Жыланқарауыл

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Үлгі:Көне қалашық Жыланқарауыл, КүлтөбеҚаратау өңірінде сақталған ортағасырлық қала орны.

Орналасқан жері

Түркістан облысы Созақ ауданы Жыланқарауыл қыстағынан батысқа қарай 25 км жерде.

Сипаты

XV-XVIII ғасырлардағы жазба деректерде Жыланқарауыл бекінісі деп аталған.
Қала орнының қазіргі сыртқы көрінісі үшбұрышты. Батыс жағының ұзындығы 70, оңтүстік-батысы 40, оңтүстік-шығысы 60, шығысы 30, солтүстігі 30 м. Үстіңгі орталық қорғаны – ұзынша келген жалпақ төбешік түрінде сақталған. Оның оңтүстік жағында аласалау доға тәрізді жал болып жатқан құрылыстың көрінісі байқалады. Оның ұзындығы 35 м, зерттеу жұмысы қаланың батыс және солтүстік жағына, орталық қорғанға жүргізілген, жалпы көлемі 2000 м2 жері аршылған. Сонымен бірге қаланың бекініс жүйесін тексеру үшін, батыс жағынан ұзындығы 25 м, кеңдігі 1 м ор қазылды.
Тексеру нәтижесі қаланың сыртынан айналдыра салынған екі қатар (қалыңдығы 1 м) тастан қаланған дуалдың, оның сыртында кеңдігі 5 м, тереңдігі 3 м ордың орнын анықтады. 54 бөлме, 2 көше ашылып, қаланың соңғы кезеңдегі (XVI-XVII ғасырлар) тұрмыс-тіршілігі толық зерттелген. Тұрғын үйлер бір, екі, үш, төрт бөлмелі етіп салынған. Әрбір үйде тандыр ошақ, жанында күл-көмір, қоқыс салатын ұралар болса, ал шаруаға қажетті бөлмелерде және ауызғы кіреберіс дәліздерде міндетті түрде астық сақтайтын ұралар кездесіп отырады. Кейбір бөлмелерде қатар салынған ошақтар бар. Олардың түтін шығаратын мұржалары біріктіріліп, қабырғаның бойымен үйдің төбесі арқылы сыртқа шығарылған. Үйлердің қабырғаларының негізі тастан қаланып, екінші жартысы шикі кірпіштен тұрғызылған. Әрбір үйде өздерінің дәретханасы болған. Ол бөлменің түпкі жағынан есік шығарылып, жеке төртбұрышты етіліп жасалған. Дәреттің суы ағатын күбі көзелердің түбі жоғары қаратылып, оның үстіне төртбұрышты крест сызықша ойылып, қосылған жеріне су ағатын тесік жасалған. Бұл – ислам дінінің күшейе бастаған кезінің белгісі.
Тұтыну бұйымдарының жиынтығы мыңнан асады. Басым көпшілігі – ас ішетін сырланған қыш ыдыстар. Олар әр түрлі ою-өрнектермен безендірілген. Шаруаға қажетті бұйымдардан сырланбаған күбі де көп кездеседі. Ыдыстардың іші-сыртына қазақ ру-тайпаларының таңбалары салынған. Сүйектен жасалған бұйымдар, әсіресе, ұршық басы, балалар шүмектері, ойын асықтарының үш жерден көмбесі ашылған. Ыдыстардың пішіні, ою-өрнегі, сырдың түр-түсі жағынан Түркістан, Созақ, Отырар, т.б. қалалардың ыдыстарына өте ұқсас. Сондықтан да бұл ірі қалалар XVI-XVII ғасырларда Жыланқарауыл сияқты кіші қалалармен тығыз қарым-қатынас жасаған деп тұжырымдауға болады.<ref>Қазақ энциклопедиясы</ref><ref>Қ 18 Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық (толықтырылған 2 - басылым). - Алматы: "Аруна Ltd." ЖШС, 2010. - 786 б. ISBN 9965 - 26 - 175 - X</ref>

Әдебиет

  • Материалы по истории казахских ханств XV-XVII вв., А.-А., 1969;
  • Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б., Древний Отрар, А.-А., 1972;
  • Жолдасбаев С.Ж., Раскопки городища Куль-тобе. Археологические открытия 1973 года, М., 1974.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер