Рим республикасы өнері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Б. э. бұрынғы IV—I ғасырлар

Рим өз тарихының алғашқы ғасырларында ежелгі Италияның басқа қалалары арасында еш ерекшелігімен көзге түспеді. Археологтар қазбалары болашақ қаланың орнындағы ең ежелгі елді мекендер б. э. бұрынғы сонау X ғасырда пайда болғанын көрсетті. Кейінірек Тибр өзенінің бойындағы шоқыларды б. э. бұрынғы VIII ғасырда біртұтас қалалық қауымға айналған италиялық тайпалар — латындар мен сабиндердің қоныс-жайлары пайда болды. Б. э. бұрынғы VIII—VI ғасырларда, ежелгі тарихшылар мәлімдеуінше, Римді патшалар басқарған, олардың ең соңғылары этрустардың Тарквинийлер әулетінен шыққан. Этрустар қуылған соң б. э. бұрынғы VI ғасырдың аяғынан Рим республикасының кезеңі басталды. Құл иеленушіліктің өрістеуіне орай дүние-мүлік теңсіздігі күшейіп, еркін тұрғындардың негізгі екі тобының — бай, бекзада патрицийлер мен толық правосы жоқ плебейлер арасында күрес үдей түсті. Б. э. бұрынғы III ғасырда плебейлердің азаматтық толық правоға қолы жетіп, патрицийлер өз артықшылықтарынан айрылды. Бай плебейлер бірте-бірте патрицийлер қатарына қосылып бүкіл билік бір уысқа жинақталған нобилитет құрды. Римнің күшеюіне мықты да тәртіпті армиясы көмектесті. Б. э. бұрынғы IV—III ғасырларда Рим этрус қалаларын, бұдан соң бүкіл Апеннин түбегін бағындырды.

Б. э. бұрынғы III—II ғасырлардағы қан төгіс соғыстарда римдіктер өздерінің басты бәсекелесі — Карфагенді күйретіп, осының ізінше Грекия мен Шығыс Жерорта теңізі өңірінің мемлекеттерін жаулап алды. «Римдіктер белгілі дүниенің бәрін дерлік өзіне бағындырып алды»,— деп жазды б. э. бұрынғы II ғасырда аса көрнекті грек тарихшысы Полибий, сөйтіп, өз құдіретін ата-бабаларының үш ұйықтаса түсіне кірмеген, ал кейінгі ұрпақтары басып оза алмайтын шырқау биікке көтерді». Б. э. бұрынғы I ғасырда Рим ежелгі дүниенің аса ірі құл иеленуші державасын құрды. Соғыс кезінде қолға түскен тұтқындар есебінен үздіксіз ағылып келген құлдар тасқыны құл иеленушілік құрылыстың гүлденуіне жол ашты. Италияда ірі жер иеленудің өрістеуі ұсақ, орта жер иелерінің күйреуіне әкеп соқтырды. Құлдарды жан түршігерлік езу б. э. бұрынғы II ғасырдың аяғы мен I ғасырда орасан зор көтерілістер туғызды. Толық праволы римдіктер мен жер және саяси право үшін күрескен италиялық шаруалар арасында, Римді билеген сенатор шонжарлармен байыған құл иеленушілердің жаңа топтары арасында, Рим мен оған бағындырылған провинциялар арасында әлеуметтік қайшылықтар өрши түсті. Құл иеленуші тап ішіндегі үстемдік жолындағы күрес б. э. бұрынғы I ғасырда Республиканың құлауымен, Империяның орнауымен аяқталған ұзаққа созылған азаматтық соғысқа ұласты.

Рим мәдениеті этрустар мен гректердің пәрменді ықпалымен дамыды. Ерте дәуірде, әсіресе, этрустар едәуір әсер етті. Римдіктер этрустардан азаматтарды сословиеге бөлуді және мемлекеттік қызметті, діни ұғымдар мен әдет-ғұрыптарды, құрылыс тәсілі мен театр ойын-сауықтарын, әскерді ұйымдастыру мен гладиаторлық шайқастарды алды. Рим республикасының бүкіл тарихында дерлік б. э. бұрынғы II ғасырға дейін этрустардың мәдени тұрғыдан басымдығы сақталып келеді.

Грекияның жаулап алынуы римдіктерге грек өркениетінің асыл қазынасымен жақсы танысуына көмектесті. Рим ақыны Гораций былай деген: «Тұтқындалған Грекия сұсты Лацийг өнер әкеліп, жабайы жеңімпаздарды баурап алды...» Бұл сөздерде ақындық асыра сілтеудің басымдығы күмән келтірмесе де, гректердің көркемдік кемеңгерлігі алдында римдіктердің бас игендігін Гораций бейнелі түрде баса көрсетіп отыр. Ежелгі Элладаның әдебиеті мен мифологиясы, театры, поэзиясы мен философиясы Рим мәдениетіне пәрменді ықпал жасап, тіпті б. э. бұрынғы II ғасырда грек тілі жоғары қауымның тіліне айналды. Римге Грекияның көрнекті философтары, тарихшылары мен шешендері келіп тұрды.

Б. э. бұрынғы III—I ғасырларда құл иеленушілік қатынастардың гүлденуі мен тәуелді елдерден тасқындай түскен байлық римдіктердің өмірін өзгертті. Рим тарихының бастапқы ғасырлардағы қатал да қытымыр салтының мезгілі өтті. Бай виллалар пайда болып, сән-салтанат жиһаздары — көрікті күміс ыдыстар, алтын зерден тоқылған кілемдер, асыл бұйымдар тұрмысқа енді. Б. э. бұрынғы III ғасырдың аяғынан бастап Римнің әскер басылары жаулап алынға грек қалаларынан өнер шығармаларын кемемен тасып әкетіп жатты. Бұл римдіктердің көркемдік талғамын дамытуға жол ашты. Римнің қоғамдық ғимараттары, храмдары мен алаңдары тамаша мүсіндерге толды. Олардың арасында Фидий, Мирон, Поликлет, Скопас, Пракситель, Лисипп сынды ұлы шеберлердің туындылары да болды. Рим ақсүйектері Ежелгі Эллада кескіндемелері мен мүсіндерінің үздік үлгілеріне қыруар қаржы жұмсады. Өнерді білу әрі ол туралы сыншылдықпен ой толғай алу — білімділік пен - өте мәдениеттілік белгісі есептелді. Жеке коллекциялардың өсуі грек мүсіндеріне зор сұраныс туғызып, б. э. бұрынғы I ғасырдан бастап Римге қоныстанған грек мүсіншілері эллин мүсіндерінің ең әйгілі ескерткіштерінің мәрмәр көшірмелерін көптеп дайындай бастады. Олардың көпщілігі біздің заманымызға дейін сақталған. Біз жоғалып кеткен грек түп нұсқасы туралы көбіне-көп осы көшірмелерге қарап түсінік аламыз. Шеберлер Рим бекзадаларының тапсырмаларын орындай отырып, өнерді тек сырттай түйсініп, жайбарақат ләззат алатын нәрсе деп ұғатын жеке адамдардың эстетикалық талаптарын қанағаттандыруға тырысты.

Сурет:Ваываываывфа.JPG
Фортуна Вирилис храмы. Травертин мен туф. Б. э. бұрынғы I ғ. Рим

Суретшінің қоғамдық жағдайы күрт өзгерді. Егер Грекияда құл иеленушілік демократияның гүлденген кезеңінде ол өзін мемлекет-қаланың полис мүддесін көздейтін және өз өнерінде қоғамдық биік мұраттарды бейнелейтін саналы кісісі, еркін азаматы есептесе, енді Римде ол саяси оқиғалардан шалғай, римдік азаматтық правосы жоқ, көбінесе еркіндік алған бұрынғы құл немесе ата тегі грек құл санатындағы адам еді. Рим әдебиеті римдік суретшілер мен мүсіншілердің есімдерін сақтамауы кездейсоқ жай емес.

Көркем творчествоға тұтынушылық тұрғыдан қарау мүсіншіні істі бұлжытпай орындайтын кәсіпшіге немесе тапсырма берушілер талғамына жарамсақтана бас шұлғитын ынталы көшірмешіге айналдырды. Ол өнерпаздық ісмерлік пен кәсіби шеберлікті мінсіз игергенімен, шынайы талант пен шабыттан жұрдай еді. Антик құл иеленушілік қоғамының дәстүрінше өнер шеберлерін еркін азаматқа лайықсыз дене еңбегімен шұғылданушылар деп жек көретін қатынас әсіресе Рим дәуірінде ерекше орныға түсті. Бұл құбылысты грек сықақшысы Лукиан дәл бейнелейді, ол шығармаларының бірінде: «Тіпті, сен Фидий мен Поликлет болып, көптеген таңғажайып туындылар жасасаң, сенің творчествоңды жұрт жабыла мақтай бастайды, бірақ осы шығармаларды көргендердің бірде-бірі, басында ақылы бар жанның ешқайсысы да сен сияқты болғысы келмейді. Өйткені сені жұрттьщ бәрі қалай ойласа, шынында да, солай болып шығатын, тек жұмыс істей білетін және қол еңбегімен күн көретін кәсіпқои деп есептеиді ғои» ,— деп жазған.

Римдіктердің творчестволық даналығы сәулет өнері ескерткіштерінде мейлінше айқын көрінді. Рим сәулетшілерінің ғимараттары, ең алды мен, практикалық мақсатқа қызмет етті. Таңғажайып жолдар салынды. Оның ең ежелгісі және ең атақтысы — Аппий жолы — Римді оңтүстік Италия қалаларымен жалғастырды. Мұның құрылысын б. э. бұрынғы 312 жылы Аппий Клавдий бастаған. Римге таяу жерде жолға алып шаршы төлкелер, ал қалған жағына жанар тау тасқынынан шыққан қалқа тас төселген, жолдың ені 4,3 метрден 6 метрге дейін. Рим ақындарының бірі оны «қиянға тартқан жол патшасы» деп атаған. Осы жолмен Жерорта теңізі өңірінің халықтары мен мемлекеттерін жаулап алуға аттанған Рим легиондары өткен, осы жолдың бойында б. э. бұрынғы 71 жылы Спартак көтерілісіне қатысқан құлдар ашамайға таңылып, асып өлтірілген. Римдіктер ғасырлар бойы осындай тас төселген жолдар торабымен тек Италияны ғана емес, көптеген провинцияларды да жалғастырды.

Аппий жолының екі қапталына Рим ақсүйектерінің семьялық мазарлары орналасқан. Солардың арасында б. э. бұрынғы I ғасырда салынған Цецилия Метелланың монументтік мазары ерекше тұлғаланып тұр. Сәулеті жағынан ол ар жағы 23 м шамасында шаршы іргетастың үстінде тұрған алып цилиндр. Бейіт пішіні этрустар қорғанын еске түсіреді: ертеде ол конус түрінде біткен, бірақ орта ғасыр дәуірінде оны қорған мұнарасына айналдырып қайта салған. Бейіт конструкциясы Рим сәулет өнеріне өте-мөте тән, бұл — шебер қаланып, серек таспен жалтыратылған бетон шомбал.

Б. э. бұрынғы III—II ғасырлар аралығында Рим құрылысшылары римдік сәулеттің аса көрнекті жетістігі — берік те су өткізбейтін бетонды тұңғыш рет пайдаланды. Бұл материал сәулетшілерге ірі ғимараттар мен күмбезді шатырлар салуға мол мүмкіндік ашып берді. Б. э. I ғасыры қарсаңында бетон құрылысқа берік енді. Мұндай тәсілді қолданғанда алдымен кірпіш қорабының қалыбы жасалып, оған қиыршық тас пен ертінді лай қоспасы кезек қабаттастырыла нығыздай толтырылатын. Қабаттар көлденең жүргізіліп, бетон мейлінше тегіс, мызғымастай берік қатуы үшін белгілі бір ара қашықтықты сақтай отырып, бүкіл қабырғаның ұзын бойына бір қатар кірпіш қаланатын. Бетон қатқан кезде шегенделген кірпіш қалыбымен қоса біртұтас құймаға айналады да, барған сайын ширап, беки береді. Ғимараттың төбесін күмбездеп келтіру үшін әуелі ертіндімен ұстастырылған кірпіш арка жасалатын. Қат-қабат бетон құйылған осы аркалар сүйеніш, тірек қызметін атқаратын. Мұндай конструкция, қарапайымдылығы мен тиімділігін былай қойғанда, бұл ғимараттар беріктігін де орасан зор арттырып, Құрылысқа маманданбаған құл еңбегін кең пайдалануға мүмкіндік беретін. Ғимарат сырты тас блокпен, мәрмәр тақталармен көмкерілетіндіктен, бүкіл құрылыс түгел тастан қаланғандай болып көрінетін.
Сурет:Выаываваывппвапва.JPG
Рим форумындағы Сатурн храмының колонналары Б.э. бұрынғы I ғ.

Римдіктер храмдар салуда гректер мен этрус сәулет өнерінің бай тәжірибесін пайдаланды. Тибр өзенінің жағасында тағдыр тәңіриясы Фортуна Вирилиске арналған храм сақталған. Ол б. э. бұрынғы I ғасырда Бұқа форумыдеп аталған, ертеде мал сатылатын алаңға салынған. Қарапайым да тап-тұйнақтай пропорциясымен көзге түсетін ғимарат биік тұғыр табанда — подиумда тұр, кең басқышы мен алты колонналы портигі оның қасбетіне өзгеше бір айбынды көрік береді. Ғимараттың көк тіреген кіндігі аумақты, кең портигі мен оған өтетін басқыш арқылы айқындай көрсетілген. Мұндай тәсіл этрус храмдарына тән. Ғимарат қабырғалары шаршы төлкеден қаланып, ал колонналары қатты серек тастан (травертиннен) қашалған. Подиум беті де сонымен көмкерілген. Материалдың ала-құлалығын байқатпау үшін ғимарат қабырғасы жұқалап сыланған.

Римдіктер ғимаратты әшекейлеуде гректік ордер жүйесін кеңінен пайдаланған. Фортуна храмында сымбатты иониялық колонналар портик арқалығын көтеріп тұр, ал жартылай колонналар ғимарат қабырғасын бірнеше бөлікке бөлген. Колонналардың байсалды ырғағы сәулеттік бейне тұтастығын аңғартады.

Фортуна храмының қасында жұрт ұзақ уақыт бойы ошақ басының , тәңіриясы Вестаға бағышталған деп есептеген дөңгелек храм бар. Қазір ғалымдар мұны жеңімпаз Гераклдің храмы деп жорамалдап жүр. Ол Парос аралынан әкелінген гректің ең асыл мәрмәрінен салынған. Композициясы ғажайып қарапайымдылығымен, кемелдігімен көзге түседі. Корнифтік капительдерге тірелген метрлік колонналар шағын ғимаратқа сұлулық пен сәнділік беріп тұр. Храмның алғашқы арқалығы жоғалған, қазір ол тікелей колонналар капительдерінде жатқан конус тәрізді шатырмен жабылған. Осы храмда пайдаланылған коринфтік ордер содан бері римдік сәулет өнерінің жиі қолданылатын тәсіліне айналды.

Ежелгі Римнің іс бабындағы және қоғамдық тіршілік орталығы форум, Капитолий шоқылары мен Палатин аралығындағы ойпаңда орналасқан алаң болатын. Онда халық жиындары өтіп, мемлекетті басқарудың, соғыс пен бейбітшіліктің аса маңызды мәселелері шешілетін: ғасырлар бойы қаланың қызу саяси өмірі осы жерде қайнап жатты. Форумда мемлекеттік архив ғимараты, храмдар, шешендер сөз сөйлейтін мінбелер, сауда келісімі жасалып, соттар мәжіліс құратын екі базилика болды, даңқты римдіктердің қыруар мүсіндері, ал одан әрі Рим императорларының салтанатты ескерткіштері де сонда тұрған.

Италияның аса маңызды жолдары осы форумнан басталып, қаланың негізгі көшелері соған тоғысып жататын. Республикалық Римнің орталық алаңының пішіні бір қалыпты емес-ті, өйткені ол әр кезеңде салынған. Б. э. бұрынғы I ғасырда ұзындығы 160 м, ені 50—80 м жерді алып жататын. Оның айналасындағы қоғамдық ғимараттар мен портиктер келбеті талай рет өзгерді. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдағы қазба жұмыстарының нәтижесінде форумды қоршаған ғимараттардың ескі жұрты табылды. Олардың арасында мемлекеттік қазына сақталған Сатурн храмының сегіз гранит колоннасы, б. э. бұрынғы I ғасырда Цезарь салдырған Юлий базиликасының жұрнағы, тәңірия Вестаның дөңгелек храмы мен Юпитердің балалары — Костор мен Поллукс храмының үш мәрмәр колоннасы бар.

