Молықбай Байсақұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Молықбай Байсақұлы (1857, Қосағаш ауылы — 1930, Алматы) — қобызшы, бақсы, кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбаны. Өнерпаздық, емшілік қасиеттері әкесінен дарыған. Молықбай — жыр дүлдүлі I.Жансүгіровтің кіндік әкесі, ақынның "Күйші" поэмасының басты кейіпкері. 1930 ж. "халық жауы" деген жаламен тұтқындалып, Алматы түрмесінде қайтыс болған.<ref>Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3</ref>

Өмірбаяны

Абзал халқына киелі қара қобызы және шипагерлік қасиеті арқылы қамқор болғандықтан «қобызшы Молықбай» деп атанған.

Бақ қонып, қасиет дарыған Байсақ «Желді қарағай» деген асуда өсіп тұрған қос қарағайдың жоғарылау тұрғаны жел соққанында үн шығаратынын тыңдап біліп, қобыз жасатуға сол қарағайды әкесі Бұғыбайға кестіртіп алады. Қобызды өз туысы Бектөлеге шаптырып жасатады. Қобызды күміспен күптеп, алтынмен аптаған, аталас туысы, зергер шебері Естібай Мырзағұлұлы болады. Оның ішегі мен шанағына, әмісе жүйрік аттың қылын қолданып отырады. Байсақ қобызын арғын елінде ат бәйгесіне қосып, кие кісілері арқылы аламанда бірінші келтіреді. Соған байланысты ел-жұрты Байсақты «Дәупірім» деп атап кетеді.

«Оңтүстік Қазақстан» газетіне шыққан, «Азамат ақын» атаулы естелігінде Орал Мекембаева: «Молықбай қартты біздің Үлгілі ауылының бар баласы жақсы білетін. Оның қара қобызы сәл желдің лебінен дем алғандай өз-өзінен сыңсып тұратын. Менің ойымша сол қобыздың жаны бар секілді. Тіпті ауылдағы адамдар «Ұлы Отан соғысы жылдары осы қара қобыз халықпен бірге қайғырып, неше бір мұңды сазды тартты» деп жазады.

Қобыздың мойынының морт сынғаны мен жаңқаның орнының тесігі қалғаны рас. Байсақ кіреберіс босағадағы босанған әйелдің жолдасы көмілген, бет топырағы бос жатқан, шұңқырға аяғын тығып алып, оқыс құлап, тобығы мен жіліншегін сындырады. Сонда Байсақтың үйінің төрінде ілулі тұрған қара қобыз өздігінен жерге құлап, ол да мойынынан морт сынып, бір жағындағы жаңқасы орнынан тайып шығып, орны үлкен тесік болып қалады. Осы салдардан киелі үлкен қара қобызды ел-жұрт «жарық қара қобыз» деп атайды.

Киелі жарық қара қобыз 1930 жылдан 1984 жылы Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров мұражайына өткізілгенінше, Молықбайдың келіні, Адасқанның үйінде сақталып келді. 1978 жылы Адасқан апаның үйі дымы қалмай өртенгенде, сандықтағы қара жарық қобыз өрттен дін аман қалады. Бұл әлі шешуі табылмаған қобыздың кие, қасиеті десе де болар.

Молықбайдың әкесі Байсақтан кейін қара қобыз сегіз жыл иесіз үй төрінде ілулі тұрып қалады. Бір күні Молықбайды Садақтыда тары орып, баулап жүргенінде, әкесінің бір қаршыға бастаған жүз кісілік пір киесі көзіне көрініп, кие қысып, ие буып тастаған жерінен көпшілік ес-түссіз күйінде оны үйіне жеткізеді. «Ақсарбас» атап сойылып, Молықбайға әкесінің қасиеті қонып, үлкен нағашысы Қылышты (Қосымбайдың) бақсының дәріпі дарып, қобызда ойнап, бақсы-балгер, емші болып, жадынан өлең шығарып, қобыз сарынына қосып ән, жыр айтып, үш ішекті, төртбұрышты домбырада күй шертіп, халық қолдауымен сал-серілік ғұмыр да кешеді. «Бозінген» әлқиссасында І.Жансүгіров:
«Жар қабақ, сида, арсақай, саршұбар шал,
Көзінің жаңылмасам ақшылыбар.
Шайыдан шапан киіп, үкі тағып,
Бұлғақтап, болған десед серіде сал» - деп жазады.

Дәмелі Имашқызы мен Қалпендеұлы Орысбайдың қалдырған деректері бойынша Молықбайдың түр-сипаты: «Келбетті, ұзын бойлы, сүйегі сұлу, бітімі тік, сақалды, мұртты, бетінің сары шұбар секпілі бар, өңі сары, бүркіт мұрын, оң жақ шекесінде алақандай қалы бар, жар қабақ, арсақай, дауысы жуан», - делінеді. Бұл Ілияс Жансүгірұлының «Күй» поэмасындағы «жар қабақ, сида, арсақай, сар шұбар шал» деген қобызшы Молықбайдың суреттемесімен дәл келеді. «Молықбай қысы, жазы басынан елтіріден тігілген бөрік пен зер тақиясын тастамай, үстіне жазда желбегей шайы шапан, қыста елтірі тон, аяғына саптама етік киіп, өзін өте мұқият таза ұстаған, кірпияз жан еді», - деп деректейді Елубай мен Досбайдың Жанатбектері.

1927 жылы Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов қобызшы Молықбайды арнайы іздеп келіп, Амантекше жайлауында кезігіп, тартқан күйлерін тыңдайды. Сол сапардан Ілияс Жансүгіров «Күй» поэмасын жазып, «Жаңа мәдениет» журналына 1929 жылы бастырып шығарады. Ілиястың «Күй» поэмасын Сұлтанбек Қожанов: «Өте жоғары деңгейлі шығарма», - деп бағалайды. «Аққу», «Құдіреттің құсы», «Ақ көбік-көк көбік» күйлері туралы Молықбай атаның өз аузынан әңгімесін естіген Мұхтар Әуезов 1927 жылы очерктер жазғаны белгілі.

Ілияс Жансүгіров 1927 жылы жазған «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласында: «Жетісудың Талдықорған уезінде Ақсу болысындағы домбырашылардың (Нұрсапа, Егеубай, Молықбай, т.б,) тартатын күйлері мыналар: «Мәдіген шора», «Барақ», «Жошы хан», «Бес төре», «Ақмеди», «Әуре-сарсаң сандалкөк», «Түрікпен», «Әрине-ау», «Түйек қалды», «Борлы қыз», «Қос келіншек», «Қарқара-ау», «Қос мерген», «Терісқақпай», «Қорқыт», «Шыңғысбай қоңыры», «Саркідір», - деп атап жазады. Молықбайдың бұдан басқа ел есінде сақталып қалған күйлері: «Құлақ күй», «Тоғыз толғау», «Жез киік», «Жарбол», «Ақ көбік - көк көбік», «Аққу», «Құдіреттің құсы», «Он сан мен Орманбеттің айырылғаны», «Қазан», «Қорамжан», «Бозінген», «Ер Әлінің дүлдүлі», «Ерден», «Ықылас», «Қара жорға», «Сылқылдақ» деп аталады.

Молықбайдың суырып салма ақындығы мен өлеңдері терең ойлы, философиялық мағынаға өте бай, қанықты болып келеді. Мысалы:
«Жанды нәрсе өледі,
Қыл ырыздық қанағат,
Қайта бәрі өнеді.
Жаңа нәрсе тозады,
Адал болған азамат,
Қай күнде де озады.
Босқа жүрме алқынып,
Еңбек ет адал талпынып.
Байқайсыңдар ма, халқым,
Жақсы өмір тұр шақырып».

