Сталиндік режимнің шаруаларды қудалау саясаты

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сталиндік режимнің шаруаларды қудалау саясаты. Ұжымдастырудың әкімшілік-зорлықшылдықсипаты кулактар мен байларды тап ретінде жою аясында белен алған сол бір қуғын-сүргін іс-шаралары арқылы орасан зор қасірет түрінде бой көрсетті.

Мемлекеттің ұжымдастыру қарқынын жедел арттыруға рұқсат еткен БК(б)П ОК-нің 1930 жылғы 5 қаңтардағы халықты зар жылатқан белгілі қаулысына дейін де тәркілеуге барынша бастамалық жасағанын атап өткен жөн. Жоғарыда іс жүзінде тікелей қанауға ұқсас, яғни байлардың ірі шаруашылықтарын тәркілеу жөніндегі науқан туралы айтылды. Шаруа шаруашылықтарын кең ауқымда тәркілеу (партия құжаттарында қолданылған терминдер бойынша — «кулактарды тәркілеу») салық бұғауымен мықтап қысу (ауыл шаруашылығы салығы, дербес салық салу және т.б.) барысында да орын алды.

1929 жылғы 28 маусымда БОАК пен ХКК «Жергілікті Кеңестердің жалпы мемлекеттік тапсырмалар мен жоспарлардың орындалуына ықпал етуге қатысты құқықтарын кеңейту туралы» қаулы қабылдады.<ref>Абылхожин Ж Б., Масанов Н.Э. Оседание кочевников в доиндустриальную эпоху: реальность и миф // Всесоюзная научная сессия по итогам полевых этнографических и антропологических исследований. 1988-1989 жж. Ч. 3. А.-А., 1990, 45-6.</ref>. Соған сәйкес, ауыл жиындарында астық дайындау жоспары бойынша өзіне міндеттеме қабылдау тәртібімен жекелеген шаруашылықтар арасында тапсырманы бөліске салуға рұқсат етілді. Сөйтіп, жиынның шешімдеріне бағынбаған, астық тапсырудан жалтарған жекелеген шаруашылықтарға әкімшілік тәртіппен тапсырылмаған астықтың бес еселенген құны көлемінде айыппұл салынды, ал олардың мүлкі сатылуға жатқызылуы тиіс болды. Қаулы РФКСР КК-нін 61-бабы бойынша (басқа жерге көшіру арқылы немесе онсыз, бүкіл мүлкі немесе мүлкінің бір бөлігін тәркілеп, екі жылдык мерзімге дейін бас бостандығынан айыруға) қылмысқа тарту көзделді. КСРО OAK мен ХКК «Малды жазықсыз союға қарсы күрес шаралары туралы» қаулысының <ref>СУ РКФСР, 1929, №60. Ст. 589.</ref>. негізінде 1930 жылғы қаңтарда сот өндірісінде мал сойғаны және «ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанын болдырмау және оның белен алуына кедергі келтіру мақсатымен» арандатушылықпен айналысқаны үшін айыпталған адамдарға қарсы 79-бап қабылданды. Аталған бапта «басқа жерге көшіре отырып немесе онсыз, екі жылдық мерзімге дейін бас бостандығынан айыру» түріндегі жаза көрсетілді.<ref>СЗ СССР, 1930, №6. Ст. 66.</ref>.

Оның үстіне Лениннің өсиетін («Келісімге жол жоқ: кулакты помешикпен, онда да оп - оңай патшамен,поппен, тіпті олар ұрысып қалған күнде де, табыстыруға болады, ал жұмысшы табымен еш уақытта келісімге келтіре алмайсыз») <ref>УК РКФСР, М.,1932. Ст. 37.</ref>. басшылыққа ала отырып, шаруаларға қарсы қуғын-сүргіннің азапты тетігі шыбын жанды одан әрі қыса түсті. 1929 жылғы желтоқсанның соңында аграрлық марксистер конференциясында сөйлеген сөзінде Сталин кулактарды тап ретінде жою бағыты партиялық-мемлекеттік саясатта ресми мәртебе алады деп жариялады.

1930 жылғы 11 қаңтарда жарыққа шыққан «Правда» газетінің бас мақаласында: «Кулакты тап ретінде жою мәселесі теориялық қаулылар аясынан партияның осы кездегі «практикалық жұмыс» аясына көшірілді» <ref>Ленин В.И. Полн. собр. соч. Т. 37, 40-6.</ref>. деп жазылды. БК(б)П ОК Саяси бюросының 15 қаңтардағы шешімімен В. Молотов басқарған, 21 адамнан тұратын арнаулы комиссия құрылды (оған Ф. Голощекин кірді). Ол кулактарды тәркілеу жөнінде бірқатар нақты шаралар әзірледі, 1930 жылғы 30 қаңтарда Саяси бюроның қаулысы түрінде ресми нұсқаулық күшке ие болды.

Жалға беру заңының тоқтатылуы

Осы құжатқа сәйкес, жаппай ұжымдастырылған аудандарда өндіріс құралдарын жалға беру туралы заңның қолданылуы тоқтатылды және жұмысшы күшін жалдау-жалға беруге (бұл шараның ЖЭС кезінде ашық, жарияланғаны есімізде) тыйым салынды. Кулак шаруашылықтарынан жер, мал, шаруашылық және тұрғын-үй құрылыстары, азық-түлік, жем мен астық қорлары тәркіленуі тиіс болды.

Ойластырылған әлеуметтік-таптық геноцидке большевиктік және жоспарлы сипатберу үшін құрбандыққа жатқызылғандар үш санатқа бөлінді. Бірінші санатқа (контрреволюциялық белсенділер, көтерілістер мен террорлық әрекеттерді ұйымдастырушылар) жатқызылғандарға азапты лагерьлер немесе ату жазасы белгіленді. Екінші санаттағыларға (мейлінше бай кулактар) КСРО-ның жекелеген аудандарына жер аудару жазасы қолданылды. Және, ең соңында, үшінші санаттағыларды (кулак шаруашылығының қалған бөлігі) тұрғылықты жерімен шекаралас, бірақ өз колхозынан тыс жерлерге орналастыру көзделді (ұжымдастыруды жеделдету барысында колхоздардың «теңіздей қаптауы» көп аумақты басып қалды, ал «колхоз жерінен тыс жатқан» кеңістік адам игермеген жеке алқаптарға айнала бастады, сондықтан үшінші санат іс жүзінде екінші санаттағылармен қосылып кетті).<ref>Правда, 1930, 11 қаңтар.</ref>.

Тәркілеуге жатқызылған шаруа шаруашылықтарының саны оның жалпы санының 3-5%-ы шегінде белгіленді. Дегенмен КСРО ОСБ деректері бойынша 1929 жылы кулак үй-жайының үлесі 2%-дан сәл ғана асты.<ref>Ленинский кооперативный план и борьба партии за его осуществление. М., 1969, 107-6.</ref>. Тиісінше, 3% бос орын қалдырылды, ол 600-700 мың отбасылық шаруашылықтармен (яғни шамамен 3,5—5 млн адам) толықтырылуы тиіс болды.

Жазалаушы акциялардың қара дүрсін жоспарланғаны сонша, тіпті не ана, не мына санатқа жатқызылуы тиіс шаруа отбасыларының нақты цифрлары анық-қанығына бармай-ақ, алдын ала көрсетілді. Жоғарыдағы партиялық нұсқауларда бұл термин «шектеулі контингентке» бөлінген деп аталды, әйтсе де соңғысына көп жағдайда «кеңейтілген» деген анықтама дәлірек келеді, өйткені олардың рұқсат етілген саны бойынша онсыз да аса ауқымдығын-сүргінге жол барынша айқара ашылды.

Бірінші санаттағыларға 60 мың отбасы, екінші санаттағыларға 150 мың отбасы енгізілді.<ref>Правда, 1988, 16 қыркүйек.</ref>. Құжаттың логикасына сәйкес, «партияның ақыл-ойы» алдын ала КСРО-ның алдағы есепті жылдарында қанша контрреволюцияшыл шаруалардың болатынын, қанша терактілер ұйымдастырылып, ұжымшар ісіне қарсы қанша бүлік шығарылатынын, тиісінше қаншасының оққа байланып, азаптау лагерьлері мен итжеккенге айдалатынын алдын ала білген болып шығады. Алайда бұл тіпті де абсурд немесе ұшқары пікірдің жаңғырығы емес. Бұл арада балта мен бұғаудың: ұжымдастыру мен тәркіленудің ортасында қалып, жаппай көтерілген шаруалар қарсылығын жоюға бағытталған, әбден ойластырылған ұстаным бой көтерген болатын.

Аталған қаулымен Қазақстан үшін де нұсқамалық тапсырмалар белгіленді. Бірінші санаттағылар қатарына 5-6 мың отбасы, екінші санаттағыларға 10-15 отбасы жатқызылды.<ref>Ивницкий Н.А. Коллективизация и раскулачивание. М., 1994, 64-6.</ref>. Бірінші санаттағы адамдардың істері бойынша үкім «үштік» деп аталғандардын сот отырыстарында шығарылды, «үштіктің» құрамына партиялық органдардың, ОГПУ мен прокуратураның бірінші басшылары кірді. Екінші топтағылар, кедей шаруалар мен жарлы-жақыбайлардың қатысуымен, ұжымшардын жалпы жиналысының қарауына берілді, бірақ бүкіл тізімді жергілікті органдар бекітті. Акцияны 1930 жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында өткізу жоспарланды. «Науқанның» жедел жүргізілуін ОГПУ жүзеге асырды.

Осыған байланысты ОГПУ ақпан айының басында өзінің құрылымдарына «контрреволюция агенттерін», «бірінші санаттағы өте белсенді кулак элементтерін» ұстау және тамырына балта шабу жөнінде жедел операцияларды бастауды талап еткен нұсқауларын жонелтті. Сол бойда Қазақстанда 3113 адам тұтқындалды.<ref>Архивы Кремля. Политбюро и крестьянство: высылка, спецпоселение. 1930-1940. М„ 2005, 72-6.</ref>. Ізінше жаппай жер аудару науқаны басталды. 1930 жылғы мамыр айының басында ақөлкеге 1341 отбасы немесе 7535 адам жер аударылды.<ref>Жумабеков Ж. Ленинской дорогой. А.-А., 1973, 155-6.</ref>.

1931 жылғы наурыз айының екінші жартысында Голощекин Орталыққа Қазақстаннан тыс аймақтарға шекаралық және мақта өсіретін аудандардың 1500 отбасын бала-шағасымен көшіруге рұқсат сұрап, жеделхат жөнелтті. Бірак республика аумағының өзі «кулактардың жер аударылатын» мекені болғандықтан, Өлкелік комитет пен ОГПУ уәкілетті өкілдігіне «қоныс аудару мүмкіндігін өлкенің өз ішінен» табу ұсынылды.<ref>Ивницкий НА. Коллективизация и раскулачивание, 64-6.</ref>.

1931 жылғы 20 шілдеде БК(б)П ОК Саяси бюросы өзінің отырысында кулактардың шаруашылықтарын жаппай жер аудару негізінен аяқталды деп баяндап, оларды одан әрі жер аударуды жекелеген тәртіппен жүргізуді ұсынды. Іс жүзінде бұл «тәртіп» он мыңдаған адамдардың жаңа құрбандығымен өлшенді.

Осы мәжілісте Қазақстанға кулактар мен байларды жер аударуға рұқсат етілді. Республикалық ОГПУ-ге жер аударылатындардың санын, мерзімі мен орнын белгілеу жүктелді. Көп ұзамай бұл жұмыс іске асырыла басталды, 30 тамызда Саяси бюро өлкеге 5000 отбасын бала-шағасымен жер аударуға рұқсат етті.<ref>Сонда, 171-6.</ref>.

Жер аудару жалғасын тапты

Сөйтіп, жаппай тұтқындау, азап лагерьлеріне отырғызып, жер аудару 1930 және 1931 жылдарда одан әрі жалғасты. ОГПУ ГУЛ АГ-ының Арнайы қоныс аудару жөніндегі бөлімінің деректері бойынша тек Қазақстан аумағына осы кезеңде 6765 отбасы бала-шағасымен жер аударылды.<ref>Сонда, 181-6.</ref>. Мәліметке тек бірінші және екінші санаттардағы отбасылар, яғни арнайы қоныс аударылғандар кіргізілді. Үшінші топтағыларға келсек, «колхоз қатарынан» шығарылғандарға, ОГПУ, шамасы, онша назар аудармаған сияқты (олар тіпті алғашқы екі санаттағыларды да өте қарама-қайшы деректер беріп шатыстырған). Бірақ олардың санының айтарлықтай көп болғанын болжау қиын емес.

Республикадан тыс жерлерге жер аудару да жүзеге асырылды. Қолдағы бар деректер (нақтылауды қажет ететін) бойынша, 1931 жылы Қазақстаннан 5500 отбасы жер аударылған.<ref>Земское В Н. Социологические исследования, 1991, №10.</ref>. Бұған қарап 1930 және 1931 жылдарда Қазақстанда 12 265 шаруашылық тәркіленді, яғни кем дегенде 60-70 мың адам, оның ішінде қарт адамдар, балалар мен әйелдер, азапты қуғын-сүргінге ұшырағанын байқаймыз. Солардың көпшілігі осы азаптан қайтыс болды.

Өкінішке қарай, белгілі себептермен бұрынғы орталық, сондай-ақ жергілікті, ведомстволық мұрағаттар (ең алдымен партия мен чекистер мұрағаттары) жабық болғандықтан, жоғарыда келтірілген статистиканы ақиқаттың бәрін бірдей қамтыған балама ретінде қабылдауға болмайды. Айталық, барлық тәркіленген шаруашылықтардың жиынтық санын, қамауға алынған отбасыларының тағдырын, яғни қаншасының атылғанын немесе азапты лагерьлерге айдалғанын анықтауға мүмкіндігіміз болмай отыр. Дегенмен ерте ме, кеш пе құрбан болғандардың саны, дәлірек айтқанда барлық саны анықталатын болады.

Ал ресми тұрғыдағы санына келетін болсақ, ол БК(б)П ОК-нің 1930 жылғы 30 қаңтардағы қаулысының өзімен анықталды (санаттарға бөлу және олардың нұсқаулық сандық бөлінісі). Жоғарыдан берілген «цифрлардың» сол бойда орындалғанына күдік келтіруге болмайды. Сталиннің «біздің жоспарларымыз болжам-жоспарлар емес, нұсқаулық-жоспарлар» <ref>Дахшлейгер Г.Ф. Маршрутом социального прогресса. А.-А., 1981, 130-6.</ref>. дегенін тағы да еске алайық. Оның үстіне, осы жоспарларды іске асырушы ретінде Голошекин әрекет етті, оның БК(б)П ОК Саяси бюросының ұжымдастыру және тәркілеу жөніндегі комиссияларының құрамына енгізілуі кездейсоқ емес. Осыған қарап, Қазақстаннан бірінші санат бойынша кем дегенде 6 мың отбасының бала-шағасымен, екінші санат бойынша 15 мың отбасынын бала-шағасымен неліктен жер аударылғанын түсінуге болады.

Қуғындалғандар санының бірнеше қайтара жасырылғаны қазір белгілі болып отыр. Мұны басшылықтың өзі мойындады. БК(б)П ОК-нің 1930 жылғы 14 наурыздағы «Ұжымдастырудағы партия бағытын бұрмалаумен күрес туралы» қаулысында «кейбір аудандарда «тәркілеу» 15%-ға жетті, ал сайлау құқығынан айырылғандар 15-20%» <ref>Сталин И.В. Соч. Т. 10, 327-6.</ref>. екендігі айтылды (БК(б)ПОК 1930 жылғы 30 қаңтардағы нұсқауына сәйкес барлық шаруашылықтардың 3-5%-ы тәркілеуге жатқызылды). Мысалы, Петропавл округінің Қызыл Армия ауданында шаруашылықтардың 7%-ы (496 үй) тәркіленді, ол дербес салық салыну деректерімен анықталғаннан екі есе көп (1929 жылы оған еңбекпен қамтылмаған ауқатты шаруашылықтар жатқызылды), ал Қостанай округі Боровской ауданы селоларының бірінде бірден жер аударылатын 37 шаруашылық анықталды, ал осы деревняда қырыққа жуық кулак шаруашылығы бар дегенге сену ақылға қонбайды. Тәркілеу 1932 жылға дейін және одан да әрі — «колхоз құрылысының жеңісіне» дейін жалғасты, өйткені ол ұжымдастырудың заңды бөлігі, оның үдемелі дамуын ынталандырушы, қоқыныш пен сақтықтың қорғанысы» ретінде қарастырылды.

Таптық күрестің бақытсыз құрбандарын аузы-мұрнына дейін тола тиеген күзет эшелондары әрлі-берлі тынымсыз ағылып жатты. Бірі Қазақстаннан Кольск жарты аралының таулы жазықтығына, Қолы маңын кенді аймақтарына, Сібірдің сыңсыған ормандарына айдалып, діңкесі құрыған шаруаларды тасыса, енді біріндегілерді жолшыбай қазақтың тақыр далаларына тастап, әрі қарай ағылды.

Солтүстіктің, Оралдың және Сібірдің аудандары сияқты Қазақстан аумағы да елдің басқа аудандарынан айдалған он мыңдаған шаруалар азапты күй кешетін кулактар мекені ретінде белгіленді. ОГПУ-дін бұйрығына (1930 жылғы 2 ақпан) сәйкес, бастапқыда республиканың адам тұрмайтын аудандарына 5 мың бала-шағалы отбасын айдау көзделді. Бірақ көп ұзамай өлкелік органдардың мұндай көлемдегі адамдарды орналастыруға дайын еместігі анықталды. ОГПУ 50 мыңнан астам отбасын Солтүстік өлке мен Оралға айдау жөнінде жоспар әзірледі. Онымен танысқан Сталин қарарға: «Қазақстан мен Сібір неге көшірілетін аудандар ретінде қарастырылмаған. Оларды да енгізу керек» деп жазды.<ref>Ивницкий Н.А. Коллективизация и раскулачивание, 123-124-6.</ref>.

