Шоқындыру

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

ШОҚЫНДЫРУхристиан дінін қабылдаудағы бастапқы жоралғы, діни ғибадат. Шоқындыру дәстүрлі діни конфессия ретінде христиан дінінің негізгі үш тармағының өкілдері: католиктер, протестанттар мен православтар арасында таралған. Ғибадат ретінде әуелгі бастауы Исраил ұрпағына жіберілген Иса пайғамбарға қасиетті төрт кітаптың бірі Інжілдің келуінен басталып, христиандар Құдайдың ұлы деп қабылдаған Иса пайғамбардың шармық ағашқа керіліп өлтірілді деген сенімге байланысты орнықты. Маңдай мен екі иыққа үш саусақты ретімен тигізіп, үш рет еңкею арқылы шармыққа керілген пайғамбарға құрмет көрсету нышаны ретінде пайда болған, шоқыну рәсімі кейіннен христиан дінін қабылдаудың бірден-бір бастапқы шарты ретінде қалыптасты, шіркеу діндарлары христиан дінін қабылдаушыларға шоқындыру рәсімін жүргізуді қағидалық дәстүрге айналдырған. Шоқыну мен шоқындыру рәсімдері жөнінен христиандық дәстүрлі үш тармақтың негізгі салт-жораларында айтарлықтай айырмашылықтар жоқ.

Шоқындыру саясатының тарихы

Орта ғасырлардан бастап христиан дінінің иерархияларға жіктеліп, орталықтандырылуына байланысты шоқындыру миссионерлік қызмет пен діни-саяси ықпал ету құралдарының ажырамас бөлігіне айналды. Құтқарушы (Мессия, Машшиах) Исаның қызметіне сәйкес қалыптасқан христиандық миссиялық (мессиялық) қызметті шоқындырумен ұластырған Рим католик шіркеуі мен кейіннен құрылған Мәскеу православ орталығы миссионерлік стандар арқылы ықпал аймақтарын әрі қарай өрістету барысында мемлекеттік отаршылдық саясатпен бірлесе отырып шоқындыру саясатын жүргізді. Соның арқасында Рим католик шіркеуі Батыс және Шығыс Еуропаның басым бөлігі мен кейбір Шығыс Азия елдерін және Америка мен Оңтүстік және Орталық Африка құрлығының негізгі халқын шоқындырып, христиан дінінің католик тармағына енгізді. Шоқындыру саясатының белсенді жүргізілуі үш тармақ арасындағы бақталастықты күшейтті, әуелден қалыптасқан қағидалық және апокрифтік айырмашылықтарды онан сайын алшақтатты. Православ тармағының дүние жүзі бойынша орталығы болып саналатын мәскеулік шіркеудің шоқындыру саясатын Қасиетті Синод үйлестіріп отырды. Бұл тармақ негізінен Оңтүстік және Шығыс Еуропадағы славян тектілер мен Солтүстік-Шығыс Азиядағы кейбір елдерге тарады. Қазіргі Оңтүстік Корея мемлекетінде православтар діни көпшілік қауымдардың бірінен саналады.

Сурет:Russian-baptism.JPG
Ресейде шоқындыру

Қазақ халқыны шоқыну саясаты

Қасиетті Синод 19 ғасырдың 1-жартысынан бастап Еділ бойы халықтарын күштеп шоқынуды бастады және Орта Азия елдеріне қатысты да шоқындырудың бастапқы қадамдарын жасады. 19 ғасырдың 2-жартысында қазақ пен қырғыз халқының әкімшілік-аумақтық және саяси тұрғыдан толығымен Ресейге тәуелділікке түсуіне орай шоқындыру саясаты аталған екі халық арасында мейлінше өрістеді. Қазақ даласында 19 ғасырдың соңына қарай 17 миссионерлік стан жұмыс істеп, негізінен Қазан діни академиясының арнаулы миссионерлік курсын бітірген және қазақ тілін жоғары деңгейде меңгерген миссионерлер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Жергілікті халық тарапынан күшті қарсылықтар болғанына қарамастан отаршыл билік қазақ пен қырғыз халқының кей бөлігін ішінара шоқындыра алды. Оның ішінде алдау, арбау жолымен шоқындырылғандар да, сол діннің жолына шынайы түскендер де болды. Алдыңғылары сәті келгенде ислам дініне қайта өтті, кейінгілері орыс шенеуніктері мен діндар миссионерлерінің ерекше қамқорлығына ие болып әрі қарай діни білім жетілдіріп, діни дәреже алды. Осы топтың қолымен шоқындыру құралдарының бірі болып табылатын орыс тіліндегі діни әдебиеттер (миссионерлік әдебиеттер) қазақ тіліне аударылып, Қазан қаласындағы Аударма комиссиясының есебінен жарық көрді. Қазан төңкерісінен кейін кеңес өкіметі діни қызмет пен шоқындыру ісіне ресми түрде тыйым салды. 1991 жылғы тәуелсіздіктен кейін Қазақстанда діни сенім бостандығы жариялануына байланысты діни қызметтің кез келген түріне еркіндік берілді. Қазіргі уақытта Қазақстанда христиан дінінің үш тармағы да жұмыс істейді. Оның ішінде үшеуінің де миссионерлік стандары құрылып, жергілікті халық пен сырттан келушілерді шоқындыру ісі жүйелі түрде жолға қойылған.

Дереккөздер

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Шоқындыру|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}