Қарабұтақ бекінісі

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
19:47, 2026 ж. шілденің 12 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Көне Қарабұтақ қирандылары.jpg
Көне Қарабұтақ қирандыларының көрінісі.

Қарабұтақ бекінісі – форт, бекініс-қамал, Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген тарих ескерткіші.

Орналасқан жері

Әйтеке би ауданы, Қа­ра­бұ­тақ ауы­лы­нан оң­тү­стік-ба­тыс­қа қа­рай 28 км жерде орналасқан.

Тарихи деректер

Батыс Қазақстан аумағының Ресей империясының құрамына енуімен бұл аймақта әскери бекіністер және форттар – Ырғыз, Қарабұтақ, Темір, Ойыл және т.б. салына бастады.
1845 жылы екі бекініс салынды, бірі Торғай өзені маңында – Орынбор (Торғай қаласы), ал екіншісі Ырғыз өзені маңында – Орал (Ырғыз қаласы), 1847 жылы Сырдария өзенінің сағасына жақын жерде Райым бекінісі қаланды (кейінірек Арал болып өзгертілді). Сол жылы инфантерия генералы В.А. Обручев инспекциямен осы бекіністердің бәрін аралап өтіп, тағы екі аралық "даламен өтетін әскерлер мен арбаларға тоқтауға арналған" форт салуды жоспарлады – біреуін Жем өзені маңында, екіншісі Қарабұтақ өзені жағасында [Бларамберг, 1978, с. 287]. Келесі 1848 жылы Орал бекінісін Орынбор шебімен байланыстыру үшін Қарабұтақ фортының негізі қаланды, оның негізінің қалануына Т.Г. Шевченко қатысты.

Бекініс қызметі, қалыптасуы

Қарабұтақ форты Ресейдің Орск мен Орынбор қалаларын Хиуа, Бұхара және Ташкент сауда орталықтарымен байланыстыратын ескі керуен жолының бойында салынды. Бекініс сауда керуендеріне арналған тынығу базасының қызметін орындады, сонымен қатар солдаттар мен казактардың гарнизоны болды. "Сондықтан, Қарабұтақ фортында цитадель ормен қоршалған, одан өтетін көтермелі ағаш көпір салынған. Бекініске кірудің жалғыз жолы орталық қақпа болды. Аумақ екі мұнара – күзет мұнарасы және артиллерия мұнарасы арқылы қорғалды" [История Актюбинской обл., 2006, с. 227].
Осы кезден бастап Ресей империясының анықтамалық басылымдарында Көне Қарабұтақ туралы мәліметтер пайда бола бастады: "бұрынғы форт, қазіргі Торғай облысы Ырғыз уезінің посады, уездік қаладан 175 верстта, аттас өзен маңында, Ырғыз өзенінің оң саласында 482 аула бар, 3466 тұрғыны негізінен казактар мен щаруалар – қоныс аударушылар, олардың негізгі кәсібі – мал өсіру және жылқы мен ірі қара мал саудасы. Шіркеу, мектеп, аурухана, мал жәрмеңкелерінің айналымы 1/2 миллион рубльге дейін жетеді. Нарық көзі негізінен өте бағалы шекті жылқылары болып табылады. Ырғыз уезіндегі жалғыз пошта жолы Қарабұтақ арқылы Орскіден Сырдария облысына дейін өтеді" [Гуцалов, 2006, с. 24]. Бұл қалашықтың өркендеуіне дәл осы пошта жолында орналасуы ықпал еткені сөзсыз, оның бойында барлық көпестердің сауда керуен жолдары орналасқан, олар өте маңызды экономикалық және саяси рөл ойнаған және сол кезеңнің көптеген карталарында жазылған.
XIX ғасыр аяғында Қарабұтақ тұрғындарының 1/3 бөлігі татарлар болды. П.И. Пашино 1866 жылғы саяхат жазбаларында фортқа қысқаша сипаттама берді. Сонымен қатар ол гарнизонмен бірге оның халқы 70 адамды құрайтындығын атап өтті. "Бұл мекеннің ақсүйектері тек әскери қолбасшы мен фельдшерден, 10 төсек орны бар лазарет меңгерушісінен тұрады. Шіркеу де, діни қызметкер де жоқ" [Пашино, 1868, с. 9]. Ол сондай-ақ форт құрылған жылы келген төрт казак отбасының тек екеуі қалғанын айтады.
Кейіннен Қарабұтақта орыс қоныс аударушылары мен сарбаздары ағаш шіркеу тұрғызды, "2 класты ерлер мен әйелдер училищесі, пошта-телефон бөлімшесі, әскери лазарет, айналымы жылына 50 мың рубльге дейін жететін сауда орындары, айдап әкелінетін малдарға арналған ветеринарлық пункт" ашылды.

Гүлденуі мен құлдырауы

Сурет:Көне Қарабұтақ. Тас стела.jpg
Қарабұтақ бекінісі. Православ зиратының тас стеласы.

Қарабұтақтың гүлдену кезеңі XIX ғасыр аяғы мен XX ғасыр басына келеді. Татар, башқұрт халқы II Николайдың жарлығымен Ресей империясының қалаларында "аула жерлерін" алуға рұқсат алды (Дала Ережесінің 110 және 136-баптарына өзгерістер енгізілді). Қарабұтақта жартылай жертөлелері бар сапалы үйлер салына бастады, оларда дүкендер орналсқан, тұрғындар құс өсірді, орталық көшелер бойымен мал айдауға тыйым салынды, арнайы су тасушылар жұмыс істеді және т.б. Алайда, империяның күйреуі, революция және азаматтық соғыс осы дала бекінісінің тағдырына әсер етіп, құлдырауына әкелді.
Қарабұтақ өзенінің жоғарғы сол жағалауында форттың, тұрғын үйлердің, казармалардың, қызыл күйдірілген кірпіштен жасалған шіркеудің, ұстахананың т.б. қираған үйінділері, көшелердің жоспары сақталған.
1968 жылы Көне Қарабұтақтың шығыс шетінде темірбетоннан қиық пирамида түрінде құйылған обелиск орнатылды. Пирамиданың оңтүстік жағында төмендегі мәтінмен ақ мәрмәрдан тіктөртбұрышты тақта орнатылған: "Здесь в мае 1848 г. останавливался ссыльный Т.Г. Шевченко – великий украинский поэт демократ".
Қарабұтақ өзенінің оң жағалауында тас қоршаулардың қалдықтары мен форттың православтық зиратының үйінділері сақталған. Өкінішке орай, ағаш крестер сақталған жоқ, Каспий теңізі жағалауындағы орыс құлпытастарына тұқсас, атап айтқанда "Жилая Коса" орыс некрополінде секілді ақшыл сұр әктас-құмтастан жасалған бір ғана қабір үсті құлпытас бар.
Ескерткіштің киелілігі оның құрамында тарих ескерткіштерімен қоса мемориалды-ғұрыптық нысандардың болуында.<ref>Ақтөбе облысының киелі географиясы. Табиғат, археология, сәулет және этнография нысандарының тізілімі. Алматы: Ә.Х. Марғұлан ат. Археология институты, 2021. 520 б. </ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер