Тоғанас батыр Бәйтікұлы
Үлгі:Әскери қайраткер Тоғанас Бәйтікұлы (1813–1876) — Әлімұлы тайпасы Шөмекей руынан шыққан батыр, би.
Әкесі Бәйтік Бәймембетұлы да батыр болған. Бәйтіктің үрім-бұтақтары да ата жолын қуып көк сүңгісін қолдан түсірмей өткен.
Өмірбаяны
Сырдарияның төменгі ағысы бойында туып-өскен. Хиуа және Қоқан хандықтарының жергілікті халыққа жасаған озбырлық әрекеттеріне қарсы тұрған. Тоғанас қарақалпақ, түрікмен бектерімен де соғысып, олардың Сыр бойынан ауа көшуіне ықпал еткен. Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысып, Шөмекей жасағын басқарды. 1845–1852 жылдары қоқандықтар мен хиуалықтардың бірнеше шабуылдарын тойтарып, барымталанған малдарды қайтарды. Тоғанастың өзінің арнайы мөрі, әкесі Бәйтіктен қалған ақ туы болған. Тоғанас ерліктері ауызша, жазбаша деректерде, тарихшылар Е. Бекмаханов пен Ж. Қасымбаевтың еңбектерінде, зерттеушілер Қ. Бердәулетовтің «Бұқарбай батыр» (1992), Тоғанас Дайрабайдың «Тоғанас батыр» (1992) кітаптарында және «Келмембет батыр» (1998) жинағында көрініс тапқан.<ref>Қазақ ұлттық энциклопедиясы, 18 том</ref>
Есентайұлы Оразымбеттің Базар жырауға арналған толғауында:
Тамағың кең кісінің,
Аузындай сабаның,
Тоғанаспенен Бәйтіктей,
Таймаған жаудан табаның
– деп Тоғанас батырдың кім екенін әйгілей түседі.<ref name=":0" />
Оқиға
Кезінде Шөмекей руы Қуандария мен Сырдария, Қарақ тауы баурайын қыстап, жазда Тобыл мен Өлкеаяқ өзенінің бойын жайлаған. Бұл аймақ Ресей шекарасынан жырақтау болып, Хиуа мен Қоқан хандықтарының иек астында жатқандықтан олардан көп теперіш көрген. Зорлықшыл бектер Сыр бойына «Жаңақала», «Құмқала», «Қышқала», «Күміскорған», «Ақмешіт» сияқты қорғандар мен зекет төбелер салып, елден алым-салық алып отырған екен. Халықты зар илеткен басқыншылардың бірі - қанқұйлы алпауыт Қожаниязды Сыр бойынан қуған Қарақисық пен Тоғанас батыр болды. Сол шайқаста Аққыр тауы маңындағы «Қарақ» деген жерде айқасып, Қожанияз бекті ойсырата жеңіп, «Қожанияз – қамал бекінісін» жойып жіберді.<ref name=":0">Тынышбек Дайрабаев. Тоғанас батыр. - Жауапты редактор Тұрысбек Сәукетаев-Рахметуллин, Суретші Н.Ф. Чурсин. ISBN 5-610-01241-4</ref>