Қаратал құмы қорықшасы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қаратал құмы қорықшасы - мемлекеттік маңызы бар табиғи-ботаникалық қорықша. 1978 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында ұйымдастырылған. Аумағы 1,3 мың га. Айғырқұм шөліндегі қатты шымдалған құм төбелер қорықша аумағына кіреді.

Өсімдігі

Өсімдіктерден жүзгін, теріскен, жыңғыл бұта шоғырлары қалың өскен. Құм шағылдары арасындағы қазаншұңқырларда қорықшада қорғалатын басты өсімдік - шырғанақ өседі. Шығыс Қазақстанның басты құнды өсімдігі саналатын шырғанақтың басым бөлігі осында шоғырланған. Мұнда сұрыптау жұмыстары нәтижесінде алынған аласа, ірі жемісті және қатты немесе әлсіз (жұмсақ) тікенекті түрлері өсіріледі.
Шырғанақ өсірілетін аумақ 1,2 мың га жерді қамтиды. Жемісінің жылдық қоры 26-24 т деп бағаланады, оның ішінде кәсіптік мөлшері 6,8-14 т. Жемісіндегі майдың мөлшері 4-6%.
Шырғанақтан басқа мұнда екпе қарағай, сонымен қатар терек, көк терек, қайың ормандары, ойыстарда ну қамыс шоғырлары мен батпақты шалғындар кездеседі.
Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерден: неоген кезеңіндегі саваннаның түрлі жапырақты терегі немесе тораңғы, тиынтақ, шым жуасы, т.б. реликт өсімдіктері өседі.

Жануарлары

Қорықшаны Зайсан қазаншұңқырында сирек кездесетін шығыс айдаһар жыланы, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген түрлерден - Зайсан батбат кесірткесі, Орта Азия аусылы, жорға дуадақ, кәдімгі дуадақ, сүтқоректілерден Роборовский атжалманы, Орта Азия сілеусіні, т.б. мекендейді.
Өрттің шығуы және мал жайылымына шектеу қойылмауы - қорықшаға үлкен қауіп төндіруде.<ref>Қазақстан табиғаты:Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы:" Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, 2011. Т.З. - 304 бет. ISBN 9965-893-64-0 (Т.З.), ISBN 9965-893-19-5</ref>

Дереккөздер

<references/>