Сәкен Сейфуллин атындағы драма театры

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сәкен Сейфуллин атындағы драма театры - Қарағандыдағы Халықтар достығы орденді қазақ мемлекеттік драма театры (Бейбітшілік бульвары,19).


1932 ж. құрылған (1936 жылға дейін жұмысшы жастар театры; 1936 жылдан облыстық қазақ драма театры; 1939 жылдан облыстық музыка драма театры: 1951- 1964 ж. облыстық біріккен қазақ және орыс драма театры: 1964 жылдан қазіргі атымен аталады). 1932 ж. А . Шаниннің «Зәуре» атты пьесасы бойынша қойылған спектакльдің премьерасымен ашылды. Басты рөлді Ж. Шашкина орындады. Театрда сондай-ақ 3. Көшкінбаев, С.Жүнісов, Т. Жабаев, Т. Ілиясов, Р. Жылқыайдарова (Қойшыбаева) өнер көрсетті, олар кәсіби сахнаға көркем өнерпаздар ұжымынан келген болатын. 1936 ж. шығармашылық ұжымның калыптасуында аса маңызды оқиға болды. Театр облыстық театр статусын алып, кәсіптік ұжымға айналды. Ұжым ұлттық драматургияны (Б. Майлиннің «Майданын», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларын», І.Жансүгіровтын «Кегін») игерумен қатар орыс және шетел классиктерінің пьесалары бойынша (Д. Фурмановтың «Чапаевын», Н.В. Гогольдің «Ревизорын», К. Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші») спектакльдер қойды. Қазақ фольклорлық шығармаларының тақырыбына жазылған Ғ.М.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», М.О.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан» спектакльдерінің сахналық шешімі мен қойылымы елеулі оқиға болды. 1938-1940 ж. театр сахнасында алғашқы опералық спектакльдер «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр» (Е. Брусиловский) қойылды. Бұл ұжымның жаңа сапада орнығуы болды -театр музыкалық - драмалық театр болып қайта құрылды және жаңа үй алды (Ескі қалада).


Сурет:Америка даусы спектаклінен көрініс.tif
Америка даусы спектаклінен көрініс

Артистер С. Жүнісовтың, Р.Қойшыбаеваның, М.Сүртібаевтың және Ж.Шашкинаның қазақ әдебиетімен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысуы ұжым мүшелерінің шығармашылық есебі болды (1936). Ұлы Отан соғысы жылдары театр жұмысын тоқтатқан жоқ. Қарағандыға көшірілген Леся Украинка атындағы Украин театрының ұжымы қазақ актерлеріне кәсіптік шеберлігін жетілдіруге игі ықпалын тигізді. Режиссер Ю.А.Сумароковпен П.Б.Серебряник бірнеше спектакльдердің («Жомарттың кілемі». « Намыс гвардиясы». «Түндегі кездесу») қойылымдарын сахнаға шығарды, олар ұлттық театрдың қалыптасқан мектебіне жаңа леп әкелді. 1946-1951 ж. ұжым өз қойылымдарын идеялық-көркем пьесаларымен едәуір байытты. Реж.ессер Л.Лурье мен М.И.Рукавишниковтың басшылығымен К.Симоновтың «Орыс мәселесі», «Орыс адамдары», А Сафроновтың «Мәскеудің мінезі», В.Лавреневтің «Америка даусы», Н. Баймұхамедовтың «Балбұлақ», А.Коррейчуктің « Макар Дубравасы», М.О.Әуезовтің «Абайы», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббаты», Лопеде Веганың «Жуас бұлағы» және басқа спектакльдер қойылды. 1951-1954 ж . ұжым орыс драма театрымен бірігіп, эксперименттік кезеңді бастан кешірді. 1964 ж. театрға С. Сейфуллиннің есімі берілді. Ұжым А.Бектің «Волоколам тас жолы», М.Әуезовтың «Дос-бедел-дос», Д.Исабековтың «Әпке», Ш.Айтматовтың « Ақ кеме», С.Жүнісовтың «Өліара», А.Минуллиннің «Жалғыздық», О. Иоселианидің «Арба аударылмай тұрғанда», Эврипидтің «Медея», У.Шекспирдің «Макбет» пьесаларымен репертуарын байытып, өз шығармашылығындағы жаңа кезенді бастады. Театр Алматыға (1962, 1975, 1986), республиканың облыс орталықтарына гастрольге шығып, өзін кемелденген шығармашылық ұжым ретінде танытты. 1982 ж. театр Халықтар достығы орденімен марапатталды. 1986 ж. драматург С. Жүнісовтың «Өліара» спекткілін койғаны үшін театрдың бас режиссері Е.Тәпенов, бас суретшісі М.Мақсұтов, артистер К. Жұмабеков, С.Қажымұратов ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.


Театр К. Жұмабековтың «Замана неткен тар едің» (1995), Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағаш» (1996), М. Әуезовтің « Қорғансыздың күні» (1997), Ш.Айтматовтың « Әділет азабы» (1998), Г. Гориннің «Атың шықпаса» (1999), М.Ғаппаров, Ғ.Ғаппарованың «Қиямет қайым Киото» (2000), Ш.Мұртазаның «Домалақ ана» (2001), Е. Разумовскаяның «Медея» (2004) спектаклімен конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Театр сахнасының алдыңғы тобы қатарында ҚазКСР халық артистері Ж .Шашкина, Р.Қойшыбаева , М. Сүртібаев, А.Мұсабекова, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген артистері 3.Көшкінбаев, М.Әбдікәрімов , М.Бектенов, Ә.Шәймерденов, С. Жүнісовтер болды. Оған кейіннен арнайы оқу орнын бітіріп ҚазКСР халық артитері Ә.Абылаева, Қ.Сатаев, ҚазКСР еңбек сіңірген артистері 3. Жақыпов, А.Ыбыраев, Қ.Әлімбаева, Ө. Асылбеков, Р. Баймағамбетов, Н.Жансүгірова, Қ.Кемаловтар келіп қосылды. Режиссерлер М. Қосыбаев, М.Қамбаров, Т. Тұңғышбаев, Ж.Омаров, Е.Тәпенов, М. Бекхожиндер жемісті еңбек етті.

Театрда ҚР еңбек сіңірген артистері Е.Жүнісбеков, К.Жұмабеков, Г. Рашкалиева, А.Ахметқалиева, М.Қисықов, С.Жұмағали, М.Садықанов, Ш.Нукина, Б.Кемалова, Қ. Жырымбаева, Б. Ахметов, Б. Бәкіжанов т.б. қызмет етеді. Театрдың бас режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ә.Т.Оразбеков, бас суретшісі Қ. Мақсұтов.<ref>Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5</ref>

Дереккөздер

<references/>

Үлгі:Stub:Қарағанды облысы:Энциклопедия