Жалпақтал қалашығы
Үлгі:Көне қалашық Жалпақтал қалашығы – Батыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ХІV-ХV ғасырлардағы археология ескерткіші.
Мазмұны
Орналасқан жері
Жаңақала және Казталов аудандарының шекарасында, Қарасу ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 км жерде орналасқан.
Қалашық сипаты, тарихи деректер
Алтын Орда тұсында өмір сүрген Жалпақтал қалашығын 2009 жылы Д.В. Марыксин жетекшілік еткен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының экспедициясы анықтаған.
Қалашық Еділ мен Жайық қос өзені аралығындағы құрғап қалған Үлкен және Кіші Өзендерінің бассейнінде орналасқан. Жалпы аумағы 68 га шамасында. Қаланың орталық бөлігіндегі құрылыс қалдықтарынан қалған биіктігі – 2 м, диаметрі – 50 м болатын үлкен төбе, қалған бөліктерінен кіші көлемдегі бірнеше ондаған төбешіктер байқалады.
Аумағының шағын болуы және ол туралы жазба деректерде тұщымды мәліметтердің болмауына қарамастан қандайда бір болжам жасауға мүмкіндік бар.
Қазіргі Қазақстан аумағы – кезінде Шыңғысханның ұлдарына, бірнеше ұлысқа енші ретінде бөлінгендігі белгілі. Солардың бірі, тарихи әдебиеттерден белгілі Еділдің төменгі жағында орналасқан ең беделдісі, әрі орталығы – Жошы ұлысы немесе Алтын Орда. Шығыс шекарасы Жайық өзені болған және Еділ-Жайық қос өзендерінің аралығы толықтай ұлыстың хан иелігінде болды. Жалпы алғанда Үлкен және Кіші Өзен аталған қос өзен аралығында алтынордалық қоныстың бар болуы жайындағы мәселе бұрыннан-ақ көтерілген.
XVIII ғасырда аталған аймақты шарлаған П.С. Паллас: "Өзен деп аталған қос өзеннің аралығында ескі су айрықтары ізінің көптігі аса ескерерлік жағдай, ол үлкен Өзен маңында айрықша... өте көп жүргізілген... Осындай орлар мен айтарлықтай көп обалардың, олардың бірқатары ежелгі баспаналардың қалдықтары болуы, Өзен бойында бұрынғы уақытта едәуір мықты...халықтың өз баспаналары болған" деп жазады.
Еділ-Жайық қос өзені Алтын Орда ханының меншікті иелігінде болып, ол жерлер жеткілікті дәрежеде игерілген. Бұл пайымдауларға айғақ болар жәйт қаланың айналасынан алтынордалық зираттардың көп мөлшерде табылуы болып табылады.
Қазба жұмыстары нәтижесі
Тұрғын үй-жай құрылысы
Ескерткішке жүргізілген қазба жұмыстарының негізінде бір бөлмелі үйге жататын екі тұрғын үй-жай анықталады. Олардың барлық алаңы суфа ішіндегі екі каналды канмен жылытылған. Ашылған бөлмелердің барлығы іргетассыз, пақса секілді қабатқа орналастырылған. Қабырға тұрғызудың іргетассыз әдісі Алтын Орданың дәстүрлі құрылысына тән ерекшеліктер болып табылады. Тарихшы және археолог В.Л. Егоров мұндай құрылыс салу әдісін "көшпелі өмір салтынан шығатын, моңғолдық сәулетке тән ерекшелікке..." жатқызады.
Қыш сынықтары, өрнектері
Қала жұртынан табылған ең бір қызықты жәдігер оймышты терракоталардың сынығы болып табылады. Табылған 159 қыш сынықтарының тек 68-нде өрнектер сақталған. Оймыш салу техникасы мен қолданылған құралына қарағанда, жұмысты кәсіби біліктілік деңгейі әртүрлі кемінде екі шебер орындаған. Олардың ішінде тәжірибелі шебер балшықты оюшы болғанын қыш бетіне сапалы өрнектердің нық сенімді түсуі көрсетеді. Ол ғанышпен жұмыс жасауда тәжірибесі мол көрші аудандардан келген шебер болуы да мүмкін. Ойып өрнектеу үлгісі мен техникасы және Орта Азия ескерткіштеріндегі сазға түсірілген оймыштарының ұқсастығы бойынша Жалпақтал қаласынан табылған оймышты терракота сынықтарын XIII ғасырдың екінші жартысымен мерізімдеуге болады.
Теңгелер
2013 жылы қаланың үстінен үш теңге табылады: күміс теңге Жәлаад-Дин Махмұд, Жәнібек хан атынан 752 х.ж (1351-1352 жж.) Гүлстанда соғылған; мыс теңге Жәнібек хан атынан 1340 жылы Сарай әл-Жедидте соғылған, реверсінде екі басты бүркіт сомдалған; тағы бір мыс теңге (пұл), Өзбек хан атынан 1330 жылы Сарай қаласында соғылған.
Мешіт орны
Қала аумағынан көлемі 12х13 м болатын мешіттің орны ашылады. Қабырғасы екі кірпіш қалыңдығында қаланған. Ішінен екі пеш анықталған. Оңтүстік қабырғасының орталық бөлігі қырынан қаланған кірпіштерден өрілген, оны тазалау барысында ені 0,9 м болатын михраб табылды.
Мешіт қабырғасы 1 м биіктікте сақталған. Мешітке кіретін есік солтүстік-шығыс жақ бұрышында орналасқан. Мешіт ішінің сылағы солтүстік қабырғада жақсы сақталған.
Ғимараттың шығыс жағына көлемі 2,84х4,3 м келетін мұнара құрылысы жапсарлай салынған. Мұнара қабырғасының ені – 1,2 м. Мұнараның мешіт және көше жақтан кіретін екі есігі бар.
Жеркепелер
Жеркепелер – Алтын Ордада көп тараған баспаналардың түрі. Бірқатар авторлардың пайымдауынша, жеркепелерде төменгі тап өкілдері өмір сүрген.
Жеркепелердің ауданы 20 м2 дейін, ал тереңдігі 2-2,5 м-ге жетеді. Кіреберісі дромос-дәліз немесе пандус түрінде салынған.
Қалашық бірегейлілігі, киелілігі
Қаланың бірегейлік қасиеттері: біріншіден, соңғы кездерге дейін тек көшнелі шаруашылық дамыған деп есептеліп келген аймақтан отырықшы мәдениет ескерткіштерінің табылуы; екіншіден, бұл табылған Алтын Орда уақытындағы ауылдық типтегі жалғыз мешіт; үшіншіден, табылған мешіт бірнеше құрылыс кезеңінен тұрады, оның ең алғашқысы жартылай жертөле түрінде.
Жалпақтал қаласының ерекше киелілік маңыздылығы оның айналасындағы зираттардағы жерлеу орындарының көптігімен байланысты. Солардың бірі XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басымен мерізімделеді. Мұны осы жерді қоныстаған жергілікті тұрғындардың ерекше кие тұтып, ата-бабалар өмірімен байланысты мекен деп қасиет тұтуымен түсіндіуге болады.<ref> Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>