Үрпек ғұрыптық кешені

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Үрпек ғұрыптық кешені.jpg
Үрпек ғұрыптық кешені. "Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы" түсірген аэрофототүсірілім.

Үрпек ғұрыптық кешені – Қостанай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.

Орналасқан жері

Амангелді ауданы, Амангелді ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 15 км, Ағаштыкөл ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 0,7 км жерде орналасқан. Бүгіндері құрғап қалған Ағаштыкөл көлінің батыс жағалауында тұр.

Кешен сипаты

Кешен 18 ғұрыптық-аза тұту және жерлеу құрылыстарынан (гантель тәріздес обалар мен үйінділер, Торғай свастикасы "геоглифі") тұрады.

Торғай свастикасы 2007 жылы Дмитрий Дейдің "Google Earth" бағдарламасы арқылы ғарыштан түсірілген суреттерді зерттеу нәтижесінде табылды. Кейіннен А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің археологиялық зертхана қызметкерлерінің археологиялық және геофизикалық зерттеулері нәтижесінде Торғай свастикасы атауымен белгілі "геоглифі" бар, Үрпек археологиялық кешені анықталған.

Торғай свастикасы – үш бағытта сәулеге ұқсас пішінде топырақ үйіндісінен тұрғызылған. Әрбір сәуле ирек тәріздес пішінмен аяқталып, ұштары сағат тіліне қарсы бағытта қайырылған. Үйіндінің биіктігі 0,3 м дейін, сәуленің ұзындығы 33 м, табанының ені 13-15 м, аяғындағы ені 10-12 м. Иреленген пішіндердің ұзындығы 40-50 м, ені 5-6 м, қайырылған бөліктерінің ұзындығы 15-20 м. Құрылыстың ортасында диаметрі 4 м, тереңдігі 0,3 м болатын шұңқыр бар. Свастика диаметрі 90 м аумақты алып жатыр.

Кешеннің өзге құрылыстары негізінен дөңгелек және гантель тәріздес пішінде. Дөңгелек нысандардың биіктіктері 0,1 м-ден 0,3 м-ге дейін, диаметрі 5-тен 19 м-ге дейін. Гантель тәріздес обалар немесе жобасы гантельге ұқсас келген обалар шығыстан батысқа қарай тізбектеліп орналасқан екі обадан тұрады. Нысандардың ұзындықтары 25 м-ден 122 м-дейін. Биіктігі – 0,1 м-ден 0,15 м-ге дейін, оба диаметрі 4-тен 10 м-ге дейін. Бір құрылыс тіктөртбұрыш пішінде, көлемі 27×21 м; солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған.

Үрпек рәсімдік кешенінің тұрғызылу уақытын б.з.д. І ғасырдан бастап б.з. IV (V) ғасырға дейінгі хронологиялық шеңберде қарастыруға болады.

Жалпы Үрпек археологиялық кешені өзіндік ерекшеліктеріне қарағанда Торғай жерін мекендеген ежелгі тұрғындардың киелі орыны болған секілді, өйткені оған ғұрыптық-еске алу нысандары, жерлеу ескерткіштері (гантель тәрізді обалар мен үйінділер) кіреді. Свастика түріндегі құрылыс нысаны (Торғай свастикасы) символдық белгі белгілі бір әулетке, қауымға тиесілі болуы мүмкін.
Жергілікті маңызы бар археологиялық ескерткіш. Зиярат ету орыны.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>

Әдебиеттер

  • Логвин А.В., Шевнина И.В., Дей Д.Б. Геоглифы Торгая // Вопросы истории и археологии Западного Казахста-на. – Уральск: Западно-Казахстанский центр истории и археологии, 2011. – № 1. – С. 226–229.
  • Логвин А.В., Шевнина И.В., Сеитов А.М. Ритуальный комплекс Урпек (предварительное сообщение) // Религия и система мировоззрений древних и средне-вековых номадов Евразии: сб. научн. ст. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2016. – С. 56–64.
  • Motuzaite Matuzeviciute G., Logvin A.V., Shevnina I., Seitov A.M., Feng J., Zhou L. OSL dates for the ancient geometric earthworks of Kazakhstan // Archaeological Research in Asia. – 2016. – P. 1–9

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер