Сфагнум

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сфагнум Сфагнум- Шымтезек мүгi (сфагнум — Sphagnum).

Жалпы сипаттамасы

Шымтезек мүгi ылғалды, батпақты жерлерде, әсiресе солтүстiк ендiктерде кездеседi.Шымтезек мүгi – сабағы жиi бұтақталған көпжылдық өсiмдiк. Көкек зығырынан және басқа да мүктерден айырмашылығы – оның ризоиды болмайды. Су мен онда ерiген минералды тұздарды сабақ арқылы сiңiредi. Сабағында ақшылдау-жасыл түстi жапырақтары бар. Шымтезек мүгiнiң жапырағының клеткалары екi түрлi болады: 1) ұзын, жiңiшке, хлорофилл дәндерi бар жасыл түстi тiрi клеткалар; 2) iшiнде цитоплазмасы жоқ өлi клеткалар. Жасыл клеткаларда фотосинтез процесi жүредi және олар арқылы жапырақтан сабаққа органикалық заттар өтедi. Екiншi өлi, түссiз клеткалар сәл iрiлеу келедi, оларда көп мөлшерде су жиналады. Бұл клеткалардың қабықшалары ғана сақталған.

Осындай түссiз өлi клеткалар сабақтардың да сыртын жауып тұрады. Олар суды топырақтан, оңай сiңiредi және ұзақ уақыт өз бойында ұстауға қабiлеттi келедi. Содан соң бiртiндеп бойындағы суды тiрi клеткаларға өткiзедi. Осы қасиеттерiне байланысты шымтезек мүгi бойына өз салмағынан 30-40 есе артық су жинайды.

Шымтезек мүгi орманды жерлерде, көкек зығырының арасында өседi. Қай жерде шымтезек мүгi өссе, сол жердiң топырағының ылғалдығы жоғары болады. Ылғалдылығы жоғары топырақта ауаның жетiспеуiнен ағаштар нашар өседi. Мұндай жерлерде шымтезек мүгi керiсiнше қалың болады. Нәтижесiнде орман алқабы бiртiндеп батпаққа айналады.

Көбеюi

Шымтезек мүгi көкек зығыры секiлдi жынысты және жыныссыз жолдармен көбейедi. Шымтезек мүгi бiр үйлi, қос жынысты өсiмдiк. Жынысты көбейгенде аталық жыныс клеткалары сабақтың бұтақталған жерiндегi жапырақтардың қолтығында жетiледi. Олардың қасындағы жапырақтар қызғылттау түске боялады. Аналық жыныс клеткалары қысқарған сабақтардың бұтақтарында орналасады.

Аталық және аналық жыныс клеткаларының қосылуының нәтижесiнде өсiмдiк ұрықтанады. Осы ұрықтанған жұмыртқа клеткасынан кiшiлеу қауашақ жетiледi. Оның iшiнде көптеген споралар түзiледi. Жыныссыз көбеюi осы споралардан басталады. Споралар пiсiп – жетiлген соң қауашақтан сыртқа шашылады. Жерге түскен споралардан табақша тәрiздi өскiншелер пайда болады. Осы өскiншелерде көптеген бүршiктер түзiледi, олардан келешекте шымтезек мүгi жетiледi.

Шымтезектiң түзiлуi

Шымтезек мүгiнiң сабағы жыл сайын шамамен 2-3 сантиметрге өсiп отырады. Сабақтың төменгi бөлiгi жыл өткен сайын бiртiндеп өле бастайды. Сабақтың өлi бөлiгi батпақты топырақта оттектiң жетiспеуiнен өте баяу шiридi. Нәтижесiнде олар шымтезекке айналады. Шымтезек мүгi судың бетiнде де қалың болып өсе алады. Мысалы, су өсiмдiктерi өте қалың болып өсетiн терең көлшiктерде шымтезек мүгiнiң қатысуымен салынды түзiледi.

Шымтезектiң қабаттарында осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмiр сүрген, ағаштардың тамырлары, жапырақтары және споралары сақталады. Олар толығымен шiрiмейдi, өйткенi шымтезек қабаттарында оттек аз болады. Шымтезек мүгi бактериялардың дамуын тежейтiн, ерекше зат бөлiп шығарады. Батпақты жерлердi құрғатқанда және өңдеген кездерде, шымтезектiң қабаттарынан жақсы сақталған қайықтар, жануарлар мен адамдардың қалдықтары табылған. ==Мүктердiң маңызы.==Мүктер фотосинтез процесiнiң нәтижесiнде органикалық заттар түзедi және ауаға оттегiн бөлiп шығарады. Олар құнарсыз топырақтарда алғашқы өсiмдiктердiң бiрi болып өседi және топырақ түзу процесiне қатысады.

Мүктер ұя салып балапан шығаратын құстардың қорегi және өз жауларынан тығылатын орны болып табылады.

Мүктер басқа өсiмдiктер секiлдi қурап микроорганизмдердiң көмегiмен шiридi. Нәтижесiнде құнарлылығы жоғары шымтезектi топырақ түзiледi. Мұндай топырақтарға жаңадан өсiмдiктер өседi. Шымтезектi шымтезек батпақтарынан өндiрiп, отын ретiнде кеңiнен пайдаланады. Шымтезектен спирт, карбол қышқылы және шайыр сияқты шикi заттар алынады.

Мүктер – тұщы су қоры болып табылады.Батпақты жерлерде судың жиналуы мүктерге тiкелей байланысты.