Қазақстан аумағындағы казак әскерлері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Өлкеде әкімшілік реформаларды жүзеге асыруда, жергілікті халықтың көтерілістерін басуда казак әскерлері елеулі рөл атқарды. Олар Қазақстанмен шекаралас жерлерде де, оның тікелей шикі аумақтарына да орналастырылды.

Қазақстан аумағындағы казак әскерлерінің атқарған негізгі қызметі

Қазақстанда және онымен шектес аумақтарда төрт казак әскері болды. Олар Жайық, Сібір, Орынбор және Жетісу казак әскерлері еді.

Ресей империясындағы казак әскери бөлімдерінің негізгі қызмет түрлері, біріншіден, Ресейге жаңа жерлерді қосып алуға белсене қатысу; екіншіден, көрші мемлекет әскерлерінің шекараға басып кіруінен қорғау; үшіншіден, Ресей империясы құрамындағы бұратана халықтардың ұлт-азаттық қозғалысын, орыс шаруалары мен жұмысшы табының көтерілістерін аяусыз басуға белсене қатысу болатын. Мәселен, казактар Польшадағы көтерілісшілерді, Кавказ, Орта Азия және Қазақстан халықтарының көтерілістерін аяусыз жазалауға белсене қатысты. Казактар 19051907 жылдардағы бірінші орыс революциясын басып-жаншуда да ерекше көзге түсті. Төртіншіден, казактар орыс армиясының XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бас кезіндегі шетелдерге жасаған жорықтарының барлығына да қатысты.

Казактар әскери қызмет атқарумен қатар әскери-инженерлік бекініс құрылыстарын, жолдар мен көпірлер салуға және оларды жөндеуден өткізіп тұруға міндетті болды. Олардың міндетіне орманнан ағаш кесу және оны тасып жеткізу, пошта қатынасы көліктерін қорғауды қамтамасыз ету де кіретін.

Казактардың патша үкіметінің әкімшілігіне шын беріле адал қызмет етуі үшін оларға ең таңдаулы құнарлы жерлер бөлінді. Казактарға бөлінетін жер телімі Ресейден қоныс аударып келген шаруалардың жер телімінен әлдеқайда артық болды. Казактардың әрбір ер азаматына шаққандағы жер телімі орта есеппен 30 десятинадан келді. Офицерлерге бөлінетін жер телімі бұдан да көп болды. Мәселен, аға офицерлер 200-ден 600 десятинаға дейін, штаб офицерлері — 400-ден 1000 десятинаға дейін, ал генералдар - 1500-ден 3000 десятинаға дейін жер иеленді. Казактардың сонымен қатар түз кәсіпшіліктерін, ормандарды, өзендер мен көлдерді пайдалануға да ерекше құқықтары болды.

Казактар әскери қызметке өз қару-жарағымен, киім-кешегімен, азық-түлігімен, өз атымен шығатын. 1835 жылға дейін казактар әскери қызметті өмір бойы жалдану тәртібімен атқаратын. Кейінірек Ресей империясындағы барлық казактар үшін әскери қызмет мерзімі 30 жыл болып белгіленді.

Казактардың әскери қабілеті жоғары болатын. Олар орыс армиясындағы атты әскерлердің едәуір бөлігін құрады. XIX ғасырдың орта кезіндегі соғыс уақыттарында Ресей казактары 160 мыңға дейін жауынгер жасақтай алатын.

Казактар қатары олардың табиғи өсуі есебінен ғана емес, сонымен қатар бұл топқа орыс шаруаларын қабылдау арқылы да арта түсті. Казактардың, әсіресе Сібір казактарының құрамы тұтқынға түскен швед, француз, поляктардың есебінен де толығып отырды.

Казактардың қатарына орыс емес халықтардың өкілдері - татар, башқұрт және қалмақтар да қабылданды.

Казактар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынас әр түрлі қалыптасты. Бір жағынан, олардың арасында тауар алмасу кеңінен өріс алды, тіл және мәдениет саласында жақындасу нығая түсті, ал екінші жағынан, өзара әсқери қақтығыстар жиі-жиі болып тұрды. Ондай шиеленісті оқиғалардың негізгі себебі жер дауына байланысты күрес еді. Бұл жағдай қазақтардың казактардың бекініс қамалдары мен станицаларына шабуыл жасап тұруына себеп болды. Өз кезегінде казактар да жазалау экспедициялары құрамында қазақ ауылдарына шабуыл жасап жүрді. Жайық, Орынбор, Сібір және Жетісу казактарының әскерлері қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістерін аяусыз басып-жаншуға белсене қатысты.

Жайық казактары

Жайық (Орал) казактарының ең алғашқы елді мекендері XVI ғасырда қазіргі Қазақстан аумағының солтүстік-батыс бөлігінде (Жайық (Орал) өзенінің бойында) пайда болды. Сондықтан да оларда өзін-өзі басқарудың элементтері көп болды. Казактардың қоғамдық өмірінің аса маңызды мәселелері әскери топта ұжымдық талқыға салу арқылы шешілетін.

Патша үкіметі казактардың еркіндігін шектеу саясатын ұстанды. Олардың тұрмысына бірте-бірте қатаң әскери тәртіп енгізіле бастады. Мәскеу мемлекеті Жайық казактарына оңтүстік-шығыс шекараны қорғау және әскери отарлау міндеттерін жүктеді. Жайық казактары 1773-1775 жылдарда Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысты. Мұның өзі патша үкіметі тарапынан Жайық казактарының өзін-өзі басқару құқығына қысым жасап, шектеулер қоюына қатысты болған еді.

Жайық казактары ауқатты тұрды. Әрбір казактың 80 десятинадан жер телімі болды. Жайық казактары егіншілік пен балық аулау, түз өндіру және аңшылықпен айналысты. Жайық казактары жерді қоғамдық негізде пайдаланды. Орасан зор жер көлемін иемденген казактар жерді Ішкі Бөкей ордасындағы және Жайықтың сыртқы жағындағы қазақтарға жалға берді. Олар осылай мол табыс көзіне ие болды. Қызыл балық пен қара уылдырықтың өзінен ғана казактар күміс ақшамен жыл сайын 2 миллион сом табыс табатын. Олар жыл сайын 300 мың басқа дейін қой сата алатын.

Жайық казактары XX ғасырдың басына дейін өздерінің дәстүрлерін, «байырғы ескі» тәртіптерін және тұрмыс-тіршілік салтын неғұрлым берік сақтады. Жайық казак әскерлерінде байырғы ескі діни наным-сенім ұзақ сақталды.

Жайық казактары қазақтардың шаруашылығы мен тұрмысына елеулі түрде ықпал етті, өз кезегінде, олар да қазақтардан бірқатар шаруашылық дағдыларын үйренді. Жайық казактары қазақтардың әдет-ғұрып, салт-санасымен таныс болды. Жайық казактарының тіліне қазақтардың баспақ, дөнен, нар, тымақ, жасауыл, күрен сияқты бірқатар сөздері сіңісіп кетті. 1917 жылға қарай Жайық казак әскерлерінің жалпы саны 174 мың адамға жетті. Ал олардың орналасқан аумағының көлемі 7 миллион десятина жер көлемін алып жатты.

Орынбор казактары

Орынбор казак әскерлері 1748-1755 жылдар аралығында құрылды. Олардың Жайық казактарынан айырмашылығы — өз беттерімен келіп, стихиялық түрде құрылған жоқ, патша үкіметінің бастама көтеруі бойынша арнайы мақсатпен құрылды. Орынбор казактарының негізгі ұйытқысы Самара, Уфа, Алексеев және Есет казактары болды. Олар шекараны қорғау күзетінде қызмет етті. Бұл әскер өзінің құрамы жағынан көп ұлтты еді. Орыстардың басым болуымен қатар, оның құрамына украин, башқұрт, қалмақ, т.б. халықтардың өкілдері енді.

Орынбор казак әскерлері Орынбор губерниясының оңтүстік және оңтүстік-шығыс шекараларында орналасып, осы өлкенің шамамен төрттен бір бөлігін алып жатты. Олар Жайық казак әскерлері мен Сібір казак әскерлерінің шекарасын бір-бірімен жалғастырды. Ал оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында қазақ даласымен шектесті.

1840 жылы «Орынбор казак әскерлері туралы Ереже» шықты. Ол бойынша, Орынбор казак әскерлерінің жерінде тұратын барлық шаруалар казактар тобына қабылданды. Орынбор казак әскерлері өзінің ұйымдастырылуы жағынан тұрақты орыс әскеріне жақын келді. 1842 жылы Орынбор казактарының қатарына құрамында 3 мыңнан астам адамы бар Ставрополь қалмақ әскері келіп қосылды. Орынбор казак әскерлерінің орталығы Орынбор қаласында орналасты.

Казактар негізінен селолық жерлерде қоныстанды. Қалаларда казактардың небары 2%-ы тұрды. Орынбор казактары негізінен егіншілікпен, мал өсірумен, балық аулаумен айналысты. Казак әйелдері ешкінің түбітінен түрлі орамал тоқыды. Бүкіл Ресейге және одан тыс жерлерге кеңінен танымал болған Орынбор шәлісі, орамалы, бөкебайы, бет перделері мен қолғаптары солардың қолымен тоқылатын.

Орынбор казактары өзінің күнделікті өмірінде қазақ халқымен ұдайы араласып тұрды. Казак әскерлерінің аумағындағы жалға алған жерлерде қазақтар көшіп-қонып жүрді. 1916 жылы Орынбор казак әскерлеріндегі халықтың саны 533 мың адамға жуықтады.

Сібір казактары

Сібір казак әскерлерінің негізін полиция қызметіндегілер құрады. Олар XVI ғасырдың аяқ кезінен бастап Сібір әскери бекіністерінде күзет қызметін атқарды. XVIII ғасырда Батыс Сібірдің оңтүстігінде бірқатар шекаралық бекініс қамалдар бой көтерді. Сібір казак әскерлерінің болашақ астанасы — Омбы әскери бекінісі салынды. Сібір казактары XVIII ғасырдың аяғына дейін Сібірдегі орыс шаруаларының есебінен толығып отырды. Казактардың қатары солдаттардың ер жеткен балаларының, саяси жер аударылып келгендер мен башқұрт, мещеряктар және Дон казактарының есебінен де толықтырылды. 1808 жылы Сібір казактары Сібір шекара иіебінің казак әскерлері деген ресми атқа ие болды. Әскердің штабы Омбы қаласында орналасты. Олардың әскери атаманы Батыс Сібір генерал-губернаторына, ал кейінірек - Дала өлкесінің генерал-губернаторына тікелей бағынды.

XIX ғасырдың аяқ кезінде Сібір казак әскерлері екі облысқа — Ақмола және Семей облыстарына орналастырылды. Олардың тағы бір ғана бөлігі Томск губерниясының Бийск округына жайғастырылды.

ХІХ-XX ғасырлар шебінде бүкіл казак әскерлері 5 млн десятинаға жуық жерді алып жатты. Ені 10 шақырымдық далалық алқаптың өзі ғана 1,5 миллион десятина жердің ұзына бойына созылды. Сібір казактарының әрқайсысына тиесілі жер телімінің көлемі орта есеппен алғанда 30 десятинадан айналды. Жерді тек ер азаматтар ғана алды. Офицерлерге жер әлдеқайда көп берілді. Олар жерді өмір бойы пайдалану құқығына ие болды. Бірақ олар әдетте ол жерлерді қазақтарға және қоныс аударушы орыс шаруаларына жалға беріп отырды. Сібір казактарына су көздері бар ең таңдаулы құнарлы жерлер бөлінетін. Казактар Ертістің оң жағалауындағы Долон, Шульба және Қарағайлы ормандарын да иеленді. 1904 жылы патша жарлығымен ені он шақырым келетін далалық алқап Сібір казактарының «мәңгілік меншігіне» бекітіліп берілді.

Сібір казактарының негізгі кәсібі егіншілікпен айналысу болды. Бірақ далалық ауа райының құбылмалылығы, құрғақшылықтың жиілігі, қақаған күшті аязды күндердің көптігі егін егуде қыруар қиыншылықтар туғызды. Казактар негізінен күздік және жаздық қара би дай егумен шұғылданды. Сұлы, арпа, тары, сондай-ақ картоп екті. Казактардың арасында бау-бақша, темекі өсіру де жақсы дамыды. Петропавл маңында бау-бақша өсірумен айналысатын тұтас казак поселкелері құрылды. Шекара шебінің темекісі «махорка» бүкіл Сібірге кеңінен тарады. Казактар сонымен қатар кендір өндірумен де айналысты, сора өсірді.

Казак әскерлері мал да ұстады. Мұның өзі егін шаруашылығына және жорыққа да қажет еді. Өзендер мен көлдердің көптігі балық аулау ісін де дамытты. Олар Ертіс өзені мен Зайсан көлінде балық аулауды өздерінің монополиясына айналдырып алды. Казактар сонымен қатар жүк тасымалымен, тері илеу және тоң май дайындау кәсіпшіліктерімен де айналысты. Сауда-саттықпен де күшті шұғылданды, жергілікті қазақтармен сауда жасасты.

Жол жөндеу жұмыстары үшін алынатын баж салығы да казактардың пайдасына түсетін. Кедейленіп, қайыршылық күйге түскен көптеген қазақтар казактарға жалданып жұмыс істеді. Ертіс шекара шебіндегі әрбір ауқатты казактың 2—3 қазақтан жалдамалы жұмысшылары болды. Жалпы алғанда XIX—XX ғасырлар аралығында Ертіс шекара шебінде 100 мыңға жуық қазақ жалданып жұмыс істеген Сібір казактары өз жерлерінің бір бөлігін қазақтарға жалға беріп, табыс тауып отырды.

Сібір казактарының тарихын, олардың Ертіс бойындағы қазақтармен қарым-қатынасын зерттеумен белгілі тарихшы және өлкетанушы генерал Г.Е. Катанаев айналысты. 1917 жылға қарай Сібір казактарының жалпы саны 172 мың адамға жетті.

Жетісу казактары

Жетісу казак әскерлері 1867 жылы Сібір казактарының 9 және 10-полктері округынан құрылған болатын. 1869 жылы бұл әскердің құрамына Қытайдан қашқан мындаған қалмақ келіп қосылды. 1867 жылы Жетісу облысы құрылған еді. Бұл облыстың әскери губернаторы сонымен бір мезгілде Жетісу казак әскерлерінің тағайындалған атаманы болып та бекітілді.

Жетісу казактарына өзін-өзі басқарудың жетілдірілген түрі тән болды. Өзін-өзі басқарудың басты органы — сход жиын маңызды рөл атқарды. Казактардың бұл жиналысына әскери топқа жатпайтын, басқа қалалық адамдар да қатыса беретін. Жетісу казактарының айналысатын негізгі шаруашылығы егіншілік, ал қосымша шаруашылығы балық аулау және омарташылық кәсібі болды. Казактар сонымен қатар саудамен де белсенді түрде айналысты. Жетісу казактарының қолында 281 мың десятина жер болды. Ол әр адамға шаққанда 28 десятинадан келді.

1917 жылы Жетісу казактарының жалпы саны 45 мың адамға дейін жетті.<ref>Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамұра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы. ISBN 9965-34-816-2</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}