Бәуеддин баба

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Бәуеддин баба - ислам дінінің сопылық бағытының ел арасына қанат жаюына ғұмырын арнаған, соның ішінде Нақышбандийа тариқатының негізін қалаған әулиенің бірі.


Қазақта бұл әулиенің бейнесі халық ауыз әдебиеті үлгілерінде, наным-сенімде кездеседі. Бәуеддин әулиенің шын аты Нақышбанд Баһауидин бин Бурхан ад-дин Мүхаммад әл-Бүхари (1318-1389). Ол Накышбанд Ходжа-и бузурук және Шахи-и Нақышбанд деген мәртебелі есімдермен кең танымал болған тұлға, XIV ғасырдың ортаазиялық сопылық ағымының ірі өкілі. 1544 жылы оның зиратының басына Шибани Абд әл-Әзиз-хан салдырған кесене жұрт тәуап ететін қасиетті орынға айналды. Оның әкесі елге танымал қолөнерші, өте тақуа адам болған, сол себепті есімін Нақышбанд қойған.

Нақышбандийа тариқаты XV ғасырда Иасауи мектебі негізінде қалыптаскан. Олар өзінің рухани бастауын бір жағынан Әбу Бәкірге, екінші жағынан Әли Әбу Талибке әкеп тірейді. Бұл бауырластықтың қуатты бірнеше үрім-бұтақтары Орта Азия, Еділ бойы, Солтүстік Кавказ, Анадолы, Үндістан және т.б. өлкелерге таралған. Е.Т. Смирновтың айтуы бойынша, «сарттар мен тәжіктердің түсінігі бойынша Богаэддинньнің басына үш рет барып тәу етсе, Меккеге барып қажылық еткенмен тең деп саналады».

Қазақ әулиелері Бұқараны «Бұхари Шәріп» (Бұхар-и- Шариф) деп ардақтап, үнемі ондағы пірлерден қолдау тауып, діни білімін дамытып келгені деректерден белгілі. Мысалы, Қожа Ахмет Йасауи жиырма жеті жасында Бұхараға барып, ұстазы Жүсіп Хамадани деген пірге қол тапсырады. Қазіреті Ысмайыл ата да Бұкараға барып, Сейд Ахмет ата деген пірдің батасын алады.

Демек қазақ мұсылмандарының Нақышбанд тыным тапқан Бұхарамен рухани байланысы осы әулиеге дейін де, одан кейін де жалғастықта, сабақтастықта болған деуге негіз бар. Сол себептен де Нақышбанд әулиенің есімі қазақ халқының салт-санасында ежелден сіңісті болған. Мысалы, «Алпамыс батыр» жырының бір нұсқасында перзент тілеген Байбөрі зиярат еткен әулиелердің тізімінде Нақышбанд Бахауидин есімі де аталады:

Бұқараға жол тартты,
Аллаға артып наласын.
Баһауәдин Нацишбәнд
Зиярат қылды моласын.<ref>«Еңсегей бойлы ер Есім» жырында (С.Сәкенов)</ref>

Құдайдан бала сұраған қазақтың тілегі Баба түкті Шашты Әзіз әулиенің басына емес, Бұқарадағы Баһауиддин әулиенің бейітіне зиярат еткен соң, Қашқардағы тірі әулие Аппақ қожаға барған соң орындалған делінеді.

Оның бейнесі халық санасында әжептәуір із қалдырған. Қазақтың магиялық поэзия үлгісінде де Нақышбанд Бахауидин есімі ұшырасып отырады. Мысалы, мал жоғалып кетсе, халық «Бәуеддин айту» ырымын жасаған. Жоғалып кеткен малды табу үшін ешкінің құлағын бұрап, бақыртып:

Ел иесі Бәуеддин,
Мал иесі Бәуеддин,
Керең құлақ саңырау Бәуеддин,
Өне бойы қоңырау Бәуеддин,
Атымды тауып бер Бәуеддин,
Жоғымның жөнін көр Бәуеддин

- деп айтқан. «Бұл «ешкі иесі Бәуеддин әулие (Шекшек ата)» деген пайымнан шыққан», — деп жазды белгілі фольклортанушы Б.Уахатов.<ref> Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2 </ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}