Қазақтың қатпарлы өлкесі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАТПАРЛЫ ӨЛКЕСІ, Сарыарқа қатпарлы аймағы – Жер қыртысының қалыптасу тарихындағы тектоникалық ерекшеліктеріне сай, геологиялық құрылысы жағынан біртұтас қарастырылатын Қазақстан жерінің ірі аумағы; ОралМоңғол белдеуінің ірі құрылымдық бөлігі. Оның ауқымы географиялық тұрғыдан Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Қазақстан аймақтарының едәуір бөлігіне сәйкес келеді. Қазақтың қатпарлы өлкесінің солтүстік шекарасы Батыс Сібір жазығына тиесілі мезозой-кайнозой түзілімдерімен жаппай көмкерілген Ертіс маңы синеклизасының оңтүстік жиегімен шектеледі. Оңтүстік шекарасы шартты түрде республиканың оңт-тегі мемлекет шекарасымен өтеді. Шығысында ОбьЗайсан қатпарлы өлкесіне тиесілі Зайсан қатпарлы жүйесімен жапсарласса, батысында Торғай ойысымын (солтүстік бөлігінде) және Тұран тақтасын (оңтүстік бөлігінде) жаппай көмкеріп жатқан мезозой-кайнозой шөгінділерінің астына қарай сұғына енген. Бұл өлке ауқымындағы тектоникалық құрылымдар, негізінен, палеозой эрасында қатпарланып тұрақтанған түзілімдердің жер бетіндегі ашылымдарымен сипатталады, сондай-ақ мезозой-кайнозой түзілімдерімен көмкерілген шағын ішкі ойыстар ұшырасады (мысалы, Теңіз, Шу-Сарысу, Балқаш, Іле, Алакөл, т.б.). Өлкені құрайтын тау жыныстары қатарында палеозойлық түзілімдердің арасынан кембрийге дейін қатпарланып тұрақтанған біршама ірі орт. массивтер (мысалы, Көкшетау, Ұлытау-Қарсақпай) мен ірілі-ұсақты блоктар (Ешкіөлмес, Aқдің], Ерейментау, Бозшакөл, Шу жақпартасы, Қаратау, Кіндіктас, Атасу-Мойынты, т.б.) ұшырасады. Оны құрайтын палеозойлық жарылымдардың қатпарланып тұрақтану уақыты бірнеше қатпарлы жүйелерге жіктеледі. Кембрийге дейінгі құрылымдар кең тараған, бірақ каледон, герцин тектогенездерінде геосинклинальдік процестерге қайтадан ұшырағандықтан, бұлар сақталмай, кейінгі жас құрылымдар (ойыстар) астында қалған. Ең көне саналатын төменгі протерозойдың тау жыныстары (абстракты жасы 1,7 миллард жыл) карел тектогенезі кезінде қалыптасқан платформаның қалдықтары (бөлшектері) ретінде Ұлытауда, Көкшетауда, Солтүстік Тянь-Шаньда, ортаңғы және жоғарғы протерозой, рифей жыныстары каледондық геосинклинальдың төменгі ярусы ретінде Ерейментауда, Ешкіөлместе, Майқайың-Екібастұзда, Шу-Іле тауларында, Кіндіктаста, Қаратауда кездеседі. Бұлар амфиболит, гнейс, тақтатас, эклогит, кварц, мәрмәр сияқты метаморфогендік жыныстардан құралады. Каледон құрылымдары кембрийге дейінгі жыныстармен бірге Қазақтың қатпарлы өлкесінің негізін – құрлымдық іргетасын құрайды. Тұтас алғанда Қазақтың қатпарлы өлкесінің сыртынан каледон құрылымдарымен қоршалған. Сарыарқаның батыс, оңтүстік-батыс жағында каледонидтер протерозой-рифей құрылымдарымен бірге дөңесі батысқа бағытталған доға тәрізді, миогеосинклинальдық белдеу құрайды. Бұл белдеу Солтүстік Есіл бойынан басталып Сарыарқа сыртымен Ұлытау, Қаратау арқылы Солтүстік Тянь-Шаньмен жалғасады. Қатпарлы аймақтың шығысында эвгеосинклинальдік каледондық құрылым – Шыңғыс-Тарбағатай белдеуі қалыптасқан. Ол Сарыарқаның солтүстік мен шығысында басымырақ тараған каледонидтер эвгеосинклинальдарға тән жанартаутекті-шөгінді жыныстардан құралады. Каледонидтер негізінен салаир, такон тектогенез сатылары нәтижесінде қалыптасқан. Герциндік құрылымдар тектогенез процестерінің соңғы туындылары ретінде аймақтың қатпарлық сипатын анықтайды. Бұлар Сарыарқаның ішкі бөлігіндегі геосинклинальдық жолмен дамыған жүйелерде, протерозой, каледон құрылымдары бетіндегі ойпаңдарда үстеме (қондырма) мульдалар түрінде, миогеосинклиналь типтес аралық белдемдерде кеңінен тараған. Аймақтың каледонидтері мен ішкі герциндік геосинклиналь жүйесі аралығында Сарыарқаның девондық-жанартаулық белдеуі аталатын ірі геол. құрылым орналасқан. Бұл белдеу Семізбұғы маңынан бастап, Жақсыкөң, Сарысу алабы, Бетпақдала шеті, Желтау арқылы Ілеге өтеді де, Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесін сырт жағынан доғаша қоршайды. Аталған жүйе ішінде жоғарғы палеозойдың орогендік жағдайында қалыптасқан Балқаш-Іле жанартаулық белдеуі бар. Интрузиялық жыныстар геологиялық құрылымдарда, жанартаулық белдеулерде, терең жарылымдар бойында белгілі заңдылықпен орналасқан. Қазақтың қатпарлы өлкесінде гранитоид интрузиялары мол. Кейбір құрылымдар, кең алаптар (Көкшетау, Іле сырты антиклинорийлері) түгел дерлік граниттен тұрады. Жоғарғы протерозойдың (рифейдің) кішігірім граниттері Ұлытауда, Шу-Іле тауларында, аймақтың солтүстігінде кездеседі. Солтүстікте Қырыққұдық, Бурабай, оңтүстікте Қордай, Талғар кешендері сияқты ордовик пен силур интрузиялары да мол. Бұлар шағын массивтерден бастап ауданы ондаған мың км²-ге жететін (Көкшетаудағы Зеренді батолиті – 30 мың км², Іле Алатауындағы Алматы интрузиясы – 15 мың км²) орасан ірі батолиттер ретінде де қалыптасқан. Мұндағы каледон гранитоидтарының абстракты жасы 540 – 420 млн. жыл. Герциндік гранитоидтер Сарыарқаның жанартаулық белдеуінде, Жоңғар-Балқаш жүйесінде тараған. Жоғарғы палеозой интрузиялары габбро, диорит, гранодиорит, қалыпты гранит, аляскит, монцонит, граносиенит, сиенит құрамды келеді, көбірек тарағандары – гранодиорит пен гранит. Бұлар Балқаш-Іле орогендік белдеуінде, аймақтың солт.-шығысында, Шыңғыс-Тарбағатайда, т.б. орындарда кездеседі. Қазақтың қатпарлы өлкесінде – бірнеше тектогенез процестерінің ұзақ уақытқа созылуынан қалыптасқан жасы әр түрлі ірі және шағын жарылымдар өте көп тараған. Бұлар Сарыарқаның үлкенді-кішілі геологиялық құрылымдарын әр бағытта тіліп тор тәрізді жүйе құрайды. Ірілері әрі тереңдері (жер қыртысының төменгі қабатына жетеді) – Шығыс Орал және Сарыарқа жер жарылымдары. Біріншісі аймақты Орал–Тянь-Шань жүйесінен, екіншісі аймақты бойлық бағытта қақ ортасынан тіліп өтеді. Солтүстік-батыс бойлық және солтүстік-шығыс бағыттардағы жарылымдардың қиылысуынан аймақта сұлбасы ромб тәрізді шағын құрылымдар қалыптасқан. Қазақтың қатпарлы өлкесі әр түрлі кенге бай. Республиканы минералдық шикізатпен, әсіресе, металдармен қамтамасыз ететін кен орындарының басым көпшілігі осы өлке аумағында орналасқан.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том</ref>

Дереккөздер

<references/>

Сілтемелер

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Қазақтың қатпарлы өлкесі|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}