Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру:мақсаты, барысы, салдары.Жаңа экономикалық саясаттың ақыры

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру:мақсаты, барысы, салдары.Жаңа экономикалық саясаттың ақыры БК(б)П ұйымдарына 1928 жылғы ақпанда жазған нұсқау хатында Сталин өзіне тән үзілді-кесілді өсиеттік мәнерде: «Біздің жаңа экономикалық саясаттан бас тартатынымыз, азық-түлік салғыртын енгізетініміз, кулактарды тәркілейтініміз және т.б. туралы әңгімелер контрреволюциялық сандырақ болып табылады, оған қарсы табанды түрде күресуіміз керек.

ЖЭС біздің экономикалық саясатымыздың негізі және ол тарихи ұзақ мерзімге созылады» деп жазды.<ref>Сталин ИВ. Соч. Т. 2, 15-6.</ref>. Алайда кең ауқымды экспроприациялық акциялар, дәлірек айтқанда, жаңа экономикалық саясат өзінің қоғамды үдемелі реформалаудың он үлгісі ретіндегі ақиқаттығын іс жүзінде жойып, іс-қимылдан жалаң декларациялық сипатқа айналып кетті.

20-жылдар аяғындағы төтенше астық жинау науқаны мен тәркілеу, шын мәніндегі салықтық саясат, міне, осының айқын көрінісі еді.

«Социалистік индустрияландырудың сталиндік жоспары» өзінің ауқымдылық («тарихи қыска мерзімде капиталистік елдерді қуып жетіп, басып озатын») сипатына орай өнеркәсіпке салынатын инвестиция көлемінің тепе-теңдігін халықтың тұрмыс денгейі мен тұтыну және тіршілік сапасын айқындайтын саланы дамытуға жұмсалатын қаражатты қысқарту есебінен бұзып жіберді. Тек өндіріс құрал-жабдықтарын өндіру саласын ғана ынталандырып, тұтыну бұйымдарын өндіруді естен шығару елде жаппай «тауарға деген мұқтаждықты» тудырды. Тұтыну тауарларына тапшылықтың әбден күшейіп тұрған жағдайында бюджеттің мүмкіндігі есептелмей жасалған «құлаш-құлаш» жоспарлар бағаның мүлдем шарықтап өсіп кетуіне әкеп соқтырды.

Сонымен бірге өнеркәсіпті мемлекет толық өз иелігіне алғандықтан тұтынушыларға да (әсіресе аграрлық секторда) үстемдік жасап, өнеркәсіп өнімдеріне бағаны көтеріп жіберген жағдайлар кездесті, ал ауыл шаруашылығы өнімдеріне мүлдем төмен баға белгіленді: 1927/28 жылы астықтың мемлекеттік бағасы «көлеңкелі нарықтағыдан» 40%-ға дерлік, ал 1928/29 шаруашылық жылында 50%-ға төмен болды.<ref>Карр Э.Х. Русская революция от Ленина до Сталина. 1917-1929 жж. М.,1990, 138-6.</ref>.

Бағада қалыптасқан осындай теңсіздіктің нәтижесінде шаруа шаруашылығы өте жоғары салық салу объектісіне айналды. Осы шектен тыс салынған салықтан түскен немесе дәлірек айтқанда «шаруалар сыйының» қаражатын индустрияны дамытуға жұмсау көзделінді.

Мұны Сталиннің өзі де мойындады. БК(б)П ОК-нің 1928 жылғы шілдеде өткен пленумында сөйлеген сөзінде: «Кеше бізде не жөнінде айтыс болды? Бәрінен бұрын, қала мен ауыл арасындағы «қайшылық» туралы. Әңгіме шаруаның әлі де өнеркәсіп тауарларына бағаны артық тәлейтіні және ауыл шаруашылығы өнімдерінен пайданы аз алатыны туралы болды. Әңгіме осы өнеркәсіп тауарларына төленетін артық төлемақы мен шаруаның өз онімінен пайданы аз алуды, шаруа шаруашылығына салынатын шектен тыс салықты, былайша айтқанда, индустрияландыру пайдасына жұмсалатын «сыйды» міндетті түрде құртуға тиіспіз, алайда бүкіл еліміз үшін жұмыс істейтін индустриямызды, халық шаруашылығымызды социализмге сүйрейтін индустриямызды ақсатпайық десек, біз құрта алмайтын қосымша күн салығы туралы болды». Одан әрі ол кекесінмен былай деді: «Қайсыбіреулерге бұл ұнамады (бухариндік оппозицияны айтып отыр. — авт.). Несі бар. Бұл әркімнің қалауына байланысты... Әрине, «шектен тыс салық», «қосымша салық» — жағымсыз сөздер, жүйкеге де катты әсер етеді. Бірақ, мәселе, біріншіден, сөзде емес. Екіншіден, сөз шындыққа толық сай келеді».<ref>Сталин И В. Соч. Т. 2, 188-189-6.</ref>.

