Жамбыл мұражайы (Алматы облысы)

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Үлгі:Ғимарат Жамбыл мұражайы-үйі кешеніРеспубликалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген тарихи және мәдени мекеме.

Орналасқан жері

Алматы облысы Жамбыл ауданы, Алатаудың Майтөбе биігіне таяу жатқан жазықта, қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаев көз жұмған Жамбыл ауылында орналасқан.

Тарихи деректер, ашылуы

1945 жылы 30 шілдеде Қазақстан Жазушылар одағы Республика ХКК-на Жамбыл мұражайын ашу туралы хат жолдады: «Қазақстанның ұлы халық ақыны, үш рет орден алған Жамбылды мәңгілік есте сақтау шаралары ішінде оның үй-жайын мемлекеттік әдеби мұражайға айналдыру басты орында тұр. Мұнда Жамбылға байланысты, оның күнделекті пайдаланған заттары мен киімінен бастап, еңбектері мен ол туралы зерттеулердің барлығы жиналуы керек. Жазушылар одағы төралқасы бұл шараны бірінші кезекте, әзірше ақынның үйі өзі өмір сүрген кезден өзгермей сақталып тұрған кезінде шешу керек деп есептейді.
Жамбылдың үй-жайын мұражайға айналдыруды, орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкиннің үй-жайы, В. В. Маяковскийдің Мәскеудегі мұражайы, Таганрогтағы Чеховтың үйі, Ясная Полянадағы Л. Н. Толстойдың мұражайы секілді ұйымдастыруымыз керек».
1946 жылы 13 ақпандағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысына сәйкес Алматы қаласынан 70 км жердегі қазіргі Жамбыл ауылынан Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды үй-мұражайы ашылды. Мұражай кешеніне Жамбыл өмірінің соңғы жылдарын өткізген (1938–1945) 12 бөлмеден тұратын бірқабатты ағаш қаңқалы үй, ақын 1938 жылға дейін тұрған үй, кесене мен саябақ (сәулетшілері И. И. Белоцерковский, В. В. Бирюков, А. К. Деев) кірді.

Мұражай-үй кешені сипаты

Мұражай экспозициясын Жамбылдың жеке заттарынан, үкімет марапаттарынан, жәдігерлерден, КСРО мен шетелдерде басылған ақын туындыларынан, сурет, мүсін менграфика, сәндік-қолданбалы өнер туындыларынан, кеңес әскерлерінің, еңбек ұжымдарының естелік сыйлықтарынан, фотографиялардан, құжаттардан, ақынның қоғамдық қызметі мен шығармашылық жолы туралы сыр шертетін 12 бөлме құрайды. Гаражда Жамбылдың жеке автомобилі «М-1» тұр.<ref>АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 1 т.–584 б., карталар, суреттер. ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-216-0</ref>

Ақын кесенесі

Мұражайдың іргесінде ұлы ақынның көзі тірісінде егілген ағаштар, сол қалың баудың түкпіріне таман алма мен алмұрт бағының арасында 1946 жылы салынған кесене тұр. Кесене 1970 және 1996 ж. қайта жөнделіп, ақ мәрмәрмен қапталған. Кесененің дәл ортасына ұлы жыршыға құлпытас қойылған. Ақын денесі осында жерленген. Кесененің дәл іргесінде, сол жақ босағасына ақынның киесі — қызыл шұбар жолбарыс мүсіні орнатылған (1996).

Үлгі:Толық мақала


Бөлмелері мен экспозициялары

Сурет:Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музейі.webm
Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музейі

Жамбыл өмір сүрген үй — мұражайдағы бөлмелер сол күйінде сақталған. Ондағы он екі бөлменің әрқайсысы тарихи жәдігерлерге толы, әрбір зат — ақын өмірінің тікелей куәгері. 1996 жылы мұражай-үйге жанамалай конференц зал салынып іске қосылды. Бұл конференц залдың алғашқы іргетасын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев қалады.

Сурет:Жамбылдың домбырасы.webm
Жамбылдың домбырасы
  • Алғашқы бөлме Жамбылдың ұлы ұстазы ақын Сүйінбайға арналған. 1916 жылғы көтеріліс тарихын, Жамбыл шығармаларынн баяндайтын бөлімде Х. Наурызбаевтың “Амангелді Иманов” атты мүсіні және 1913 жылы Жамбылдың ақындар арасында түскен тарихи суреті тұр. 1919 жылы мамыр-маусымда өткен ақындар мен күйшілердің слеті жөніндегі материалдардың фотокөшірмелері, Верныйдағы сол слет өткізілген үйдің суреті, ақынның жаңа өмір серпінінен туған шығармалармен таныстыратын материалдар қойылған. 1934 жылы маусым айында қазақтың ұлттық өнер шеберлерінің тұңғыш республикалық слеті өтті. 1936 жылы сәуір айында айтыскер ақындардың 2-слеті болды. Мұражайда Жамбылдың суырып салма ақындығы оқшау көрінген осы слеттерге қатысты материалдар да қойылған.
  • Мұражайдың ауқымды бөлімдердің бірі Жамбылдың Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне қатысуына арналған. Мұражайдағы Мәскеу онкүндігіне арналған экспозицияда Жамбылдың С. Мұқановпен, К. Байсейітовамен, Т. Жароковпен және колхозшылармен, мемлекет қайраткерлерімен кездесулерінен фотосуреттер қойылған. Жамбылдың Қазақ КСР-інің 1-шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кеңестердің бүкілқазақстандық төтенше 10-съезінің делегаты болғандығына толтырылған мандаттар, ақынның ең алғашқы наградасы — Еңбек Қызыл Ту ордені, М. Соловьевтің “М.И. Калинин Жамбылға орден тапсырып тұр” деген картинасы да осында тұр. Мәскеудегі онкүндікке қатысушылармен бірге Жамбылды бүкіл ел қошаметпен қарсы алды. 1936 жылы мамырдың 17-нен 23-не дейінгі аралықта өткен онкүндікте Жамбылдың қолма-қол төгіп шығарған толғаулары елге күнбе-күн тарап жатты. 1937 жылы желтоқсанда Жамбыл әуелі Мәскеуге, сол жақтан Тбилисиге, Шота Руставелидің жұртқа белгілі “Жолбарыс терісін жамылған батыр” поэмасының 750 жылдығын тойлауға арналған КСРО Жазушылар одағы басқармасының пленумына барған сапары топ-топ жыр болып, “Кавказға саяхат” деген кітабына кірді. Ақын 1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, мемлекет тарихында тұңғыш рет парламент мәжілісі өлеңмен ашылды. Оны ашқан да “20 ғасырдың Гомері” Жамбыл Жабаев еді.
  • Мұражайдағы Жамбылдың шығармашылық қызметінің 75 жылдық мерекесін тойлау жөніндегі бөлімде елдің түкпір-түкпірінен және көптеген шет елдерден “халық поэзиясының ақсақалына” жіберілген құттықтау жеделхаттар мен хаттардың фотокөшірмелері, сондай-ақ, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы оны Ленин орденімен наградтағаны туралы 1938 жылы 19 маусымдағы Жарлығы, той иесіне тапсырылған адресаттар, фотоальбомдар, сый-сияпаттар қойылған. Көркем әдебиетті дамытудағы аса көрнекті табыстары мен жетістіктері үшін марапатталған 52 ақын-жазушының ішінде Жамбылдың “Құрмет Белгісі” орденімен наградталғаны туралы 1939 жылы 31 қаңтардағы жарлықтың фотокөшірмесі де, 1941 жылдың наурызында берілген Мемлекеттік сыйлық лауреатының дипломы да осы тұсқа қойылған.
  • Мұражайдың Отанды қорғауға арналған бөлімінде “Ленинградтық өренім” өлеңі, оның отты жылдардағы жеңіске жұмылдырған поэтикалық қуаты, плакаттар, бұған қоса қарт Жамбылға алғыс сезіміне тола жазылған майданда жүрген жауынгерлердің сарғайған хаттары да тұр. Ақын есіміне деген сый-құрметтің белгісі ретінде Ленинградтың 250 жылдығына арналған медаль да осында қойылған. Бұл медаль 1959 жылы Жамбыл мұражайына жіберілген. 1942 жылы 1 маусымда “Правда” газеті: “Рақмет, қымбатты ақын, бізді қуантқаныңыз үшін сізге жауынгерлік қызылармиялық рахметімізді айтамыз. Бәріміз де сіздің жырларыңызды жатқа білеміз” деп жазды. Жамбылдың ұлы — Алғадай 1943 жылы 22 ақпанда Синельников қаласы түбінде ерлікпен қаза тапты. Жамбыл бұл қазаға қатты қайғырды. Ақынның шері “Алғадай туралы ой” деген жоқтау жырға айналды. Жамбылдың Ұлы Отан соғысы кезінде шығарған жырлары — қазақтың ұлттық патриотизмінің тамаша тарихи ескерткіштері. Олардың өзі “Соғыс жырлары” деген тұтас бір жинаққа айналды. Ол қазір мұражайда сақтаулы.
  • 1945 жылы 22 маусым, сағат 7-ден 55 минут өткенде ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың жүрегі тоқтады. Мұражайдағы бір экспозиция Жамбылмен қоштасу сәтін бейнелейді. Халық поэзиясы алыбының қазасына дүние жүзіндегі көптеген елдердің өкілдері қайғырып көңіл айтты. Оны жерлеу Қазақстан үшін — бүкілхалықтық, бүкілмемлекеттік сипат алды.
  • Келесі бөлмеге Жамбыл мұрасын зерттеуші, жамбылтанушылардың шығармалары қойылған. М. Әуезов, С. Мұқанов, С. Садырбаев бұл салада үлкен еңбек сіңірді. Мұражайда Жамбылдың ізбасарларынан К. Әзірбаевтың, Ү. Кәрібаевтің, Н. Байғаниннің, И. Байзақовтың, Жамбылдың немересі — ақын Әлімқұл Жамбыловтың және басқа да көптеген белгілі көркем сөз шеберлерінің бейнелері тұр. Үйдің ортасындағы ас үй – кезінде қазақ қонақжайлылығының куәгері болғаны анық. А. Толстой, Л. Соболев, М. Әуезов, П. Тычина, К. Байсейітова, Б. Келлер, С. Эйзенштейн, Ә. Қастеев және т.б. қайраткерлер әр жылдары, әр кезде осында болып, ұлы ақынмен тілдесіп, әңгімелескен.
  • Үйдің сол жақ қанатындағы бұрышта — ақынның өз бөлмесі. Бұл шағын ғана бөлме, үстел, кресло, радиоқабылдағыш, орыс, қазақ тілдерінен жиналған шағын кітапхана, 7 сағат 55 минутты көрсетіп, тоқтап қалған қабырға сағаты. Бұған жапсарлас, терезелері теріскейге қараған бөлме — ақынның ұйықтайтын бөлмесі. Бұл бөлме Жамбыл дүниеден қайтқан сәттен ешбір өзгермеген. Есіктің оң жағында киім ілінген шкаф тұр. Бұрышта — ағаштан қиып жасалған шифонер. Терезе аралығында алдында күнделікті тұрмысқа керекті заттар қойылған айна тұр. Қымыз құятын торсық, ақынның асатаяғы, күлсауыт және оның өмірлік серігі болған көне домбыра.

Ұлы Жамбылдың туғанына 150 жыл толар қарсаңында өзінің тарихи тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасының, оның тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың нұсқауымен, Республика үкіметінің шешімімен толық жаңғыртылып, қайта салынған тарихи мұражай еліміздегі ірі тарихи ескерткіш-мекенге айналды. Жаңа салынған конференц залда Жамбылдың 150 жылдық мерейтойын тойлау рәсімдеріне байланысты мұражайға ескерткіш — сыйға берілген құжат, тарту-таралғылар, сурет, т.б. көрмесі қойылған.
Мұражай бағының ішінде, Жамбыл кесенесінің жанында қазақтың біртуар композиторы, дирижері, ұлы ақынның інісі Нұрғиса Тілендиевтің бейіті мен ескерткіш-құлпытасы бар. Бір ғасыр өмір кешкен ұлы таланттың туып-өскен мекені — қазақстандықтардың зиярат ететін қасиетті орындарының бірі.

Кешен экспонаттарынан...

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

Үлгі:Алматы облысындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері