Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Университет

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институт (ПМПИ)мұғалімдерді дайындайтын жоғары оқу орын.

Тарихы

Павлодар педагогикалық институты (ППИ) 1962 жылдың 1 желтоқсанында ашылды. Қарамағында төрт аудиториясы болды, бір жылдай №3 мектептің төртінші қабатында сабақ жүргізді. Тарих-филология және физика-математика факультеттерінде 150 адам оқыды. Сабақты 14 оқытушы жүргізді. Қабылданған студенттердің 50 пайызында екі жылдан астам еңбек өтілі болды. Басқа жерлерден келген студенттер жеке пәтерлерде, №3 мектептің ескі ғимаратында тұрды. 1964 жылдың жазында алғашқы жатақхана салынды.

1964-1965 оқу жылында «Орыс тілі мен әдебиеті», «Математика» және «Жаратылыстану» мамандықтары бойынша студенттер қабылданды. Сол жылы студенттердің саны 284 адамға дейін өсті, 23 оқытушы оқытты. Бос лауазымдарға өткізілген бірінші конкурстан 6 ғылым кандидаты өтті, оның бесеуі доцент еді. Атап айтсақ, олар: ф.ғ.к., доцент И.П.Белоусов, вет.ғ.к., доцент А.Т.Шиянов, фил.ғ.к., доцент А.Г.Митрошкина, т.ғ.к., доцент М.И.Блох.

1963 жылы физика-математика факультетінің биология және химия бөлімінің базасында (студенттер контингентінің көбеюіне байланысты) дене тәрбиесі бөлімі бар химия-биология факультеті ашылды.

Даярланған жастарды тарту мақсатында ППИ жанында дайындық курстары ашылып, оған 137 тыңдаушы жиналды. Олардың көбі машина жасау зауытының, ҚБ-2, ҚБ-2 жұмысшы жастары, балабақшалардың, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері мен бастауыш сынып мұғалімдері болатын.

Оқу үдерісінің маңызды бөлігі студенттердің педагогикалық және далалық тәжірибе жұмыстары болды. Педагогикалық тәжірибе қаланың № 3,7,11,18,23 мектептерінде өткізілді. Әр оқытушыға кеңес беру, бақылау және басшылық жасау үшін бірнеше академиялық топ бекітілді. Сондай-ақ студенттер мектептерде пионер вожатыйлары, сынып жетекшілерінің көмекшілері, әртүрлі үйірмелердің жетекшілері болып практикадан өтті. Сонымен қатар, студенттер практикадан Павлодар облысының пионер лагерлерінде де өтті.

Химия-биология факультеті студенттерінің оқу-далалық практикадан облыс кеңшарларындағы егіншілік жұмыстарымен және еңбек сауықтыру лагеріндегі жұмыстар ұйымдастырылды. Дала практикасы Алтай, Баянауыл секілді әртүрлі климатты зоналарда 42 күнге дейін жалғасты.

ППИ қызметінің басты басымдылығы студенттер мен оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстары болды. Мәселен, ҒЗЖ және СҒЗЖ жаңа нысандары белсенді түрде енгізілді, бірқатар кешендік және шартты-шарушылық жұмыстары жүргізілді, институттың профессор-оқытушылар құрамы ғылым докторы және ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялық жұмыстарын жоспарға сай қорғады. (О.З.Зикрин, З.П.Щербинко, А.М.Даткаев және т.б.).

ППИ ғылыми-зерттеу жұмысының жандануы Ертіс өңірінің өзекті проблемаларымен айналысқан химия-биология факультетінде ғалымдардың паразитология мектебінің қалыптасуымен байланысты болды. Олар: «Гельминты домашних животных Павлодарской области», «Циркуляция возбудителей описторхоза, трихинеллеза и многокамерного эхинококкоза в Среднем Прииртышье» (И.И.Гуславский, З.И.Обухова, С.П.Хавкин, А.И.Батькаев және т.б.) мектептері болатын. Сондай-ақ мектеп мұғалімдері, эпидемиологтар, медик-паразитологтар үшін гельминтоздарды сақтандыру бойынша практикалық ұсынымдар жасалды.

Математика кафедрасындағы ғылыми жұмыс «Единство обучения и воспитания в процессе преподавания математики» тақырыбы бойынша жұмыс жасаған Г.М.Мұқанов, Т.Қ.Шаяхметов, Л.И.Турчинский, М.И.Шаталина сияқты аға оқытушылардың қызметтерімен тығыз байланысты болды. Элементарлық математика кафедрасының аға оқытушысы М.И.Шаталина «О математическом активе класса» мәселесін зерттеумен айналысты. Осы мақсатпен №3 орта мектептің 9 сыныбында математикалық топ құрылды. Жұмыс математика пәні бойынша сабақта және сабақтан тыс дайындықтың байланысын айқындады. Сонымен, 1968 жылы М.И.Шаталинаның «Развитие интереса, самостоятельного творческого мышления и инициативы при обучении математике в средней школе» атты оқу-әдістемелік құралы жарық көрді.

Орыс және шетел әдебиеті кафедрасы оқытушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары салыстырмалы талдаудың, көркем шеберліктің, әдеби шығармалардың тарихи маңыздылығының, оларды зерттеу әдістемесінің проблемаларын зерттеумен тікелей байланыста өріс алды.

Павлодар облысы мен Павлодар қаласының мектептерінде бағдарламалық оқытуды енгізу ППИ кафедралары мен аймақ мұғалімдерінің кәсіби ынтымақтастығын нығайтты. Ғылыми қалыптасу өз жалғасын тапты. Зерттеу ғылыми-педагогикалық, ғылыми-қолданбалы және әдістемелік сипаттағы тақырыптарда дайындалды. Оның 40-қа жуық пайызын оқытушылар құрамы еңбек еткен топ 41 ғылыми тақырыпты зерттеді. Кафедралар жанында ғылыми зерттеу үйірмелері ұйымдастырылды, отырыстарда баяндамалар, таңдаулы тақырыптар бойынша рефераттар тыңдалды, проблемалық мәселелер бойынша әдебиеттер жаңалықтары зерттелді. Ғылыми-зерттеу жұмысының 42% дейін студент жастар қамтылды.

Жоғары оқу орнында ішкі ғылыми конференциялар өткізілді. Ең алғашқы ғылыми конференция «Социализмнен коммунизмге өту жағдайындағы ұлттық қарым-қатынастың дамуына» арналды. Конференцияда т.ғ.к. Г.И.Боранқұлов, аға оқытушы А.Н.Грицков, оқытушы В.И. Лобанов және Р.М. Гейгер баяндамалар жасап, сөз сөйледі.

Сонымен қатар, кадр мәселелері де уақытында шешімін тауып отырды. Ғылыми жұмыстың нәтижесінде ППИ-де алғашқы даярлықтан өткен жас мамандармен оқытушылар қатары толықтырыла бастады. Осы үдеріске республикалық және одақтық министрліктермен біріге отырып өткізілген жоғары оқу орнының оқытушыларын арнаулы аспирантураға оқытуға басым бағыт беру саясаты көмектесті.

«Мектеп пен өмірдің байланысын нығайту және КСРО-да халыққа білім беру жүйесінің бұдан әрі қарай дамуы» Заңының жүзеге асуы ППИ ұжымын «Педагогикалық білім университетін» ұйымдастыруға көмектесті, бұл арқылы педагогиалық білім таратылды, оқу пәндерін оқыту әдістемесі бойынша өзара тәжірибемен алмасу қамтамасыз етілді.

Жоғары оқу орнының қалыптасуы кезінде студенттерді тәрбиелеу жұмысының әдістері мен тиімді нысандарын белсенді іздестіру жүргізілді, тәрбие үдерісін басқарудың негізі қаланды.

Ректораттың, деканаттардың, кафедралардың, сонымен қатар партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының жұмыстары негізінен ұйымдастыру мәселелерін шешуге және оқу мен тәрбие үдерістерін жүзеге асыруға бағытталды. Тәрбие жұмысы институттың партия бюросымен бекітілген жоспар негізінде жүргізілді. Әсіресе тәрбиенің негізгі бағыттары маркстік-лениндік теорияны зерттеу, саяси-тәрбие мен мәдени-көпшілік жұмысы, әскери-патриоттық тәрбие беру, студенттерге арнап өткізілген спорттық-бұқаралық ғылыми жұмыстар жатақханалардағы ұйымдастырылған әртүрлі жұмыстар институттың облыспен және қала ұйымдарымен байланысын қалыптастыруға әсерін тигізді.

Жалпы институттық жоспардың негізінде факультеттердегі, кафедралардағы, академиялық топтардағы тәрбие жұмысы жүргізілді. Оған оқытушылар мен институт қызметкерлерінің саяси оқулары енгізілді. Дәрістік-насихат жұмысы, мәдени-бұқаралық шаралар, баспа және радио жұмысы, бұқаралық-саяси және спорттық-бұқаралық жұмыстар, қала тұрғындары мен оқушыларының арасындағы үгіт-бұқаралық іс-шаралар қолға алынды.

Оқытушыларды, қызметкерлер мен студенттерді тәрбиелеудің маңызды бөлігі саяси ағарту жұмысы болып есептелді. Студенттік топтардың саяси хабарламашылары үшін марксизм-ленинизм кафедрасының оқытушылары (Г.И.Боранқұлов, Е.П.Дерягин, К.Р.Рахымбердинов, М.В.Вальянов) жүргізген консультациялар өз нәтижесін берді. Оған Еуропа, Латын Америкасы, Қытай Халық Республикасының саяси жағдайының проблемалары жөніндегі тақырыптар енгізілді.

Оқытушылардың саяси білімін жетілдіру үшін теориялық семинарлар өткізілді. Марксизм-ленинизмді зерттеу бойынша семинарды марксизм-ленинизм кафедрасының оқытушысы В.И.Грошев, Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының (КОКП) тарихын зерттеу жұмысын А.А.Рояк басқарды. Сондай-ақ ППИ-дің комсомол комитетімен Бүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағының (БЛКЖО) тарихын зерттеу ұйымдастырылды.

Құрамы 17 оқытушы мен 21 студенттен тұратын лекторлық топ қала кәсіпорындары мен облыс аудандарында жұмыс істеді. Халықаралық жағдай, КСРО және коммунистік партияның тарихы, сөйлеу мәдениеті туралы, жас кеңес адамының бейнесі, Олимпиадалық ойындардың тарихы жөнінде дәрістер оқылды. Сондай-ақ «Мәдениет университеті» жұмыс істеді. (жетекшісі Ю.А.Адаменко), оның негізгі мақсаты студентердің тереңдету, болашақ мұғалімдердің ой-өрісін кеңейту, эстетикалық дағдыларын қалыптастыру болды. Бүкілодақтық радионың радиокоментаторы М.Горбулинмен, Павлодар ақындары О.Афанасьевпен, В.Семерьяновпен, С.Музалевскиймен, М.Динерштейнмен, композитор В.Ширинкинмен кездесулер ұйымдастырылды. Университеттің тұрақты тыңдаушыларының саны жыл сайын 300-ден астам адамды құрады.

Өз күштерімен ұйымдастырылған көркемөнерпаздар үйірмесі таныла бастады. Студенттердің көпшілігінің қатысуымен хор, драма, вокал үйірмелері жұмыс істеді. Үйірменің дамуына көркемдік жетекшісі ретінде педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы Р.Н.Сафонов сүбелі үлес қосты. Институттың өз күшімен ұйымдастырылған көркемөнерінің қалыптасып дамуына оқытушылар Ю.А.Адаменко, О.Қ.Жармакин, Г.И.Кирш, Э.Н.Неверова, Е.Е. Солтан, С.М.Хавкин, студенттер Н.Маркин, М.Барац және т.б. көмек қолын созды.

Көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері факультеттерде конкурстарды, кештерді өткізді, үгіт-мәдени бригадаларын жинақтады, үйірмелердің жұмысын бақылады. Олар облыстық және қалалық кәсіпорындарға, кеңшарлар мен ұжымшарларға барып, концерт ұйымдастырды. Институттың эстрадалық квартеті Павлодар телестудиясының жастар бағдарламасында ән шырқады, филология факультетінің деканы Г.И.Кирштің жетекшілігімен қойылған «Юность отцов» пьесасы С.М.Киров атындағы ұжымшарда өзеншілер клубында қойылды.

Үгіт-мәдени бригадасы «Педагог бол!» ұраны аясында Павлодар-Қашыр аралығында үш күндік веломарафонын өткізді. Ол егін егі науқаны кезінде «Для тех, кто в поле» атты концерттік бағдарламамен Краснокутск ауданы тұрғындарының алдында концерт қойды.

ППИ-дің көркемөнерпаздар үйірмесінің шеберлігі күн санап арта түсті. Ұжымдардың қалалық байқауында институт 1- орынға және «Нам 48, будет 50, затем исполнится нам 200 лет и 300, но, как маяк, останется в веках великая Держава коммунистов!» (1966) монтажы үшін ауыспалы кубокқа ие болды. Келесі жылында да «Широка страна моя родная» монтажы үшін кубок институтта қалды, би және эстрада ұжымдары конкурс лауреаттары атанды, басқа жанрларда орындалған 10 нөмір жеке орындарға ие болды.

Қалаған мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыру, оған деген оң көзқарасын қалыптастыру және озат педагогикалық тәжірибені тарату мақсатында студенттер мен елімізге еңбегі сіңген ұстаздар Е.М.Кассацкая, А.А.Овсянникова, О.Ф.Семенова, Т.И.Васильева және тағы басқалармен кездесулер өткізілді. Студенттер үлгерімі нашар балалармен, пионер вожатыйларымен, сынып жетекшілерімен, көмекшілерімен, сондай-ақ милицияның балалар бөлмелерінде, мектептердегі пионер және комсомол ұйымының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қалалық комсомол комитетінің штаттан тыс нұсқаушыларымен, аула клубтарындағы, спорт нұсқаушыларымен жұмыс жасады.

Қоғамдық жұмысты атқару дағдысы мен тиімділігіне ие болуға қоғамдық мамандықтар факультеті көмектесті (ҚМФ), әр жылдарда ҚМФ декандары болып С.Я.Улицкий, А.Г.Гайнанов, Ю.А.Адаменко қызмет етті. ҚМФ-да қоғамдық мамандықты 1226 студент (1970) алды. Сонымен қатар «Педагогикалық білім университеті» жұмыс істеді (жетекшісі педагогика кафедрасының меңгерушісі В.П.Харитонов), ал тыңдаушылары - қала мектептерінің ата-аналары.

Дәстүрлі шараларды өткізу бір арнаға түсе бастады. Мысалы, «Бірінші курс студенттеріне» арналған факультет кештері, мерейтойларға және еске алу күндеріне орай тақырыптық кештер өткізілді. Жазушылар мен композиторлардың (В.Шекспир, Т.Шевченко, М.Лермонтов, П.Васильев, Вс.Иванов, С.Есенин, композитор Л.Ван Бетховен) өмірі мен шығармашылықтарына, Павлодар қаласы ақындарына арналған кештер де жиі ұйымдастырылды. Топтарда мұғалімдердің кәсіби шеберлігінің проблемалары және жеке тұлғаның адамгершілік қасиеттері бойынша пікірталастар, әңгімелер жүргізілді.

Институт өмірі қабырға газеттерінің беттерінде көрсетілді. «Педагог» атты жалпы институттық, факультеттік – «Филолог», «РИЛЛОТ», «Крылатая юность» атты қабырға газеттері шықты. Факультеттерде, жатақханада «найзағайлар», «әскери парақтар» шығарылды.

Жоғары оқу орны туралы хабарлар радиогазетте тұрақты шықты, радиоклуб жұмыс істеді (жетекшілері оқытушы - А.В.Михеев, студент Ю.Куготенко). Сол кездегі факультеттердің өмірін баяндайтын фотовитриналар, фотомонтаждар, «бір сағаттық фоторепортаждар» танымал хабарларға айналды.

Жатақхана төрағалары А.Прокопенко, Д.Альтергот студенттердің өзін-өзі басқару органы - студенттер кеңесін құрды. Студенттер кеңесі үздік жатақхананы анықтау мақсатында байқау жариялады, жатақханада тұру ережелерін дайындады. Апта сайын сұрақ-жауап ретіндегі тақырыптық кештер, пікірталастар, дәрістер, атақты адамдармен кездесулер, «кафедралар апталары», әңгімелер, адамгершілік-этикалық тақырыптарға арналған баяндамалар мен музыкалық, поэзиялық және КТК кештері өткізілді. Павлодар облысы студенттер жатақханаларының байқауы қорытындысы бойынша №2 жатақхана жеңімпаз атанып, Қазақстан ЛКЖО облыстық комитетінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Студенттердің дене шынықтыруын жетілдіру үшін спорт секциялары құрылды, спорт клубтары ұйымдастырылды, олимпиадалар, спартакиадалар өткізілді. Бір жылда 45 спортшы-разрядшы даярланды. Институт командалары «Молодой целинник» газетінің жүлдесіне арналған қалалық эстафетада, қалалық шаңғы жарысынжа жүлделі орындарға ие болды. Студенттердің 25 пайызы спорт секцияларында шұғылданды.

Агробиологиялық станса жанында (Черноярка аулы) еңбек спорт-сауықтыру лагері құрылды. Мұнда дене тәрбиесі факультетінің студенттері оқу-жаттықтыру жиындарына тартылды, дала практикасына химия-биология және басқа факультеттердің студенттері қатысты.

Негізгі жұмысты дене тәрбиесі кафедрасының оқытушылары А.С.Куц, В.А.Бородихин, В.А.Лыткин, И.З.Калугин жүргізді. Олар спорт секцияларының жұмысын ұйымдастырды, жүзуге үйрету бойынша сабақтарын өткізді, спартакиадаларды басқарды, бір күндік және көп күндік туристік саяхаттарға қатысты. Қамқорлық көмек көрсету шегінде студенттер мен оқытушылар «Чернояр» совхоздағы мектеп үшін футбол алаңы, жеңілатлетикалық секторлары, баскетбол және волейбол алаңдары бар спорт кешенін салды. Спорттық-бұқаралық жұмыстың спорттық, туристік секцияларына балық аулау және аңшылық, денсаулық топтарына институт оқытушылары да қатысты. Институт біріншілігіне тұрақты қатысу мақсатында волейбол, баскетбол, шахмат, бадминтон бойынша оқытушылар командалары құрылды.

Қысқы спорт ойындары түрлері бойынша қалалық, облыстық және республикалық жарыстарда көрсеткен жоғары нәтижелері үшін ППИ спортклубы Павлодар аткомының және қала дене тәрбиесі және спорт комитетінің ауыспалы Қызыл туымен марапатталды. ППИ-дің шаңғышылар командасы жоғары оқу орындарының арасында Қазақстанның 3 жүлдегері атанды. «Буревестник» республикалық жарыстарында ППИ спортұжымы волейболдан 1-ші орынды, шаңғыдан 3-ші орынды, жеңіл атлетикадан 5-ші орынды, қол добы бойынша 6-ші орынды иеленді. Студенттік жастар арасындағы республикалық ойындарда Чекмарева (шаңғы), А.Ни (гимнастика), Барабаш, В.Барганников (коньки), В.Пономарев В., В.Попов В (жеңіл атлетика), Ю.Яковлев, К.Түйлықбеков (классикалық күрес) жүлделі орындардан көрінді. Студент В.Барганников юниорлар арасындағы КСРО біріншілігінде жүлдегер атанды және халықаралық жарыстарға Қазақстан атынан қатысты.

Еңбек тәрбиесі студенттік құрылыс отрядтары (СҚО), пионер вожатыйы жұмыстары арқылы, пионер лагерлеріндегі спорт нұсқаушыларымен, оқу-жаттықтыру жиындарында жүзеге асырылды. ППИ студенттері Павлодар облысының совхоздарында мал қораларын, тұрғын үйлерді, жатақханаларды, жылыжайларды, кірпіш зауыттарын, механикалық токтарды, моншаларды, балабақшаларын салуда жұмыс жасады. Жұмыстағы жақсы көрсеткіштері үшін көптеген студенттер сыйлықақылар, мақтау қағаздарын, аудандық комсомол комитеттерінің алғысхаттарын алды. «Қоскөл» совхозында орналасқан ППИ отряды әртүрлі оқу орындарының 14 отряды арасындағы жарысда 1-ші орынға ие болып, ауданның ауыспалы туын жеңіп алды.

Ауыл мектебіне көмек көрсету айлықтарында барлық совхоздарда мектеп шеберханалары салынды, мектептерді жөндеу жұмыстары жүргізілді, спорт алаңдары жаңадан жабдықталды. СҚО-ның жұмыс істеген кезеңінде барлық совхоздарда демалыс кештері, футбол, волейбол бойынша жолдастық кездесулер өткізілді, жергілікті жерлерде тұрғындарға дәрістер оқылды. СҚО отрядтарына «тәрбиеленуі қиын» оқушылар мен жасөспірімдер қатысты<ref>ПМПИ тарихы</ref>.

Әнұраны

Сөзін жазған: Мұхит Жақсылықұлы
Әнін жазған: Қайырбек Сәтиев

Үлгі:Дәйексөз

Факультеттері

  • Филология факультеті
    • Қазақстан және шетелдер тарихы кафедрасы
    • Экономика, құқық және философия кафедрасы
    • Орыс тілі және әдебиеті кафедрасы
    • Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы
    • Шет тілдері кафедрасы
  • Жаратылыстану және математика факультеті
    • Жалпы биология кафедрасы
    • Анатомия, физиология және дефектология кафедрасы
    • География және химия кафедрасы
    • Информатика кафедрасы
    • Математика және физика кафедрасы
    • Кәсіптік оқытудың теориясы мен әдістемесі кафедрасы
    • Дене тәрбиесі кафедрасы
  • Педагогика және спорт факультеті
    • Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасы
    • Педагогика кафедрасы
    • Психология кафедрасы
    • Музыкалық білім берудің теориясы мен әдістемесі кафедрасы
    • Алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

Сілтемелер