Ілияс Жансүгіров 1920 жылы асыл жары, елі - Тасыбай, Берентайқызы Аманшаға үйленеді. Тойға қобызшы Молықбай келіп, өлең-күймен думан жасап, отау құрған екі жасқа ақ батасын береді. Молықбай:
«Айналайын, Ілетай!
Қызын алдың Берентай.
Қосағыңмен тату бол,
Берер сыйым, міне, тай!» - деп, тойына бір тайды тарту етеді.

Молықбай бақсылық ем-домды кім көрінгенге жасамаған. Өзінің ішкі сезімімен сезіп, ем-домы қонатынына көзі жетсе ғана ол адамды емдеуге келіскен. Ақы сұрамаған, елдің бергенін ризық тұтып жүре берген. Тұйғын ақын Қуат Терібаевтің «Күнсағила» деген поэмасы бар. Сол Күнсағиланы талма ауруынан жаз айында жайлауда Молықбай жазады. Қаниса деген әйел бір аяғынан ақсап, баса алмай таяққа сүйеніп келсе, Молықбай сол әйелді оқыс аяғының шыққан жерінен теуіп жазып, ол әйел үйіне сау қайтады. Елі емелелі, 1910 жылы туған, Мұсанов Қанабек ақсақалдың анасы Қалипан, ағайы Шәкербай екеуін үлкен «құлғана мерез» дертіне шалдыққанын 1917 жылы жазады.

Молықбай цирк ойындарын көрсеткенде, жиналған ел оның денесіне жарақат түспес үшін, «дақ салма» деп адақтап тұратын болған, сол салдардан Молықбайдың елге көрсеткен ойындары «Дақ салма» деп аталады.

Ақын Сараның Жиенқұлдан қайтып азат болудың амалын таппай, талай тарыққаны өз өлеңдерінде келтіріледі. Ақын Сара түс көріп, түсін аталас туысы Молықбайға жорытады. Сараға Молықбай: - «Бостандық аласың! Мұңыңды өз еліңе айт! Сосон сыңарыңды дұрыс тап!» - деп жориды. Жоруы дәл келгені тарихтан аян. Ақын Сараның түсіне кірген «Аққу» өлең болып осылай шығады.

Елі бөрте Бисеке мырза: «Молықбайдың тартқан қобызының сарынына тоймадым! Өмірден өтерімде сол сарынды бір естіп өлсем, арманым болмас еді?» - депті. Бисеке сақай, тастемір Арнай болыстың ауылына келгенінде аяқасты ауырып, емдеуге Молықбайды Арнай алдырады. Бисеке Молықбайдың қобыз сарынын естіп жатып көз жұмады.

Қапал мен Лепсі уезінің ояздары Молықбайдың өнерін жоғары бағалап, Шұбарағаш-Ойжайлауда үш жылда бір өтетін съезге өнерін көрсетуге Молықбайды арнайы алдыртып отырады. Халық «тоқсан күй қобызында Молықбайдың» деп оның өнерін пір тұтады. Ақынжан молда мен Сүлей қажының деректерінде: «Қобызшы Молықбай құран сүрелері мен аяттарын қобыз сарынына дауысын қосып, өлең қылып айтқан», - делінеді.

Молықбайдың қобызына 77 жылдан кейін Қанат Дотаұлы Қазақбаевтың қолымен Астана қаласында реставрация жасалып, Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров мәдениет үйінің сахнасында, 16-мамыр күні, астаналық «Тілеп» қылқобызшылар квартетінің жетекшісі Әлқуат Дотаұлы Қазақбаев Молықбайдың қобызымен екі күй орындады. «ҚазҰМА» профессоры, қобызшы Раушан Мұсақожаева: «Молықбай – қобызшы, Қорқыттың артында қалған өлмес мұрасын жалғастырушысы. Біз оның ұмытылған күйлерін қалпына келтіруіміз керек. Молықбай ол Паганини сияқты дүлдүл дарын иесі» - деп, 2007 жылы 15 мамырда Талдықорған қаласында өткен қобызшы Молықбайдың 150 жылдығына арналған танымдық конференциядағы баяндамасында бағалады.

Молықбай - кеңес өкіметі белсенділерінің астамшыл істерінің қуғын-сүргінінің құрбаны болған. Молықбай Құрақбайдың келіні елі ноғас Имашқызы Дәмелінің төркіні мінгізген тор атқа ықыласы ауып, Құрақбайдан қалап сұрап алады. Молықбайдың аталас інісі Нөкербек, партячейка қызметінде жүріп, тор жорға атты Моқаңнан сұрап алып, кеңес өкіметі жасаған талай тойдағы жорға жарысына қосады. Ат басқа аттарға дес бермей, бас жүлдені әперіп отырады. Газет беттеріне тор жорға аттың суреті басылып шығып, даңқы асқақтайды. Тор жорға атқа кеңес белсенділерінің көңілі артып, әсіресе қызылдар белсендісі Күнтуов Құндақбайдың талабы ызғарлы болады. Қалау- тілектері орындалмаған кеңес белсенділері Молықбайдың ісін дік, кек көріп, 1928 жылы екі жүз пұт бидай астық «продналог» деп, оған салым салады. Молықбай өзіндегі бар мал мен қаражатын жиыстырып, салымды өтейді. 1929 жылы қызыл белсенділері Молықбайға үш жүз пұт бидай астық салымын тағы салады. Оны өтеуге мұршасы жетпеген Молықбайды белсенділер «халық жауы» деген желеумен қобызы мен өзін қамауға алып, тор атын, күміс ерін, үй мүлкін «тәрік» деп тәркілейді. «Халықтың Молықбайын ұстадыңдар, қарау ниет, жүзі қаралар» деп, қайнар Торыбай Молықбаймен бірге Алматыға айдалып, Көкесік түрмесіндегі абақтыға екеуі қамалады. Түрмеде Молықбаймен уақытша ұсталған ақын Кенен Әзірбаевтің да жолдары ұштасыпты.

Молықбайдың түрмеде қобызбен орындаған күйлеріне, өнеріне тәнті болған түрме бастығы мен колонна басшысы Молықбайды үш күнге астыртын өз үйлеріне босатып апарып, қобыз сарынына дауысын қосып тартқан күйлерін үнтаспаға, одан пластинкаға жазып алады. Колонна басшысы Молықбайға түрмеден бостандыққа шығуға көмектесіп, «Молықбайды келіп, алып кетіңдер» деген, үй-ішіне телеграммамен хабар жібертеді.

Молықбайдың әйелі мен баласы өгіз арбамен бір ай мерзім шамасындай жол жүріп, Алматы маңындағы Көкесік түрмесіне жеткенінше, Молықбай іш ауруынан 1930 жылы көкек айының 30-ында 73 мүшел жасында қайтыс болып кетеді. Амалы құрыған әйелі мен баласы киелі қара жарық қобызды алып, кері елге оралады.

Қобызшы Молықбай туралы «Күй» поэмасында Ілияс Жансүгірұлы: «Әлемнің әуеніне бермес ем-ау, қазақтың мұны тартқан күйші шалын» десе, жазушы Серік Жанәбіл: «Қорқыт - иісі түркі еліне ортақ болса, Молықбай - қазақтың қобызшысы», - деп ардақ қыла бағалайды.<ref>http://www.baq.kz/kk/regional_media/post/2094</ref>

Молықбай қобызшы

Үлкен атасы Жетібай да қобызшы болыпты. Ұлы бабасы – ер Тоқпанбет. Сүйегі Түркістанда жерленген. Қазақ тарихында белгілі адам. Ақын Сара Тастанбекқызы осы Молықбаймен туысқан.

Қызылорда қаласынан шығатын “Жаңа әдебиет” журналында Ілияс Жансүгіровтің “Күй” поэмасы жарық көреді. Онда Ілияс ақын: “Қазақта қобызшының қалғаны сол”, деп ашық айтады. Ілияс біледі. Ол кезде қазақтың атақты қобызшысы Ықылас Дүкенұлы өмірден өткен кез еді. Кеңес заманына жеткен қобызшы Молықбай Байсақұлы болатын.

Жалғыз қобызшы, Қорқыт күйлерін елге жеткізуші, ірі талант иесі Молықбайдың жазық­сыз түрмеге қамалып өлгені Ілиясқа өте ауыр тиіпті. Ілияс ұлттық тұрғыда ойлайтын адам ғой. “Күйші”, “Құлагер” поэмаларымен бірге “Исатай – Махамбет” пьесасын, Құр­манғазы туралы “Көбік шашқан” дастанын, Молықбай туралы “Күй” поэмасын жазды.


– Қажыған көңіл қамын, жүрек жанын
Қозғаған қобыздағы қоңыр сарын.
Әлемнің әуеніне бермес ем-ау,
Қазақтың мұңын тартқан күйші шалын, – деп Ілияс жүрегімен жырлайды.

“Қазақтың мұңын тартқан күйші шалын”, – деген сөздің астарында қазақ ұлты жатыр. Ілияс Молықбайдың күйлерін өте жоғары бағалады.

Мағжан Жұмабаев қобызшы Қойлыбай бақсы туралы поэма жазды. Сәкен Сейфул­линЫқылас қобызшы” деген әңгімені өмірге әкелді.

Ілияс Молықбайдың қайдан шыққанын, өмірде болғанын елге айтып кетеді.

“Матайда, Кенже, Тұңғат, Сақайдағы!” – деп айтуы Молықбайдың төл құжатының белгісі. Қобызшыда тууы туралы куәлік болмаған.

Қобызшының тұсында Ақсу өңірінде атақты Толғанбай ақын өмір сүрді. Қобыз­шы осылармен араласты. Әсет Найман­баевтың өзі Молықбайдың қобызындағы күйлерді тыңдаған. Жетісу жерінде атақты Сүйінбай, Бақтыбай ақындармен бірге Молықбай қобызшы қатар айтылады.

Молықбай Байсақұлының туғанына 150 жыл толуына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті

2007 жылы 16 мамыр күні Талдықорған қаласының І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Молықбай Байсақұлының туғанына 150 жыл толуына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті. ҚазҰМА профессоры Раушан Қожабекқызы Мұсақожаева:

– Қорқыт күйлері әлі тірі. Қойлыбай, Молықбай, Ықылас сияқты қобызшылар оның күйлерін халыққа жеткізе білді. Молықбай – қобызшы Қорқыттың артында қал­ған өлмес мұрасының жалғастырушысы. Біз Молықбайды өз көзімен көріп, оның күйлерін тыңдап, “Күй” поэмасын жазған Ілияс ағамызға алғысымызды айтамыз. Кеңес заманында Қазақ елінде қалған жалғыз қобызшы осы Молықбай Байсақұлы. Біз оның ұмытылған күйлерін қалпына келтіруіміз керек. Өнер өшпейді. Молықбай ол Паганини сияқты дүлдүл дарын иесі. Паганиниге ескерткіш орнатылған. Елі оны құрметтейді.

Ал қобызшыға ескерткіш орнатылмаған. Бұл өкінішті. Иә… Өкінішті! – деді.

Раушанның бұл сөзі елге ой салды.

Жанғали Жүзбаев, Әбдіманап Жұмабекұлы, Жемісбек Дәулетбекұлы ойлы пікірлерін айтты. Сейдахмет Мұхаметшин, Егеубек Далбағаев қобызшыға ескерткіш орнатуды жөн деп қолдау білдірді. Молықбайдың киелі қара қобызын қайта өңдеп, қалпына келтірген өнер шебері Қанат Қазақбаевқа ел алғысын айтты.

– Мен 1970 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы кон­серваторияда оқып, атақты қобызшылар Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтан дә­ріс алдым. Молықбай күйлерін елге оралтуымыз керек. “Жезкиік”, “Бозінген”, “Аққу”, “Құдіреттің құсы”, “Желмая”, “Ақсақ құлан” күйлерін қобызға түсіріп елге таратқан осы Молықбай қобызшы! – деді Ә.Жұмабекұлы.

...Ілиястың туған інісі Қызырбек Жансүгіров өз аузынан...

Молықбайды Ілиястың терең білуінің сыры бар. Молықбайдың ата тегі қобызшы болған екен. Әкесі Байсақ, атасы Бұғыбай, бабасы Жетібай атақты күйшілер еді. Ал Ілиястың әкесі Жансүгір, атасы Берсүгір, бабасы Өтеш ақын адамдар бол­ған. Ілияс туғанда Құмдағы Қайнар баба ауылына Молықбай барады. Жансүгірдің әйелі екінші ұлына босанады. Меккеден қажы атанып келген Берсүгір қария:

– Балам! Атыңды Молықбай деп қойған екен. Елге молшылық әкелсін деп ниет білдірген ғой. Әкең Байсақ пен атаң Бұғыбайды танимын. Ақын Сара қарындасың. Текті әулеттің түлегісің. Ұлы бабаң – ер Тоқтанбет. Елің Сақай. Біз де тегін емеспіз. Смағұл қажының өзі неге тұрады. Жаңа өмірге келген немеремнің есімін өзің қой! – депті.

Көкшіл көзді, өңі нұрлы, ер мінезді Молықбай сөзге келмей жас нәрестеге Ілияс пайғамбардың есімін беріпті.

Бұл әңгімені маған Ілиястың туған інісі Қызырбек Жансүгіров өз аузынан айтты. Ілиястың ағасы Бимағзұмның баласы Кәппай куә болатын. Ферману жеңгей шай құйып беріп отырды. Үйде Қосан, Айт, Нығымет, Қалиасқар, Бөрібек, Сейітжан, Байғоржын, Жұматай есімді ауыл адамдары бар еді.

Орысбай ақсақал...бір әңгіме айтты

Молықбайдың туысқаны Орысбай ақсақал 1968 жылы үйінде отырып бір әңгіме айтты:

– Ілияс Ташкенттен келген соң осы ауылдағы Белтоғанда мұғалім болды. Бірінші әйелі Аманшаға үйленді. Жансүгір той жасады. “Шиліөзектің” бойында ат бәйгесі өтті. Жансүгір тойға Молықбайды шақырды. Басына бөрік киген, бойы ортадан жоғары, өткір жанарлы, жүзі нұрлы адам екен. Әр адамға тесіле қарап отырды. Ел: “Молықбай келді!” деп шуылдап жатты. Ойын баласы едім, – деді…

– Ілияс әйелі Аманша баладан қайтыс болғаннан кейін 1925 жылы музыка зерттеушісі, өзінің досы Затаеевичті Ақсуға ертіп келіп, Молықбаймен кездестіреді.

Бірнеше күйлерін жазып алыпты.

Ілияс соңғы рет Мұхтар Әуезовті ертіп Сарқандағы Аман жайлауында киіз үйде отырған Молықбайға барып жолығады. Қастарында Талдықорған қаласы басшысының бірі Шамай Шінәсілов болыпты.

Төрт күндей қобызшының үйінде қонып, оның күйлерін тыңдайды. Ілияс “Күй” поэмасын сол жерде жазса керек. Көп кешікпей Желдіқарағайға бет алыпты. Ілияс өзінің “Жетісу суреттері” циклын атпен ел аралап жүріп жазған деген сөз бар.

Молықбай Жетісудың жер аттарын өте терең білген адам. Мәскеуде, Қызылордада жүрген Ілияс Жетісудың жері мен өзен, бұлақтарын осы Молықбайдан сұрап алған тәрізді.

Молықбайды кеңес заманының саясаты онша қызықтырмапты. 1927 жылы Ақсу ауданында Сарметен деген кісінің баласы Баймолданың қызы Мәрияны Шоқпар руындағы Мырзақ­ұлдың ұлы Қожа алыпты. Осы тойда Молықбайдың жүйрік Кер аты бас бәйгеге ие болыпты. Жүйрік ат Ақсу өңірінің Құлагері екен. Осы атты аудан басшыларының бірі сұрап қолқа салады. Ақыры ұрлатады. Молықбай қасына аталас туысқаны Нөкербекті ертіп, әлгі басшыға барады.

– Сен бақсысың! – деп әлгі қобызшыға тіл тидіреді. Мазақ жасайды. Қарт күйші қатты күйінеді. Қолындағы тобылғы сапты қамшысымен әлгі басшының басынан салып-салып жібереді.

Бет-аузы қан-жоса болған әлгі айғайлап далаға шығады. Бар даусымен: “Көзім!” деп шыңғырады. “Молықбай пар­тияға қол көтерді!” деп оншақты адам куәге шығады. Сот болады. “Бақсы” деген айып тағады. Молықбайды Алматы қаласындағы түрмеге әкетеді. Молықбай жүрер алдында ағайын-туғанымен қоштасады.

– Мен енді оралмаймын. Түсіме бабам Кенже батыр кірді. Атының артына мінгізіп алып кетті. Алдым қара түнек түн болды. Мен енді күн көзін көрмеймін. Мекенім түрме. Алматының ауылы қашық. Артымнан іздеп әуре болмаңдар. Үкіметтің құрығы ұзын. Мойныма ноқта түсті. Оны шеше алмаймын! – депті.

Інісі Нөкербекке қарап:

– Құмдағы Қайнар еліндегі Жансүгірге сәлем айт. Баласы Ілиясқа бір ауыз сөз айтсын. Менің ұсталғанымды білсін! – депті. Бұл қобызшының соңғы сөзі екен. Милициялар оны арбаға отырғызғанда кеудесін жоғары ұстап, оларға ащы мысқылмен ұзақ қарапты! – деген еді қарт журналист Тәңірберген Қалилаханов.

Молықбайдың әйелі Ырсай мен ұлы Тілеубек арада айлар өткен соң түрмеде өлген қобызшының басына киген бөркі мен қыстық тонын елге алып келіпті. Сүйегі түрмеде қалыпты. Оның қайда жерленгенін ешкім білмеді.

1938 жылы Ілияс та Алматы түрмесінде атылды. Сүйегі қайда, ол жағы жұмбақ.

Мейрамбай, Орысбай, Жанатбек ақсақалдардың Молықбай туралы айтқандары

Ақсу ауданындағы Қызыл таң ауылында осы ауылдың дана қарттары Мейрамбай, Орысбай, Жанатбек ақсақалдардың Молықбай туралы айтқандарын естіп өстім. Бұл кісілердің қобыз­шының туысқандары екенін кейін білдім.

Ол кезде ойын баласы едік. Бірде совхоздағы №1 ферманың меңгерушісі Бөрібек ағай таяғына сүйеніп тұр екен. Кеңсенің күншуағында әңгіме айтып отырған Мейрамбай мен Жанатбек қарияларға көзі түсті. Барып сәлемдесті.

– Сіздерге бір сұрағым бар. Екеуіңіз де Молықбай қобызшыны өз көздеріңізбен көрдіңіздер ғой? – деді Бөрібек аға.

Дауысы қатты шығатын. Екпіндеп сөйлейтін. Ержүрек, батыр мінезді адам еді

– Байсақ пен Жансақ бірге туысады. Молықбай Байсақтың баласы болса, менің әкем Байдархан Жансақтың ұлы. Мен Молықбайға іні боламын, – деді Мейрамбай ақсақал.

– Күзде бір мәшине шөпті тегін түсіртіп бергіземін! – деді Бөрібек ағай риза болып.

– Маған ше? – деп Жанатбек қария көзін күннен көлегейлеп, көкшіл көзімен Бөрібекке қарады.

– Молықбай туралы не білесіз?

