Кәдімгі түймешетен

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Taxobox Кәдімгі түймешетен (Үлгі:Lang-la) – астралылар тұқымдасы, түймешетен туысына жататын, көп жылдық, шөп тектес өсімдік

Ботаникалық сипаты

  • Биіктігі 1 м-ден асады.
  • Сабағы түзу, ұзына бойы созылған жаралары бар, жоғарғы жағында бұтақталып жайыла өседі.
  • Сопақша келген жапырақтары жарыса кезектесіп орналасқан, қауырсын тәрізді тілімделген. Шеттері ара тісті, жоғарғы жағынан қарағанда қою-жасыл түсті, төменгі жағынан қарағанда сұр-жасыл түсті болып келеді.
  • Гүл тостағаншалары дөңгелек, сары, шатырша сияқтанып топталып тұрады. Гүлдері түтікше тәрізді, майда. Гүл себеттері жеке жартылай шар тәрізді, гүл себеттерінің шеңбері 6-8 мм-ге дейін болады. Гүлдері сарғыш, гүл орамдары қоңырқай –жасыл. Иісі өзіне тән, дәмі ащылау. Маусым-тамыз айларында гүлдейді.

Өсетін жері мен таралу аймағы

Өсімдік жолдардың жиегінде, егістік жерлерде, шабындықтарда, өзен жағаларында, тұрғын үйлердің маңында, далалы аймақтарда өседі. Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі. Еуропада, Кавказ, Орта Азия, Батыс және Шығыс Сібірде, Моңғолия, Қытай, Солтүстік Жапонияда таралған.

Химиялық құрамы

Өсімдіктің гүлінде флавоноидты қосылыстар (3,5-4%) кверцетин, кемпферол, цинарозид, лютеолин, аксиллярин, апигенин, изорамнетин, кверцимеритрин (эфир майы) 0,9%, оның құрамында камфора, альфа, бета туйон, туйол, борнеол, пинен бар. Ол - улы өсімдік.

Емдік қасиеті мен қолданысы

Кәдімгі түймешетен гүлдері тұнбаларының тамаққа тәбетті аштыртатын, асқазан бездерінің жұмысын күшейтетін, ас қорыту жұмыстарын жақсартатын, қанның қысымын жоғарлататын, дененің қызуын төмендететін, қабынуға қарсы әсер ететін, өт айдайтын, тер шығаратын, ауырған жерлерді тыныштандыратын қасиеттері бар. Ғылыми медицинада түймешетеннен жасалған дәрілерді ішек құрттарын түсіру үшін, ауыздың және бауыр, өт жолдарының ауруын, тоқ ішектің қабынуын емдеу үшін пайдаланады.
Дәрілік мақсатта гүл тостағаншаларын өсімдік гүлдеген кезінде жинап алады. Кептірер алдында гүл тостағаншаларының 4 см-ден ұзындарын алып тастайды. Кептіргіштерде 40°С температурада немесе көлеңкелі жерлерде аударыстырып кептіруге болады. Өсімдік улы болғандықтан, одан жасалған дәрілерді үлкен сақтықпен, дәрігердің кеңесімен пайдаланған жөн.<ref>Қазақстанның дәрілік өсімдіктері. Іскендіров Әбіш. Алматы "Қазақстан" 1982, 188 бет.</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер