Ор

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Dema.jpg
Өзен алқабы
  • ОР – 1) әр түрлі жолдармен пайда болатын жер бедерінің анық байқалатын теріс пішіні. Ол эрозиялық, кейде карсты, мұздық немесе эолды болып ажыратылады. Тереңдігі 1 – 2 м-дей, әдетте уақытша (маусымдық) су көздерінің шаюы нәтижесінде шым жамылғысы жоқ борпылдақ тау жыныстарында пайда болады. Кейде ор жыраға айналады. 2) Орта ғасырларда Еуропа мен Азияда қалалар мен бекіністерді айналдыра ор қазылатын.
  • Ор – Жайық алабындағы өзен. Ақтөбе облысының Мұғалжар, Хромтау аудандары жерімен ағады. Ұзындығы 314 км, су жиналатын алабы 18600 км². Ор Мұғалжар тауының солтүстік-батысындағы бұлақтардан басталып (Шилі, Терісбұтақ, т.б.), Орск қаласы тұсында (Ресей) Жайыққа сол жағынан құяды. Аңғары кең (1 – 3 км), сағасына жақын тұста 18 – 20 км-ге жетеді. Арнасы 5 м, төменгі ағысында 80 м-ге жетеді. Өзеннің ірілі-ұсақты 14 саласы бар. Ірі салалары: Қамысақты, Ойсылқара. Жауын-шашын, ішінара жер асты суымен толысады. Сәуірде тасып, су деңгейі 5 м-ге дейін көтеріледі. Жылдық орташа су ағымы 4,05 м³/с-тен (Қопа а. тұсында), төменгі ағысында 13,0 м³/с-ке дейін (Майлытөбе а. тұсында). Суы көктемде тұщы, жазда сәл кермек татиды. Өзен суы шаруашылық мұқтажына, мал, бау-бақша суаруға, балық өсіруге пайдаланылады.
Сурет:Flag of Orsk.jpg
Ор қаласының туы
Сурет:Coat of arms of Orsk.jpg
Ор қаласының елтаңбасы
  • ОР, Жаманқала, Орск – Ресейдің Орынбор облысындағы қала. Халқы – 273,9 мың(2003). Ор өзенінің Жайық өзеніне құятын жерінде орналасқан. Климаты – тым континентті. Түсті металл өңдеу (“Южуралникель”), машина жасау, мұнай-химия (“Нефтеоргсинтез”), тамақ, жеңіл өнеркәсіп орындары жұмыс істейді. Қаланың аты Ор өзеніне байланысты қойылған. 1735 жылы 15 тамызда сенаттың обер-секретары И.К. Кирилловбастаған экспедиция әскери бекініс ретінде сала бастады. 1865 ж. қала мәртебесіне ие болды. Ор бастапқыда патша үкіметінің қазақ даласындағы отаршылдық саясатының тірек пункті рөлін атқарды. Көшпелілерге қарсы озбырлық, әділетсіз әрекеттердің ұясы болғандықтан, қазақтар Орды “Жаманқала” деп атаған.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII том; Рычков П.И., История Оренбургская (1730 – 1750). Оренбург, 1896; Борисов А.Я., Оренбург, Челябинск, 1968; Ескекбаев Д., Орынбор қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу, А., 2001.</ref>

Дереккөздер

<references/>