Сағатхан Әшімбайұлы Әшімбаев
Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Үлгі:Жазушы Сағатхан Әшібайұлы Әшімбаев (1 мамыр 1947 жыл, Райымбек ауданы, Алматы облысы - 26.08.1991, Алматы) - әдебиеттанушы, сыншы, тележурналист, жазушы, қоғам қайраткері.
1970 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Баспасөз бетіне оның алғашқы тырнақалды мақалалары 1966—1967 жылдары аудандық «Советтік шекара», облыстық «Жетісу» газеттерінде жариялайды.
Еңбек жолы
Еңбек жолын 1969 жылы «Жас Алаш» («Лениншіл жас») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкері болып бастаған ол, кейін сол бөлімнің меңгерушісі болып істеді.
1973 жылы «Жас Алаш» газетінен «Жұлдыз» журналына сын және библиография бөлімінің бөлім меңгерушісі болып ауысады. Ол біраз жыл бойы осы әдеби журналдың алқа мүшесі болды.
1976 — 1979 жылдары «Жас Алаш» газетінде редактордың орынбасары болып істеді.
1974 жылы жарық көрген «Сын мұраты» атты алғашқы кітабына Қазақстан жастар одағының (Қазақстан Ленин комсомолының) сыйлығы берілді (1976).
1979-1980 жылдары «Жалын» баспасында қызмет істеді.
1980 — 1986 жылдары Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау жөніндегі агенттіктің (ВААП) Қазақ бөлімшесінің бастығы. Осы жылдары қоғамдық негізде тағы бірқатар қызметтерді қоса алып жүрді: Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің алқа мүшесі, КСРО Жазушылар одағы жанындағы сын кеңесінің мүшесі болды.
1986-1991 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болып қызмет істеді.
Ол 80-ші жылдардың басынан теледидарда «Жүректен қозғайық» атты бірнеше жылға созылған тізбекті бағдарлама жүргізді. Өзі теледидарға қызметке келген соң, осы хабарлардың өзектес заңды жал-ғасы ретінде «Парыз бен қарыз» атты авторлық бағдарлама енгізіп, оны бірнеше жыл тұрақты түрде жүргізіп отырды. Қазақстаннан тыс тұратын қандастарымыздың арасында түсіріп қайтқан «Қауышу» хабары да кезінде өте жоғары бағаланды.
Әуезовтың әдеби сын мақалалары мен зерттеу еңбектері терең ғылым таным, соны тұжырым-талдауларымен ерекшеленді.
Еңбегі
Әшімбаевтың негізгі тақырыбы — сын жанры. Оның қаламынан туған зерттеу-талдау тұжырымы, көңілге қонымды сын мақалалары мерзімді баспасөз бетінде жүйелі жарияланып тұрды.
Туған жері Райымбек ауданында өзі оқыған мектебі С. Әшімбаевтың атымен аталады. Алматы қаласындағы бір көшеге оның есімі берілген. Қазақстан журналистер одағы тағайындаған С. Әшімбаев атындағы ең үздік телехабарларға берілетін жүлде бар.<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref>
Шығармалары
- Сын мұраты». Әдеби сын мақалалар. «Жазушы», 1974;
- «Талантқа тағзым». Әдеби -сын мақалалар. «Жазушы», 1982;
- «Парасатқа құштарлық». Әдеби-сын мақалалар, портреттер. «Жазушы», 1985;
- «Шындыққа сүйіспеншілік». Әдеби-сын мақалалар, портреттер, эссе. «Жазушы», 1993;
- «Ақиқатқа іңкәрлік». Әдеби-сын мақалалар. «Ана тілі», 1997;
- 2 томдық шығармалар жинағы. Портреттер, зерттеулер, толғаныстар. Астана, «Елорда», 2006;
- Азаматтыққа адалдық. Әдеби-сын ма қалалар, зерттеулер, толғаныстар. Астана, «Раритет», 2007.<ref>Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3</ref>
Жанұясы
- Әйелі - Шәрбану Қонақбайқызы Бейсенова, жазушы, журналист;
- Ұлы - Даурен (1969-1993), ҚазҰУ-дің Тарих факультетін тәмамдаған, қайғылы жағдайда қаза болған (Кеңсей зиратында, әкесінің қасында жерленген);
- Ұлы - Мәулен (28.01.1971), қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
Дереккөздер
<references/>