Ақшабұлақ мұнай-газ конденсат кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Ақшабұлақ мұнай-газ конденсат кен орны - Оңтүстік Торғай шөгінді алабының Арысқұм ойысымында орналасқан мұнай-газ-конденсат кен орны. Құрылым сейсмобарлау тәсілімен 1997 жылы айқындалып, іздестіру бұрғылауын жүргізуге дайындалды. Іздестіру жұмыстары 1988 жылы басталып, 1989 жылы өнеркәсіптік мұнайдың алғашқы ағымы алынған.

Географиялық орны

Қызылорда облысында, Жосалы станциясының солтүстік-шығысында 160 км жерде.

Геологиялық құрылымы

Кенорын үш күмбезбен күрделіленген көтерілімде орын алған. Бұрғыланған қиамының 1605-1915 м тереңдіктерінде анықталған төрт өнімді горизонттың үшеуі юра, біреуі неоком шөгінділерінде орналасқан. Горизонттар құмтастардың, алевролиттердің, саздардың, ішінара гравелиттердің қат-қабаттарынан құралған.

Жатыс сипаты

Жатындар қойнауқаттық, күмбездік, тектоникалық тұрғыдан қалқаланған. Су-мұнай жапсарларының абсолюттік белгілері -1760 м, -1640 м, -1638 м, -1530 м. Өнімді горизонттардың жалпы қалыңдығы 14 м-ден 66 м-ге, мұнаймен қаныққан тиімді қалыңдығы 2,2-19,2 м-ге дейін өзгереді. Жинауыштардың ашық кеуектілігі 11,2-20%, өтімділігі 0,0028-0,03 мкм2.

Қанығуы

Мұнаймен қанығу коэффициенттері 0,51, 0,61, 0,75, қойнауқаттық қысымдары 17,59-19,25 МПа, темпеатурасы 38-74°С. Мұнайдың алғашқы шығымы 58-197 м3/тәу. Газдық фактор 63,7-128,7 м33.

Құрамы

Мұнайдың тығыздығы 835 кг/м3. 3-інші юра горизонтының мұнайда еріген газдары ауыр, олардағы ауыр көмірсутектердің үлесі 10%-дан астам, метанның үлесіне 87,66% келеді, күкіртсутек 0,08%, азот 0,88%, көмірқышқыл газ 0,02%. 1-інші горизонтының газы метаннан (99,13%) тұрады, көмір қышқылының белгілері, болмашы мөлшерде азот бар. Жатындардың режимі суарынды. Кен орны сынама игеру сатысында.<ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер