Ақтас мұнай-газ конденсат кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Ақтас мұнай-газ конденсат кен орны - Өзен-Жетібай антиклин белдеміндегі мұнай-газ конденсат кен орны. Маңғыстау облысында, Ақтау қаласының оңтүстік-шығысында 85 км жерде орналасқан. Құрылым сейсмобарлау жұмыстарымен 1962-1963 жылдары табылып, кен орны 1967 жылы ашылған.

Геологиялық құрылымы, сипаты

Валанжин жік қабатының табанымен (-1320 м-лік тұйықтаушы изогипса) оқшауланған брахиантиклин қатпардың өлшемдері 8,6x3,4 км, амплитудасы 20 м. Тереңдеген сайын оның амплитудасы 90 м-ге дейін артады, ал аален жікқабатының табаны бойынша 130 м-ге дейін жетеді. Төменгі және ортаңғы юра шөгінділерінде 7 өнімді горизонт бары анықталды, бұлардың көпшілігі ортаңғы юра қатқабатында. Бір горизонт төменгі юраға жатады. Екі өнімді горизонттағы жатындар шомбал, қалғандары қойнауқаттық, күмбездік.

Қанығу сипаты

Қанығу сипаты жағынан 4 жатын газды-конденсатты, біреуі мұнай-газ-конденсатты және үшеуі мұнайлы. Кеуекті жинауыштар құмтастар мен алевролиттерден тұрады. Өнімді горизонттардың ашық кеуектілігі 14-20%, өтімділігі 0,209-0,06 мкм2 аралығында өзгеріп отырады, жалпы қалыңдығы 3,7-66,3 м, тиімдісі - 2,5-49,6 м, мұнаймен қанығу қалыңдығы 3,3-15,6 м, газбен қанығу қалыңдығы 2-12 м шамасында. Жатындардың биіктігі 2 м-ден 41 м-ге дейін жетеді. Үш горизонттың жатынындағы бастапқы қысым 20,0-20,6 МПа-дан аспады, тек бір горизонттікі ғана 25,6 МПа-ға жетті. Қойнауқаттық температура 87-104°С болды. Мұнайдың бастапқы шығымдары 4,8-187 м3/тәу-ке дейін өзгеріп тұрды, газға қанығу дәрежесі 73-149 м3/т-ға дейінгі шамада.

Құрамы

Өнімді горизонттардың мұнайлары ауыр және өте ауыр, тығыздығы 872-915 кг/м3- қа дейін жетеді, күкірті аз (0,2%), парафині мол (20-26,14%). Мұнайда еріген газдың құрамында метан басым, ол 82,4%-ға жетеді, ауыр көмірсутектердің үлесі 15%-дай, азот бар (3%-ға дейін). Газ жатындарымен газды тақия газдары салмақты, этанды (9,6-16%), ауыр көмірсутектердің үлесі 14,6-30,72%, азоттікі - 1,2-5,2%. Газ шығымдары 41-187 мың м3/тәу. Бір өнімді горизонттағы тұрақты конденсаттың мөлшері 78,8 г/м3-ды құрайды, басқаларынікі 60 г/м3-тан артпайды. Конденсаттың шығымы 2,6-11,4 м3/тәу-к, оның тығыздығы 793 кг/м3. Өнімді горизонттардың сулары минералдылығы 145-167 г/л хлоркальцийлі тұздықтар болып табылады. Жатындардың режимі серпінді суарынды. Кен орнынан газ ғана өндіріледі, мұнай өндіру тоқтатылған.<ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер