Әлем әдебиеті кітапханасы
Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
“Әлем әдебиеті кітапханасы” (“ӘӘК”) — әлем әдебиетінің үздік шығармалары енген (200 том) кітаптар сериясы.
“ӘӘК”-н Мәскеудегі “Художественная литература” баспасы 1967 — 77 жылы аралығында орыс тілінде шығарған. Басылымды дайындауға М.Горький атындағы әлем әдебиеті институты атсалысты.
“ӘӘК” үш сериядан тұрады.
- 1-серияға: ежелгі дәуір, қайта өрлеу, орта ғасыр, ежелгі шығыс әдебиеті және 17 — 18 ғасырлар әдебиеттері (64 том) енген.
- 2-серия тұтас 19 ғасыр әдебиетінен (63 том) тұрады.
- 3-серияға 20 ғасыр шығармалары (73 том) топтастырылған.
“ӘӘК”-ның 127 кітабы антологиялық томдар. Сондай-ақ, кейбір әлем әдебиетінің классикалық үздік шығармалары алғаш рет орыс тіліне аударылып берілген. “Ежелгі Шығыс поэзиясы мен прозасы”, “Орта ғасыр романдары мен повестері”, Ф. Рабленің “Гаргантюа және Пантагрюэль” романы алғаш рет толық аударылып басылған. “ӘӘК-н” дайындауға әлемнің белгілі әдебиеттанушы ғалымдары жұмылдырылды. Әр кітап ғылыми-зерттеу мәндес алғы сөздер мен түсініктемелермен қамтамасыз етілген. “ӘӘК”-нда адамзат баласының барлық дәуір, кезеңінің сөз өнері шеберлері — 3235 автордың 25800 үздік шығармасы 100-ден астам тілден аударылып жарық көрген. Әр том 50 баспа табақтан 300 мың дана тиражбен, барлығы 60 млн-нан астам дана болып тарады. “ӘӘК”-ның 3-сериясында қазақ сөз өнері зергерлерінің де таңдаулы туындылары енген. 1-сериясының “КСРО халықтарының батырлық эпосы” деп аталатын 13, 14 томдарындағы эпостардың ішіне қазақтың “Қобыланды батыр” жыры енген, ал “КСРО халықтарының 4 — 18 ғасырлардағы поэзиясы” атты 55-томына Бұқар жыраудың толғаулары кірген. 2-серияның “КСРО халықтарының 19 — 20 ғасыр басындағы поэзиясы” атты томына қазақ әдебиетінің Шөже, Сүйінбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Кемпірбай, Сара, Балуан Шолақ, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты ірі өкілдерінің өлеңдері енгізілген. “ӘӘК-ның” 3-сериясындағы “Совет поэзиясы” атты 2 томдығына қазақ ақындарынан Ж. Жабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, І. Жансүгіровтің, Әбділда Тәжібаевтың, Қасым Аманжоловтың шығармалары берілген. “Совет әңгімелері” атты 2 томдыққа М. Әуезовтің “Көксерек”, Ғ. Мүсіреповтың “Этнографиялық әңгімесі” кірген. “ӘӘК-на” Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясы екі кітап болып (134, 135-томдар) енуі қазақ әдебиетінің көркемдік қуатын әлемдік деңгейде танытты. “ӘӘК” басылымның редакциялық кеңес құрамында Ә. Нұрпейісов болды. Қазақ суретшілерінен Ә. Қастеев, Е. Сидоркин, С. Айтбаев қатынасты.
“ӘӘК” сериясының ғылыми принциптерін айқындап, басылымға дайындаған шығармашылық топқа КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді (1978).<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998. ISBN 5-89800-123-9</ref><ref>“ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6</ref>
Дереккөздер
<references/>
Үлгі:Stub: Қазақ әдебиеті {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}