Фиджи

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Infobox Country Фиджи, Фиджи Аралдары Республикасы — Мұхиттық аралдарда, Тынық Мұхиттың оңт.-батыс бөлігіндегі Фиджи аралдарына орналасқан мемлекет. Аумағы 18333 км2. Халқы 796 мың (1998). Халқының негізін фиджиліктер (меланезиялықтар мен полинезиялықтар – 49%), үнділер (46%), еуропалықтар (2%) құрайды. Ресми тілі – ағылшын. Дінге сенушілердің 53%-ы – христиандар, 38%-ы – индуистер, 8%-ы – мұсылмандар. Мемлекет басшысы – президент. Үкімет басшысы – премьер-министр. Заң шығарушы органы – қос палаталы парламент (Сенат пен Өкілдер палатасы). Астанасы – Сува қаласы. Ұлттық мейрамы – Тәуелсіздік күні 10 қазан (1970). БҰҰ-ның мүшесі (1970). Ақша бірлігі – Фиджи долл. Фиджи топаралы 300-ден астам үлкенді-кішілі аралдардан құралады (150-не адамдар қоныстанған). Олардың ішіндегі ең ірілері – Вити-Леву мен Вануа-Леву. Фиджи аумағының 80%-ын қамтиды. Аралдардың көпшілігі жанартаутекті, жер бедері таулы (ең биік жері – 1322 м), жағалауларында маржанды рифтер мол. Климаты тропиктік, мұхиттық, ылғалды, дауылдар жиі соғады. Орташа айлық темп-расы 25 – 28С; жылдық жауын-шашын мөлш. 1700 мм-ден шығысындағы таулы беткейлерде 3500 мм-ге дейін жетеді. Ылғалды тропиктік ормандар мен саванналар басым. Тропиктік ормандарда ағаштардың көптеген бағалы түрлері өседі. Жануарлар дүниесінде сүтқоректілердің үлесі тым аз, керісінше құстардың көптеген түрлері тіршілік етеді. Аралдар жағалауларында тар аккумулятивті жазықтар созылып жатыр. Ең ірі өзендері – Рева (100 км жерінде кеме қатынасы бар), Ваинимбука, Мба, Сингатока Вити-Леву аралында.

Б.з.б. 1500 жылдар шамасында Фиджи аралдарына полинезиялық, кейіннен меланезиялық тайпалар қоныстана бастаған. 1643 жылы Фиджи аралдарын голландиялық теңіз саяхатшысы Абель Тасман ашқан кезде жергілікті халық әлеум.-экон. дамуы жағынан алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау сатысында болды. 1774 жылы аралдарды ағылшындық теңіз саяхатшысы Дж. Кук зерттеді. 1835 жылы аралдарға ағылшындардың алғашқы тобы келіп қоныстанып, 1874 жылы Ұлыбритания отарына айналдырылды. 1875 – 76 жылы көсемдердің басшылығымен жергілікті тайпалар ағылшын отаршылығына қарсы көтеріліс жасады. 1879 жылдан бастап Фиджиге қант плантацияларында жұмыс істеу үшін Үндістаннан жұмысшылар әкеліне бастады. 1966 ж. ұлт-азаттық қозғалыстың қысымымен жергілікті халық құқықтарын елеулі түрде кеңейткен конституция қабылданды. 1970 жылы Фиджи Британ Достастығының шеңберінде тәуелсіздікке ие болды. 1987 жылғы әскери төңкерістің нәтижесінде билік әскерлердің қолына көшті. Ген.-губернатор қызметі жойылды. Фиджи республика болып жарияланып, Достастықтың құрамынан шықты. 1997 жылы нәсілдік кемсітушілікке байланысты конституция ережелеріне өзгерістер енгізілген соң қайтадан Достастық құрамына қабылданды.

Фиджи – аграрлы мемлекет, Мұхиттық аралдардағы экон. жағынан неғұрлым дамығандарының бірі. Экономикасында жетекші рөлді шетелдік капитал (негізінен австралиялық) атқарады. Ұлттық табыстың жан басына шаққандағы мөлш. жылына 2440 АҚШ долларына тең (2003 ж.). А. ш. үшін ел аум-ның 14,2%-ы пайдаланылса, ормандар 64,9%-ды құрайды. Экономикасының негізгі саласы – егіншілік. Негізгі тауарлық дақылдарға қант құрағы, кокос пальмасы (жылына 0,2 млн. т жаңғақ жиналады) жатады. Сондай-ақ какао, темекі, күріш, кассаву, таро, банан, ананас өсіріледі. Балық аулау, ірі қара мал, ешкі, шошқа өсіру дамыған. Өнеркәсіп орындары негізінен а. ш. шикізаттарын өңдеумен (қант, копра мен кокос майын өндіру, күріш тазалау мен май сығу) айналысады. Тігін, орман және ағаш өңдеу салалары жедел дамуда. Кеме жөндеу шеберханалары жұмыс істейді. Алтын, күміс, мыс және марганец кентастары өндіріледі. Негізгі теңіз порты – Сува. Т. жылының ұз. 595 км (плантациялардан қант құрағын тасу үшін ғана пайдаланылады). Экспортының негізін қант, киім-кешек, алтын, балық, ағаш, меласса, кокос майы құрайды. Негізгі сауда серіктестері: Австралия, Жаңа Зеландия, АҚШ, Жапония. Фиджиде жылына 250 мыңнан астам туристер демалады.<ref>Қазіргі дүние географиясы: Хрестоматия. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқу құралы. / Қ. Ахметов, Т. Увалиев, Г. Түсіпбекова. - Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-36-216-5 </ref>

Пайдаланған әдебиет

<references/>

{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Фиджи|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}


Үлгі:Countries and territories of Oceania Үлгі:Indo-Iranian-speaking Үлгі:WTO