Республика дәуірінде Рим сәулет өнерінің гүлденуі мен грек сәулет өнері жетістіктерін творчестволықпен пайдалану сәулет өнері теориясын дамытуға ықпал жасады. Б. э. бұрынғы I ғасырда инженер әрі сәулетші Витрувий «Сәулет өнері туралы он кітап» дейтін трактат жазған, бұл кітабі сол замандағы құрылыс тәжірибесінің шынайы энциклопедиясы еді. Витрувий кез келген заманның сәулет ғимаратына қолданылатын негізгі талаптардың: ғимаратта пайдалылық, беріктік пен сұлулық ұштасуға тиіс дейтін қағидасын тұжырымдады. Ежелгі Рим сәулетшілерінен климат, топырақтану, минералогия, акустика, гигиена, қолданбалы астрономия, математика, тарих, философия, сондай-ақ сәулет эстетикасы саласынан жан-жақты терең білім талап етілді. Ветрувийдің еңбегі Рим заманында кең тарап, итальян Өрлеу дәуірінде шынайы даңққа бөленді. Европаның барлық елдерінде сәулет өнерінің теориясы бойынша зерттеулер жазуға үлгі болды. Рим республикасы дәуірінде сәулет өнерімен қатар антик өнерінде ерекше орын алған реалистік мүсіндік портрет те дамыды. Оның өзіне тән өзгешелігі грек шеберлерінің портреттерімен салыстырғанда айрықша көзге түседі. Үлы жазушыларды, сардарларды, саяси қайраткерлерді бейнелей отырып, классика дәуіріндегі грек мүсіншілері мемлекет- қаланың барлық азаматтарына үлгі болатын асқан сұлу, жан-жақты жетілген, кемел адамның бейнесін жасауға ат салысты. Б. э. бұрынғы III—I ғасырлардағы грек шеберлері- нің шығармаларында бейнелерді қорыту, типтендіру сақталды, бірақ, сонымен қатар, портреттердің эмоциялық айқындығын, әсерін жетілдіре отырып, айрықша даралап көр- сету пайда болды.

Сурет:Выавывава.JPG
Шешеннің мүсіні. Қола. Б. э. бұрынғы 100 ж. шамасы. Флоренция. Археологиялық музей

Осы тұста Италия топырағында, негізінен Этрурияда, портреттік өнерде адам келбетінің даралығын баса көрсетуге тырысқан жаңа бағыт орныға бастады. Бұл өнердің дәстүрлері римдік портрет стилі қалыптасуында шешуші роль атқарды.

Ең ежелгі римдік портреттерді жасаған этрус шеберлері. Б. э. бұрынғы III ғасырдың бірінші жартысында құйылған қола бюст — мүсін өнерінің шынайы маржаны болып есептеледі. Мұнда ат жақты, ірі бас бітімі келісті, сымбатты, өң-әлпеті ажарлы адам бейнеленген. Бет-жүзінің пропорциясы грек өнерінің игі мұраттарына бейімділікті аңғартқанымен, римдік типтегі қыран тұмсық профилі мен сәл білінетін бейнелік белгілерінің асимметриясы оған қайталанбас өзгеше бір өң береді. Шашы мен сақалы тамаша қырналған. Оймыштап қондырылған көзі жанарының өткірлігін байқататындай. Ішкі қуат, қайрат пен қадала ойланған бір беткей қалпы бейнеге ізгілікті айбар беріп тұр. Оның өн бойынан ақылдылық, өмір тәжірибесі, мінез тұтастығы сезіледі.

Бет әлпетті жинақтап, қорытып бере білу мен саналы түрде әдейі типтендіру тәсілі шеберінің шығармасын б. э. бұрынғы IV—III ғасырлардағы Грекия шешендері, саяси қайраткерлерінің портреттік мүсіндерімен мейлінше жақындастырады. Бұл бюст ұзақ уақыт бойы б. э. бұрынғы VI ғасырдың аяғында Римнің соңғы патшасы тәкаппар Тарквинийді қуып, республика құрған көтеріліс инициаторларының бірі, даңқты римдік Юний Бруттың бейнесі деп есептелді. Римдіктердің санасында және аңыздарында ол бостандықты шексіз сүйген зор ерлік- тің адамы, ер жүрек азаматтың үлгісі болды. Қола бюстің аңызға айналған римдік бейнесіне ұқсастығының таңданарлық түгі жоқ.

Республика өмір сүрген алғашқы ғасырларда римдіктер Этрурияда кең тараған ата-бабаларды құрметтеу дәстүрін қабылдап алды. Бай үйлердің қабылдау бөлмелерінде ақсүйектер ата тегінің мақтанышы болған үй иесі ата-бабаларының портреттік бейнелері тұратын. Ежелгі жазушылар көбінесе балауыздан құйылатын осындай портреттерді қаза тапқан атақты римдік табытының соңынан азалы шеруде алып жүргендігін баяндаған. Бұл портреттер бет әлпетті дәл беру жағынан ерекше көзге түскенімен, олардың көбісі, шындығында, діни-семьялық мәнін сақтап, әлі өнер шығармалары санатына қосылмайтын еді. Алайда, мұндай портреттердің жасалуы мүсіншілерге адам бет әлпетінің барша қайталанбас дара белгілерін дәл бейнелеу дағдысын дамытуға жол ашты. Бұл портрет бейнелердің көркемдік маңызын айтып жатудың қажеті жоқ, римдіктердің өздері олардан гөрі сұлу грек мүсіндерін көбірек ұнатқан.

Сурет:Ывавыавапмва.JPG
Римдік қарт кісінің портреті. Мәрмәр. Б. э. бұрынғы 80—70 жж. Рим. Ватикан

Б. э. бұрынғы III—I ғасырлардағы Римнің рухи мәдениетін айқындайтын белгі адамның дара мінезі мен сезімдеріне назар аудару болды. Осы тұста өмірдің тура өзінен алынған таң қаларлық жанды да жасампаз бейнелердің тұтас галереясын көрсететін Рим комедиясының өзгеше жанры қалыптасты. Мемуарлық-өмірбаяндық әдебиеттің, сондай-ақ тарихи шығармалардың дүниеге келуі римдіктер ұлттық сана-сезімі өскендігінің куәсы еді. Азаматтың жеке басы мен оның қоғамдық өмірдегі ролі туралы түсініктің қалыптасуы заң туралы ойдың дамуына ықпал жасады. Жалпы алғанда, римдіктердің дүниетанымына, өмір шындығына сергек, ақылға жеңдіріп тиімділік тұрғысынан қарау тән. Бұл римдік діннің әдет-ғұрыпты дәлме-дәл орындауға ғана саятын прозалық сипатынан да айқьш көрінеді. Римдіктер құдайлар мен қаһармандар өмірі туралы поэтикалық аңыздар шығарған жоқ, тіпті олар мұны өзінше мақтан еткен де. Ақын Вергилий: «... бұл жерлерді танауынан от бүркіп бұқалар да жыртқан жоқ, ысқырынған жеті басты айдаһардың азу тістері де зәр шашпады мұнда,ер жігіттің қолында көк сүңгі де, көи найза ну-нөпір боп жайқалмады...» — деп жазды. Рим мәдениетінің өзінде адамды өнерде реалистік шындықпен бейнелеудің де алғы шарттары қалыптаса бастады. Әдебиет пен театрдағы адам даралығына назар аудару мүсіншілердің портрет өнеріндегі ізденістермен сабақтас та үндес болды.

Римдіктердің эстетикалық талғамы б. э. бұрынғы 100 жыл шамасында құйылған шешеннің қола мүсінінде келісті бейнесін тапқан. Этрус тілінде қашалған жазу мүсіннің саяси қайраткер Авл Метелл құрметіне тұрғызылғанын баяндайды. Шебер шешенді қарапайым да табиғи кейіпте бейнелеген. Ол жұрт алдында сөз сөйлеп тұрғандай. Аяқтары бір-бірінен сәл алшақ, қолымен ишарат етіп тынышталуға шақырады, жеңіл сулығын иығына іле салған, аузы сәл ашылып қалған. Көзі оймыштап қондырылған. Мүсінші шешеннің келбеті мен киіміндегі әр белгіні тәптіштеп көрсеткен. Ол өзінің қадір-қасиетін сезетін байсалды, іскер адамды бейнелеген. Шебер азаматтық жағдайы мен мәнді де мағыналы, ешқандай асыра дәріптеуді қажет етпейтін ерікті римдікті мүсіндейтінін түсіне білген.

Портреттің дамуына б. э. бұрынғы I ғасырда римдік чиновниктерге өз мүсіндерін қоғамдық орындарда қоюға берілген право едәуір ықпал жасады. Осы тұста римдіктер бұрын өздеріне тосын материал мәрмәрді өңдеудің әдіс-тәсілдерін гректерден алып пайдаланды.

Сурет:Выававававы.JPG
Ер кісінің портреті. Қола. Б. э. бұрынғы I ғасыр. Ленинград. Мемлекеттік Эрмитаж.

Б. э. бұрынғы I ғасырдағы портреттік мүсін бағыттарының бірі сыртқы кейіптің ұқсастығын мейлінше дәл беруге тырысып, ескі римдік дәстүрді қолдады. Ватикан музейіндегі б. э. бұрынғы 80—70 жылдарға жататын римдік портретінде мүсінші сұрқы бұ дүниеден түңілген тақуаларша қатал, егде кісіні бейнелеген. Ол басын жамылғымен орай салған. Бәлкім, бұл бас тәңірілерге құрбандық шалу сәтіндегі римдік азаматты кейіптейтін мүсіннің бір бөлшегі болар. Шебер бастың ойқы-шойқы бітімін, әжім басып қыртыстанған биік маңдайын, кеңсірікте жиырылған соқталарын, шүңірек көзін, шығыңқы бет сүйегін, кәрілік қаусатқан жақ-ұртын, бәлкім, тісі жоқтықтан салпиған аузын, жымқырулы, кезеріңкі ерні мен салмақты иегін айнытпай жеткізуге ерекше назар аударған. Мүсінші бетті әдейі тәптіштей көрсетуге тырысып, өмірде қандай болса сондай күйде, әр нышанды мұқият айқындаған. Шебер мәрмәр өңдеу тәсілдерін әлі де жете игермеген: беттегі әжімнің қасаңдау, әрсіздеу, берілуі содан. Алайда, біз портреттен ескілік көзін — табанды, бір беткей, қайсар кісіні, ел ұғымындағы қарапайым, қатал мінезді, қажырлы тұлғаның типтік, ежелгі римдік өкілін танимыз.

Портреттік өнердегі келесі бағыт бет әлпетті бейнелеудегі римдік дәлдікті грек өнеріне тән қорыту, жинақтау тәсілдерімен ұштастыру болды. Б. э. бұрынғы I ғасырдың орта шенінде жасалған портреттерде эллиндік мүсіншілердің ықпалы ерекше байқалады.

Атақты сардар Помпейдің (б. э. бұрынғы 60—50 жж.) портретінде мүсінші назарын аударған жай — сыртқы сипаттың өзгешелігі ғана емес, сонымен қатар ажарсыз болса да — өзінше бір айбынды бет әлпет туғызатын жалпы әсер. Біздің көз алдымызға шашы ұйпаланған, май мұрын, бұғақты, мыртық мойын егде кісі елестейді. Басын тәкаппар ұстауынан мақтан сүйгіш өктемдігі мен доғалдау топтастығы да сезіліп қалады. Бет әлпеті — сығырайған шүңірек көздері мен жымқырылған ерніндегі қыңырлық арқылы шебер Помпей кескінін даралап көрсетіп, мінезінің алуан қырың ашқан. Ол қайратты да іскер қолбасшының, тәжірибелі шешеннің б. э. бұрынғы I ғасырдың орта шенінде Римде өкімет билігін алу жолында қым-қиғаш қанды қақтығыстарға белсене қатысқан әккі, салқын қанды, қатал саясатшының бейнесін жасаған. Мүсіншінің байқампаздығы мен шынайы шындықты айтқандығын замандастары да растайды. Солардың бірі Помпейді: «Сөз жүзінде адал боп көрінгенімен, жан дүниесі жалған адам» ,— деп сипаттаған. Оның мінезінің осы қасиеттері мүсіндік портретте келісімін тапқан. Римдіктерге тән ақылға жеңдірер терең рационалдық қатынас, өмір шындығын алуан қырынан қадағалап, сергек бағалау Помпейдің тамаша портретінен айқын көрінеді.

Сөйтіп, б. э. бұрынғы I ғасырда өн бойында бағзы римдік дәстүр мен Грекия портреттік мүсіннің ықпалы біртұтас творчестволық қорытпа болып, өзіндік өзгешелігі бар римдік портрет өнері қалыптаса бастады. Осы ерекшелік Ежелгі Римнің мүсіндік портретінің бұдан былайғы бүкіл даму жолын айқындап берді.<ref>Өнердің ықшам тарихы—Антик өнері — Алматы, «Өнер» баспасы, 1988.—360 бет ISBN 5-89840-030-3</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}