– Білемін. Ол “Бозінген”, “Көк көбік”, “Құдіреттің құсының күйі”, “Аққу” деген күйлерді тартатын. Ол кезде жасым он алты, он жетіге келген кезім ғой. Қобыз­ды күміспен күптеп, алтынмен аптаған өзінің туысқаны Естібай ұста. Мырзағұлдың баласы. Байсақ атамыздың зираты Егінсу ауылының тұсындағы Жа­наш деген жерде. Маңайы қалың қамыс. Шағын терең көл бар. Ел ол жерді “Байсақ көлі” деп атайды. Молықбайдың өзі Алматының абақтысында қайтыс болды. Қайда жерленгенін ешкім білмейді. Кеңес заманының қызметкерін сабады деп басына бәле тілеп алды. Молықбайды “бай”, “бақсы” деп айыптады. Жүйрік Кер атын аудан уәкілі тартып алды. Уәкілді босқа сабады! – деп Жанатбек қария басын шайқады.

– Сізге де шөп беріледі! – деді Бөрібек аға.

Жанатбек қария қатты қуанып қалды да:

– Партиямен ойнауға болмайды. Заң қатал ғой! – деді.

– Менің естуімше Молықбай көкем Әсет ақынның әндерін көп айтады екен. Әсет Маман байдың балаларымен араласып тұрыпты. Қарағаштағы ауылда көп болыпты. Қобызшыны да Маман балалары құрметтеген ғой. Көкем түрмеде жатқанда артынан бірінші рет әйелі Ырсай мен баласы Тілеубек барыпты. Қобызшы қатты жүдеп кеткен екен. Ауылдан апарған тамақтарды жанындағыларға беріпті де:


– Ел-жұрттан алыс кетіп ақырында,
Аяғын шалыс басқан мен бір пенде,
Ән-күйдің қыз-қызының отын үрлеп,
Кез болдым кері аққан қатты селге, – деп, осы сөзді қайталап айта беріпті. Баласына айтыпты:

– Сен Ілиясқа жолық. Мені сол ақтап алады, – депті.

– Әке, өзіңіздің өлең бе? – депті Тілеубек.

– Әсеттікі ғой! – деп қобызшы көзіне жас алыпты, – деді Мейрамбай ақсақал.

...Молықбай қайтыс болған 1930 жылы Шәмші Қалдаяқов өмірге келген...

Молықбай ел арасында өте беделді адам болған. Қапал мен Лепсі уезінің ояздары Шұбарағаш пен Ойжайлауда үш жылда бір рет дала съезін өткізеді екен. Сол жерге ояздың арнайы шақыруы­мен Молықбай барып, қобыз тартып, елдің алғысын алыпты.

– Молықбай тартқан қобыздың сарынына тоймадым, – деген екен Бөрте руынан шыққан өте беделді адам Бисеке мырза.

Молықбай қобызшы 1857 жылы туып, 1930 жылы қайтыс болды деп жоғарыда айттық. Оның өмірден өткеніне биыл 80 жыл толады.

Қобызшы Молықбай қайтыс болған 1930 жылы Отырарда ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов өмірге келген екен.

Молықбайдың артында жалғыз қара қобыздан басқа еш нәрсе қалмады…

Молықбайдың қобызын 80-жылдары Тал­ды­қорғандағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың ректоры, белгілі мемлекет әрі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Үлгілі ауылына барып, қобызшының келіні Адасқан апайға жолығып, батасын алып, Талдықорғандағы музейге өткізеді.

Иесіз қалған қара қобыздың рухы қолдаған Мырзатай ағамыз мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді.

Қобызшы туып-өскен Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентіне Молықбайға ескерткіш орнатылса деген ой мазалайды. Облыс әкімі, өнер жанашыры Серік Үм­бетов осы шаруаны жеріне жеткізеді деп сенеміз.

Молықбайдың тұяғы Тілеубек 1942 жы­лы қайтыс болады. Одан қалған Қанабек пен Қанатбек жастай шетінеп кетеді. Қызы Қан­тай Қапалдың жанындағы Қоңыр ауылында беріректе ғұмыр кешіп, өмірден өтеді. Бүгінгі таңда Молықбайдың артында жалғыз қара қобыздан басқа еш нәрсе қалмады… {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Молықбай Байсақұлы|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}