Үшкілтас газ кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үшкілтас газ кен орны - Орталық Каспий маңы аймағындағы газ кен орны. Орал қаласынан оңтүстік-батыста 250 км-де, Жаңақала кентінен солтүстікте 35 км жерде орналасқан. 1960 жылы ашылған.

Геологиялық құрылымы

Апшерон шөгінділері бойынша шектелген Үшкілтас газды құрылымы орталық белігі қиылған, өзімен аттас күмбездің дөңі бетінде жарылым маңында орналасқан қос төбелі брахиантиклин болып табылады. Брахиантиклиннің солтүстік-батыс қанаты лықсымамен күрделіленген.

Жатыс сипаты

Кенорын 38-182 м тереңдіктер аралығында жатқан апшерон жікқабатының құмды қойнауқаттарының таужыныстарынан орын алған. Осында сегіз горизонт бөлінген, қалыңдығы 1-2 м келген осылардың ең төменгісі (сегізіншісі) жікқабаттың тұғырлық қабаты болып табылады. Өзге горизонттардың қалыңдығы 20 м-ге дейін жетеді, сонымен қатар ең үлкен қалыңдық пен алаң бойынша тұрақтылық 4 және 6 горизонттарға тән. Құрылымның көтеріңкі бөлігінде 1-3-қойнауқаттар ұшыраспайды. Кен орнында 24 құрылымдық-іздестіру және 5 терең ұңғыма бұрғыланған. Олардың 11-і (құрылымдықіздестіру) өнімділік аумағында. Ұңғымалар сыналмаған, сондықтан тек бір ұңғыма бойынша (К-24) ғана газ шығымы жөнінде деректер бар, он күндік апаттық бұрқақ атқылаудың нәтижесіндегі газ шығымы 10 мың м3/тәу шамасында бағаланған. Мұнымен қатар бұрғылау процесі барысындагы газ белгілері бұрғылау ерітіндісінің газдануы түрінде тағы да бес ұңғымада байқалды. Газ сынамалау қызметінің деректері (жоғарғы кедергі, мұнай-газ жапсарының жоғарғы мәндері) бойынша қатқабаттардың қанығу сипаты анықталады. Кен орны ҚР балансына енгізілмеген. <ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер