18 ғасырдың екінші жартысындағы Ресей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

XVIII ғасырдың екінші жартысындағы патша үкіметінің Кіші жүз бен Орта жүздегі саясаты

Сурет:KhivaWalls.jpg
Хиуа хандығы

XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақ қоғамының онсыз да ауыр жағдайын солтүстік-батыстан — башқұрттар мен Еділ қалмақтары, солтүстіктен — Сібір қазақтары, оңтүстіктен Қоқан және Хиуа хандықтары тарапынан төнген қауіп күрделендіре түсті.

Қазақ елінің халықаралық жағдайының шиеленісіне түсуі және ішкі ұлттық тұтастықтың болмауы Әбілқайыр бастаған саяси топтың Ресей империясының үкіметімен жақындасуына жол ашты. Бұл жағдай қазақ қоғамындағы саяси күштердің өзара алауыздығын тереңдете түсті.

Кіші жүзде өзара дүрдараз Әбілқайыр хан мен Батыр сұлтан билік жүргізсе, Орта жүзде Сәмеке мен Күшік хандар ресми хан саналғанымен, Барақ пен Әбілмәмбет сұлтандар да дербес билікті иемденді. Сәмеке мен Күшіктің билігі Ұлы жүздің бір бөлігіне де тарады. Олар өз кезегінде Жоңғарияға тәуелділікте болды. Ал Ұлы жүздің қалған бөлігінде Жолбарыс ханның билігі сақталды. Патша үкіметі қазақ билеушілерінің өзара алауыздығын шебер пайдаланып, әкімшілік және саяси шаралар арқылы батыс аудандарды отарлауын жеделдетті. Қазақ жерінің батыс бөлігі Ресей империясына іргелес орналасқан аймақ еді. Кіші жүздің бірінші болып Ресейге қосылуы мұнда, отарлық езгінің алғашқы ауыртпалығын да ала келді. Осыған байланысты Кіші жүз үнемі ұлт-азаттық қозғалыстың ошағына айналды.

XVIII ғасырдағы қазақ қоғамындағы билеуші топтардың арасындағы алауыздық 1748 жылы Әбілқайыр ханның өліміне әкелді. Бұл қазақ жүздерінің басын біріктіру мүмкіндігін әлсіретті. Әбілқайыр ханның орнына келген Нұралы ханның билігі енді Орта жүзге жүрмеді. Тіпті Кіші жүздің өзінде Әбілқайыр мұрагерлерінің жағдайы орнықты болмады. Нұралыны Кіші жүздің рубасылары түгелдей мойындаған жоқ.

Сурет:Abilkhayr.jpg
Әбілқайыр хан

Сырдария төңірегіндегі, шекті руы Батыр сұлтанды хан сайлады. Нұралыны тек байұлы рулары қолдады. Нұралы өз жағдайының қиындығын жақсы түсінді, ендігі уақытта қолдауды рубасыларынан емес, патша үкіметі тарапынан іздей бастады. Кіші жүздегі нақты жағдайдың барысын бақылап отырған патша үкіметі де өз тарапынан Қазақ жүздерінің саяси жағынан нығаюына мүдделі болған жоқ. Орта жүздегі Абылай ықпалының арта түсуі, қазақтарға көрші башқұрт халқында азаттық күрестің өрістеуі патша үкіметінің отаршылдық мүдделеріне қайшы келеді.

1748 жылы патша үкіметі Нұралыға хан атағын бекітіп беріп, жылына 600 сом мемлекеттік жалақы белгіленген. Ол орыс мемлекетінен жалақы алатын шенеунікке айналды. Нұралы хан енді өзінің барлық іс-қимылдарын патша үкіметімен ақылдасып жүргізуге тиіс болды, оған Орынборға аманат жіберіп тұру міндеті жүктелді. Патша үкіметінің бұл шаралары Нұралыға деген сұлтан ақсүйектері мен рубасыларының қарсылығын одан әрі өршіте түсті. XVIII ғасырдың 40—60-жылдарында оңтүстік шекаралардағы жайылымдар үшін қарақалпақтар, түрікмендермен қақтығыстар да күшейе бастаған еді.

Қазақтардың Еділ мен Жайық арасындағы жерлер үшін торғауыт қалмақтарымен қарым-қатынасы нашарлай берді. Халықтарды бір-біріне айдап салу мақсатында патша үкіметі «ішкі жаққа» өткен қазақтарды тұтқындауға бұйрық берді. Осының бәрі Нұралы хандығында қысқы жайылымдар үшін жер тапшылығы дағдарысын туғызды.

Патша үкіметінің Каспий теңізінің солтүстік-батыс өңіріндегі құнарлы да шұрайлы жерлерді орыс помещиктеріне бөліп беруі қазақтардың дәстүрлі жайылымдық жерлерін мейлінше тарылтты. Жайық бойын қуалай тұрғызылған бекіністер тізбегі — Ор шебі қазақтар тарапынан қарсылық тудырмай қоймады. Ор өзенінен әрі жалғасқан Сібір, Ащы шебі Ертіс шебімен қосылды. Ал бекіністерге қоныстандырылған орыс-қазақтар мен жерсіз орыс шаруаларының жергілікті қазақтардың жеріне көз салуы патша үкіметі езгісіне қарсы наразылықтың өрістеуіне негіз болды.

17421765 жылдардағы заң актілері бойынша казақтардың Еділ мен Жайық арасындағы, Есіл мен Тобылдың жоғары ағысындағы, Каспий теңізінің солтүстік жағалауы бойындағы жерлерде көшіп-қонуына тыйым салынды. Бұл жағдай казақтардың түпкілікті мүдделеріне қайшы келді. 1771 жылы Еділ мен Жайық арасындағы қалмақтардың біразы Жоңғарияға көшіп кеткеннен кейін де бұл жер қазақ әскерлеріне және мемлекеттік қорға берілді. Осылайша жер тапшылығы қазақ билеушілерінің арасындағы алауыздықты одан әрі ушықтыра түсті.

Ертістің оң жағалауындағы жерлерге қоныстану құқынан айырылған Орта жүз қазақтарының жағдайы да Кіші жүз қазақтарының ахуалына ұқсас еді. Сібір қазақ әскері басшылары қазақтардың орыс бекіністеріне әуелде 10 шақырым, кейіннен 50 шақырым жақын келіп мал жаюына тыйым салды.

Жергілікті сұлтан, билердің Орынбор шекаралық комиссиясына наразылық білдірген шағым хаттары назарға ілінбеді. Онымен қоймай Орал әскери бекінісінің атаманы «барымташы, қазақтарды жазалау» деген желеумен «әскери серуендер» деп аталған әскери шапқыншылықтар ұйымдастырып тұрды.

Аталған мәселелерді шешуде Нұралы ханның дәрменсіздігі оның тек сұлтандар мен рубасыларының ғана емес, халық алдындағы беделін түсірді.

Қазақтардың 1773—1775 жылдары Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысуы.

Ресейдегі Е.Пугачев бастаған көтеріліс қатыгез басыбайлылық тәртіпке қарсы бағытталса да, оған үлкен ынта-жігермен және үмітпен Еділ-Жайық бойындағы башқұрт, татар және қазақтар да қатысты. Орта жүз, әсіресе Кіші жүз қазақтары патша үкіметінің жер мәселесіндегі отаршыл саясатына қарсылық танытып, шаруалар көтерілісіне қосылды. Пугачев үндеуінің Кіші жүзде таралуы қазақтарды стихиялы түрде көтеріліске тартты. Халық жасақтары билеуші топтардың қол астына шоғырлана бастады. Өйткені патша үкіметінің Жайық, Ертіс өзендерінің оң жағасындағы шұрайлы жерлерді орыс-қазақтарға беріп, қазақтардың бекіністер орналасқан өңірге жақындауына тыйым салуы халықтың ашу-ызасын тудырды. Ал Пугачев болса езілген халық бұқарасын «жермен қамтамасыз етуге» уәде берген еді.

Сурет:Yemelyan Pugachev.jpg
Емельян Пугачёв

Кіші жүздің ірі ақсүйектері — Ералы мен Досалы, Айшуақ сұлтандар көтерілісті қолдады, тіпті 1773 жылы 17 қарашада Нұралының өкілі Зәбір молда Пугачевқа арнайы сыйлықты табыс етуге аттанды. Одан Пугачев Кіші жүз қазақтарының көмегі ретінде әскер жіберуін сұрайды.

Нұралы, бір жағынан, Пугачевқа қылыш, шапан, арғымақ сыйлай отырып, екінші жағынан, Орынборға көтеріліс қимылдары туралы хабарлап отыруды да ұмытқан жоқ. Пугачев көтерілісі Жайық қалашығы ауданында басталды. Ол негізгі күшімен Жайық бойымен жоғары жылжиды. Форпост, қамалдар, соның ішінде Илецк қалашығы Пугачевқа ұрыссыз беріледі. Көтеріліс Қазақстанның солтүстік-батысын қамтып, өлкенің негізгі әкімшілік және әскери орталығы — Орынборды қоршауға тырысты. 1773 жылы 5 қазанда 2500 адам, 20 зеңбірекпен қамалды алуға ұмтылды. Оған башқұрт халқының батыры Салауат Юлаев, Оңтүстік Орал зауытының жұмысшылары қатысты. Орынборды қоршау кезінде тама, табын, жағалбайлы руларынан шыққан қазақ қолдары Пугачев жасағына белсенді қолдау көрсетіп, орыс бекінісіне шабуыл жасайды.

Досалы сұлтан өзінің ұлы Сейдалыны бас етіп, Пугачевқа көмек ретінде топ жөнелтті. Деректерге қарағанда, Орынборды қоршау кезінде 2 мыңға жуық қазақтар бекіністерді шабуылдауға қатысқан. Орта жүз руларынан келген топтар Орынборды қоршауға, Илецкіні алуға қатысты.

1774 жылы Орынборды қоршау тоқтатылды. Енді Нұралы хан езінің патша үкіметін қолдайтындығын неғұрлым ашық көрсете бастады.

Көтеріліс ошағы Кіші жүзден басқа жаққа ауысқаннан кейін де қазақтардың патша үкіметі бекіністеріне шабуылы тоқтамады. Тек 1774 жылы жазда осындай 240 шабуыл жасалынды. 1775 жылы қаңтар айында Нұралы хан патша үкіметінен қазақ жайылымдарына жазалау жасағын жіберуін сұрап өтініш білдірді.

1775 жылғы ақпанда 300 орал-қазақ әскері, 500 башқұрттан тұратын Мансуров бастаған жазалау жасағы Гурьев пен Орал қаласынан шығып, Кіші жүздің ортасына бет түзейді. Осы кезде Сырым Датұлы халық көтерілісінің басшысы ретінде сахнаға шығады. Көтеріліс тоқтатылғаннан кейін II Екатерина Жайық өзенін Орал, Жайық қалашығын Уральск деп өзгерту жөнінде шешім қабылдатады.

1783—1797 жылдардағы Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздегі ұлт-азаттық қозғалыс

Ресей империясының Кіші жүздегі отарлық саясаты тереңдеген сайын өлкедегі саяси-экономикалық биліктің орыс әкімшілігі қолына шоғырлануы да жылдам жүре бастады. Пугачев көтерілісі басып-жанышталғаннан кейін 1775 жылы 25 шілдеден бастап «сезікті» деген кез келген Орынборға келген қазақты тұтқындап, малын тартып алуға рұқсат берілді. Себебі Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі кезінде қазақтар 1756, 1771 жылдардағы жарлықпен санаспай, іс жүзінде Еділ мен Жайықтың аралығындағы жайылымдарды пайдаланған еді.

1782 жылғы жарлық бойынша қазақтарға патша үкіметі Еділ мен Жайықтың ішкі жағына өтуге рұқсат берді. Нұралы мен оның туыстары қоныстарға билік құқын пайдаланып, шекаралық әкімшілік шенеуніктерімен, қазақ-орыстармен бірігіп, халықты тонауға кірісті. Арғы бетке өткен әрбір шаңырактан бір жылқы мен бір қой ақы алып тұрды. Орал әскер басшылары ақы төлемегендерді тұтқынға алып отырды, малын тартып алды. Мысалы, 1783 жылы қазақтар ішкі жаққа өткен қазақтардың 4 мың жылқысын айдап әкетеді. Бұған жауап ретінде қазақтар редуттарға, бекіністерге, форпосттарға шабуылға шықты. Осы кезеңнен бастап бас көтерулер жаппай тұрақты сипат алды. Басты соққы Төменгі Орал шебі мен Ор бекінісіне бағытталды.

Тарих сахнасына халық қозғалысының көшбасшысы ретінде жастайынан шешендігімен, әділдігімен көзге түскен байбақты руының басшысы Сырым Датұлы шықты. Ол ұрыстарда асқан ерлігімен халық сүйіспеншілігіне бөленген батыр болатын. Оның қарамағында 2 мыңға жуық түтін бар еді.

Нұралы хан және оның жақтастары Кіші жүздегі ықпалынан айырылып, халықтан алыстай берді. Нұралы хан 70-жылдардың екінші жартысынан бастап патша әкімшілігінің еркінен шықпайтын орыс шенеунігіне айналды.

Кіші жүзде қалыптасқан саяси ахуалды бақылауды билер мен батырлардан тұратын Сырым бастаған топ өз қолына алды. Қазақ халқының алдында өмірлік екі мәселені шешу міндеті тұрды:

а) ыдырап бара жатқан дәстүрлі қазақ мемлекеттілігін құтқару;

ә) жер мәселесін шешу.

Бұл екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты еді. Хан мен патша үкіметіне қарсы осы өмірлік мәселелер халық бұқарасының қолдауын қамтамасыз етті, қозғалысқа жалпыхалықтық сипат берді. С.Датұлын Кіші жүздегі қазақ руларының барлығы дерлік қолдады. 1786 жылға қарай ол өз маңайына жеті мыңдай көтерілісшілерді жинақтады. Сырымға байбақты, шекті, табын, шеркеш, таз рулары қолдау көрсетті. Бұл рулардың көпшілік бөлігі Нұралының басқаруындағы рулар болатын. Осылайша Нұралы ханның билігі дағдарысқа ұшырады. Халық қозғалысының ауқымы Петербург сарайы мен Симбирск және Уфа өлкелерінің билеушісі барон Отто Игельстромға ой салды. Олар халық наразылығын пайдалана отырып, Кіші жүздегі хандық билікті жоюды ойластыра бастады.

Хандық биліктегі өзгерістер.

Патша үкіметі Шыңғыс ұрпақтары мен ықпалды батырлардың арасына от тастау арқылы көшпелі халықты тұтастығынан айыруды мақсат етті. Себебі Нұралыны хандықтан тайдыруды патша үкіметі жақтады. Бірақ екі жақ екі түрлі мақсат көздеді. Сырым Датұлы бастаған топ хандық билікті түгел таратуды жақтады, ал кейбіреулері Нұралы ханды тақтан тайдырып, оның орнына Барақтың баласы Қайып сұлтанды хан етіп сайлауды ұсынды. Екінші жақ — патшалық отарлау саясатын іске асырушы барон Игельстром әлсіз хандық жүйені түпкілікті жойып, Кіші Орданы рубасыларына бөліп беріп, өзі тікелей басқарғысы келді. Игельстром «қарасүйектен» шыққан, ешқашан хан болуды армандай қоймайтын Сырым бағытын қолдай бастады.

1785 жылғы күздегі рубасыларының құрылтайында 208 рубасы «мәртебелі императорға» адалдықтары жөнінде ант берді. Игельстром дайындаған Кіші жүздің рубасыларының құрылтайында екі мәселе қаралды:

а) жүздегі билік мәселесі;

ә) қысқы жайылымдарды кеңейту.

Құрылтай Нұралыны тақтан тайдырып, Кіші жүзді үш бөлікке бөлуді, Сырымды барлық Орданың бас кеңесшісі етіп тағайындау ісін карады. Рубасыларының көпшілігі хан деп тануға дайын жаңа хан Қайып туралы да сөз қозғады. Игельстром 17 рубасына өз қол истындағы халықпен Орал бойындағы Сахарная бекінісі мен Гурьев бекінісіне дейінгі жерде көшіп-қонуға рұқсат берді. Игельстромның бұл іс-қимылдары азаттық қозғалысының отаршылдық бағытын әлсіретті. Ал Нұралы ханға деген қарсылық бұрынғысынан да өрши түсті. 1786 жылы сәуірде көтерілісшілердің қысымымен Нұралы Кіші жүзден кетіп, шекаралық шептегі патша үкіметінің қол астына барып паналауға мәжбүр болды.

1786 жылғы 3 маусымда II Екатерина Нұралы ханды биліктен аластау жөнінде құжатқа қол қойды. Нұралыны Орынборға шақыртып, одан ары Уфаға апарып орналастырды.

Осынау аумалы-төкпелі кезеңді пайдаланып, Орынбор генерал-губернаторы Игельстром реформа жасап, хандық билікті жойып жібермекке әрекеттенді. Кіші жүз үш бөлікке бөлініп, олардың әрқайсысын сьезд сайлаған рубасы басқаратын болды. Осылайша генерал-губернатор жанында рубасыларының кеңесін құрып басқару туралы жоба «Игельстром реформасы» деп аталды.

Реформа бойынша Кіші жүздегі саяси билік Орынбор әкімшілігінің жанынан құрылған шекаралық сотқа берілді. Ол Кіші жүзді басқаратын жаңа орган ретінде ең ықпалды рубасылары мен патша әкімшілігінің өкілдерінен тұрды. Жергілікті жерлерде рубасыларынан, төрағадан және орыс өкілінен тұратын соттар (расправалар) осы шекаралық сотқа бағынды. Нәтижесінде 32 рубасы төлемақы алып тұратын шенеунікке айналды.

Нұралы ханның билігі осылайша қайғылы аяқталды. Қазақ арасынан аластатылған Нұралы хан 1790 жылы Уфада дүние салды. Алайда барон О.Игельстромның реформасы да қиыншылыққа кездесті. Ғасырлар бойы қалыптасқан хандық билікті бір қағаздың күшімен жойып жіберуге әлі алғышарттар пісіп-жетілген жоқ еді. Нұралының қайтарылуын талап еткен ақсүйек сұлтандардың қарсылығы әлі де күшті болатын. Хандық билікті қайта қалпына келтіру қозғалысын ханның інісі Ералы басқарды.

Бұл кезеңде халықаралық жағдайда үлкен өзгеріс болып, француз революциясы Еуропа монархтарын шошытты. Ендігі уақытта патша үкіметінің өзі реформаны сәтсіздікке ұшырады деп тауып, оны шектеуге тырысты. Игельстром қызметтен кетті. Жаңа губернатор А.Пеутлинг тұсында хандық билік қайта орнады. 1791 жылы тамызда Ор қамалына жақын жерде Ералы (17921794 жылдары) сұлтан Кіші жүз ханы болып сайланды.

Бұрынғы Неплюевтік режім қайта орнады. Орал қазақ әскерінің бейбіт ауылдарға шапқыншылығы қайта басталып, бұл наразылықтың қайта өрлеуіне әкелді. Сырым Датұлы Бұхар ханы және Хиуа ханы әбілғазы Қайыпұлымен жақындасып, 1792 жылы Ресейге ашық күрес жариялайды. Көтеріліс Кіші жүзді түгел қамтып, Сырым батыр халық көсемі дәрежесіне дейін көтерілді. Көтерілісшілердің 1000 адамдық жасағы Елек бекінісін өртеп жіберді. Қазақтар оны кейіннен «Күйікқала» деп атап кетеді. Көтеріліс партизан соғысы сипатына ие болады.

1794 жылы жазда Ералы хан қайтыс болып, оның орнын Нұралының ұлдарының бірі Есім басты. Қырда билік іс жүзінде рубасыларының қолында болды. Алайда көтерілісшілер 1797 жылы Есім ханды да (17951797 жылдары) өлтіреді. Орынбор губернаторы болып қайта келген Игельстром Сырыммен келіссөз жүргізе бастайды. Көтерілісшілерді «тыныштандыру» үшін енді жаңа хан сайланбайтын болды. Кіші жүзді басқару хандық кеңеске берілді. Басшысы болып Айшуақ сұлтан тағайындалды.

1797 жылы халықтың ауыр жағдайына және сол жылы 8 тамызда хандық кеңестің құрылуына байланысты Сырым күресті тоқтатады. Сөйтіп, Кіші жүз қазақтарының арасындағы аздаған үзілістермен 14 жылға созылған азаттық қозғалысы аяқталды.

Ал сұлтандардың бір бөлігі өз беттерімен Қаратай Нұралиевті хан етіп көтерсе, губернатор Игельстром Қаратайды емес, Айшуақты (17971805 жылдары) қолдады. Кіші жүз тағы да екі топтың арасындағы күрес сахнасына айналды. Қаратай бастаған сұлтандардың қудалауымен Сырым 1797 жылы Хиуа хандығына өтіп кетеді. Белгілі қайраткердің одан кейінгі өмірі туралы дерек аз, 1802 жылы жат жұртта белгісіз себептерден дүние салады.

Көтерілістің басты қозғаушы күші — қарапайым көшпелі малшылар болғанымен, бұл бүкілхалықтық қозғалысқа Нұралы хан ұрпақтары мен оның жақтастарының саясатына наразы сұлтандар (Айшуақ сұлтанның балалары), билер, рубасылар мен батырлар қатысты.

Отаршылдыққа қарсы күрес аясына саяси бағыттары өзара үйлеспейтін әр түрлі әлеуметтік топтар тартылды. Алайда Сырым Датұлы олардың барлығының мүддесін бір арнаға — отаршылдық жүйеге қарсы тоғыстыра білді.

Бірақ Сырым Датұлының көтерілістің әр кезеңінде өзінің мақсатын озгертіп, Орынбор губернаторымен уақытша келісімге келуі, заңды билеуші ханды тақтан тайдыруы, Есімнің өлтірілуі, өз бетімен күресті тоқтатуы, осының барлығы қозғалыстың шешуші сәттерінде оның көсемнің қайшылыққа толы ұстанымда болғандығын аңғартады.

Көтерілістің жеңілуіне бірқатар жағдайлар әсер етті: олар қазақ қоғамындағы әр түрлі топтардың әсіресе ру арасындағы алауыздық, тіпті Сырымның өз руы байбақты да екіге жарылып, біреуінің Сырым бастаған халық төңірегіне, екіншілерінің Әбілқайыр хан ұрпағы Ералы, Есім төңірегіне топтасуы, Сырымның екі жақты соғыс жүргізуі, патша әкімшілігінің хан кеңесінен қашпай, оны тиімді пайдалана білуі еді.

Көтерілістің тарихи маңызы зор. Көтерілістің басты талабы — жер мәселесі ішінара шешілді. Қазақтар Жайық пен Еділ арасындағы жайылымдарды пайдалануға мүмкіндік алды. Жер тапшылығын уақытша бәсеңдетті. Дәстүрлі билік жүйесі хандық кеңестің қайта орнауына қол жеткізіп, осы арқылы мемлекеттіліктің соңғы нышандарын сақтап қалды. Тұтастай алғанда, кейбір ішкі қайшылықтарына қарамастан көтеріліс ұлттық сананың өсуіне септігін тигізді.<ref>Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық - гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық/М.Қойгелдиев, Ө.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. ISBN 9965-36-106-1</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}Үлгі:Kz-hist-stub