Мемлекет қолдан жасаған өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы тауарларына қойылатын «құрдым баға» саясатының кең етек алуы, елдегі тауар тапшылығы мен күйзеліс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өз өнімдерін сатудан бас тартуына әкеп соқтырды. Астық қоры бар шаруаның өз астығын арзан бағамен сатуының еш мәні болмай қалды. Сатқан астығына алатын осы азын-аулақ ақшаның өзіне тауар тапшылығынан және өндіріс тауарларының қымбаттығынан, оны сатып алудың еш мүмкіндігі болмады, ақшаны сақтау да өте тиімсіз еді, өйткені оның құны күн сайын құлдырай берді. Мұндай жағдайда астықтың ең сенімді «валюта» болатыны әбден түсінікті.

Аталған себептер жинақтала келгенде 1927/28 жылдардағы астық дайындау дағдарысын тудырды.<ref>Дағдарыстың тамыры, өрине, елеулі факторларға орай, оның мазмұны жағынан бұдан да тереңде жатыр. Кеңестанушы ғалымдар (М. Левин, А. Ноув, Р. Дейвис, С. Уиткрофт, Ф. Таниучи және т.б.) аталған жайттар большевиктік аграрлық революцияның объективті салдары деп өте дұрыс айтады.</ref>. Бұл жағдай кеңестік тарихнамада «ауқатты және контрреволюциялық элементтердің пролетариат диктатурасын аштықпен тұншықтырғысы келген әрекеті, кулактардың астық ереуілі» ретінде біржақты бағаланды. Алайда, егер бұрынғы идеологиялық дағдының және қасаң таптық көзқарастың шырмауында қалмасақ, мұны басқаша, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің мемлекеттің күштеу саясатына, олардың тағы да бір «әскери-коммунистік» шараларының объектісі болуын қаламайтын балама, экономикалық өзіндік әрекеті ретінде қарастырған жөн.

Мәселені ашық жанжалға жеткізбеу үшін мемлекеттің экономикалық тұтқалар мен құралдар жиынтығын кең пайдалану мүмкіндігі болды. Айталық, бағаға қатаң бақылау орнату саясатын жұмсартуға (мұны кейбіреулер ұсынды да) болатын еді. Бірақ сатып алу бағасы жөнінде билік лениндік ұстанымнан бір қадам да шегінгісі келмеді. Өз кезінде көсемнің былай үйреткені белгілі: «Егер біз бағаны екі есе қымбаттатсақ, кулактар (ауқатты шаруалар мен кулактарды айтып отыр. — авт.) былай дейді: бізге бағаны қымбаттатып жатыр, ашығайын деген екен, күте тұрайық, тағы да қымбаттатады. Бұл — таптаурын болған жол, кулактар мен алыпсатарларға жарамсақтану жолы, мұндай жолға түсу және тартымды етіп суреттеу оңай», біз бұдан барынша бас тартуымыз керек».<ref>Ленин В.И. Полн. собр. соч. Т. 36, 411-6.</ref>.

Басқа барынша жеке нұсқалар да ұсынылды, мысалы, Н. Бухарин астықтың конъюнктурасына экономикалық тұрғыда ықпал еткеннен гөрі оны шет елден сатып алып, нарықта «астық интервенциясын» жүзеге асыруға болады деп есептеді. Бірақ Сталин бұл арада да өзінің салмақты аргументтерін келтірді: «Одан да кулактарға қысым жасаған жөн және өнеркәсібімізді дамытуға қажетті жабдық әкелу үшін қалдырған валютамызды жұмсағанша, кулактардың артық астығын тартып алу керек» деді.<ref>Сталин И В. Соч. Т. 12, 369-370-6.</ref>.

Демек, Сталин «револьвер-шоқпарға» сүйенген әкімшілік-командалық принциппен әрекет еткеннен гөрі жүздеген және жүз мыңдаған шаруаларға қарсы қуғын-сүргін шараларын кеңінен өрістетуді ұсынды. Оның үстіне, мұндай көзқарас Лениннің теориялық жанашыл ұстанымдарында айтылған болатын, сөйлеген сөздерінің бірінде ол былай деп ашық айтты: «Жана экономикалық саясат террорды жойды деп ойлау аса үлкен қателік. Біз террорға және экономикалық террорға әлі де қайтып ораламыз» деді.<ref>Ленин В.И. Полн. собр. соч. Т. 44, 428-6.</ref>. Сталин өз кезінде Лениннің осы тұжырымын жүзеге асырып, экономикалық террорды саяси террормен толытырды. Іле-шала бәрін және барлық жерде астық дайындау, кейін шаруаларға қарсы үласқан жаппай саяси қуғын-сүргін науқанын «төтенше» ережелер айқындайтын болды.

«Большевик кадрларды таптық күрес өнеріне үйрету және жергілікті партия аппараты қатарын мінезі жұмсақ, енжар адамдардан тазарту» үшін Кеңес империясының негізінен астықты өңірлеріне (Оңтүстік Орал, Еділ, Солтүстік Кавказ, Украина және т.б.) Саяси бюро мүшелері Молотов, Каганович, Микоян, Постышев, Андреев, Косиор, Шверник жіберілді, олар астық дайындау науқанына тікелей басшылық жасауы тиіс болды. Қазақстанда бұл науқанды өткізу Голошекинге сеніп тапсырылды, ол «қазақ ауылдарына кіші Қазан төңкерісін жасауды» ойластырып, жоғары партия басшылығы алдында ең қатал да табанды әкімшілердің бірі ретінде көрінді. Партия «белсенділерінін» қолдауымен ауылдық жерлерге қалалардан 30 мыңнан астам коммунист белсенділерден тұратын әр түрлі жедел уәкілетті армия мен жұмысшы отрядтары жіберілді. Соңғыларына селолық кеңестерді арам пиғылдылардан тазарту, жергілікті атқамінерлерден белсенділер қатарын құру, «үштіктер» мен әр түрлі көмекші комиссиялар ұйымдастыру және т.б., яғни «әскери коммунизм» кезеңіндегі тәжірибені өмірге енгізу, оны «таптық күресті күшейту» жөніндегі сталиндік идея рухында шығармашылықпен дамыту міндеттелді.

Сталиннің «астық майданын» ашуы

Сталиннің өзі Сібірде «астық майданын» ашты, онда ол үш аптадай дерлік уақыт болды (1928 жылғы қаңтар-ақпан).<ref>Сталин И.В. Соч. Т. 12, 188-189-6.</ref>. Новосибирск, Барнаулдың, Рубцовск және Омбының (шамасы Қазақстанның Батыс Сібірмен шектес округтерінің партиялық басшылық өкілдері де қатысқан болуы керек) <ref name="Сонда">Сонда.</ref>. партия белсенділерін қатаң сынға ала отырып, ол ең қатал шаралар қолдануды талап етті, оның көпшілігіне осы кезге дейін де тең келері жоқ.

Мәселен, Новосибирск мен Омбыда сөйлеген сөзінде Сталин (1928 жылғы 18, 27 және 28 қаңтар) үзілді-кесілді нұсқаулы түрде РКФСР КК-нің 107-бабын елде жаппай қолдануды талап етті. Бұрын бұл бап «тауарды сатып алу, жасыру немесе нарыққа шығармау арқылы тауарға бағаны қасақана көтергені» (яғни бұл іс жүзінде мемлекеттің ЖЭС тетігіне әкімшілік жолмен араласуын көрсетті) үшін жаза қолдануды көздейтін еді. Астық дайындау дағдарысының терендеу барысында ол бап өзінің қолданылу тұрғысынан алғанда елеулі түрде түзетілді және 1928 жылғы қаңтардан бастап ең алдымен астық өсірушілерге, «артық астығын мемлекеттік баға бойынша тапсырудан бас тартқандарға және алыпсатарларға қарсы» қолданылды. Жаза түрінде 107-бап бүкіл мүлкін немесе мүлкіні бір бөлігін тәркілей отырып, бір жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ал бағаны көтеру үшін «топ болып келісіп алғандарды» толық тәркілей отырып, үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздеді.<ref>УК РСФСР. М„ 1932. Ст. 56.</ref>. «Бұқараның саяси белсенділігі мен таптық санасын көтеру» (сол жылдардың газеттерінде жазылғандай), ал іс жүзінде ауылдағы ең кедей, жарлы-жақыбайлардың арамтамақтық психологиясын қоздыру және оларды қарпып қалу мен пайдакүнемдік сезіміне ынталандыру мақсатында тәркіленген астықтың 25%-ын кедейлерге беру көзделді.

Сөйтіп, Кеңестік жүйе ашық түрде заңдылықты бұрмалай отырып, Қылмыстық кодекске халықпен санаспай өздеріне қолайлы түзетулер еңгізілді (РКФСР ҚК-нің 107,61, 73, 102, 127, 135,60 және басқа баптар, оның заңды жалғасы ретінде контрреволюциялық қызметі үшін жаза қолдануды көздейтін 58-10-бап). Бұл ретте өзін елдегі заңдылықты қорғаушы басты тұлға ретінде көрсетуге тырысқан Сталиннің өзі, БК(б)П Мәскеу ұйымы активінің жиналысында (1928 жылғы сәуір) «бірқатар жағдайларда бұрмаланған саясат (астық дайындаудағы. — авт.), 107-бапты және басқаларын дұрыс қолданбау, ең алдымен кедейлер мен орташаларға ауыр тиді...» деп сынаған болды.<ref>Сталин И.В. Соч. Т. 2, 48-6.</ref>.

Ол ешбір шімірікпестен: «Біз осындай бұрмалаушылықтарға кінәлілерді жазалаймыз және мейлінше қаталдықпен жазалайтын боламыз» <ref name="Сонда"/>. дегенге дейін барды. Бірақ өзінің екіжүзділігін сол бойда көтеріңкі мақаммен былай деп ашып көрсетті: «Осы бұрмалаушылықтардан партия қабылдаған іс-шараларды, онсыз астық дайындау дағдарысынан шығу мүмкін емес игілікті және шын мәнінде елеулі нәтижелерді көрмеу жөнсіз болар еді. Осылай істеу, ол ең бастысына көзді жұмып қарау болар еді».<ref>Сонда, 11-6.</ref>. Осы «басты ңәтижелердің» сыртында РКФСР КК-нің жаппай тұтқындау мен түрмеге қамаумен тұншыққан ауылдар, адамды айуандықпен қанау мен жүгенсіздіктер кеңестік жүйеге қарсы шыққандар мен әкімшілік террорды сынап-мінеуге батылы барғандарға қатысты қолданылатын қанқұйлы 58-10-бабы тұрды.

Заңдылықты жалған сөзбен мадақтап, БК(б)П ОК іс жүзінде жергілікті жерлерде тәртіпті күшейтуге жабық нұсқаулар беріп жатты. Алғашқы нұсқау 1927 жылғы 14 желтоқсанда берілді, ал екіншісі - екі аптадан кейін дерлік - 24 желтоқсанда шықты. 1928 жылғы қаңтардың басында ОК жаңа нұсқау (6/1) қабылдады, оның мәтіні партия ұйымдарының басшыларына бағытталған мынадай үрейлі сипатта: «егер, олар ең қысқа мерзімде астық дайындау науқанында шешуші өзгерістерге қол жеткізбеген жағдайда ...» <ref>Сонда, 48-49-6.</ref>. деген сөздермен басталды.

Осындай өзгерістерге қол жеткізу үшін Қазақстанда (басқа кейбір өңірлердегі сияқты) «орал-сібір» әдісі деп аталатын әдіс қолданыла бастады. Оған қайсыбір селоның шаруалары бастамашы болыпты делінеді, бірақ оның әдейі бұрмалануына Қарағанда, ол астық өндірушілерден астықты еш қарсылықсыз тартып алуға арналған, тиісті орындарда мейлінше мұқият әзірленген құрал. Оның мәні мынада, кедейлер мен орташалардың жиналысында (село жиынында) көмекші комиссиялар (әрине, уәкілдердін тікелей ықпал етуімен) сайланды, олар жеке өздері таңдаған тәртіппен астық дайындау жоспарының 65%-ын кулактар-байлар есебінен және 35%-ын орташалар есебінен жүзеге асырды. Егер жиынның бұл шешімі орындалмаса, кулактар мен орташаларға берілген тапсырма құнының бес еселенген мөлшерінде айыппұл салынды немесе бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Сөйтіп, бәрі де кедейлердің қолымен жасалды: селолық кеңестерге немесе селолық жиындарға жоғарыдан астық дайындау жоспары берілді және ол қатал жазалау шараларымен сол бойда орындалды.

Саяси науқандар жүйесінің іс тәжірибесінде, барлық уақыттағы сияқты, ол өте қуатты насихат құралының көмегімен идеологиялық тұрғыда қамтамасыз етілді. Сондықтан газеттерде «Кулактарды түрмеге қамайық!», «Кулак пен байды катал қыспаққа алайық!», «Кулактар мен байлардың құйыршықтарына соққы берейік!», «Тап жауларына қарсы аттан салайық!», «Астықты шіріткендерге өлім келсін!», «Астықты жасырғаны үшін -түрме!», «Аштықты ұйымдастырушыларға - кулактар мен байларға өлім келсін!» және т.б. ұрандардың қаптап кеткені тегін емес.

Мұндай жалған ұрандар мен саяси іс-әрекеттерге қарсы елде наразылықтар орын ала бастады. БОАК-тің ұйымдастыру бөлімінің акпараттық мәліметтерінде жергілікті жерлердегі шаруалардың өкімет саясатына ашықтан-ашық қарсы көңіл күйі тіркелді. Көп адам жиналған жиындарда шаруалар: «Астықты еркін саудалауға рұқсат етілсін, сонда бәрі де тоқ болады, әйтпесе жалқау-большевиктер елді аштыққа ұрындырады», «Ауыл шаруашылығын дамытпау керек, бәрібір үкімет салықпен тұншықтырып тастайды», «Ленинизмнен гөрі Ленин жақсы. Жақсы коммунистер өлтірілді, өлді. Оңбағандары қалды», «Кеңес өкіметі крепостнойлық құқықты қайта орнатты», «Жеңілдіктер жалқау-кедейлерге беріліп, соның есебінен орташалар күйзеліп барады», «Қазір жұмысшы - буржуй, ал шаруа мал, енді шаруаның түгін қалдырмай қол астыңдағылардың бәрін сыпырып алып жатыр», «Кеңес өкіметі шаруаны бұрынғы ескі биліктен де жаман қысып жіберді. Мұндай өкіметке көмектесудін қажеті жоқ» деп ашық мәлімдеді.<ref>Документы свидетельствуют. М., 1989, 236-241-6.</ref>.

Ақмола округі, Ленин ауданы Ореховка селосының орта шаруасы Луценко Кремльдің деревняда не болып жатқанын білмейтініне көзсіз сеніп, Сталинге былай деп жазды: «...Жергілікті жерлердегі қызметкерлерге ешқандай бақылаусыз ойына келгенін істеуге рұқсат етілетіні неліктен? Бізде не болып жатқанын сіз білсеніз ғой. Жазаға кулак (оларды жазалаған дұрыс) пен орташаға ғана емес, бір жылқысы бар кедей де тартылды. Халықтың жартысына жуығы дерлік түрмеге қамалды (отбасындағы жеті адамның үшеуі түрмеде отыр), бәрін тартып алуда, маскүнемдер көбейіп кетті, олар айқайлап, аузына келген сөзбен балағаттайды және тұрғындардың арасында үрей тудырғаны сонша, олардың көпшілігі аттарын жегіп алып, үйлерін, қойлары мен басқа да үй малдарын тастап, басы ауған жаққа кетіп жатыр».<ref>КР ОММ, 5-к., 2-т„ 14-іс, 3-п.</ref>.

Қатаң әкімшілік террор қазақ ауылдарында азық-түлік дайындау науқаны барысында күшейіп кетті. Мұнда мал дайындау науқаны бірден-ақ «әскери коммунизм» уақытындағы күштеу әдісімен жүргізілді. Дайындау ауқымы жоспарлы тапсырмалар бойынша белгіленді, бірақ халықтың қолындағы малдың саны туралы бұрмаланған деректерге негізделген есеппен жүргізілді, мүмкіндігінше дұрыс мәліметтер (Қаржы халық комиссариатының салықтық есебі) бір бюрократтық сатыдан екінші бюрократтық сатыға өткен сайын ұлғаю жағына қарай айтарлықтай өзгеріп отырды (бұл қаржы органдары халықтың жасырылған көп бөлігін толық есептей алмады деген желеумен бүркемеленді). Осындай козбояушылық пен дерекі волюнтаристік жоспарлаудың нәтижесінде жоғарыдан аудандарға қолда бар нақты мал санынан әлдеқайда көп көрсетілген тапсырмалар берілді. Осы ретте Балқаш ауданын мысалға келтіруге болады, мұнда 173 мың қара мал болды, бірақ ауданға 300 мыңға жуық малдың салғырты салынды.<ref>VI пленум Казкрайкома ВКП(б). Стенограф, отчет. А.-А., 1936, 232-6.</ref>.

Әрине, көп ұзамай-ақ өлкелік органдарға шағымдар түсе бастады. Бірақ оған мән бергендер аз болды. Егер оларға қайсыбір өтініш-шағым түсе қалса да, оның өзі жалпылама тұрғыда жазылатын еді. Мәселен, З. Төреғожин (Астық дайындау халық комиссарының орынбасары) өздері есептеген балансқа сәйкес, республиканың мал шаруашылығы өнімдерін қазіргі көрсетілген көлемде дайындай алуы неғайбыл деп хабарлады. Сол-ақ екен, партияның ресми үні «Большевик Казахстана» газеті арқылы бұған іле-шала тойтарысты жауап берілді. Онда, атап айтқанда: «Баланста ... оншыл оппортунистік, қара дүрсін әдістемелік, теориялық тұрғыдан дәрменсіз, маркстік-лениндік диалектиканы мүлдем түсінбейтін сарын аңқып тұр... Автор малдын сан жағынан азайғанына жармасыпты. Ең соңғы дәлел. Бірақ бұлан құйрық жалтармашы осы дәлелінің ар жағында айтарлықтай экономикалық және саяси өзгерістер тұрғаның байқамапты... Оқиғаның беткі қабатынан әріге оресі жетпейтін эмпирик социализмнің ақиқат өсімін көре алмапты».<ref>Большевик Казахстана, 1931, №11, 40-6.</ref>.

Барынша жоғары денгейде бұдан да айқын, ерекше шабытпен айтылған сындар да болды. Мәселен, БК(б)П Қазолкомының бюросы кейбір аудан басшыларының тарапынан айтылған пікірге ашу шақырып, арнайы қаулы шығарды. Ондабылай деп жазылды: «Өлкелік комитет жоспарларды орындамай, ет дайындау қарқынын әлсіреткен жекелеген аудандар мен қызметкерлердің әрекетін қатты айыптайды... олардың малдың азайғаны, жергілікті шаруашылықтардағы қажетті мал басын сақтау туралы әңгімелерді желеу етіп жасаған әрекеттерін оншыл оппортунистік пиғыл деп танып, мал дайындаудың мал шаруашылығын социалистік тұрғыда қайта құрудың бір бөлігі, елімізді индустрияландырудың маңызды тетігі екенін сезінбейтін әрекеті деп бағалайды».<ref>Сонда, 1931, №1, 32-6</ref>.

Сананы жуып-шаю өз нәтижесін берді. Көп ұзамай «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұраны азық-түлік дайындау науқанының айқындаушы ұранына айналды. Оның үстіне, алдындағы бөлімдерде атап көрсетілгендей, өндіріс әдісінің көшпелілік ерекшелігіне орай, саны жағынан белгілі бір мөлшердегі малдың болуы ең төменгі өмір сүру деңгейі ретінде ғана бағаланғанмен, ел аралаған дайындаушылардың өлшемі бойынша шаруашылығында 25-30 қойы барлар «мол байлық иесі» санала бастады. Алайда мал шаруашылығының өзіндік ерекшелігі назарға алынбады, әр шаруаға әрі кеткенде 2-3-тен ғана қой қалдырылды, сөйтіп оны тығырыққа апарып тіреді.

Мемлекеттік мүдде деген желеумен ауылда ауыл шаруашылық өнімдерінің басқа түрлерін дайындау кезінде де заңсыздықтарға жол берілді. Айталық, жүн дайындауды «екпінді» түрде өткізу мақсатында бірқатар жерлерде қойды қақаған қыста қырқу талап етілді, ал мұның соны малдың жаппай қырылуына ұласты. Астық іздеу барысында дайындаушылардың мал мен егін өсіретін ауылдарды кезіп, онын шаруашылығындағы тұқымға қалдырған азғана астығын да тартып алған оқиғалары жиі кездесті. Тіпті олардың тіршілігіне талшық етіп отырған ең соңғы дәніне дейін сыпырып алған.

Астық дайындау науқанының асқынғаны сондай, ақылға сыймайтын жәйттерге де жол берілді, ол тіпті егін екпейтін, таза мал өсіретін аудандарға да қолданылды. Бүлік шығарушылар қатарына қосылып кетуден қорыққан халық қолындағы малын астыққа айырбастап, оны дайындаушыларға өткізуге мәжбүр болған.

Мысалы, Іле және Шоқпар аудандарының малшылары бір қойын 6,8 кг астыққа, ал жақсы атын немесе үлкен түйесін торт пұт астыққа айырбастады. Осы ауданның барлық шаруашылықтары 10 килограмнан ескі киіз тапсыруға міндеттелді; мұндай мүмкіндігі жоқтар киізді сатып алып, оны дайындаушыларға өткізуі тиіс болды. Жетіқара ауданында ескі-құсқылар мен жүн дайындау барысында өлкелік органдардың өкілдері жылқылардың жал-құйрығын да кесуді талап етті, бұған қарсы болған қазақ тұрғындарына қойдың орнына шошқа тапсыруды бұйырды.<ref>КР ОММ, 5-к., 21-т., 39-іс, 25-26-п.</ref>.

Оңтүстік Қазақстан аудандарының бірінде дайындау науқаны былай жүргізілді (көргендердің айтуынша): «Азаматты шақырады (уәкіл — авт.), астық тапсыруды ұсынады. Ол астығым жоқ дейді. Сол кезде оның етігінің қонышына су құяды және түнде, 25 градус аязда көшеге тұрғызып кояды... Штабқа екіқабат әйел келеді, одан да астық талап етіледі. Ал онда астық жоқ. Оны ұрып-соғады, әйел тап сол жерде, штабта уақытынан бұрын босанады».<ref>КР ОММ, 247-к., 2-т., 12-іс, 232-п.</ref>.

Дайындаушы уәкілдердің заңсыздығының шегі болмады. Дайындалған барлық өнімдер аудандарда жергілікті халықтан «жұмылдырылған» керуенмен тасылды және бұл үшін бір тиын да төлеген жоқ. Тасымал құралдары ретінде шенеуніктер осыған қоса шаруалардың жылқыларын мініп кетті, сонымен бірге әдетте, алған жылқыларын қайтармады немесе көрінеу айдап әкетті.<ref>КР ОММ, 5-к., 21-т., 39-іс, 27, 28-п.</ref>.

Кең ауқымды қуғын-сүргін шараларының жүргізілуі

Азық-түлік дайындау науқаны барысында Қазақстанда шаруаларға қарсы кең ауқымды қуғын-сүргін шаралары жүргізілді. Анықталған деректер бойынша, осы кезеңде 56 498 село тұрғындарының әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, олардың 34 121-і атылғаны белгілі болып отыр. Материалдар көрсеткендей, тек үш округ (Ақмола, Петропавл, Семей) бойынша 1928/29 және 1929/30 жылдары мұнда 23 млн сомнан астам айып салынып, мүлік тартып алынды, 54 мыннан астам ірі қара мал, 630 мың пұт қордағы астық, 258 бірлік әр түрлі құрылыстар тәркіленді.<ref>Весь Казахстан. А.-А.,1931, 77-6.</ref>.

Голошекин БК(б)П Казөлкомның 1930 жылғы 2 қаңтарда өткізілген жабық отырысында дайындау науқаны барысында, 1928 жылғы 1 қазан мен 1929 жылғы 1 желтоқсан аралығында сот органдары 125 адамды ату жазасына кескенін, ГПУ аркылы нақ осы кезеңде 152 адамның атылғанын хабарлады.<ref>Материалы Т. Омарбекова (Комиссия Верховного Совета РК).</ref>.

Оның есесіне республика басшылары Қазақстанның бүкіл одақ бойынша дайындалатын жүннің 33%-ын, терінің 20, бидайдың 17, еттің 10%-ын (1928/29) тапсырғаны туралы рапорт берді. Орталыққа жіберіліп отырған кезекті есептегі мәлімдемелер бұдан да сорақы түрде «Шаруашылықтардың тауарлылығын ынталандыру» деген айдармен жарияланып отырды.<ref>Коллективизация сельского хозяйства Казахстана. Ч. I. А.-А., 1967, 354-6.</ref>.

Индустрияландыру үшін қаражат жинау мақсатымен мемлекет 20-жылдардың екінші жартысынан бастап, салық көлемін күрт өсірді. 1926/27 жылы Қазақстан бойынша есептелген ауыл шаруашылығы салығының сомасы 1925/26 жылғымен салыстырғанда 87%-ға ұлғайтылды.<ref>Сельское хозяйство Союза ССР в 1926/27 ж. по данным налоговых сводок по единому сельхозналогу. М., 1928, 7-6.</ref>. БК(б)П ОК-нің шешімімен 1928/29 жылы ауыл шаруашылығы салығы сомасы елде 400 млн сом мөлшерінде белгіленді (1927/28 жылғы 305 млн сом орнына).<ref>Сонда, 141-142-6.</ref>. Оның ішінде Қазақстанда салық көлемі 23 млн сомға жетті. Алдыңғы төлемдік жылмен салыстырғанда, салықтық база (салық салынатын көздер) бұл кезде онша ұлғаймаса да, онын ауыртпалығы 100%-ға <ref>Сонда, 241-215-6.</ref>. өсті.