1931 жылғы 20 ақпанда БК(б)П ОК-нің Саяси бюросы тәркіленгендерді көшіру туралы арнайы мәселе қарады. Осыған байланысты ОГПУ-ға жарты жылдың ішінде «кулактардың 200-300 бала-шағалы отбасын орналастыру үшін арнайы тағайындалған коменданттардың басқаруымен кенттер, ең алдымен Қазақстан аумағына – Қарағанды жерінде» дайындауға тапсырма берілді.<ref>КР ОММ, 247-к., 1-т., 439-іс, 15-п.</ref>. Мақсат түсінікті - Қарағандының көмір бассейнін арзан жұмыс қолымен қамтамасыз ету еді.

1931 жылғы 11 наурызда А. Андреев комиссиясының отырысында (Саяси бюроның көшіру мен орналастыру жөніндегі арнаулы жұмыс органы) бұрынғы Ақмола және Қарқаралы округтеріне 150 мың шаруашылықты көшіру туралы мәселе қойылды. Мұндай кең ауқымды акцияны өткізуге «техникалық мүмкіндік болмағандығынан» өлкеге алғашқы кезекте 56 мың отбасын көшіруге шешім қабылданды.<ref>Ивницкий Н.А. Коллективизация и раскулачивании, 168-6.</ref>.

Егер 1931 жылғы 6 шілдеде Қазақстанға Орта Азиядан 80 отбасы (281 адам) көшірілген болса, енді 1932 жылғы 1 қыркүйекте мұнда 46 091 отбасы, немесе 180 015 арнайы қоныс аударғандар комендатураның есебінде тұрды.<ref>Ивницкий Н.А. Коллективизация и раскулачивании, 169-170-6.</ref>. Бұлар Төменгі және Орталық Еділдің, Орталық Қаратопырақты және Мәскеу облыстарының, Закавказье мен Орта Азияның шаруалары еді.

Тәркіленгендер өлкеге 1932 жылы да өте көп мөлшерде келді. JI. Кагановичтің Солтүстік Кавказға жазалау іс сапарынан кейін 1932-1933 жылдағы астық дайындау барысында Солтүстік Кавказдың аудандарынан Қазақстанға 1992 шаруашылық (9442 адам) көшірілді.<ref name="Сонда">Сонда.</ref>. Сөйтіп астық дайындауда бүлік шығарып «қара тақтаға» ілінген тұтас станица жер аударылды.

1933 жылдың басында ОГПУ Саяси бюроға Қазақстанға 1 млн адам көшіру жөнінде ұсыныс жасады, олардың қатарына тек тәркіленгендерді ғана емес, төлқұжат тәртібін бұзғандарды, қалаға қашқан шаруаларды және т.б. қосу ойластырылды. Осы жазбаға Сталин былай деген ескерту жасады: «Басқаларына қоса, түрмелердегі адамдарды да қоса көшіру керек».<ref>Сонда, 169-170, 172-6.</ref>. Олардың бақытына, қаржылық және техникалық қиындықтарға орай бұл жоспар орындалмады. 1933 жылы республикаға 55 мыңнан астам адам көшірілді. Қазақстан термині «Сібір» сөзінің синониміне айналды.

Арнайы қоныс аударылғандардың, яғни жер аударылған шаруалардың шоғырлануы бойынша Қазақстан ел өнірлері арасында үшінші орынды (Орал мен Сібірден кейін) иеленді. Көктемгі-жазғы науқан барысында мұнда 38 мың отбасы (182 мың адам) көшірілді. 1932 жылдың басында Солтүстік Қазақстанда 139 мың, ал 1933 жылдың басында 102 мыңнан астам арнайы қоныс аударылғандар тіркелді. Төрт жылдың ішінде (1930-1933) Қазақстанға барлығы 317 мыңға жуық адам жер аударылды.<ref>Земское В Н. Спецпоселенцы // Социологические исследования, 1990, №11, 4-6.</ref>. Тәркіденуден бас сауғалап Сібірмен шектесетін аудандардан Қазақстанға қашып келген 150-175 мың бала-шағалы отбасылар туралы да айтпауға болмайды.

Кеңестік тарихнамада шаруаларды аяқ-қолын шынжырлап арнайы қоныстандыру орнына каторгаға айдау, екіжүзділікпен «еңбекпен қайта түзеу» деп танылды. Мәселен, «тарихты буржуазиялық бұрмалауға тойтарыс» берген көптеген еңбектердің бірінде ерекше шабытпен былай деп жазылды: «Кеңес мемлекеті қадам басқан сайын бұрынғы қанаушы-кулактарды социалистік қоғамның еңбекшілері қатарына қосып, оларды еңбекпен қайта тәрбиелеуде. Біздің ел өз тәжірибесімен өте ауыр әлеуметтік міндеттерді — экономиканы, сананы, психологияны, тұрмысты түбірімен қайта құрып, бұрынғы қанаушы-кулактарды социалистік құрылысқа қосуда үлгі көрсетті».<ref>Ивницкий Н.А. Коллективизация и раскулачивании, 196-6.</ref>.

Тәркіленгендердің тұрмысы да тарихнамада тап осындай көлгірсіген мақамда көрсетілді. Айталық, «КСРО-да қанаушы тапты жою» атты белгілі монографиядан біз «бұрынғы кулактар мен олардың отбасыларына мәдени өмір сүруі қамтамасыз етілуі үшін қажетті барлық жағдайлардың жасалғанын» оқимыз.<ref>Сонда, 186-6.</ref>. Сол еңбекте былай деп жазылған: «Кеңес мемлекеті қоныс аударушыларды еңбекке орналастыру және қолайлы тұрмыстық жағдаймен қамтамасыз етуге байланысты ауқымды шығынды өз мойнына алды. Қоныс аударушыларға жұмсалған шығын олардан тәркіленген мүліктің құнынан айтарлықтай асып кетті».<ref>Архивы Кремля. Политбюро и крестьянство: высылка и спецпоселения. М., 2005, 386-6.</ref>. Бірден айта кетейік, соңғысына сену қиын, өйткені, біріншіден, КСРО Қаржы халық комиссариатының толық емес деректері бойынша, тек 1930 жылдың жазына (яғни жер аудару науқаны жұмыс істей бастаған алғашқы жарты жылдың ішінде ғана) кулактардан тәркіленген мүліктердін құны ел бойынша 180 млн соммен бағаланды, екіншіден, арнайы қоныс аударылғандардын тегін дерлік еңбегі (арнайы қоныс аударылғандар жалақысының 25%-ы ОГПУ қорына ұсталды) барлық шығынды бірнеше есе қайтарды, және ең соңында, үшіншіден, тіпті солай болғанның өзінде бұл бюджеттік проблема мемлекеттің таптық мұраттарының өресінде туындады.

Сонымен бірге бұл жағдайда мынаны анықтаған жөн: арнайы қоныс аударылғандардың тіршілігі шынында да онша қайғылы болған жоқ па және жалпы алғанда ойдағыдай өтіп жатты ма? Қазақстанға қатысты осы мәселе бойынша дәлелді айғақтарды Д.Т. Чировтың зерттеуінен алуға болады, ол қарағандылық арнайы қоныс аударылғандардың тарихын ұзақ уақыт бойы табандылықпен зерттеді және маңдай терін төге еңбек етуі арқылы өте мол материал жинады, төменде біз сол материалдарды пайдаланып отырмыз.

Ең алдымен Д.Т. Чиров жазып алған қарағандылық қоныс аударылушылардың естелігінен біраз үзінділер келтірелік.

M.B. Копейкинаның естелігінен: «Мен 1925 жылы Тамбов облысынын Рассказовск ауданының Родник селосында дүниеге келдім... Родники деревнясында кедей өмір сүрдік. Менің әкем отбасында өзінің ағасымен бірге тұрды. Екеуі де қарулы, бойшаң болатын. Ал әкемнің ата-анасы мен ағалары 1921 жылғы аштықтан қайтыс болыпты. Әкем ағам екеуі алдымен ұста дүкенін, кейін диірмен құрап алды. Сөйтіп аштық нәубетінен кейін еңселерін көтере бастады. Еңсесін көтере бастады дегеннің не екенін айтайын. Аштан өліп қалмау, жалаңаш жүрмеу үшін жанталастық. Жер жырттык, егін ектік, астық бастырдық...

Ұжымдастырудың басталуы

1930 жылы ұжымдастыру басталды... Менің әкем мен ағамды түрмеге жапты. Бес жасар мені және әлі үш жарым жасқа толып үлгермеген інімді арбаға отырғызып, Платоновка стансасына әкетті... Бізді станцияға әкелді, адам деген қара құрым. Әкемізді отбасымен жолығуға босатты, күзетші кетер емес, біз түрмеде отырғандай қорқумен болдық...

Бәрімізді бұзау тиеген вагонға отырғызды, есікті сыртынан құлыптап жапты, қашуға мүмкіндік жоқ. Вагонның іші қайнап тұр, бәріміз — еркектер де, әйелдер де бір вагондамыз. Бір сөзбен айтқанда, бізді қылмыскер-түрмеге қамалған қылмыскерлер сияқты етіп алып жүрді. Ұзақ жүрдік, сосын қу далаға әкелді, қазір Компанейский кенті деп аталатын сол жерге заттарынмен түсіндер деп бұйырды. Бұл 1931 жылдың қыркүйегі еді, біз түскен дала сарғайып кеткен екен. Өзіміз жасаған палаткаларымызды тіге бастадық: тереңдігі жарты метрдей етіп шұңқыр қаздық, оны қадаулармен бекіттік және үстіне шөп-шалам немесе өзіміз әкелген одеялдарды жаптық. Ал кереуеттің орнына ағаш тырмаларды пайдаландық.

Жақын манда су да болған жоқ, сондықтан адамдарға су әкелу үшін 20 шақырымдай дерлік жер жүруіне тура келді. Бізді немен тамақтандырды? Бірінші күндері ештеңе берген жоқ, ал кейін ұн әкеліп, әр адамға бір кружкадан үлестіре бастады. Вагонмен әкелінген адамдар көп, шалаштар мен жертолелер қаптап кетті. Адамдар аштық пен аурудан өле бастады. Іш ауруларымен, сүзекпен ауырды. Ол кезде мен сегіздемін, бірақ бәрі есімде, әлсіреген ересек адамдар, аш, аурулардың туысқандарын жерлеуге әлдері жетпеді. Өлгендерді өлік көмушілер арбаға тиеп апарып бір шұңқырға көмді. Сол кезде өте көп адам өлді, әсіресе жас балалар мен қарттар. Шым үйлерді қалай тұрғызғанымыз есімде. Бізді осындай үйлерге қыстың басында кіргізді. Және біз алғашқы қысқа, аштық пен суыққа шыдап шықтық... Ал жазда балаларға арналған аланқай ашылды, біз інім екеуміз түскі асты ішу үшін сонда баратынбыз, бізге бір үзімнен нан және бір тәрелкеден қызылша сорпасын беретін, аш болсақта ол сорпаны ішу мүмкін емес еді... Есімде, інім екеуміз осы аланқайға келе жатқанбыз, ол жылап, тамақ сұрады. Тамақ қайда? Інім болса жылай береді, сосын мен де жылаймын...».

Қарағандылық арнайы қоныс аударылушылардың естелігіне назар аударайық. Прасковья Михайловна Горбунова: «1931 жылғы жазда бар болғаны бір жастағы қызым қайтыс болды, ол кезде бес-алты жастағы барлық бала дерлік іш аурудан шетінеді».

Прасковья Михайловна Украинская: «Менің анам және он жасар інім қайтыс болды. Мен жеті жаста болатынмын. Бізді Осакаровкаға, төбесі жабылмаған барақтарға әрқайсысына70-80адамнан орналастырды. 1932 жылдың көктеміне әр барақтан 5-6 адамнан ғана тірі қалды».

Василий Михайлович Судейкин: «1932 жылғы желтоқсанда бізді Кубаньнан Тоғызыншы кентке әкелгенде біздің отбасында алты адам болды. 1933 жылдың жазына дейін бір мен ғана аман қалдым».

Петр Петрович Крылов, В.М. Судейкиннің жерлесі: «Тоғызыншы кентте 1933 жылы адамдар түгелдей отбасымен өліп жатты».

Мария Ивановна Лисина: «Тоғызыншы кентке 1931 жылдың жазында 17 мың адам әкелінді, ал 1932 жылдың көктеміне содан әрі кеткенде жеті мындай адам ғана қалды. Менің көз алдымда Ломовицкийлер отбасының түгелге жуық өлгені есімде, 13 адам еді, үшеуі ғана тірі қалды. Тоғызыншыда тірі қалғандарды 1932 жылы Бесінші кентке орналастырды, онда да барақтар ашық-тесік, толық бітпеген болатын».

Республиканың басқа өңірлері бойынша да біз байқаған деректер жер ауып келген бейбақтардың өмірлерінің қайғылы болғанын дәлелдейді. Оларды жиналуға бар болғаны тәулік емес, санаулы сағаттар ғана беріп, эшелонға қойша тоғытатын да, ала жөнелетін. Мұндай асығыстықта аса қажетті азын-аулақтан өзге не алып үлгересін? Ал сорлылардын өмір бойы жиған-тергендері белсенді-люмпендердің қолына көшетін.

ОГПУ-дың нұсқаулығында көшірілетін әр отбасыға өзімен 30 пұт мүлік алуға рұқсат етілді. Әр вагонға 40 адамнан, бір эшелонға 1700-1800 адамнан тиелді. Әрбір тауарлы вагонда 1 пеш, 2 жактаулы терезе, 3 шелектен (2-еуі су қайнатуға, 1-еуі басқа қажеттілікке) болды. Вагонның есіктері жабық, тек эшелон қозғалған кезде 5-6 жұтым ауа кіруі үшін саңылау ғана ашылады. Стансаға жақындағанда вагон мықтап бекітіледі. Қашқан жағдайда күзетші ешқандай ескертусіз окқ атуға міндетті болды. Алайда эшелонмен жер аудару практикасында бұл нұсқау одан да қаталдандырылды.

Эшелондар апталап, тіпті айлап жүрді. Жолшыбай беретін көрегі тұздалған балық, ол қаталатып шөлдетеді. Суды стансаларда ғана береді. Ауыру мен ыстықтан талай адам қайтыс болып жатады. Алайда мәйіттерді тек эшалон тоқтағанда ғана әкетеді.<ref>Гущин Н.Я., Жданов В.Н. Критика буржуазных концепций истории советской Деревни Сибири. Новосибирск, 1979, 175-6.</ref>. Бұзылған мәйіт иісі қолқаны атып, тынысты тарылтатын-ды.

Бұрынғы саяси айыпкер П. Ивановская БОАК-тің төрағасы М. Калининге былай деп жазды: «Адамдардың зардап шегулерін, ары тапталып, мазақ болуларын, қудалануын және бордай тоздырған аштықты суреттеуге тіл жетпейді... Еш жерден, еш уақытта мен осыған ұқсас өзіне-өзі қол жұмсау дертін, 1930 жылдың күзінде шаруалардың бастан кешірген нәубетіндей азапты ешқашан естіген емеспін және ол қазір де жалғасуда. Аналары өздерінің балаларын дарға асып, солардың қасына өздері де асылып өлуде. Аналар балаларын тірідей жерге көміп, саусақтары қан-қан болған, есі ауысқан күйінде оларды психикалық ауруханаларға әкетуде... Әкелері ұйықтап жатқан балалары мен әйелін пышақтап өлтіріп, өздері поездың астына түсуде, өзендер мен құдықтарға құлап, тұншығып өлуде...».<ref>Трифонов И.Я. Ликвидация эксплуататорских классов в СССР. М., 1975, 382-6.</ref>.

Белгіленген жерге келген арнайы қоныс аударушылар мұнда да ауыр азаптар тартты. Оларға көбіне табиғи-климаттық жағдайлары өте нашар: шөлейтті және жартылай шөлейтті, сондай-ақ өнеркәсіптік және теміржол құрылысын жүргізуге арналған жерлер бөлінді. Айталық, БК(б)П Казөлком жанындағы «үштіктің» хаттамасында (1930 жылғы 23 қаңтар) мынадай нұсқау берілді: «Көшірілетін кулак шаруашылықтары отбасыларымен бірге топ-тобымен шөлейтті аудандар телімдеріне орналастырылсын».<ref name="Сонда"/>. Мұндай жерлер ретінде, мысалы, Каспийдің жағалауындағы өте қолайсыз аумақтар (Жылойдан Өлі Қолтыққа дейін), Адай ауданы, Торғайдың оңтүстік бөлігі (Аққұм құмдары), Балқаштың батыс жағалауы бөлінді.

Жоғарыда келтірілген айғақтарды ОГПУ-дын деректері растайды, онда хабарланғандай, 1932 және 1933 жылдарда арнайы қоныс аударылғандар арасынан 55 441 адам қайтыс болған. 1933 жылы Солтүстік Қазақстанда «кулак түрмесінде» туғандардан гөрі өлгендердің саны 19 есе, ал Оңтүстік Қазақстанда 13 есе көп болды. Аштық пен суықтан жер аударылғандардың 24%-ы, яғни олардың әрбір төртіншісі қазаға ұшыраған. Бұған қосымша адамдарды іш сүзегі мен бөртпе сүзек баудай түсірді. Сонымен бірге А. Андрееваның комиссиясы жазған арнайы қоныс аударушылардың жағдайы туралы анықтамада қанағаттанарлық сезіммен: Қазақстанда қоныс аударылғандарға медициналық қызмет көрсету қанағаттанарлықтай — 8 амбулатория бар, онда 138 кереует қойылып, адамдар тұрақты емделеді деп баяндалды. Бұл 218 мың қоныс аударушы адамдарға арналған (1931 жылдың қыркүйегіне дейінгі дерек бойынша) дайындық болатын. Медицина қызметкерлері өлімнің санын тіркеуден бас көтере алмады (1931 жылдың 5 айында ғана Солтүстік Қазақстанда 12 мыңға <ref>Чиров Д. Откуда родом спецпоселенцы? Индустриальная Караганда, 1989, 29 сәуір.</ref>. жуык жер аударылғандар қайтыс болды). Тәркілеудің, өз халқына геноцид ұйымдастырудың ақиқаты, міне, осындай еді.<ref>Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010, 752 бет, суретті, карталы. ISBN 978-601-282-055-3, т. 4</ref>

Дереккөздер

<references/>