Нұсқалар арасындағы айырмашылық: "М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты"
ш (1 түзету) |
|
(айырмашылығы жоқ)
| |
00:23, 2026 ж. шілденің 13 кезіндегі нұсқасы
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты мемлекеттік ғылыми-зерттеу мекемесі. Бұл институт қазақ фольклортануы, әдебиеттануы және өнертану ғылымдарының өзекті мәселелері бойынша іргелі зерттеулер жүргізетін республикадағы бірден-бір ірі ғылыми орталық.
Мазмұны
Негізгі қызмет бағыттары
Институтта ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі қазақ әдебиеті мен өнері саласына кешенді талдау жасалады. Зерттеу нысандарына мыналар жатады:
- Қазақ әдебиеті мен фольклорының теориясы мен тарихы;
- Музыкатану, театр және кино өнері;
- Бейнелеу өнері;
- Қолжазба және мәтінтану (текстология) мен библиография теориясы;
- Қазақ әдебиеті классиктері шығармаларының академиялық жинақтарын әзірлеу.
Тарихы
Институттың қалыптасу жолы бірнеше кезеңнен тұрады:
1934 жыл: Қазақтың Ұлттық мәдени ғылыми-зерттеу институты ретінде негізі қаланды.
1936 жыл: КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының қазақ тілі мен әдебиеті және халық шығармашылығы секторы болып ашылды.
1941 жыл: Тарих, тіл және әдебиет институтының құрамына енді.
1945 жыл: Тіл және әдебиет институты болып қайта құрылды.
1961 жыл, мамыр: Қазақ ССР Ғылым академиясының дербес Әдебиет және өнер институты болып бөлініп шықты.
1961 жыл, тамыз: Институтқа ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді.
1963 жыл: Құрамында М.О. Әуезовтің әдеби-мемориалды музейі мен арнайы ғылыми бөлім ашылды.
1996 жыл: Музей «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы мәртебесіне ие болды.
Институт құрылымы
Қазіргі уақытта институт келесі салалық бөлімдерден тұрады:
- Фольклортану бөлімі;
- Ежелгі және орта ғасырлар әдебиеті бөлімі;
- Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімі;
- Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика бөлімі;
- Сыртқы әдеби байланыстар және аналитика бөлімі;
- Қолжазба және инновация бөлімі;
- Музыкатану бөлімі;
- Театртану және кино бөлімі;
- Бейнелеу өнері бөлімі;
- Әуезовтану бөлімі («Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы).
Ірі ғылыми жобалары мен басылымдары
Институт ғалымдары мемлекеттік маңызы бар көптеген іргелі еңбектерді жарыққа шығарды:
- «Бабалар сөзі» — 100 томдық фольклорлық жинақ;
- М.О. Әуезовтің 50 томдық академиялық шығармалар жинағы;
- «Қазақ әдебиетінің тарихы» (10 том);
- «Қазақ музыкасының антологиясы» (5 және 8 томдық басылымдар);
- «Қазақ өнерінің тарихы» (3 том);
- «Классикалық зерттеулер» (34 том);
- «Әдеби жәдігерлер» (20 томдық серияның 11 томы);
- «Ұлы дала тұлғалары» сериясы (Жамбыл, Абай, Күләш, Құрманғазы, Әбілхан Қастеев туралы зерттеулер).
М.О. Әуезовтің институттағы рөлі
Мұхтар Әуезов институттың қалыптасуына тікелей атсалысты:
- 1943 жылдан бастап аға ғылыми қызметкер, кейін сектор меңгерушісі болды.
- 1946 жылы Ғылым академиясының тұңғыш толық мүшелігіне сайланды.
- Абайтану ғылымының негізін қалап, Абай мұрасын зерттеу бөлімін басқарды.
- Абай шығармаларының 1933-1949 жылдар аралығындағы толық жинақтарын редакциялады.
Зерттеу бағыттары мен жетістіктері
- Абайтану: 1991 жылы қайта ашылған Абайтану бөлімінің ғалымдары (З. Ахметов, С. Қирабаев т.б.) Абай мұрасын зерттегені үшін 1996 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
- Ежелгі әдебиет: XIII-XIV ғғ. жәдігерлері «Оғыз-нама», «Мухаббат-нама» (1986) және А. Иассауидің «Диуани хикмет» (1993) еңбектері ғылыми түсініктемелермен аударылды.
- Баспасөз тарихы: «Дала уалаятының газеті», «Айқап», «Қазақ» газеттерінің материалдары жүйеленіп, көптомдық болып басылды.
- Алаш мұрасы: Репрессияға ұшыраған А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов сияқты тұлғалардың еңбектері ақталып, академиялық басылымдары шығарылды.
- Әлемдік байланыстар: «Жаңа дәуірдегі әлем әдебиеті» монографиясы арқылы 20-дан астам елдің әдеби үдерістері талданды.
Халықаралық байланыстар және Инновация
- Институт Сорбонна, Вена, Берлин кітапханаларымен байланыс орнатып, қазақ әдебиетін Еуропада таныстыруда.
- Корей Республикасымен бірлесіп мифтер мен ертегілерді цифрлық сақтау жобасын жүзеге асыруда.
- 2002 жылдан бастап жыл сайын дәстүрлі «Әуезов оқулары» халықаралық конференциясы өткізіледі.
- 2005 жылдан бері Париждегі ISSN орталығында тіркелген «Керуен» ғылыми-көпшілік журналы жарық көреді.
- Қолжазба және музыкалық мұраларды электрондық және цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде.
Тұлғалар
Институтта әр жылдары қазақ ғылымы мен мәдениетінің көрнекті өкілдері жұмыс істеді: А.Қ. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, М. Қаратаев, З. Ахметов, Р. Бердібай, Ш. Сәтбаева, Ә. Тәжібаев, М. Ғабдуллин және т.б.
Институт басшылығы
Әр жылдары институт директоры болып М.О. Әуезов, М. Базарбаев, Ә. Шәріпов, 3. Ахметов, Ш. Елеукенов, Ш. Ыбыраев, С. Қасқабасов, С. Қирабаев қызмет атқарды.
- 2012 - 2018 жылдар аралығында ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанұлы Қалижанов;
- 2018 жылдан бастап филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов тағайындалды.
Дереккөздер
<references/>