Жеті қазына
Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Сурет:Stamp of Kazakhstan 143.jpg
Қазақстан пошта маркасы
Сурет:100 Tenge Qumai Tazy.jpg
2020 жылы Жеті қазынаға арналып шығарылған тиындардың бірі
Жеті қазына — қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады:
- Ер жігіт;
- Сұлу әйел;
- Құмай тазы;
- Берен мылтық;
- Жүйрік ат;
- Ақыл-білім;
- Қыран бүркіт.
Басқа нұсқалар
Жеті ырыс
Халық Жеті қазынаны өмір қажетіне негіз етіп таратқан. Қазақ халқының Жеті қазынаны — жеті ырыс деп атауының да мәні осында. “Жеті ырысқа” мыналарды жатқызады:
- 1) адамның ақылы,ой-санасы. Өйткені, адамзат ақылы арқылы хайуанаттар дүниесінен бөлініп ерекшеленеді, әрі дүниенің қожасы болды;
- 2) Денсаулық, яғни дененің саулығы;
- 3) Ақ жаулық, яғни үйдегі әйел адам — ердің жары, балалардың анасы. Халқымыз ежелден “Бас екеу болмай, мал екеу болмайды” деп, әйелді тіршілік иесі, адам өмірін жалғастырушы деп қастерлеген;
- 4) Бала. Бала — адам өмірінің жалғасы, қуанышы;
- 5) Көңіл. Көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен береке орнайды;
- 6) Жер. “Жерсіз — ел тұл, ерсіз — жер тұл”;
- 7) Ит. Ол әуел бастан-ақ адамға сенімді серік болған.
Ислам дінінде
- Қыдыр (қызыр). Ол өзі ұнатқан адамдарына ғана дариды. Қыдыр дарыған адам байлыққа кенеледі деген түсінік бар;
- Бақ – ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. Бақ қонған адам ел мен жерге қожалық етеді;
- Ақыл— байлық пен бақыттың тірегі;
- Денсаулық. Деніңізде саулық болмаса, өміріңізде сән де, мән де болмайды делінеді;
- Ақ жаулық. Дін аңыздары бойынша, Алла адамды топырақтан жаратып, жан берген соң, адам ұрпағын тарату үшін оның сол жақ қабырғасының біреуінен Хауа Ананы жаратқан;
- Тұз — Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені;
- Ит – Адам мен Хауа Ананың алғашқы серігі, қорғаушысы. Осы айтылған ислам аңызындағы Жеті қазына Алланың кереметімен ғана болып отырады. Мұндағы мақсат — “Барлық іс Алланың ұйғарымында, құдайсыз қурай сынбайды” дегенді білдіреді.
Басқа халықтарда
Жеті қазына ұғымы басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, грек аңыз-әңгімелерінде Жеті қазына басқаша кездеседі:
- 1) Көк аспан. Ол әлем сырын өз шеңберінде сыйғызып, солардың өзіндік қалпын сақтайды;
- 2) Күн. Ол әлемдегі тіршілікті басқарады. Барлық зат — Күннің шуағынан нәр алады;
- 3) Ай. Түнгі тіршілік нәрі. Ай табиғатты түн тұңғиығында тербеп, нұрландырады;
- 4) От. От — Күннің жердегі сүлдесі. Отты пайдалану арқылы адамдар дүниенің төрт бұрышына тарады;
- 5) Су. Сусыз тіршілік жоқ. Су — жерге қуат, өсімдік әлеміне, жан-жануарға нәр, көрік береді;
- 6) Жер. Жер — тіршілік анасы. Жан-жануарлар мен өсімдік әлеміне көрік, келбет, түр-тұрпат береді;
- 7) Ит — Адам мен Хауа Ананың пейіштен қуылып, жерге түскендегі алғашқы серігі, досы әрі қорғаушысы. Сол себепті Жеті қазынаның бірі саналады.<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref>