Тор құру

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Тор құру - тұз қырандарын ұстайтын кең таралған тәсіл. Құрылатын mop мықты иірілген жіңішке жібек, кендір жіптерден, көздері бүркіт өтіп кетпейтіндей сүйем шаршы (15x15 см) мөлшерінде түйіліп тоқылады. Керегесінің биіктігі 1-2 құлаш, етегінің айнала шеңбері отау үйдің көлеміндей орта есеппен 10-15 құлаш болады. Үстіңгі шаңырақ шеңберінен (жағасы) 1-2 құлаш тар келген етегіне жіңішке кенере бау өткізіліп бүріледі. Аспандағы құсқа жан-жақтан көрінетін ұрымтал, ашық жерге - таудың орта тұсы немесе соқпа қатарлы ыңғайлы жерлерге торды құрады. Айналасын шөп, ағаш бұтағы, кесек тастан тазартады. Әуелі тор көлеміндей етіп айналдыра дөңгелентіп, тор биіктігіндей 4-6 дана жіңішке тал шыбық жерге қадалады. Онан шыбықтарға тордың басын жая іліп, дөңгеленте қусырып, шыбықтардың басын шыжым (жіп) арқылы сәл тартып кішірейтеді. Шыжымның ұшына ауырлау тас байлап, жерге тастайды. Top құрылып болған соң шыбықтарды желге шайқалып жығылып, тор түріліп қалмау үшін тор етектерін сыртқа қарай сәл керіп, әр жерден жеңіл тастармен, шөп, қураймен бастырып қояды. Өйткені тор етегі көтеріліп қалса ішіне қойылған шырғаны немесе тіріні жеп, сол орнынан қайтып шығып кетпеуі керек. Құрылған тор бүркіт төбесінен немесе қабырғасынан ұрылған кезде бірден бүркіттің үстіне құлап түсетіндей есеппен құрылу керек. Егер бүркіт торға төбесінен тік түссе, тар аяда қайта көтерілуге мүмкіндігі болмай, торға өзі соқтығып шырмалады. Адам ізін жусанмен сыпырып, тазалап тастайды. Тордың ішіне байлайтын аң-құсты «тірі» атап, оны алдын ала дайындайды. Оған қарға, үкі, сауысқан, құзғын, түлкінің күшігі, кептер, кекілік, тауық тағы басқаларды қояды. Қазақ құсбегілерінің пайымдауынша бүркітке ең қолайлы «тірі» - құзғын және қыранқара (Степной орел). Құзғын бүркіттің жұмыртқасын тесіп, уызын ішіп кететіндіктен оған өш келеді. Әрі құзғын суыққа төзімді, аштыққа көмпіс, көп күн байлауға шыдамды болғандықтан бірнеше күн бойы байлауға жарайды (бірақ шөлге төзімсіз). Құзғынды мойнына айналсоқ тағып байлап, маңына жемтік тастайды немесе алыстау етіп қоян, ұсақ құс байлайды. Бүркіт олардың төбесінен ұшқан кезде оны көрген құзғын далпылдап айнала қашқанда, оның қасындағы аң да қарманып байланған қазықты айнала жүгіреді. Бұл бүркіттің қызығушылығын тудырып, торға келіп түсуге итермелейді. Құзғын мойынына қоян терісін байлап қойса, бүркіт оны қоянға түсіп отыр деп ойлайды. Торға шырмалған бүркітті жазып алу оңай емес. Тағы құс адамды көргенде арпалысқа түсіп, қарсылық танытады. Құсбегі асығып-аптықпай, құстың қанат-құйрығын сындырып алмай, әрі өзі де арандалмай ойланып қимылдау керек. Торға түскен бүркіттің ең алдымен екі аяғынан бір қолмен ұстап, құстың ту сыртын екі тізеге қапсыра тіреп, сонан соң торға оралған қанат-құйрық, бас-аяғын ажыратады да, құндаққа бөлеп алады. Қыранқараның ұясын тауып, балапанын асырап, күз салқыны түскенде бүркіт ұстауға пайдаланады. Оның аяғына бүркіттікіне ұқсас, ықшамдалып балақбау аяқбау тағып қазыққа байлайды да, бүркітті қызықтыру үшін қызарған жем тастайды. Ал қырғыз қүсбегілері бүркіт ұстауға көбінесе үкіні пайдаланады. Өйткені ол жыртқыш құстарға түнде тыныштық бермейтіндіктен оған да өш болады.<ref>Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы. - Алматы: "Алматыкітап", 2007. - 208 бет, суретті. Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. ISBN 9965-24-813-3</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}