Сарыарқа самалы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сарыарқа самалыПавлодар облыстық газеті. 1929 ж. "Кеңес туы" деген атпен өлкелік басылым ретінде жарық көрген. Қазір Сарыарқа самалы деп аталады.

1929 жылдың 15 ақпанында Павлодар өңіріндегі қазақ баспасөзінің негізі қаланды. Бұл күні «Сарыарқа самалы» газетінің негізін қалаушы округтік «Кеңес туы» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Алғашқы редакторы – Бейсенбай Кенжебаев. Газет алғашқы екі-үш ай бойы аптасына бір рет екі мың дана тиражбен шығарылған. Елімізде шаруашылықты ұжымдастыру қозғалысына байланысты 1930 жылдың 14 ақпанынан бастап басылым атауы «Колхоз» деп өзгертілді. Ал 1938 жылдың 14 сәуірінен «Қызыл ту» деген атпен шыға бастады. Газеттің қоғам өміріндегі орны, журналистерінің белсенділігі ескеріліп, 1979 жылы 15 наурызда «Қызыл ту» газеті «Құрмет Белгісі» орденімен наградталады.

Басылым 1991 жылдың 26 қыркүйегінен бастап «Сарыарқа самалы» деген жаңа атаумен жарық көруде. Газет аптасына 3 нөмір – сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері шығады. Апталық таралымы - 26 000 дана. Газет Ертістің Павлодар өңірімен қатар, еліміздің барлық облыстарына және Ресейдің Алтай, сондай-ақ Моңғолияның Баян-Өлгий өлкелеріне тарайды.Газеттің қазіргі Бас редакторы – Нұрбол Қанатбекұлы Жайықбаев.

2000 жылы «Сарыарқа самалы» Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. 2014 жылы Қазақстан Журналистер академиясының жалпыұлттық "Алтын Жұлдыз" дипломын алды.

2016 жылдың 25 қазаны күні Павлодар облыстық "Сарыарқа самалы" газетінің 15 000-ыншы нөмірі жарық көрді.

Сыртқы сілтемелер