Сапар Қарымсақұлы Қарымсақов

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Үлгі:Мемлекеттік қайраткер Сапар Қарымсақұлы Қарымсақов (20 қазан 1904, Гурьев6 тамыз 1975, Атырау) – қазақстандық ғалым, инженер-геолог, мұнайшы, қоғам қайраткері. Қазақстан мұнай-газ геологиясының дамуына зор үлес қосқан. Академик, КСРО-ның еңбек сіңірген геологы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Батыс Қазақстан бөлімшесінің тұңғыш директоры.

Өмірбаяны

Сапар Қарымсақов 1904 жылы 20 қазанда Гурьев қаласында дүниеге келді. Ерте жастайынан ата-анасынан айырылып, оны әпкесі Мұқашева Қати (1879–1938) мен жездесі Макимов Мұқаш (1866–1935) тәрбиелеп өсірді. Олар Сапарға ата-ана орнына болып, алғашқы білім алуына жағдай жасады. Қабілетті, білімге құштар, зерек әрі алғыр баланың болашағынан үміт күтіп, әрдайым қолдау көрсетті. Бұл сүйіспеншілік пен қамқорлық оның өмір жолында үлкен демеу болды. Қабылдаушы ата-анасы қартайған шағында да Сапардың жанында болып, немерелерін тәрбиелеуге көмектесті. Мұқашева Қати Гурьев өңірінің қоғамдық өміріне белсене араласты, бірнеше рет Гурьевтен Урал губерниялық съездерінің делегаты болып сайланды. Қати мен Мұқаш Атырау облысының Сокол ауылында жерленген<ref>https://atr.kz/qogam/k-mda-y-iz/?ysclid=mfggdvinv520342889</ref>.

1912–1919 жылдары Гурьев қаласындағы діни гимназияда, кейін өндірістік гимназияда оқыды.

1920 жылы Уездік еңбек мектебінің 2-ші сатысында оқып жүргенінде РКСМ қатарына қабылданды.

1922–1924 жылдары Гурьев уездік кеңестер атқару комитетінің президиум мүшесі болып сайланды.

1920-жылдары Гурьев уездік партия комитетінің бастамасымен Доссор, Мақат мұнай кәсіпшіліктерінде және Ракуша мұнай айдау станциясында алғашқы партия ұйымдары құрылды. Сол ұйымдар халықты ағартуға, жастарды комсомолға тартуға, сауатсыздықты жоюға, жаңа мектептер мен фабрика-зауыт училищелерін ашуға ықпал етті. Карымсақов кейін естеліктерінде: «1920 жылы Чапаев дивизиясының бастамасымен Гурьевте Шығыс жастарының комсомол ұйымы құрылды. Маған алғашқы күндерден оның мүшесі болу бақыты тиді. Комсомол маған өмір берді. Сол ұйым мені, сауатсыз қазақты, еңбек мектебіне, кейін рабфакқа оқуға жіберді. Біз оқи жүріп, партияға Совет өкіметін нығайтуға көмектестік» — деп жазған («Огни Мангышлака», 29.10.1967)<ref>https://pricom.kz/lichnost/fenomen-sapara-karyimsakova.html?ysclid=mfmev7u1rk731209301</ref>.

1924–1927 жылдары Орынбордағы Қазақ жұмыс факультетінде білім алды.

1927 жылы Мәскеу тау-кен академиясына оқуға түсті. Сол жылдары Доссор мұнай кәсіпшілігінде картировкалық және құрылымдық бұрғылау жұмыстарында еңбек етті.

1925–1929 жылдары Доссор кәсіпшілігінде мектеп директоры әрі мұғалім қызметін атқарды.

1930 жылдан бастап Доссор партия ұйымының ВКП(б) мүшесі болды.

1929–1931 жылдары Доссор мұнай кәсіпшілігінде тау-кен өнеркәсіптік училищесінің директоры әрі оқытушысы, сондай-ақ Гурьев қаласындағы фабрично-завод училищесінде ұстазы болды.

1931–1934 жылдары - Гурьевтегі «Ембімұнай» трестінің кадрлар бөлімінің бастығы қызметін атқарды.

1934–1938 жылдары - «Ембімұнай» трестің геологиялық-барлау конторындағы Крелиустық бұрғылау бөлімін басқарды.

1936 жылы - Бакудегі Киров атындағы Бүкілодақтық мұнай өнеркәсібі академиясына оқуға жіберілді. 1939 жылы академияның мұнай кәсіпшілігі факультетін үздік бітірді.

1938–1939 жылдары - «Ембімұнай» трестінің геологиялық-барлау конторының директоры.

1939–1940 жылдары - «Эмбанефть» тресінің карттаж конторының директоры.

1940–1942 жылдары - Қазақстан КП Гурьев облыстық комитетінің екінші хатшысы ретінде мұнай өнеркәсібіне жетекшілік жасады. Соғыс жылдарында Ембі мұнайшыларының еңбегін ұйымдастыруда ерекше рөл атқарды.

1942 жылы - «Казнефтекомбинат» Орталық ғылыми-зерттеу зертханасының директоры, «Доссор» мұнай кәсіпшілігінің директоры.

1943 жылы - «Казнефтекомбинат» барлау конторының бастығы, «Доссор» мұнай кәсіпшілігі.

1943 – 1944 жылдары - «Казнефтекомбинат» геологиялық-іздестіру конторының директоры, «Доссор» мұнай кәсіпшілігі.

1946 – 1952 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының Жайық-Ембі ғылыми-зерттеу базасының бастығы<ref>https://centrasia.org/person2.php?st=1461414761&ysclid=mfp8x8jxps213540316#gsc.tab=0</ref>.

1956–1962 жылдары — Қазақ КСР Ғылым академиясының Батыс Қазақстан бөлімшесінің меңгерушісі.

1962 жылдан бастап Қазақ мұнай-геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері болды.

1966 жылы зейнеткерлікке шықты.

Сапар Қарымсақов ұзаққа созылған сырқаттан кейін 1975 жылы 6 тамызда 71 жасында дүниеден озды.

Ғылыми және өндірістік қызметі

Ұлы Отан соғысы жылдары Сапар Қарымсақов мұнай өндіруді арттырудың жаңа жолдарын іздестірді. 1942 жылы оның бастамасымен ЦНИЛ «Қазмұнайкомбинат» жанынан арнайы геологиялық топ құрылып, Доссор мен Мақат кен орындарында алғаш рет қабаттарға су айдау технологиясы енгізілді. Бұл тәжірибе кейін бүкілодақтық деңгейде мойындалып, екінші реттік мұнай алу әдісінің бастамасы болды.

Ол Эмбі өңірінде мұнай барлау әдістерін жетілдіріп, кадр даярлау ісіне зор үлес қосты. Инженер әрі ғалым ретінде әрдайым жаңа технологияларды қолдап, ғылыми ортада батыл пікір білдіріп, нақты ұсыныстар енгізді. Қарымсақовтың жетекшілігімен геологиялық құрылымдардың картасы жасалып, кен орындарын барлау әдістері жетілдірілді.

Сонымен қатар, Сапар Қарымсақов өлкесінің тарихи-мәдени мұрасына да ерекше мән берді. 1960-жылдары ол өлкетанушы Вячеслав Афанасьевке Атырау маңындағы Ақтөбе-Лаэти қалашығы жөнінде мәлімет беріп, осы ескерткіш пен әйгілі Сарайшық қалашығында жүйелі бақылау жүргізуге ықпал етті. Жиналған алғашқы табылымдарды – ортағасырлық керамика мен неолит дәуірінің шақпақтас құралдарын – ол академик Әлкей Марғұланға көрсетіп, Қазақстан археологиясын зерттеуге де өзіндік үлес қосты.

Жеке өмірі

1924 жылы, 20 жасында Сапар Қарымсақов Сәгираға (1906–1942) үйленді. Азамат соғысының зардаптары, аштық, ауыр тұрмыс пен кейінгі Ұлы Отан соғысының қасіреттеріне қарамастан, ерлі-зайыптылар бір-біріне сүйеніш болып, сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Тұңғыш ұлы Карл 1925 жылы, ал кенже ұлы Сәги 1942 жылы дүниеге келген. Үлкен әулет әрдайым ынтымақ пен еңбекті жоғары қоя білді, олардың ұрпақтары бүгінде Қазақстанда және шетелде өмір сүріп, әке аманатын жалғастырып келеді.

Марапаттары

Сапар Қарымсақов көптеген мемлекеттік наградаларға ие болды, олардың қатарында:

  • «Еңбек Қызыл Ту» ордені
  • «Құрмет белгісі» ордені
  • бірнеше мемлекеттік медальдар
  • «КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі» төсбелгісі

Естелік

Атырау қаласында бір көшеге Сапар Қарымсақовтың есімі берілген, сондай-ақ осы көше бойына ғалымға арналған ескерткіш тақта орнатылған. Сапар Қарымсақовқа арналған мемориалдық тақтадағы жазу: «Осы үйде 1955 жылдан 1975 жылға дейін академик, КСРО-ның еңбек сіңірген геологы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Батыс Қазақстан бөлімшесінің тұңғыш директоры, "Мұнай және табиғи тұздар институты", "ҚазНИИГРИ" басшысы Сапар Қарымсақов тұрды және еңбек етті».

2014 жылы Бауыржан Байбақтиннің «Сапар Қарымсақов. Қазақ мұнайының ардақтылары» атты кітабы жарық көрді.

2015 жылы ғалымның туғанына 110 жыл толуына орай «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ, Қазақстанның мұнайшы-геологтар қоғамы және Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоры арнайы еске алу кешін ұйымдастырды.

2016 жылы ғалымның туғанына 110 жыл толуына орай еске алу кеші өтіп, «Сапар Қарымсақовтың феномені» атты кітап пен деректі фильм таныстырылды.

Сілтеме

«Огни Мангышлака» газеті. 29.10.1967

Байбектин Б. Қазақ мұнайының ардақтылары. Сапар Қарымсақов. – Алматы, 2014. – ISBN 978-9965-816-60-4.

Қуанғалиев З.А. Феномен Сапара Карымсакова. – Алматы, 2014.

«Люди Прикаспия» // «Прикаспийская коммуна» газеті. 12.09.2015

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер