Қарқаралы ұлттық паркі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Қорық аймақ

Қарқаралы ұлттық табиғи саябағы<ref>Қазақстан табиғаты:Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы:" Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, 2011. Т.З. - 304 бет. ISBN 9965-893-64-0 (Т.З.), ISBN 9965-893-19-5</ref> — Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы таулы-орман ландшафтысы. Табиғаттың бірегей нысандарын қорғау, саяхатты дамыту және халық демалысын жақсарту мақсатында 1998 жылы құрылған. 2009 жылы аумағы 90,3 мың га-дан 112 120 га-ға дейін кеңейтілген.

Географиялық орны мен сипаты

Сарыарқның Қарқаралы және Кент тауларындағы дала өсімдіктері мен қарағайлы орман өскен аймағын алып жатыр. Бұл аймақта бұрын биік таулар болатын, уақыт өте бұзылып, көптеген ұсақ шоқылар мен адырларға бөлініп кеткен. Олардың биік беткейлері қатты өзгеріске ұшырап, жартасты шыңдары терең сайлармен және аңғарлармен бөлінген. Көп жерлерде гранитті тақталар жалаңаштанған. Тау сайларынан бұлақтар басталып, шағын өзендер бастау алады. Қарқаралы тауларында Қарқаралы, Қопа, Аюшат, Қаракеңгір, Кент тауында Қызылкеніш, Қадыр өзендері, Шайтанкөл, Бассейн, Үлкенкөл, т.б. көлдері бар. Шағын суқоймалары, суға толы гранитті жартас шұңқырлар кездеседі.

Климаты және топырағы

Аймақтың ауа райы континентті, күн сәулесі көп түседі. Жауын-шашынның орташа мөлшері 250-300 мм, жазғы жауын-шашын қысқы уақыттан басым және жазда жиі құрғақшылық болып тұрады. Қаңтар айының орташа жылдық ауа температурасы -14,4°С, шілдеде 18°С.
Қарағайлы орман төсемесінде қоңыр түсті орман және шымды-күлді таулы орман топырағы қалыптасқан.

Фаунасы мен флорасы

Саябақта кездесетін аңның 40, құстың 114, өсімдіктің 66, балықтың 8 түрі қорғауға алынған. Олардың ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген аңдар - арқар, сабаншы; құстардан бүркіт, ақбас тырна, ақбас үйрек, балықшы тұйғын, безгелдек, қара дегелек, қытай қазы; өсімдіктерден қара қандыағаш, Фукс сүйсіні, қызыл қайың, Қарқаралы бөріқарақаты мен сылдыршөбі, кәдімгі қырыққұлақ, Сібір қисық бұтасы, қауырсынды селеу және мүктің бір түрі - тегіс сфагнум, т.б. бар.
Эндемик өсімдік түрлерінен - Қарқаралы бөріқарақаты мен сылдыршөбі, үшкір сала сиякөк, Қарқара бидайығы, салалы таспашөп, Қарқаралы рэгнериясы өседі.

Белдемдері

Саябақ үш белдемнен тұрады:

  • қорықтық белдем - Кент тауларын қамтиды. Мұнда таулы-орманды алқаптың төл табиғаты бастапқы қалпында сақталып, қорғалады;
  • рекреациялық белдем - Қарқаралы тауларын қамтиды. Мұнда табиғатты қорғаумен қатар туристік, сауықтыру шаралары ұйымдастырылады;
  • эндемиктік белдем - тек қана осы саябақта тіршілік ететін жануарлар, сондай-ақ бірегей табиғат нысандары қорғалады.

Саябақ аумағында шаруашылық әрекеттерге тыйым салынған.

Дереккөздер

<references/>

Үлгі:Commonscat

Үлгі:Қазақстан ЕҚТА-лары