Жаңашілік тұрақтары

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Жаңашілік тұрақтарымезолит дәуірінен сақталған ескерткіштер.

Орналасқан жері

Түркістан облысы Отырар ауданы Шілік ауылының солтүстік-шығыс шетінде орналасқан.

Сипаты

Жаңашілік тұрақтарын Қазақстан ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының тас ғасырымен шұғылданатын отряды (жетекшісі Х.А. Алпысбаев) 1974 жылы зерттеген.
Бір-бірінен ара қашықтығы 600-800 м болатын 1, 2, 3-ескерткіштерінде қабыршақтар, тас жаңқалары, тас тілікшелері, өндіріс қалдықтары көптеп кездескен. 3 сегмент және 3 трапеция табылған. Күл, хайуанаттар сүйектері мен құмтас пен кварциттен жасалынған жұмыртастар да ұшырасқанымен, құралдардың көбісі халцедоннан дайындалған. Тас жаңқалары өте көп. Призма тәріздес, призмалық және диск тәріздес нуклеустер де бар. Бұлар көрші жатқан Орта Азия аймақтарынан жиналған нуклеустерге ұқсас. Қырғыштардың бір бөлігі кескіштер рөлін атқарса керек. Ал кескіштердің кейбіреулері пышақ ретінде пайдаланылуы мүмкін. Шағын тас тілікшелері (1,3-4 см аралығында) аса ыждағаттылықпен қашалған. Жаңашілік тұрақтарын мекендеушілер садақты қолданғандығынде шүбә жоқ. Оны табылған құрал-жабдықтар растап отыр. Құралдардың жаңа түрі де кездеседі. Пышақ тәріздес тас тілікшелері мен сүйірлер, шеті иірімделген тас тілікшелері мен қырғыш-кескіштер, ұзынша трапециялар мен долото секілді бұйымдардың жасалу техникасында кейінгі палеолит дәуірінің әсері бар.<ref name="test">Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы</ref><ref>Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2</ref>

Әдебиет

  • Алпысбаев Х.А., Мезолитические и неолитические стоянки Южного Казахстана. Археологические исследования в Отраре, А.-А., 1977;
  • Қазақстанда мезолиттің зерттелуінің кейбір мәселелері. Қаз МҰУ хабаршысы, Тарих сериясы, №14, 1994.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер