Дәурен Тастанбайұлы Әбіров
Үлгі:Театр қайраткері Дәурен Тастанбайұлы Әбіров (6 қазан 1923, Қаракемер ауылы, Қордай ауданы, Жамбыл облысы – 8 маусым 2001) — кеңестік және қазақстандық биші, балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1988), Қазақ КСР халық әртісі (1984).
Мазмұны
Өмірбаяны
Әбіров Дулат тайпасының Жаныс руынан еді.<ref>Үлгі:Кітап</ref>
- Алматы хореграфиялық училищесін бітірген.
- Мәскеудің Луначарский атындағы ГИТИС-нің балетмейстерлік бөлімін бітірген (1952).
- Ұлы Отан соғысына қатысқан.
- 1952–1977 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының балетмейстері, бас балетмейстері.
- 1984–1989 жылдары Жүргенов атындағы Мемлекеттік театр және кино институтының кафедра меңгерушісі
- 1989–1997 жылдары хореография бөлімінің жетекшісі болды.
- 1997 жылдан бері театр және кино институтың Жоғарғы хореография мектебінде ұстаз.
Қойған балеттері
- Великановтың Қамбыр-Назым
- Е. Брусиловскийдің Қозы Көрпеш – Баян Сұлу
- Жұбанованың Аққанат балеттерін қойған.
Билеген билері
Биші ретінде
- Жизель
- Аққу көлі
- Бақшасарай фонтаны
- Баядерка
- Шопениана, т.б. балеттерде жетекші партияларды билеген.
- Пуни мен Глиэрдің Эсмеральда
- Глазуновтың Раймонда
- Меликовтың Фархад-Шырын
- Яруллиннің Шурале балеттерін сахнаға бейімдеген.
- Біржан-Сара
- Қамар сұлу
- Айсұлу операларына, көптеген концерттік билер қойған.
Алғашқы балетмейстер
Дәурен Әбіровтің балетмейстерлік, педагогикалық еңбектері Қазақстанда хореография өнерінің дамуына үлкен үлес қосты.
Д.Әбіров қазақстандық алғашқы кәсіби балетмейстер. Оның алғашқы қойған балеті М.Чулакидің «Юность» балеті болды (1952ж.). Ол «Старик Хаттабыч» (А.Зацепин), «Қамбар-Назым» (В.Великанов), «Аққанат» (Ғ.Жұбанова), «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» (Е.Брусиловский) балеттерін Абай атындағы опера және балет театрының сахнасына шығарды. Осы театрда «Эсмеральда» (Ц.Пуни), «Шурале» (Ф. Яруллин), «Раймонда» (А.Глазунов), «Доктор Айболит» (И.Морозов), «Легенда о любви» (А. Меликов), «Берег счастья» (А.Спадавеккиа)т.б. орыс, кеңес балеттерін қоюмен қатар «Қыз Жібек» (Е.Брусиловский), «Біржан-Сара» (М.Төлебаев), «Жалбыр» (Е.Брусиловский), «Назгүм» (Қ.Қожамияров) операларында да билер қойды. Ол мазмұнға қажетті терең сюжетті тапты, бейнеліліктің жаңа құралдарын іздестіріп, сол кездегі талапқа және жаңа мазмұнға сай шығарма беруді қарастырды. Тұңғыш балетмейстер Д. Әбіров халқымыздың өткен тарихын бейнелейтін бүгінгі күн тұрғысынан сәтті сахналық ізденістерге барды. Қайта қойылған классикалық үлгідегі балеттері «Жастық» (1952), «Эсмеральда» (1953), «Шурале» (1956), «Махаббат туралы аңыз» (1963) балетмейстерге ұлттық балеттің жақсы үлгісін жасауға жол ашты.
Д.Әбіровтің балаларға арналған К.Чуковскийдің ертегісі бойынша П.Аболимовтың либреттосына қойылған И.Морозовтың «Доктор Айболиті» мен Артектегі бақытты балалар өмірін баяндайтын және осы балалар Ұлы Отан соғысында Отанын қорғаған жастар бейнесін әңгімелейтін А.Спадавеккианың музыкасына В.Бурмейстердің хореографиясы бойынша қойылған «Бақыт жағалауы» балеттері де театр сахнасынан өз орынын тапқан ірі дүниелер.
Д.Әбіровтің шығармашылғы «Девушка-джигит» (1955), «Наш милый доктор» (1957) көркемфилімдерінде де табысты болды. Сонымен қатар Қазақстанның әр облыстарында кәсіби және көркемшығармашылық би ұжымдарын құрып, олардың табысты еңбек етуіне де өз үлесін қосқан балетмейстер («Сыр сұлуы» Қызылорда облысы, «Қаламқас» Семей облысы, «Алтынай» Алматы облысы т.б.). Қазақ би өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан Д.Әбіров филармония артистері мен ансамбльдеріне де билер қойып артында мол мұра қалдырды. «Ұтыс би», «Қоштасу», «Балбырауын», «Алтынай», «Қоян бүркіт» сияқты билері өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген билер болып, ел мұрасына айналып, алтын қорға енді.
Сонау 1952 жылдан педагогикалық, шығармашылық және зерттеу жұмыстарын қатар алып жүрген. Алматы хореография училищесіндегі, Құрманғазы атындағы консерваториядағы педагогикалық еңбегі академиялық мектебімен, авторлық әдістемесімен ерекшеленді.
Д.Т.Әбіров Ұлттық хореография жөніндегі еңбектердің авторы. Оның «Қазақ би тарихы» («История казахского танца» 1997ж.) , Ә. Ысмайловпен бірге жазған «Қазақ халық билері» («Казахские народные танцы» 1984 ж., екінші басылым) кітаптары оқушылардың, студенттер мен оқытушылардың оқып білім алуда үлкен көмекші құралына айналып отыр. Артына мол зерттеу еңбек қалдырған Д.Әбіров қазақ би өнері тарихының зерттелуіне өз үлесін қосқан алғашқы қазақстандық ғалым ретінде де танылды. «Халық биі» деген тақырыппен Қазақ Кеңес Энциклопедиясында қазақ биі туралы мәлімет берді. Қазақ Совет энциклопедиясындағы қазақ сахна және халық билері туралы деректерді жаңартып, ұлттық-сахналық билерін кәсіпи және әуесқой ұжымдар, көрші республикалардың мамандары арасында таныстырып, дамытуда да еңбек етті.
Өзінің шығармашылық еңбегінің арқасында түзілген қазақ биін оқып-үйренуде авторлық әдістемелері мамандардың арасында «Әбіров мектебі», «Әбіров әдістемесі» деген ұғымдарды қалыптастырды. Оның әдістемелік оқу бағдарламасы нақты мазмұнымен, жігіттер биін орындауда ержүректілігімен, әсем де сәнділігімен ерекшеленген болса, қыздарға лирикалық назды қимылдар тән.
Сонымен қатар республикада хореографиялық жоғары білім беруде алғашқылардың бірі болып, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында хореография бөлімін ашты. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында «Қазақ биі» пәнінен дәріс беріп, өмірінің ақырғы сәтіне дейін шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз атанды.
Д.Т.Әбіровтің балетмейстерлік, педагогикалық мұраларын оның оқушылары мен мамандар көзінің қарашығындай сақтап ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыр. Ол туралы: «Абиров өзі керемет биші болды, бірақ мансабын жалғастыруға соғыс кедергі болды. Балетмейстер болып жұмыс істей жүріп, сахнаға шықты. Ол өзінің «Достық жолымен» балетінде Алидің партиясын орындады. Және ол керемет биледі»,- деп журналист (Н.Вержбицкая, 2003 жылдың 18 қазанында. «Казахстанская правда») газетте жазған мақаласында тоқталған. Дәурен Әбіровтің ғылыми-педагогикалық жолы Мәскеу қаласынан оқу бітіріп, келген кезеңнен басталды деуге болар. Елге оралған кезеңде би өнерін бала жастан өзіне серік еткен Әубәкір Ысмайлов жанынан табылды. Екеуінің сыйластық қарым-қатынасы шығармашылық деңгейге көтерілді. «Казахский народый танец» (1961ж. екінші басылым 1984ж.) атты алғашқы еңбегі осы шығармашылық ынтымақтастықтан туындаған болатын. Бұл еңбек қазақ биінің билену тарихынан біраз мағұлымат берді деуге болады. Халық арасында биленіп жүрген ерлер және қыздар билері бөлек жазылып ноталық материалы да қоса берілген. Ерлердің «Ұтыс би», «Құсбегі-дауылпаз» және қыздардың «Қаз қатар» билері өз қимылдарымен, характерімен ерекшеленген билер деуге болар.
Бүгінгі күні Д. Әбіров осы «Ұтыс биін» жұптаса билейтін көпшілік би ретінде Мемлекеттік «Алтынай» халық би ансамблінің репертуарына енгізген болатын. Ал, «Құсбегі-дауылпаз» осы уақытқа дейін сахнадан түспей биленіп келе жатқан би. «Қаз қатар» атты әсем қимылды қыздардың лирикалық биі биленбей жүр. Дайын жазылып, қалдырылған биді қалпына келтіруге болар еді деген ой бар.
Өзнің «История казахского танца» (1997г.) атты еңбегінің бірінші бөліміне 1979 жылы қорғаған диссертациясы енген. Балетмейстер онда ғалым ретінде қазақ би өнерінің тарихына үңіле отырып, оның даму жолын саралаған. Қазақ сахналық билерінде тек бірегейлік пен ерекше сипат бере алатын халықтың мінезін, оның рухын анықтауға деген ұмтылыс балетмейстер Дәурен Әбіровті ұлттық би фольклорының материалдарын зерттеуге итермелейді. Халық биін зерттей жүріп, алғаш ғылыми тұрғыдан негіздеп ұсынған да Д. Әбіров деп айтуға болады. Оның Мәскеу қаласында қорғаған «Становление и развитие казахского танца на профессиональной сцене» атты өнертану кандидаты атағын алуға дайындаған диссертациясы бар.
Д. Әбіров қазақ би тарихы жөнінде айтқанда, билер мен бишілер туралы мысалдар келтіре отырып, орыс саяхатшылары туралы да: «ХІХ ғасырдағы орыс саяхатшылары жазып қалдырған қазақ халық биінің сипаттамалары, тіпті суреттері сақталған»,- деп көрсеткен (Абиров Д., Исмаилов А., 1984. 6б.). Сол кезеңдегі алғашқы ұлттық операларда қойылған билерге терең талдау жасай отырып, А. Александровтың (Мартиросьянц 1891-1955жж.) билері операның негізгі драматургиялық ойымен қабысып жатқанын тілге тиек еткен. «Ер Тарғын» операсын қарастыра отырып өз ойын: «А.Александров халық ойындары мен мерекелерінің мазмұнын еркін түсіндіруге негізделген керемет билер жасай алды. Ол хореографияда бұрынғы сахналық ұлттық құралдарға сүйене отырып, қозғалыстардың қызықты да үйлесімді байланыстарын көрсетті, композицияның әртүрлі – көпшілік, топтық, жеке формаларын қолданады. Мұның бәрі билердің сипатына әсер етті, сахнадағы халықтық мерекелік атмосфераның эстетикасы мен поэтикасын және хан сарайындағы үйлену тойының суретін ашты»,- деп көрсетті (Абиров Д., 1997. 39 б.).
Д. Әбіровтің зерттеу барысында жасалынған осындай тұжырымдары қазақ биінің даму жолдарын анық көрсете алған. Кейінгі кезеңдерде қойылған опералар мен би ансамбльдеріндегі сахналық қазақ биі үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің түсінің өзі хореография тілімен ашылған мағналы дүниеге айналды. Бұл операның 2- актісіндегі 4-сурет болатын. Кейін осы актіні қайта аяқ ұшында билеуге ыңғайлап қойды.
Екінші бөлімінде қазақ би қимылдарының орындалу әдістері берілген. Осы екінші бөлімде берілген би қимылдары қазақ би сабағының бағдарламасына түгел дерлік еніп отыр. Ерлер биіндегі қол қалыптары мен қол қимылдары, жүріс түрлері мен жігіттер биіне тән қимылдар жазылып қалдырылған. Тек қазақ биіне тән «Молдас» қимылының түрлері, «Бүктелме» не болмаса «Айдаһар иірілу», «Тақымға басу», «Желдірме», «Шабыс» түрлері сияқты қимыл-әрекеттер тек қазақ биіне тән.
Ал, қыздар биінің қол және дене пластикасы толық берілген. Ондағы «Сылаң қақпа», «Орама», «Шаш сипау», «Толқын» т.б. қимылдар қыздардың мінезін ашуда қолданылып жүрген әсем қимылдар. Ерлер биіндегі секіріс түрлері, қыздар биіндегі айналу тәсілдері толық жазылған. Д. Әбіровтің осы еңбегіндегі қазақ биінің негізгі қимылдары оқу орындарында білім бағдарламаларына еніп отыр. Сонымен қатар, 2021 жылы Қазақ ұлттық хореография академиясының «Ұлттық қазақ биінің ғылыми-әдістемелік зертханасы» дайындаған Қазақ биі анықтамалығына барлық қимылдары енді.
Өзінің шығармашылық еңбегінің арқасында қазақ биін оқып-үйренуде авторлық әдістемелері мамандардың арасында «Әбіров мектебі», «Әбіров әдістемесі» деген ұғымдарды қалыптастырды.
Дәурен Тастанбекұлы Әбіров Қазақстан хореография өнеріне алғашқы кәсіби білім алған балетмейстер ретінде еніп, халық биінің сахналық үлгісін белгілі деңгейге көтерді. Классикалық би қимылдарын халықтық қимыл-қозғалысқа айналдыру Д.Әбiров шығармашылығына тән.
Бүгінгі күні балетмейтердің халық күйлеріне қойған билері «Алтын қорға» еніп, ұлттық би мұрасына айналып отырғаны белгілі. Дәурен Тастанбекұлы Әбіровтің ХХ ғасырдағы қазақ хореографиясында көрнекті орны бар балетмейстер.
Шығармалары
Зерттеуші ретінде
- Қазақтың халық билері (Ә. Исмаиловпен бірге, 1961, 1984)
- Қазақ биінің кәсіби сахнада қалыптасуы мен дамуы деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған (1979).<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>
Дереккөздер
- 6 қаңтарда туғандар
- 1923 жылы туғандар
- Қордай ауданында туғандар
- 8 маусымда қайтыс болғандар
- 2001 жылы қайтыс болғандар
- КСРО балет әртістері
- Қазақстан балет әртістері
- XX ғасыр балет әртістері
- Қазақстан балетмейстерлері
- КСРО балетмейстерлері
- XX ғасыр балетмейстерлері
- Қазақстан өнер қайраткерлері
- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері
- Қазақстан өнертанушылары
- Ұлы Отан соғысының қатысушылары
- Қазақстан халық әртістері
- Еңбек Қызыл Туы орденінің иегерлері
- Өнертану ғылымдарының кандидаттары
- Кеңсай зиратында жерленгендер