Бес жақсы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

"Оның үстіне қалыңмалмен қабат бес жақсы туралы да келіседі". (Ы. Алтынсарин). Аты айтып тұрғандай бұл бұрынғы ізгі жақсылар, би, бай, мырза, батыр, ел ағалары арасында жүретін жолы да, орны да ерекше бағалы сый, жақсы дәстүр саналған. Елдің аса құрметті, беделді адамдары арасындағы достық, сыйластық қарым-қатынастарда сый-сияпат немесе құдалар арасындағы қалық мал, киіт орнына да жүрген. Халық арасындағы жоғары құрмет пен марапат, сый-сияпаттың ең жоғары түрі де осы - "бес жақсы" дәстүрі арқылы көрсетілген. "Бес жақсыға" қара нар, жүйрік ат, қалы кілем, алмас қылыш, бұлғын ішік жатады. Құдалар арасында мұның бірі ұзаталған қыздың сәукеле бастаған асыл тастарымен алмастырылады. Бұл дәстүр елдің, ердің мырзалық, мәрттік, тектілік, сыйластық қасиеттерін көрсететін әрі оның салтанатын, ар-абыройын арттыратын мәртебелі көрініс. "Бес жақсының" бір түрінің өзі 4-5 жылқыға бағаланған. "Бес жақсы" түріне, дәрежесіне қарай "бас жақсы", "орта жақсы", "аяқ жақсы" болып үшке бөлінеді. Мұның бәрі бағалы кәде қатарына жатады. Кей жерлерде "алты жақы" деген де бар. Бұл дәстүрде "бес жақсыға" тағы да бір жақсы қосылады. Мысалы, алтын, күміс жамбы, күмістеген ер-тоқым немесе кісе белбеу т.б.


Дереккөздер

Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары (Қазақ мәдениетінің суретпен безендірілген энциклопедиялары) "Атамұра",-Алматы.