Кинотану

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Кинотанукино өнерін, оның ерекшеліктерін, түрлерін және жанрларын зерттейтін ғылым саласы. Кинотануға киноның тарихы мен теориясы, кино сыны, кинодраматургия мәселелері, кинорежиссура, актерлік шығармашылығының және кино өнерінің қосалқы тарауы – фильмография және кинобиблиография жатады. Кинотану өнертану, тарих, әлеуметтану, психология, мәдениеттану және философия ғылымдарымен, әсіресе, эстетикамен тығыз байланыста дамиды.

Кинотану – өнертану ғылымының дербес саласы. Кинотанудың негізгі бөлімдері – кино теориясы мен кино тарихы, Кинотанудың ерекше тарауы ретінде кино сыны қаралады. Кино теориясы киноның негізгі принциптерін, табиғатын және оның негізгі түрлерінің (көркем, деректі, ғылыми-көпшілік және мультипликациялық фильмдер) ерекшеліктерін зерттейді. Кино теориясы әлем кинематографиясының тәжірибесімен бірге, кино өндірісі, кинопрокат, киноөнеркәсіп, кинобизнес технологиясының одан әрі жетіле түсуімен, телевизия мен тұтастай алғанда экрандық аудиовизия өнерінің қарқынды өріс алуымен бірге дамыды.

Кино тарихы

Кино тарихы кино өнері дамуының әлеуметтік-экономикалық заңдылықтарын, кино өнерінің пайда болуы мен дамуын және оның түрлерін, жанрларын, стилін, шығармашылық тәсілдерін, бағыттарын, мектептерін, фильмнің экрандық-көркемдік құрамдас бөліктерін, кино шеберлерінің шығармаларын, сонымен қатар кино техникасы, фильм өндірісі, кинопрокат дамуын да зерттейді. Кинотану – қазақстандық өнертанудың ең жас саласы. Қазақ киносының даму мәселелерін қозғайтын алғашқы мақалалар 20 ғ-дың 30-жылдары жарық көрді. Қазақ киножурналистикасының басында Ә.Т.Жангелдин, І.Жансүгіров, Б.Ж.Майлин, М.О.Әуезов, Ғ.М.Мүсірепов, Т.Қ.Жүргенов, І.Омаров және т.б. тұрды. Бұлар республика кино өнерінің қалыптасып дамуына тікелей ат салысты. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты сценарий бөлімінің алғашқы түлектерінің бірі кинодраматург Қ.Сиранов қазақ киносының тұңғыш тарихшысы болды.

1958 жылы Алматыда оның «Қазақ кино өнері» атты кітабы жарық көрді. Кітапта «Түрксіб» деректі кино туындысынан «Оның уақыты келеді» (Ш.Ш.Уәлиханов туралы) көркем фильміне дейін 17 фильмге талдау жасалған, деректі кино мен фильмдерді дубляждау мәселелері, Алматы көркем және деректі фильмдер киностудиясының жұмысы жан-жақты талданған. Бұл кітаптағы деректер Сирановтың «Советтік Қазақстанның кино өнері» (1966) монографиялық зерттеуінде де тиянақты пайымдалды. Кейін осы ғалымның «Шәкен Айманов – кино актері және режиссері» (1970), «Кино туралы әңгімелер» (1973), «Кино. Жылдар. Ойлар» (1983) атты кітаптары жарық көрді. 20 ғ-дың 80-жылдары қазақ Кинотану ғылымы жаңа сатыға көтерілді.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Қазақ киносының өрлеуі

Қазақ киносы түрлері, жанрлары және тақырыптық бағыттары бойынша зерттеле бастады. Әдебиет және өнер институты Кинотану саласындағы бір топ мамандарды «Қазақ киносы тарихының очерктерін» (1980) жазуға жұмылдырды. Кітап қазақ киносының тарихын, оның жеке жанрларын даму тұрғысынан зерттеп, республикадағы Кинотану ғылымының белгілі бір дәрежеде дамып келе жатқандығын айқындай түсті. Белгілі журналист, жазушы Қ.Смайылов «Қазақ кинодраматургиясының қалыптасуы» деген тақырыпта кандаттық диссертация қорғады; «Фильм осылай туады» (1981), «Қазақ киносының тарихы» (1999) кітаптарын жарыққа шығарды. Б.Р.Нөгербек «Қазақ анимациясында фольклорлық дәстүрдің дамуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады, оның ұлттық мультипликациялық кино тарихы мен оның даму жолдарын сөз ететін «Егер ертегілерге жан бітсе» (1984) кітабы жарық көрді. Қазақ кино өнерін насихаттауға арналған А.Қайырбаевтың «Экрандағы кездесулер» (1979) мен «Естелік беттері» (1981). М.И.Берковичтің «Жасалып біткен кинолентаның кадрлары» (1984), т.б. кітаптар да жарияланды. 20 ғ-дың 90-жылдары қазақ Кинотану ғылымы қазақ кино өнері дамуын тереңдей зерттеп, ізденіс ауқымын кеңейте бастады. Кинотану Әлімбаева мен Кинотану Айнағұлова «Қазақстан кино өнерінің даму ағымдары» (1990), Г.Әбікеева «Орта Азия киносы» (1990–2001) кітабын жарыққа шығарды. 1993 жылы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотанушылар даярлайтын бөлім ашылды. 1997 жылы қазақ кино танушыларының алғашқы тобы бітіріп шықты. Жас кинотанушы Н.Рахманқызының (Мұқышева) «Кинорежиссер О.Әбішев» (1998), Г.Наурызбекованың «Әуезов және кино» (2000) атты кітаптары шықты.

Киноның тарихы және теориясымен қатар фильмография мен кино библиография салалары да дами бастады. Т.Смайылова 1925–90 жылдардағы көркем, деректі және анимациялық фильмдерді қамтитын «Қазақстан киносы» киноанықтамалығын шығарды. Қазақ киносының шеберлері туралы библиографиялық анықтамалық әзірленді. Қазір республика кино өнерін зерттеу ісімен Әдебиет және өнер институтында жүргізіледі. Қазақстан кинематографияшылар одағы жанында Кинотану және кино сыны секциялары жұмыс істейді. Қазіргі қазақ Кинотану ғылымының алдында тұрған басты міндет – ұлттық кино өнерінің даму тенденцияларын және өзіндік ерекшеліктерін ашып көрсету болып табылады.<ref>Қазақстан Республикасының Ғылым Энциклопедиясы</ref>

Дереккөздер

<references/> Үлгі:Stub: Қазақ мәдениеті {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}