Тілеміс Есболұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Тілеміс Есболұлы (1846-1933) - Өтеген батырдың ұрпағы. Ол Өтегенге төрт атадан (Өтеген - Қосдәулет - Есенқұл - Есбол) барып қосылады. Тілеміс Аққайнар деген ауылда туған. Тоғыз жасынан ескіше оқып сауатын ашқан. "Шаһнама", "Жүсіп-Зылиха", "Зархум", "Шора батыр", "Қыз Жібек", "Мың бір түн" т. б. хисса-дастандарды оқып жаттаған. Жігіт кезінде Жаңбыршы, Байбөбек, Жанбөбек, Әбдіраман деген күлдіргі-сықақшыл шешендерді ертіп серілік құрған. Қазақтың күлдіргі сықақ өлең, жыр, аңыз, әңгімелерін әсіресе Алдар көсе, Қожанасыр, Жиренше шешеннің тапқыр, күлдіргі сөздерін көп айтып, ауыл-аймақты күлкі-сықаққа бөлеп жүрген.Жетісу өлкесінде "Тілеміс айтыпты" деген көңілді әңгімелер, шешен сөздер көп таралған.

Тілеміс Есболұлы туралы әңгімелер

Тілеміс Есболұлы туралы әңгіме

Тілемістің өткір тілінен, сықақ сөзінен, бетің бар, жүзін бар демей тіке айтатын кесімді шешендігінен сескенген бай, манаптар оған әр қилы бөле жауып, жер-суын тартып алып, елін ығыстыра береді. Тілеміс ол кездегі ел басқарған би, манаптарға өтініш сөзін өткізе алмайды. Сонан сон ол өзінің ауыл аймақ, ағайын туыстарын, көшіріп, өзі туған Аққайнарға қоныс аударады. Елі-жұрты оны би сайлап алады. Олар сол жерді тұрғылықты мекендеп, өркендей береді.

Тілеміс Жамбылмен жасты. Екі құрдас кездесе қалған жерде әзіл-қалжыңды көп айтқан. Тапқыр сөзге келгенде ол Қасқараудын атақты шешендері Кебекбай мен Ноғайбайды да талай отырғызып кеткен. Тілемістін осы өнерін Жамбыл ұнатып қадір тұтқан. Сол Тілеміске Жамбыл Ноғайбай үйінде кездескенде былай депті:

Ай, Тілеміс, Тілеміс,
Тілін мірдің оғындай.
Тиіп кетсе күйдірген,
Сексеуілді шоғындай.
Қарсы келген жау болса.
Құтылмайды соғылмай,
Құр сүлдесі қалғанша,
Қара терге шомылмай,
Кебекбай мен Ноғайбай,
Тіліңнен-ақ именіп,
Жүр ғой сені соға алмай...

Тілеміс Есболұлы туралы әңгіме

Тілемістің айла-тәсілін, қуақы шешен сөздерін Жамбыл әрдайым айтып жүреді. Бір жолы ол қасқарау елін аралап өлең айтып жүpгенде Тілемістің мынадай тапқырлығын айтады:

Сәт болыс Жетісуда кедейлер ішінен шыққан өзі жомарт,дастарканға мырза кісі болады. Ол Тілеміспен құрбы-кұрдас, қатты қалжыңдасады екен. Бір жерде Сәт:

- Мен кішіпейілмін, адамды алаламаймын, маған жұрттың бәрі бірдей! - депті. Тілеміс бір жолы - "жіңішкенің үзіліп, жуанның созылатын көктемнің жем-шөпке тапшы, мал төлдеп жатқан қарлы боран күні Сәт ауылына келеді. Ондағысы: Сәттің жомарттығын осындай қысымнаң кезде сынау еді. Ол жолдағы ауылға қонбай апақ-сапақта екі жолдасымен иттерді абалатып ат тұмсығын үйге тірейді.
- Кім бар-ау, қонақпыз! - депті. Сәттің үйі толған қонақтар екен. Сыртта топырлаған байлаулы аттар.
- Ол кім екен, шықшы, - депті Сәт бір жігітіне. Жігіті шығып:
- Сәттің үйі толған Ботбайлардың би, болыстары. Өзіңіз қімсіз? - деп сұрапты.
- Төменгі ауылданбыз. Жолдағы ауылға бұрылмай, Сәт мырзаның үйіне қонайық деп келіп едік, - дейді. Бұл сөзді жігіт Сәтке барып айтады. Сәт:
- Анау асханаға түсір. Тамақ сол жерден берілсін, - дей салады. Жігіт кісілерді аттан түсіріп, асханаға кіргізеді. Жылы үйде қазанда бордақының білектей қос қазысы бұлқынып қайнап жатады. Тілеміс қасындағы екі жігітіне:
- Мені Сәттің әйелдері танымасын, айтпаңдар, - деп, өзі теріс қарап, ішігін бүркеніп, өтірік ұйыктаған боп жатады. Қазан басына Сәттің әйелі келмейді, басқа әйелдер келіп-кетіп жүреді. Бір уақытта әлгі әйелдер басқа үйге кеткенде Тілеміс қазының біреуін қазаннан алып, қаптың арасына тығып қояды. Тілемістің жолдастары:
- "Ажалды қарға бүркітпен ойнайды", - деген. Сәтпен ойнамаңыз. Сезіп жүрмесін, - деседі. Тілеміс оларға: :"Үндемеңдер" деп, тағы бір үйткен майлы қабырғасын алып жасырады. Бір кезде екі әйел келіп тегешке етті түсіріп алып кетеді. Тілеміс қазы мен қабырғаны аттың қанжығасындағы қоржынға салғызып қояды. Бір уақытта қазыны жоқтап Сәттің әйелі бетін шымшып, байбалам салады. Карта ойнап отырған өңкей би-болыстар өлеңдеп қарайды. Сәт бәйбішесіне:
- Екі қазы салмаған шығарсың!
- Құрып қал сын, бұл би-болыстарға екі қазы салмағанда кімге бермекпін,

- дейді әйелі. Сәт далаға шығып бұл келгендердің Тілеміс екенін аттарынан танып, ас үйге келсе, Тілеміс әлі бүк түсіп теріс қарап жатады. Ұялған Сәт:

- Айналайын Тілеміс, байқамаппын. Өлсем ұмытпайын, дос-жаранға айта көрме, төменгі елден деген соң карта ойнап отыра беріппін.

Сонда Тілеміс:

- Е, е, сен ел-жұртты ала-құла көрмеймін демейтін бе едің?
- Ат, шапан айыбым тартулы, кәне, үйге жүр, - деп, өңкей би болыстардың үстіне ертіп барыпты. Ботбайлардың қасқа мен жайсаңдары:
- Тілеміс, сені сағындық қой, кел, төрлет, әңгімені қыздыр, - деп, орталарынан орын беріпті. Сәттің бәйбішесі жалғыз қазыны орта табақ қылып бәрінің алдына қойыпты. Бұған Сәт қысылып-қымтырылып отырады. Сонда Тілеміс сыр білдірместен, қасына еріп келген жігітіне:
- Қоржындағыны алып келші, жолда жерсің деп әлгі қатын салып жатыр еді. Мына кедей болыс, қос қазы асуга қайдан жарасын, - депті. Сырттағы орап қатырып тастаған білектей қазы мен майлы қабырғаны табаққа турап жатып ол; "жануар ала-құла биемнің қазысы мына қасқаларға бұйырған екен", - дейді. "Ала-құла" деген сайын Сәт ұялып Тілеміске жалтақтап карай береді. Айтып қоймаса екен деп отырғаны, ғой баяғы. Сөйтіп, Сәтті бір сынаған екен. Тілеміс туралы аңыздар Кенен Әзірбаев аузынан жазып алынған-ды.<ref>Даланың дара ділмарлары.-Алматы: ЖШС "Қазақстан" баспа үйі", 2001, - 592 бет. ISBN 5-7667-5647</ref><ref>“ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6</ref>

Дереккөздер

<references/> Үлгі:Stub: Қазақ әдебиеті {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}