Бақырғани кітабы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

“Бақырғани кітабы”<ref>“Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6</ref> — түркі тілдес халықтардың 12 ғасырдан сақталған сопылық ағымдағы әдеби ескерткіштердің бірі. Авторы, сопылық ағымның ірі өкілі — Сүлеймен Бақырғани. Бақырғанидың сопылық мазмұндағы хикмет-өлеңдері кезінде ұлан-ғайыр Қыпшақ даласы мен Орталық Азияның түркі тілдес халықтарының арасында кеңінен тарағаны тарихтан жақсы мәлім болғанымен, ақын мұрасы тек 19 ғасырда ғана толық жинақталып, Қазан және Стамбұл баспаларынан “Бақырғани кітабы” деген атпен бірнеше рет (1846, 1877, 1882, 1898 жылдары) басылып шықты. “Бақырғани кітабы” — бес бөлімнен тұрады.

  • Бірінші бөлімікөңіл-күй жырлары;
  • екіншісі — сопылық идеясын насихаттауға арналған дидактикалық философиялық хикмет-өлеңдері;
  • үшіншісі — Алланы мадақтауға арналған жырлары (“Меғрожнаме”);
  • төртіншісі — “Ақыр заман көріністері” дастаны;
  • бесіншісі — “Бибі Мариям” толғауы.

“Бақырғани кітабының” басты идеясы — оқырманын ізгілікке, имандылыққа, рухани тазалыққа үндеу. Ақынның айтуынша, әрбір адам рухани тұрғыдан кемелденген дәрежеге жетуі үшін Алланы (Хақты, абсолюттік рухты) толық танып-білуі тиіс. Ал, бұл биік мақсатқа жетуі үшін адам алдымен төрт асудан сүрінбей өтуі керек. Олар: шариғат (ислам заңдары мен әдет-ғұрыптарының жинағы), тариқат (сопылық ағымның идеясы, мұрат-мақсаты), мағрифат (мұсылмандықтың қағида-шарттарын танып-білу) және хақиқат (Хаққа жақындау). Бұл рухани асулардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады. Сондай-ақ осы төрт басқыштың әрқайсысы он мақамнан (тоқтамнан) тұрады. Аталған төрт сатының (басқыштың) қырық мақамын толық танып-біліп, жақсы игерген адам ғана Алланың (ақиқаттың) дидарын көруге мүмкіндік алады. “Бақырғани кітабы” жырларында сопылық идеяның негізгі қағида-шарттарына, сонымен бірге, адамның қоғамда атқаратын қызметіне гуманистік тұрғыдан түсінік беріледі. “Бақырғани кітабы” Алла сыйлаған өмірдің ләззатынан безбеуге, махаббат қызығын көруге, ғылым мен өнерді меңгеруге үндейді. Адамды сүю арқылы құдайды сүюге болатыны жырланған. “Бақырғани кітабының” “Бибі Мариям” атты бөлімінде пайғамбарлар, әулие-әнбиелер, әлемнің жаратылысы, т.б. туралы жазылған сопылық-дидактикалық сарындағы жырлар қамтылған. Мұнда Ғайса пайғамбар өз анасы Мариям бибімен өмір мен өлім, мейірімділік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық жайында әңгімелеседі. “Бақырғани кітабы” оқырман қауымды имандылыққа, ізгілікке, құдайға құлшылық етуге шақырады.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;</ref>.<ref>Отырар. Энциклопедия. – Алматы.«Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2</ref>

Дереккөздер

<references/> Үлгі:Stub: Қазақ әдебиеті {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}