Сәрсенбай газ кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сәрсенбай газ кен орны - Оңтүстік Маңғыстау ойысымының Песчаномыско-Ракушечное (Құмдымүйіс-Бақалтасты) блогындағы газ кен орны. Маңғыстау облысында, Құрық кентінің солтүстік-батысында 46 км жерде орналасқан, 1985 жылы ашылған.

Геологиялық құрылымы

Кен орны солтүстік-батысқа созылған брахиантиклин қатпардан орын алған. Оның өлшемдері төменгі юрадағы тұйықтаушы изогипса бойынша (-3680 м) 6,5x3 км, амплитудасы 40 м. Өнімді газ горизонты құмтастардың, алевролиттердің, саздардың қат-қабатынан құралған төменгі юра таужыныстарының табанында орныққан.

Жатыс сипаты

Жатынның күмбездегі жатыс тереңдігі 3706 м, биіктігі 31 м. Жинауыштарының ашық кеуектілігі 10,4%, өтімділігі 0,001 мкм2. Табиғи қорқоймасының сипаты жөнінен жатын қойнауқаттық, күмбездік, газ-су жапсары -3665 м белгіден өтеді. Жинауыштардың тиімді және газға қаныққан қалыңдығы 7,4 м, газға қанығу дәрежесі 65%.

Құрамы

Газ құрамы метанды (85,8%), ауыр көмірсутектер үлесіне 5,5% келеді, 3,7% азот, 4,5% көмірқышқыл газы бар. Қойнауқаттық қысымы 40,9 МПа, температурасы 15°С. Газ шығымы 77,3 мың м3/тәу. Хлоркальцийлі типті қойнауқаттық суының тығыздыгы 1,09 г/см3, минералдылығы 140 г/л. Жатынның режимі суарынды. Кен орны барлануда. <ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер