Нөлдік форма

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Нөлдік форма — сөйлем ішінде сөздердің арнайы грамматикалық формасыз-ақ белгілі грамматикалық мағына білдіруі. Мысалы, Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым. Одан да шықты жаңғырық (Абай). Тыңда, дала, Жамбылды (Жамбыл) деген мысалдардағы етістік баяндауыштың әрқайсысы бірнеше морфемадан тұрып, сөздің әрбір бөлшек тұлғасы жеке-жеке грамматикалық мағына білдіріп тұрады: бар-ды-м, (айғай) сал— ды-м, шық-ты, тыңда. Осындағы түбір тұлғалар (бар, айғай сал, шық, тыңда) қимылды, іс-әрекетті білдіріп, одан кейінгі -ды, -ты фор- малар сол қимылдың айтып тұрған сәтке бай- ланысты болу мезгілін яғни шақтық мағынаны (өткен шақты) білдіріп тұр. Алғашқы сөздегі тұлғасы (барды-м, айғай салды-м) қимылдың иесін, яғни сол қимылды орындаушы кім (субъект) екенін және ол (қимылдың иесі) бірінші жақ яғни айтушының өзі (мен) екенін көрсетіп тұр. Ал үшінші сөзде (шықты) ондай грамматикалық арнайы форма жоқ, бірақ соған қарап бұл сөз (шықты) қимыл иесін (субъектіні) білдірмейді екен деуге болмайды. Бұл жерде шығу қимылының субъектісі (иесі) жаңғырық, 3-жақтағы сөз. Бұндай З-жақтық мағынаны шықты сөзінің құрамыңдағы -ты білдіріп тұрған жоқ, ол -ты өткен шақтық мағынаны ғана білдіріп тұр. Бұл сөздегі 3-жақтық мағына арнайы грамматикалық тұлғасыз форма арқылы берілген, 1-2 жақтарда арнайы тұлға бар, мен шықты-м, сен шықты-ң, сіз шықты-ңыз, ол шықты немесе тыңда сөзі жалпы іс-әрекетті және қимылдың сабақты мәнін (кімді тыңда?) білдірумен бірге (бұл мағыналар сөздің түбір тұлғасы арқылы берілген) бұйрықтық мағынаны және ол 2-жаққа қаратылып, анайылық және жекешелік мағыналарды білдіріп тұр. Бұл соңғы мағыналар да арнайы грамматикалық тұлғалар (формалар) арқылы берілмеген, сондықтан бұл да тұлғасыз форма. Өйткені осы жүйенің басқаша түрленуінде өзге формалары анық көрінеді: 2-жақ сыпайы тыңда-ңыз, 2-жақ көпше тыңда-ңдар, яғни бұл жерде бұйрықтық 2-жақ сыпайылық, жекеше мағына -ыңыз, бұйрықтық 2-жақ анайылық, көпше мағына -ңдар формасы арқылы берілген. Бұндай тұлғасыз форманы тіл білімінде нөлдік форма дейді, өйткені бұлар - сөздің түрлену жүйесіне негіз болатын тұлға емес, түрлену жүйесінің ішіндегі бір түрі (тұлғасыз түрі). Сөйтіп, нөлдік форма — белгілі бір сөз табының түрлену жүйесіндегі арнайы грамматикалық мағынасы бар, бірақ арнайы көрсеткіш тұлғасы жоқ ерекше құбылыс. Нөлдік форма сөз байланыстырушы қосымшалар (жалға- улар) жүйесінде болады. Арнайы грамматикалық форма болмаса да, сөздің байланысы арқылы белгілі грамматикалық мағынаның бар екендігі байқалып отыр. Қазақ тіліндегі нөлдік формалар: септік жүйесіндегі атау септік және ілік пен табыс септіктердің жасырын түрі, жіктелу жүйесінде 3-жақ тұлғасы, бұйрық райдың 2-жақ жекеше, анайы түрі болып табылады да, сол түрлену жүйесіндегі (септік, жіктік, бұйрық рай) басқа түрлеріне (басқа септіктер ішінде, 1-2 жақтағы жіктік жалғауға, бұйрық райдың басқа жақ және көпше түрлеріне) қарама-қайшылық мәнде болады.<ref>Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}