтанбекова А. Қазақ тіліндегі шақтық локалдылық/iшақтық бейлокалдылықтың функционалды-семантикалық категориясы (канд. дисс.): - Алматы, 2010), докторлық (Жолшаева М. Аспектуалды семантика: форма және мазмұн: филол. ғыл. докт. ... дисс. – Алматы, 2009. – 280 б.; Жаңабекова А. Қазақ тіліндегі уақыт ұғымының тілдік парадигмасы (докт. дисс.). – Алматы, 2010 т.б.) диссертациялар қорғалды. Тілді осылайша зерттеу нәтижесінде, біріншіден, функционализм бағытындағы зерттеулер көбейіп, тілдің қызметіне деген қызығушылық артады, тілдік құралдарды қалай пайдалануға болатыны, олардың өзіндік ерекшеліктері анықталады, жанр мен стильге байланысты тілдің қолданылу ерекшеліктері айқындалады, сипаты ашылады. Екіншіден, дәстүрлі қазақ тілі емес, қазақ тілінің қазіргі кездегі жай-күйі, ондағы өзгерістер мен жаңалықтар, нюанстар анықталады, қазақ тілінің қай бағытта дамып, өзгеріп жатқаны айқындалады. Қоғам дамуына байланысты норма да жетіліп, өзгеріп отыратындықтан, нормаға қайшы келетін қолданыстардың бәрін қателік ретінде қарастыруға болмайды. Ол типтік сипат алса, тілдегі қандай да бір үдерістің көрсеткіші бола алады. Яғни сол арқылы тілдегі жаңа бағыт, өзгерістерді анықтауға болады. Бүгінгі таңда когнитивтік бағыттағы зерттеулерде тілдегі білімнің көрінісін сипаттауға бағытталған ізденістер жанданып келеді. Морфология теориясының дамуы ондағы когнитивті үдерістерді талдауды қажет етіп отыр. Сол арқылы морфологиялық категориялар мен тұлғалардың тілішілік ерекшеліктері айқындалып, тілде концептуалды мазмұнның репрезентацияландағы морфологиялық бірліктердің орны көрсетіледі. Мұндай зерттеулер тілді құрылымдық немесе функционалды қырынан зерттеумен қатар қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан сипаттауға жол ашады, морфологияның тіл жүйесіндегі орнын айқындап, сөйлеу-әрекетіндегі маңызын түсінуге, морфологиялық категориялардың тұрпат және мазмұн межесін тануға мүмкіндік береді. Морфологиялық категорияларды осылайша талдау тілді когнитивті бағытта зерттеуге арналған еңбектердің дамып, өркендеуіне жол ашады.

Бөлім қызметкерлері туралы ақпарат

Бөлім меңгерушісі: филология ғылымдарының кандидаты О.С.Жұбаева

Жұбаева Орынай Сағынғалиқызы 1970 жылы Атырау облысы, Дендер ауданы, Дендер поселкесінде дүниеге келген. 1987 жылы М.Әуезов атындағы қазақ орта мектебін бітірген. 1994 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіргеннен кейін С.Аспандияров атындағы Қазақ медицина институтында оқытушы болып қызмет етті. 1995-1998 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің оқу басқармасы бөлімінде, мамандар бөлімінде жұмыс істеді. О.С.Жұбаева 1998 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты аспирантурасының күндізгі бөліміне түсіп, 2002 жылдың 1 наурызында институт жанындағы диссертациялық кеңесте академик Рәбиға Сыздықтың жетекшілігімен «Қ.Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасы мен лингвистикалық тұжырымдамалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясы қорғады. 2002 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөліміне ғылыми қызметкер ретінде қабылданды. 2004 жылдан 2007 жылға дейін аға ғылыми қызметкер ретінде, 2007 жылдан бастап бүгінге күнге дейін осы бөлімнің меңгерушісі ретінде қызмет етіп келеді. 2007 жылы докторлық диссертациясының тақырыбы («Қазақ тілі грамматикалық категорияларының антропоөзектілігі») бекітілген, ғылыми кеңесшісі – филология ғылымдарының докторы, профессор З.Қ.Ахметжанова. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөлімінің 2003-2005 жылдарға арналған «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы», 2006-2008 жылдарға арналған «Қазақ синтаксисінің коммуникативтік-прагматикалық аспектісі» тақырыбындағы жоспарлы зерттеу жұмыстарының, 2009-2011 жылдарға жоспарланған «Қазақ тіліндегі квалитативтік және квантитативтік өрістер» тақырыбы бойынша ғылыми тақырыпты орындаушылардың бірі. Осы аталған іргелі зерттеулер бойынша және докторлық диссертациясының тақырыбына қатысты 60-тан астам мақала жариялады. О.Жұбаева «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» бет – бойлат, киме – көйлекті, сілімтік – таңдыр буындары бойынша – құрастырушы, 2, 3-томдардың жауапты шығарушысы, 8, 13- томдардың жауапты редакторы және осы 15 томдық түсіндірме сөздіктің редакторлық топ мүшесі. «Н.Сауранбаев және қазақ тіл білімі», Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы», «Тілдік норма және оның қалыптануы» атты кітаптарға жауапты шығарушы болды. Қ.Кемеңгерұлының шығармашылығына арналған «Көз көрген», «Тау тұлға», «Таңшолпан» хабарында, академик Р.Сыздықтың шығармашылығына арналған «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» атты хабарға атсалысты. Сондай-ақ «ХХ ғасырдың көшбасшысы» интеллектуалды ойынының сарапшысы, «Тіл», «Тіл тірегі» бағдарламаларына қатысып, «Қазақ радиосының» «Жастар» бағдарламасында сөз мәдениетіне, «Қазақ әдеби тілінің сөздігіне» байланысты интервью берді. О.Жұбаева мұрағат материалдары мен сирек қолжазбалар қорына иек арта отырып, бүгінде ғылыми айналымға түсе қоймаған бірқатар соны деректер мен А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы т.б. ғалымдардың мақала, пікір т.б. материалдарын тауып, «ҚР ҰҒА Хабаршысы», «Тілтаным» т.с.с. басылымдарда жариялады. Сондай-ақ Қ.Кемеңгерұлының үш томдық шығармалар жинағын, Н.Қаратышқановтың құрастыруымен жарық көрген «Пән сөздері» (1927), Ә.Үмбетбайұлы «Әскери атаулар сөздігі» (1926), «Атаулар сөздігі» (1931) т.с.с. еңбектерді құрастыру, баспаға дайындау ісіне араласты.

Грамматика бөлімінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.Қ.Құлманов

Құлманов Сәрсенбай Қуантайұлы 1975 жылғы 02 қыркүйекте бұрынғы Өзбекстан КСР-і, Қарақалпақстан АКСР-і, Тахтакөпір ауданы В.И.Ленин атындағы совхозда (қазіргі Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақстан, Тахтакөпір ауданы Бөршетау ауылы) жұмысшы отбасында дүниеге келді. Ұлты – қазақ. 1981 жылы аталған совхоздағы №15 А.С.Пушкин атындағы орта мектептің 1-сыныбына барып, 1992 жылы 11-сыныпты бітірді. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Жамбыл облысы Қордай ауданы Сарыбұлақ ауылдық округына отбасымен қоныс аударды. 1992 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдады. 1992 жылы аталған ауылда құрылыс цехының кірпіш зауытында жұмысшы болып қызмет атқарды. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетіне оқуға түсіп, 1998 жылы бакалавриат бөлімін, 2000 жылы магистратура бөлімін үздік бітірді. 2000 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының грамматика бөліміне кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа қабылданды. 2001 жылы осы Институттың аспирантурасына түсіп, оны 2003 жылы бітірді. 2004 жылы «Қазақ тіліндегі мүмкіндік модальдігінің функционалды-семантикалық өрісі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. 2004-2006 жылдары аталған Институттың грамматика бөлімінде ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер қызметтерін атқарды. 2006 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қазақ тілі кафедрасында оқытушылық қызмет атқарды. 2007 жылы Алматы қаласы әкімдігі «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Аударма бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 2009 жылы «Мемлекеттік тілді дамыту орталығы» ЖШС-нің Бас директоры қызметін атқарды. 2009 жылдың қараша айынан бастап ҚР БҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Компьютерлік лингвистика ғылыми тобының жетекшісі қызметіне қабылданды. 2011 жылы ҚР БҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөліміне аға ғылыми қызметкер ретінде қабылданды. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің 2007 жылғы 27 қыркүйектегі шешімімен (№7 хаттама) тіл білімі мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын алады. 1 монографияның, 30-дан астам ғылыми еңбектің авторы.

Грамматика бөлімінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты А.А.Солтанбекова

Солтанбекова Альфия Абдыкенқызы 1981 жылы 11 шілдеде бұрынғы Семей облысы Мақаншы ауданы Мақаншы ауылында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылы) дүниеге келді. Ұлты – қазақ. 1988 жылы Мақаншы ауылында Калинин атындағы қазақ-орыс мектебінің 1-сыныбына барып, 1998 жылы 11-сыныпты бітіреді. 1998 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетіне (мамандығы: қазақ тілі мен әдебиеті) оқуға түсіп, 2002 жылы үздік дипломмен бітіреді. 2002 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасына түсіп, оны 2005 жылы бітіреді. 2006 жылы осы институттың Грамматика бөліміне кіші ғылыми қызметкер ретінде қабылданады. 2010 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Н.Жанпейісовтың жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тіліндегі шақтық локалдылық/бейлокалдылық функционалды-семантикалық категориясы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. 2006 жылдан бастап қазіргі таңға дейін аталған Институттың грамматика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер қызметтерін атқарып келеді. 20-ға жуық ғылыми еңбектің авторы.

Грамматика бөлімінің аға лаборанты Е.Маралбек

Ермұхамет Маралбек 1988 жылы 2 қыркүйекте ҚХР, Құлжа қаласында дүниеге келген. 2006 жылы Іле облыстық 1-орта мектепті бітірген (қазақ мектебі). 2007 жылы 26 маусымда ҚР, Талдықорған қаласында өткен «Қазақстан – ата жұртым, қасиеттім – ана тілім» атты ІV халықаралық олимпияданың 2-орын иегері. 2007 жылы 1 қыркүйектен бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға қабылданды. 2011 жылы аталған оқу орнын бітіреді. П.ғ.д., профессор Ф.Ш.Оразбаеваның жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі мөлшерліктердің құрылымдық және танымдық сипаты» тақырыбында дипломдық жұмыс қорғады. 2011 жылы 1қазаннан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының грамматика бөліміне лаборант ретінде жұмысқа қабылданды. Автордың 8 мақаласы түрлі басылым беттерінде жарық көрген.

Грамматика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері В.Е.Жүнісова

Жүнісова Вера Ерғалиқызы 1985 жылғы 22 қазанда Алматы облысы Панфилов ауданы Надек ауылында дүниеге келді. 1992 жылы аталған ауылда №16 Надек орта мектептің 1-сыныбына барып, 2003 жылы 11-сыныпты бітірді. 2003 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 2007 жылы бакалавриат бөлімін, 2007-2009 жылдары магистратура бөлімін бітірді. 2008-2011жж. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде аға лаборант қызметін атқарған. 2011 жылы айынан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының грамматика бөліміне кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа қабылданды.

Грамматика бөлімінің аға лаборанты А.К.Бөлекбаева

Бөлекбаева Альфия Камилқызы 1987 жылы 1 ақпанда Тараз қаласы, Жамбыл облысы, Байзақ ауданында дүниеге келген.

2004-2008 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің Гуманитарлық әлеуметтік ғылымдар факультетінің «Тарих» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесінде білім алды. 2008 жылдан 2009 жылға дейін Тараз қаласы, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Абай ауылы, Абай атындағы орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. 2011 жылдың наурыз айынан бастап Алматы қаласыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының грамматика бөліміне аға лаборанты болып қызмет істеп келеді.



Лексикология бөлімі

Лексикология бөлімінің тарихы

Тіл білімі институты құрылғаннан бастап, лексикология, тарихи лексикология мәселесі тіл тарихы, диалектология, ономастика, терминология т.б. бөлімдердің ішінде сабақтас қарастырылып келді.

Жеке лексикология бөлімі 1981 жылы ашылды. Бөлімді 2008 жылға дейін профессор К.Ш.Хұсайын басқарды, 2008 жылдан бері бөлім меңгерушісі – профессор Ж.А.Манкеева.

Бөлім ашылғаннан бастап, 2003 жылға дейін Лексикология бөліміндегі зерттеу жобаларының дені құрылымдық тіл білімі шеңберінде, яғни лексикалық бірліктердің мағынасы мен ескілік атауларының ауыспалы, тура, тарихи, көне мағыналары мен этнографизмдік қызметтері қарастырылып, біршама ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрді.

2003 жылдан бастап негізгі бағыт ретінде осы уақытқа дейін айқындалған лексикалық тың мағыналардың, көне атаулардың уәждемесін, этимологиясын, таңбалануын, мәдени құндылыққа ие болу ерекшелігін терең анықтау мақсатында антропоцентристік, оның ішінде лингвокогнитологиялық бағыт бойынша зерттеу мақсаты белгіленді. Тілдік құрылым жүйесінде лексикалық аспектінің ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу нысаны болуы академик І.Кеңесбаевтың Ғ.Мұсабаевпен бірлесіп жазған еңбегінен басталып (І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев. Қазақ тілі. Лексика, фонетика. 1962 ж.), К.Ахановтың (Тіл біліміне кіріспе. 1962 ж.), Р.Барлыбаевтың (Қазақ тілінде сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы. 1968 ж.), А.Ысқақовтың (Көптомдық түсіндірме сөздіктің маңызы мен мақсаты және ғылыми теориялық негізі жайында // Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1 том. 1974), Ә.Болғанбаевтың (Қазақ тілі лексикологиясы. 1979 ж.), Е.Жанпейісовтің (Қазақ прозасының тілі. 1968 ж.); Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведении М.Ауэзова). 1989 г.), Т.Жанұзақовтың (Основные проблемы ономастики казахского языка. 1976 г.), А.Ибатовтың (Сөздің морфологиялық құрылымы. 1983 ж.), Б.Қалиевтің (Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары. 1988 ж.), С.Бизақовтың (Тілдік норма және варианттылық. 1997) т.б. ғалымдардың зерттеулерінде жан-жақты қарастырылып, жалғасын тапты. Қазақ тілінің сөз байлығының көрсеткіштері ретіндегі тілдік деректерінің лексика-грамматикалық, лексика-семантикалық, лексика-тақырыптық, этимологиялық, тарихи, этнотанымдық дәйектері Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, А.Қалыбаева, Н.Оралбаева, Б.Әбілқасымов, Ә.Нұрмағанбетов, Б.Сағындықұлы, Н.Уәли, Ж.Манкеева, Ғ.Әнесов т.б. ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты қарастырылып, лексикология саласының теориялық-әдістанымдық негіздерін қалыптастыруға өзіндік үлестерін қосты. Өмірдегі қандай да бір құбылыстың, мәдени-әлеуметтік жайлардың, кәсіп пен шаруашылықтың сан-саласына, малға, егінге т.б. қатысты атаулардың көнерген тобының, яғни тарихи лексика мен кәсіби лексиканың зерттелуі А.Махмұтов, Е.Жұбанов, А.Айғабылов, Қ.Айтазин, Ә.Ахметов, Р.Шойбеков, Е.Қосбасаров т.б. ғалымдардың еңбектерінде нақты қарастырылды. Сонымен бірге қоғам өмірінде болып жатқан жаңа үрдістермен байланысты туындап, қалыптасушы жаңа қолданыстар да институттың ғалымдарының назарынан тыс қалған жоқ (Қазақ тіліндегі жаңа қолданыстар (авторлар бірлестігі). (1985, 1990); Жаңа атаулар (авторлар бірлестігі). (1992) т.б. Лексика құрамында ерекше орын алатын саланың бірі – тұтас бір ұғымды білдіретін, лексикаланған сөз тіркестері саналатын фразеологизмдер. Бұл орайда қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі академик І.Кеңесбаевтың «Фразеологиялық сөздігі» (1977) – жалпы түркітанудағы осы саладағы сүбелі еңбек. Лексикалық қор, сөз байлығы тек жалпы тілдік жүйеге қатысты құрылымдық сипатта ғана анықталмайтыны белгілі. Сөз байлығының көркемдік-мәдени-танымдық әлеуеті, эстетикалық мәні жеке шығармашылықта жан-жақты ашылып, айшықталады. Осыған орай Тіл білімі институтының лексиколог-ғалымдары әзірлеп, жүйелеген кешенді еңбек – «Абай тілі сөздігінің» (1968) антропоөзектік бағыттағы кейінгі лексикологиялық зерттеулер үшін бастамалық мәні мен тезаурустық сипатын атап өткен жөн. Себебі кез келген тілдің лексикасын, сөз байлығын жүйелеп, жинақтайтын қойма – сөздік. Осы мәні мен қызметіне сәйкес сөздіктер жалпыхалықтық тілді байытады, әдеби тілді дамытудың көздерін ашады, тарихи-танымдық, кәсіби т.б. тұрғыдан ақпарат береді. Сондықтан Тіл білімі институты ұжымының ғылыми-өндірістік зерттеу нәтижелері ретінде жарық көрген түсіндірме, фразеологиялық, этимологиялық, диалектологиялық, синонимдік, терминологиялық т.б. сөздіктер де қазақ тілінің лексикалық қорын дәйектеген еңбектер. Осы тұрғыдан Институт ұжымы шығарған «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінен» (1968) бастап, фразеологиялық, диалектологиялық, түрлі салалар бойынша түзілген терминологиялық т.б. сөздіктердің және лексикографиялық зерттеулердің (М.Малбақов. Қазақ сөздіктері. 1995 ж.; Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің құрылымдық негіздері. 2003 ж.) мәні теориялық та, практикалық та жағынан аса құнды, лексикологиялық зерттеулерге ғылыми, деректік, дәйектік негіз ретінде маңызды. Осымен байланысты анықталатын лексикалық мағына – таңба деңгейіндегі сөздің жалпы сапа қасиеттері арқылы, нақты айтқанда, сөздің семантикасы, ономасиологиялық уәжі, прагматикасы арқылы анықталатын күрделі құрылым. Лексикология бөлімінің қызметкері Қ.Айдарбек атаудың негізі үшін алынған белгіні, уәжді арнайы зерттесе (Қ.Айдарбек. Адамға қатысты атауларды ономасиологиялық тұрғыдан талдау: канд. дисс. 1999 ж.), бөлім қызметкері А.Хабиева лексикалық мағынаның прагматикалық аспектісін коннотация арқылы анықтайды (Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде: канд.дисс. 2007 ж.)). Ал қазіргі таңдағы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне, қоғамдық, экономикалық, саяси, әлеуметтік, ғылыми-мәдени даму деңгейіне сәйкес терминологиялық өрісті кеңейтудің бір жолы – терминдену үдерісінің негізгі көзі ретінде де лексика нысаны Тіл білімі институтында жан-жақты зерттелуде (Ө.Айтбайұлы, Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы, Қ.Айдарбек т.б. еңбектері). Қазіргі қазақ қоғамындағы ұлттық сананың жаңғыруы мен ұлттық тұтастықтың дамуын қамтамасыз ететін, рухани күштің арқауын ұстайтын негізгі құралы тіл құдіреті мен сөз байлығы арқылы сақталған ұлттық тіл екені қоғамдық-әлеуметтік өмірдің барлық сан салалы әрекеттерінде айқындалуда. Бұл жайт тілді зерттеу мәселесінің ғылыми-әдістанымдық негізін жаңаша құруды қажет етуде. Оның негізгі тетігі – ұлттық құндылық ретіндегі тілдің ерекшелігін, сөз өнерінің өзіне тән болмысы мен табиғатын ашу. Басқаша айтқанда, ол – тіл туралы онтологиялық көзқарасты сол тілде сөйлеуші халықтың жан дүниесімен, ой-санасымен, тарихымен, мәдениетімен тығыз байланыста, кешенді сипатта, тұтастықта қарау (Е.Жанпейісов. Этнолексика казахского языка (на материалах произведении М.Ауэзова). 1989 г.; К.Хусаин. Сопоставительно-лингвокультурологический аспект исследования // Тілтанымдық зерттеулер. 2007 ж.; Ж.Манкеева. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. 2008 ж. т.б.). Нақты айтқанда, бұл бағыт – өз бастауын тіл білімі тарихының тереңінен алатын лингвистикалық зерттеулерге сүйеніп, сонымен бірге тіл мен қоғам, тіл мен ұлт т.б. тіл мен мәдениет сабақтастығының тілдік көріністері ретінде экстралингвистикалық та факторлардың әсерімен жаңа сапада қалыптасушы антрополингвистикалық парадигма. Атап айтқанда, қазақтың ұлтық-мәдени құндылықтары атауларының тілдік көрінісін сипаттайтын қазақ лексикасының лингвомәдениеттанымдық аспектісі жан-жақты зерттелуде: қазақтың ұлттық кәсіби шаруашылығына қатысты бірліктер мен тіркестердің лингвомәдени сипаты, төрт түлік малға қатысты этномәдени ерекшеліктің мәтіндік көрінісі; қазаққа тән көңіл күй лебіздері мен алғыс, қарғыс сөздерінің тілдегі қолданысы; қазақ халқының қарым-қатынасында қалыптасқан амандасу, қоштасу, сұхбаттасу сияқты қарым-қатынас этикетінің тілдік қызметі, мәдени ерекшелігі, қазақ тіліндегі халықтық өлшем атауларының лингвомәдени сипаты; ұлттық ойындар мен сауық кештерінің лингвомәдени мәні; қазақ тіліндегі заттық және материалдық мәдени лексика жүйесі; қазақтың қолөнер атауларының этномәдени қызметі мен мәні т.б.

Осы жұмыстардың нәтижесінде жалпы қазақтың сөздік құрамында бар мәдени атаулардың және лингвомәдени мәні бар бірліктердің негізгі қоры жинақталды деуге болады. Енді қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай мемлекет ішіндегі және мемлекетаралық қызметін іске асыру үшін қазақтың мәдени құндылықтарын басқа халыққа тиімді әрі айқын үйрету барысында лингвоелтанымдық бағыттың қажеттілігі анықталды. Осымен байланысты өзге ұлт тіліндегі баламасын, аударылымын салыстырмалы, салғастырмалы түрде анықтайтын лингвомәдени зерттеу жобасын одан әрі кеңейтіп, жалғастыру мақсаты қазақ тілі лексикасының лингвоелтанымдық аспектілерін зерттеуге ұластырды.

Осыған орай лексикалық бірліктердің бір ұлт танымында тілдік таңбалану құбылысын зерттеу нәтижесінде антропоцентристік бағыттан тарайтын когнитивтік тіл білімі, психолингвистика сияқты салалары арқылы қазаққа лайықты ұғымды қабылдау, тану, сезіну, тұшыну, ақпаратты жеткізу, тарату қабілеттеріндегі өзгешеліктер анықталады. Соның нәтижесінде тек қазаққа ғана тән мәдени құндылықтар, барлық ұлттарға тән мәдени құндылықтар, түркі тілдес халықтарға тән мәдени құндылықтар, аймақтық, диаспоралық ортаға тән мәдени құндылықтар шегі ажыратылып, олардың тілдегі, мәтіндегі көріністері талданып көрсетілді. Жоғарыда көрсетілген кешенді бағыттағы зерттеулердің нәтижесінде қазақ халқының ұлттық мәдени мұраларын, оның ішінде жалпыхалыққа әлі танылмай отырған көне мәдени атаулар мен ескілік сөздерді, таныс емес, ұмыт қалған ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, наным-сенімдер мен ұлттық пайымдауларды, таным-түсініктерді көркем әдебиеттерден, ауыз әдебиеті нұсқаларынан, публицистикалық еңбектерден жинақтап, ұлттық лингвомәдени қорды толықтыру негізінде жалпы қазақ мәдени кеңістігіндегі этномаркерленген лексикалық сөздік қорды жасауға болады. Бұл – қазіргі қазақ қоғамының жаңа рухани-әлеуметтік жаңғыру, өзгеру деңгейіне сәйкес ұлттық мүдде сұранысы мен талабын қанағаттандыратын өзекті мәселе. Бұл бағыттың адамтанымдық сипаты қазақ тіл білімінде де кейінгі кезеңде өріс алып келе жатқан мәтін лингвистикасы, «тілдік тұлға» теориясы, дискурстық талдау негізінде лексикология бөлімінде орындалған диссертациялардың зерттеу арқауы арқылы нақты көрініс тапты (Г.Имашева «М.Дулатұлы шығармаларындағы ғаламның тілдік бейнесі»: канд.дисс. 2007 ж.; Ж.Ермекова «Мағжан Жұмабаевтың тілдік тұлғасы»: канд.дисс. 2010 ж.; Г.Сабирова «Көркем тілді адамтану парадигмасы тұрғысынан зерттеу» (Ж.Нәжмеденов өлеңдері негізінде): канд.дисс. 2010 ж. т.б.). В. фон Гумбольдттің пікірінше, ұлттың өзіне тән, іштей дамитын рухы бар. Сол рухтың ерекшелігін сөз байлығы мен көркем тілі арқылы сыртқа шығарып, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа беруші күш – тіл. Демек, бұл парадигмаға сай зерттеу нысаны болатын тіл – объективті дүниенің субъективті бейнесі. Соған сай ұлтты рухтандырып, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын тілдің негізгі құралы – әр ұлт тілінің лексикалық байлығы. Оның мазмұнын құрайтын ұлттың рухани дүниесі, сонымен сабақтас қалыптасқан материалдық өндіріс пен тұрмыс күйі әркімнің жеке басының жағдайына байланысты емес, жалпы ұжымның (ұлттың) тұрмысы мен дүниетанымдық жағдайына байланысты қалыптасатын жалпыхалықтық құбылыс. Оның негізгі бір сипаты – оңайлықпен өзгере салмайтын тұрақтылығы. Осыған орай мазмұнында ұлт болмысы бейнеленген лексикалық қор арқылы ұлт өмірінің желісі ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі. В. фон Гумбольдттің пікіріне сүйеніп, осы бағыттың Ресейдегі көрнекті өкілі А.А.Потебня т.б. ғалымдар тілді халықтың мәдениетімен біртұтас байланыста болатын шығармашылық құбылыс деп санайды.

Тілді, негізінен, таңбалық жүйе деп қарау және сол кезеңде қатты дами бастаған дәл ғылымдардың әсерімен тілдік бірліктердің құрылымы мен қызметіне ерекше назар аудару ішкі форма, семантика мәселелерін ығыстырып тастады. 

Нақты айтқанда, ХХ ғасыр басындағы тіл білімінің дамуы негізгі назардың субстанциялық көзқарастан құрылымдық-функционалдық көзқарасқа аууымен сипатталады. Тіл білімі тарихының бір кезеңін көрсететін осы бағыт, атап айтқанда, структурализм бағыты негізінен Ф. де Соссюр есімімен байланыстырылады. Тілдің сыртқы тұлғасына, құрылымына көңіл бөлген Ф. де Соссюр ілімі тілді синхрондық тұрғыдан зерттеуді күшейтіп, диахрондық жағынан қарастыруды әлсіретті. Соған сай тілдің негізгі қызметі ретінде оны қарым-қатынас құралы деп бағалап, кеңестік тіл білімінде оның танымдық, руханилық қызметіне дұрыс мән берілмеді. Тіл білімінің әрі қарай құрылымдық жүйе негізінде жүргізілген жан-жақты зерттеулерінің нәтижесі мен даму барысында тілдің ішкі мәнін негіз деп санап, тілді жүйелі құбылыс немесе таңбалы жүйе деп қарау лексика саласын кешенді сипатта және тарихи деривация мен номинация шегінде қарастырумен ерекшеленеді. Осымен байланысты тілдің лексикалық байлығының ішкі формасы мен мазмұнын, халқымызға тән рухани қазынасын бойына сіңіріп, сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізген ана тілінің құдіреті тілдің мұрагерлік (куммулятивтік) қызметімен байланысты. Соның негізінде ғасырлар бойы халықтың көкірегінде жатталып, жадында сақталған көне тамырлы сөздердің тарихына үңіліп, жасалу және сақталу жолдарының тілдік құралдарын анықтау, мағыналық даму заңдылықтарын көрсету, көнеру себептерін ашудың лексикологияға, тарихи лексикологияға қатысты теориялық мәні болса, ал түсіндірме, этимологиялық, екітілді аударма сөздіктер жасауға, оларды сапалық-мазмұндық жағынан неғұрлым жетілдіре түсуге көмектесіп, қазіргі қоғамдық-әлеуметтік сұранысқа сай практикалық та жүк көтереді.

Осы зерттеулердің нәтижесінде ұлттың инсандық болмысынан туындап, санасында сараланып, тарихи жадында сақталып, тілі арқылы ғасырлай бойы қалыптасып, қорланып, рухани-мәдени мұра ретінде атадан балаға, әулеттен нәсілге үзілмей ауысып келе жатқан дәстүрлі мирасты жаңғыртып, жан-жақты зерттеп, танымдық мәнін ашып, болашақ ұрпаққа ұсыну міндетін құрылымдық лингвистиканың лексикология саласының шеңберінде толықтай іске асыру мүмкіндігі шектеулі екендігі байқалады. Сондықтан зерттеу өрісінің кеңеюі лексикология қойнынан этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану сияқты іштей жіктелуді қажет етті. Осы бағыттағы лексикологиялық зерттеулердің бірде сөздік қордың қойнауында сақталып, көне дәуірден келе жатқан байырғы лексиканың мағына-мазмұнын ашуға бағытталғанын байқасақ, енді бірде этнос болмысынан, дүниетанымынан туындаған тұла бойы тарихқа тола тілдік фактілердің сырын ашып, пайда болу уәждерін айқындауды мақсат ететінін көреміз. Бұл сала көп жағдайда этностың шығу тегін, оның салт-дәстүрін, ата-бабаларының тағылымын, елдік қасиетін, қоршаған табиғи ортасын, сондай-ақ этнос өмір тіршілігіне қажетті де ерекше орын алатын заттық (материалдық) мәдениеттің қыр-сырына да ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыттағы зерттеулердің орындалуы лексикология бөлімінің төмендегі ғылыми жобаларында көрініс тапқан: «Қазақ тіліндегі лингвомәдениеттанымдық концептілер және олардың жүйесі әртүрлі тілдерде салыстырылуы» (2003-2005 жж.); «Қазақ тілі лексикасының лингвоелтанымдық аспектілері» (2006-2008 жж.); «Қазақ мәдени кеңістігінің этномаркерлік лексикасы» (2009-2011 жж.); «Ұлттық идея – Қазақстанның дамуының негізі» қолданбалы зерттеу бағдарламасы аясында «Қазақ тілінің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметі» (2007-2009 жж.). Өз бастауын лексикологиялық зерттеулерден алған бұл бағыттағы ізденістер бірте-бірте өздерінің зерттеу нысанын, бағыт-бағдарын айқындап, тәсілін ұстартып, даму, жетілу және соған сай жіктелу үстінде. Соның айғағы – Институттағы лексикологияның бір тармағы іспеттес жеке этнолингвистика бөлімі. Сол бөлімде орындалған академик Ә.Қайдардың «Қазақтар: Ана тілі әлемінде» атты 4 томдық этнолингвистикалық сөздігі. Сонымен бірге бұл салаға қатысты әртүрлі тақырып бойынша қорғалған диссертациялардың (Е.Жанпейісов, Ә.Ахметов, Ж.Манкеева, Қ.Ғабитханұлы, Б.Сағын, С.Сәтенова, А.Жылқыбаева, А.Мұқатаева, Қ.Аронов, Р.Шойбеков, Б.Уызбаева, М.Мұсабаева, А.Сейілхан, Қ.Қайырбаева, Ә.Алмауытова, А.Ока т.б.) зерттеу тіні лексикологиямен сабақтас та, тамырлас та. Оның нақты дәлелін жоғарыда көрсетілген лексикология бөлімінің ғылыми-өндірістік жоспарлары негізінде орындалған іргелі зерттеулерінің тақырыптарынан да көруге болады. Сонымен, этнолингвистика – халықтың этногенезiн, тұpмыс-салты мен әдет-ғұpпын, мекен-жайын, басқа халықтаpмен таpихи-мәдени байланысын, күнделiктi тұpмысын, этнос болмысымен матеpиалдық және pухани тұтастықта мәдениетiн сипаттайтын лексикологияның жаңа саласы. Осы екі саланың ортақтығы, еpекшелiгi, зеpттеу пәнi т.б. қыpлаpы туpалы академик Ә.Т.Қайдаpовтың және пpоф. Е.Н.Жанпейiсов пен М.М.Копыленко еңбектеpiнде жан-жақты айтылған (Ә.Қайдаpов Таpихи лексикология және этнолингвистика // Қазақ тiлi таpихи лексикологиясының мәселелеpi. 1988 ж., 33-38 бб.; Ә.Қайдаpов. Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері. 1998 ж.; Ж. Манкеева. Қолға алынған келелi iс // Бiлiм және еңбек, 1985, № 9; Е.ЖанпейiСоветская Этнолингвистика // Ана тiлi, 1994, № 3, 20 қаңтаp; Төрт түлік төңірегінде: жылқы // ҚР ҒА-сының Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 2006 ж., №1; Төрт түлік төңірегінде: сиыр // ҚР ҰҒА-сының Хабарлары. 2006 ж., №4; Төрт түлік төңірегінде: қой, ешкі. ҚР ҒА-сының Хабарлары. 2006 ж.; М.М.Копыленко. Основы этнолинвистики. 1995 ж.) Сайып келгенде, Тіл білімі институты лексикология бөлімінің қазіргі таңдағы ғылыми үрдіске сай зерттеу бағытының мақсаты – халқымыздың рухани өрісімен сабақтас болмысының ұлттық мазмұнын тіл арқылы, оның тілдік бейнесі – сөздік байлығы (лексикасы) арқылы анықтау. Осы мақсатқа орай төмендегі міндеттер лексикология бөлімі орындаған зерттеулерде өз шешімін тапты: - өткен дәуірлерден елес беретін көне тамырлы ұлттық мазмұнды алуан түрлі атаулар мен ұғымдарды эпостық жырлардан, ақын-жыраулар шығармаларынан, фразеологиялық тіркестер мен диалектілік және кәсіби лексика құрамынан барынша жиып көрсету; - көркем мәтін жүйесіндегі тарихи-ақпараттық деректерді, паремиологиялық, прецеденттік, мифологиялық т.б. рухани көздердегі архетиптік және этнолексикалық бірліктерді талдау; - құрылымдық лингвистика шеңберінде этнолексика түрінде сақталған ұшан-теңіз байлық жеке тілдік фактіге байланысты емес, белгілі бір қарым-қатынастар мен байланыстардағы мағыналық-тақырыптық топтардың негізінде құралған лексика-семантикалық жүйеде жіктелсе, ал антрополингвистикалық парадигмада тіл-қоғам, тіл-ұлт, тіл-мәдениет т.б. контекстеріндегі әлеуметтік-мәдени, рухани-танымдық біртұтастықта қарастырылады; - эпостық кезең ия ақын-жыраулар өмір сүрген дәуірдегі немесе фразеологиялық тіркестер мен диалектілік ия кәсіби лексика құрамындағы лексикалық бірліктің қолданылу өрісіне байланысты семантикасы өзгерген сөздерге функционалды-семантикалық талдау жасау; - көнерген этнолексикаға тарихи-лингвистикалық, терең этнолингвистикалық реконструкция жасау; - түркі тілдері жүйесіндегі қазақ тілі лексикасының орнын айқындау, этногенездік тарихи көздері мен тарихи қабаттарын барлау, тіларалық салыстыру; - қазақ тiлi лексикасы қолданысының тіл және мәдениет тұтастығына сай қалыптасқан лингвомәдениет-танымдық концептiлерін жүйесi әртүрлi тiлдердегі баламаларымен салыстыру; - тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілі лексикасының мәдениаралық коммуникациядағы лингвоелтанымдық қызметін анықтау; - тіл және мәдениет тұтастығы шеңберінде қазақ тіліндегі мәдени лексиканың этнотаңбалық жүйесін дәлелдеу; - қазақ тілі лексикасын лингвокогнитивтік, прагматикалық т.б. аспектілерге негізделген антрополингвистикалық зерттеулер нәтижесінде қазақ тілінің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметін дәйектеу т.б. Осы міндеттердің нақты түрде қалай қарастырылып, қандай нәтижелерге жеткенін төмендегідей таратып көрсетуге болады: Түркі тілдері жүйесіндегі қазақ тілі лексикасын салыстырмалы-тарихи негізде жаңғыртылатын жалпытүркілік қабатта сақталған байырғы қалпы арқылы айқындауға болады. Себебі бүкіл лексикалық қордың өзегін құрайтын, өз бойында тілдің сан ғасырлық тарихи даму жолын сақтап қалған және оны тұтынушы халықтың материалдық, рухани мәдениетіндегі ерекшеліктерін бейнелейтін байырғы түбірлер (Ж.А.Манкеева «Қазақ тіліндегі байырғы түбірлерді жаңғырту». 2010 ж.). Осымен байланысты қазақ тілі лексикасының қыпшақтық қабатын ажырату және анықтау, тектес материалдарды теңестіру, инварианттарды салыстыру т.с.с. әртүрлі мәселеге қатысты ғалымдардың істеп жатқан жұмыстары қазақ тілі лексикасын және оның қалпына келтіріліп отырған ежелгі мәдени атауларын даму үстіндегі өлшем ретінде қарастыруға болады деп топшылауға мүмкіндік береді. Себебі жалпы қыпшақтық тілдік модельдердің сипаты тілдің барлық деңгейлерінде де көріне береді. Бірақ тілдің дамуының сенімді теориясын жасау үшін нақты тілдік деректер белгілі бір жүйеге негізделген кең түрдегі зерттеулерді талап етеді. Тек соның негізінде ғана қыпшақ лексикасының жалпы түркілік қордан бөлініп шығып қалыптасуын және одан әрі қарай жеке тілдерге ыдырауын айқындай аламыз. Жалпытүркілік лексиканың айырмашылығы, негізінен, дыбыстық және морфологиялық (құрылымдық өзгерістер) деңгейлерді қамтиды да, семантикалық тұрғыдан жалпытүркілік біркелкілік сақталған. Қазіргі түркі тілдерінің көптеген грамматикаларының лексика бөлімінде, басқа да әртүрлі зерттеулерде жалпытүркілік атаулардың сан түрлі саласы көрсетілген. Қазақ тіліндегі олардың жалпытүркілік қабатын айқындау байырғы (базистік) лексиканың мағынасы мен құрылымын фоно-морфо-семантикалық корреляция негізінде қатар зерттеу арқылы анықтаудан басталады. Ал байырғы сөздік қордың фоно-морфо-семантикалық құрылымы бірдей емес екендігі белгілі. Сондықтан да академик Ә.Т.Қайдаровтың «Структура односложных корней-основ в казахском языке» (1986) атты үлкен монографиясының көздеген мақсаты – түбір моносиллабтардың фоно-морфо-семантикалық табиғатын ашу. Онда қазақ тілінің байырғы лексикалық байлығының негізін құрайтын бір буынды түбірлер-негіздер талданып, сипатталады. Осы кітаптың қосымша сөздігінде жеке қолданылатын моносиллабтар ғана емес, тарихи туынды түбірлерде «сүрленіп» қалған, мағынасы күңгірттенген «өлі» түбірлер де берілген. Мәселенің бұлайша қойылуының маңыздылығы аталмыш еңбекте әрбір түркі тіліндегі «бір буынды түбір-негіздер бүкіл базистік лексиканың өзегін құрайтындығымен» түсіндіріледі. Жалпы тіл заңдылығына сәйкес өзгеріп, әлденеше қырынан көріне алатын лексиканың оралымдық, икемділік мүмкіндігін көрсететін ерекшелігі – бөлім қызметкері, профессор С.Бизақовтың еңбектерінде (Қазақ тіліндегі сөз варианттары: докт.дисс.(2002)) жан-жақты қарастырылған жарыспалылық (варианттылық) құбылысы. Тілді байыту, жетілдірудің амал-тәсілдерін дамыту құралы ретінде ғалым оның дублет, морфологиялық, лексикалық, фонетикалық варианттарын дәйектеп көрсетеді. Сол сияқты лексиканың номинативтік және этимологиялық қырларының тарихи қалыптасуында дыбысбейнелеуіш сөздердің де рөлі үлкен екені белгілі. Осы орайда бұл құбылысты арнайы зерттеген проф. К.Ш.Хұсайынның «Звукоизобразительность в казахском языке» (1988) атты еңбегі және оның салыстырмалы талдау көлемін кеңейтіп, дыбысбейнелеуіш бірліктерді функционалдық та, тарихи да тұрғыдан қарастырған «Дыбысбейнелеуіш теориясының негіздері» (2009) атты еңбегі. Соның нәтижесінде лексикалық бірліктердің дыбысбейнелеуіштік тегі анықталып, қазіргі қазақ тілінің лексикасының дыбыстық, морфологиялық және семантикалық ерекшеліктеріне дыбысбейнелеуіштік құбылыстың тигізер әсері айқындалған. Осы мақсатта ғалым алғаш рет қазақ тілі лексикасының негізінде бір және екі буынды түбір-негіздер деңгейінде дыбыстың түркітануда бейнелеу мәселесін зерттейді. Бұрынғы кеңестік түркітануда қыпшақ тілдерінің лексикасы, оның лексика-семантикалық топтары жөнінде еңбек аз жазылған жоқ. (Юлдашев А.А. Лексика (Проспект) К сравнительно-исторической грамматике тюркских языков. Т.4. - М., 1981; Мусаев К.М. Лексика тюркских языков в сравнительном освещении. - М., 1975; Мусаев К.М. Лексикология тюркских языков. - М., 1984; Историческое развитие лексики тюркских языков. - М., 1961; Исследования по грамматике тюркских языков. - М., 1962, Ч.4. Лексика; Юнусалиев Б.М. Киргизская лексикология. - Фрунзе, 1959, Ч.1; Меметов А.М. Источники формирования лексики крымско-татарского языка. - Ташкент, 1988 т.б.).Соның бірі лексикалық құрамы қазіргі қыпшақ тобындағы (әсіресе Орта Азия аймағындағы) тілдердің лексикасымен толық ия ішінара ортақтығымен ерекшеленетін қазақ тілінің де лексикалық құрамын зерттеуге қазақ тіл білімі дамуының барлық кезеңінде назар аударылып отырды. Лексикологияның жекелеген мәселелерін қарастырған ғылыми еңбектер, әртүрлі сөздіктер жарық көрді. (Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. Өңделіп, толықтырылған ІІ басылымы (1988); Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы (1991) Түсіндірме сөздік пен диалектілік және ономастикалық, терминологиялық лексиканың қорын жасау мақсатындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында миллиондаған карточка тізілді. Сонымен бірге сөздердің семантикалық және тақырыптық топтары бойынша да зерттеулер жүргізілуде (Болғанбаев Ә. Синонимдер сөздігі (1962); Айгабылов А. Профессиональные слова плодоовощеводства в казахском языке: автореф. дисс. канд. филол. наук (1976); Айтазин К. Профессиональная лексика рыбного хозяйства Казахстана: автореф. дисс. канд. филол. наук (1973); Шойбеков Р. Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі (1991); Бизақов С. Қазақ тілінің синонимдер сөздігі (2005) т.б. Соның негізінде жинақталған қазақ тілі лексикасы тарихи тұрғыдан туыстас түркі тілдерімен, ескі жазба ескерткіштерімен, тіл дамуындағы әртүрлі тілдік деңгейлердегі тарихи сілемдермен салыстырылып, диахронды түрде талдауды қажет етеді. Оның басталуын түркі тілдерінің лексикасын зерттеуші К.М.Мұсаевтың «Лексикология тюркских языков» (М., 1984) атты монографиясымен байланыстыра қараған жөн секілді. Аталған еңбекте қыпшақ тілдерін, оның ішінде батыс қыпшақ тобының лексикасын салыстыра қараған осы бағыттағы зерттеулердің негізі жасалды деп қарауға болады. Өкінішке орай, осы тектес зерттеулердің жалпытүркілік тұрғыдан типологиялық сипаты әртүрлі объективті себептерге байланысты қажетті жалғастығын таппай қалды. Шын мәнінде қазақ тілінің лексикалық құрылысының дамуын жеке бөліп қарастыру мүмкін емес. Себебі жалпы қыпшақтық тілдік модельдердің сипаты тілдің барлық деңгейлерінде де көрініс береді. Бірақ тілдік дамудың сенімді теориясын жасау үшін нақты тілдердің зерттелуінің мәні ерекше. Бұл қазіргі лингвистика ғылымы деңгейінің осы ия басқа тілдік мәселелердің теориялық шешімдерін ғана емес, сонымен бірге нақты тілдік деректерге негізделген кең түрдегі зерттеулерді талап етеді. Бұл тұрғыдан тілдің лексикалық деңгейі жай тілдік деректердің жиынтығы емес, ұлттың мәдени болмысын айғақтайтын таусылмас көз. Қазақ тілі лексикасының да негізгі өзегі басқа түркі тілдерінікі сияқты мынадай маңызды қолданыс аяларымен байланысты сөздерде көрінеді: рухани байлық, материалдық болмыс, табиғат құбылыстары, фауна және флора, еңбек құралдары, ағза атаулары т.б. Ол салалардың нақты зерттеу нәтижелері Е.Жанпейісовтың (Этнолексика казахского языка (на материалах произведении М.Ауэзова. 1989 г.), Б.Қалиевтың (Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары. 1988 ж.), С.Сәтенованың (Образно-фоновая основа устойчивых выражений образованных на основе лексики скотоводства в казахском языке: канд.дисс. 1997 г.; Ж.А.Манкееваның (Қазақ тіліндегі мәдени лексика: докт.дисс. 1997 ж.) т.б. зерттеулерінен көрінеді. Соның ішінде қыпшақ тілдеріндегі лексикалық тұлғалардың байырғылығын және біркелкілігін жан-жақты көрсететін бірден-бір сала – күнделікті тұрмысқа қажетті, материалдық мәдениетке қатысты зат атаулары. Материалдық мәдениеттің сан қырлы салаларына қатысты қыпшақ тобына жататын тілдерде қалыптасқан атауларға тарихи-этнолингвистикалық зерттеу жасау өте күрделі еңбекті талап етеді. Осы мақсатқа сай Ж.А.Манкееваның «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері» (2008) атты монографиясында тарихи-рухани көздерден жинақталған мәдени атаулар тіл мен таным сабақтастығында кешенді сипатта қарастырылады. Қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетін бейнелейтін тілдік деректердің ұлтты тұтастырушы қызметі когнитивтік лингвистиканың антропоцентристік бағыты тұрғысынан сипатталады. Қазақ тіл білімінде осы үрдістің жалғасып, өріс алуын «тіл – ұлтты рухтандырып, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп, материалдық өндіріс пен тұрмыс күйін ұлттың рухани дүниесімен сабақтас сипаттайтын этнотаңбалар жүйесінің өзекті арқауы» деген қағидамен сипаттауға болады. Соған сәйкес этнос болмысын оның тілі (этнолексикасы) арқылы танып білу мақсатынан туындаған жоғарыда атап көрсетілген лексикологияның жаңа да дербес саласы – этнолингвистика. Осы саладағы зеpттеу жұмыстаpының iшiнде проф. Е.Н.Жанпейiсовтiң еңбектеpi өзiнiң теоpиялық деңгейiмен, бай этногpафиялық матеpиалымен, кең ауқымды салыстыpмалы, этимологиялық талдаулаpымен еpекшеленедi (Жанпейiсов Е.Н. «Абай жолы» эпопеясының тiлi. 1976 ж.; Жанпеисов Е.Н. Истоpико-этимологические заметки // Известия АH КазССP. Сеp.филол., 1980, № 1; Жанпеисов Е.Н. Об этногpафической лексике в пpоизведениях М.Ауэзова // Вестник АH КазССP. 1983, № 3; Жанпейiсов Е.Н. Этнолингвистика // Ана тiлi. 1994, № 3, 20-қаңтар; т.б.) Солаpдың аpасында М.Әуезовтiң шығаpмалаpының матеpиалы негiзiнде қазақтың этномәдени лексикасын таpихи-лингвистикалық зеpттеуге аpналған моногpафиясының оpны бөлек (Жанпеисов Е.Н. Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведении М.Ауэзова). 1989 г.) Осы еңбекте матеpиалдық мәдениетке, pухани мәдениетке, халықтық өлшемге, туыстыққа және отбасылық қатынастаpға қатысты лексикадан тұpатын бай матеpиалды талдау үстiнде басқа түpкi тiлдеpiнiң салыстырмалы деpектеpi де кеңiнен пайдаланылған. Кiтаптың соңында М.Әуезов шығаpмалаpындағы этнолексемалаpдың тұтас тiзiмi жүйеленіп беpiлген. Қазақ тiл бiлiмiнде лексиканың этномәдени қыpлаpы жан-жақты қаpастыpылып, этнолингвистиканың өpiс алып келе жатқан тұсында пpоф. М.М.Копыленконың осы мәселенiң жалпы теоpиялық негiздеpiн түсiндipуге аpналған «Основы этнолингвистики» (1995) атты моногpафиясы елеулi жаңалық болды. Бұл жұмыс – жаңа зерттеу саласы, жеке пән ретінде тiкелей этнолингвистика негiздеpiн, бұған дейінгі тілді зерттеу қойнауындағы оның нышандарын анықтаған, болашақ даму перспективасын көрсетуге аpналған жалпы тiл бiлiмiндегi тұңғыш зеpттеу. Қазақ тiлiнде зеpгеpлiк қолөнеp саласындағы лексиканың зеpттелуiне қатысты оны халықтың таpихымен, pухани мәдениетiмен сабақтастыpа қаpап, ұлттық мәдениет тұpғысынан бағалап, оpасан мол тiлдiк матеpиал жинап, жан-жақты талдап түсiндipген P.Шойбековтың еңбегiнiң оpны еpекше (Шойбеков P. Қазақ зеpгеpлiк өнеpiнiң сөздiгi (1991); Лексика ювелирного искусства казахского языка: канд.дисс. (1987); Қазақ қолөнер лексикасы: док.дисс. (2006)). Ғалымның «Қазақ зеpгеpлiк өнеpiнiң лексикасы» атты кiтабында зеpгеpлiк өнеpiнiң шығу таpихы, әшекей бұйымдаpдың тұpмыста атқаpған қызметi, олаpды тұтынудағы салт-дәстүpлеp, наным-сенiмдеp, асыл тастаp мен зеpгеpлiк аспаптаpдың ерекшеліктері тiлдiк, этногpафиялық, өнеpтану тұpғысынан кешенді түpде баяндалады. Автоp мұнда зеpгеpлiк өнеpiне байланысты сөздеpдiң қалай жасалғандығы, мағыналаpы, этногpафиялық мәнi, шығу төpкiнi жайын түсіндіреді. Зеpгеpлiк өнеpiне қатысты пайда болған этногpафизмдеpге, мақал-мәтелдеp мен жұмбақтаpға, тұpақты теңеулеp мен сөз тipкестеpiне этнолингвистикалық сипаттама беpедi. Бұл – зергерлік атаулардың тек материалдық мәдениет үлгісі ретіндегі мәнін анықтау емес, оларды ұлттық танымның архаикалық көрінісі ретіндегі мәдени-рухани қызметі мен әшекей бұйымы ретінде күні бүгінге дейін қолданылатын ұлттық мәдени бұйымды танытудың лингвомәдени қағидасы. Тақыpыптық топтастыpу кәсiби лексикаға экстpалингвистикалық сипаттама беpуге, заттаp мен құбылыстаpдың өздеpiне тiкелей бағытталған сөз топтаpын анықтауға, лингвистикалық жалпы шолу жасауға, оның қазipгi кезеңдегi бipтұтас жүйесiн көpсетуге ыңғайлы әдiстеpдiң бipiнен саналады» деген бағасымен негiзiнен келiсе отыpып, дегенмен, оның өне бойы жеткiлiктi болмайтынын, жоғаpыда аталған мақсаттаpға жету үшiн кейде ономасиологиялық, лексика-семантикалық топта қаpастыpудың да қажеттiлiгi де байқалады. Қа¬зақ хал¬қы¬ның рухани өрісіне қатысты лексиканың бір саласы – оның ұлттық-мә¬де¬ни бол¬мы¬сын таныта¬тын, адам¬дар¬дың өза¬ра қа¬рым-қа¬ты¬на¬сы барысын¬да туын¬дайт¬ын, жағым¬ды жә¬не жа¬ғым¬сыз кө¬ңіл-күйді сипаттайтын идиоэтникалық сөз орам¬да¬ры. Он¬дай сөз¬дер әр адам¬ның мі¬нез-құ¬лық ерек¬ше¬лі¬гі¬нен, өмір¬ге, қор¬ша¬ған орта¬ға де¬ген қатынасынан, жұ¬мыс¬та¬ғы, үй¬де¬гі қа¬лып¬тас¬қан жағ¬дайынан, тұрмыс-тіршілігінен туын¬дайт¬ын, со¬лар¬дан бай¬қа¬ла¬тын эмо¬циялық жағ-дай¬мен байланыс¬ты айтыла¬ды. Ғалым С.Бизақов «Көңіл-күй лебіздерін білдіретін сөз орамдары» (2007) атты монографиясында: «Қуаны¬шы мен қиыншылығы, ри¬за¬шы¬лы-ғы мен ре¬ні¬ші, же¬тіс¬ті¬гі мен кем¬ші¬лі¬гі, өкі¬ні¬ші мен қай¬ғы-мұңы, жиір¬ке¬ні¬ші мен сүйіні¬ші, сый¬лауы мен жек кө¬рі¬ні¬ші қа¬тар жүре¬тін бұл фә¬ни дү¬ниеде тір¬ші¬лік иесі¬нің эмо¬цияға то¬лы те¬бі¬ре¬ні¬сі мен се¬зі¬мін та¬ны¬та¬тын сөзқол¬да-ныс¬та¬рын көңіл-күй ле¬біз¬де¬рі» – деп атайды. Көңіл-күй лебіздеріне қатысты лексика адамдардың күнделікті қарым-қатынасында жарасымды үйлесім табу нәтижесінде орын алатын қилы құбылыстарды сіңіріп қорытатын адам жанының сырлы әлемі іспеттес. Олар өзі¬нің сыр-си¬па¬ты жа¬ғы¬нан да, ма¬ғы¬на тия¬нақ¬ты¬лы¬ғы мен тұ¬тас¬ты¬ғы жа¬ғы¬нан да тір¬ке¬се айтылуы мен стиль жа¬ғы¬нан да, қол¬да¬ны¬лу сәт¬те¬рі жа-ғы¬нан да өзі¬не тән ерек¬ше¬лі¬гі бар ті¬лі¬міз¬дің қа¬лып¬тас¬қан сөз топ¬та¬рын, сан-са¬ла¬лы тіз¬бе¬гін, тілі¬міз¬дің өзі¬не лай¬ық ұлт¬тық қа¬сиетін ай¬қын¬дайт¬ын ай¬рық¬ша бір бө¬лі¬гі. Бүгінгі күнгі тіл білімінде қазақ лексикасын зерттеудің жаңа лингвистикалық бағытқа сай жалғастығын функционалды, когнитивті лингвистика салаларынан таба алады. Соның нәтижесінде адам қоғамының қарым-қатынас және таным құралы (оның нақты көрінісі – лексика) ретіндегі тілдің тарихи-динамикалық категория ретінде жаңа деңгейдегі зерттеу нысанына айнала алатын ғылыми негіздері бар. Осымен байланысты қазақ тіліндегі мифологиялық лексика, көркем мәтін кеңістігіндегі мәдени коннотация мен концептуалдық жүйе, тезаурустық лексика т.б. лексикалық байлықты кешенді зерттеуге арналған Қ.Ғабитханұлы, А.Хабиева, А.Әмірбекова, Г.Сабирова т.б. еңбектерінің мәні аса өзекті (Ғабитханұлы Қ. Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі. 2006 ж.; Хабиева А. Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде): канд.дисс. 2007 ж.; Әмірбекова А. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М.Мақатаев поэзиясы бойынша): канд.дисс. 2006 ж.); Сабирова Г. Көркем тілді адамтану парадигмасы тұрғысынан зерттеу (Ж.Нәжмеденов өлеңдері негізінде): канд.дисс. 2010 ж.). Антропоөзектік бағытта жүргізіліп жатқан зерттеулердің барысы тіл мен мәдениеттің байланысы тіл білімінің қазіргі лингвомәдениеттану саласында ерекше мәнге ие екенін көрсетіп отыр. Бұл екі фактордың тоғысуы нәтижесінде пайда болған тілдік деректер ұлт мәдениетін немесе ұлт тарихын, халықтың қоғамдық өмірін бейнелеп қана қоймай, ана тілінің сөздік қоры байлығының көрсеткіші ретінде де танылады. Мысалы, тіл мен мәдениеттің атауына ұйытқы болған этнографизмдер – ана тілі байлығының бір бөлшегі. Бұл атаулар – тілдік қазынаның сүбелі саласының бірі және бүгінде жалпыхалықтық қолданыста жоқ кейбір байырғы сөздер мен сөз тіркестерінің мағына-мәнін танытатын мәдени әрі тарихи ақпараттар көзі. Бірақ этностың көне дәуіріндегі тарихынан, мәдени өмірінен хабардар ететін этнографизмдер, тілімізде мағынасы ұмыт болған әртүрлі этноатаулар олардың сырын ашуды, танытуды қажет етеді. Осы орайда қазақтың қара сөзін бағзы мәдениеттің жетегінде тіл арқылы анықтап, келер ұрпақтың санасына зор мақтанышпен жеткізу – ұлт болмысын, ұлт мәдениетін танытудың бір жолы. Осыған орай, қазақ лексикасындағы лингвокультуремалар ретіндегі этнографизмдер, ескіліктер т.б. этнодеректер мәдени-рухани байлықтың бір көзін құрайды. Қазірде бұл этноатаулар қоғамдық қарым-қатынас кезінде белсенді қолданылмаса да, бұл сөздердің дені диалектілік лексикада, тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдердің құрамында, тарихи көркем шығарма тілінде, ауыз әдебиеті, фольклор мен эпос тілінде сақталған. Осыған орай қазіргі лингвистика саласындағы ғылыми ой дамуының жаңа үрдістері оның айқын адамтанымдық бағытын белгілейді. Осылайша мәдени- әлеуметтік әрекет үстіндегі тілді тұтынушының тілін (оның ішінде ең «сезімтал» бөлігі лексикалық деңгейі) тануда адамды, социумды жан-жақты зерттеу тіл білімінде өз кезегінде функционалды парадигма туғызды. Осымен байланысты қазіргі лингвистиканың құрылымын өзгерткен әртүрлі ғылыми теориялар, оның дәстүрлі түрде қалыптасқан салаларының арасындағы шекараны тоғыстырып, кешенді сипатпен толықтырды. Соның нәтижесінде жалпы тіл білімінде қалыптасқан социолингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану т.с.с. сабақтас ғылым салалары зерттеу нысанының өзегін тілдің өзі емес, тілді құрал ретінде пайдаланатын тілді тұтынушының болмысын, іс-әрекетін, таным-пайымын зерттеуге бағытталған адамтанымдық мақсат құрайды.

Атап айтқанда, сол тілде сөйлеушінің ішкі әлеміне ерекше көңіл бөлу мақсаты тіл білімінің басқа да (философия, тарих, психология, логика, әлеуметтану, этнография, мәдениеттану т.б.) ғылымдармен тоғысуына әкелді. Осының нәтижесіндегі лингвистикалық зерттеулердің тұтастық (интеграциялық) сипаты ерекше көрінетін лексикалық деңгейдегі тілді ұлтпен біртұтас жүйе ретінде айқындайды. Соның нәтижесінде лексиканың, көне атаулардың таңбалану уәждемесінің мәдени құндылыққа ие болу ерекшелігінің анықталуы адамтанымдық бағыттағы лексикологиялық зерттеулердің өзегіне айналды. Бөлім қызметкерлері «Мәдени мұра» бойынша, басқа да Институт шығарған әртүрлі сөздіктердің автор, құрастырушы, жауапты шығарушы, редакторлар алқасының құрамында еңбектеніп келеді (Онбестомдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» - Ж.Манкеева; «Синонимдер сөздігі», «Варианттар сөздігі» - С.Бизақов; «Қазақша-орысша сөздік», «Қазақша-орысша-ағылшынша этнолингвистикалық сөздік», «Қазақша-орысша фразеологиялық сөздік» - К.Хұсайын). Болашаққа ұласатын жұмыстарда заттық және рухани мәдени ұғымдардың тілдік көріністері (этнографизмдердің, лингвокультуремалардың,лингвоелтанымдық бірліктердің, этномаркерленген ескіліктердің) мәдени ұғым ретінде санада қалыптасуы мен аталуы, сөз ретінде ұлт жадында терең сақталуына негіз болатын стереотиптік, ассоциативтік, перцептивтік, сенсорлық т.б. психикалық аппараттардың қызметтерін психолингвистикалық талдау мәселелері жан-жақты зерттелуі тиіс. Бұл лексикологиялық зерттеулерді антропоөзектік парадигмаға сай жүргізіп, тіл арқылы этнос болмысын танудың когнитивтік деңгейіне терең бойлауға мүмкіндік береді.

Бөлім қызметкерлері туралы ақпарат

ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөлімінің меңгерушісі – Манкеева Жамал Айтқалиқызы, филология ғылымдарының докторы: 10.02.06 – түркі тілдері (1997 ж.), профессор (2002 ж.). Ж.А.Манкеева 1950 жылы 26 сәуірде Орал облысы, Шыңғырлау ауданы, Шілік кеңшарында туған. 1972 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен бітіріп, осы университеттің аспирантурасына (күндізгі бөліміне) қалдырылған. 1977 жылдан осы кезге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет істейді. 2001 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры ретінде қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар бойынша дәріс оқиды. ҚР жоғары оқу орындарын бітіруші мамандарды даярлау ісіне мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы ретінде атсалысады. Мемлекеттік тілді оқыту және игеруге байланысты Қазтест жобасына, басқа да оқулықтар мен сөздіктерге сарапшы ретінде қатысады. Қазіргі қазақ тіл білімін дамытып, жаңа деңгейде зерттеуге байланысты бірнеше ғылыми жобалардың орындаушысы және жетекшісі ретінде еңбек етеді. 1998 жылдан – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53.38.01 диссертациялық кеңестің мүшесі, 2000 жылдан – диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, 2001 жылдан – лингвистикалық басылым «Тілтаным» журналының жауапты редакторы. «Реконструкция “мертвых” корней глагольных основ казахского языка» тақырыбында кандидаттық (1987 ж.), «Қазақ тіліндегі мәдени лексика» (1997 ж.) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Негізгі айналысатын проблемалары: - түркітану; - тарихи морфология; - тарихи лексикология; - этнолингвистика; - лингвомәдениеттану; - когнитивтік лингвистика; - көркем мәтін лингвистикасы; - лексикография. Басты еңбектері: Реконструкция первичных корней глагольных основ казахского языка (1991 ж.), Мәдени лексиканың ұлттық сипаты (1997 ж.), Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис (2002 ж., авторлардың бірі), Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері (2008 ж.), Қазақ тіліндегі байырғы түбірлерді жаңғырту (2010 ж.), Қазақ филологиясы: егіз негіз (ғылыми мақалалар жинағы – авт.бірл.) 2010 ж., Қазақ әдеби тілі сөздігі (2006 ж., Т.І; 2007 ж., Т.IV; 2008 ж., Т.ХІ, авторлардың бірі), 5-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығы (2011 ж., авторлардың бірі). Ғалымның жетекшілігімен 22 кандидаттық, 1 докторлық диссертация қорғалды.

Хұсайын Көбей Шахметұлы, филология ғылымдарының докторы: 10.02.06 – түркі тілдері (1988 ж.), профессор (1998 ж.). 1968 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің роман-герман бөлімін бітірген. 1968-1971 жж. ҚР ҒА-ның Тіл білімі институтының аспирантурасында оқыған. 1971 жылдан осы кезге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында – кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер, Институттың ғалым хатшысы, директордың орынбасары, Институттың директоры. 2009 жылдан – Лексикология бөлімінің бас ғылыми қызметкері. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53.38.01 диссертациялық кеңестің мүшесі, төрағасы (1998-2009 жж.) болды. «Исследование фонетики и лексики казахского языка в трудах В.В.Радлова» тақырыбында кандидаттық (1971 ж.), «Звукоизобразительность номинации в казахском языке» (1988 ж.) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Негізгі айналысатын проблемалары: - түркітану; - тарихи фонетика; - фоносемантика; - лексикография; - жалпы тіл білімі; - салыстырмалы-салғастырмалы лексикология. Басты еңбектері: Орысша-қазақша сөздік (1978 ж., Т.І; 1981 ж., Т.ІІ), В.В.Радлов и казахский язык (1981 ж.), Звукоизобразительность в казахском языке (1988 ж.), Дыбысбейнелеуіштік теориясының негіздері (2009 ж.), Казахско-английский словарь-справочник для широкого круга читателей. – Алматы, 2010 және т.б.

Жанпейісов Ербол Несіпбайұлы, филология ғылымдарының докторы: 10.02.06 – түркі тілдері (1991 ж.), профессор. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін (1953 ж.), аспирантурасын (1956 ж.) бітірген. 1957 жылдан осы кезге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында – кіші, аға, жетекші, бас ғылыми қызметкер. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53.38.01 диссертациялық кеңестің мүшесі. ҚР ҰҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты (1993 ж.). «Қазіргі қазақ тіліндегі модальды сөздер» тақырыбында кандидаттық (1958 ж.), «Қазақ тілінің этномәдени лексикасы (М.Әуезов шығармалары негізінде)» (1991 ж.) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Негізгі айналысатын проблемалары: - этнолексика (этнографизмдер, идиоэтникалық семантика, мифологемалар т.б. ескіліктер тілі); - функционалды грамматика; - модальділік категориясы; - сөзжасам; - стилистика. Басты еңбектері: Современный казахский язык (1962 ж., авт. бірі), Қазақ тілінің грамматикасы. Морфология (1967 ж., авт. бірі), Қазақ прозасының тілі (1968 ж.), Қазақ әдеби тілінің тарихы (1968 ж., авт. бірі), Қазақ тілінің стилистикасы (1974 ж., авт. бірі), «Абай жолы» эпопеясының тілі (1976 ж.), Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведений М.Ауезова) (1989 ж.), Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі (1989 ж., авт. бірі), Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис (2002 ж., авт. бірі) және т.б.

Бизақов Сейдін, филология ғылымдарының докторы: 10.02.02 – қазақ тілі (2002 ж.), профессор (2004 ж.). Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих-филология факультетін (1960 ж.), ҚР ҒА-ның Тіл білімі институтының аспирантурасын (1972 ж.) бітірген. 1972-1975 жж. Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер, 1975-1985 жж. Қаратау қаласындағы ҚазПТИ филиалында кафедра меңгерушісі, 1985 жылдан – Тіл білімі институтының жетекші, бас ғылыми қызметкері. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53.38.01 диссертациялық кеңестің мүшесі. «Фонетические варианты слов в современном казахском языке» тақырыбында кандидаттық (1972 ж.), «Қазақ тіліндегі сөз варианттары» (2002 ж.) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Негізгі айналысатын проблемалары: - варианттылық; - сөз мәдениеті; - салт-дәстүр, ұлттық тәрбие, этикеттің тілдік көріністері; - түркітану; - лексикография. Басты еңбектері: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (1978 ж., Т.ІІІ., авт. бірі), Тілдік норма және варианттылық (1997 ж.), Түркі әлемі (1998 ж.), Сөздің жарыспа тұлғалары (1999 ж.), Ветви одного могучего дерева (тюркские народы) (2002 ж.), Көңіл-күй лебіздері (2007 ж.), Синонимдер сөздігі (2007 ж.), Сөз нұсқалары және балама атаулар (2008 ж.), Қазақ тілі қандай тіл? (2010 ж.) және т.б.

Ғабитханұлы Қайрат, филология ғылымдарының кандидаты: 10.02.06 – түркі тілдері (1996 ж.), доцент (2006 ж.), аға ғылыми қызметкер. ҚХР Пекин Орталық ұлттар университетінің филология факультетін (1983-1987 жж), ҚР ҰҒА Тіл білімі институтының аспирантурасын (1992-1995 жж.) бітірген. 1987-1992 жж. ҚХР Пекин Орталық ұлттар университетінің оқытушысы, 1995 жылдан – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. «Наным-сенімге байланысты тұрақты тіркестер» атты тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады (1996 ж.). Айналысатын проблемалары – түркітану, салыстырмалы-салғастырмалы лексикология, этнолингвистика, лексикография. Басты еңбектері: Қазақ тілі (оқу құралы, 2003ж.), Қытай тілі (оқулық, 2006 ж.), Жібек жолы қытай тілі оқулығы (қытай-қазақ тілдерінде, 2009 ж.), Қытайша-қазақша-орысша тіл білімі терминдер сөздігі (2009 ж.), Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі (2011), Қытайша-қазақша-орысша тілдескіш (2011) және 70-тен астам мақалалары.

Хабиева Алмагүл Алтайқызы, филология ғылымдарының кандидаты: 10.02.02 – қазақ тілі (2007 ж.), аға ғылыми қызметкер. А.С.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық университетінің филология факультетін (1993-1997 жж.), ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасын (2003-2006 жж.) бітірген. 1997-1998 жж. Орал қаласындағы орта мектептің мұғалімі, 1998-2001 жж. Батыс Қазақстан аграрлық университетінің оқытушысы, 2001-2003 жж. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, 2006 жылдан – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. «Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымдағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады (2007 ж.). Айналысатын проблемалары – көркем мәтін лингвистикасы, лингвопоэтика, коннотация, екіншілік номинация; 2011 жылдан – Қазақстандағы көптілділік мәселесі. Басты еңбектері: «Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымдағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде)» атты канд. дисс. авторефераты, 20-дан астам ғылыми мақалары.

Әмірбекова Айгүл Бәйдебекқызы, филология ғылымдарының кандидаты: 10.02.02 – қазақ тілі (2006 ж.), ғылыми қызметкер. Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетін (1998-2002 жж), ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасын (2003-2006 жж.) бітірген. 2006 жылдан бастап осы Институтта қызмет істейді. «Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М.Мақатаев поэзиясы бойынша)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады (2006 ж.). Айналысатын проблемалары – көркем мәтін лингвистикасы, лингвопоэтика, когнитивтік лингвистика; 2011 жылдан – Қазақстандағы көптілділік мәселесі. Басты еңбектері: «Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М.Мақатаев поэзиясы бойынша)» атты канд. дисс. авторефераты, «Қазіргі қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар» (2011), 20-дан астам ғылыми мақалары.

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}