Осы жылдары 400 сом және одан да жоғары табыс салығы салынатын шаруашылықтар үшін норматив бойынша кіріске төленетін пайыздық үстемеақының мөлшері ұлғайтылды. Нәтижесінде, мысалы, 450 сом пайда табатын отбасы жандарына (отбасы мүшелеріне) салық ауыртпалығы 16%-ға, ал 1 000 сомнан артық болса 41%-ға өсті. Алайда бұл да жеткіліксіз шарадай көрінді және көп ұзамай «жалпы шаруалар арасынан өзінің табатын пайдасымен ерекшеленетін» шаруашылықтарға салынатын дербес салық деп аталған салық түрі де қосымша енгізілді.<ref>СЗ СССР. М., 1928, №24. Ст. 212.</ref>.

Егер республикадағы астықты шаруашылықтардың 21%-ына, мал өсіретін шаруашылықтардың 6%-ына <ref>КР ОММ, 5-к., 11-т., 299-іс, 9-п. сызба</ref>. үлкен пайыздық үстемемен қосымша салық салынса, 21 300 шаруашылық салықты дербес ерекше тәртіппен төлеуге міндеттелінді, оларға 8,5 млн сом мөлшерінде салық салынды.<ref>Народное хозяйство Казахстана, 1929, №1-2. 81-6.</ref>.

Қостанай округінде 3 мыңға жуық шаруашылыққа дербес салық салынды, ауыл шаруашылығы салықтарының бүкіл жиынтық сомасының 34%-ын төлеу міндеттелінді, ал Орал округі аудандарыны бірінде 50 ауқатты шаруашылыкқтар ауданға жүктелген бүкіл салық көлемінің 88 пайызын төлеуге тиісті болды.<ref>ҚР ОММ, 30-к., 1-т., 930-іс, 70-п.</ref>.

Бірқатар округтер мен аудандарда дербес салық салынғандар саны одан да көп еді және жеке кәсіпкерлікпен айналысатын табысы жоғары шаруашылықтарға салынатын салықтың көлемі олардың ойына да келмейтін ауқымда көтерілді. Бұл кездейсоқ емес-ті, салық комиссиялары қайсыбір шаруашылыққа дербес салық салған кезде, барлық жерде бірдей, оның дәлелі ретінде «мықты қорғаушылары бар», «ауқатты шаруашылық», «ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындауға теріс қарады» деген сияқты және т.б. аргументтерді алға тартты. Мұндай фактілер әсіресе Павлодар, Қарқаралы және Семей округтерінде жиі орын алды. Мал шаруашылығымен айналысатындардың қоныс аударуы, оның ішінде Қытайға көшіп кетуі соның салдары болып табылады.

Қоныс аударудың жаппай сипат алғаны сонша, ол аудандарға БОАК-тің хатшысы И.Ф. Киселев басқарған арнаулы комиссия жіберілді, ол бірқатар шара қолданды. Мәселен, Семей округінде дербес салық салынған шаруашылықтардың саны 3 410-нан 1 428-ге, Павлодарда 875-тен 314-ке, Қарқаралыда 875-тен 314-ке кеміді.<ref>КР ОММ, 5-к., П-т., 298-іс, 14-16-п.</ref>. Дегенмен, комиссиялар кеш қимылдады, олардың іс-әрекеті жергілікті сипатта өрістеді, ал «бассыздық» барлық жерде кең етек алып кеткен болатын.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындаудың күштеп жүргізілуі және салық ауыртпалығының күрт артуы халық шаруашылығын тұқыртуға әкеп соқтырды, тұрғындардың жаппай көшуіне мәжбүр етті, өндірістің ұйымдық құрылымында бейберекетсіздіктер орын алды. ЖЭС тарихи кезең ретінде өз мүмкіндігін аяғына дейін ашып көрсете алмай, нәтижесіз аяқталды.

Пайдаланылған әдебиет

Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010, 752 бет, суретті, карталы. ISBN 978-601-282-055-3, т. 4 ISBN 978-601-282-026-3

Дереккөздер

<references/>