Ақсу-Кендірлі газ кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Ақсу-Кендірлі газ кен орны - Оңтүстік Маңғыстау ойысымының Ақсу-Кендірлі баспалдағындағы газ кен орны. Маңғыстау облысында, Жаңаөзен қаласынан оңтүстікке 140 км жерде. Құрылым 1955 жылы айқындалды. Іздестіру бұрғылауы 1969 жылы басталды. Кенорын 1972 жылы ашылды.

Геологиялық құрылымы

Газ сыйыстырушы құрылым солтүстік-батыс бағытта созылған, екі биіктікпен күрделіленген брахиантиклин қатпар. Барлау жұмыстарымен сол қатпардың орталық және оңтүстік-шығыс бөліктері зерттелген. Оның гипсомерлік белгілері біршама биіктеу келетін солтүстік-батыс бөлігі теңіз аумағында. Көтерілімнің өлшемдері, ортаңғы юраның бат жікқабатына тиесілі түзілімдердің табаны бойынша (изогипса -2130 м) есептегенде, 18,5x11 км, амплитудасы 47 м. Қатпар қанаттарының еңістену бұрышы 20°-тан аспайды. Төменгі бордың апт жікқабатының жоғарғы бөлігінің өнімділігі айқындалды. Оңтүстік-шығыс биіктіктен шағын ғана қойнауқаттық газ жатыны табылды.

Жатыс сипаты

Жинауышы кеуекті, ашық кеуектілік көрсеткіші 19%. Өнімді қойнауқаттың жалпы қалыңдығы 29,5 м, тиімдісі 22,3 м, газбен қаныққан қалыңдығы 4,3 м. Газдылық коэффициенті 0,48. Газды жатынның биіктігі 13 м. Бастапқы қойнауқаттық қысым 20,5 МПа, температура 88°С. 5 мм-лік штуцердегі газ шығымы (өнімі) 48 мың м3/тәу. Қойнауқаттық су хлоркальцийлі типке жатады. Кен орнында жұмыс 1974 жылдан бері тоқтатылған.<ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер